31.03.2021
  480


Автор: Бауыржан Момышұлы

Жеті тыйым

Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» кітабынан

Жетілік ұғым. Жеті тыйым

Бүгін атаның әңгімесі жаныма жақын сөдерден басталды.

– Қазақта ертеде «жетіге тиіспе» дейтін тыйым бар еді. Кейін ол бүтін күйі айтылмай, шашырап, жеке-жеке айтылатын болды. Бірақ мағынасын жоймай, тыйым күйі қалды. Сол тыйымдар ғасырлардан жалғасып, дәстүрге айналып, қаншама ұрпақты тәрбиеледі. Ол тыйымдар мыналар: бірінші тыйым – жазғытұрым жаңадан көктеп келе жатқан өсімдікке тиіспе, яғни көкті жұлма, ағаштарды текке сындырма. Көк шөп- жердің әсем көркі болуымен бірге көптеген жан – жануарлардың жердегі ризығы , қорек- азығы. Құдай бірі үшін бірін жаратқан. Тіршілік көзі көбінесе төрт түлік малмен байланысты көшпенділер үшін өсімдік әлемінің маңызы зор болған. Күнделікті тұрмыс тәжірибесінің қорытындылары осындай тыйымды шығарған. Көк аспан астындағы қара жердің құтын сақтаудың бұл да- бір жолы.

Екінші тыйым – көктемде келген жыл құстарына тиіспе. Құс та - құдайдың жаратқан бір жан иесі. Бізге ұқсамаса да өздеріне тән өмірі бар. Өсіп- өну үшін ұя салады, балапандарын қанаттандырады. Құс жаратылыстың әрін-сәнін кіргізеді, төңіректі әнге бөлейді. Көктемде келген бір құстың өзі- күзде қанатты керуен, жылы жаққа кетерде төрт-бес болып қосылады. Көктемде жазықсыз бір құсты өлтірсең – одан өрбитін төрт-бес құсты да өлтіргенің. Сөйтіп, оның тұқымы азаяды, сөйте-сөйте табиғат жұтайды.

Үшінші тыйым – көктемде жерде қыбырлаған – жорғалағанға тиіспе! Бүкіл әлемдегі тіршілік Жаратқан иеміздің аманаты екен. Жаратылыста олардың атқаратын өз міндеті бар, ол тегінен-тегін жаралмаған. Сондықтан адамдардың оны «құрт–құмырсқа» деп босқа мыжып, өлтіру күнә саналады.

Төртінші тыйым – алғашқы төлге қатысты. Қазақтар «мал басы кемиді, кесір болады» деп бірінші туған қозы–лақ, бұзау-ботаны ақжолтай санап, күтімге алады. Кісіге сыйламайды, соймайды, айырбастамайды, сатпайды. Өйткені ол ырымға жаман. Малдын жайын дәл қазақтай білетін халық кемде – кем десем, артық айтқандық емес. Сол қазақ бір нәрсені түсініп – түйсінген соң, осындай ырымды қатаң ұсынған.

Бесінші тыйым – қоңсыға, яғни көршіге тиіспе. «Көрші ақысы-тәңір ақысы» дейтін қазақ – қашанда көршімен сыйласқанды қалайтын халық. Жақсы көрші туысыңнан жақын. Көршіңмен ұрыспай – қағыспай, тіл табысып, ынтымақта болсаң, жанашырың, қолғанатың көбейеді. Қоңсымен алакөз болу берекені кетіреді, кірер – шығар есігің кемиді, сыйласар адамың азаяды, - деп маған қарап:- Әй, балам, неге күрсіндің? – дегені....Өзім де байқамай қалдым. Осы қабатта тұратын бес пәтердің адамдары көз алдыма келген. Біреуі – еврей, екеуі – орыс, қасымыздағы қабырғалас қазақтар алдыңғыларға бергісіз. Күнім түскендіктен емес, бір қабатта тұрып, кірер – шығар есігіміз ортақ болған соң сыйласып, араласқым – ақ келеді. Бірақ олар суық. Сондықтан мен де іңкәр болмаймын. Кейде өздері даң – дұң болып мүйіздесіп жатады. Ұрыс - керістен аулақ жүрген жақсы ғой.

- Жарайды, айтпасаң, айтпай – ақ қой, онсыз да түсінікті, - деп өз сұрағына өзі жауап бергендей болды да, ары қарай әңгіме желісін жалғастырды.

– Алтыншы тыйым – қонаққа тиіспе! «Қонақты қуғаның – құдайды да қуғаның» деген, қазақтар қонақ күтуге келгенде алдына жан салмайды. Шаңырағына сәлем беріп, табалдырығын аттаған адам кеткенше қонағы түгілі ат – көлігіне дейін күткен, яғни қазақ қай ауылға қонса, өзі де, аты да сол ауылға – аманат. Ал аманатқа қиянат жасау – күнә. Басқасын айтпағанда, қонақтың қамшысының жоғалуы – үлкен сын, ұят жағдай саналған.

Жетінші тыйым – елшіге тиіспе! «Елдестірмек – елшіден» деп ел мен елдің арасын дәнекерлікке, бітімгершілікке жүретін арнайы адамға қастандық жасаудың арты қақтығысқа әкеледі. Жеке билеушілердің ожар ойынан шыққан орашолақ шешімінің кесірі мен қателігінен бейкүнә халықтың қаны суша аққан оқиғалар болған. Соның ең бір ауыр да сойқанды түрі – тарихтағы «Отырар апаты» деп аталатын жойқын соғыс. 1218 жылы Шыңғыс хан Орта Азияны билеп тұрған Хорезм шаһы Мұхамедке арнайы елші жіберіпті. Ол екі ел арасына қауіпсіз сауда – саттық қатынас жасау жөнінде мәселе қояды. Мұхамед ризашылық білдіріп, келісімге келеді. Көп ұзамай Шыңғыс хан Отырарға бес жүздей түйелі керуен мен төрт жүзден аса адам жібереді. Отырардың ханы Қайыр хан оларды «тыңшылыққа келген» деп күмәнданып, адамдарын өлтіріп, керуенді түгел талап алады. Мұны естіген Шыңғыс хан Хорезм шаһы Мұхамедке екінші рет елші жіберіп: «Екі ел арасында еркін сауда жасаймыз» деп бейбіт келісімге келіп едік, Отырарда саудагерлерімді түгел қырып, керуенімді тонапты. Егер бұл сенің әміріңмен болса, онда менен соғысты күтіп ал. Ал олай болмаса, қылмыскерді қолыма сал, сазайын өзім беремін», -дейді. Хорезм шаһы Шыңғыс ханның әскери күш -қуатынан мағлұматы шамалы болса керек, елшіні өлтіріп тастайды. 1219 жылы күзде Шыңғыс хан бастаған жүз елу мың қол Орта Азияға лап қояды. Оның балалары Шағатай мен Үгедей, атақты қолбасшылар Сүбедей, Жебе бастаған қарақұрым әскер Отырарды қоршайды. Қайыр хан қаланы бес ай қорғап, соғысады. Қоршауда қалған халық ашаршылыққа ұшырайды. Сондай күндерде Қаржа Хажып өз әскерін алып, қала қорғанының «Софы хан» қақпасынан шығып, жау жаққа өтеді. Сол ашылған қақпадан кірген дұшпанмен Қайыр хан тағы бір айдай соғысып, ақыры қолға түсіп, азапталып өлтіріледі. Әлемге аты әйгілі гүлденіп тұрған қала түгел қирайды, халық тұтас қырылады. Дүниежүзінде екінші орын алатын Отырар кітапханасы өртеніп, күл болып келмеске кетеді. Сөйтіп, екі адамның елшіге жасаған қиянатынан басталған сұмдық алапат 1224 жылға дейін созылған. Сол апатты заманда Баласағұн, Тараз, Сауран, Суяб, Сығанақ тағы басқа қалалар да жермен-жексен болған. Әрине, мен зерттеуші ғалым емеспін, тарихшылардың нанына ортақтасып, үлесіне қол сұғудан аулақпын. «Елшіге тиіспе» деген тыйымға мысал ретінде айтып отырмын,-деп бағанадан бері шекпей отырған темекісін қолына алып, тұтата бастады.



Бауыржан атамыздың «Жеті тыйым» туралы әңгімесінен кейін:

1. Көкті жұлма, ағашты сындырма!

2. Көктемде құсқа тиіспе !

3. Құрт-құмырсқаға тиіспе!

4. Алғашқы төлді ешкімге сыйлама!

5. Көршіге тиіспе!

6. Қонаққа тиіспе!

7. Елшіге тиіспе!

Осы аталған тыйымдар жас ұрпақты көтемде тіршілік атаулыға құрметпен қарауды, экосананы қалыптастыруға дағдыландырады.Сонымен қатар, өз отбасымыздың онсаулық ырысын сақтауға,көршімен тату,қонақжайлылық қасиетімізді жаңғыртады..Елшіге байланысты тыйым қоғамдық сана сезімімізді нығайта түседі.

Иә, батыр ата түсіндірген жеті тыйымды жас ұрпақ жадына рухани тірек болар ұлттық құндылық деп білеміз.

Дайындаған- Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің

11 «Б» сынып оқушысы Шраздин Мадияр




Пікір жазу