29.03.2021
539
Ақ қайың әні
Ілия Жақановқа
* * *
Ей, күнәдан пәк жас жандар,
Қапелімде қателікке баспаңдар!
Қосыларсың қол ұстасып, саспаңдар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар,
Ей, күнәдан пәк жас жандар!
Иә, жастық - ән, салтанат, күй, өмір,
Жастық дейтін - жанға мирас, ие бұл.
Махаббатқа тұрақсыздық - күйе бір,
Махаббатты құрметте де сүйе біл!
Ей, күнәдан пәк жас жандар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар!
Қапелімде қателікке баспаңдар,
Ал оқыңдар, ол туралы дастан бар.
I
Неліктен тұта қалды қабақ қайғы?
Перделеп қос жанарды қаратпайды.
Жөргекте уілдеген уыз сәби,
Отырған қонақтарға алақтайды.
Бұп-бұлтық өкшеңменен тебінесің,
Ұмтыласың, шалқалап шегінесің.
Баданадай көздерің бақырайып,
Ей, өмірдің қонағы, не білесің?
Білесің бе, не болды маңайында?
Келесің бе, алдыма алайын ба?
Қолға түскен ұрыдай сүмірейіп,
Не көрінді отырған ағайынға?!
Сауық-сайран неліктен басталмайды?
Неге адамдар алдында асты алмайды?
Неге анау бұрышқа қойындасып,
Қалжыраған құтылар мас болмайды?
Отырғандар неліктен алаңды ойда,
Анаң қайда, қарғам-ау, Анаң қайда?
Ұстап тұрған ыдысын қиратты да,
Безіп кетті қалдырып жаман жайға.
Әкең неге соншама түнереді?
Алқымына ашуы тіреледі.
Қираған радио қобдишаны,
Тағы да періп-періп жібереді.
Ол қирады. Ән бірақ қалықтайды.
Бұлбұл көмей сайраудан жалықпайды.
Бұл не пәле, қарғам-ау, білесің бе,
Бұл сиқырды енді кім анықтайды?!
Бұлбұл көмей бұралтып ән салады
Алыста адасыпты аңсағаны.
Қарт Атаң жұрт бетіне қарай алмай,
Қарт әжең әлсін-әлі тамсанады. Ал ән ше?
Ән күнәсіз мамырлайды.
Әр жүректі бір шымшып дамылдайды.
Бұл не пәле, қарғам-ау, білесің бе,
Бұ не пәле, неғылған ауыр қайғы?!
Отыра ғой алдымда, қарақаным,
Мынау қолым, саусағың, алақанын.
Неге саған мына жұрт қарамайды?
Тойың өтіп жатқанда, балапаным.
Неге, неге? Білмейсің. Мен білемін,
Мен айтайын кезегім келді менің.
Ей, өмірдің даңғаза қуанышы,
Түсінерсің бір кезде, сендіремін.
Айтпай жаным сірә да, жай таба ма,
Мен айтайын сен тыңда, байқа, бала!
Жалыны мол жастыққа кенелгенде,
Ата-анаңның қатесін қайталама!
Әуелі әнді тыңда, ән өлмейді,
Әнсіз тамұқ, кең болсын әлем, мейлі.
Әлемді кезіп жүрген махаббат бар,
Ән соны әрқашан да дәлелдейді.
Әнсіз жоқ нөсерде нұр, дауылда күш,
Әп сая - адам жаны дамылдағыш.
Сол әнді сорғалатып құйып жатыр,
Қираған радио қабылдағыш.
II
Аттай төрт жыл екеуі достасқалы,
Екінші жыл жүректі тот басқалы.
Апырай, Алматыдан аттанарда,
Бағдатпен Бану неге қоштаспады?!
Ой, арман-ай, не деген сағым еді,
Секілді ғой даланың тағы желі.
Ажырасқан ақ қайың панасына,
Бей-жай боп Бағдат бүгін тағы келді.
Өтті уақыт ақ қайың өзгермепті,
Ал арман ғайып болып, көзден кетті.
Ішпей-жемей масайып, балбыраған,
Балауса, бал-шырынды кездер де өтті.
Тентек жел ақ қайыңды аймалайды,
Телміріп бала қайың жәй қарайды.
Бану жоқ, жапырақпен ойнамайды,
Бағдат тұр, бойда - дерті, ойда - қайғы.
... Күз бопты, асқарды бұлт тұмшалады,
Жел келіп жез қияққа мұң шағады.
Қатулы қабағына қаһар бұққан,
Қарт тауға қара нөсер мұң салады.
Қара бұлт қаралы ару түнереді,
Қарағай қара аспанға тіреледі.
Қаптай кеп қарбаласта қара қарға,
Қарайды қара тауға түнегелі.
Қара тау қара күзді ұнатпайды,
Қарайды, қамқор болып жұбатпайды.
Қарманып, қалжыраған қара құс кеп
Қайыңның бұтағына шуақтайды.
Табиғатта тірліктің бәрі де егіз
Қыс пен жаз, күз бен көктем, ән, лебіз
Махаббатпен масайрап жүрген шақта,
Мән бермейміз олардың бәріне біз.
Солай, солай... Бағдат та екеу еді,
Екеуін бір-ақ арман жетеледі.
Өмірде жол ашасы басталғанда,
Бағдат қалды, ал Бану кете берді.
Махаббатын қыз Бану күйеледі,
Бағдат барып қайыңға сүйенеді.
Керуенін тартыпты батыс жаққа,
Кер тырналар - аспанның түйелері.
Бура шуда бұлттар да жөңкіледі,
Маңа барды, әлгіндей мөңкімеді.
Жүректің шыңырауындағы әлгі бір ән,
Бағдаттың кезіне жас келтіреді.
Бұлт жеңкіліп барады, қарамайды,
Жел жетектеп барады қарағайды.
Әлсін-әлі жүректі дір еткізіп,
Санада сағыныш ән балалайды.
Бағдат тұр ұйып тыңдап әлденені,
Ән келеді, шымырлап ән келеді.
Нөсер тынды, қара құс бұтақтағы,
Қауырсынан таранып, сәнденеді.
Өрекпіп жел әлсіреп, баяулады,
Асқарға кеп ақша бұлт аялдады.
Ақ қайыңның бір сипап маңдайынан,
Қырқадан Бағдат төмен аяңдады.
Аяндады, артына жалт қарады,
Сырлы қайың сидитып қап барады.
Тұла бойды тұлпардай тықыршыған,
Бір жылы әуез жүректі ақтарады.
Бір келеді жылы әуез, бір кетеді,
(Жолағысы келмейді-ау тілге, тегі...)
Алатаудың адуын ақ өзені,
Бар аймақты барынша гулетеді.
Екінші жыл жүректі тот басқалы,
Неге Бану кетерде қоштаспады?!
Күйген жері күлдіреп, жазылмайтын,
Күй-көңілге қыз Бану от тастады.
Неге Бану сертінде тұра алмады,
Қандай ғана әзәзіл ылаңдады!
Алғашқы әнім эфирден шырқалғанда,
Неге, неге құттықтап, қуанбады?!
...Әлі есімде, жазы еді Алматының,
Аясы еді Алатау жаннатының.
Арқа сүйеп қырқада ақ қайыңға,
Отырып ек шат көңіл, жанда-тыным.
Ол сол күні мұңайып, көп қарады,
Айтпақ болып бір нәрсе оқталады.
Сала-сала сүйріктей саусағымен,
Шашымды сипайды да тоқталады.Сол кезде қарағаны сондай бөтен,
(Әлде мені кімсің деп ойлай ма екен.)
Сонда білгем сезімнің құдіретін,
Сезімде қанағат жоқ, тоймайды екен...
Мен отырғам, бір нәрсе қиялдағам,
Бану өзі өпкен-ді, ұялмаған
Соны білем, мойныма құлап қалған,
Құрметті құшағын жия алмаған.
Әрі қарай не болды байқамадым,
(Дерт қайғысын қалай деп айта аламын)
Етпетімнен құлаппын есім жиып,
Бану деген есімді қайталадым.
Дерт қайғысын қалай деп айта аламын.
Жалтақтап жан-жағыма алаңдаймын,
Алаңдаймын, Бануды таба алмаймын.
Төңіректе дүниенің бәрі бөлек,
Өмірге жаңа келген адамдаймын.
Байқадым да бетімді жер сүргенін,
Табиғат, тажалыңды келтір дедім.
Сонда сездім, күтіп ем, сонда сездім,
Өз білгенін істепті дертім менің.
Жоғалып махаббатым, барша тілек,
Отырдым ақ қайыңға арқа тіреп.
...Ақ қайың, арман қайың, амалым не,
Аяңда талай-талай бал татып ек...
Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,
Ақ қайың, арман қайың, тарлан қайың!
...Артына композитор қарай берді,
Асылы сенде бұғып қалғандайын.
Ақ қайың, арман қайың, ару қайың,
Саяңда сауық дайын, дамыл дайын.
Бағдаттың жүрегінде ән болып қал,
Ақ қайың, бала - қайың, Бану - қайың.
Махаббат, о махаббат салауатты!
Сені адам өміріне бағалапты.
"Ақ қайың" деп күбірлеп Бағдат міне,
Мың қайталап бір үнді бара жатты.
Сабыр, сабыр, ей, Бағдат, қысылма құр,
Әнің даяр, қарындаш ұшында тұр.
Мына күзде көз салшы жан-жағыңа,
Әр теректен мың жүрек ұшып жатыр.
Әніңді жаз, әнсіз жоқ дауылда күш,
Жел ызыңдап әкетсін Бануға алыс.
"Ақ қайыңды" эфирден ұстап алсын,
Ауылда радиоқабылдағыш...
III
Жылдан асты екі жас табысқалы,
Бәрі ортақ: арман, тілек, намыстары.
Елеусіз арасында екі өмірдің,
Бағдаттың бейнесі де алыстады.
(Деп жүрміз ғой қыздардан осал бар ма)
Қыз жүрегі сыр бүккіш қашаннан да.
Бану да құпиясын құмға көміп,
Жасырды жарым деген Асаннан да.
Сыр ашуды борышым деп санамады,
(Кім білсін, татулықты бағалады)
Кешегі махаббаттың орынында,
Жазылмайтын мерездей жара қалды.
Жасыратын жас гүлге жаққандай от,
Жасыратын Бағдатқа атқандай оқ.
Көрінетін құлаған әлсіз дене,
Ақ қайыңның түбінде жатқандай боп.
Бәрі есінде: Бағдаттың құлағаны,
Өзі шошып, аулақта жылағаны...
Құры сүлде қарманып қозғалғанда,
Тайып тұрған, көруге шыдамады.
Ол дерттің түсінбеген не екенін де,
Кете барған үрейдің жетегінде.
Жылдан асып барады Бану, міне,
Жар да сүйді, жайлы орын мекенінде.
Мекенінде, бірақ та ұмытпайды,
Күңдер өтсе, сол бір жай жуықтайды.
Қоныстанып жатты оның жүрегіне,
Қайдағы бір қайрымсыз суық қайғы!
Солай, Бану, адастың арманыңнан,
Аша жолда арбаң тұр аударылған.
Сезім дейтін істейді өз білгенін,
Жасырасың несіне жан жарыңнан...
* * *
Түс мезгілі, жұбайлар отырысты,
Тату-тәтті, "махаббат" оты күшті.
Әзір ғана әсерлі қос жұбайға,
Жайсыз жағдай тап болды өкінішті.
Отырысты, әр неден сыр ақтарды,
Бір-біріне жаудыртып сұрақтарды.
Асан күліп, орнынан тұрды дағы,
Радио құлағын бұрап қалды.
Ендігі сыр кешкіге аман қалды,
Жұбайлардың мылжыңы тамамдалды.
"Музыкасы: Мамыров Бағдаттікі,
"Ақ қайың", - деп бір жаңа ән хабарланды.
"Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,
Сырыңды айт, құр бекерге алданбайын.
Айналып неге саған келе берем,
Аяңда бір асылым қалғандайын.
Ақ қайың, арман қайың, ару қайың,
Сыр айтшы жанымменен қабылдайын.
Айтшы сен, махаббатым қайда кетті?
Көктемде самал қуған сағымдайын.
Арманың әлі менің жүр есімде,
Бар санам сағынышпен күресуде.
Апырау, қайда менің махаббатым,
Ақ қайың, айтшы маған білесің бе?"
Бөлме ішінде баяулап, қалқыды да,
Ән тынды, сөнген шамдай шалқыды да.
Банудың жанарынан жас парлады,
Қолқа, жүрек тығылып алқымына.
Жылауға да хақың бар, жыла, Бану,
Жараңды жаза алса егер жылағаның.
Махаббат тәттісіне тойдың дағы
Адастың, ащысына шыдамадың.
Мен сені жұбатпаймын жыла, Бану!
Бану, сені аяймын, қиналамын,
Керек емес жасыңды тыймағаның,
Бір адамның басына бар бақытты
Қашан көрдің табиғат сыйлағанын?
Сен адал махаббатты күйеледің,
Сен даяр махаббатқа ие ме едің?
Аурумен арпалысып жатқанында,
Бағдаттың басын неге сүйемедің?
Шын сүйген шыр айналып кетпес еді,
Керек етсе, ажалмен шектеседі.
Асықпа әлі, "Ақ қайың" қайда жүрсең,
Арыңның алдына кеп беттеседі.
Жыла, Бану, мен сені жұбатпаймын,
Аяймын, жыла, жыла, қуаттаймын.
Халқым жазған махаббат дастанын aп,
Ақ қайың аясында шуақтаймын.
Асанда "бұл не?" деген сұрақ қалды...
Бәрін де айтты Бану, сыр ақтарды.
Содан бастап бұл үйге суық кіріп,
Терезенің алдында шуақ қалды.
Бірге келдің, ей, сәби, білемісің?
Екі адамның бір ғана жүрегісің.
Екеуінің бір ғана тілегісің,
Бірге келдің бүгін сен, білемісің.
Білемісің не болды ата-анаңа
Бықсып жанған ол қандай от арада.
Қуанышың еді ғой, балапаным,
Осылай да туған күн атала ма?!
Не әзәзіл бұл үйде ойнап өтті,
Не күш келіп бүл үйді ойран етті?!
Қуанышқа жиналған қауым қайда,
Қуанышты қонақтар қайда кетті?
Әкең жатыр неліктен төсекте аунап,
Сезім, сезім...
Екеуін өш етті-ау, қап!
Білемісің, ей, сәби, қонақтардың,
Ауызынан барады өсек қаулап.
Не көрінген бұл үйдің адамына?!
Қуанбайды қаз басқан қадамыңа.
Неге сенің жан анаң бір күрсініп,
Ауық-ауық қарайды жанарыңа?!
* * *
Басың көтер, ей, Асан, көтерілгім,
Бану, сен, жар қадірін жете білгің.
Сен аман бол, ей, сәби, сен аман бол,
Сен межесі - тоғысар екі өмірдің.
Бұл өмір ғой, мұндай жай кезігеді,
Бадана көз батырым, сезін енді,
Сен барсың, сен тірісің әрқашан да,
Тек алғашқы махаббат, сезім өлді.
Қос өмірге меже боп көрінесің,
Сен осы үйге шуақ боп төгілесің.
Баданадай көздерің бақырайып,
Ей, өмірдің иесі, не білесің?..
1965 ж.
* * *
Ей, күнәдан пәк жас жандар,
Қапелімде қателікке баспаңдар!
Қосыларсың қол ұстасып, саспаңдар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар,
Ей, күнәдан пәк жас жандар!
Иә, жастық - ән, салтанат, күй, өмір,
Жастық дейтін - жанға мирас, ие бұл.
Махаббатқа тұрақсыздық - күйе бір,
Махаббатты құрметте де сүйе біл!
Ей, күнәдан пәк жас жандар,
Махаббатпен ойнағанды тастаңдар!
Қапелімде қателікке баспаңдар,
Ал оқыңдар, ол туралы дастан бар.
I
Неліктен тұта қалды қабақ қайғы?
Перделеп қос жанарды қаратпайды.
Жөргекте уілдеген уыз сәби,
Отырған қонақтарға алақтайды.
Бұп-бұлтық өкшеңменен тебінесің,
Ұмтыласың, шалқалап шегінесің.
Баданадай көздерің бақырайып,
Ей, өмірдің қонағы, не білесің?
Білесің бе, не болды маңайында?
Келесің бе, алдыма алайын ба?
Қолға түскен ұрыдай сүмірейіп,
Не көрінді отырған ағайынға?!
Сауық-сайран неліктен басталмайды?
Неге адамдар алдында асты алмайды?
Неге анау бұрышқа қойындасып,
Қалжыраған құтылар мас болмайды?
Отырғандар неліктен алаңды ойда,
Анаң қайда, қарғам-ау, Анаң қайда?
Ұстап тұрған ыдысын қиратты да,
Безіп кетті қалдырып жаман жайға.
Әкең неге соншама түнереді?
Алқымына ашуы тіреледі.
Қираған радио қобдишаны,
Тағы да періп-періп жібереді.
Ол қирады. Ән бірақ қалықтайды.
Бұлбұл көмей сайраудан жалықпайды.
Бұл не пәле, қарғам-ау, білесің бе,
Бұл сиқырды енді кім анықтайды?!
Бұлбұл көмей бұралтып ән салады
Алыста адасыпты аңсағаны.
Қарт Атаң жұрт бетіне қарай алмай,
Қарт әжең әлсін-әлі тамсанады. Ал ән ше?
Ән күнәсіз мамырлайды.
Әр жүректі бір шымшып дамылдайды.
Бұл не пәле, қарғам-ау, білесің бе,
Бұ не пәле, неғылған ауыр қайғы?!
Отыра ғой алдымда, қарақаным,
Мынау қолым, саусағың, алақанын.
Неге саған мына жұрт қарамайды?
Тойың өтіп жатқанда, балапаным.
Неге, неге? Білмейсің. Мен білемін,
Мен айтайын кезегім келді менің.
Ей, өмірдің даңғаза қуанышы,
Түсінерсің бір кезде, сендіремін.
Айтпай жаным сірә да, жай таба ма,
Мен айтайын сен тыңда, байқа, бала!
Жалыны мол жастыққа кенелгенде,
Ата-анаңның қатесін қайталама!
Әуелі әнді тыңда, ән өлмейді,
Әнсіз тамұқ, кең болсын әлем, мейлі.
Әлемді кезіп жүрген махаббат бар,
Ән соны әрқашан да дәлелдейді.
Әнсіз жоқ нөсерде нұр, дауылда күш,
Әп сая - адам жаны дамылдағыш.
Сол әнді сорғалатып құйып жатыр,
Қираған радио қабылдағыш.
II
Аттай төрт жыл екеуі достасқалы,
Екінші жыл жүректі тот басқалы.
Апырай, Алматыдан аттанарда,
Бағдатпен Бану неге қоштаспады?!
Ой, арман-ай, не деген сағым еді,
Секілді ғой даланың тағы желі.
Ажырасқан ақ қайың панасына,
Бей-жай боп Бағдат бүгін тағы келді.
Өтті уақыт ақ қайың өзгермепті,
Ал арман ғайып болып, көзден кетті.
Ішпей-жемей масайып, балбыраған,
Балауса, бал-шырынды кездер де өтті.
Тентек жел ақ қайыңды аймалайды,
Телміріп бала қайың жәй қарайды.
Бану жоқ, жапырақпен ойнамайды,
Бағдат тұр, бойда - дерті, ойда - қайғы.
... Күз бопты, асқарды бұлт тұмшалады,
Жел келіп жез қияққа мұң шағады.
Қатулы қабағына қаһар бұққан,
Қарт тауға қара нөсер мұң салады.
Қара бұлт қаралы ару түнереді,
Қарағай қара аспанға тіреледі.
Қаптай кеп қарбаласта қара қарға,
Қарайды қара тауға түнегелі.
Қара тау қара күзді ұнатпайды,
Қарайды, қамқор болып жұбатпайды.
Қарманып, қалжыраған қара құс кеп
Қайыңның бұтағына шуақтайды.
Табиғатта тірліктің бәрі де егіз
Қыс пен жаз, күз бен көктем, ән, лебіз
Махаббатпен масайрап жүрген шақта,
Мән бермейміз олардың бәріне біз.
Солай, солай... Бағдат та екеу еді,
Екеуін бір-ақ арман жетеледі.
Өмірде жол ашасы басталғанда,
Бағдат қалды, ал Бану кете берді.
Махаббатын қыз Бану күйеледі,
Бағдат барып қайыңға сүйенеді.
Керуенін тартыпты батыс жаққа,
Кер тырналар - аспанның түйелері.
Бура шуда бұлттар да жөңкіледі,
Маңа барды, әлгіндей мөңкімеді.
Жүректің шыңырауындағы әлгі бір ән,
Бағдаттың кезіне жас келтіреді.
Бұлт жеңкіліп барады, қарамайды,
Жел жетектеп барады қарағайды.
Әлсін-әлі жүректі дір еткізіп,
Санада сағыныш ән балалайды.
Бағдат тұр ұйып тыңдап әлденені,
Ән келеді, шымырлап ән келеді.
Нөсер тынды, қара құс бұтақтағы,
Қауырсынан таранып, сәнденеді.
Өрекпіп жел әлсіреп, баяулады,
Асқарға кеп ақша бұлт аялдады.
Ақ қайыңның бір сипап маңдайынан,
Қырқадан Бағдат төмен аяңдады.
Аяндады, артына жалт қарады,
Сырлы қайың сидитып қап барады.
Тұла бойды тұлпардай тықыршыған,
Бір жылы әуез жүректі ақтарады.
Бір келеді жылы әуез, бір кетеді,
(Жолағысы келмейді-ау тілге, тегі...)
Алатаудың адуын ақ өзені,
Бар аймақты барынша гулетеді.
Екінші жыл жүректі тот басқалы,
Неге Бану кетерде қоштаспады?!
Күйген жері күлдіреп, жазылмайтын,
Күй-көңілге қыз Бану от тастады.
Неге Бану сертінде тұра алмады,
Қандай ғана әзәзіл ылаңдады!
Алғашқы әнім эфирден шырқалғанда,
Неге, неге құттықтап, қуанбады?!
...Әлі есімде, жазы еді Алматының,
Аясы еді Алатау жаннатының.
Арқа сүйеп қырқада ақ қайыңға,
Отырып ек шат көңіл, жанда-тыным.
Ол сол күні мұңайып, көп қарады,
Айтпақ болып бір нәрсе оқталады.
Сала-сала сүйріктей саусағымен,
Шашымды сипайды да тоқталады.Сол кезде қарағаны сондай бөтен,
(Әлде мені кімсің деп ойлай ма екен.)
Сонда білгем сезімнің құдіретін,
Сезімде қанағат жоқ, тоймайды екен...
Мен отырғам, бір нәрсе қиялдағам,
Бану өзі өпкен-ді, ұялмаған
Соны білем, мойныма құлап қалған,
Құрметті құшағын жия алмаған.
Әрі қарай не болды байқамадым,
(Дерт қайғысын қалай деп айта аламын)
Етпетімнен құлаппын есім жиып,
Бану деген есімді қайталадым.
Дерт қайғысын қалай деп айта аламын.
Жалтақтап жан-жағыма алаңдаймын,
Алаңдаймын, Бануды таба алмаймын.
Төңіректе дүниенің бәрі бөлек,
Өмірге жаңа келген адамдаймын.
Байқадым да бетімді жер сүргенін,
Табиғат, тажалыңды келтір дедім.
Сонда сездім, күтіп ем, сонда сездім,
Өз білгенін істепті дертім менің.
Жоғалып махаббатым, барша тілек,
Отырдым ақ қайыңға арқа тіреп.
...Ақ қайың, арман қайың, амалым не,
Аяңда талай-талай бал татып ек...
Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,
Ақ қайың, арман қайың, тарлан қайың!
...Артына композитор қарай берді,
Асылы сенде бұғып қалғандайын.
Ақ қайың, арман қайың, ару қайың,
Саяңда сауық дайын, дамыл дайын.
Бағдаттың жүрегінде ән болып қал,
Ақ қайың, бала - қайың, Бану - қайың.
Махаббат, о махаббат салауатты!
Сені адам өміріне бағалапты.
"Ақ қайың" деп күбірлеп Бағдат міне,
Мың қайталап бір үнді бара жатты.
Сабыр, сабыр, ей, Бағдат, қысылма құр,
Әнің даяр, қарындаш ұшында тұр.
Мына күзде көз салшы жан-жағыңа,
Әр теректен мың жүрек ұшып жатыр.
Әніңді жаз, әнсіз жоқ дауылда күш,
Жел ызыңдап әкетсін Бануға алыс.
"Ақ қайыңды" эфирден ұстап алсын,
Ауылда радиоқабылдағыш...
III
Жылдан асты екі жас табысқалы,
Бәрі ортақ: арман, тілек, намыстары.
Елеусіз арасында екі өмірдің,
Бағдаттың бейнесі де алыстады.
(Деп жүрміз ғой қыздардан осал бар ма)
Қыз жүрегі сыр бүккіш қашаннан да.
Бану да құпиясын құмға көміп,
Жасырды жарым деген Асаннан да.
Сыр ашуды борышым деп санамады,
(Кім білсін, татулықты бағалады)
Кешегі махаббаттың орынында,
Жазылмайтын мерездей жара қалды.
Жасыратын жас гүлге жаққандай от,
Жасыратын Бағдатқа атқандай оқ.
Көрінетін құлаған әлсіз дене,
Ақ қайыңның түбінде жатқандай боп.
Бәрі есінде: Бағдаттың құлағаны,
Өзі шошып, аулақта жылағаны...
Құры сүлде қарманып қозғалғанда,
Тайып тұрған, көруге шыдамады.
Ол дерттің түсінбеген не екенін де,
Кете барған үрейдің жетегінде.
Жылдан асып барады Бану, міне,
Жар да сүйді, жайлы орын мекенінде.
Мекенінде, бірақ та ұмытпайды,
Күңдер өтсе, сол бір жай жуықтайды.
Қоныстанып жатты оның жүрегіне,
Қайдағы бір қайрымсыз суық қайғы!
Солай, Бану, адастың арманыңнан,
Аша жолда арбаң тұр аударылған.
Сезім дейтін істейді өз білгенін,
Жасырасың несіне жан жарыңнан...
* * *
Түс мезгілі, жұбайлар отырысты,
Тату-тәтті, "махаббат" оты күшті.
Әзір ғана әсерлі қос жұбайға,
Жайсыз жағдай тап болды өкінішті.
Отырысты, әр неден сыр ақтарды,
Бір-біріне жаудыртып сұрақтарды.
Асан күліп, орнынан тұрды дағы,
Радио құлағын бұрап қалды.
Ендігі сыр кешкіге аман қалды,
Жұбайлардың мылжыңы тамамдалды.
"Музыкасы: Мамыров Бағдаттікі,
"Ақ қайың", - деп бір жаңа ән хабарланды.
"Ақ қайың, сырлы қайың, арман қайың,
Сырыңды айт, құр бекерге алданбайын.
Айналып неге саған келе берем,
Аяңда бір асылым қалғандайын.
Ақ қайың, арман қайың, ару қайың,
Сыр айтшы жанымменен қабылдайын.
Айтшы сен, махаббатым қайда кетті?
Көктемде самал қуған сағымдайын.
Арманың әлі менің жүр есімде,
Бар санам сағынышпен күресуде.
Апырау, қайда менің махаббатым,
Ақ қайың, айтшы маған білесің бе?"
Бөлме ішінде баяулап, қалқыды да,
Ән тынды, сөнген шамдай шалқыды да.
Банудың жанарынан жас парлады,
Қолқа, жүрек тығылып алқымына.
Жылауға да хақың бар, жыла, Бану,
Жараңды жаза алса егер жылағаның.
Махаббат тәттісіне тойдың дағы
Адастың, ащысына шыдамадың.
Мен сені жұбатпаймын жыла, Бану!
Бану, сені аяймын, қиналамын,
Керек емес жасыңды тыймағаның,
Бір адамның басына бар бақытты
Қашан көрдің табиғат сыйлағанын?
Сен адал махаббатты күйеледің,
Сен даяр махаббатқа ие ме едің?
Аурумен арпалысып жатқанында,
Бағдаттың басын неге сүйемедің?
Шын сүйген шыр айналып кетпес еді,
Керек етсе, ажалмен шектеседі.
Асықпа әлі, "Ақ қайың" қайда жүрсең,
Арыңның алдына кеп беттеседі.
Жыла, Бану, мен сені жұбатпаймын,
Аяймын, жыла, жыла, қуаттаймын.
Халқым жазған махаббат дастанын aп,
Ақ қайың аясында шуақтаймын.
Асанда "бұл не?" деген сұрақ қалды...
Бәрін де айтты Бану, сыр ақтарды.
Содан бастап бұл үйге суық кіріп,
Терезенің алдында шуақ қалды.
Бірге келдің, ей, сәби, білемісің?
Екі адамның бір ғана жүрегісің.
Екеуінің бір ғана тілегісің,
Бірге келдің бүгін сен, білемісің.
Білемісің не болды ата-анаңа
Бықсып жанған ол қандай от арада.
Қуанышың еді ғой, балапаным,
Осылай да туған күн атала ма?!
Не әзәзіл бұл үйде ойнап өтті,
Не күш келіп бүл үйді ойран етті?!
Қуанышқа жиналған қауым қайда,
Қуанышты қонақтар қайда кетті?
Әкең жатыр неліктен төсекте аунап,
Сезім, сезім...
Екеуін өш етті-ау, қап!
Білемісің, ей, сәби, қонақтардың,
Ауызынан барады өсек қаулап.
Не көрінген бұл үйдің адамына?!
Қуанбайды қаз басқан қадамыңа.
Неге сенің жан анаң бір күрсініп,
Ауық-ауық қарайды жанарыңа?!
* * *
Басың көтер, ей, Асан, көтерілгім,
Бану, сен, жар қадірін жете білгің.
Сен аман бол, ей, сәби, сен аман бол,
Сен межесі - тоғысар екі өмірдің.
Бұл өмір ғой, мұндай жай кезігеді,
Бадана көз батырым, сезін енді,
Сен барсың, сен тірісің әрқашан да,
Тек алғашқы махаббат, сезім өлді.
Қос өмірге меже боп көрінесің,
Сен осы үйге шуақ боп төгілесің.
Баданадай көздерің бақырайып,
Ей, өмірдің иесі, не білесің?..
1965 ж.