29.03.2021
  355


Автор: Міржақып Дулатұлы

Зар заман

Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асырып, міндік атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа.
Заман-ай?
Қайырмасы:
Азаматы алаштың
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды.
Ел бастайтын қайдасың, көсемдерім?
Сөз бастайтын қайдасың, шешендерім?
Тәуекелге бел байлап, бастап топты
Тигізбесін жұртқа жау көселдерін.
Заман-ай!
Қайырмасы:
Бай, кайдасың, ортаға малыңды сал,
Азды-көпті аямай барыңды сал.
Жаны тәтті жақсылар, қайдасыңдар?
Мұсылманның жолына жаныңды сал.
Заман-ай!
Қайырмасы:
Ел қорғайтын қайдасың, батырларым?
Өлең, күйдің шебері ақындарым?
Азаматтың міндеті елді қорғау,
Төнгелі тұр басына күшті толғау.
Заман-ай!




Пікір жазу