31.03.2021
356
Абайдың аудармалары
Аудармалық өрнекті Абай тек орыстың классик поэзиясын қотаруға жұмсайды. Байрон, Гете сияқты өзге Европа елдер классиктерінен бірер өленді аударса, оны да Лeрмонтовтың аудармаларынан алып қазақшылайды. Анық орыс классикгерінен Абайдың аудармалары: Крыловтың бір топ мысалдары, Пушкиннің "Евгений Онегинінен" алып аударған үзінділері және Лермонтовтан жасаған көп аудармалар. Тағы бір жалғыз өленді Буниннен аударған. Ең соңғы зерттеушілердің айтуынша, А. Мицкевичтің кейбір өлеңдеріне үйлес келетін аз аударма да бар делінеді.
Абай жинағында бөлек аттармен әр жылдарға бөлініп бастырылған аудармалардың барлық саны — қырықтың ішінде. Сол қатарда Крыловтың төрт-бес мысалын аударган. Лермонтовтың өз шығармалары мен аудармаларынан алганын қосқанда, отызға жуық өлең аударган.
"Евгений Онегиннен" жасалған аудармалар Абайдың толық жинағында бұрынғы Мұрсейіт қолжазбасында жекеше аталып журген ретпенен жеті бөлек болады.
Міне, қазір біздің жалпы түрде тексеріп өтетініміз — Абайдың осындай мұрасы. Ақындық еңбегінің айрықша тарихтық, мәдениеттік және ағартушылық өзгеше бағасы бар зор еңбектері.
Енді жеке ақындардан жекеше жасаған аудармаларды айрықша талдаудан бұрын, біраз жалпы ойлар айта кету керек.
Бұл жөнде екі түрлі пікірді ерекше бөліп айтамыз. Оның біріншісі — Абайдың осы аудармаларға берген бейіл, бағасы тұрғысында. Екіншісі — сол аудармалардың Абайдың өз шығармаларына еткен әсері және Абайдың кейінгі қазақтың барлық жазба әдебиетіне тараған үлкен тарихтық, мәдениеттік, ұстаздық дәстүр әсері туралы.
Алғашқы жайға оралсақ, әрбір оқушыға даусыз айқын көрінетін нәрсе, Абай өзі сүйген орыс классиктерін кейде дәл, кейде еркін аударып отырса да, әр кезде барынша көркем, шебер өлеңнің үлгісін берген. Бұл жөнде біздің ақынның ізденуі, өзіндегі тіл байлыгы мен ірі талантын ерекше ынтамен зер салып жұмсауы өзгеше көрінеді. Өз өлеңдерін туғызуда қолданған ақындық шабыт, сыншыл ұқыптылық еңбекке келгенде, барынша күшімен түгел жұмсалған деуге болады. Тіпті, кейде Абайдың өзі тудырған тамаша нәзік те терең сырлы ащы сөздер, көрікті ойлар немесе аса өткір жанышпа, мысқыл ажуа, ащы сөздер осы аудармаларда үнемі көрініп отырады.
Зор мәдениетке жеткен, дүниежүзілік әдебиетте ұлы классиктері озғын шыққан орыс халқының өскелең поэзиясы, әрине, Абайдың өз елінің жас әдебиетінде өздеріне тең сипат, әрекеттерді кездестірген жоқ еді. Сондықтан да Абайдың шебер аудармалары ғана Пушкин, Лермонтов поэзиясының көркемдігін, терең сыр, үлкен ойларын жеткізді. Крыловтың халықтық өткір мысқыл, ұста сатирасының түгел түсінікті болуына жол ашты.
Осы айтылған пікір жоғарыда аталған екінші жайға да белгілі дәрежеде шешу айтады. Абайдың аудармалары оның өз шығармаларына да белгілі әсер еткенін атаған едік. Анығында, 1887 жылдан бастап Абайдың өлер жылдарына шейін оның аудармалық еңбектері жыл санап қосылып, молайып отырады. Сонда, Абайдың өзі көп толғайтын тақырыптарын түгел еске алсақ, бара-бара сол тақырыптардың барлығына жазылған өлеңдерге де Абай жасап жүрген аудармалардың аса жақсы, жемісті жаңалық әсері бар екенін аңғару қиын емес.
Рас, қоғамдық мін-мінездерді, қалып-құрыстарды шенеуде Абай Пушкин мен Лермонтовтан гөрі, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардан молырақ үлгі-өнеге көрді дегенбіз. Бірақ сол қоғамдық тақырыптардың өзінің ішінде де жиі кездесе беретін мұнды-сыршы жалғыздық ойларға соққанда, Пушкин, Лермонтов саз-сарыны байқалмайды деуге болмайды.
Ал осыдан соңғы ақындық жайындағы тақырыптарды, эстетикалық принциптерді алсақ, табиғат көркін, махаббат жайын, жеке бастың көңіл сырын, лирикасын алсақ, Абайдың ақындық шеберлігі асқан сайын оның теңеулері, көркем түрлері — бәрі де Пушкин, Лермонтовқа еліктемей отырып, соларменен басталып, табыса туысып бара жатқанын анық танытады.
Бұл Абайдың өз шығармасына аудармалық еңбектерінің ала келген аса қадірлі әсері деуге керек. Ал Абайдан соңғы қазақ әдебиетін алсақ, улы ақын жасаған аударманың мәдениеттік, тәрбиелік, көркемдік әсері ұшан-теңіз. Өзге-өзгесінен бұрын, Абай аудармалық еңбегімен және де өз тусындағы қауымын көп тәрбиеледі. Надан қазақ сахарасына орыстың ұлы мәдениетінің жарығын әкеп төккендей болды. Бұл жөндегі Абай еңбегі тек әдебиеттік қана еңбек емес, ол зор кең мағыналы ағартушылық, тарихтық, қоғамдық еңбек еді.
Патшалықтың отаршылық аппаратынан өгейлік қана көріп жүрген қазақтың қалың бұқарасына Абай орыс классиктерін аудару арқылы анық орыс халқының жүрегін, сезім мен ойларын, қасиет-қадірін ашты.
Ол ұлы халықтың дана ұлдарының аузыменен айтылған толып жатқан шындықгарды, тәрбиелік үлгі-өнегені айқындап көп танытты. Сол арқьшы Крылов, Лермонтовтар өткен ғасырдың соңгы шенінің өзінде-ақ қазақтың жас қауымына, жаңа буындарына барлықтамаша шығармалармен қадірлі, сүйікті болады. Ол шығармалар Абайдың өз жырларынан бірде-бір кем бағаланған емес. Сондықтан да кейінгі қазақ әдебиетінің ендігі тарихында орыс әдебиетінің ықпалы, үлгі-өнегелік әсері үзілместен дами беретін болды. Енді Абай аудармаларының нақтылы жекеше түрлерін тексеру үстінде осы айтылған жалпы пікірлердің дұрыстығын айқындай түсуді талап етеміз.
Аудармалық шығармаларды тексеруді Абайдың өз шығармаларына қолданған жылма-жылдық ретпенен жүргіземіз. Сол себепті орыс әдебиет тарихында Крыловтың дәуірі бұрынырақ болғанмен, оның мысалдарын Абай кейін аударғандықтан біз Абай аудармасы жайындағы алғашқы сөзді ақының "Евгений Онегиннен" жасаған аудармаларына арнаймыз.
Бұл шығарманы Абай бөлек-бөлек үзінділер түрінде аударады. "Онегиннің сипаты", "Татьянаның хаты", «Онегиннің ойы" («Таңғажайып»), "Онегиннің сөзі" ("Хатыңнан жақсы ұғындым") "Онегиннің хаты" («Құп білемін, сізге жақпас») «Татьянаның сөзі" ("Тәңірі қосқан"), "Ленскиидің сөзі" ("Барасың қайда-қайда").
Осындай жеті бөлек жекеше тақырыптармен түгел "Евгении Онегин" романының ұзын бойына созылып, екі жас арасындағы махаббаттың хал-құбылыстары беріледі.
Әрине, бұнда Пушкин романының ерекше көп жайлары аударылмай, сырт қалады. Абай ол романның ішінен тек Онегин, Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат күйлерін ғана сөз қылады көбінше, Абайдың аударуында хаттарменен баян етілген роман (эпистолярный роман) қалыптанған тәрізді.
Аудармасының соңында Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Пушкинде жоқ. Еркін өзгерістің, Абайдың өзінше дәлелдеген, ерекше бір түрі.
Қазақ оқушысына көптен мәлім мәселе, Абайдың бұл аудармасында Пушкиннің текстіне үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік бар. Жеке алғанда, Онегиннің сипатында, Ленскиидің сөзінде және Татьянаның "Амал жоқ, қайттім білдірмей" деп басталатын хатында, онан соң Онегин айтқан хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін" дейтін бөлімдерде Пушкинге көп жерлерінде Абай жақын келіп отырады. Кейбір жолдар мен Пушкин қолданған теңеулерді де Абай шебер етіп аударып береді. Бірақ сонда да бұл бөлімдердің өзінде Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақтар, oй сезімдер жиі ұшырайды. Ал Онегиннің алғашқы хатты алғанда ойланатын жері Абайда "Таңғажайып" деп басталатын үлкен өлеңмен баян етіледі. Онан соң "Онегиннің кейін жазатын хаты" ("Құп білемін, сізге жақпас") және "Татьянаның сөзі" ("Тәңірі қосқан жар едің сен") бәрі де Пушкин текстісінен алыстап кетіп, мейлінше еркін суреттелген болады. Бұл тұстарында Абай Пушкиндей аударма жасамай, оның орнына Пушкиннің ізімен жаңа жайларды жырлап кетеді.
Ең аяғында, жоғарыда айтылғандай, Онегиннің өкінішін үлкен трагедиялық ауыр ойға жеткізіп, оған өлім тілетеді. Бұл Абайдың мүлде өз жанынан қосқан халдер мен өзгерістері дедік.
Осылайша Пушкиннің үлкен шығармасына қазақ ақыны Абай бірталай еркіндік жасайды. Бұндай шығармалық еңбек етудің екі түрлі айқын себебі бар деп білеміз. Оның біріншісі көне ең үлкен себебі — Абай орыс жастарының сезім-сырларынан, өмір түйін тағдырынан өзінің жас оқушысына үлгі боларлық тәлім-тәрбие бермекші болады. Екінші себебі, біздің ойымызша, 1889 жылы жалғыз "Бородиноны" аудармасын еске алмағанда, қолға алғаны осы Пушкин романы. Бұл уақытта Абайдың ақындық аударма турасындағы түсінігі, көзқарасы өзінше, өзгерек болған тәрізді. «Ескендір» поэмасының тақырып желісін Низамиден алып, өзгертіп жырлағаны сияқты. Абай бұрын өзі білген, ақын Шығыс классик поэзиясында қолданып жүрген нәзира" жолын қолдана түскен тәрізді. Аударатын оригиналдың өзінде бар шындық пен сырлардың, халдер мен қасиеттердің көбін арқау етіп ала отыра және де тың арман, мақсаттар қосады. Осылайша аудару өз заманындағы оқушылар үшін ұстаздық, үгіт жағынан қажеттірек деп ұсынады. Осы тұрғыдан қарасақ, жоғарыда айтқандай, қазақ класына орыс жастарының өмірінен үлгілі әңгіме баян етіп (к-руді ең үлкен мүддесі етіп алады. Сондықтан Абай үшін риасыз жігіттің қайғылы, күлкілі халінен гөрі, оның шынымен қателесіп, бар жанымен шын қамығып, өкінгені қымбатырақ. Өмірде бір жақсыны бір жақсы кезінде баға алмау, бір ғазиз жанның сирек қасиетін кезінде тани алмау әр ортада, әр заманда, әрбір жазықсыз адамның өмірінде де болуға мүмкін.
Бірақ соның артынан, өзінің жаңылғанын білген уақытта туатын үлкен өкініш, үлкен жалынды арман, алғашқының қатесін жуғандай, жойғандай немесе жеңілткендей болукерек. Ондай адамдық шындық халден әр халықтың, әр дәуірдің жастары ойланып, үлгі алу керек дейді. Әдебиеттегі өмірге жақын стиль — реализмнің ең зор сыры да осындай болар.
Сол себепті де Абай Онегинді айыпты адам қылып шығармайды. Оны тек жұлдызынан жаңылған, жазықсыздан жаза басқан жақсы жан етеді. Сөйтіп барып, біріне-бірі теңдік, жаны туысқан жақындық себепті анық бұйырылған адамдар тірлік талқысының себебінен қосыла алмай, қоса күңіреніп, қапыда кетеді. Сөйтіп, жақсы Татьянаға жақсы Онегиннің қолы жетпей қалады.
Дәл осы жай туралы кеңірек ойланып қарасақ, Абайдың Онегинді ұғынуы тіпті де ұшқары, үстірт емес, терең ұғыну екенін байқауға болады. Бұл жөнінде Белинскийдің Онегин басын талдап түсіндірген сын мақаласын оқыған адам дауласпауға тиіс. Онегиндегі барлық сыртқы сипат, ішкі жаратылыс, оқшау мінез өзгерістердің баршасын Белинский өзгеше көрегендік, тапқыр сыншылдықпен түгел ашып береді. Сөйтеді де, оның мінезін өзі де түсінеді, жұртқа да түсіндіре отырып, көпшілік ойлаған үстірт күнә, айыптың көбінен Онегинді ақтап шығады. Ішкі сырына келгенде, Белинский Онегиннің адамшылығын өз ортасындағы татымсыз еркектердің бәрінен биік деп, артық бағалайды.
Пушкиннің осы романындағы үлкен қасиетті сынағанда, ұлы сыншы "романда бір замандағы орыс қауымы берілген", — дейді. Және сол қауымның тұлға бейнесі үш адамның басынан көрінген. Олар: Онегин, Татьяна және бұл екеуінен төменірек дәрежеде тұратын Ленский деп біледі.
Анығында, Белинскийдің ұғындыруынша, Татьяна қаншалық орыс жанды болса, Онегин де, сол сипаттың көбін сыртқа шығарып көрсете алмаса да, ішінде сақтаған адам болып шығады.
Енді сол жайларды еске ала отырып, Абайдың Онегинді опалы, жақсы жігіт етіп шығаруына келсек, бұның екі түрлі орынды себебі болып шықты. Біріншіден — Абай Онегинді анық Белинскийдің бағасы бойынша түсініп отыр. Екінші - сондай Онегиннің адамгершілік, турашылдық, әділ сыншылдық қасиеттерін өзі де асыра жырласа, қазақтың жастары осындай жақсы жігітті үлгі етсін дейді. Абай үшін оның заманында опасыз Онегинді әңгіме етудің қажеті аз болғандай, өйткені қазақтағы жақсы қыздың әзиз жанын түсінбей, бағаламай жарақаттайтын опасыз жігіт күнде кездесер еді. Ондай опасыздың өкінішінен де үлгі шықпас еді. Шын опасыз жігіт өкінішінде де жарытпас еді. Онан да шыншыл, қиянатсыз, опалы жігіттің өкініші қандай қиын халге соқса да, қандайлық арман қалдырса да, жар етуге жарамды.
Осылайша қарағандықтан, Абай Татьяна мен Онегиннің ішкі сезім сырларын ашқанда, өз қолынан келген ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерінің бәрін жұмсайды. 1889 жылға шейін Абайдың өзі жазған өлеңдерінде Татьянаның хатындай немесе соңғы жауабындай және де Онегиннің "Құп білемін, сізге жақпас" деген хатындай өлеңді ұшырата алмаймыз. Бұл өлеңдерге Абай бұрын қолданбаған тың түр табады. Онысы — шалыс ұйқасты қолдану. Ырғақ жағынан да Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады. Шалыс ұйқасты Пушкин қолданатын көп ұйқастардың ішіне ең жиі кездесетін үлгісі ретінде жаңа түр етіп алады. Кейін аударып болысымен, Татьяна мен Онегиннің сырлы сөздеріне арнап, өзінше әсем саздар тудырады. Ішкі сезім толқындарын барынша нәзік, өткір, орамды шеберлікпен келтіруде, Абайдың ақындығы осы еңбек арқылы өзі де биік белге шыққандай болады. Тырысып аударғандық сонша дәрежеде болғандықтан, біз Онегиннің өз текстерінен дәл шығуды ғана ойламай, Абайдың көбінесе сол Татьяна, Онегин жайын басқа тілде оқитын басқа қауымның жөні бөлек жастарына әдейі арнап жазуды көп ойлағанын аңғарамыз. Татьянаның тілімен қазақ қызының жүрегіне қоса тіл бітіреді. Онегиннің ойлы-сырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге тәрбиелейді. Бұл жөнде, Абайдың аударған Татьяна, Онегині Пушкин шығармасында болған үлкен бір қасиетті ашады. Татьяна Пушкиннің өзінде "орыс жанды" орыс қызы болумен бірге, адам баласындық үлкен қасиет, зор сипаттарға ие болған жан еді.
Абай еңбегінде сол орыс халқыңдағы адам баласындық қасиеттер иесі болған жас жер жүзілік географиялық ортаның бәрінде бар адам баласының жас буындарының орта-сында өзінің мұңдасын, сырласын, үндес жандарын тапқанын көресің. Бұған Абай аудармасындағы ерекше ірі көркемдікпенен ақындық шеберліктің өзгеше боп құрылған күйі, келісімдері себепші боп отыр.
Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ жаңағы айтылғандай, оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес.
Татьяна мен Онегин сөздерін танытқан Абай жолдарының, шумақтарының олқысы жоқ деуге болады. Кей жерлерінен алсақ та, бұрын айтылмаған үнемі тың және қазақ тілімен бұрынғы шумақтарда хат жүзіне түсіп көрмеген соны тіл, мөлдір, таза сезімдер бал-бұл жанып тұрғанын көреміз. Үнемі ескірмес, әлсіремес жарастықпен ыстық жалын әлі де оқушының жүрегін шарпып, қақ қасыңда тал бойыңды ұйыта, тыныс алып тұрғандай болады.
Осындайлық шеберлікке жету үшін Абай неше алуан теңеуді, сирек шешендікті және бұның оқушысы білген неше алуан керекке жарарлық түсініктерді, реальностерді түгел қолданады. Кейде қазақтың халықтық, тірлік теңеулерінен де мысал келтіреді. Бұның кейбірі көңілдегідей жарастықпен шықса, кейбірі Татьяна шындығына дәл қабыспай жатса да, ақын оған қысылмайды. Өз халқына, оқушысына өз тұсында ұғымдырақ ету үшін Татьяна мен Онегинді сол өз жұртының тіл-түсініктеріне, кейбір ұғым-нанымдарына жақындатып, жанастыра түседі.
...Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс, —
деген аудармада Абай Пушкиннің өзіне жақын барып, шеберлік тапса, Онегиннің хатында басқа сырды көрсетеді.
...Михрабымсың, бас ұрамын,
Тіл жете алмай ғүзіріме,
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне, —
дейді.
Бұнда алған теңеу "михраб" болуы ғажап емес. Татьяна орыс қызы болу себепті христиан дінінде. Ал "михраб" тек мұсылманның ғана мешітінде болады. Онда имамның ғана сәжда қылатын орны. Абай Онегинге осыны айтқызуда, өзі білген асылдың, өз оқушысы түсінген қадір-қасиеттің, асыл-құрметтің қайсысын болса да екі жастың сезімдерін жеткізуден аямағанын көрсетеді. Әрине, мұнда діндік ұғым-сөздікті алмай, осындай күшті жайды білдіретін халықтық ұғым-сөздікті алу әлдеқайда орынды болар еді.
Кейін Татьянаның сөзінде және де мұсылмандық ұғымнан "талақ етіп бұл ғаламды" дейтін бір түсінікті келтіреді. Немесе бурынырақ кезде бір айтатынымыздай, орыстың дворян қызына қаспақ қырғызады.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем, —
дегізеді.
Міне, осындай Пушкинде жоқ және онда болуға мүмкін емес кейбір жайларды да, сирек түрде болса да, теңеу ретінде Абайдың қолданып кететіні бар.
Бұлардың тұсында да, жоғарыда айтылғандай, өз оқушысына ұғымдырақ болғысы келгенінің ізденулері байқалады. Бірақ жалпы алғанда жаңағыдай ерекше, оқшау теңеулер, ұғым түсініктер көп емес. Абай Пушкиннің өзінде бар оригиналдан молайтып, өсіріп, өзгертіп, шығарма тудырып отырса да, көптен-көп жерде орыстың ұлы классигінің өз поэзиясының табиғатына сай міндетті тілмен теңеуді үнемі жақсы тауып отырады.
Пушкинге Абайдың алғашқы аудармаға ауысқанда барған барысы сондайлық болса, енді Лермонтовтың шығармаларын аударуда Абай мүлде басқа сапаны көрсетеді.
Бұл жөнде жалпы айтатынымыз, Абай анық шебер аудармашының өзі болып еңбек етеді. Жиыны Лермонтовтан Абай жасаған аударманың ұзын саны — жиырма жеті өлең, үзінділер.
Көбінше Лермонтовтың жеке өлеңдерін аударумен қатар, Абай орыс ақынының бірнеше поэмаларынан үзінділер де аударады. Бұлары: "Демонның" басынан жасалған "Мұңлы шайтан" деп басталатын өлең, "Боярин Оршадан" "Босқа әуре боп дейтін" Арсенийдің монологы. "Измаил бейдің" кіріспе толғауын да аударады. Лермонтовтың қара сөзбен жазып бітірмеген "Вадим" атты повесінің бас жағын "Батар күнге шымылдық" деп бастай-тын бірталай өлеңмен аударады.
Бұл еңбектерінен жекеше бөлініп тұратын лирикалар ретіндегі аудармалары: "Теректің сыйы", "Қарасам қайғырар жұрт", "Тұтқындағы батыр", "Жолға шықтым", "Жалғыз жалау", "Жартас", "Дұға", "Сал демеймін сөзіме ықыласынды" (Лермонтовтың "Альбомға" деген өлеңі), "Менің сырым, жігіттер", "Бородино" сияқты үлкенді-кішілі көп өлеңдер болады. Және Лермонтов аударуынан Байронның "Еврейская мелодия" деген өлеңін "Көңілім менің қараңғы" деген аудармамен береді. Гетеден атақты "Қараңғы түнде тау қалғыпты" және де Лермонтов аудармасынан алып қазақшаға аударады.
Бұл айтқандарымыз аудармалар. Ал осылармен қатар, Абай Лермонтовтың кейбір қысқа өлеңдерімен аударма сияқты сөз бастап келіп, өз шығармасына еркін ауысып кететін бір топ мысалдар бар. Бұларды, қазақша баспада көбінше өлеңнің дені Абайдың өзінікі болғандықтан және бұрынғы баспаларда анықтап зер салып, сынап қарамағандықтан, Абайдың өз шығармасы деп атап кетіп жүргендер де бар. Сол ретте Лермонтовтың "Не верь себе, мечтатель молодой" деп басталатын өлеңінің алғашқы шумағы Абайдың "Өзіңе сенбе, жас ойшы" деп басталатын өлеңінің алдында келеді.
Лермонтовтың "Вечер" деген өлеңінің бірнеше жолдары Абайдың "Көлеңке басын ұзартып" дейтін өлеңіне құлақ куй есепті әсер етеді. Абайдағы "Ауру жүрек ақырын соғады жай" дейтін өлең орысша "Больное сердце бьется ровно" деген өлеңмен сарындас шығады. Орысша:
...Опять явилось вдохновенье
Душе безжизненной моей —
...Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін, —
деген өлеңдердің де бір тектес екенін байқаймыз. Және де Абайдың "Әм жалықтым, әм жабықтым" деп басталатын өлеңі Лермонтовтың "И скучно, и грустно" дейтін өлеңімен тектес екені айқын көрінеді.
Осы соңғы бір топ өлеңдердің алғашқы жолдарына қарағанда, Абай анық аударма жасаған сияқты көрінеді. Бірақ сол алғашқы жолдар, шумақтардан әрі қарай тексерсек, Абай Лермонтовша бастайды да, сол сарынды кейін өзінше, көңіл сырын, ой толғауын қосып, өзгертіп жырлап кетеді. Жалғыз бұл өлеңдер емес, Абайдың Лермонтовқа баруында осы-ған ұқсаған тағы бірнеше творчестволық іздену тәжірибелер бар. Ол жайлар Абайдың аудармаларын түгелімен ұдайы салыстырып отырып, толық зерттейтін еңбектердің нақты-лы міндеті болу керек.
Тегінде, жаңағыдай өлеңдерді Абайда аударма демей, "Лермонтовтың ізімен" не "Лермонтовша" деп жіктесе де болар еді. Кейде бір улы ақын айтып кеткен теңеулер немесе шумақтар екінші ұлы ақынның сол сарында жазатын өлеңімен туыстас лейтмотив есебінде қосыла жүретіні анық болады. Бұл ретте Лермонтовтың өзінің ғана тәжірибесіне қарасақ та болады. Мысалы, Байронда "В альбом" деген өлең бар. Соның алғашқы шумағын Лермонтов былай аударған:
...Как одинокая гробница,
Вниманье путника зовет.
Так эта бедная страница
Пусть милый взор твой привлечет, —
деген болса, кейін Лермонтов өзі және де "В альбом" деген өлең жазады. Соның соңғы төрт жолында Байрон теңеуі мен сезімдерін былайша қайталайды:
...Быть может, долго стих унылый
Тот взгляд удержит над собой,
Как близ дороги столбовой
Пришельца памятник могилы...
Абай осы шумақты "Сад демеймін" дейтін аудармасында:
Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім,
Жібермей кеп тоқтатар оның көзін.
Жолаушы жол үстінде тамаша еткен,
Секілді өткен жанның бір күмбезін, —
деп аударған.
Әрине, бұнда Абайдікі Лермонтовтан жасаған анық аударма. Ал Лермонтовтікі Байроннан жасалған деп аталмаған. Ол тек Байрон сарындас, тектес туған үлгіні көрсетеді. Абайдың жаңа біз біліп көрсеткен бір топ өлеңдеріндегі ерекшелік те осы алуандас.
Енді осы сияқты кейбір өзгешеліктерін бөліп шығарған соң, біз Абайдың Лермонтовтан жасаған анық аудармаларына аз тоқтап өтейік.
Лермонтов шығармаларынан жасаған аудармаларында Абайдың үлкен шеберлікпен, анық ірі шабытпен қоса шабыттанып отырып жасаған аудармаларының кейде өте дәл шыққандары бар. Сонымен бірге дәл емес аудармалар да кездеседі. Ең алғашқы аударма жұмысын Абайдың байқап көргені — 1882 жылғы "Бородино" аудармасы. Үзінділеріне қарағанда, ол дәл аударма болғандай. Ол аудармада Абай қолданған ұйқас, өлшеулер де Лермонтовтың өз түрлеріне, стиліне бейім, келісті шыққан. Кейінгі дәл аудармаларының көбінде де Абай сол "Бородино" тұсында өзі бір рет тапқан түр ұқсастығын үнемі сақтауға тырысады. Бұл жөнде дәл аударған еңбектерін алсақ, Гете — Лермонтовтан: "Қараңғы түнде", сонан соң Лермонтовтың өзінен: "Тұтқындағы батыр", "Сал демеймін" ("Альбомға"), "Жолға шықтым", "Жалау", "Жартас", "Дұға" (және сол өлеңді "Қасиетті дұға" деп екінші қайтара аударған) сияқты өлеңдер. Және Байрон — Лермонтовтан: "Көңілім менің қараңғы" деген өлең. Осының барлығы да Лермонтов текстеріне ерекше жақын шығады. Бұларда Лермонтовтың шумақтары дәл сақталып және әрбір жолдар саны да түпнұсқа мен аудармада бірдей шығып отырады. Тек Абайдың соңғы жинағында (197-бетте) Лермонтовтан жасалған "Қасиетті дұға" дейтін аудармасының үш шумақпен, он екі жолмен біткен жеріне жаңылыс түрде Абайдың өз жанынан жазған үш шумақ өлеңі — "Ерекше естен кетпес" деп басталатын қысқа өлеңі қосылып кеткен.
Енді біраз өлеңдерде оригиналды көбінше дәл өлшеумен, аса көркем, шешен тілмен аударып отырып, Абайдың өзінше сәл (кейде бірер сөзде) басқа мағына беріп аудара-тыны бар. Мысалға "Қанжар" деген өлеңін алайық. Бұл өлең Абай аудармасында қазақ оқушысына аса қанықты және өзгеше күйлілік, шеберлігімен соншалық қызықты болған өлең. Аудармалық шеберліктер Лермонтов жолдарының өзіндегі құрыш қуат, әсем сезім, күйлі толқынға көбінше сай келеді. Бірақ осы өлеңнің соңғы бір шумағын Абай түгелімен аудармайды. Екінші өзгешелік - Лермонтовта "задумчивый грузин", "черкес свободный" деген жердегі "задумчивый", "свободный" деген сын есімдер Абайда "грузин ашулы ұста", "ер шеркес" деген еркін сөздермен аударылған. Сондай кейбір ұқсамайтындық ұшыраса да, бұл өлеңнің өзге теңеулері, сезімдері турасында Абай қолданған ақындық, көркем келісімдер оригиналдың қасиетіне үнемі барабар келеді. Мысалы, Лермонтовта:
...И черные глаза, остановись на мне,
Исполнены таинственной печали, —
делінсе, Абайда:
...Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған, —
деп аударылғанда, қазақтың өзіне де барынша ыстық жалын атып тұрған сырлы сезім жолдары туады. Әсте естен кетпестей ғажайып көркем келіскен үйлесімдер.
Тегінде, Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармалары әлі сан рет нақтылап, тереңдеп тексеруді талап етеді.
Соңғы жылдарда Абайдың Крыловтан жасаған аудармалары турасында және Абайдың Лермонтовпен жалғасы, соның ішінде аударылмақ еңбегі турасында кейбір диссер-тациялық еңбектерде біраз салыстыру, тексерудің толығырақ деректері беріледі. Біздің ескеретініміз, Лермонтовтан Абай жасаған аудармаларды тексергенде, аударушы ақын-ның сол аудару арқылы қазақ поэзиясына кіргізген жаңаша поэзия мәдениетін айрықша ескеріп бағалау қажет. Көп жерлерде Абай Лермонтовты дәл аударғанда, оның өз жырындағы көркемдік өзгешеліктен басқа, жаңа бір жарастық қоса тұрғанын көреміз.
Сонда Лермонтов ақындығының сұлу сыр, нәзік сезімдерін жеткізу талабымен Абай қазақтың өлеңінде бұрын әсте қолданылмаған, тың жаңалық табады. Қазақтың өз сөзімен өлең құрып отырса да, сол сөздердің қабысуы, кейде жеке сөздердің Абайша шебер ізденгіштікпен өзгеруі өзіне бөлек баға, сын тілейді.
Мысалы, Лермонтовтағы "лилейная рука" Абайда "еркелі нәзік қол" болады. Немесе Лермонтовтың жолы "Как сталь твоя при трепетном огне" делінсе, Абайда "Балатша дірілдеген жалын көрген" деп аударылады. "Таинственная печаль" — "құпия қайғы" деп аударылған. Осы аталған кейбір мысалдардың өзінде "еркелі қол", "жалын көрген болат", "құпия қайғы" деген ұғымдар қазақ сөздерінен құралғанмен, бұрынғы қазақ әдебиетінде айтылмаған, қолданылмаған ұғым, келісімдер.
Кейде Абай Лермонтовтың текстіндегі жалғыз сөзді жалғыз сөзбен төлеу салып аударғанда және де өзгеше бір ізденгіш, тапқырлық көрсетеді. Мысалы, Лермонтовтың "В альбом" деген өлеңін Абай өте шебер аударған. Сол өлеңнің соңғы шумағында — оригиналында:
...Быть может, долго стих унылый... —
деген жолды Абай:
...Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім, —
дейді.
Осында "унылый" деген сөзді Абай "жабырқаңқы" деп аударады. Қазақта "жабырқау" деген сөз бар. Бірақ жабырқау түн болады. Адамның қабағы жабырқау делінеді. Ал сөз жабырқау деген ұғым бұрын қазақ тілінде, ауызша сөзінде, ақындық сөйлемдерінде қолданылмаған. Абай болса, "жабырқау" деп қана қоймайды, "жабырқаңқы" деп жадаулық күйді үдете түседі. Ақынның сөздігіне ең алғаш кіріп отырған жаңа түр. Бұнда Абай орыстың "унылый" деген сөзінің мағынасын ғана емес, тыңдаушыға беретін қосымша әсерін де (дополнительная ассоциация) қоса қамтыған.
Соның үстінде өзі қазақтың поэзиялық лирикасына жаңа ұғым кіргізген. Міне, Абайдың қазақтағы әдебиет тілін байытуын тексергенде, оның осындай аударма, әсіресе қатты шабыттанып аударған еңбек тұсында сан жаңалықтар іздеп тапқанын ескеріп отыру керек.
"Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз" деген өлеңнің аударылуында тағы бір өзгешелік бар. Лермонтовта:
...Ночь тиха, пустыня внемлет богу... —
деген жол Абайда:
.
...Енсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп, —
деп аударылады. "Ночь тиха" деген сөздер Абайдың бұл жолында жоқ. Ол ауысып, бірінші жолға түскен-ді. Ал, жаңағы "внемлет богу" деген суретті Абай "хаққа мүлгіп" дейді. Тамаша сыпайы әсерлілік табады.
Осында "богу" деген сөзді қазақ көп қолданатын "құдай", "тәңір", "жасаған" немесе "алла" деген ұғымдармен айтса да болатындай. Бірақ Лермонтов "Пустыня внемлет богу" деген сөйлемінде сахараны мінәжат, тағат етіп тұрған күйде алған. Абай сол сезімді "мүлгіп" деген қазақ сөзімен тамаша тауып аударған. Бірақ қазақтағы "мулгу" үнемі дін, тағат-ғибадат ұғымдарымен байланысты емес. Біреудің жаманшылық сөзін де иланғыш адам мүлгіп тыңдауға болады. Ендеше, "мүлгіп" деген сөзді жақсы табумен қатар, соған мінәжаттық, қосымша ұғым бере түсу үшін оның алдына "хаққа" деген қазақта сирек қолданылатын, бірақ иланушылар кезінде "құдай" деген ұғымнан гөрі де биіктей түскен сөзді алады.
Осымен, өзінің өлең жолын айрықша бір тұманды сезіммен толықтыра түседі.
Мінеки, осындай әрбір аудармаларынан байқалған кейбір ерекшеліктерді атап өтумен қатар, біз Абайдың енді Лермонтовтан оншалық дәл аудармаған біраз өлеңдерін еске алайық.
Абайдың бұлайша етуі кейде қысқартудан туады. Ал кейде әдейі қазақ ұғымына шалғай келер деген оймен Лермонтовтың кейбір шумақтарын не қалдырып кетіп немесе өзгертіп аударатыны бар. Дәл аударылмаған өлеңдер: "Теректің сыйы", "Демонның" басқы жағы (Абайда "Мұңлы шайтан"), "Ой", "Рақат мені тастап", "Босқа әуре боп", "Асау той" деген сияқты жеке өлең мен үзінділер.
Біз бұлардың барлығындағы ерекшеліктерге тоқтамаймыз. Ақынның кейбір өзінше кеткен жерлерінің себептерін ғана ұғына түскіміз келеді. Мысалы, "Теректің сыйын" Абай көп қысқарту жасап аударады. Лермонтовта жетпіс жеті жол өлең Абайда отыз сегіз жолмен аударылады. Себебі, оригиналдың ішіндегі бір үлкен үзіндіні Абай түгелімен тастап кетеді. Онда Терек қарт Каспийге бір ер жігіт кабардинецті әкеле жатырмын дейді. Жігіттің сауыт қаттауында жазылған "Құранның аяты да бар" дейді.
Абай өз оқушысына осы жерді сол қалпында беруді қолайсыз көрген тәрізді. Сол бөлімді алып тастаумен бірге, Лермонтовтың кейбір жолдары мен кей шумақтар ішіндегі мазмұндарын аударыстырып, не өзгертіп алады. Сөйтіп, жалпы алғанда, тамаша көркем шыққан өлеңнің дәлдік жағынан әр алуан өзгешелігі бар. Бірақ сонымен қатар Лермонтов берген образға Абай өзіндік, ақындық шабытпен қатты қызығады. Кейде өз жанынан тамаша әсерлі көркем теңеу қосады. Бұлқынып, жұлынған орасан күштің анық орайлы тексерулерін табады. Мысалы:
...Арыстанның жалындай бұйра толқын,
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып, —
деген теңеу, немесе:
...Екі езуім көпіріп айғайласам,
Шын құтырсам, шын тасты тербеткенмін, —
деген образдар Абайдың теңегіштік қуатындағы ірі тапқырлықты танытады.
Тағы бір дәл аударылмаған шығарманың соңғы мысалына "Мұңлы шайтан" деп басталатын "Демон" поэмасының бас жағынан аударған үзіндіні алайық. Ең әуелі Абай Демонды шайтан деп, бекерге кішірейтіп алмаған. Шайтан Мұсылман ұғымында көп болады. Ал Демонның мұсылманшылық ұғымындағы орайы "Әзәзіл" ғана, Абай сол күйді анық түсініп отыр. Өйткені оның аудармасындағы шайтан құдайдың өзімен таласады. Міне, осы жерлерін аударуда Абай он шақты жолдың көлемінде өз жанынан толғап кетеді.
Сол жолдардың ішінде:
...Босағасы кең еді, төрде орын тар,
Төрде жалғыз отырмақ ойында бар.
Жалғыздық — бір тәңірінің сыбағасы,
Өршілдікпен лағынетке болған душар, —
дейді.
Бұл тұста Абай анық Әзәзілді баяндап отыр. Лермонтов жолдарынан қазаққа немесе барлық мұсылмандарға жанасып келетін жайды алады да, Абай біраз еркіндеп кетеді. Оны қызықтыратын халық ортасына көп жайылған діндік аңыздың өзі. Бірақ Абай соны діндік қалпынан және де бұра түсіп, қазақтың ұғымына жақындатып әкеп, мүлде ауыл үй қондырады. "Босаға мен төрді" айту қазақтың феодалдық-ақсақалдық немесе патриархалдық-хандық құрылысымен байланысқан болмысты танытады. Төрде жасы үлкен жалғыз әмірші отырғанда, кішінің бәрі бендешілігін, бағыныстылығын танытып, босағадан озбау керек. Міне, қазақ оқушысының түсінігіне осылайша жақындату үшін және Әзәзілдің жаманаттылығын күшейту үшін оны шайтан атайды. Жаңағыдай кілт етіп бұзылмас қалыпқа қарсылық етті дейді.
Сөйтіп, бұндағы өзгеріс те, өз тұсындағы оқушыларының шама-шарқымен, дін санасы, ұғым-нанымдарымен есептесіп отырып, Абайдың амалсыз кіргізген өзгерісі тәрізді. Осындай себептер өзгерткені болмаса, жалпы Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармалары бүкіл қазақ поэзиясының оқшау тұрған биігіндей. Анық халықтық, қасиетті қазына болады деп ұғыну керек.
Абайдың ендігі біз тексеретін бір топ көркем, қымбат аудармалары Крыловтан жасалған. Тегінде, қазақ әдебиет тарихына Крылов мысалдары жалғыз Абайдың аудармасынан емес, одан бұрын да кіре бастаған еді. Бұл және де бір Крылов емес, орыс көркем әдебиетінің өлең сөз, қара сөздегі әр алуан үлгісін өзі жазған оқу кітабына кіргізіп, алғаш аударған Ыбырай Алтынсарин болатын.
Абай Алтынсаринның еңбегін жақсы білген де, зор бағалаған. Оны Крыловтан өзі жасайтын аудармасында өз еңбегіне белгілі дәрежеде үлгі етіп алғанын байқауға болады. Алтынсаринның тек аудармалық еңбегі емес, оның орыс классик поэзиясынан үлгі-дәстүр алуда іздеп тапқан кейбір жолдарын Абай және де өзінің творчестволық тәжірибесімен жақсы қостап, құптайды.
Осы жөнде, мысалы, Алтынсарин қазақ сахарасындағы көктем туралы "Сәуірде көтерілер рахмет туы" деген өлең жазып, қазақ поэзиясында ең бірінші рет реалистік пейзаж жасады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен қазақ халқының көктемдегі тірлігін, шаруа салтындағы көркем ерекшеліктерін аса жақсы бейнелеп берді.
Бұнда Алтынсарин Пушкин жазған, орыс тұрмысынан алынған жылдың төрт мезгілі турасындағы өлеңдерден көп үлгі алады. Еліктеу түрінде емес, классик ақынның стиліне ден қойып, соның дәстүрін меңгереді. Ыбырай осы көктем жайындағы жалғыз өлеңнің өзімен қазақтың пейзаж жайындағы болашақ реалистік поэзиясын бастап кетті деуге болады.
Абайдың кейін жазатын осы алуандас "Жазғытұры", "Жаз", "Күз", "Қыс" дейтін өлеңдерінің бәрінен біз жаңағы айтылған, Алтынсарин салған тың жолдың түгелімен қабыл алынып, онан да ары көркейіп, дами түскенін білеміз.
Сол сияқты Алтынсаринге Абай орыс классиктерін аудару жөнінен де анық ден қояды. Бұл айтқанның ең үлкен бір белгісін Крыловтың мысалын аударудағы екі ақынның еңбектерінен байқауға болады. Ыбырай мысалдарды аударуда шын шеберлік көрсетіп, қазақ тілінде Крылов шығармаларын жеткізіп берудің арнаулы үлгілерін жасаған. Абай сол үлгілерді көп сынамайды. Өлеңдік түрде Ыбырай салған стильдік тың өзгешеліктерді көп өзгертпей алады. Екі аударушының қолданған өлшеу түрлері, сөздік тақырыптары бір-біріне өзгеше сай келеді. Сондықтан анық қатесіз көшірушілік жасаған адамдардың қолжазбаларында болмаса, кейде Крылов мысалын екі ақынның қайсысы аударғанын білу де оңай емес.
Мысалы, Крыловтың "Ворона и лисица" деген мысалын Абай да, Ыбырай да аударған. Екеулерінің сол аудармасы Абайдың көп қолжазбаларында бірге көшіріліп, бірге таралып жүретін. Соның себебінен Абайдың 1945 жылы шығатын толық жинағына сол екі ақынның аудармасы қатарынан Абайдікі саналып, 224—226-беттерде бірге басылады. Сөйтіп, бүгінгі оқушыға Абай Крыловтың бір мысалын екі рет аударған тәрізді болып жүр. Бұл баспаның қателігі. Анығында, Абайдың аударғаны "Жұрт біледі, күледі" деп басталатын мысал. Ал "Боқтықта талтандап" дейтін Абайдікі емес.
Кеш болса да, осындай қателікті түзеу ретінде тағы айтатын фактілер бар. Жоғарыда айтқандай, Абайдың қол- жазбасын көшіріп жүрген Мұрсейіт сияқты және басқа да толып жатқан адамдар революцияға шейін және одан бері де, кейінгі бастырушыларға қателік жасардай, бір қатерлі әдет қолданатын. Олар Абай өлеңдері мен поэмаларын көшіріп, кітап етуді мақсат етіп отырып, сол Абай өлеңдеріне қоса Абайдың шәкірт ақындарының және Алтынсарин сияқты ақындардың, тіпті басқа замандас ақындардың да кейбір өлеңдерін, авторларын атамастан, қоса көшіріп жіберетін-ді.
Осындайдың салдарынан, Абайдың 1945 жылы шығатын толық жинағында Крыловтан Абай ғана емес, өзге адамдардың жасаған аудармалары да жаңсақ басылып кеткен.
Әсіресе жинақтың тізілуін басқарған кейбір адамдардың шалағайлығы бойынша, жаңағыдай қолдарына түскен Абай қолжазбасының кейбір өзгешеліктерін андамауы бойынша, өзге тұста болмаса да, дәл осы Крыловтың мысалдарын тізген бөлімде көрінеу қателіктер кеткен. Мен өзімнің бала күнімнен білетін ескі қолжазбаларды еске алғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларын төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары:
1. "Есек пен Бұлбұл".
2. "Бүркіт пен қарға".
3. "Шегіртке мен құмырысқа".
4. "Түлкі мен қарға".
5. "Піл мен қанден".
Енді осы аудармалар жөнінде Абай еңбегінен байқалатын бірнеше ерекшелікті атап өтейік. Ең алдымен, Абай Крылов мысалдарының әдебиеттік ерекше қасиеттерін жақсы аңғарған. Белинскийдің түсіндіруі бойынша аңғарған деуге болады. Белинский: "Әңгіме мен мақсұт — міне, мысалдың бары осында, сатира мен ирония (ажуа) — міне, оның ең зор сипаты. Крылов дана адам есебінде мысалдың эстетикалық заңдарын ой-жобамен аңғарған. Орыстың мысалын сол жасады деуге болады", — дейді. Осымен қатар Крыловтан қалған барлық мысалдарды Белинский үш топқа бөледі. Соның әрі сатиралық, әрі поэзиялық ең көркем түрі үшінші топтағы мысалдар дейді.
Және сатира мысалдың поэзиясы деген пікірді айтады. Абай сол үшінші топтан мысалдар аудармаған. Оның аудармалары көбінесе Крыловтың Белинский атаған екінші топ мысалдары болады. Оларға ұлы сыншының берген бағасы: "Бұларда өсиетшілдік бағыт ақындықпен шарпысып отырады", — деген.
Абай Крылов мысалдарынан әсіресе орыс халқының Крылов заманындағы әлеуметтік, саясаттық ерекшеліктерінен туған ажуа, сатира жақтарын көп алмайды. Оның орнына өз оқушысына оңай, ұғымды боларлық, жалпы адам баласының қай қауымына болса да оңай үйлесетін мысалдарды бұрынырақ аударуға талап еткен.
Онан соң жоғарыда Белинский мысалдың бары әңгіме мен мақсұтта десе, сол мақсұт аударманың ең аяғындағы жолдарда келеді. Абай осылардың бірталайын дәл аудармай, өзінен қоспа жасап аударады.
Мысалы, "Есек пен Бұлбұлда" Крыловтың бір-ақ жолмен айтқан моралін Абай төрт жол өлеңмен береді. Кейде Абай Крылов айтқан қорытындыны, моральды өзгертіп жібереді. Крыловтың "Вороненок" дейтін мысалын аударғанда, ең соңғы қорытынды, моральды Крылов бір басқа, Абай бір басқа айтады. Крылов:
Үлкен ұры құтылып, ұсақ ұры тұтылып қалды, —
деген ойды айтса, Абай екі жол өлеңмен:
...Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл! —
деп, мүлде басқаша байлау жасайды. Крыловтағы түйінді қоғамдық сынның өткірлігін өзгертіп, жалпы мінездік жайға теріс ауыстырады.
Ал "Қарға мен түлкі", "Шегіртке мен құмырысқа", "Піл мен қанден" деген аудармаларда Крыловта да қорытынды мораль жеке бөлініп айтылмайды. Абайда да солай. Бұл мысалдың өсиеті өз ішінде деген түсінік байқалады. Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларында ендігі бір дәл еместік — "Стрекоза и муравей" дегенді Абай "Шегіртке мен құмырсқа" дейді. Стрекоза — шегіртке емес, инелік. Абай қазақтың фольклорында, жайшылық ұғымында инеліктің араласатын орны аз болғандықтан, оны әдейі оның ұғымына жақынырақ, қонымдырақ шегіртке етіп алған тәрізді.
Бұдан соңғы бір өзгешелік, жақсылық жағынан айтқанда, Алтынсарин мен Абай екеуі де жоғарыда Белинский атаған мысал ішіндегі әңгімені, ондағы мінездер мен сөздерді, құбылыс-қимылдарды мағына жағынан өте дәл береді. Бұл турада, өткір сөзге, шешендікке, тіл байлыққа келгенде, тапқырлық орамдылығы Абайға көп жәрдем етеді.
Бірақ сонымен қатар Алтынсарин де, Абай да Крыловты өлең қып аударған. Ал анық әдебиет жүйесінің көзімен қарағанда, орыс әдебиетінде мысал (басня) стих (өлең) емес. Ол өзі бөлекше жанр. Оның жол өлшеулері өлеңге тән өзгешеліктей боп шумаққа да бөлінбейді. Әр кезде сөйлеп айтатын ауызша әңгіме, халықтық әңгіменің нақысты, ыр-ғақты қара сөзіне бейім келеді. Қысқа қайырылған өте мазмұнды жауаптасу, қағысулар оқиғалы желіге құрылады.
Ал Абай мен Алтынсарин немесе басқа қазақтың аудармашылары болсын, бәрі де Крылов мысалының осы ерекшелігін дәл бермеген. Қазақша аударылуда орыс әдебиетінің бұндайлық бөлекше жанры қазақшада бөлекше жаңа жанр тудырмайды. Кейбір аудармалар қазақтың төрт жолды шумағы бар он бір буынды өлеңімен аударылды.
Абай мен Алтынсарин жеті-сегіз буынды жыр алуандас өлеңмен айнымас өлшеуге бағындырып, қысқа жолмен аударады. Сол себепті сырттай салыстырып қарасақ та, мысалы, Крыловтың "Ворона и лисица" дейтін шығармасы жиырма алты жолға бөлінсе, Абай мен Алтынсаринде елуден аса жолдардан құралады. Крыловтың мұраларынан оның әңгімесі мен сатиралық-ажуалық ең қымбатты ішкі мәнін алады да, Абай оның сыртқы түр өзгешелігін көп қуаттамайды.
Адам мінезіндегі, қоғам ішіндегі құнарсыздық, өрескел сорақылық жайларды ашуға үнемі талаптанған Абай мысалды сатиралық жағынан тағы да бір өтімді, қымбат құрал есебінде пайдалануға талпынған.
Бірақ осыны айтумен бірге ескеретін бір пікір, Абайдың өзіндік, ақындық ерекшелігі — адамдық, әлеуметтік турашыл және шыншыл бітімі — оған жалғыз ғана жалтарып айтқан мысалдарды місе қылғызбас еді. Сол себепті, ол Лермонтов үлгісінде немесе Некрасов, Салтыков-Щедрин дәстүрінде қоғамдық жаманшылық, масқаралықтарды туралап шаншады. Басқа соғып, көзге шұқып отырып айтуды ақынның айқын жолы деп біледі. Крылов мысалдарын жақсы көріп аударғанмен, Абай сол Крылов үлгісінде мысал жазбайды. Себебі, жаңағы айтқандай, жаманшылықтың жайын жалтартып айтпай, Добролюбов үгіттеген жол бойынша ызалы шабытпен, тура шабуылмен "түңлігін ұшыра соғып" айту керек деп ұғынады. Сондықтан өз бойындағы ажуа мен сатираға толып келген ызалы, толқынды ойларын Абай мысалсыз-ақ ашық, анық өлеңдермен шығарады. Оларының түрі, шеберлігі, әлеуметтік-тарихтық, салт-саналық құны мен көркемдігі қазақ поэзиясының тарихында қандайлық қасиеттермен қалыптанғанын біз Абайдың өз шығармаларын тексергенде түгел айтқанбыз.