Үндемейсің...
Жоққа бола
тағы да ерегестік,
Енді
осылай ұлғая бере ме өштік?
Өлтірсеңші айтып-ақ, үкімімді
Біржолата
кетейін сенен естіп.
Әдірә қап адал ант, ақ тілегім,
Аяз болып
арқама батты менің,
Сызданасың,
жоқ-бардан қызғанасың,
Қалай ғана
бәрінің таптым емін?!
Кісідей-ақ қайдағы мейірімсіз,
Іштей ғана
жүргенің кейіп үнсіз,
Қалай өмір
сүрмекпін,
Тіршіліктің
Селтеңі
жок, серуені, сейілінсіз!
Көптен бері жұғыспай
екі көңіл,
Тіл
қатпадың
Тік келіп
бетіме бір,
Жазығымның
бар-жоғын біле де алмай,
Күле де
алмай барады өтіп өмір.
Өшіргені белгісіз отты кімдер,
Түндер
өтті үн-түнсіз,
өтті күндер,
Жүрек
шіркін сыздаумен тыпыр қағып,
Қызығы мол
Қыз дәурен жоқ
бүгіндер.
Қасарысты көктем де күле келмей,
Жанымды да жасыған кім елердей,
Қарғасаң да көнер ем,
Арбасаңда,
Іштен тынып,
үн-түнсіз жүре
бермей!..
Көкірегіме тұтқиылда кеп кірген,
Қылыштасып
кара құйын - көп мұңмен,
Қуанышқа
жету үшін бүгінгі
Қаншама
бір қан майданнан өттім мен.
Алқымымнан алды келіп қанша мұң,
Айқасам
деп әлсіредім, шаршадым.
Жау қолында жалғыз қалған сарбаздай .
Шуақ
күнді, қуатты үнді аңсадым.
Жеті атасын көріп қайғы,
Кектің де,
Өтті
бастан теперіш те, тепкің де,
Күйрей
жаздап тұрғаным да есте жүр:
"Бұл
өмірдің қажеті не?!"- деп бірде.
Кездерім бар қырға сыймай сенделген,
Қайда кете
қоям бірақ елден мен,
Асыл досты
аңсайтыным болмаса
Қысылғанда
қолын созып, дем берген.
Достар еді айбыным да байлығым,
Жіпке
тізіп айта берем қайбірін.
Жора-жолдас арқасы еді-ау, тегінде,
Бұйым ғұрлы болмайтыны қайғы-мұң.
Жас ұлғайып
бара жатыр,
Ескі
арман,
Кең
сабадай көңілім бар бос қалған.
Сөйте тұра
шуақ іздеп өмірден,
Қуат күте
берем әлі достардан.
Ауыр тиіп өмірдің өткелдері,
Арғымағым
арыды,
Көп
терледі,
Жетпей
қалып жүреді созған қолым
Тиіп тұрған гүлге де бөктердегі.
Батып-шығып үнемі
тұңғиыққа,
Жүре алмадым өзім
де ылғи ықта,
Пенделікке бұрғызбай
Ақ періштем,
Қашан болсын,
Қалғымай,
Тұрды
иықта!
Қайда барсам
Қалғымай
ақ періштем,
Қорғап
келе жатады жат керістен.
Қорғап келе жатады ұшқанда да,
Құшқанда
да аруды тәтті өбіспен.
Қыр соңыма түскенде жау ысқырып,
Тілеуімді
тілейді тау ышқынып.
Көзімді де
ілмеген күндерім бар,
Атымды да
мінбеген ауыстырып.
Алдарқатып мені де, арбай күліп,
Қарсы алдымнан кезіксін қандай бүлік,
Жеме-жемге
келгенде
Жүзі
тайқып,
Қалатынын байқадым сәл қаймығып.
Түгім жоқ-ау десем де тарығатын,
Баяғыдай
желмейді арып атым.
-Солай енді, жұрағат,
Отыр тағы
Ақтарып caп алдыңа барын ақын.