30.03.2021
  235


Автор: Ғабиден Қожахмет

Жауқазын дәурен

Санамашы оны да балаға енді,
Жылдар легі шаттығын ала келді.
Қамсыз жүрген кешегі балаңдау қыз
Он жетіде өзгеріп сала берді.

Студенттік дәурені басталды да,
Өзгеше ғып көрсетті жас жанды да.
Тек осыған арналған мына өмір,
Тек осыған арналған аспан мына.

Естілді де даладан күздің үні,
Балаң сәттен уақыт үзді мұны.
Киімі де өзгеріп соңғы сәнмен,
Бір-ақ күнде бойжетті қыз ғұмыры.

Бар бойына ешкім мін таға алмайды,
Алма жүзі албырап арайлайды.
Телефонды мазалап жиі-жиі,
Айнаға да көбірек қарайлайды.

Қандай ғажап сезіну жастық барын,
Үлкендер де жақсы ғой жасты ұққаның.
Анасы да жымиып күлімдейді,
Өз қызынан көргендей жастық шағын.

Шаттық күйдің естіліп тұрар әні,
Әр күнінен бақыт сәт құралады.
Бойжеткен қыз бір сәтте мұңаяды,
Бір-ақ сәтте ол-дағы қуанары.

Қыз жүрекке арманы дөп қонғайсың,
Сезімі де суынбас от болғайсың.
Мұңайтатын сәттері аз болсын да,
Қуантатын күндері көп болғайсың.




Пікір жазу