30.03.2021
  216


Автор: Ғабиден Қожахмет

Ибамен құйған шайына көпшілік берсе алғысын

Қашаннан елің, барша адам
Қалдыру ұрпақ аңсаған.
Орманды болса базбіреу,
Армандап өткен қанша жан.
Жол таба білген тұманнан,
Әуелден нұрлы бұл арман.
Әулетті жалғар келінге
Сондықтан халқың қуанған.

Тіреліп солай жол біткен,
Қараған сынай ел біткен.
Босаға аттар келіннен
Үлкендер үміт мол күткен.
Жүрекке мейір ектірген,
Жүзінен арай төктірген.
Жаңа бір түскен жас келін
Ибалы болса деп білген.

Болса деп білген баталы,
Жақсы іспен шыққан атағы.
Ата-анасындай өзінің,
Көрсе екен ене-атаны.
Тәлімді болса жиғаны,
Қоғамға болса сыйлары.
Үлкенге жасап қызмет,
Сәлемі болса ибалы.

Жүзінде ашу тұрмаса,
Жаманға ниет бұрмаса.
Жанындай сыйлап жан жарын,
Өзгеге таба қылмаса.
Көңілден шуақ жар салса,
Көрген жан солай тамсанса.
Ерінің жолдас-жорасын
Ықыласымен қарсы алса.

Қартынан сыйлы бата алса,
Ұлағат дәмін тата алса.
Ағайын-туыс алдында,
Жақсы бір келін атанса.
Даналық сөзден ой тамса,
Кішіге үлгі айта алса.
Қайын сіңлі мен қайныға
Әзілмен жауап қайтарса.

Жүректе болса нұрлы үміт,
Жарасым тапса бір қылық.
"Пәленнің келіні сондай" деп
Ел мен жұрт жүрсе үлгі ғып.
Өмірдің сезіп талқысын,
Қызмет ету алғы сын.
Ибамен құйған шайына
Көпшілік берсе алғысын.

Тауыспай сабыр-төзімін,
Мінездің басқа өзі мін.
Ерінің туыс-туғанын
Туғанындай көрсе өзінің.
Өткенін ойша жоритын,
Алысын, жақынын танитын -
Өзі бір түскен шаңырақ,
Әулеттің білсе тарихын.

Елінен осылай бата алса,
Құрметпен аты аталса.
Аналар салған ізбенен
Тәлімді ана атанса.
Шуақты болса қадамы,
Ортаның болса алары.
Шаңырағымен бірге елдің де
Сыйлы бір болса адамы.

Болмысы сондай болса жан,
Ашылар арай таң саған.
Киелі шаңырақ өзі де
Аруды сондай аңсаған.
Толса да қоғам сынаққа,
Осындай арман мият па.
Қазақтың болса қызы шын,
Қалдырмас ұлтын ұятқа.




Пікір жазу