31.03.2021
  247


Автор: Ғабиден Қожахмет

Ұстазын күткен сынып

  5-сыныптықтардың мектептен мұғалімдік тәжірибеден өту кезінде өздеріне сынып жетекшілік жасаған және сабақ берген апайларын қайтадан күтіп жүргендеріне де біршама уақыт болып қалған еді. Себебі апайлары бұларға сендерді тағы да іздеп келемін деген.
   


  Өздерінің сыныптарынан мұғалімдік тәжірибеден өткен жас студент қызға 5-сыныптықтар аз ғана уақытта әбден-ақ бауыр басып қалған еді. Енді сол апайлары қайтар кезде бұлармен қоштасып тұрып, сендерді тағы да іздеп келіп тұрамын деп уәде берді. Содан бері 5-сыныптықтар апайларын күтіп жүр.
 


  Дәл ең соңғы күні бұларға апайларымен қоштасу оңайға түскен жоқ. Олар апайларын одан да әрі шығарып салмақ еді, бірақ апай бұлармен аулада қоштасуды жөн санады. Сол күні 5-сыныптықтардың жанарлары кәдімгідей жасаурап тұрды. Тіпті апайдың өзінің де жанары жасаурап тұрғандай көрінген. Сонан соң бұларға мен сендерді тағы да іздеп келіп тұрамын деді.
   


   Енді, міне, содан бері біршама уақыт өтті. Бірақ апайлары келген жоқ.
  


   Әлде апайлары бұларды ұмытып кетті ме? Ал бұлар ше?.. Апайларының айтқанын қылмады ма? Қылды ғой. Оқудан тыс уақыттағы
іс-шаралардың кезінде оның жанында шүпірлеп жүрмеді ме? Жүрді. Басқа сыныптардағы осындай апайлардың алдында өз апайларын ұятқа қалдырмауға тырыспады ма? Тырысты. Тіпті басқа мұғалімдерге келгенде қырсық мінез танытатын ұлдардың өзі де тырысты. Ендеше, апайлары осының бәрін қалай ғана ұмытады?! Егер апайлары осының бәрін ұмытып кететін болса, онда әділдік болмағаны.
  


   Әлде... Әлде апайлары бұларды жай сөзбен алдарқата салды ма? Басқа адам алдарқатса, алдарқатсын, кейде тіпті әке-шешеңнің өзі де алдарқата салуы мүмкін. Бірақ апайлар олай етпесін. Егер апайлар олай етсе, шәкірт күмбездің күлдіреуіші шытынар... Жоқ! Апайлары алдарқата салған жоқ. Ол келеді!..
   


  Қыз көйлегін киіп көктем де келді. 5-сыныптықтар осы бір көктемнің үніне ілесіп, сыныпқа апайлары күлімдеп кіріп келетіндей елегізіді. Бірақ апай келген жоқ.
   


  Көп ұзамай мектеп өзінің кезекті бір оқу жылының аяқталғанын қоңырау үнімен білдірді. 5-сыныптықтарды жазғы каникулдарына шығарып салды. Оларды енді 6-сыныптың сабақтары күтіп тұр. Осы бір жыл өздерін тым есейтіп жібергендей сезінді.
   


  Мүмкін апайлары бұларды 6-сыныпта іздеп келетін болар?! Сөйтеді әлі! Өйткені апайлар ешқашан да алдамайды!





Пікір жазу