Өмір үйін тұрғызам деп...
Өмiр үйiн тұрғызам деп,
Мың сан үйдi құлатып.
Кiрпiш, ағаш жиғызам деп,
Матшаларын сұлатып.
Бiр басымның қамы ғой деп,
Қамданып ем жан үшiн.
Көп халықтың қақысын жеп,
Көп наданды жылатып.
Бiтсе, қайта бұза бердiм,
Басқа түрмен қалатып.
Неше план сыза бердiм,
Кезегiмен ұнатып.
Сопы болып басымды идiм,
Сәлде салдым айла үшiн.
Әдiлiмсiп перде кидiм,
Беттi бояп сылатып.
Нәпсi сонда қуанып жүр,
Айтқанымды қылды деп.
Хақиқатқа көрмедiм бiр,
Өз бойымды сынатып.
Бiр күнi арақ iшiп едiм,
Түстi жарым ойыма.
Терең ойға түсiп едiм,
Кеттi мастық улатып.
Дедi мастық: «Өмiр – айлаң,
Не бiтiрдi, қыл есеп.
Қанша адамға тидi пайдаң,
Қанша момын шулатып?»
Көп аруақ келдi кiрiп,
Көп қиянат қылғаным.
Кеттi бетке бiр түкiрiп,
Қақырықпен сулатып.
Қиянатпен қылған iсiм,
Көңiлiме түстi де,
Жанды iшiм, кеттi күшiм,
Неге қойсын шыдатып.
Тiптi айықпа, сорлы басым,
Мен арақтың құлымын–
Құй түкiрсiн, кегiн алсын,
Ойды қанмен бұлатып.
Ес жиюым болды қиын,
Есiркедi, келдi жар.
Қылды рахым: өмiр үйiн
Өз басыма құлатып.