29.03.2021
  552


Автор: Саят Әбенов

Бір мейірім

Кейде мынау заманды жек көремін,
Жалғандығы жауымдай кектенемін.
Көргің келмей тұрса да көрсетеді,
"Жеттім" деген жанның да жетпегенін!

Кез келеді құлайтын тұғырдан да,
Намыс барда жүректе тыным бар ма?
Қос балуан алысып күрескенмен,
Бір сəттілік жетпейді жығылғанға!

Бұл қоғамды ұқпайсың тылсым ғана,
Мейлі сені өзгеден қылсың дара.
Жалған қысса тəйірі жан-жағынан,
Бір ақиқат жетпейді шыншылға да!

Сүю деген таусылмас күйбең деме,
Сынағынан жасқанып, именбе де.
Сүйген жанды сүйе біл ол сүймесе,
Бір махаббат жетпейді сүйгенге де!

Өмір дейтін осы бір аламанда,
Бəрі жақсы сияқты қарағанда.
Тек осындай қисығын түзететін,
Бір мейірім керек-ау əр адамға!




Пікір жазу