28.03.2021
  285


Автор: Мұқағали Мақатаев

Пушкинмен қоштасу

Ал енді қоштасайық, сардар аға.
Мен ертең кетем ұшып сардалама,
Қыранның қырандығы - кең далада,
Қыранның қырандығы - тауда ғана.
Мен ертең кетем ұшып сардалама.
Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға!
Сөкпей де өкпелемей қал балаңа.
...Ақынның ақындығы - атақта емес,
Ақынның ақындығы - арда ғана.
Айтатын арызым бар, аға, саған,
Көңіл - кермек, бой - күйез тамашадан.
Ақымақпын, кей-кейде арыма мен,
Өз қолымен күйені жаға салам.
Сен болған шақ бұлыңғыр, тұнжыр маған.
Әйтсе де аямапты құрғыр заман.
Болат Пушкин тіріліп кете ме деп,
Тұғырыңды болатпен шынжырлаған.
Қарадым сенің қола мүсініңе,
Қоланы да болады түсінуге.
Мені тәңірім жаратқан табынуға,
Сенің мәңгі қақың жоқ кішіруге.
Ортасына сауықшыл түсіп көптің,
Мастандым да, масайрап ісіп кеттім.
Мұң шаға келіп едім - ұш! -дедің сен,
Өзің ұш деп тұрған соң ұшып кеттім.
Ұшып кеттім тауларға бұлт басқан,
Төңкеріліп теңізге тұныпты аспан.
Теңіз бенен аспанның тыныштығын,
Долы дауыл барады жұлып, қашқан.
Хош бол, аға, әлемді тамсандырған,
«Тас мейманға» табиғи жан салдырған.
...Меніменен сайрандар жел жоқ, бірақ,
Алатауым күтіп тұр қарсы алдымнан...




Пікір жазу