29.03.2021
  246


Автор: Саят Әбенов

ТОРҒАЙДЫҢ ТОЙЫНА ЖЫР ШАШУ

ҚОС АУДАНЫМЫЗДЫҢ ( ЖАНГЕЛДИН МЕН АМАНГЕЛДІ) 90 ЖЫЛДЫҒЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!???.
ТОРҒАЙДЫҢ ТОЙЫНА ЖЫР ШАШУ.

Тоқсан жылы құтты болсын ауданның,
Осы бір күн Алла нұры жауған күн.
Құшағына қараңдаршы көз тоймас,
Баурайында тұрмаса да таулардың.

Тым ерекше табиғаты, даласы,
Алтыннан да қымбат бізге бағасы.
Ахаң-Жахаң, Ғафу, Сырбай, Нұрхандар,
Алақандай жерден шыққан бәрі осы.

Жазы бөлек, бөлек тіпті көктемі,
Көктем келсе гүлге толар бөктері.
Қасиетті топырағының келбеті,
Қасіретті тарихының беттері.

Мақтанамын қарт Торғайым елім деп,
Талай мықты туып өскен жерім деп.
Жаратушым қойған шығар қайтейін,
Сол мекенге жүрегімді желімдеп.

Құшағынан кетсем болды жыраққа,
Түсем бірден сағыныштай сынаққа.
Есесіне күшейеді күн сайын,
Оған деген махаббатым бірақта.

Жасай берсін, туған мекен, өр мекен,
Өрлей берем өр есімін өрлетем.
Қасиетін түсінбесем ол жердің,
Өмір сүріп жүргендігім нөлге тең.

Сол себепті келешегін ойлайық,
Терең жатқан тарихына бойлайық.
Аудан болып тоқсан жылын тойлатып,
Облыс болып жүз жылдығын тойлайық!




Пікір жазу