03.04.2021
  391


Автор: Лев Толстой

Ілияс

Уфа губерниясында Ілияс деген башқұрт өмір сүреді. Ілиястың әкесі бай емес еді. Ілиясты үйлендірген соң бір жылдан кейін қайтыс болады. Сол кезде Ілиястың қолында 7 бие, 2 сиыр, 20 қой қалады. Ілияс шаруа болатын, әйелі екеуі күн демей, түн демей жұмыс істейді, ерте тұрып кеш жатады, мал-мүлік сатып алады, жылдан жылға байиды. Ілияс еңбегімен тырбынып жүріп 35 жыл өмір сүреді, үлкен байлық жинайды.


 


Ілиястың малы 200 жылқы, 150 сиыр және 1200 қойға жетеді. Жалшылары жылқысын бағып, оның биелерін сауады, қымыз ашытады, сиыр сүтінен май алады, ірімшік қайнатады. Ілияста молынан жететін; маңындағы адамдар Ілиястың өміріне қызыға қарайтын. Олар: «Ілияс бақытты адам, бәрі молынан жетеді, өліп керегі жоқ» дейтін. Жақсы адамдар Ілияспен танысып-біліседі. Ілиясқа алыстан қонақтар келе бастайды. Ілияс оларды қонақ қылып, қымыз ішкізетін. Кім келмесін бәріне қымыз, шай, шербет сусыны мен қой еті әзір тұратын. Қонақ келгенде тездетіп қой соятын, не екеуін бірдей жыға соятын, көп қонақ келгенде бие сойылатын.


Ілиястың екі ұлы мен қызы бар еді. Ілияс ұлдарын үйлендіріп, қызын күйеуге береді. Ілияс кедей болғанда ұлдары өзімен бірге жұмыс істейтін, табын күзететін, қой бағатын, олардың байлығы асқан сайын ұлдары еркелей бастайды, біреуі арақ ішіп кетеді. Біреуін, үлкен ұлын төбелесте өлтіріп кетеді, ал екінші, кіші ұлына тәкаппар әйел кезігіп, әкесін тыңдамай, Ілияс ұлын бөлек шығаруға тура келеді.  


Ілияс ұлын бөлек шығарып, үйін, малын береді, осылай оның байлығы кеми түседі. Артынан қойларына ауру тиіп, арам қатады. Бір жылы шөп шықпай, малы жұттан қырылады. Қалған жылқы табынын қазақтар барымталап кетеді, осылай Ілиястың мүлкі азая түседі. Күннен күнге дәулеті төмендей береді. Күш қуаты қайтып, 70-ке таяған шағында амалсыздан қолындағы жылы ішік тондарды, түс кілемдерін, қымбат ер тұрмандарды, күйме арбаларын сатып күн көреді, артынан қалған малын сатады. Ілиястың байлығынан ештеңе қалмайды. Бұрынғы байлықтан ештеңе қалмағанын өзі де көрмей қалады. Ілиястың үй-жайы, үстіндегі көйлегі, ішігі, тымағы, кебіс мәсі мен әйелі Шам-Шемаға ғана қалады, оның өзі кәрі кемпір еді. Ұлы басқа елді  жағалап, алысқа кетеді, қызы қайтыс болады. Қартайғанда оларға қарайласатын ешкім қалмайды.


Кәрі адамдарға көршісі Мұхамедшах көмектеседі. Мұхамедшах кедейде емес, байда емес, бірқалыппен өмір сүретін жақсы адам еді. Ілиястың нан тұзынан дәм татқанын еске алып, оларға жан ашып, Ілиясқа: «Ілияс, сен, кемпірің екеуің маған келіп тұрыңдар. Жазда бақшаға жұмыс күші керек, ал қыста мал жайларсың, Шам-Шемаға бие саусын, қымыз ашытсын. Екеуіңе тамақтарыңды беремін, киіндірем, сұрасаңдар керектеріңді берейін» дейді. Ілияс көршісіне алғыс айтып, Мұхамедшахқа әйелі екеуі жұмысқа жалданып тұра бастайды. Басында қиын болғанмен, артынан үйреніп, жұмыс істеп кетеді.


Мұхамедшахқа мұндай адамдарды ұстау тиімді еді, өйткені олар шаруа, істің мәнісін білетін, ерінбей, адал жұмыс істейтін адамдар еді; Мұхамедшах оларға қарап, биікке жеткен осындай адамдар қалай төмен түсіп кеткендеріне қынжылатын.


Бірде Мұхамедшахқа алыстан қонаққа құдалары келеді; қонақта молда болады. Мұхамедшах Ілиясқа қой ұстап, союды тапсырады. Ілияс етті мүшелеп, пісіріп қонақтар алдына жібереді. Қонақтар ет жеп, шайларын ішіп, қымыздан ала бастайды. Қонақтар үй иесімен мамық жастық жастанып, кілем үстінде, кеседен қымыз ішіп, әңгімелесіп отырады, Ілияс жұмысын бітіріп, айналасын жинап, есік алдынан өтіп бара жатқанда Мұхамедшах Ілиясты көріп қонаққа:


— Есік алдынан өткен қартты көрдің бе? — дейді.


— Көрдім, — дейді қонағы, — оған таңқалатын несі бар?


— Иә, таңқалатыны сол, есімі — Ілияс, біздегі ең бай адам болатын, мүмкін естіген шығарсың?


— Қалай естімейін, — дейді қонақ,—   көрмесем де оның атағы алыс жерлерге  таралғанын білемін.


— Енді міне, дәулетінен ештеңе қалмады, әйелі екеуі маған жалданып жұмыс істейді, әйелі бие сауады.


Қонақ қайран қалып, таңдайын қағып, басын шайқай береді:


— Иә, солай, бақыт деген ұшып қонады, айналып жүріп; біреуді жоғары көтереді, ал біреуді төмен түсіреді. Иә, бәлкім, шал өткеніне қайғыратын шығар? — дейді қонақ.


— Кім білсін, үндемейді, тыныш, жұмысты жақсы істейді.


Қонақ  болса:


— Онымен сөйлесуге бола ма? Одан өмір туралы сұрасақ қалай? — дейді.


— Неге болмасын! — деп, үй иесі, киіз үйден айқайлап шақырады:


— Бабай (башқұртша — ата), үйге кір, кел, қымыз іш, әйеліңді шақыр.


Ілияс әйелі екеуі үйге кіреді. Ілияс қонақтарға, үй иесіне сәлем беріп, дұғасын оқып, есік алдында тізелеп отыра салады; әйелі шымылдық артына барып үй иесі бәйбішесінің қасына отырады. Ілиясқа қымыз құйған кесе ұсынады. Ілияс қонақтарға, үй иесіне басын иіп, қымыздан шамалы ұрттап, дастарханға қояды.


— Иә, ата, —  дейді қонақ, — бізге қарап, бұрынғы өміріңді сағынатын шығарсың, — бұрын бақытты едің, енді қайғы-қасыретшілеген өмір қалай екен?


Ілияс жымия күліп:


— Егер мен бақыт пен бақытсыздық туралы айтсам, маған бәрібір сен сенбес едің; одан да менің қатынымнан сұра; ол жүрегіндегісін, аузындағысын айтатын қатын; сұрағаның туралы барлық шындықты айтып береді,  - дейді.


Қонақ шымылдық  артына:


— Солай болсын, әже, кәне, одан да сен айтшы, бұрынғы бақытты өмірің мен қазіргі күйбең тіршілігің туралы не ойлайсың?


Шам-Шемаға шымылдық артынан:


— Мен былай ойлаймын: шалым екеуміз елу жыл өмір сүрдік — бақытты өмір іздедік, таба алмадық, қолымызда ештеңе қалмағасын, міне, екі жыл болды, жалданып, жүріп жатырмыз, нағыз бақытты таптық, бізге басқа керек жоқ.


Қонақ таңданып қарайды, үй иесі де бұндай жауапқа таңғалып кемпірді көру үшін шымылдықты қайырып, орнынан тұрып шақырады, ал кемпір болса қолын кеудесіне қойып миығынан күледі, шалға қарайды, шал кемпіріне жымиып қарайды. Кемпір тағы сөйлейді:


— Шын айтамын, әзілім емес: жарты ғасыр бай болып, бақыт іздедік, таба алмадық, қазір ештеңе қалмады, адамдар арасына келдік — сондай бақытты таптық, бұдан артық не керек.


— Иә, сонда сіздердің қазіргі бақыттарыңыз неде?


— Мұның сыры мынада: бай болғанда, шалым екеумізде тыным болмайтын; әңгімелесуге, жанымызды аяп, құдайға сыйынуға мұршамыз жоқ болатынн. Уайымымыз артып жететін! Үйге қонақ келсе — оларға қандай тамақ береміз, ұят болмас үшін не сыйлаймыз деп уайым жейтінбіз. Қонақ кеткен соң, қызметшілерді аңдыймыз — олар жұмысты жатып істеп, тәтті жегенді жақсы көреді, біз болсақ өзіміздікі жоғалып кетпесін деп күнәға бататынбыз. Құлынды, не бұзауды қасқыр жарып кетпесе екен, ұрылар табынды айдап кетпесе екен деп уайымдаймыз,  ұйықтайын десең отар қозыларды таптап кетпесін деп көз ілмейсің, ұйқы жоқ; енді тынышталдық-ау дегенде қысқа азық жинау керек. Бұл аз болғандай шал екеуміз жараспайтынбыз. Ол болса маған былай істеу керек еді дейді, мен болсам оған былай істеу керек еді деймін, екеуміз күнәға батып, дауласып, керісетінбіз. Бір уайымнан екінші уайымға, күнәдан күнәға батып жүріп, бақытты өмірді көрмей қалыппыз.


— Ал, қазір ше?


— Қазір шал екеуміз тұрған бойда сүйіп қосыламыз, сыйлап көрісеміз, бізге керісетін, уайымдайтын ештеңе жоқ, — тек бір уайым бар, ол қожайынға қызмет ету. Бар күшімізді салып, ынта жігермен, қожайын шығынға батпаса екен, табысты болса екен деп жұмыс істейміз. Түсте  келсең — түскі ас әзір, кеште — кешкі асың дайын, қымыз бар. Тоңсаң — жылынатын тезек бар, тоның бар. Сөйлесуге, жаныңды күтіп, құдайға сыйынатын уақыт бар. Елу жыл бақыт іздедік, енді таптық.


Қонақтар күле бастайды.


Ал Ілияс сонда:


— Бауырларым, күлмеңдер, бұл ойнайтын нәрсе емес, бұл адам өмірі. Біз кемпіріміз екеуміз ақымақ болдық, байлықтан айырылдық  деп жыладық, енді құдай біздің көзімізді ашты, ермек үшін емес, сендерге жақсы болсын деп айтып отырмыз.


Молда:


— Бұл ақылды сөз, Ілияс шындықты дәл айтты, қасиетті кітапта жазылған.


Қонақтар күлгендерін доғарып, ойланып қалады.


1886 ж


Аударған Салауат Кәрім 





Пікір жазу