29.03.2021
  421


Автор: Мұқағали Мақатаев

Осы бір шірінді — құнар

I
Бәрі жақсы-ау,
бір нәрседен секем алып қалдым мен,
Мен де кетем орманнан, сайрандаман шалғынмен,
Бара алмаймын шешініп,
махаббатым — теңізге,
Бой сергітіп,
Ана жерге жата алмаймын бауырыммен.
Мына жердің
неге ғана жүрегі айнып кетпеді?
Жерде қалай,
өмір сүріп тұрасыңдар?
Ей, көктемнің көктері?
Қалай маған бересіңдер денсаулық,
шөптің нәрі, тамыры,
жеміс пенен дендері?
Сендерді әлде
әр күн сайын,
жатқан жоқ па тепкілеп.
Ауру алған өліктердің тәндері?
Құралған жоқ па өліктерден,
бар материк әр жері?!
Жер,
қайтіп сен,
қойның толы өліктерден арылдың?
Маскүнемдер әлегінен,
әлегінен жуан-жуан,
мешкей, семіз қарынның
Қоңырсыған қою етті қайда құрттың, нағылдың?
Бұл күнде олар көрінбейді,
әлде, әлде... жаңылдым?
Мінеки, мен түреніммен,
борозда сап шығамын,
Жердің сыртқы қабатына
күрегімді тығамын.
Аударамын, сенем соңда сасыған ет шығады.
II
Жерге үңіл,
жақсылап бір қараңдар!
Мүмкін, мүмкін,
топырақтың әр түйірі —
бір кездерде ауырып өлген адамдар
Сонда дағы қараңдар!
Жайылымдар көктемеде,
көк майсамен жабылған,
Жасыл бұршақ жасырынып,
атыздарда жарылған,
Әуе шаншып, әлек болып,
нәзік найза пияздар,
Алма ағаштың әр бұтағы
гүл шоқтарын жамылған.
Табытынан тірілген бидай дағы ақ құба,
Құрма, тал да жап-жасыл
жасыл шәйі жапты да,
Қораз құстар әндетіп, ертелі-кеш шаттыға,
Мекиендер шайқады жұмыртқасын тапты да.
Балапандар сары езу,
қораптарын жарады,
Бақа-шаян,
құрттар да,
өсіп-өніп барады,
Сиыр — бұзау,
биелер құлындарын табады,
Төбешіктен күрең көк картошкалар қарады.
Маистардың сап-сары сабақтары қаулаған,
Сиреньдер де көктеп тұр,
есік алды,
аулада,
Жаздыкүнгі жасыл көк мүләйімсіп,
паңдана,
Шіріген өлік үстінде,
жер бетінде алаулаған,
Неткен ғажап химия!
Соққан самал ауру таратпайды, шынында,
Ешқандай да алдау жоқ
жасыл ылғал, дымында,
Құмартады барлығы мені әлпештеп тұруға,
Мен жалаңаш денемді жасқанбай-ақ төсеймін,
Сан тіл талап денемді,
маған құшақ ұруда.
Қорқытпайды безгек те,
талайларға құныққан,
Бәрі таза мәңгілік,
бәрі мені жылытқан,
Сондай шырын,
мұздай су,
алып ішкен құдықтан,
Сондай нәрлі бүлдірген,
хош иісін арнаған,
Улантпайды әкелсін,
улантпайды алма да,
Улантпайды жүзім де,
Улантпайды өрік те.
Уланғам жоқ
қауын мен шабдол татып көріп мен.
Аунағанда майсаға,
кілемге ұқсап қалады,
Жұқтырмайды ешбір дерт,
еш ауру, жараны,
Кім біледі,
мүмкін-ау,
шөптің әрбір сабағы,
Бір кездерде
жұқпалы аурулардан тарады.
Қазір мені қара жер бір сұмдыққа тақады,
Өзі сондай момақан,
тып-тыныш боп жатады.
Сүйкімді заттар тудырып,
шіріндіден ғұмырсыз,
Залалсыз һәм тап-таза,
айналады қыбырсыз,
Ауыр дерттен өлгендерді кептеп алып,
тынымсыз.
Не сұмдық сасық иістен,
соқтырып самал керемет,
Жайдары жүзбен,
жыл сайын,
жаңартып бәрін, не керек,
Жайқалып,
көктеп тұрады салтанатпен төңірек.
Адамдарға соншама ғажайып заттар сыйлайды,
Ақысына олардың қоқыстарын жинайды.




Пікір жазу