Кәрілік туралы
Бар болса білім,
Сен сөйле, тілім,
Жан менен дене бірінде.
Ойласаң, көңіл,
Өзіңе жеңіл,
Қайратың қалың күнінде.
Жас көңілде жарық бар,
Кәріде кемдік анық бар.
Не шықпас жастан,
Қайтпайды тастан,
Ізденуге күшің бар.
Сайрандап жүріп,
Сансызды біліп,
Қалыпсыз, қызық ісің бар.
Жастықтан қызық іс болмас,
Кәріде ақыл, күш болмас.
Қайратың қалып,
Ақылдан танып,
Кәрілік келсе басыңа,
Кәдірің кетіп,
Заманың өтіп,
Жан жуымас қасыңа.
Кәрілік деген жұмыс бар,
Артында таяу бір іс бар...
Азайып күшің,
Саудырап тісің,
Шалбардай болып бет кетсе,
От басын бермей,
Үй ішін көрмей,
Сүйегің қалып, ет кетсе,
Тізеңді бүгіп ие алмай,
Киімің жөндеп кие алмай...
Қуарып мұртың,
Суалып ұртың,
Түздегі қу бас жақтанып.
Тұра алмай жатып,
Былшылдап, шатып,
Өткен күнді айтып мақтанып.
Жарығың өшіп көңілден,
Кәрілік жаман өлімнен.
Қызарып көзің,
Езіліп сөзің,
Жастығың түсіп ойыңа.
Иекпен шайнап,
Тіліңмен айдап,
Жеген ас жұқпай бойыңа.
Ет жеген сайын қақалып,
Әз өлімге тақалып.
Бүгіліп белің,
Таусылып әлің,
Аяқ пен белің құрысып.
«Кәрі итім, шат»— деп,
«Сөйлемей жат»—деп,
Қатының кетсе ұрысып.
Өлмегенге қара жер,
Онан да өзің бара бер.
Қайғы емес қаза,
Болмаймын наза,
Ноқталы басқа бір өлім.
Туған жан өлмек,
Тағдырға көнбек,
Кімді алмайды бұл өлім.
Шал болмай-ақ өлейік,
Алла ісіне көнейік.
Қызусыз тәнің,
Сезімсіз жаның –
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан әрі бармаңдар,
Байқамай шал боп қалмаңдар!