31.03.2021
391
Жауынгердің тұлғасы
Ерлерді ел танысын деген мақсатпен «жауынгердің тұлғасы» деген теманы қолдан келгенше жазып, тілдің жеткенінше айтып, (қалам ұстаған жазушыларға) көзбен көріп, қолдан өсірген (әрине, әскери мағынада) ел азаматтары — жігіттер — жауынгерлердің, олардың әскери мамандықтары — кәсіптерінің әр түрінен (майдан — соғыс оқиғасына байланыстырып) болған ақиқат мысалдар келтіріп, аттарын қағаз жүзіне қалдырып, істерімен елді қысқаша таныстыру ниетімен күнделікті дәптерге найзадан қол босаған кезде, шала - шарпылау етіп асығыста жазып жүргендерімнің бірнешелері осы одағай, көркемсіз түрінде сізге тарту болсын. Аманшылық болып, қол тисе, теманың қалған әңгімелері кейіннен жазыла да, айтыла да жатар. Барлығы 20 әңгіме былай доғартылмақ.
Мәскеу өлкесіндегі қырғын соғыстың кезі.
Ноябрьдің 26 жаңасы. Жерге шідеріден жоғары қар түскен. Солтүстіктен соққан қара жел қарып жеп, кісінің өңменінен өтіп барады. Немістің басым күшінің алдына көлденең түсіп, Мәскеуге қарай жібермей бөгет болып, күніне үш-төрт шабуылын тойтарып С. қыстағының маңайында жанталасып соғысып жатқанымызға төртінші күн болғанда, мені күтпеген жерде дивизияның штабына шақырды.
Барсам, штаб начальнигі полковник Серебряков мейірімді жүзбен күлімдей қарап:
— Жүріңіз, аға лейтенант жолдас, командирге ертіп барайын, сізді шақырған сол кісі еді, — деді.
Көптен ұйқы көрмеген генерал карт қажыңқырап - ақ қалған екен. Менің сәлемімді алып:
— Отырыңыз, — деп орындыққа қарай басын изеді де, темекі тұтатып, тартып, біраз ойланып, менің басымнан аяғыма дейін екі рет қарап, бір нәрсені ұмытқан адамша жуық арада сөз бастай қойған жоқ. Ондай мінезді мен бұрынғы бірнеше рет жолығуымды генералдан көрген де, сезген де емес едім. Не болған деп таң қалып, мен де үн шығармай отыра бердім.
Жұлып алғандай:
— Бүгін түн ортасында десятидворкада жатқан 120 немістің бірін қалдырмай қырып тастағаныңызға жол болсын. Ең болмаса он шақтысын тірі ұстап алып келмегеніңіз бе? Одан кейін, ол жерге сізге баруға мен рұқсат берген емеспін. Менің қай жер болса, сол жерге жұмсап, шаша беретін командирлерім жоқ. Мейлі, абырой болып, аман-есен қайтқаныңызға шүкір, бірақ та бұдан былай сізге әр додаға кірісе беру жарамайды. Ай, жастық, жастық, кейде алды-артын ойлатпайтын жастық. Егер де жазатайым бола кетсеңіз, сонда (жаман айтып жақсы жоқ деген ғой) батальонды кім меңгеріп, кім басқармақ? Сол жағын аттанардың алдында сіз ойладыңыз ба? — деді.
— Менен басқа адам құрып қалды дейсіз бе? — деген сөз аузымнан қалай шыққанын сезбей қалыппын. Генерал қатал дауыспен:
— Сізден басқа адам құрыған жоқ, бірақ та сіз сықылдылар көп те емес. Соны еске алу керек. Сіз — батальон командирісіз. Сіз сықылдыларды қазақ мыңбасы дейді. Қай қазақтың мың басшысы, мыңды тастап, он басының қызметін атқаратын еді? — деді де, түсін жылыта беріп: — қой, шырағым, қызулықты. Шошаңдамай өз орныңда отырып, қарамағыңдағы командирлеріңді жұмсап басқарып, меңгергін.
— Ойпырмай, жолдас генерал, не бүлінді менің түнде жорыққа барғанымнан? Мен қыздың қойнына барғаным жоқ қой, дұшпанды қыруға бардым, — деп және бір әдепсіздік істедім.
Сәті түскен іске генералдың айтқан сөздері маған ұрысқандай көрініп, ішімнен аздап құсаланып отырғанымды сезгендей мейірімдене, күлімсірей қарап:
— Болған оқиғаны толығынан баяндаңызшы, мен тек шет жағасын ғана естіп едім, — деді генерал.
— Кеше неміс бізге үш рет шабуыл жасады, онысына біздің жігіттер тиісті сыбағасын беріп тойтарды. Жау ет жемесе де, сорпа ішкендей болып, беті қайтып, өршуі басылып, ымырт жабыла шабуылын тоқтатты. Ол туралы полк командирі сізге айтқан болар, мен оған толығынан айтқам. Сағат кешкі тоғызда менің бақылаушыларым десятидворканың әр үйіне 20-30-дан неміс даланың суығына шыдай алмай, қонуға барды деген хабарды жеткізді маған.
Батальонды орынбасарыма тапсырып, бетінен барсақ сезіп қояр деген оймен, қасыма 10 жігіт ертіп, бір пулемет, бір миномет, бір кішкене зеңбіректі шанаға тиеп, 12 километр орайлап айналма жолға салып, түнгі сағат екі шамасында немістер жатқан қыстақтың дәл артынан шықтық. 500-600 метрдей жақындағанда қару-жарақтарды қыстаққа кезеп, орналастырдық. Әбден ұйықтап жатқан немістер шошып оянып, оларды опыр-топыр үйден далаға шығару мақсатымен зеңбіректің болат тесетін он оғын жарқыратып, бірінің артынан бірін дамылдата жібердік.
Күтпеген жерден шүйдеден соққан қандай жаман, кешікпей-ақ немістер орындарынан қарғып тұрып, у-шу болып көшеге шыға келгенде, кезеп қойған пулеметке сөз беріп, 500 оқ шығардық. Оның үстіне миномет құрбақаша бақылдатып 70 минаны «қайдан шықсаң, онан шық» деп немістерге сәлемдеме жіберді.
Біз келген жолымызбен қайта сызып тұрдық. Қыстақтан біз екі километрдей ұзағанда, баяғы біз тұрған жерге немістің барлық ауыр минометтері таң атқанша әупілдеп атып, мина жаудырумен болды.
Батальонға келе салып 20 шақты автоматчиктер жіберіп едім, олар барып 120 немістің өлігін санап, документтерін алып келді. Оны полктің штабына тапсырдық... Бұл істі басқаруға қарамағымдағы командирдің біреуін жіберуге, әлде көңілдегідей істей алар ма екен деген қауіппен батылым бармай, өзім бардым.
Кейінгі сөзіме күліп:
— Иә, жазықтысыз, аға лейтенант жолдас, — деді, — дұрыс - дұрыс, сәті түскен жұмыс болып, түнде жолыңыз болған екен. Сіздің мұныңыздан үш пайда тауып отырмыз: бірінші — немістердің саны 120-га кеміді, екінші — олар таң атқанша бірнеше жүз ауыр минасын айдалаға атып, бекерге шығын болды, енді шабуыл жасаса, ол атылған миналар біздің жігіттердің басына түспейді, оның мина қоры азайды. Үшінші — маңдайдан тимей, шүйдеден тиген соң, немістер артымызда дұспан жүр екен деп, үрейленіп, көп ойға қалып, тыныш ұйықтамай, желкесін қорғауға күшін бөліп алақтайды — ол да бізге үлкен олжаның бірі, — деп қорытты қарт генерал...
— Генерал жолдас, қол қоюыңызға даяр, — деп полковник Серебряков бір жапырақ қағазды ұсынды. Генерал орнынан тұрып, еңкейіп оқып, қол қойды да, маған қарап:
— Соғысқа батальонмен жиырма жеті рет дұрыс ұрыс өткіздің, бес рет дұшпанның қоршауын қақ жарып алып шықтың. Қырғын соғыста сан рет сыннан өттің, жас та болсаң, әскер атағың кіші де болса сеніп, жоғарылатып, жаңа орынға тағайындап отырмыз. Барлық қызыл әскердің ішінде полкті басқарып, командир болған жалғыз сен - ақ деп айта алмаймын, бірақ та біздің армияда сенен басқа полк командирі аға лейтенант жоқ. Құтты болсын, ақылға салып, абыройлы іс істейді деп сенем, — деп қағазды маған ұсынып, қолымды алды. — Жолың болсын, — деп бата беpiп аттандырып жатып: — Сен полк командирі болдың, ол — полктың ақылы, миы, басы, өз ұлтыңның «білек бірді, ақыл мыңды жеңеді» деген мақалы әр уақытта да есіңде болсын, — деп қайталады әскери ақсақал.
Арада он шақты соғыс өтті. Ресейдің қылшылдаған қысы малдас құрып, өз тағына түнере мелшиіп отырған кезі. Аяз бетті қарып, түкірген түкірікті жерге түсірер емес. «Мың қабат торқаңнан тоқтышағымның терісі артық» деп қазақ айтқандай, бізді суықтан сақтайтын тоқтышақтың терісі — шолақ тон, содан тіккен қолғап, аяғымыздағы киіз етік, оның үстіне қызуы бітпей жатқан ұдайы соғыс.
Бұдан үш күн бұрын алты сағат, бұрнағы күні 12 сағат, кеше 18 сағат дамылсыз босағаны күйрете келе жатқан екпінді жаумен табан тірескен соғыс болды. Кейінгісінде маған оқ тиіп, жарақаттанып қос басында (командный пункте) жатырмын. Батальондармен байланысым телефон арқылы ғана — өзім барып, болып жатқанды көзбен көруге дәрмен жоқ — соғыс саябыр тауып тынар емес, хабар онша қуанышты да емес, екі жақтан да шығын мол...
Бұдан екі апта бұрын полкке тағайындалғанымда, өз батальонымды, от пен суды бірге кешіп, тар жол тайғақ кешуден, сұм майданның бірнеше құз-қияларынан бірге өткен ерлерімді кімге тапсырармын деп көп ойлап, толғанып, сенімді адам іздеп, екі күн ұйқы көрместен басымды қатырып — кіші лейтенант Мұқаметқұл Сламқұловқа тоқтап, соны бірінші батальонның командирі етіп тағайындағанмын. Басқалары бұрынғыдай әрқайсысы өз орнында.
Мұқаметқұл соғыстан бұрын Қазақстанда газет қызметкері болып істеген, орта бойлы, кең маңдайлы, жайнаған дөңгелек мөлдір көзді, салтанатты, келбетті жігіт еді.
«Түсі жақсыдан түңілме» дегендейін, табанды, сабырлы, ісін ақылға салып, түбін ойлап істейтін, жүректі командирлеріміздің бірі еді.
Немістер барлық күшін жинап, таң ата 35 самолетімен бізді бес рет бомбалады. Барлық зеңбірек, минометтер күні бойы оғын біздің үстімізге жаудырып, айналамыздағы жерді қопарып жатыр. Түске дейінгі төрт шабуылын біздің жігіттер тойтарды. Шабуыл үсті-үстіне өршіп тынар емес. Мәскеудің босағасына жақын жердегі ерегіс соғыстың қызған күнінің бірі. Біз «К. стансасын бермейміз» деп Мәскеудің қақпасына тіке алып баратын темір жол мен қара жолдың түйіскен жерінде дұшпан алдына көлденең бөгет болып, аз да болсақ дұшпанның көп күшін алға бастырмай, табан тіресіп, жауға қарсылық көрсетіп жатырмыз.
Жау «Қайтсең де аламын, күйретемін де, қиратып басып өтемін» деп, күштің үстіне күш салып жатыр — ешқандай шығынмен санасар емес.
Егер де бұл жерден кейіншектеп қозғалсақ, жолда соғысуға ыңғайлы жер жоқ. Мәскеудің тап босағасына барып бір-ақ тоқтамақпыз, сол себепті — «Мәскеуге не бетімізбен барамыз, дұшпанды өкшелете артымыздан ертіп. Жігіттер сүйегіміз қалса да, не болса да, осы жерде болсын. Бір адым кейін шегінуге жол жоқ» деп жарлық еткен болатынмын.
Өзімнің жарақаттансам да емделуге кетпей жатқанымның себебі сол еді.
Екінші батальонный, командирі телефонмен:
— Өзіммен жеті-ақ адам қалды. Не бұйырасыз? — деп баяндады.
— Елге қайта ғой деп айта алмаспын. Мұхаметқұлдың қарамағына жеті адамыңды алып, он басы ретінде соғыса бергін,— дедім.
Жиырма шақты минуттан кейін үшінші батальонның командирі телефонмен:
— Жалғыз өзім - ақ қалдым. Не бұйырасыз? — деді.
— Жалғыз қалсаң, қолыңа мылтық алып, Мұхаметқұлдың қарамағына барып, жай рядовой (бұқара) әскер қатарында соғысқын,— дедім.
— Ойпырмай, үлкен басымды сонша кішірейтерлік мен не жазып едім? Капитан едім ғой. Кіші лейтенанттың қарамағына жұмсадыңыз - ау, — деді ол.
— Батальон қырылып, оның жалғыз командирі тірі қалғанына мен сенбеймін. Қарамағыңдағыларға ие бола алмай қалсаң, өз обалың өзіңе. Солдат болып соғыс, шеніңді міндет қылмай, — деп зекірдім.
Жарты сағаттан кейін Мұхаметқұл барлық жағдайды толығынан баяндады. Дұшпан оң, сол жақтағы көршілерімізді шегіндіре - шегіндіре түріп тастап, барлық салмағын біздің маңдайша мен босағамызға салғанын айтты...
— Дұрыс, шегінуші бірде-бір адам болмасын, — дегеннен басқа еш нәрсе айтпастан, қарамағымдағы зеңбіректердің оғын Мұқаң тілеген жаққа жаудыру әрекетін істедім. «Тағы да оңға таман... Солға таман... қақ ортасынан түсті, беті қайтты оң жақтағылардың... уһ! беліміз бір көтеріліп қалды ғой...» деген сияқты хабарлар Мұхаметқұлдан келіп жатты.
Түс қайтып, бесін кезінде дұшпан қатты бомбылап, тары да бізді тықсыра бастады.
— Жан-жақтан құмырсқаша өріп, қаптап келеді. Оларға қарсы тұратын дәрмен бізде қалмады — деді Мұхаметқұл. Даусынан қасындағылардың азғырып айтқызып тұрғанын сездім.
— Әрине, неміс бізден көп болмаса, шабуыл жасар ма еді. Олар көп, олардың күші мол. «Төртеу түгел болса, төбедегіні алады» деген. Қасыңдағы үрейленген әзәзілдердің ықпалына көніп, сенің де екі көзің алақандай болған екен ғой...
— Тіптен болар емес, — деді тұтығып.
— Кімдер болар емес? — деп ақырдым. — Дұшпан ба, жоқ үрейленгендер ме! «Жаман елге қатын қожа» ете алмаспын мен.
— Әсіресе, дұшпан. Менің айтып отырғаным сол ғой, — дей бергенде:
— Ей, Мұхаметқұл! — дедім. — Қазақтың «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» деген мақалын білуші ме едің...
— Иә, білем — деді.
— Білсең, менің приказым сол! — деп телефонды тастай салдым.
Бес минут өтпей телефон шыңғыр ете қалды.
— Бәуке, Баукеш, — деген Мұхаметқұлдың даусы естілді.
— Мен, мен, не демексің?— дедім.
— Тұрдым, тұрдық не болса да. Айтайын дегенім осы еді.
— Жақсы, жолың болсын. Зеңбіректерді қайда жұмсайын, айтып тұрғын. Дұшпанның тобына сілте. Бір жүз, екі жүзін өздерің пулеметпен, мылтықпен - ақ үлгеріңдер...
Сөздің қысқасы, біздің полк сол күні тағы да бірнеше дұшпан шабуылын тойтарып, табандылық, тапқырлық көрсетіп, немістерді қырғынға ұшыратып, діңкелетіп, кеш бата қарсы шабуыл жасап, біраз уақыттан кейін Мұхаметқұлдың батальоны бір қыш - кирпич заводынан немістерді қуып шығып, басып алды. Кейіннен тексеріп қарасақ, борандай борап тұрған оқ, зеңбіректердің жарылған оқтарының ішінде екінші, үшінші батальон командирлері адасып, адамдарын таба алмай қалған екен.
Ол батальондардың жігіттері орнынан қозғалмай күшпен соғысқа қатысып отырғандары айқындалды.
Сондай қиыншылық жағдайда, дұшпанның қара құрымдай қаптаған күшінен қобалжыған кезде қуат та, медет те, себеп те болған қазақтың ер намысына тидіре айтқан екі ауыз мақалының күші.
Жүз жиырма адам алты жүз дұшпанды жеңді дегенге кім сенер. Тек осылай дей салсақ, жағасын ұстап, «шырағым, өтірігің бар болсын» естіртіп айтпағанмен, ішінен айтушылар көп-ақ болар. Сондықтан әңгімені уақыт ерік берсе бастан шертелік.
— Темір жол мен тас жолдың айқасқан жерін «түйін» делік. Біреуімен біріне-бірі тіркеліп поезд жүреді, біреуімен машиналар, арбалар жүреді. Ресейдің қалың орман қаптаған шалшық саз, жолсыз жерімен машине, ат арба түгіл, салт атты адамның ұзақ жолға жүруі де мүмкін емес, сол себепті ақыры атты, жаяудың қимылы жолмен ғана болады.
Соғыс кезінде дұшпанның бос жатқан жабайы шалшық орманның ішінде әкесінің ақысы бар ма — оған да жол керек, басып аламын деп келе жатқан қыстақ, қалалар да тек жол бойында. Қорытып айтқанда, Волоколамск қаласының шығыс жағында егес, тартыс, барлық жағаласып, арпалысып, қан төккен соғыстар, ылғи жол үшін, жол бойында болды деп айтсақ, қателесе қоймаспыз да. Жолды бөгеп, қолдан шығармай көлденең түсіп жатсаң (әрине, күшпен, қару-құралмен), айналаға құшақ жайып, жаяу болмаса, танкпен өкпе түс бүйректен соғуға дұшпан үшін жер жағдайсыз - ақ.
41-ші жылдың ноябрінің 17 жаңасы елдің көбінің есінде болар — жалпы майдан жағдайына тоқтаудың керегі аз болғандықтан, сол күнгі көзбен көрген көп оқиғаның біреуін шала-шарпы болса да жазайын деп отырмын...
Екі жолдың айқасқан жері М. стансасын лейтенант Филимонов басқарған 120 атқыштар үш күннен бері қорғап жатыр.
Жігіттердің беліне қыстырып жүретін кішкене күректерінің тоңған жерге «тісі» өтіп, еш болмаса белуардан жерошақ сықылды шұңқыр окоп та қазып ала алмады.
Азанда он бес самолет келіп стансаны бомбалап, атқылап ойран салған. Есімізді жинап алғанша, зуылдап ұшып, гүрсілдей жарылып, зеңбірек, миномет оқтарының түрлі - түрлісі жауа бастады. Тоқтар емес. Ызылдап ұшқан шойын жаңқа бас көтертпейді. Күндізгі сағат 12-ге дейін істеген қылығы атқылау мен бомбылау болды.
Зеңбіректің оғынан, жерошақтай шұқыр жерді паналағанның жаны қалады — тап үстіңнен дәл түспесе, қасыңа келіп гүрс етіп жарылғанда, ауа толқыны келіп жаңқа соғып, құлағыңды шың еткізіп, қопарылған топырақпен тірідей көміп, біраз уақыт есіңді есеңгірете шығарып, басып қалғаны болмаса, қан шығарып залал етпейді, сол себепті сондай атыстың астында әскерлердің «жусаннан жоғары, бетегеден төмен» болып, жер бауырлап ой-шұқыр іздейтіндері қорқақтық емес, тіршілік, аман қалудың, соғыстың заңды бір әдісі, айласы деп тану керек...
— Неміс қояр емес қой. Не көрінеді? — деп сұрады Филимоновтан.
— Иә, қояр емес. Бізді атқылап - атқылап топырақпен араластырып, күлімізді көкке ұшырып, ойы шамамда тапа өлігіміздің үстіне келмек қой деймін, — деді ол.
— Жау әскері көріне ме?
— Орманның шетінде бес-алты жүздей, жиналып жатыр. Мына қоймай атып жатқаны — шабуыл жасап, жаяу әскерін шығынға ұшыратқысы келмегені ғой...
— Олай болса, тапа соның ойындағыдай - ақ болсын. Соның ақ тілегі орындалсын. Шығынсыз алам деген стансасын алсын. Ротаңа бет-бетімен бытырап «үрейлене» жоғары көпірге қарата қашыңдар деп бұйрық бергін, — деп ем, Филимонов таң қалып:
— Не деп тұрсыз, комбат жолдас? — деді.
— Солай, жаңылыс есіттім деп тұрсың ба, солай менің бұйрығым, барғын, — дедім.
Жүз жиырма жігіт орындарынан тұра салып, бет-бетімен алды-артына қарамай стансаны тастап, зытып берді.
— һалт, һалт (тоқтат)! — деген дауыс неміс жақтағы орманнан шықты.
Демнің арасында зеңбіректер мен минометтер атуын тоқтатты. Немістер орманнан шығып, төрт-төрттен қатар тұрып, лек-легімен (роталармен) салтанаттанып, қыстақ пен стансаға кешікпей-ақ кіріп келді. Біздің жігіттер көпірдің астына жиналды. Ол кезде немістер солдаттарына:
— Мына қыстақты, қаланы алсақ, барлық бағалы нәрселер сенікі — талап алуға еріктісің, барлық сұлу келіншек, сұлу қыздар сенікі — зорлап басуға еріктісің, — деп еді соғысқа салатын айуан мінезді құзғындарына.
«Стансаны қорғап жатқан қызыл әскер бес сағат есінен таныта атқылағаннан кейін қашып кетті, ешқандай қауіп жоқ» деп ойлады білем, немістердің сормаңдай командирі келе салысымен-ақ солдаттарын елді тонауға үй-үйге таратып жіберді. Кейбіреулері тауықты қуып, кейбіреулері шошқаны қуып ұстай алмай жүр. Ақыры қыстақтың шет - шетіне қарауыл да қойған жоқ. Тапа нағашысының үйіне келгендей болып, бейғам жатыр.
30-40 минут өткеннен кейін, «қызыл тұмсық болып қызығына батты - ау» деген кезде, көпір астындағы 120 жігітті үшке 40-тан бөлдім. Әр қырық жігітке Филимонов, Рахимов Хабибулла, Бозжанов Жалмұхамбет бастық болып тағайындалды.
— Ал, жігіттер, біз стансадан 200-300 метрдей жерде тұрмыз. Мылтықтарыңды серт ұстап, қыстақтың үш жағынан бір мезгілде жүріп бара жатып, атқылап «ура» деп дауысыңмен барынша айғайлап, шабуыл жасап тиіңдер.
Немістер мына бейғамдығының игілігін жақсылап көріп, сендердің оқ - найзаларыңның дәмін татсын. Барыңдар, жолдарың болсын, тәуекелге бел байладық, — деп жарлық еттім.
Күтпеген жерден жайбарақат, талаудың қызығына батып жатқан дұшпанға үш жақтан бірден тарсылдап атылған мылтықтардың, пәрменінше «ура» - лап айқайлап жүгіріп, қарсы шабуыл жасап келе жатқан 120 жігіттің ащы дауыстары, күннің күркіреуінен, жердің сілкінуінен оңай әсер еткен жоқ. Үрейленбеске шама қанша, немістер үйден дүркірей үркіп шығып, кейбіреулерінің аузындағы асы тамағынан өтпей түйіліп, кейбіреулері талаудан алған заттарды құшақтай, кейбіреулері шалбарының түймелерін асығыста салуға шамасы келмей, қолымен түре ұстап, командирлерінің «һалт» деген ойбайына бой бермей, тыңдамастан бет-бетімен қыстақтан орманға қарай алды-артына қарамастан, алты жүз адам жығыла-сүріне сасып, дегбірлене зытқанын көріп қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады.
— Иә, бабамның аруағы, қолдадың ба? — деппін.
Орманның шеті қыстақтан 500-600 метрдей еді.
Немістердің оққа ұшқандары қалпақтай ұшып, жалпасынан түсіп, сұлап жатқан жерінде қалып, амандары дедектеп безіп барады. Біздің жігіттер атқылап, қуып жеткенін шанышқылап, соңынан өкшелеп қалар емес.
Темір жолдың төмпеш қырына шыға берісте Курбатов дейтін бір орыс жігіті (соғыстан бұрын Алматы қаласында кіре тасып қызмет еткен) еңгезердей бір неміс офицер қуып жетіп, атып, я, шаншып өлтірудің орнына етегінен ұстап тартады. Неміс артына жалт қарап, торғайдай кішкене Курбатовтың тұлғасын көріп, «тіптен басындыңдар - ау» дегендей, өзінше бір нәрсені былдырлап айтып, құсаланып келіп, Курбатовтың жағасынан алып, қылқындыра ұстап, тұмсықтан жұдырықпен періп - періп жіберіп, жығып, үстіне мініп алып буындыра бастайды. «Өлді деген осы, менің шынымен-ақ талқаным таусылған екен, қап, бұл итті неге атпадым, неге шаншымадым кезі келіп тұрғанда, мені ажал айдап мұның етегінен ұстатқаны болар» деген өкініштермен Курбатов тырп етуге шамасы келмей, өгіздей немістің астында жатыр.
«Еш болмаса әрекет істеп өлейін» деген оймен ышқына жұлқынып, дұшпанның жағасынан ұстап, көтеріле бергенде, немістің оң аяғы тайып, екеуі құшақтасып ылдиға қарай домалайды. Төмен қарай әңгірлеп барады. Бір-бірінен айрылар емес.
Күшінің жетпейтініне көзі жеткен Курбатов сұқ қолымен ортан қолын айырша ұстап, кеңсірікті дәлдеп, немістің екі көзін шұқып шығарады. Неміс «ой» деп Курбатовты босатып, екі қолымен көзін басып қалғанда, ол оны найзамен шаншып, қалған немістердің соңынан басқаларды қуып кете барады...
Қысқарта айтқанда, немістердің 300 өлігін санадық. Қалғандары орманға зытып, алды-артына қарамай безіп кетті. Олардың қаншасы жарақаттанғанын, қаншасының сау екенін айта алмаймыз...
Торт станковый пулемет, екі зеңбірек, жеті радио аппараты, 24 қол пулеметі, екі штаб машиналары барлық документтерімен, тағы басқа олжаларға ие болдық.
Бұл соғыс — біздің жігіттердің жалпы батырлық, батылдық көрсеткенінің бір дәлелі.
Бұл — соғыста дұшпанға жем тастап, жемтікке тоя бергенде, аз күшпен желке бүйірлерінен соғып, жеңісін, жегенін желкесінен шығарған тактикалы әдістің сәті түсе қолданылған істің бірі.
Бұл — соғыс дұшпанның араны ашылған басқыншылық мінез-құлқын өзіне таяқ етіп жұмсаған ұрыстың бірі.
Бұл соғыс — ата-бабамыздың айтып кеткен «білек бірді, ақыл-айла мыңды жеңеді» деген мұра, соғыс дәстүрінің халық тәжірибесінен шыққандығына дәлел деумен доғарайық.