31.03.2021
  322


Автор: Ғабиден Қожахмет

Ұстаздарын ұлықтаған, әр түлегін ұмытпаған білім ордасы

(Қазалы ауданы, Қожабақы ауылындағы №25 орта мектебі жайында жазылған)


№25 мектеп өзінің тарихындағы талай-талай тамаша ұстаздарымен мақтана алады. Олардың есімдері алдыңғы толқын шәкірттердің жадында көбірек сақталып қалуы - заңдылық. Себебі олар сол ұстаздардан дәріс алды, тәлімін көрді. Толқынды толқын қуады. Алдыңғы буын ұстаздардың біршамасының үлгісін көріп, күні кеше ғана №25 мектепте аға буын мұғалімдердің қатарын құрап жүрген бір топ ұстаздардың өздері де бұл күнде ардагер ұстаздардың сапын толықтырған еді. Бұл ұстаздардың қатарынан ең алғашқы болып сол кезде аға буын ұстаздардың алдында жүрген математика пәнінің мұғалімі, бір кезде өзі де осы мектепке басшылық жасаған Амангелді Есетовтің есімі аталады. Осы буын әрі қарай мына ұстаздармен жалғасқан еді:


Мектеп басшысы болып істеп, құрметті демалысқа шыққан, тарих пәнінің мұғалімі Темірбаев Алмас, мектептің тәрбие жұмыстарының меңгерушісі болған, математика пәнінің мұғалімі Байназаров Досбол, биология пәнінің мұғалімі Махамашев Тілек, математика пәнінің мұғалімі Жұмағамбетова Райхан, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Өтешова Күлән, шет тілі пәнінің мұғалімі Кәдірова Қуаныш, орыс тілі пәнінің мұғалімі Сахиев Қуантқан, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қуатбаев Мұрат.


Медицина ғылымдарының докторы Бегалы Әйтпембетов, филология ғылымдарының докторы Тоқболат Еңсегеновтер осы №25 мектептің бір кездегі түлеп ұшқан түлектері еді. Бұдан өзге де ғылым жолындағы бір кезгі мектеп түлектері болып ұшқан бір шоғыр ер-азаматтар қатары аз емес. Енді осы бір ер-азаматтар қалыптастырған үрдіс нәзік жандылармен жалғасын тапты. Тағылымды еңбектерімен көрініп жүрген автор, ұлағатты ұстаз, өнер иесі, педагогика ғылымдарының кандаидаты Сараш Сахиқызы Қоңырбаева осы мектептің 32-түлегі еді.


Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Сейіл Боранбаев, Әнес Нарымбетов, Мешітбай Құттықов секілді талантты ақындар осы мектептің қабырғасынан қанат қақты. Бұдан кейін де қаламгерлік жолды жалғастырған есімдері көпке танымал болған ер-азаматтар қатары аз емес. Осы ағалар жолын назік жанды қыз балалар жалғастыра бастады. Бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы, жүлдегері, жас ақын Дина Бөкебай осы мектептің биылғы 68-түлектерінің қатарында арман көгіне самғамақ.


Осыдан 37 жыл бұрын мектептің қос бірдей ұлы қатарынан мектепті үздік тәмамдап, алтын медальмен бітіріп шыққан еді. Бұлар өздерінен бұрынғы түлектер, мектептің алғашқы медаль иегерлері - мектепті күміс медальмен бітіріп шыққан Әби Дәулеткерімов, мектепті алтын медальмен бітіріп шыққан Алпысбай Қарамолдаев бастаған бір шоғыр шәкірт ұлдардың заңды жалғасы еді. Олардың арасында екі бірдей мектепті алтын медальмен бітіріп шыққан нәзік жанды шәкірт қыздар болды. Шәкірт ұлдар қалыптастырған осы бір үрдіс бұдан кейінгі жылдарда тек қана мектепті үздік бітіруші қыз балалардың үлесіне ғана тиіп келген болса, мектепті 2016 жылы мектептің 67-түлегі Елтай Абылайхан "Алтын белгіге" бітіріп шықты.


Орта мектеп ретінде іргетасы қаланғанына 2017-2018 оқу жылында 70 жыл толғалы тұрған мектеп 2019 жылы өзінің 70-түлектерін қанат қақтырмақ.


Мектеп жайлы айта алдық па біз ұға,
Шәкіртіне қарайтын ел қызыға.
"25-тен едім" дейтін ұлы да,
"25-тен едім" дейтін қызы да.


Мектебінің білім атты гүл бағы
Дайындап еді, берді өмірге тұлғаны.
"25-те оқығам" дейді сондықтан
Әр шәкірті - қыздары мен ұлдары.


Әр түлектің еңбегі еткен бағалы
Мектебінің есінде әр кез қалады.
Талай білім сынағында еңкеймей
25-тің биік тұрған жалауы.


Талай шәкірт өткеніне қараған
Шығармайды өз мектебін санадан.
Жиырма бес те спортта, өнер, білімде
Мықтылардың алдын талай ораған.


Ұстаз аты, ғажап едің сен неткен,
Табыс жолы алынбайды еш ертектен.
Бұл жерде де талай ұстаз бала үшін
Еңбек еткен, тыншымастан тер төккен.


Қожабақы - киелі ол да ел еді,
Артқы толқын алдыңғыға ереді.
Сол дәстүрмен болашаққа ұмтылып
XXI-дің жас ұрпағы келеді.


Күтсін дейді ел жас ұрпақты таң күліп,
Жетелейді болашақ деп алға үміт.
Алда - асулар, ал санада мектептің
Тарихы да тұра береді жаңғырып.





Пікір жазу