30.03.2021
  288


Автор: Саят Әбенов

Менің анкетам

Қай жақтансыз?
Торғайданмын,
Тек Аллаға қол жайғанмын!
Руыңыз кім?
Бөлінбеймін...
Бөліну - ол өлім деймін.
Ақыныңыз?
Ахаң-Жахаң,
Жыр күші бар атанға тəн.
Файзолла бар, Сырбайым бар,
Ғафу, Нұрхан - дүр шайырлар!
Ал айтыстан Қонысбай бар,
Айбек елдік борышты ойлар!
Батырыңыз?
Амангелді,
Алған талай қамал, белді...
Тұлғаңыз кім?
Кейкі батыр...
Жəнібек бар ей, тұра тұр!
Айта берсем тұлғалар көп,
Билік елеп, тыңдаған жоқ!
Аз болса да жарнамасы,
Әнші, палуан əр баласы.
Өкінішің?
Өкінішім...
Күйіп-жанып отыр ішім.
Қостанайды сілкіндірген,
Татулықтың кілтін білген...
Батыр бар ма Беріктейін,
Үлгі тұтып, еліктейін.
Тұрды биік тұғырлары,
Болды қысқа ғұмырлары
Мықтылардан тез айырылдық,
Өкінішім - бұның бəрі.
Арманыңыз?
Жасырмадым...
Торғайымның басында - мұң.
Тілейді жұрт сол Торғайдың,
Облыс болып ашылғанын!





Пікір жазу