30.03.2021
  352


Автор: Ғабиден Қожахмет

Отыз жылдық ой

Кетсе-дағы сол күндер алыс қалып,
Жетті ме олар өмірде табысқа анық.
Түлектермен бір кезгі Мектеп-Ана
Отыз көктем өтті де қауышты анық.

Олар бүгін басынан кешті нені,
Сол жылы туған перзент ес біледі.
Отыз көктем өтіпті оларға анық,
Соңғы қоңырау дауысын естігелі.

Талпындырып өренін баққа білем,
Мектеп-ұя бұлармен мақтанып ең.
Отыз көктем өтіпті оларға анық,
Қоштасқалы шәкірттік шақтарымен.

Шақырғанда болашақ думана-дүр,
Шығарып сап ұл-қызын тұрған ауыл.
Отыз жыл белестен соң мектебіне
Қауыштырды перзентін туған ауыл.

Мектеп-Ана дәл бүгін мақтанып ал,
Ілікті өмір-жолда баққа бұлар.
Енді бүгін отыз жыл аясында
Отыз жылдық сағыныш ақтарылар.

Алтын ұя дарытып берекесін,
Бүгін де олар кеңейтті керегесін.
Кешегі ұл-қыз бұл күнде жайып бұтақ,
Әлдилейді базбірі немересін.

Кешегі ұл-қыз, кешегі бала бүгін,
Толқиды қайта көріп дала гүлін.
Өмір сыны есейткен ұрпақ енді
Сағынышпен еске алар бала күнін.

Қайта ақтарып отыз жыл парақтарын,
Іздейді олар шәкірттік сол ақ таңын.
Өмірде жоқ еске алып қимастарын,
Түгелдер отыз жылда жоғалтқанын.

Ұстаз-көңіл түлекпен толар да анық,
Кеуделерге той сәні қонар барып.
Қауыштырып шәкіртті мектебімен,
Күлімдеп тұр ойлы отыз оларға анық.




Пікір жазу