02.04.2021
429
Жас өспірім замандас қапа қылды
Жас өспірім замандас қапа қылды,
Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды,
Тұрлау қылып еш нәрсе басқара алмай,
Сенімі жоқ серменде өңкей жынды.
Жамандық, жақсылық пен — оған бір бәс,
Дін ісін, Құдай ісін айыра алмас.
Арын сатып, ант ұрып іздегені —
Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас.
Тұрлаусыздың қолынан не келеді,
Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді?
Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,
Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді.
Онда оны алдайды, мұнда мұны,
Жанын берсе, табылмас сөздің шыны.
Алты жақсы жүз жылқы болған басы
Бір семіз ат болады оның құны.
Жас өспірім замандас сабыр ар жамандық жақсылық Абай Құнанбайұлы Абай Құнанбайұлы өлеңдері Абай Құнанбайұлы шығармашылығы