31.03.2021
  273


Автор: Бауыржан Момышұлы

Троллейбуста

— Тұрсаңшы.

— Иә, қазір, — деп ұйқылы көзімді ашып киіндім.

— Балаларды базарға жіберейін деп едім.

— Оларға мен базарға барма дегенім жоқ қой. Жібере бермейсің бе?

— Қолдағы ақшаны кеше келін алып кетіп еді. Балалар жуынғанша, сберкассадан ақша алып келсеңші, — деп мені жұбайым Ғайникамал оразамды аштырмастан жұмсады.

Аш қарынға бір сигаретті тартып мен көшеге шықтым.

Троллейбустың ортасындағы орнында отырмын. Түрегеп тұрғандар да аз емес. Менің желкемде екі қазақ студент тұр.

— Ей, сені не қара басып, әлгі Есенжанмен төбелесіп жүрсің? Екеуіңді егіз қозыдай тату жолдас деп жүруші едік, — деді біреуі.

— Ол ақымақтың өзі кінәлі. Қой десем, қоймастан аузына келгенін оттап, ақырында мені оскарбить етті. Шыдай алмастан, мен оны Бауыржан Момышұлымен періп келіп жібердім. Ол да қарап тұрсын ба — мені шапалақпен тартып жіберді. Мен оны да оңдырғаным жоқ. Төбелес солай басталды...

— Остановка Фурманова! — деп жариялады. Мен орнымнан тұрып, троллейбустан түсіп кеттім.

Үйге келген соң естігенімді жұбайыма айттым.

— Сенің қазақша бір жинағың «Бауыржан Момышұлы» емес пе еді, — деп Ғайникамал ішегі қатып күлді.. Сол кітапты оқып жүрген бала ғой. Ол жолдасын сол кітаппен періп жіберген болар, — деп тағы да күлді.

— Солай ма еді? — деп мен де күлдім.

Сол әңгімені естіген бес жасар кенже қызым Мақпал ашуланса, осы уақытқа дейін:

— Мен сені Бауыржан Момышұлымен періп жіберейін бе? — деп бәрімізді күлдіріп, үйдегі қара бұлтты тарқатып, күн көзін шайдай ашады.

* * *

— Ауданның орталығында ертең мәжілісіміз бар еді. Активтің барлық адамдары соған жиналады. Ресми жағы біткен соң, түскі тамақтан кейін оқырмандар мен Сіздің кездесуіңізді ұйымдастырсақ деген ойымыз бар еді, — деді райкомның бірінші хатшысы.

— Жарайды уақытын өзіңіз белгілерсіз.

— Сағат кешкі бесте мен Сізге машина жіберткізейін, — деп қоштасты ол менімен.

Зал толған халық, қол шапалақтай қарсы алды. Мен оларға Кубалық әсерлерімді айтып бердім. Сұрақтарына жауап қайтардым.

Кездесу аяқталғаннан кейін:

— Бауке, осындағы бір үйге кешкі тамақ дайындалып қойылған көрінеді, — деді райкомның хатшысы.

— Бұдан қашық па?

— Бес-алты көше.

— Онда аяңдап, жаяу баралық.

— Машиналар кете берсін. Пияда жаяу жүріп баратын болдық, — деді секретарь бір қызметкер жігітке.

Қаланың көшелерінің кең тротуарлар жиектерінде сылдырлап ағып жатқан арық. Арық бойлары салалы бұтақ жапырақты қараағаштар. Әр үйдің алды шырмауық гүлдер. Кейбір қоралардың дарбазаларының екі жағында мәуелерін самсый салған алма ағаштар. Көлеңкеде тротуармен аяңдап, әңгімелесіп келеміз.

— Бұрнағыдан арғы күні телевизорды көрдіңіз бе Бауке?

— Жоқ. Бір нәрсе жазып, отырып қалсам керек. Не болып еді?

— Ойын адамның дене-жүрісіне, ақылына, сана-сезіміне үлкен әсер етеді. Ойынның өзі жарыс. Кімді-кім ұтады. Ұту үшін намыс керек. Күш жинау керек. Ойын деген көңіл көтереді. Кішкентай сәбиден бастап шал-кемпірге дейін ойнамаса, өмірге жараспайды. Әр жастың өзіне жарасты ойыны бар. Ойын адамның денесін шынықтырады. Ойын өрге тартады. Дене шынықтыру жағы өз алдына. Ойын деген әзіл, көңіл-күй, мінез. Ынжық, жасық болып өскен жаумен жағаласуға жарамайды. Бала жүгірмесе, ойнамаса, ой түспейді. Ойын үстінде балалар бір-бірін кекетеді, қалжыңдасады, төбелеседі.

Менің жасым 60-та. Осы күнге дейін ойнаймын. Ұтылмаймын деп ойнаймын. Қазақтың ойындары көп. Шілік (жүгіру жағына керек), Алтыбақан (цирктік өнер немесе акробатика), Ақсүйек (түнгі ойын, қазақтар түнде мал бағу өнеріне, бағыт-бағдарға тәрбие), асық (дәлдік), садақ ату, көкпар тарту, шабандоздық өнердің сан түрлері бар. Бұрын бала кезімізде азаннан мал өргіземіз. Қозы, қой бағамыз. Содан соң қозылар жусап кеткенде айранға тойып алып, ойын ойнаймыз. Еңбек пен ойынның тоғысуы осында.

Жоғарыда айтылған ойындардың, еңбектердің жас кезімде басы-қасында болғандардың біреуімін. Садақ ату, атқа шабуға өте құмар едім. Соған жас кезімде шынығып едім. Солардың нәтижесі болу керек, кейін әскерде жүргенде ат ырғыту, қылыш шабу, снайперлік өнерін басқаларға қарағанда тез үйрендім. Демек, мен жас кезімде дәлдеп садақ атуға машықтанбасам, атқа мініп құйындатып шаппасам, жарысқа түспесем, менен айтылған өнердің бірі де шықпаған болар еді.

Аулада, лагерьде, балабақшада ойын көп. Ал, колхозда, бригадада ойынның өз орны бар. Семьяда үлкеннің тілін алып, шаруаға қатысу керек. Еңбек үстінде ойнама деп айтпаймын. Бірақ еңбектен босап ойнау дұрыс емес. Ойын — балалар үшін еңбек.

Мейрам күндері кешке таман, демалыста қанша ойнасаң да өз еркің. Спорт алды — еңбек. Еңбекқор емес кісі еш уақытта спортшы бола алмайды. Еңбекпен денесін шынықтырмаған, спортпен денесін шынықтырып жарытпайды.




Пікір жазу