28.03.2021
  492


Автор: Мұқағали Мақатаев

Мен сені сағынғанда

Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарга,
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда,
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.
Тәкаппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп,
Дауыл тұрғыз қанатыңнан.
Сен - мендік, мен - сендікпін, ана-қыран,
Қыранбыз, қырандардан жаратылған!
Сағыныштың сағымын жамылғанда,
Қарамай қара нөсер қағынғанға,
Саған ұшам,
Қалмайды сабыр жанда,
Мен сені сағынғанда, сағынғанда...




Пікір жазу