30.03.2021
  564


Автор: Ғабиден Қожахмет

Махаббат күні

Жігіт сөзі:

Жан сырымды көзімнен жалықпай ұқ,
Бөтен мінез ешқашан танытпайық.
Сыңарына сыр ашқан қос аққудай
Махаббаттың көгінде қалықтайық.

Сені көрдім, басқаны елемедім,
Жүрегімді жауладың неге менің.
Сен бола алсаң айнымас Қыз-Жібегім,
Мен болайын мәңгілік Төлегенің!

Бергеннен соң тәңірім ердің жүгін,
Қыздар жақтан сезімнің тердім гүлін.
Бір өзіңді көрдім де, содан бері,
Махаббаттың барына сендім бүгін.

Жан екенсің жырдағы Баяндайын,
Енді, жаным, несіне алаңдайын.
Баян болып сен менің бағымды ашсаң,
Қозың болып қалайша жаралмайын.

Махаббаттың бағында егіз жанбыз,
Шуақ шашқан, гүл атқан кезің, бал қыз.
Біз бір қайың жарасып қатар өскен,
Жүрек жалғыз, сен жалғыз, сезім жалғыз!


Қыз сөзі:

Үмітімді дегенде үзді ме мұң,
Әкелер деп қорқып ем күзгі лебін.
Серілердің сырынан күдер үзіп,
Жүргенімде сен ұқтың қыз жүрегін.

Ермеп едім ешкімнің ырқына әлі,
Енді көңіл өзің деп ұмтылады.
Менің нәзік жүрегім сырға толы,
Тек сені ойлап, сені ойлап бұлқынады.

Қуат жатар жігіттің сөзінде бір,
Ұнатасың - бар сырың көзіңде тұр.
Алып-ұшып барады қыз-көңілім,
Қыз-жүрегім өртенді сезімге бір.

***

Армандар боп жүректен озған әні,
Келді бүгін бар сырын қозғағалы.
Ерке-елік бойжеткен, ұғын да оны,
Кеудесінен итерме бозбаланы.

Айтылмасын тағдырдың ызғар әні,
Сүйеді ару, сондықтан қызғанады.
Сенім артты ол бүгін махаббатқа,
Жетелетіп арманы қыз баланы.

Бейтаныстар болса егер - танысыңдар,
Күтіп тұрған тағдырдан тағы сын бар.
Сыңар жүрек жандарға мүмкіндік мол,
Ғашық жандар, осы күн табысыңдар!

Сезім жыры болмаса ән келмейді,
Ыстық көңіл жарасып, жан тербейді.
Бар болса егер өмірде ғашық жандар,
Ізгіліктің рухы мәңгі өлмейді!




Пікір жазу