28.03.2021
  391


Автор: Мұқағали Мақатаев

Қайран жеңгем

Су сұраса сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?
Апырай, суық еді сұрқы неден?!
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылынды бағып тұр мұртыменен.
Жеңеше-ау, есіңде ме біздің ағай?
Сыйласып отырар ек біз құдадай.
Қанды балақ соғысты қарғыс атсын,
Қайран жеңгем, шырқынды бұзды қалай
Күлкің қайда күмістей сыңғырлаған?
Жүзің неге ымырттай түнжыраған?
Бұғалыққа тұрмайтын асау едің,
Сені әкеліп теліген кім мынаған?
Өзің болсаң, тым ағат ойланғансың,
Бақыт емес, басыңа қайғы алғансың,
Жан едін ғой жанының талғамы бар,
Қара мұртқа қалайша байланғансың?!
Ел-жұртың қараушы еді мақтан етіп.
Киіп ап аяғыңа салтама етік,
Талайлардан кетуші ең аттап етіп,
Талайларды жүруші ең таптап етіп...
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қайғыға мойымаушы ең.
Қайдан келген?!
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?..




Пікір жазу