24.03.2021
  647


Автор: Мұзафар Әлімбаев

Көрсеқызар

Аюхан мен Аюбикенің алты жасар Қорбаңбайы үйге ботадай боздап келеді де, шалқасынан түсіп жер тепкілейді.

— Не болды?

— Кім тиді?

— Көжек! Е-е, Көжек-Көжек...

— Қой, балақай, Көжек саған неге тиісті?!

Аюхан ашулана бастайды:

— Айтпайсың ба жөндеп! Не болды? — Көжек! Шаңғы, шаңғы...

Сөзге Аюбике араласады:

— Қоянбай Көжегіне кеше шаңғы әпердім деп жүрген. Соны көріп қызыққан ғой, бұл.

— Иә, иә... Менде жоқ! — деп, Қорбаңбай бұрынғысынан бетер еңірейді.

Аюхан дүкенге барып, баласына шап-шақ шаңғы әкеп береді. Сары түсті, су жаңа, жылтыраған шаңғы. Қорбаңбай қуанып кетеді. Аулада аяғына байлап алып, есік алдындағы төбеде бір тұрып, бір құлап, кеш бойы сырғанақ тепкенсиді. Терлеп-тепшіп келген бойы Қорбаңбай шаңғысын есік алдына тастай салады. Түнімен қар жауады. Шаңғы қардың астында қалады. Қорбаңбай қайтып шаңғысын есіне бір алмайды. Көктемде қар кеткенде, әбден шәт-шәлекейі шыққан шаңғыны көршілері тауып әкеліп, Аюхан ағаға береді. Жер дегдиді. Жан-жануарлар жылы шуақ күндерде көбіне далада жүреді. Кішкентай Қорбаңбай да асыр салып дуылдатып жүр екен. Бір күні ол тағы қиғылық салады:

— Тиінтайдың велигі бар. Менде жоқ. Дүкенде тұр. Алып бер, апа, әйтпесе балабақшаға бармаймын...

Аюбике амалсыз дүкенге тартады. Велосипед қолына тиген Қорбаңбай жымың-жымың етеді. Екі дөңгелекті велосипед епсіз неменің ырқына көне қоймайды. Қорбаңбай аулада әлденеше құлайды.

— Мені жыға береді. Ақылы жоқ велик... Тебуді кейін үйренемін, — деп, Қорбаңбай велосипедін есік алдына тастай салып, доп тебуге кетеді. Кейін ауладағы Ақтиін, Мияубике, Жолдыаяқтар великті бөлшектеп-бөлшектеп, ойыншық қып ойнап жүріпті.

Мен біздің ауылдағы көршілердің балаларына осы ертегіні айтып бердім. Менің кейбір кішкентай достарым қипақтап, желкелерін қасыды.

Бәсе, олар неге өйтті?..




Пікір жазу