30.03.2021
  185


Автор: Ғабиден Қожахмет

Қыз-әуен

Әсемдіктің бағында жаралғандар,
Нәзік-болмыс, гүл-үміт, ақ армандар.
Жігіттердің бақытын жырлай жүріп,
Өз бақытын сол әннен таба алғандар.

Сұлу да біз, ару да біз дегендер,
Арманынан мақсатын іздегендер.
Ілінсе де кірпікке мұң тамшысы,
Сезімінен үмітін үзбегендер.

Әдемiлік ауылын қалағандар,
Сұлулықты дегендей бағалаңдар.
Арман жолда алдымен махаббатты
Бәрінен де биік деп санағандар.

Өмір кейде есейтіп балғын гүлін,
Мұңның жүгін аруға қалдырды мың.
Соқпағы да жіңішке мына әлемге
Көтеруге келгендей ардың жүгін.

Болса-дағы жүректе тамшы басым,
Қайратыңның рухын қамшыларсың.
Сазға ғашық жүрекке гүл егіңдер,
Сендер жайлы айтылар ән шығарсын.

Қадірлесін әр кезде біріңді мың,
Кешегімен жалғасып бүгінгі ұғым.
Бұл өмірге еркелеп жүрсең-дағы,
Ойлайсың ба бақыттың шымылдығын.

Бар тілегі жататын талғамында,
Арман болып сезімі жанған ұлға.
Қос әуенді қашанда үйлестіру -
Мына өмірде сендердің қолдарыңда.

Үміт, сенім жанынан табылады,
Қандай баққа белгісіз жолығары.
Жалғыз салған әндері мұңлылау,
Қос дауыста шырқалсын өмір әні.




Пікір жазу