30.03.2021
  317


Автор: Ғабиден Қожахмет

Тойын жасап бір әулет жатыр бүгін

Бөлеп нұрға әнімен айлы аспанды,
Шырқатып жұртқа бүгін тойбастарды.
Қуанышқа кенелген бір әулетте
Тағы да, міне, үлкен той басталды.

Той деген баба арманы, жұрт біледі,
Ұрпақ қой - қашанда анық ұлт тірегі.
Бір әулеттің жанды да ізгі арманы,
Қабыл болды тағы бір жұп тілегі.

Бабасы кеткен кеше бір ел қылып,
Айтады ұрпағына ақ тілеуді жұрт.
Сол әулеттің ендігі жалғастығы
Салмақты боп көрінер күйеу жігіт.

Тұрған дәмін шаттықтың татып бүгін.
Олар үшін алмасын уақыт тыным.
Көреді ел де бұл тойда қалыңдықтың
Күлімдеген жүзінен бақыт нұрын.

Алғаннан соң рұқсатын сенен ұлың,
Үлкендік дейтін алдан келеді ұғым.
Ата-ананың бірі енді ата болып,
Ал біреуі атанды ене бүгін.

Заманынан сіңірген нақылды мың,
Жарасады жасқа анық ақыл, білім.
Міне сондай қос перзент қол ұстасып,
Тойын жасап бір әулет жатыр бүгін.

Той деп ұлы мақсатты қойғанда нық.
Өнерліден асаба сайланды анық.
Айтылады әзіл де, ән де бүгін,
Тек осынау шаттықты тойға арналып.

Ашсыншы деп тағдырдан құрбы бағын,
Білеміз жігіт қызды жыр қыларын.
Тыңдалып жүр ғой бұрын жыр-термесі,
Салшы бүгін, өнерпаз, Сырдың әнін.

Бұл тойдың биге, жігіт, шақыр гүлін,
Сынап тұрған ердің де батылдығын.
Қос ғашықтың арманы жүзеге асып,
Тойын жасап бір әулет жатыр бүгін.

Бойдақ күннің ұласып жар-жарға әні,
Бүгін тағы бір жұптың жанған бағы.
Болсын тойың, тойларың тойға ұласып,
Орындалсын ғашықтар армандары!




Пікір жазу