06.04.2021
237
Бұл кездегі діндердің бәрі – нашар...
Бұл кездегi дiндердiң бәрi – нашар,
Ешбiрi түзу емес көңiл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дiнiм дейдi,
Тексерсең, ойың түгiл жаның сасар.
Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,
Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар.
Дiн адамды бiр бауыр қылмақ едi,
Оны бөлiп, дұспандық қару жасар.
Iнжiл, Құран – бәрi айтып тұрса-дағы,
Мағынасынан адасып қара басар.
Сүйтiп бұзып, бүлдiрiп есiл дiндi,
Дiн десе бiлiмдiлер тұра қашар.
Ешбiр дiн үйтiп дұспан бол демейдi,
Қанеки, бұл сөзiме кiм таласар?
дін әлем көңіл Шәкәрім Құдайбердіұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдері Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы