31.03.2021
  232


Автор: Ғабиден Қожахмет

Таусылмайтын әңгіме

Бала апасы мен көкесінің үйінде жүрді. Осы кісілерге таңғалады. Әңгімелері бір таусылмайды. Үнемі жарасып отырады.


Осы үйде тұратын аға-әпкелері үстел басынан тұрып кеткеннен кейін де, көкесі мен апасы шайын ішіп, әңгімелесіп отыра беруші еді.


Бала өзінің әке-шешесі туралы ойлады. Қысқа күнде қырық ұрсысады.


Сәлден кейін көкесі шайын ішіп болып орнынан тұрды. Апасы көкесіне жылы жүзбен қарайды:
"Байқа, беліңді ауыртып алма".


Бала апасының сөзіне күліп жібере жаздады. Белін ауыртып алатындай бұл кісі қартайып тұрған немесе науқас адам емес қой. Бірақ апасы осы сөзді айтуы мұң екен, көкесі белін ұстаған күйі бүкірейеді де қалады. Бала көкесінің осы қылығына таңғалады.


Құлағына өзінің әке-шешесінің дауысы келді:


- Мені де бір түсінсең қайтеді?!


- Осы, үйге келгенде сенімен ұрыспай-ақ қояйыншы деп келем!.. Сені
көрсем!..


- Сен тек салғыласуды ғана білесің!..


Осы дауыстарды естігісі келмегендей құлағын басты.


- Әй, Әлкен, неге құлағыңды басып отырсың?!


Апасының дауысын естіді.


- Былай тұр, көкең сүрініп кетіп жүрмесін.


Апасының сөзіне күлкісі келді. Сүрініп кететіндей ол кісі бір науқас кісі емес қой. Оның үстіне көкесі бұл отырған жерге дейін жетемін дегенше, бұл үш тұрып, үш отырар.


Көкесінің жүрісіне қарап отырып мырс етіп күлді. Бейне бір мұз үстінде тайғанақтап келе жатырған жандай қыбыр-қыбыр етеді...


"Қалай-қалай істейді, ә?!"


Көкесі қазір аулаға шыққаннан кейін шапқылап кетеді. Ауладағы барлық жұмыстарды тындыратын - осы кісі.


Есіне теледидардан естіген сөздері түсті. "Ерлі-зайыпты жандардың жарасымды татулығы үшін олардың жан үйлесімділігі бірінші орында тұрады".


"Сонда апасы мен көкесі жаны үйлескен кісілер болғаны ма? Ал әкесі мен шешесі ше?.."


Құлағына тағы да әке-шешесінің дауысы келді:


- Мені де бір тыңдасаң қайтеді?..


-Сенің тыңдайтындай жөні түзу бір әңгімең бар ма?..


Бала тағы да алақанымен құлағын басты.





Пікір жазу