31.03.2021
  234


Автор: Ғабиден Қожахмет

Сәкеңнің кітабы

Сәкеңді жұрт көп оқиды, көп ізденеді, өзінің саласының мықты маманы деп айтады. Сәкең қайбір жылдары жастық шағында үлкен бір қаладан барып білім алып келген. Сонда Сәкеңнің елдің ішінде тек қарт әке-шешесі ғана тұрса керек. Сәкең кейін оқуын бітіргенде сол қалада қызметте қалуына мол мүмкіндік туып тұрғанына да қарамастан, қарттарына алаңдаса керек, елге оралады. Сәкеңдей білімді жігіттер елдің ішіне де керек болып тұрған ғой.


Сәкең келе еңбекке кіріседі. Елдің аруына қосылады. Обалы не керек, Сәкеңнің сүйіп алған жары Сәкеңнің ата-анасына бәйек болып қызметін жасапты, күтіп-бағыпты, қас-қабағына қарапты. Кейін қарттар өмірден өтерінде келіні мен баласына алғысын жаудыра-жаудыра өткен деседі. "Ата-анаға қарасаң, Сәкеңдердей-ақ қара-ау!" деп елдің аңыз қылатыны да содан ғой.


Сәкең содан кейін өзінің балаларын жетілдіруге кіріседі. Жаңадан үй салады. Сәкеңе біреулер "Үйді ана беткейден неге тұрғызбайсыз, Сәке. Жаңадан салынып жатқан үйлер сол беткейден тұрғызылып жатыр ғой" дегенінде, Сәкең: "Үйді қарттарымның от жаққан жерінен тұрғызам. Үй қара шаңырақтың орнынан көтерілуі тиіс", - депті. Сәкеңнің балалары осы үйдің ішінде өсіп-жетілген. Сәкең балаларына жақсы тәрбие берген әке деседі. Сәкеңнің үнемі балаларына айтатыны: "Өз заманыңа сай ойнап-күлме деп айтпаймын. Бірақ есті болыңдар. Уақыт деген әне-міне дегенше өтіп кетеді. Сол кезде өзіңнің шаңырағыңның аясында ғана ұлағат айтушы емес, көпке, өздеріңнен кішілерге ұлағат айтушы дәрежесінде болыңдар", - дейді екен. Сәкеңнің өзі де сондай кісі ғой. Балалары Сәкең айтқан биікке көтеріле алды ма, жоқ па, белгісіз, бірақ Сәкеңнің ұл-қыздарының ішінде шетке шыққан бірі болған жоқ, бәрі де жоғары білім алып, өмірден өз орнын тауып кетті.


Сәкең кейін заман өзгергенде айтатын еді: "Ендігі жерде оқуымды бітірдім, жұмысқа орналастым, осымен болды деген әңгіме болмайды. Өне бойы оқуға тура келетін заман болып тұр. Бұл бұрында да айтылатын. Ендігі жерде одан да маңызды болып айтылады. Мына мұғалім деген халықтарға талапты өте көбірек қойып жатыр ғой. Бұл, жалпы, барлық саланың мамандарына да қойылатын талап. Ендігі жерде әр адам өзінің еңбек етіп жүрген саласында өзі ізденуші, өзі жаңалық ашушы дәрежесінде болуы керек. Бұл үшін көп оқу, көп іздену, көп білім алу керек. Біз тек әр саладағы осындай кадрлармен ғана қуатты мемлекетке айнала аламыз" дейтін.


Сәкең өткенде өзі білім алған үлкен қалаға жолы түсіп барып қайтты. "Қыз - өріс" деген. Сәкеңнің осы қалада сол жерден білім алып, сол жаққа тұрмысқа шыққан қызы тұрушы еді. Сәкең осында бірнеше күн болды. Қайтарда баяғы ескі әдетімен өзімен бірге кітап сатып ала қайтты. Сол кітаптардың ішінде Сәкеңнің өзінің саласы бойынша жазылған бір кітап бар еді. Сәкең үйіне келгесін әлгі кітапты күні-түні бас алмай оқыды. Сәкеңнің өзінің де осы ілімнен көкірегінде негізі бар адам ғой. Бір кезде Сәкең оқығанда Сәкеңе де небір мықты-мықты деген ғалым-ұстаздар дәріс берген. Сәкеңнің көкірегіндегі ілімнің іргетасының әу бастағы түпқазығын осы ұстаздары қалаған. Сәкең кітапты оқи отырып, ондағы жаңашылдыққа сүйсінді. Сәкең осы сәт өзінің жас болмағандығына өкінді. Қайтадан жас маман болып еңбек жолын бастаса, бұрынғыдан да ілкімді, бұрынғыдан да өнімді еңбек ететіндей көрінді. Бірақ Сәкеңдердің жасы да әне-міне дегенше зейнет демалысына ілінгелі тұрған кісілер ғой. Дегенмен Сәкең түңілетіндей не бар. Сәкеңнің артынан қаулап өсіп бүгінгі заманның жастары келе жатыр емес пе.


Сәкең осыған қуанады. Сәкеңнің өзінің жанына да өткенде ғана бір осындай жас әріптесі келіп жұмысқа тұрған. Сәкең осы жігітке іш тартады. Өйткені білім алған саласы ортақ.


Сәкең енді осы кітапты өзінің жас әріптесіне бермек болды. Осы оймен кітапты жұмысына ала келді. Жұртпен сөйлесіп отырып, кенет кітап есіне түсе кетті. Кітапты алды да, жас әріптесіне ұсынды.


- Мына кітапты оқып шық, - деді Сәкең. - Біздің саламыздан жазылған еңбек екен. Сонан соң осы жөнінде пікірлесейік.


Жігіт қипақтап қалды. Жалпы, кітапқа зауқы жоқ еді. Сәкең ұсынған кітапты не аларын, не алмасын білмеді. Алайын десе, ертең Сәкең кітапты оқып шықтың ба деп сұраса, не болмақ. Алмайын десе, аға әріптестің ұсынған қолын қайтару қиын. Жігіттің ойланып-ойланып барып айтқаны:


- Сәке, кітап сізде тұра берсін. Кейін бір қойдың кезегі келгенде алып оқырмын, - деді.


Сәкеңнің мына жауапқа аузы аңқиды да қалды.


- Ау, шырағым-ау, - деді Сәкең. - Дүниежүзінде қаншама мемлекет бар. Сол мемлекеттерде қанша халық тұрады. Сонда солар кітап оқу үшін қойдың кезегі қашан келеді деп күтіп отырады ма екен?


Отырған жұрт Сәкеңнің сөзіне жарыла күлді. Бірақ ешқайсысы да кітапты маған беріңізші, Сәке, көріп шығайын демеді. Қайта кітаптан бойын аулақ ұстағысы келгендей, шегіншектеп отырды. Сәкең "өй!" деп, әлденеден түңілгендей, кітапты үстелдің үстіне қойды. Су жаңа мұқабалы кітап бұл жерде Сәкеңнен басқа ешкімге де керек болмай қалдым-ау дегендей, үстелдің бір бұрышында бір түрлі қоңырайып жатты.





Пікір жазу