Бектердің басын кескенбіз
Қара ағашты Ташкенттен
Мырзаби деген бек шықты,
Екі иінін жеп шықты,
«Қатын менен қызыңнан
Зекет бергін» деп шықты.
Ордабасы басында,
Қотырбұлақ қасында.
Жер астынан жік шықты.
Қаһарын шашып халыққа,
Екі құлағы тік шықты.
Оның қылған ісіне
Ел денесі түршікті.
Желкеге шашын түйгізіп,
Еркекше киім кигізіп,
Жасырып қыз бен әйелін,
Көшпелі беттеп ел шықты.
Көштің бетін қайырып,
Ақ білек ару қыздарды
Ата-анадан айырып,
Көзінен жасын ыршытты.
Шамадан асып кеткен соң,
Зұлымдығы өткен соң,
Ел намысын қорғайтын
Қазақтан да ұл шықты.
Қыран құстай түйіліп,
Жеңсіз сауыт киініп,
Әруағына сыйынып,
Мәделі батыр сайланып,
Қожа ішінен бұл шықты.
Халықтың қамын ойланып,
Беліне жарақ байланып,
Орта жүзде Қоңыраттан
Мұсабек деген ер шықты.
Аққан судай сарқырап,
Алтынды тоны жалтырап,
Ұлы жүздің данасы,
Ер Шоңайдың баласы -
Рысқұлбек келді жарқырап.
Ақбұлақтың басында,
Қарабастау қасында
Үш елдің ері бас қосып,
Үкімім айтқан халыққа ұнап,
Қоқанның бейбас бектері
Жәбек бидің үйінде
Қымызға тойып балқып ап,
Қазы менен қарта жеп,
Отырған сәтте шалқып-ақ,
«Асқанға - тосқан» осы деп,
Бектердің басын кескенбіз,
Шариғаттың шарты ұнап.
Бұл жерден үш жұрт өтіпті...
Төртіншісі біз едік,
Бізге де түсті салмағы-ай!
Бектерінің қорлаған
Зорлығына шыдамай,
Көшті елім жапатармағай.
Адамға тән ар-ұят
Бектеріңде қалмады-ай.
Атадан қалған жол ма еді,
Қу нәпсіге құл болып,
Хайуандай тоят алмақ-ай.
Біз білмейтін болмаса,
Шариғатта бар ма еді
Қыздан зекет алмақ-ай?
Айт десең, айтып берейін,
Ақ шындықты сөйлеуден
Тіл менен жағым талмағай.
Жазықсыз елді жазғырма,
«Айыптың» тұр алдында
Мырзабиді өлтірген
Басын кесіп алмадай.
Кешсең, кеш, кессең, міне, бас,
Шариғат жолын сара дер
Даңғыл жатқан сарнап-ай,
Жарлы менен байға да-ай,
Қара менен ханға да-ай.