31.03.2021
  287


Автор: Оразақын Асқар

Сертіне жеткен ақын

Хафиздің Ширазы, Есениннің Рязаны, Абайдың қара қойтас хан Шыңғысындай Мұқағалидың Қарасазы ақын атымен қатар айтылатын болды. Күн тауы — Тянь-Шаньның көк тіреген Хантәңір шоқысына іргелес Елшенбүйректің бауырындағы бұл мекенде табиғатқа тән табиғи сұлулықтың, барша байлықтың бәрі бар. Айғайтастан басталатын тау суы, Шалкөде жайлауының қапталы — қарақатқа толы, қарағай-қайыңды әр сайынан келіп қосылатын ботакөз бұлақтармен көбейіп, тұнығында патша балық — форель асыр салатын қуатты өзенге айналады. Ол Қарасазға жеткенде тұңғиықтана үнсіз жылжитын жиегінде құндыз бұғынып, иірімінен үйрек ұшып, қалың қау бұталы тоғайында қырғауыл ұялайтын қарасуымен қосылысып, арнасын кеңейте, алабына нәр бере түседі. Аспанында қыран қалықтап, тастарында тауешкі, арқар, құлжа ойнақтаған жақпар таулар жан-жақтан өзара тұтасып, бірінен бірі биіктеп кең қорғандай алыстан қоршайды. Атына заты сай Алтынкеннен алтын, Тұзкөлден туз, Көміршіден көмір шығатын, Шоқанасқан деп аталатын аңызға айналған тарихи асуы бар осынау жаннат жайлауды түтіні тұман болған, қаймағы бұзылмаған қалың албан мекендейді. Осы ортада табиғатқа тартып туғанын талантты туындыларымен дәлелдеп, майталман, дархан ақын Мұқағали Мақатаев туын өсті.


Он жасар болашақ, ақын майданға кеткен әкесін аңсап:


Ол жерде Сырымбеттей тау бар ма екен,
Жайдақтың шөбі шүйгін қаулар ма екен.
Мінеки, көп ай болды хабары жоқ,
Әкем кеп көңілімізді аулар ма екен,
Әкеміз бір әкеден жалғыз еді,
Судағы жаңа біткен жалбыз еді.
Мінеки, көп ай болды хабары жоқ
Біз-дағы әкемізге зармыз енді.


Ақан серінің "Ақтоқты" әнінің ("Қазақ әндері" 2-том, 91-6. "Жазушы" 1968-ж.) бірінші шумағының әсерімен өлең бастап өз көңіл күйіне икемдеп өңдеп, қазақтың қара өлеңіне сүйене аяқтаған бұл өлең, небәрі үшінші класс оқушысының ақындық бастамасымен қоса, үйренер ұстаздарын дұрыс таңдағанынан дерек беріп тұрғандай. Еліктеп болса да өлең жаза бастаған осы он жасын кейін кемелденген Мұқағали:


Шаруаның баласы болғасын ба,
Айналыстым шаруамен он жасымда.
Майдандағы әкеме оқ жібердім
Айырбастап күлшемді қорғасынға, —


деп шыншылдықпен әсерлі суреттейді. Қара өлеңге уызында жарыған ақын бертін келе қалыптасқан кезінде:


Қалқам, мен Лермонтов та, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі — құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, —


деп сол өзіне ақ сүт берген ана өлеңге әлі де тәнті қалып танытады. Сонымен бірге алып ақындарға еліктеуден әлдеқашан құлантаза арылғанын, ешкімнің ортағы жоқ өз сара жолында келе жатқанын аңғартқандай. Ол жол бірден даңғыл бола қойған жоқ. Қаз тұрып тәй-тәй басудың ізден сүрлеу боп басталып, соқпақтан жолға айналудың соқтықпалы ұзақ сонар кезеңдерін бастан кешті.


Мұқағали Мақатаевтың "Інімнің ойы", "Шебер" деп аталатын екі өлеңі жас ақын ретінде бірінші рет "Жастық жыры" атты ұжымды жинаққа еніпті. 1952-жылы "Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан" шыққан бүл топтаманы Қасым Аманжолов құрастырып, сол кезде өлең жазып, ақын болу жолында жүрген өлеңдері жарияланған 23 ақынның ішінде М.Әлімбаев, Ғ.Қайырбеков, Т.Бердияров, Т.Исмаилов, І.Мәмбетов сияқты қазіргі қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері бар. "Жастықжырына" а7лғашк,ы өлеңдерін ұсынған сол кездің жас ақындарының ішінен үлкен топты іріктеп, болашағын көрегендікпен болжай білген Қ.Аманжолов талғамына еріксіз таңданамыз. "Қыранды қыран алыстан таниды" дегендей осы топтың бел ортасында Мұқағалидың болуы тілі де кездейсоқ емес екендігін уақыт дәлелдеп берді. "Жастық жыры" жинағында Мұхаметқали деп Мақатаевтың ата-анасы азан шақырып қойған есімі толық жазылған.


Анасының "Мұхаметқалиым-ау" деп дауыс айтқаны ақын азасына қатынасқан азаматтардың есінде болар.


Осы 50-жылдар ішінде республикалық баспасөз бетінде М.Мақатаев есімі, ара-тұра болса да, жақсы өлеңдерімен оқырманды іздете, күттіре жарияланып тұрды. 1954-жылы "Әдебиет және искусство" журналының б-санында Мұқағалидың "Әке туралы сөз", "Біздің жақтың іңірі", "Хат" деп аталатын үш өлеңі жарияланады. Ол уақытта Шынжаң провинциясының орталығы Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтының тіл-әдебиет факультетінде оқып жүрген кезім. Совет Одағында шығатын газет-журнал, оқулық, көркем әдебиет кітаптары Шынжаңға кеңінен тарайтын. "Әдебиет және искусство" журналы біздің асыға күтіп, үзбей оқитын ең сүйікті басылымымыздың бірі болатын. Мұқағалидың жоғарыда аталған 6-сандағы үш өлеңі бізге ерекше, ала бөтен эсер етті. Оны құмарта оқымаған бірде-бір жас қалмады. Жаттап алып, әсіресе "Хат" деген өлеңін әнге салын айтын жүрдік. Махаббат аңсаған арманшыл бозбала шағымызда, іздегенге сұраған болуы, көркем өлең ретіндегі сұлу сырлылығы мен қоса тамылжыған табиғат көрінісі көңілге ұялай тусті білем. Өйткені өлеңнің тууына эсер еткен Нарынқол жері мен біздің тұрған мекеніміз жалғас — бір Іле өзенінің жағасы, табиғаты ұқсас болғандықтан өз жан сырымыздай етене естілген.


Саған таныс адыр, қырқа, беттегі,
Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.
Рахатта іші-сырты ауылдың
Сен де, сәулем, қуантсаңшы кеп мені.


деп басталатын "Хат" өлеңі өз жүрегіміздің сырындай сезіліп:


Күндегіден әлдеқайда жай тіпті,
Дөң артынан әрең-әрең ай шықты.
Ұясына кешеу қалған топ үйрек
Жайылымнан жаңа ғана қайтыпты, —


деп келетін "Біздің жақтың іңірі" біз жақтың да іңіріндей, кекілімізде ғана сәулеленіп қоймай, көз алдымыздағы көрініспен де біте қайнасатын.


1955-жылы атамекенім Қазақстанға түбегейлі көшіп келдім. Нарынқолдан нағашыларым табылып, үй-ішім сонда кетті де мен оқуға түсу үшін Алматыда қалып қойдым. Сол кезде Алматыда оқитын нарынқолдық студенттер Алдаберген, Жүнісбек, Күлән, Нұрым, Сүлет, Оспандармен таныстым. Олар өлең жазатынымды білгенде менің үйім барып орналасқан Киров атындағы колхоздың Қарасаз дейтін бөлімшесінде Мұқағали деген ақын мұғалім бар екенін айтқанда, қуанышымда шек болмады. Ауылға жеткенше асық болдым. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, жетінші қазан мерекесінде 3 — 4 күнге үйге аттандым.


Киров атындағы колхоздың орталығына баратын жол Қарасазды басып өтеді екен. "Бұл қай жер?" деген сұрағыма "Қарасаз" деген жауап алғанда көліктен қалай секіріп түскенімді өзім де аңғармадым. Сұрастыра-сұрастыра ауылдың аяғын ала орналасқан тоқал там қоржын үйдің есік алдына келіп, аулада отын жарып жатқан жартылай жалаңаш, еңгезердей палуан денелі, қақпақ жауырынды, иықты, бойшаң жігітпен есендесіп:


— Мұқағалидың үйі осы ма? — деп жөн сұрадым.


— Осы, — деген жауап естілісімен әлгі жігітпен қол алысып, үйдің есігіне қарай беттедім. Әлгі жігіт те, балтасын шөркеге сүйей салып, қолын қағып соңымнан ерді. Үйге кірген соң, мен жатқа білетін өлеңнің авторы жалаңаштанып отын жармайтындай:


— Мұқаң қайда екен? — деппін. Жайдарылана күліп: "Мен едім" деп жатыр. Орнымнан ұшып тұрып қайта амандастым. Үйде өзге ешкім жоқ екен. Таныстықты оз өлендерін өзіне жатқа айтып беруден бастадым. Өлеңнің қызу сұқпаты өрбіді де кетті. Шешесі, зайыбы, балалары келді. Олармен қысқа-қысқа амандық-есендік айтысып танысулардан кейін, шешесі "Қарағым" деп маңдайымнан сүйді. Кейіпкері тыңдасын деп Мұқағали "Хат" өлеңін маған қайтадан айтқызды.


Саған таныс адыр, қырқа, беттегі,
Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.
Рахатта іші-сырты ауылдың,
Сен де, сәулем, қуантсаңшы кеп мені.


Соңына Лашын да қосылып айтты. Әңгіме өлеңнің алма-кезек өрілген арнасына түсіп тау суындай тасқындай берді.


Бөлменің бір бұрышына қойылған үстелдің үсті төбеге жеткенше қатарлап тізілген кітап. Бір кісі бір парақ қағазын қойып жаза алатын ғана орын қалдырылған. Шашы екіге жарылып толқынданыңқырап тұрған, бет пішіні берекелі, етті-жеңді Мұқағали үстіне киім киіп, қолына кітап ұстағанда Бальзакқа ұқсап кетіп отырды. Тоқаш Бердияровпен жиі қарым-қатынаста екен. Осында келіп тұратынын айтып, өзіне ұнаған бір екі өлеңін оқып, мақтап отырды. Сөз арасында өзінің әзіл өлеңдерінен де оқып күліп, күлдірумен болды. Соның бірі "Менің бір досым" деген өлеңі:


Ана бір жыл Алматыға келгенде,
Өз аузынан досым былай деп еді,
"Дүниенің барлығын да өлеңге,
Сыйғызатын ақын болғым келеді".
Былтырғы жыл Алматыға келгенде,
Былай деген сөзін ұқтым батырдың.
"Шалқар ойым сыймайды екен өлеңге,
Алты актылы пьеса жазып жатырмын".
Биыл тағы Алматыға келіп ем,
Досым менің барлығын да тастапты.
"Ақысы мол, өрісі кең, жолы көп",
Екі томдық романын бастапты.


Бұл өлең де, бұдан жоғарыда үзінді келтірген "Біздің жақтың іңірі" деп аталатын туындысы да ақынның екі томдығына енбей қалыпты. Осы өлеңнің өзінен-ақ Мұқағалидың әдебиетшілермен үнемі тығыз байланыста екенін, бір бағыттан айнымайтын тұрақтылықты барынша дәріптейтіндігін аңғарғандай болдым.


Осы ауылда тұратын сол кездің өзінде
Еске алмаса өзіңді есіл анам,
Қажет болмақ жүректің несі маған.
Қабіріңнен осынау шыға келіп,
Қалың қалай, құлыным, деші маған.


деп өлең жазып:


Бәрін тартып алған жоқ өмір менен,
Жанарымда жас қалды төгілмеген.
Көз жасымды ағызып жыр жазам да
Оқып соны артынан көңілденем, —


деп Есениннен еркінірек аударма жасап жүрген Еркін Ібітанов деген ақын бар екен. Мұқағали мені сол ақынмен таныстырды. Жарыса өлең жазып, үнемі бірге болатын ауылдас екі ақынға қызыға қарап, олармен танысқаныма, бұдан былай қалаған уақытымда хабарласып, сырласып, пікірлесе алатыныма қатты қуандым.


Астанадағы әдебиетшілер әлемінің жаңалықтарын айтып, өз туындыларымыз төңірегінде әңгіме қозғап бірқауым отырып қалыппыз. "Колхоз орталығындағы біздің үй жаққа баратын машина іздеп мініп кетермін" десем көнбей, Мұқағали қашауа шанасын шегіп, үстіне хош иісін бұрқыратып, жұмсақтап шоп салды. Киіз төсеп, мені үлкен сенсең ішікке орап отырғызды. "Енді ат айдаушыға қасыма бір бала қосып береді" екен десем, божыны қымти ұстап, шананың алдына өзі отырды. Сөйтіп мені үйге, жолшыбай айналамен таныстыра, Мұқағалидың өзі жеткізіп салды. Шешем сырқаттанып жатыр екен. Біз келген соң басын көтерді. Амандасу кезінде қолын алған Мұқағали:


— Әпке-ау, денеңіз қызып тұр ғой, дәрігерге қаралдыңыз ба? — деп жатыр.


— Е, тұмау ғой, әншейін. Жақсылап бір терлесем сауығып кетем. Балам келіп, көңілім жай тапты. Ауру енді өзі-ақ кетер...


— Жоқ, болмайды. Мен мына дайын шанамен сізді дәрігерге ала кетемін.


Аурухана ол кезде Мұқағалилар тұратын бөлімшеде екен.


— Рахмет, айналайын. Әуре боп қайтесің, баламды алын келгеніңнің өзі, дәрігер алып келгенмен пара-пар, — деп апам қарсыласып, сағынып әрең көрген шешемді үйден ешқайда жібергім келмей мен де:


— Мұқа, апамның үйреншікті қыңқыл-сыңқылы ғой жазылар, әйтпесе, мен келдім ғой. Өзім ертең-бүрсүгүндері дәрігерге алып барамын, — деп жатып зорға көндіргендей болдық, Үй-ішінің шүйіркелескен әңгіме-кеңесімен біраз отырып, енді ұйқтауға бет алғанымызда, аула алдында ат дүбірлеп, абыр-дабыр бола қалды. "Бұлар кім болды екен" деп елеңдесіп, шам жағып, тысқа ұмтылғанымызда есік ашылып, қасында сөмке көтерген дәрігері бар жарқылдай күліп, Мұқағали кіріп келе жатты...


Мұнда таң қалмай қайда таң қаласың. Менімен жаңа ғана танысып, үйіме алғаш рет ат ізін салған, бір көрген біліс түгіл дос, туыстың да мұндай жақсылық істей қоюы екіталай.


1960-жылы, 18-наурызда "Қазақ әдебиеті" газетінде Ә.Тәжібаев өз атына жолдаған Мұқағалидың бір топ өлеңін бастырды. Соған жазған алғы сөзінде "Ойыңды байытып, сезіміңді тыңайтар жырлар оқығанда қуанбасқа бола ма? Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде мақтанбасқа бола ма?" деп жазды. Ұстаз деп өлеңін сынатқан, соңынан ерген жас талантты өзінен оздыра мақтап, ағынан жарыла қуанған, жалпы жұртшылыққа көріңдер, бағалаңдар деп жар салған әз аға Әбекең, шын талантты көкке көтергені үшін, өзі кішірейіп қалған жоқ, қайта адал да ақ көңілі аян бола түсіп қазір де, болашақ алдында да бұрынғысынан да биіктей, тұлғалана түсті.


Осы таныстырудан екі жыл кейін "Апассианата" атты тұңғыш жинағын шығарған Мұқағали 1976-жылғы алғашқы таңдамалы жинағына дейінгі 14 жыл ішінде 8 жыр жинағын берді. Әдебиетке де, қоғамдық қызметке де қызу араласты. Ауылда ауылдық советтің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі болып келген ол, астанада Қазақ, радиосының дикторы, "Жұлдыз" журналының әдеби қызметкері, Жазушылар Одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарды.


1967-жылы Қарақалпақстанда творчестволық, сапарда жүріп Төлеген Айбергенов ажал қармағына ілігіп қыршын кеткенде, ақындар атынан Алатаудан суыт аттанып "бауырымдап" барған да осы Мұқағали еді. Бір табиғи талант екінші табиғи талантқа еңіреп тұрып еріксіз топырақ салып соңғы сапарға шығарып тұрып:


Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай — өлең шырылдап бара жатты,
Аузында ажал дейтін сұрапылдың.


деп тебіреніп Алматыға аңырап қайтты. Төлеген қазасына арнап Мұқағали бір емес, екі өлең жазды. Біріншісі жоғарыдағы шумақпен басталса, екіншісі мына төменгі шумақпен аяқталады:


Ет жүректің езілмес кезі ме бұл...
Жылай білсең, шын жыла!
Жасыма тек,
Кезек күтіп тұрғандай сезінемін
Алдымдағы апамның басына кеп.


"Ағайын бір тіріде, бір өліде" деуші еді қазақ, Тірісінде шүйіркелесіп жүріп, көз жұмған соң "өлді, бітті" — деме. Керісінше, тірісінде дүрдараз болып жүріп өлгеннен соң ғана өкініп, өкіріп көкке көтерме. Тірісінде тірек бол, өлгеннен соң да керек бол, дейтін осы қағиданы берік ұстанған осынау ерекше екі ақынды талант мәңгі туыстырған екен-ау.


Ақынның арман-мақсаты, бүкіл творчестволық, өзекті нысанасы не екен дегенге келсек:


Жылап келіп, келмейді жылап кеткім,
Ол ғұмырды ауызға бір-ақ тептім.
Жамандықты жақсартып, жақсылықты
Одан әрі келеді шуақты еткім.


(2-том, 140-бет.)


Баршамыздың да, бүкіл адал ниетті адамзаттың да түпкілікті ортақ мүддесі осы.


Қатыбас өмірден мен пайда алмадым,
Жаныммен жазған жырым жайған малым.
Қылышың емес пе едім қынаптағы,
Жоғалттың неге мені пайғамбарым.


деген жан айғайы тірлігінде еленбей, көзі жұмылғаннан кейін ғана анық естілгендей.


Кейде Мұқаң: "Мен ақынмын ба?" деп сұрайтын. "Әрине ақынсың" дейтінбіз. Оған қанағаттанбайтын. Бұл сұрағын лауазымды тұлғаларға да қойып тұрғанын талай көрдік. Өте өкініштісі жауап өте кеш, ол жоқта көз жасымен аралас айтылды. Соның бір дәлелі мынау: "М.Мақатаевтың алғашқы қадамынан-ақ, оның айрықша талант иесі екенін аңғаруға болатын еді. Аңғармаппыз". — деді ақынның 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасында академик сыншы М.Қаратаев. ("Жетісу" З.УІ.1981ж. N106). Бұл өкініштердің орнын Мұқағали мурасының қыры мен сырын өз ішімізде ғана емес, бүкіл одақ көлемінде кеңінен танытын, автордың өзі ести алмаған бағасын еліне естіртіп, ала алмаған атағын рухына беру арқылы, мұрасын мұқияттап жинап бастырып, таратып, қастерлеп, сақтау арқылы толтыра аламыз.


Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған.
Кең дүние кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам,


дейтін қайран Мұқағали енді ешкімнің мазасын өзі тікелей ала қоймаса да, осынау өлмес өлең шумақтарының туған республикасына, тіпті бүкіл айдай әлемге арналғанын ескерейік. "Жеті қат жердің астына жетер ме, сірә, осы әнім" дей тұрсақ та оның дара даңқын жеті ықылым жер жүзіне жеткізу ендігі елдік, халықтық қасиетті борышымыз.


Осы бір көктемді көгерген,
Жүз жылдан кейін кеп көрер ме ем!
Осы бір қызғалдақ жас гүлді
Жүз жылдан кейін кеп терер ме ем!
...Осы бір ожарлы кеудемде,
Жаралған жалын бар сөнбеуге!
Жүз жылдан кейін кеп кермей-ақ,
Серт еттім өлмеуге, өлмеуге.


Иә, Мұқағали өлген жоқ, Ол тірі. Ол сертіне әлдеқашан жеткен ақын. Жақында мен Қытайға бардым. Үрімжі қаласынан Мұқағалидың өлеңдер жинағы арап әрпімен басылып шығыпты. Дүкенде жоқ. Қолда, қойында жүр. Мұқағалимен мен сонда кездестім. Жұмыр жердің қай түкпіріне барсақ та Мұқағали алдымыздан шығатын болады әлі. Ол — шын мәніндегі халық ақыны.


 





Пікір жазу