30.03.2021
  220


Автор: Ғабиден Қожахмет

Өз тіліңде бәрі де алғаш қаланды

Ата заңда айшықталған асқары,
Кем көрмейтін өзге тілді, басқаны.
Қазақ тілі – ұлттың тілі, өз тілің,
Ол – тәуелсіз мемлекеттің бастауы.


Осы тілмен өсті де ұрпақ, жетілді,
Осы тілмен бойға рухы бекінді.
Сондықтан да тілін сүйсе әр қазақ,
Өз анасын сүйгендігі секілді.


Өз тіліңде бәрі де алғаш қаланды,
Осы тілде алдың биік бағаңды.
Осы тілде мейірім естіп анаңнан,
Сен де солай еркелеттің балаңды.


Өз тіліңде талай мәрте ән салдың,
Табиғатын сезіндің де барша әннің.
Өз тіліңде білімді алғаш алдың да,
Өз тіліңмен биікке алғаш жол салдың.


Сондықтан да оны өшпейтін жыр дестің,
Ұстазбен де осы тілде тілдестің.
Ана тілде тыңдадың да жырды алғаш,
Сол арқылы өз ұлтыңмен үндестің.


Өткен шақта асқақтатып күйіңді,
Жауыңа да өз тіліңде шүйілдің.
Жаратқаннан медет тілеп, кей уақыт
Қысылғанда өз тіліңде сиындың.


Дейді әр перзент анам жайлы жаза алам,
Шындық – сонда, ана деген – ғажап ән.
Біле білсең, асыл ана тілің де
Секілді боп тұрады кейде өз анаң.





Пікір жазу