28.03.2021
  287


Автор: Мұқағали Мақатаев

Тау өзені тентек қой, тасып жатыр

Тау өзені тентек қой, тасып жатыр,
Ақ көбігін аспанға шашып жатыр.
Арғы жаққа отарын өткізе алмай,
Бала шопан айғайға басып жатыр.
Тарт! деп еді, өзеннен өт деп еді,
Беттемеді көк серке, беттемеді.
Қойлар қайтсін қойшының ыза-кегін,
Тасқа барып соғылды шек дегені.
Қуып шығып серкені қойдан бөліп,
Сырық сааты қамшымен сойды-ау келіп.
Бірін-бірі паналап, ығысады,
Көк серкенің тағдырын қойлар көріп.
Дүбін жазбай дүр етіп үрікті де,
Отар тұрды, қалтырап бірікті де.
Сорлы серке тұзаққа ілікті ме,
«Өлдім» деді сақалын сілікті де.
Қой маңырап, шопанның сыбағаны,
Шыңға жетті серкенің «жылағаны».
Ұйқылы-ояу маужырап қырда отырған,
Қарғып тұрды қарт шопан, шыдамады.
Жетіп келді желдіртіп күреңімен,
Ашу буы атып тұр реңінен.
Сақалдан ап серкені сабап жатқан,
Шопанның ұстай алды білегінен.
- Түк көрмеген түлейдей... малды ұра ма?!
Жоғал былай, торсықтай салбырама!
Серке емес, сен езің де сескенесің,
Сен қылмаған ерлікті мал қыла ма?!
Шешініп суға түскен қартты көріп,
Көк серке өзенге өзін атты келіп.
Көсемінен көз жазбай тұрған отар
Жамырасып жағаға тартты берік.
Қазақтың мал - ырысы, малы - бағы,
Қашаннан бір-біріне танымалы.
Күреңмен қырқа асып бара жатқан,
Қартқа қарап көк серке маңырады.




Пікір жазу