01.04.2021
  459


Автор: Абай Құнанбаев

Сәулең болса кеудеңде

Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда —
Қызылбастың1 салған жол.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел —
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер тел.


Берекесі кеткен ел —
Суы ашыған батпақ көл.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол бір – шөл.
Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!



1 Қызылбастар – қызылбаши (түрікше) – Иран жеріндегі көшпелі түріктерден құрылған, шах Исмаил бірінші мемлекетінің ең басты күші болады. Қызылбастар әскери жауынгерлерінің ерекшелік белгісі – он екі қызыл жолақты сәлде болған. Парсы жұртын қызылбастар деп атау осыдан шыққан.





Пікір жазу