31.03.2021
  197


Автор: Ғабиден Қожахмет

Өнербаян

"Өнербаян"  - Тынышбай Рахымның кітабының аты.


Мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде, үйдегі кітап сөресінде кітап саны аз емес болса да, өзіне тиесілі жалғыз кітап болған еді. Тиесілі дейтін себебі бұл кітапты сыныптың қыздары сыныптың ұлдарына 23 ақпанға қатысты сыйлыққа берген болатын. Бұл - сырты сары түсті, жылтырақ мұқабалы кітап. Сыртында Тынышбай Рахимов "Бесігіміз - бейбіт күн" деген жазу бар.


Мектепті бітірген жылдардың бірінде бірде осы ақынның телевизордан өлең оқығанын көрді. Сонда өзіне Тынышбай Рахимовтың оқыған өлеңі де, сол өлеңді оқыған даусының мәнері де ұнап қалған еді. Сөйтсе, бұл кісі ән салатын ақын екен. Мұны кейіндеу білді. Ән де шығарады, ән де салады.


Енді жатпай-тұрмай әлгі өлеңді іздеді. Әлгі кітаптың да бағасы арта түсті. Бірақ бұл өлең ол кітаптың ішінде жоқ екен.


Содан кейін ақынның "Жиырма бес - жыр дәурен", "Тоғыз перне - тоқсан күй", "Көкірегім - күйсандық" атты кітаптарын кітапханадан тауып алып оқыды. Кейін мұнда ақынның "Бесігіміз - бейбіт күн" кітабымен бірге "Көне мақам - жаңа саз" кітабы, кейіндеу "Өнербаян" болды.


Сөйтсе, Тынышбай Рахымның өлеңдерін балалар баяғыда-ақ, жоғары сыныпта жүргенде гитараға қосылып айтып жүреді екен ғой. Сондағы өлең Тынышбайдың "Бар ма менің жазығым?" деген әнінің өлеңі екен. Одан бөлек "Бақытым - сен" әні де айтылатын.


Әлгі Тынышбай Рахымның телевизордан оқыған өлеңі "Естелік" деген өлеңі еді. Бұл өлең бір күні "Қазақ әдебиетіне" басылып шықты. Сонда өлеңнің ішіндегі кей шумақтары жоқ екенін аңғарды. Бір рет тыңдаған өлеңінін ішінде "Мұқағали көшеде: "Тұмаш! Тұмаш!" деп еді...", "...Әттең, сонда Тұмағам бесінші боп ермеді" деген сөздері бар еді. Сол жерлері жоқ екен. Бұл сол кезде енді ол өлеңді де және сонда басылған ақынның "Шегі үзілген домбыра" өлеңін де жаттап алған еді. Сонан соң ақынның


"Жалын" журналында жарық көрген "Аймаңдайлы аруға арналды жыр" деген атпен шыққан өлеңдері де керемет ұнаған.


Енді бұл Тынышбай ақынның өлеңдерін, әсіресе "Шегі үзілген домбыраны" студент кезінде мәнерлеп оқу сабағында да оқып жүретін. Бұл сабақ болашақ әдебиет пәнінің мұғалімін мәтін оқуға дағдыландыратын сабақ еді. Оқушының алдында өлең сөзді қалай оқу керек, қарасөзді қалай оқу керек, драмалық шығарманы қалай оқу керек, осыған бағыттайды.


Кейде топ өз алдына өзге де сабақ өтіп жатқан сәтте де, өзімен бір топта оқитын қыздар 80 минут үзіліссіз сабақтан жалыға ма, "өлең оқиықшы, апай" деп апайдан сұрап алады да, бұған "өлең оқышы" дейтіндері бар. Өлең десе, елеңдеп отыратын апайлар мұнда да аз емес. Сондайда Тұманбай ақынның "Қарындасым Несіпкүлі" оқылатын. Бұл ұзақ өлең еді. Бұл өлеңді "Арай" журналынан оқыған, жатталып қалған. Ал Тынышбайдың "Естелігімен" бірге "Ғашықтық ғазелі", "Махаббат көктемі" де оқылды.


Бірде телевизордан Тынышбай Рахымның шығармашылық кеші берілгенде, ақынның ән шығаратын да әрі ән салатын да ақын екенін білді. Осы кеште айтылған әндерінің ішінде ақынның төрт әнінің сазы құлағында қалып қойыпты. Енді осы әндердің сөзін іздегенде, "Қымбаттым" және "Махаббат көктемі" әндерінің сөзі кітаптан табылды. Екеуінің сөзін таба алмады. Тек сазымен бірге құлағында қалған сөздері - біріндегі "Өтіп, әттең, барасың ба, дариға-ай, қайран менің, сайран менің жас күнім!" деген сөздері мен екіншісіндегі "Аралым! Аралым! Қайда сенің ерке толқының?!" деген сөздер еді.


"Қымбаттым" әнін әнші Ермек Әбілдаев орындаса, "Махаббат көктемі" әнін ақынның өзі күйсандықта орындаған еді.


...Асылы менің өмірдегі өнербаяным -


"Сәулем-айлардан", "Дәурен-айлардан" тұрады, - деп жырлаған ақынның бір күні халыққа кең таралған әні де шықты. Бұл әнді алғаш рет халықтың белгілі, атақты әнші қызының қос шекті домбырада теледидарда орындауында тыңдаған еді.


Оқуын бітіріп, мұғалім боп жүргенінде, бірде үстелдің үстінде алдында жатқан газеттен ақынның дүниеден өткенін оқыды. Сондағы "Жас Алаш" газеті: "Махаббатты жырламайтын ақын жоқ. Бірақ Тынышбайдың махаббаты шекара асып кетіп еді" деп жазды.


Бірде гуманитарлық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқып жүрген студент қызға


Тынышбай Рахымның өлеңін оқығанда, әлгі студент қыз: "Бұл ақынның кітабын қайдан алуға болады?" - деген еді. "Кітапханадан сұрап көр", - деді бұл.


Кейін ол Тынышбай ақынның өлең кітабын кітапханадан сұрапты. Сонда кітапханашы апай студент қыздың сұраған кітабын алып беріп жатып: "Өте жақсы ақын. Бірақ оқушыдан аз сұралады", - деген екен.


Биыл ақын, сазгер Тынышбай Рахымның туғанына да 70 жыл толды.





Пікір жазу