29.03.2021
  371


Автор: Саят Әбенов

Қорғансыз ҰСТАЗДАР-АУ!

Бұрын елге керек болған - ұстаздар,
Қадірлері ерек болған - ұстаздар.
Сол бір заман кетті бірақ келмеске,
Өлеңіме себеп болған - ұстаздар.

Директорға жалпылдайтын - ұстаздар,
Апта сайын заң тыңдайтын - ұстаздар.
Маңдай термен сорлап тапқан айлығы,
Қағазынан артылмайтын - ұстаздар.

Ауырса да ем алмайтын - ұстаздар,
Мерекеде демалмайтын - ұстаздар.
Жоғарғының бұйрығына көндігіп,
Қағазбасты жеңе алмайтын - ұстаздар.

Сүрінсе де жығылмайтын - ұстаздар,
Мектеп үшін шырылдайтын - ұстаздар.
Оқушысын білімменен жылытып,
Ал өздері жылынбайтын - ұстаздар.

Жиылғанда көш болатын - ұстаздар,
Пол да жуып, пеш жағатын - ұстаздар.
Сол мектептің шаруасын бітіріп,
Үйлеріне кеш баратын - ұстаздар.

Қайғы дəмін татып жүрген - ұстаздар,
Мұңмен таңы атып жүрген - ұстаздар.
Үш тілдіге ауысамыз деген соң,
Соған басы қатып жүрген - ұстаздар!

Жан жағынан қысып жатқан - ұстаздар,
Зəрелері ұшып жатқан - ұстаздар.
Бір оқушы жылап барса үйіне,
Сергелдеңге түсіп жатқан - ұстаздар.

Ештеңе жоқ талай бізге ұрысқан,
Осы адам болсыншы деп тырысқан.
Нұқып қалса оқушыны бұл күнде,
Шеттерінен босатады жұмыстан.

Бүгінгілер қалай өзі білмедім...
Елес маған оқушы сол күндерім.
Ұстаздардың таяғының арқасы,
Осы күнде таяқ жемей жүргенім.

Ұсақталсақ енді қандай батырмыз,
Қайдан шықсын рухты ұл мен батыл қыз?!
Əліппені қолымызға ұстатқан,
Ұстаздарды ұстап беріп жатырмыз.

Шындық осы көріп жүрген көзіміз,
Билік жаққа жетпес тіпті сөзіміз.
Ыбырайдай ұстаздарды бұл күнде,
Сұмырайдай қылып қойған өзіміз!




Пікір жазу