30.03.2021
  192


Автор: Ғабиден Қожахмет

Перзенттерінің аналарына тілегі

Өсіп-жетілдік сенім бағында,
Сенімнің бағы - ана мейірімі.
Күндерді осы сенің барыңда
Санаймыз, ана, өмір сыйлығы.

Әрбір күніміз сен барда ыстық,
Сенің болғаның бізге бағалы.
Сенімен бірге бақытты құштық,
Ана мейірімі күліп қарады.

Ортасында өзің болып көп істің,
Мақсаттарға да бұрған сен, ана.
Өмірде жеткен әрбір жеңістің
Бастауында да тұрған сен, ана.

Білінбейді екен еленіп уақыт,
Сен барда, ана, қамсыз балапан.
Оған да ертең келеді бақыт,
Өйткені сенен жылу тараған.

Ертең де болар оның шат жаны,
Есіміңді оқып өлең-дастаннан.
Тіршілік жолдың әрбір соқпағы
Өйткені, ана, сенен басталған.

Шаттаншы бізбен қосылып, ана,
Болсын деп ұзақ осы күн, ана.
Бақыт күндердің бастауы болған
Өзіңнің әр кез есімің, ана.

Әрбір күніміз бізге бүгін құт,
Сен барсың бірге, ана, өйткені.
Адалдық жолын сенен ұғындық
Осынау жол деп өмір мектебі.

Мейірім атты бейнеден тұрған
Жүзіңді тәңір жасапты керім.
Сол жүзде әр кез салтанат құрған
Тұрады өшпей тәубешіл сенім.

Арналған кеше біз үшін уақыт
Күнің мен түнің қаншама, ана.
Перзент боп бүгін тіледік бақыт,
Болмасын мұңың, шаршама, ана.

Сәбиге иіп шыр еткен, ана,
Сол жүзден енді шаттық кетпесін,
Жазылған атың жүректе дара
Перзенттер үшін ең бір текті есім.




Пікір жазу