29.03.2021
  302


Автор: Саят Әбенов

Əй-əй əйелдерге

Текті қайдам, тексіз туса тектіден,
Епті қайдам, епсіз туса ептіден.
Күйеуінен қорықпайтын əйелді,
Құдайдан да қорықпайды деп білем.

Көріп жүрміз əйелдердің түр түрін,
Баласынан артық күтер кірпігін.
Ал, əйелдер, айтыңдаршы еркексіз
ертегідей өтеді ме бұл күнің?

Сенбеңіздер қиял толы ертекке,
Ертекке емес сену керек еркекке.
Еркектерсіз өткен өмір - өкініш,
Өкініштен бармақ тістеп, жер теппе.

Еркек деген - бостандықты қалайды,
Көз болған соң қаракөзге қарайды.
Қарай берсін қараса да бəрібір,
Сені ғана періштеге балайды.

Оған бола түспесінші еңсеңіз,
Ең бастысы оны сүйіп, сенсеңіз.
Алдамайды, қарамайды басқаға,
Жүрегіне сəл тыныштық берсеңіз.

Қыдырсын деп үйде жалғыз қалдың ба,
Берілмеші қызғанышқа, əр мұңға.
Хабарласып ала берме мазасын,
Ұят болар достарының алдында.

Хат жазып қой оған сол да жетеді,
Еркек деген - əркез елең етеді.
Кейде түзу, кейде қисық кетеді,
Өз төсегі оралатын мекені!

Əйелдер-ай, көз іздейтін соқырдан,
Соқырдың да көзі əйелден шоқылған.
Аталарым аттанғанда соғысқа,
Əжелерім үйде күтіп отырған.

Ең бастысы адал - Сенім, асқақ - Ар,
Екеуінсіз ойды шайтан басқарар.
Күйеулерің достарына аттанса,
Керісінше үйде соғыс басталар.

Ақылменен шешіңіздер - ақылым,
Өмір қысқа өлшеп берген шақырым.
Кейде шаршап жұмысынан кеш келсе,
Асын беріп жатқыза сал ақырын.

Еркек деген - өз балаңдай тұңғышың,
Еркек деген - бақыт құсың, жыл-құсың.
Еркек түзде жүргеннен соң қашанда,
Жан жағынан жасалады мың қысым.

Түсін оны... сыры-қайғы, мұңы-шер,
Ол сияқты тағдыр уын кім ішер?
Еркек деген - айфон сотка сияқты,
Сипап қалсаң өз ісіне кірісер.

Еркек ғана - бұйрық берер Патшаңыз,
Еркек ғана - жеміс төгер бақшаңыз.
Мұрынымды кесіп сізге берейін,
Сол еркектен артық біреу тапсаңыз.

Еркек деген - еркелетер күйеуің,
Еркек деген - сүйенерде сүйеуің.
Дəрі-дәрмек уытына кетпейтін,
Еркек деген - жүректегі сүйелің.

Бұйырғанмен қыдырыстың мың сәті,
Сізге закон сол кісінің рұқсаты.
Бір сатыға төмен болсаң бағынып,
Күйеуіңді көтергенің бір саты!

Айтатынын қабағынан ұғыңдар,
Артық кетсе бəрін ішке тыныңдар.
Жылы сөзді анда-санда еститін,
Еркектерді еркелетіп тұрыңдар!





Пікір жазу