06.04.2021
  209


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Мұңды шал

Жасыңда араластың малтымаға,
Қызығып есер елдiң салтына да.
Би, болыс, ептi жiгiт атанам деп,
Көп түстiң ерегіс пен талқыға да.
Кейде елдi партияға көп жиям деп,
Әркiмге аласардың жалпия да.
Кей-кейде дұспаныңа айбар қылып,
Сөйледiң батырсынып қампия да.
Аздан соң ақыл кiрiп, ой ойладың,
Жүрсең де сол былықпа партияда.
Әйткенмен жұлқынсаң да, шыға алмадың,
Мықты боп түскен қақпан қапияда.
Уа, дүние! Ғылым қуып жете алмадың,
Құр ойбай көзден аққан қан тия ма?
Тырбанғанда тырнақтай ғылым таптың,
Мұнымен кiрлi көңiл шаңқия ма?
Қан жұтқан қайран сенiң сұм жүрегiң,
Тазарып толған айдай маңқия ма?
Тоярлық толық ғылым таппадым деп,
Қабағың қайғы басқан салпия ма?
«Ұл жоқ болса, қыз да игi» деген қане,
Азсынбай әлi де шық сан қияға.
Ғылымға қанағатсыз болу керек,
Бес түгiл разы болмай алтыға да.
Қара жерге кiргенше қамданып қал,
Шалмын деп жатып алма шалқия да.
Әкеңдi алып, өзiңдi көксау қылып,
Қаны аздық қалып тұр ғой артыңа да.
Балалар нашарлықтан оқи алмай,
Келмей тұр зор үмiттiң шартына да.
Бiр кезде ұмтылып ең талпына да,
Патса өлiп, бақ ашылған балқымада.
Бiлем деген жастармен жолдас болдың,
Төңкерiс ұлы дүбiр шалқымада.
Ендi қазақ ел болар деп қуанып,
Жүрiп ең орнықпаған қалқымада.
Жолдастарың жазықсыз бaйкот берiп,
Кеттi ғой бiр қарамай артына да.
Дiнiң шатақ, әдетiң арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да.
Ендiгi жас: «Ескi иiсiң шығады» деп,
Олар да келмей отыр қартыңа да.
Тамам жанға қылып ең не қиянат,
Бәрi мiнiмдi айттың деп алқына ма?
Елдiң мiнiн айтуға сайлап па едi,
Аңғармай айта бердiң аңқия да.
Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма,
Ешкiм баға бермейдi нарқыңа да.
Сенi көрсе, бәрi де сырт бередi,
Қарағысы келмейдi қалпыңа да.
Бәрiн ұмыт! Балаларға тәлiм үйрет,
Баулиды балапанын қаршыға да.
Ол түгiл өзгелерге бiлгенiңдi айт,
Туысқан көзбен қара жалшыға да.
Ауыз сөз насихатты неге аяйсың,
Ақ жүрекпен айтқанға мал шыға ма?





Пікір жазу