28.03.2021
  237


Автор: Мұқағали Мақатаев

Қайран жандар

Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айрылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін caп арба айдаған.
Шалбарланып көйлегін,
Шарт буынып,
Шаруаның қостарын тартты буып.
Қауіп төнсе,
Қызғаншақ жолбарыстай,
Атылатын жауына жалт бұрылып.
Ұйықтамайтын,
Тек қана көз ілетін,
Көзін ілсе, ерімен кезігетін.
Әйелдігін ұмытып күні бойы,
Түнде ғана,
Жатарда сезінетін.
Қайран біздің жеңгейлер!
Өскен ерен,
Егін орып, бау байлап, дестелеген.
Алақандай ақ шытқа мұңын шағып.
Хат жазатын, кешкісін, кестеменен.
Қарайып, кешегі аппақ маңдайлары,
Аңызақта қаңситын таңдайлары.
Көздерінде тұратын Күндерімнің
Көктегені даланың сарғайғаны.
Қайран біздің өмірдің - балқаймағы
Бір бұйымы - бір үйге мұра болар,
Қайран біздің Атайлар - Ғұламалар
Алғыс айтып, тәңірге қарғыс айтып,
Айдалада, аулақта жылап алар.
Жылап алып,
Қайтадан қуаттанып,
Егінжайға келетін бұлақты алып.
Тоқтап қалған тірліктің машинасын
Жүргізетін, бір жерін бұрап қалып.
Қайран жандар!
Қайран жандар!..




Пікір жазу