29.03.2021
  288


Автор: Міржақып Дулатұлы

Я, алла

Я, алла! Ғаламыңды жаратқаның,
Жүзіне махлұқтарды таратқаның,
Өндіріп бір адамнан мұнша халық,
Әлсізді күштілерге қаратқаның.
Мынау жер, тау менен тас, анау көгің,
Өлшеусіз, түпсіз шыңырау дария көлің.
Мысқалы мың теңгелік асыл тастар,
Хәстаға шипа болған жерде шөбің.
Тамаша көз жеткісіз тоғайларың,
Жараттын бір секундта оңай бәрін.
Шадлықпен дүниеңнен орын алып,
Көкте құс, суда балық, тоғайда аңың.
Бұлардың бірі күшті, біреуі әлсіз,
Күні жоқ бағзысының өтер зарсыз.
Көбіне азу, тұяқ, тырнақ сыйлап,
Қалдырдың тағы кебін бір қарусыз.
Сонда да панаң күшті, құдіретім,
Жылатпау нашарларды өз міндетің.
Қашқан да, қуғандағы барар саған,
Жоқты бар, бар нәрсені жоқ ететін.
Келелік енді қайтіп адамзатқа,
Көбісі бұлардың да рақатта.
Өлігі ғаламыңнан орын алып,
Бөлінген неше түрлі мәмләкатқа.
Тануы және өзіңді бірдей емес:
һәр дінде, қарап тұрсақ, һәр мәзһабда
Бір сенің барлығыңа шубһә еткенде,
Басқа істен қаталасса, ол ғажап ба?
Хан болып, халықты билеп бағызылар,
Көрсетіп әділшілік мінген таққа.
Қан төгіп, бағызылар қаһарлы боп,
Аямай зұлымшылық еткен халыққа.
Ішінен дін үйренген ғалым шығып,
Үндеген хақ деп білген шариғатқа.
Үйреніп дүние ғылымын данышпандар,
Тырысқан шақыруға жұртты жарыққа.
Табылып арасынан жауыздар да,
Жол бөгеп надандықпен тартқан артқа.
Халыққа жанын қиған қаһармандар
Күзеткен жұрт пайдасын һәр уақытта.
Қақ жарған кара қылды билер шығып,
Tоп жарған шешендер бар осы шақта.
Надандар еш нәрседен хабары жоқ,
Ақылсыз қайуандардан аз парықта.
Байлар да дәулет біткен екі түрлі:
Бірі сараң, біреуі жомарттықта.
Мойнына дорба салып жүргендер көп:
Қарны аш, киімі жоқ тоңып суыққа.
Өмірі біреулердің хибсте өтіп,
Сарғайып жарық көрмей тұр ғазапта.
Бәрінен өнер-білім босқа қалып,
Ішінде осы көптің жүр қазақ та.




Пікір жазу