Кәмпит
Таңатар шешесінің зейнетақысымен күн көреді. Кейде бұл зейнетақы да оны-мұныға жете бермейді.
Бүгін Таңатар аулада зерігіп отыр еді, шуласып ойнап жатқан балаларға көзі түсе кетті. Сонан соң балаларды жанына шақырып алып:
- Жарысасыңдар ма? - деді.
Балалардың көзі жайнап кетті:
- Жарыстырасыз ба?!
- Ол үшін үйлеріңнен кәмпит алып келу керек, - деді Таңатар.
Кейбір балалар "мамам ұрысады" деп, барғысы келмеп еді, Таңатар оларға:
- Онда жарысқа қатысу құқығынан айырылдыңдар, - деді.
Біраз балалар үйлеріне қарай шапқыласып кетіп, уысын толтырып кәмпит алып шықты да, Таңатардың күректей алақанына салды. Таңатар алақанындағы кәмпиттерді жанында жатқан жұқа тақтайшаның үстіне үйіп қойды. Сонан соң балаларға қарап:
- Әнеееу талды көріп тұрсыңдар ма?! - деді. - Мен үшке дейін санағанда, жүгіріп кетесіңдер де, сол талды айналып жүгіріп келесіңдер.
Сөйтті де, Таңатар балаларды жарысқа қосып жіберді. Сосын өзі тақтайшаның үстіндегі кәмпиттердің бірін алып, қағазын аршыды да, аузына жытырды. Осыдан кейін тақтайшаның үстіндегі кәмпиттерді уыстап алып шалбарының қалтасына тықты. Тағы да уыстап алып көйлегінің қалтасына салды. Осы кезде тақтайшаның үстінде үш түйір кәмпит қалған еді. Таңатар оларды алдыңғы болып жүгіріп келген үш балаға жүлде ретінде ұсына салды. Сонан соң біраз-біраз мақтау сөздер айтты. Сосын шалбарының артқы қалтасына қолын салып жіберіп, кішкене, сынық қаламсап алып шықты да, әлгі өзі жеген кәмпиттің қағазының ақ жеріне 3 деген жазуды жазып, үшінші болып келген кішкене қара баланың қолына ұстата салды. Сосын қағазы тәуірлеу-ау деген тағы да екі кәмпитті аршып, ұртына тықты да, қағазына жазып жіберіп, тиісінше екі балаға ұстатты.
- Аға! - деді осы кезде кішкене қара бала Таңатарға жәудірей қарап. - Мына қағаз бірдеңеге жарайды ма?
- Ой, ол бәріне де жарай береді! - деді Таңатар даусын құбылта сөйлеп.
Бала енді Таңатарға үміттене қарады:
- Оқуға түсуге де жарайды ма? Мамам өскенде оқуға түсесің деп айтады.
- Оқуға түсуге де жарайды, - деді Таңатар бүлк етпестен. - Осы қағазбен барасың да, физкультура факультетіне түсіп кете бересің.
Бала осыған қуанып қалды.
- Ең бастысы, Таңатар ағаңның жарысының жүлдегері деген сөздің өзі неге тұрады! - деп, Таңатар баланың басынан ауыртпай шертпек алды. Осыдан кейін басқа балаларға көзін аларта қарап:
- Қане, тараңдар! - деді.
Сөйтті де, өзі үйіне кіріп, қалтасындағы қалған кәмпиттерімен шай ішіп жатты.