23.03.2021
1311
Оливер Твистің басынан кешкендері
I ТАРАУ
Оливер Твистің дүниеге келген жepi мен оның тууына қатысты жағдайды әңгімелейді
Толып жатқан себептерге байланысты атын атамай-ақ қойғанды жөн көріп, әрі ойдан шығарып та ешқандай атау бергім келмей отырған әлдебір қаланың қоғамдық мекен-жайларының арасында көптеген үлкенді-кішілі шаһарларда кездесетін үй — жұмыс үйі тұрды. Тап осы жұмыс үйінде, — оқиғаның осы бір кезеңінде оқырман үшін ешбір маңызы болмағандықтан айы мен күнін көрсетіп әлекке түсіп жатпай-ақ қояйын, — есімі осы тараудың басында аталған пенде дүниеге келді.
Оны приход дәрігері1 осы бір қайғы-мұң жайлаған әлемге алып келгенде, қандай да болмасын бір ат қою үшін баланың тірі қалар-қалмасы тым күдікті көрінді: негізінен алғанда бұл мемуарлар ешқашан жарыққа да шықпас еді, егер шыға қалғанда да екі-үш беттен аспас еді де, осындайлық баға жетпес сапасының арқасында кез келген ғасырлар мен кез келген елдің әдебиетіндегі барлық сақталып қалған өмірбаяндардың ең қысқа да, ең шыншыл үлгісі боп қалар еді.
Жұмыс үйінде дүниеге келуді мен адам баласының еншісіне тиетін ең бақытты да, кісі қызығарлық тағдыр дегенді айтқым келмегендігімен, сонда да болса тап мұндай жағдайда, Оливер Твист үшін ең дұрысы осы болды деп шамалаймын. Өйткені, табиғи дәстүрде бүкіл тіршілігіміз үшін аса қажетті болғанымен, дем алуды дұрыс жолға қою Оливер Твист үшін дәл қазір оңай да шаруа еместі. Біраз уақытқа дейін ол тынысы тарылып, жүн көрпенің үстінде, фәни мен бақидың екі арасында, әсіресе соңғысына қарай бейімдеу жатқан-ды. Егер осы бір қып-қысқа уақыт аралығында Оливер өз қамын жеген әжелерінің, әбігер тәтейлерінің, тәжірибелі күтушілер мен дана докторлардың қорғауында қалғанда, ол сөз жоқ, үзіліп кетер еді. Бірақ қасында сырадан басы айналып отырған қайыршы кемпірден, өз міндетін шарт бойынша атқарып тұрған приход дәрігерінен өзге ешкім болмағандықтан, Оливер мен Табиғат екеулеп жеңіске жетті. Аз-мұз арпалыстан кейін Оливер күрсініп, түшкіріп жіберді де, жұмыс үйінің тұрғындарына приходқа түскен жаңа ауыртпалықты, үш жарым минут бұрын алған аса пайдалы сыйлығы— дауысымен— тек қана еркек жынысты баладан күтуге болатын күшті айғаймен хабарлады.
Оливер өз өкпесінің емін-еркін қызметін дәлелдесімен-ақ темір кереуетке қалай болса солай тастай салған құрақ көрпе қимылдап, жас әйелдің құп-қу жүзі жастықтан көтеріле берді де, әлсіз дауыспен көмескілеу ғана:
— Баламды бір көріп, өлуге мүмкіндік беріңдерші, — деді.
Дәрігер камин алдында қолын уқалап, жылынып отырған. Жас әйел тіл қатқан кезде, ол орнынан тұрып, кереуеттің бас жағына келіп, одан күткеннен гөрі жұмсақтау дауыспен:
— Сізге өлім туралы айту әлі ертерек! — деді.
— Әрине, құдай сақтасын! — деп сөзге араласты отырған кемпір, ішіндегісін бөлменің бұрышында шын ықласымен татып көрген шөлмегін қалтасына асыға-үсіге тығып жатып. — Құдай сақтасын! Ол қашан менің жасыма келіп, дүниеге он үш бала әкеліп, олардың екеуі тірі қалып, оларды өзімен бірге жұмыс үйінде жүрген кезде ғана, ақылы кіріп, кез келгенді көңіліне ауыр алмайтын болады!.. Сүйіктім, ана болудың не екенін білсеңіз ғой! Балаңыз қандай сүйкімді еді!
Шамасы, ана болудың көңіл орнықтырар келешегі жеткілікті әсер етпесе керек, науқас әйел басын шайқап, баласына қолын созды.
Доктор оны әйелдің құшағына ұсына берген. Әйел сұп-суық, қаны қашқан ерінін баланың маңдайына тигізіп, бетін қолымен сипап, төңірегіне оғаш көз жүгірте тұла бойы дір етіп, шалқалай берді де... үзіліп кетті. Оның көкірегін, қолын, шекесін ысқылап көрді, бірақ жүрегі мәңгіге тоқтап қалған болатын. Үміт пен жан тыныштығы хақында бірдеңе дескен болды. Бірақ мұның бірі де оған беймағұлым еді.
— Шаруасы бітті, миссис Тингами! — деді дәрігер ақырын.
— Иә, бәрі де бітті. Әй, бейшара-ай! — деп қостап қойды отырған кемпір, баланы алуға еңкейгенде жастыққа түсіп кеткен жасыл шөлмектің тығынын ала беріп.
— Бейшара-ай!
— Егер бала бақырса, маған кісі жіберудің қажеті жоқ, — деді дәрігер биялайын жайымен киіп жатып. — Оның тынышсыз болуы әбден мүмкін. Оңдай жағдайда бұған сұйық ботқа беріңіздер, — Ол қалпағын киіп, есікке беттей берді де, кереуеттің жанына тоқтап: — Сүйкімді әйел екен. Өзі қайдан келіпті? — дегенді қосып қойды.
— Оны мұнда кеше кешкілік әкелген, — деп жауап қатты кемпір, — бақылаушының әмірімен. Көшеде жатқан жерінен тауып алыпты. Өзі алыстан келсе керек, аяқ киімі әбден тозған, бірақ қайдан келіп, қайда бара жатқанын ешкім де білмейді.
Дәрігер еңкейіп, марқұмның сол қолын көтерді.
— Белгілі жағдай, — деді ол басын шайқап. — Неке жүзігі жоқ. Ал, қайырлы түн
Құрметті емші тамақтануға жөнелді, ал кәрі кемпір жасыл шөлмектен тағы бір жұтып, камин алдындағы аласа отырғышқа жайғасты да баланы бөлей бастаған.
Сәби Оливер Твист киіну кереметінің қандайлық озық үлгісі болды десеңізші! Үстіндегі жалғыз жамылғысы — көрпеге оралған ол ақсүйектің немесе қайыршының да ұлы болуы мүмкін еді; ең текті деген адамның өзі мұның қоғамдағы орнын анықтап бере алмас еді. Бірақ қазір ұзақ жатқаннан сарғая бастаған ескі матадан тігілген жейде кигізген соң ол арнайы белгімен қамтамасыз етіліп, бірден — жұмыс үйінің жетімегінің, аштыққа төзімді бейшараның, өз өмір жолында қарша бораған соққы мен шапалақтың астынан өтетін, жұрттың бәріне жеккөрінішті, еш жерден аяушылық көрмейтін приход баласының орнын алып шыға келді.
Оливер бақырып жылады. Егер ол шіркеу старосталары мен бақылаушыларының қамқорлығында қалған жетімек екенін білсе, бұдан да қаттырақ бақыруы мүмкін еді.
II ТАРАУ
Оливер Твистің қалай асыралып, тәрбиеленіп, өскенін әңгімелейді
Бұдан кейінгі он шақты ай бойында Оливер жүйелі түрдегі алдап-арбау мен қиянаттың құрбаны болды. Оны еміздікпен тамақтандыратын. Ең қажетті дүниелерден жұрдай аш-арық титтей жетім жайында жұмысшы үйінің қожалары лайықты тілмен приход қожайындарына мәлім еткен-ді. Приход қожайындары өз қадір-қасиеттеріне сай жұмысшы үйінің қожаларынан Оливер Твистің қарнын тойғызып, жұбата алатын әйел жынысынан біреу-міреу бар ма деп сұрастырған. Бұл сауалға жұмысшы үйінің қожалары ондай ешкім жоқ деп жауап берген. Сонда приход қожайындары адамшылықтан аттамай, кең пейілмен Оливерді «фермаға», өзге сөзбен айтқанда, тамақ пен киімнің молдығынан жапа шекпей күні бойы далада жорытып жүретін жиырма-отыз тәртіп бұзушылар тұратын үш мильдей қашықтағы жұмысшы үйінің бөлімшесіне жіберуге ұйғарыспақ. Олар жан басына жеті жарым пенстен алатын кәртең әйелдің аналық қамқорлығының аясында еді. Аптасына жеті жарым пенс — баланы асырап-сақтау үшін аз сома емес; жеті жарым пенске, айталық, кеңірдектен келе лықа тойып, жағымсыз жайға ұрынуға әбден болады. Әйел жынысты әлгі кәртең адам есті, әрі тәжірибелі жан болғандықтан балаларға ненің пайдалырақ екендігін жақсы білетін. Және ол өзіне ненің пайда келтіретінін де жете ұғынған еді. Сондықтан да әйел, айталық, стипендияның көп бөлігін өзіне қалдырды да, приходтың өсіп келе жатқан жеткіншектеріне тиесілісінен әлдеқайда аз бөлді. Басқашарақ айтқанда, өзін ұлы философ ретінде көрсете отырып, түпсіз тереңнен арғы тұңғиықтың көзін ашты.
Жылқының жем-шөпсіз-ақ ештеңесі құрымайды деген атақты ілім ойлап тапқан өзге бір философтың хикаясы жұртқа белгілі ғой. Ол өз атының жемін күніге азайта отыра, ақыры бір тал сабанға жеткізіп, әлгі теориясын дәлелдеп шыққан да. Егер сәйгүлік құрғақ ауаның үлкен үлесін қағажу етер сәтке бір күн қалғанда жантәсілім қылмағанда, ол өз атын төтенше қызу қанды, ұшқыр жануар етіп шығарар ма еді, кім білсін... Оливер Твистің қам-қарекеті жүктелген әлгі әйелдің бақытсыздығына қарай, оның тәжірибелік философиясын қолдану да үнемі осындай нәтижелерге әкелуші еді, өйткені, бала жұмырына жұқ болмайтын жуындымен өз өмірін әрі қарай жалғастыруды үйренген минутта-ақ тағдырдың жазуымен, он мүмкіндіктің сегізінде аштық пен суықтан ауыруға шалдығатын немесе байқамай отқа түсіп кетіп, әйтпесе, кенеттен тынысы тарылып дүние салатын. Осы оқиғалардың кез келгеніне ұрынған бақытсыз балақан ешқашан ойына да кіріп-шықпаған өз ата-анасымен жолығысуға ана дүниеге сапар шегетін.
Кейде, приход баласы төңірегінде аса қатал тергеу жүре қалғанда, айталық, баланы кереует басып қалса немесе кір жуып жатқанда байқамай күйдіріп өлтірсе, — дегенмен соңғы жағдай жиі болмайтын, себебі фермада кір жууды титтей де болса еске түсіретін оқиғалар аса сирек болатын-ды, — тергеушілер ойда-жоқта ыңғайсыз сұрақтар қоятын да, приходтағылар бұған шамданып, қарсылық білдірісіп жататын. Бірақ әлгі батыл жауап алулар дәрігердің анықтамасы мен бидлдің куәгерлігінен кейін заматта түбірінен шауып тасталатын; біріншісі ылғи да өлікті сойып, бірақ одан ештеңе таппайтын — бұл ең жоғарғы ақиқатқа жанасатын, ал екіншісі сотқа ант бере тұрып, өз жауабында приходқа шаң жуытпауға тырысатын — бұл ең жоғарғы талапқа сай келетін. Оның үстіне, совет мүшелері үнемі фермаға ат ізін салып тұратын да, келерінде ылғи да бидлден хабар айтып жіберетін. Келгенде алдарынан үсті-бастары мұнтаздай, моп-момақан балалар шығатын, ал одан артықты талап етудің қажеті қанша?
Әрине, фермадағы мұндай тәрбие жүйесі қандай да болмасын айрықша, мол өнім береді деп күтудің қажеті жоқ еді. Оливер Твист тоғызға толғанда құп-қу, тық-тық жөтелген, тапал және ап-арық бала болды. Бірақ Оливердің кеудесіне табиғат ана тастаған сап-сау дән, мекемеде қабылданған болымсыз диетаның арқасында бостандықтан жапа шекпей қаулап өсіп келе жатты.
Тоғыз жасқа толатын күнге де жеткен Оливер мүмкін осы жағдайға борыштар да шығар.
Қалай болғанда да, бұл оның туған күні еді, ал ол оны өздерінің аш екендіктерін батыл түрде мәлімдеген соң сазайларын тартқан өзіндей екі жасөспіріммен бірге көмір төгетін ұрада өткізіп жатқан. Кенет миссис Манн, осы мекемені басқаратын құрметті ханым, ойламаған жерден бидл мистер Бамбл келіп, баудың есігін ашуға әрекеттеніп жатқанын байқап қалып қатты абыржыды.
— Сақта құдай! Бұл сіз, мистер Бамблсіз бе?— деп дауыстады терезеден басын шығарған миссис Манн жүзінен айрықша қуанышын білдіруге тырысын. — (Сьюзен, Оливер мен анау екі баланы жоғары шығарыңыз да, дереу жуындырыңыз!) Ах, құайым-ай! Мистер Бамбл, сізді көргеніме қандай қуаныштымын!
Мистер Бамбл сымбатты, әрі ашушаң кісі болатын; мынау «шын жүректен» шыққан сәлемдесуге лайықты жауап қатудың орнына ол есікті ашына сарт еткізіп, содан соң бидлдің аяғынан ғана күтуге болатындай күшпен және бірді тепті.
— Ах, құдайым-ай, — үйден жүгіріп шыққан миссис Манның даусы шығып кетті, себебі үш бала бұл уақытта жоғарыға келтірілген болатын. — Ұмытшақтықты қойсаңызшы! Біздің сүйікті балақандарға бола есіктің ішінен жабық тұрғандығы есімнен шығып кеткенін қарашы! Кіріңіз, сэр, өтінем сізден, кіріңіз, мистер Бамбл, кіріңіз, сэр!
Осынау шақыру шіркеу старостасының жүрегін жібітерліктей әрқилы иіліп-бүгілулермен қапталдасып жатса да, бидлге пәлендей әсер ете қойған жоқ.
— Шынымен-ақ, миссис Манн, — деп сауал қойды мистер Бамбл таяғын қысып тұрып, — приход жетімдеріне байланысты приход ісімен келгенде приход қызмет бабындағы адамдарын баудың есігінің алдында сарылтып тосуға мәжбүр етуді құрмет пен ізет белгісі деп есептейсіз бе? Сіз өзі, миссис Манн, приходтың сайланып қойылған адамы екеніңізді, соған жалақы алатыныңызды білесіз бе?
— Шынында да, мистер Бамбл, сізді шексіз жақсы көретін біздің сүйікті балалардың кейбіреуіне мен тек сіздің келгеніңізді айтып едім, — деп жауап берді еңсесі түскен миссис Манн.
Мистер Бамбл өзінің шешендік дарыны мен құдіреті жөнінде жоғары пікірде болатын. Қазір біріншісін көрсетуі арқылы екіншісін бекіткен. Ол едәуір жұмсарып қалды.
— Жарайды, миссис Манн, — деді ол біршама байсалды үнмен, — мүмкін солай да шығар. Үйге кірелік, миссис Манн. Мен мұнда жұмыспен келдім және сізге бірдеңелер айтуым керек.
Миссис Манн бидлді кірпіш еденді шағын қонақ үйге кіргізіп, орындық ұсынды және бас киімі мен таянып қоюы үшін оның алдына үстел қойды. Мистер Бамбл маңдайының теріп сүртіп, бас киіміне разы пішінмен көз тастап, жымиып қойды. Иә, ол жымиды. Әрі-беріден кейін бидлдер де адам ғой, мистер Бамбл жымиып күлді.
— Ал енді менің айтқан сөздерімді көңіліңізге ауыр ала көрмеңіз, —деп қойды миссис Манн, сүйкімді сыпайыгершілікпен. — Менің сөзіне ренжімеуіңізді өтінемін. — Сіз, байқаймын, ұзақ серуен құрған сияқтысыз, әйтпегенде мен мұны айтпай-ақ қояр ем, мистер Бамбл, бірер тамшы ішпес пе екенсіз?
— Бір тамшы да ішпеймін! Бір тамшы да! — деп оң қолын сілкіп қойды мистер Бамбл байсалды кейіппен, бірақ іштей илігіп.
— Әйтсе де, меніңше, ішуге болады, — деді миссис Манн, ананың қарсылық білдірген дауысы мен қолының сілтенісін іштей ойына түйіп. — Бір ғана тамшы және аздаған суық су мен бір кесек қант.
Мистер Бамбл жөтеліп қойды.
— Тек бір ғана тамшы, — деп бастырмалата түсті миссис Манн.
— Тамшы болғанда ненікі? — деп әуестене сұрады бидл.
— Сүйкімді балақандар үйінде олар ауыра қалған күнде Даффи эликсиріне қосуға нені ұстауға міндетті болсам, соны, мистер Бамбл, — деп жауап берді буфетті ашқан миссис Манн одан бөтелке мен стаканды шығара беріп. — Бұл джин ғой. Сізді алдағым келмейді, мистер Бамбл. Бұл джин.
— Сіз балаларға Даффи бересіз бе, миссис Манн? — деп сұрады Бамбл әзірліктің қызықты әрекетін бақылай отырып.
— Иә, оларды құдай жарылқасын, қымбат болса да беріп жүрмін, — деп жауап берді тәрбиеші әйел. — Білесіз бе, сэр, олардың көз алдымда қиналып жатқанын көргім келмейді-ақ.
— Рас айтасыз, — деп қостап қойды мистер Бамбл — көргіңіз келмейді. Сіз қайырымды жансыз, миссис Манн. — Әйел стақанды столға қойды. — Мен алғаш сәті түскен жағдайда бұл туралы советке баян етермін, миссис Манн. — Ол стаканды өзіне қарай жылжытты. — Сізде, миссис Манн, аналық сезім бар. — Ол джинді суға араластырды. — Мен... мен шын ықыласыммен сіздің денсаулығыңыз үшін алып қоямын, миссис Манн.
Сөйтті де жарты стаканды қағып салды.
— Ал енді іске кірісейік, — былғары әмиянын шығарған бидл сөзін жалғастырды. — Оливер деп шоқындырылған Твист бала бүгін тоғыз жасқа толып отыр.
— Құдай жолын оңғарсын! — деп қосып қойды миссис Манн алжапқышының етегімен сол көзін қызарған- шауқалап.
— Ұсынылған он фунт наградаға қарамастан, кейіннен ол жиырма фунтқа өсірілді, сондай-ақ приход тарапынан жасалған төтенше, мен айтар едім, шамадан тыс әрекетке қарамастан, — деп Бамбл сөзін жалғастырды, — Оның әкесі кім, тұрағы қайда, шешесінің есімі мен атағы қандай бірін де біле алмадық.
Миссис Манн қолын таңдана жайды да, аз-кем ойланып:
— Онда ол фамилияға қалай ие болып жүр? — деп сұрады.
Бидл мақтана бойын түзеп:
— Мұны мен ойлап таптым, — деді.
— Сіз бе, мистер Бамбл?
— Мен, миссис Манн. Біз өз балақандарымызға атты алфавит тәртібімен береміз. Соңғысы «С» әрпіне дәл келіп еді — мен оны Суобл деп атадым. Ал мынау «Т» әрпіне келген соң — Твист қойдым. Келесісі «Унуин» болады, ал содан соң «Филиппе». Мен алфавиттің соңғы әрпіне дейін фамилия ойластырып қойғам, ал «z» әрпіне жеткен соң, бәрін қайтадан бастаймын.
— Сіз нағыз жазушының өзісіз ғой, сэр! —деп дауыстап жіберді миссис Майн.
— Жә, жә! — деді әйелдің мақтағаны жанына жағып қалған бидл. — Мүмкін солай да шығар... Мүмкін солай да болар, миссис Манн.
Ол су қосылған джинді қағып салды да:
— Ал қазір Оливер өсіп, енді бұл арада қала алмайтын болғандықтан, совет оны қайтадан жұмыс үйіне қайтаруға шешім қабылдады. Мен оны алып кету үшін келдім. Маған баланы тезірек көрсетсеңіз.
— Мен оны қазір ертіп келейін, — деді миссис Манн бөлмеден шыға беріп.
Бұл уақытта қол-аяғындағы баттасқан кірдің бір жуғанда қаншасын кетіруге болса, соншасынан арылған Оливерді қайырымды тәрбиешісінің бөлмесіне кіргізген еді.
— Жентльменге иіліп сәлем бер, Оливер, — деді миссис Манн.
Оливер столда жатқан үш бұрышты бас киімге иілгендей орындықта отырған бидлге де иіле салды.
— Менімен бірге кеткің келе ме, Оливер? — деп маңғаздана сауал қойды мистер Бамбл.
Оливер бұл жерден кіммен болса да шын ықыласымен кететінін айтуға әзір еді, бірақ басын көтергенде бидлдің арт жағынан түсі бұзылып, бұған жұдырығын түйіп тұрған миссис Манның көзқарасымен кездесіп қалды. Ол мынау ишараны бірден түсінген — денесінде өз таңбасын қалдырған жұдырық санасына да мықтап сіңген-ді.
— Ал миссис Манн бізбен бірге бара ма? — деп сұрады сорлы Оливер.
— Жоқ, ол бара алмайды, — деп жауап қатты мистер Бамбл. — Бірақ оқта-текте саған соғып тұратын болады.
Бұл жауап баланы пәлендей жұбата қоймады. Әйтсе де қандай кішкентай болғанымен, бұларды үлкен өкінішпен қалдыратындай көлгірсуге баланың ақылы жетті. Көзіне жас алу да пәлендей қиынға түскен жоқ, аштық пен нашар қарым-қатынас жылағыңыз келгенде таптырмайтын көмекшілер ғой. Сондықтан да, Оливер шынымен-ақ ағыл-тегіл жылап тұрды. Миссис Манн бетінен екі қайтара сүйді және Оливерге керегі де осы еді — жұмыс үйіне келгенде тым ашқарақ көрінбесін деп май жаққан нан берді.
Мистер Бамбл қолына ұстаған бір жапырақ наны, басында қоңыр приход бөрігі бар Оливерді балалық жылдарын бірде-бір мейірлі сөз, бірде-бір жылы көзқарас жылытып көрмеген осынау оңбаған үйден ала жөнелді. Сонда да, соңынан коттедж қақпасы жабылған кезде бала кеудесі шерлі мұңға толы болатын. Бақытсыздықты бірге бөліскен кішкентай жолдастары қаншалықты аянышты болғанмен — бұның жалғыз досы да солар еді. Осы бір ұлы да, шексіз әлемде өзінің жалғыздығын бала жүрегі тұңғыш рет сезінді.
Мистер Бамбл қарыштай адымдап келеді, оның алтынмен оқаланған жеңіне мықтап жармасып алған кішкентай Оливер қатарында желіп келе жатып, әрбір ширек мильден кейін: «Әлі алыс па?» деп сұрап қояды. Оның сауалына мистер Бамбл қысқа да қатқыл жауап қайтарады, себебі кейбір жүректерде аз уақытқа жылу туғызатын су қосылған джин бұл кезде күшін жоғалтқан да, анау қайтадан бидл қалпына келген.
Жұмыс үйіне кіргеніне небәрі ширек сағат қана болып, екінші үзім нанын енді тауыса бергенде, мұны әлдебір кемпірдің қарауына қалдырып кеткен мистер Бамбл қайта оралып, бүгін кеште болып өткен совет мәжілісі жайында айтып өтті де, советтің тілегі бойынша Оливердің тап қазір сонда баруға тиіс екендігін хабарлады.
Совет дегеннің не екендігінен айқын түсінігі болмаған Оливер бұл хабарға сасып қалды, бұған не күлерін, не жыларын білмеді. Әйткенмен ойлануға уақыт тақалған жоқ, себебі мистер Бамбл оны қозғалысқа келтіру үшін басына таяқпен бірді салды, бойын жинасын деп, арқасынан және бірді перді де, өз соңынан ілесіп отыруды бұйырып, столды айнала сегіз бе, он ба жентльмен отырған, әктелген үлкен бөлмеге кіргізді. Столдың қақ басында өзгелердікіне қарағанда биігірек креслода дөп-дөңгелек жүзі нарттай, төтенше толық жентльмен отыр.
— Советке тағзым ет, — деді Бамбл.
Оливер әлі құрғай қоймаған екі-үш тамшы жасын сілкіп тастап, бақытына қарай алдында тұрған столды көрді де, соған иіліп қойды.
— Сенің атың кім, бала? — деп сұрады биік креслоға жайғасқан жентльмен.
Мұншама жентльменнен қорқып қалған Оливердің бойында діріл пайда болған, ал арт жағынан тиген бидлдің тепкісі оны жылап жіберуге мәжбүр етті. Осы екі себеппен ол өте ақырын әрі батылсыз жауап берді де, аң кеудеше киген жентльмен мұны ақымақ деп атап, дереу көңіл-күйі көтеріліп, сергіп сала берді.
— Бала,— деді биік креслодағы жентльмен,— тыңда мені. Өзіңнің жетім екендігің саған мәлім болар деп ойлаймын.
— О не деген сөз, сэр? — деп сұрады сорлы Оливер.
— Бала-ақымақ! Ойлағаным болды да тұрды, — деді ақ кеудешелі жентльмен.
— Тыныш! — деді алғаш тіл қатқан жентльмен. — Саған не әкеңнің, не шешеңнің жоқ екендігі, сені приход тәрбиелегені мәлім ғой, солай емес не?
— Иә, сэр, — деді Оливер көз жасына булығып.
— Сен неге жылайсың? — деп сұрады ақ кеудешелі жентльмен.
Расында да таңданарлық жайт? Бұл бала неге жылауы мүмкін?
— Сен әр кеш сайын дұға оқитын шығарсың деп үміттенем, — деді басқа бір жентльмен, қатал дауыспен, — және әрбір христианин тәрізді өзіңе ас беріп, қамыңды жегендер үшін де дұға оқитын боларсың?
— Иә, сэр, — деді бала тұтығып.
Соңғы сөйлеген жентльмен өзі де аңғармастан шындықты айтқан-ды. Егер ас беріп, қамын жегендер үшін ғана дұға оқитын болса Оливер шынында да христианин, және тым сирек кездесетін парасатты христианин болар еді. Бірақ ол дұға оқымайтын, өйткені бұған ешкім де үйреткен жоқ-ты.
— Тамаша! Сені мұнда тәрбиелеуге және пайдалы кәсіпке үйретуге әкелді ғой, — деді биік креслода отырған қызыл жүзді жентльмен.
— Ертең сағат таңғы алтыдан бастап... кендір түте бастайсың, — ден қосып қойды ақ кеудешелі түнерген жентльмен.
Осындай қос қайырымдылықтың кендір түту сияқты қарапайым шаруаға ұласқанына разы кейіппен бидлдің нұсқауы бойынша бас иді де, өзін жылдам алып келген үлкен бөлмедегі дөрекі де қатқыл кереуетке құлаған Оливер көзі ілінгенше ағыл-тегіл жылады. Англияның мейірімді заңының қандай тамаша көрінісі! Олар кедейге тінті ұйықтауға да рұқсат етті!
Сорлы Оливер! Ол дәл сол күні совет оның алдағы тағдырына әсерін тигізетін шешім шығарғандығын сезбестен ұйықтап жатты. Бірақ совет мынадай шешім шығарып та қойған-ды.
Бұл советтің мүшелері данышпан да, тым көреген философтар еді, олар ақыры өз назарларын жұмыс үйіне аударды да, екінің бірі ешқашан да байқай қоймайтын нәрсені, атап айтқанда, кедейлердің жұмыс үйін ұнататынын байқап қалған-ды.
Бұл шынында да кедей таптың қоғамдық көңіл көтерер орны еді, ақысыз-пұлсыз асхана, жыл бойғы тегін таңертеңгілік, түстік, кешкі ас, кірпіш пен әктен тұратын ұжымақ, бәрі де ойын сияқты және ешқандай жұмыс жоқ! «Ехе!— деді тереңнен толғанған совет. — Бізге тәртіп орнату керек. Біз мұны дереу доғарамыз». Сөйтіп совет мүшелері барша жарлы жанның алдына таңдау қойды (себебі олар ешкімді де зорлағысы келмеді) не жұмыс үйінде біртіндеп аштан өлсін, немесе оның қабырғасынан тыс жерде бірден мүлдем кетсін. Осы мақсатпен олар су жүйесі компаниясымен суға шектеу қоймай қамтамасыз етуге, астық сату агентімен сұлыны үздіксіз, бірақ шақтап беруге келісім жасап және күн сайын үш мәрте сұйық ботқа, жұмасына екі рет пияз бен жексенбі сайын жарты бөлке беруге қаулы қабылдады. Олар бұдан басқа да өте көп данышпандық және адамгершілік нұсқаулар берді, олары әйелдерге қатысты еді, бірақ мұны санап жатудың қажеті жоқ. Олар Докторс-Коммонстағы некеден ажырату процесіне қатынасты үлкен шығынға қарамастан, үйлі-баранды кедейлерге әйелдерімен ажырасуға кең пейілділікпен кеңшілік етті. Енді бұрынғысынша адамды семьясын асырауға мәжбүр етудің орнына олар оны семьясынан аластап, бойдаққа айналдырды! Егер бұл жұмыс үйімен қатынасты болмағанда соңғы екі пунктіне бола қоғамның қаншама өтініштілері жәрдем сұрап бұлардың есігін тоздырар еді, бірақ совет мүшелері де тіс қаққан жандар болатын, сол себепті дереу мұндай асқынудың алдын-ала шара қолданды.
Оливер Твист мұнда келген жылдың бірінші жартысында бұл жүйені бар жерде қолданып жатты. Алғашында бұл көп шығын әкелді, табытшылардың қалтасы қалыңдады және осындай ботқадан кейін бір-екі жұмадан соң, кедейлердің олпы-солпы кеңіп сала берген киімін үздіксіз қайта тігу қажет болды. Бірақ жұмыс үйінің тұрғындары да арықтығы жөнінен кедейлерден асып түспесе кем болған жоқ та, совет мүшелерінің екі езулері екі құлақтарына жетті.
Балаларды кірпіш қабырғалы, абажадай залда тамақтандыратын; оның бір бұрышында қазан тұратын да, тамаққа белгіленген уақытта алжапқыш байлаған бақылаушы сол қазаннан бір немесе екі әйелдің көмегімен ботқа тарататын. Әрбір бала осы тамаша қоймалжыңнан бір-бір табақ алатын, мерекелерде бұдан өзге екі жарым унция нан беретін. Табақтар еш уақытта жуылып көрген емес. Балалар оның түбі жалтырағанша қасықпен тырналайтын, мұны болған соң (бұл тым ұзақ уақыт алған емес, себебі, қасықтың да үлкендігі табақтай еді), олар қазанға телміріп, тап бір оған жиылған кірпішті жеп жіберердей көздерін сатып отыратын да, кездейсоқ тұрып қалған ботқа түйірін табуға тырысып, ашқарақтана саусақтарын соратын. Балалардың тәбеттері тамаша еді. Оливер Твист пен жолдастары үш ай бойы тоя тамақ ішпей, азап шегіп, өлім халіне жетті; ақыры олардың соншалық бұратылып, аштықтан жындана жаздағандары сонша, жасына қарағанда бойшаң, әрі мұндай құқайды көрмеген бір бала (әкесі заманында кішкентай асхана ұстапты) жабыққан кейіппен жолдастарына: егер өзіне енді бір табақ, ботқа қосып бермесе, түн ішінде байқамай жанында ұйықтап жатқан әлсіз баланы жеп қоям ба деп қорқатынына емеурін білдірген. Көзі, тым жабайы да ашқарақ көрінгендіктен балалар оған имандай сенді. Ақылдасып, кешкілік тамақтан кейін бақылаушыға кім барып тағы ботқа сұрайтындығына жеребе тастады. Жеребе Оливер Твиске шықты. Ымырт үйіріліп, балалар орындарына отырды. Аспаз киіміндегі бақылаушы қазанның маңына жайғасты; жарлы көмекші қыздар оның арт жағында тұр. Ботқа табақтарға құйылды. Болмашы тағам алдында ұзақ дұға оқылды. Ботқа демде жоқ болды, балалар өзара сыбырласып, Оливерге көздерін қысты, ал жақын тұрғандары оны итермелей бастаған. Аштықтан азапқа түскен кішкентай Оливердің арғы-бергіні ойластыруға дәрмені жоқ еді.
Ол столдан тұрып, қолына табақ, қасығын ұстаған күйі бақылаушыға келді де, өз батылдығынан өзі зәресі ұша:
— Кешіріңіз, сэр, менің тағы ішкім келеді, — деді.
Бақылаушы денсаулығы зор, алпамсадай адам болғанымен, құп-қу болып кетті. Таңданғаннан тастай қатып қалған ол, бірнеше секунд бойы кішкентай бүлікшідей көз айырмай тұрды да, сонан соң жәрдем күткендей қазанға сүйене берді. Көмекші қыздар таңданғаннан, ал балалар қорыққаннан тастай қатып қалған.
— Не дедің? — деді ақыры бақылаушы әрең тілге келіп.
— Кешіріңіз, сэр, — деп қайталады Оливер, — менің тағы тамақ ішкім келеді.
Бақылаушы Оливерді бастан шөмішпен салып қалып, қолынан шап берді де, бидлді шақырып, бажылдап қоя берді.
Совет салтанатты мәжіліске даярлана бергенде, мистер Бамбл есі шығып бөлмеге кіріп келді де, биік креслоға жайғасқан жентльменге:
— Мистер Лимкинс, ғафу етіңіз, сэр! Оливер Твист қосымша ботқа сұрапты, — деді.
Барлығы әбігерлікке ұшырады. Мына сұмдықтан барлығының да түстері бұзылып кетті.
— Қосымша ботқа ма? — деп қайыра сұрады Лимкинс. — Сабыр етіңіз, Бамбл, маған ұғынықты жауап беріңіз. Мен сізді дұрыс түсінсем, ол өзіне тиесілі кешкі асын ішкеннен кейін қосымша сыбаға сұраған ғой, солай ма?
— Тұп-тура солай болды, сэр, — деп жауап қатты Бамбл.
— Бұл бала өз өмірін дар ағашында аяқтайды, — деді ақ кеудешелі жентльмен. — Мен білем: бұл бала өз өмірін дар ағашында аяқтайды.
Ешкім де жентльменнің пайғамбарлығын теріске шығарған жоқ. Қызу пікір талас басталды. Оливерді дереу қамауға жіберуге келісті, келесі күні таңертең қақпаға приходты Оливер Твистен азат еткен кез келген адамға бес фунт сыйлық берілетінін білдіретін хабарландыру жапсырылды. Өзге сөзбен айтқанда, бес фунт пен Оливер Твист кәсіппен, саудамен немесе өзге бірдеңемен айналысатын, өздері шәкіртке мұқтаж кез келген еркекке, не әйелге берілетін болды.
— Ешқашан да, ешнәрсеге де, — деді келесі күні қақпаны қағып тұрғанда хабарландыруды оқыған ақ кеудешелі жентльмен, — мына баланың өз өмірін дар ағашында аяқтайтындығына сенгендігімен кәміл сенген жоқ едім.
Ақ кеудешелі жентльменнің айтқаны келе ме, жоқ па, оны көрсету үшін бұл хикаяның қызығынан айырғым келмейді (мұнда ондай қасиет бар деген сеніммен) және Оливер Твисті сондай қорқынышты ажал күтіп тұр ма, жоқ па оны да меңзеуден аулақпын.
III ТАРАУ
Оливер Твистің ақысы көп, жұмысы жоқ жайлы орын деуге келе қоймайтындай қызмет орнына тап бола жаздағаны жәйлі әңгімелейді
Қорлау мен масқаралық қылмыстан — қосымша үлес сұрағаннан — кейінгі бүкіл апта бойы Оливер советтің мейірімді де данышпандық бұйыруымен қараңғы, бос бөлмеде қамауда отырды. Бір қараған адамға егер ақ кеудешелі жентльменнің айтқанына шынайы құрметпен құлақ, асса, қол орамалының бір ұшын қабырғадағы ілгекке байлап, екінші ұшына асылып, әлгі жентльменнің пайғамбарлық көріпкелдігін дәлелдеп шығар еді деп пайымдар едік. Дегенмен бұл ерлікті іске асыруға бір кедергі болды, атап айтқанда: сән-салтанат бұйымы саналатын қол орамалдар толық құрамда жиналған советтің арнаулы бұйрығымен қол қойылып, мөр басылып, жұртқа салтанатты түрде жарияланып, келер ғасырлар бойы да жарлы адамдардың танауынан аластатылған болатын.
Тағы бір маңызды кедергі Оливердің жасы мен балалық дүние танымы еді. Күні бойы ағыл-тегіл жас төккен ол, жанды жабықтырған ұзақ түн келісімен қараңғыға қарамауға тырысып, қолымен көзін көлегейлеп, бұрышқа тығылып алып, ұйықтап кетуге тырысты. Қайта-қайта оянып, басын көтеріп, тұла бойы дір-дір қаққан бала қабырғаға жабыса түсті, сұп-суық қатты қабырға жападан-жалғыз өзін қоршаған қараңғылықта пана болатындай көрді.
Бұл «жүйенің» жаулары Оливер жалғыз қамалғанда денсаулығына қажетті жаттығулардан, жақсы орта мен рухани жұбатудан мүлде ада болған екен деп ойлап жүрмесін. Егер жаттығу жағына келсек, айта қалғандай суық күнде балаға әр таң сайын тас қабырғамен қоршалған ауладағы насостан үстіне мұздай су құюға рұқсат етілді, оған суық тиіп қалмауының қамын жеген мистер Бамбл таяғының көмегімен баланың денесі жылу сезініп тұруын қадағалаумен болды. Жақсы орта жағына келсек, оны әрбір екі күн сайын балалар тамақтанатын залға апарып, өзгелерге өнеге болу үшін жұрт алдында жонынан таспа тіліп отырды. Ал рухани тыныштығынан ада қылмау үшін оны тепкілеп отырып, әр кеш сайын дұға оқитын уақытта сол залға қайта қуып әкеліп, балалардың советтің шешімімен арнаулы қосымша енгізілген жалпы дұғасын тыңдап, жанын тыныштандыруға кеңшілік етті; арнайы қосымшада балалар өздері жақсы, адамгершілікті, өмірге деп риза әрі тілалғыш ете гөр және Оливер Твистің күнәсі мен жамандығынан сақтай гөр деп жалбарынды; соңғы дұғада оның зұлым күштердің ықпалында жүргендігі, сайтанның өз фабрикасынан тікелей шыққан бұйым екендігі айқын айтылады.
Оливер осындай жағдайда жырғап жүргенде, бір күні ертемен мұржа тазалаушы мистер Гэмфилд өз пәтерінің қожайыны қадала сұраған арендалық ақысының қалғанын қалай төлеу жолдарын ойластырып, терең ойға батып Хай-стритпен келе жатты. Өз қаражатын қаншалықты қинала есептегенімен мистер Гэмфилд өзіне қажетті бес фунтқа жеткізе алмай-ақ қойды; қайдағы бір арифметикалық тығырыққа тіреліп, басын өз есегіне ұрып сындырып жібергісі келген ол, кенет, жұмыс үйімен қапталдаса беріп, қақпадағы хабарландыруды байқап қалды.
— Тр-р, — деді мистер Гэмфилд есегіне.
Шамасы артылған екі қап күлден құтылған соң бір-екі капуста өзегі тие ме, жоқ па соған басы қатып келе жатса керек, есектің өзі де терең ой үстінде еді, сондықтан иесінің әмірін естімеген ол желе жортып алға тарта берген.
Есекке, әсіресе оның көзіне бағытталған қарғысын жаудыра, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан мистер Гэмфилд оған тура ұмтылды да, басынан салып жіберді, бұл соққыдан есектің басынан өзге кез-келген бастың быт-шыты шығар еді. Сонан соң есектің жүгенінен ұстай алып, қожайын кім екенін есіне түсіру үшін қатты жұлқып қалды да, кері бұрды. Осыдан кейін есек әлгі араға қайта оралғанша есін жия алмасын деп бастан және бір періп жіберді. Осылайша даярлықтарын аяқтаған ол хабарландыруды оқуға қақпаға қарай бет алды.
Қақпа алдында қолын артына ұстап, совет өткен бөлмеде жаңа ғана терең пікірлер білдірген аң кеудешелі жентльмен тұрған. Мистер Гэмфилд пен есектің арасындағы аз-кем дүрдараздықты бақылап тұрған ол қуана жымиды, себебі, мистер Гэмфилдтің Оливер Твиске нағыз қажетті қожайын екенін бірден аңғарған еді. Қағазды оқып шыққан мистер Гэмфилд те жымиды, себебі оған қажеті тап осы бес фунт болатын; ал бұл сомаға қосымша ретінде берілетін балаға келсе, жұмыс үйіндегі ішіп-жемнен хабардар мистер Гэмфилд баланың түтін тартқыштардан өту үшін таптырмайтын шағын екендігіне сенімі кәміл-ді. Сондықтан ол хабарландыруды басынан аяғына дейін қайтадан оқып шығып, құрмет көрсеткен есебінде саусағын жүн бөркіне тигізіп қойды да, ақ кеудешелі жентльменге тіл қатты.
— Сэр, мына приход шәкірттікке бергелі отырған бала... — деп бастады мистер Гэмфилд.
— Иә, қымбаттым, — деп оны қостай жымиды ақ кеудешелі жентльмен. — Сіз ол туралы не айтпақ едіңіз?
— Егер приход оның тамаша кәсіпке, мұржа тазалаушының құрметті кәсібіне үйренгенін қаласа, — деп сөзін жалғастырды мистер Гэмфилд, — онда менің айтайын дегенім, маған шәкірт керек, мен оны алуға әзірмін.
— Кіріңіз, — деді ақ кеудешелі жентльмен.
Аз-кем бөгеліп қалған мистер Гэмфилд, өзі жоқта қашып кетпесін деген оймен ескерту ретінде есегін бастан тағы бір салып қалып, жүгеннен жұлқып қойды да, ақ кеудешелі жентльменнің соңынан ілесіп, осы кісіні Оливер бірінші рет көрген бөлмеге кірді.
— Оңбаған кәсіп, — деді мистер Лимкинс, Гэмфилд өз тілегін тағы қайталап шыққан соң.
— Балалардың түтін мұржаларында тұншығып та қалған жайлары болған,— деді өзге бір жентльмен..
— Бұл баланы сыртқа шығуға мәжбүр ету үшін каминге жағарда сабанды суға шылағандықтан болады ғой, — деді Гэмфилд. — Бұдан тек түтін ғана шалқиды, ал от жоқ! Ал түтіннен ешқандай пайда жоқ, ол баланы тысқа шығуға мәжбүр еткеннің орнына, қайта оның ұйқысын келтіреді, ал ол қуларға керегінің өзі де сол. Бала деген тым бірбеткей және жалқау халық, жентльмендер, оларды тез түсуге мәжбүр етуге лапылдаған оттан артық ешнәрсе жоқ. Оның үстіне бұл жәрдем де болады, жентльмендер, егер олар мұржаға қысылып қалғандай жағдайда, өкшелеріне от тиді-ақ, болды, олар жанын салып шығуға тырысады.
Мұндай түсініктеме аң кеудешелі жентльменді қызыққа батырғандай-ақ еді, бірақ бұл көңілділік мистер Лимкинстің бір көзқарасынан-ақ ғайып болды. Бұдан соң совет мүшелері өзара бірнеше минуттай кеңесті. Бірақ өте ақырын сөйлегендіктен, бұдан анда-санда «шығынды азайту», «балансқа тамаша болар еді», «есепті басып шығарармыз» деген сияқты сөздерді ғана ұғып қалуға болар еді. Бұл сөздердің өзі аналар қайта-қайта, әрі анық айтқандықтан ғана құлаққа шалынған.
Ақыры сыбырлау доғарылып, совет мүшелері өз орындарына жайғасып, қайтадан салтанатты кейіптеріне келген соң мистер Лимкинс:
— Біз сіздің ұсынысыңызды талқыладық, бірақ қолдай алмаймыз, — деді.
— Тіптен қолдай алмаймыз, — деді ақ кеудешелі жентльмен.
— Үзілді-кесілді бас тартамыз, — деп қостап қойды өзге совет мүшелері.
Мистер Гэмфилд үш-төрт баланы ұрып өлтірді деген түкке тұрмайтын айыптаудан жапа шеккендіктен, іске ешқандай қатынасы жоқ бұл жағдай совет мүшелерінің шешіміне ықпалын тигізген-ау деген ой басында жылт өтті. Рас, бұл олардың күнделікті іс-әрекеттеріне мүлде жуықтамайтын да еді, дегенмен ескі қаңқуды қайта жандыруға пәлендей құлқы болмаған ол бөркін умаждап жайымен столдан шеттей берген.
— Сонымен сіздердің оны маған бергілеріңіз келмейді ғой, жентльмендер? — деп сұрады мистер Гэмфилд есіктің алдында тоқтай беріп.
— Бергіміз келмейді, — деп жауап қайырды мистер Лимкинс, — кәсібіңіз нашар, біз сізге тиесілі сыйлықты азайту қажет деп санаймыз.
Мистер Гэмфилдтің жүзі жайнап сала берді, ол шапшаң басып столға келді де:
— Қанша бересіздер, жентльмендер? Қанеки! Жарлыны жәбірлемеңіздер. Қанша бересіздер? — деді.
— Меніңше, үш фунт он шиллинг жететін сияқты, — деді мистер Лимкинс.
— Он шиллингті алып тастау керек, — деп әңгімеге араласты ақ кеудешелі жентльмен.
— Тыңдаңыздар, — деді Гэмфилд, — төрт фунтқа келісейік, жентльмендер. Төрт фунт деп келіселік, сөйтіп сіздер одан мәңгіге құтыласыздар. Жарай ма?
— Үш фунт та, он, — деп шегелей қайталады Лимкинс.
— Құлақ салыңдар, жентльмендер, айырманы тең бөлейік, — деген ұсыныс айтты Гэмфилд. — Үш фунт та он бес.
— Бір фартинг те қоспаймын, — болды мистер Лимкинстің нақты жауабы.
— Сіздер мені қатты қысып жібердіңіздер ғой, — деді Гэмфилд екіұштылау үнмен.
— Жарар, жарар! Сандырақ! — деді аң кеудешелі жентльмен. — Ол ешқандай сыйлықсыз-ақ алуға тұрады. Алыңыз оны, ақымақ! Бұл сізге ең қолайлы бала. Оқта-текте сыбағасын беріп отырыңыз, зияны жоқ. Ал оны асырап-сақтау да қымбатқа түспейді, себебі ол көзін тырнап ашқаннан тоя тамақ ішпеген. Ха-ха-ха!
Мистер Гэмфилд отырғандарды жымысқылана бір шолып өтті де, олардың да жымиып отырғандарын байқаған соң, өзі де ыржиып қойды. Сауда сақалы сипалды. Мистер Бамблге Оливер мен оның документтері сол күні код қойғызу мен бекіту үшін сотқа жөнелтілуі керектігін дереу мәлім етті.
Осы шешімді орындау үстінде айран-асыр таңданған кішкентай Оливерді қамаудан босатып, таза көйлек киюді бұйырды. Өзіне мүлде жат осы бір гимнастикалық жаттығуды аяқтауы-ақ мұң екен, мистер Бамбл өз қолымен оған бір табақ ботқа мен нанның мейрамдағы үлесін — екі жарым унциясын әкеп берді.
Осы бір жан тебірентерлік көріністен Оливер жылап қоя берген: ол, — бұлай болуы заңды да еді, — шамасы, совет өзін әлдебір пайдалы мақсатқа бола өлтіргелі отырған шығар, әйтпесе бұлай тамақтандырар ма еді деп ойлаған.
— Жылама, Оливер, әйтпесе көзің қызарып кетеді. Ботқаны же де, алғысыңды білдір, — деді мистер Бамбл салтанатты үнмен. — Сені шәкірттікке бергелі жатыр, Оливер.
— Шәкірттікке дейсіз бе, сэр?— деп қайыра сұрады бала дір-дір етіп.
— Иә, Оливер, — деді мистер Бамбл. — Ата-анаңның орнын басқан қайырымды, жұмсақ жүрек жентльмендер, Оливер, сені аяғыңнан тік тұрғызып, адам болсын деп, мұның өзі приходқа үш фунт он шиллингке түссе де, шәкірттікке бергелі отыр. Үш фунт, он шиллинг, Оливер! Жетпіс шиллинг, жүз қырық алты пенстіктер. Және мұның барлығын ешкім де ұнатпайтын, түкке тұрғысыз жетімек үшін!
Мистер Бамбл жантүршігерлік дауыспен айтылған сөзін тыныс алу үшін кілт үзгенде сорлы баланың жүзінен көз жасы тарамдалып қоя берді де, ол өкіре жылап жіберді.
— Жетер, — деген мистер Бамблдың үнінде әлгіндегі салтанаттан із де қалған жоқ, себебі қызыл сөзінің балаға қандайлық, әсер етіп жатқандығын көру оған мақтаныш еді. — Жетер, Оливер! Көзіңді күртеңнің жеңімен сүрт және жасыңды ботқаға тамызба. Мұның өте ақылсыздық, Оливер.
Бұл шынында да ақылсыздық еді, себебі ботқада су онсыз да жеткілікті болатын.
Сотқа барар жолда мистер Бамбл Оливерге қазір ол өзін аса бақытты сезінуі қажеттігін, егер кәрі жентльмен шәкірт болуға ризамысың деп сұрай қалса, шын ықыласыммен деп жауап беру керектігін ұқтырып жатты. Оның екі жарлығын да орындауға Оливер уәде етті, егер айтқанын істемесе арғы тағдырының не боларын мистер Бамбл жұқалап ескертіп те үлгірген-ді. Олар сот камерасына келген соң, мистер Бамбл баланы кішкентай бөлмеге бекітті де, өзі келгенше осы жерде күтуге әмір етті.
Жүрегі дүрс-дүрс соққан бала жарты сағаттай күтіп қалды. Осы уақыт өтісімен бұл жолы үш бұрышты қалпақсыз басын есікке сұғып, мистер Бамбл дауыстай сөйлеген.
— Оливер, қымбаттым, жентльмендерге баралық. — Осы сөздерді айтысымен мистер Бамбл қайтадан қатал, қаһарлы кейіпке еніп, сыбырлай тіл қатты. — Менің айтқаным есіңде болсын, оңбаған бала!
Оның тіл қату мәнері есін шығарған Оливер бейкүнә көзбен мистер Бамблдың бетіне қарап еді, ана жентльмен оның тіл қатуына мұршасын келтірмей, есігі ашық тұрған жапсарлас бөлмеге алып кірді.
Бұл абажадай терезесі бар кең бөлме екен. Кеңсе үстелінің жанында шаштарын опалаған екі қарт жентльмен отыр; біреуі газет қарап, тасбақаның қабығынан көзілдірік киген, екіншісі алдында жатқан бір жапырақ пергаментке үңілуде. Мистер Лимкинс үстелдің бір жағында тұр, ал жуынудың ырымын жасаған мистер Гэмфилд болса екінші жағында; биік етік киген кескіндері сүйкімсіз екі-үш адам және тұр.
Көзілдірікті қарт жентльмен ақыры бір жапырақ пергаментке үңілген бойы қалғын кеткен, мистер Бамбл Оливерді үстелдің алдына алып келгеннен соң үнсіздік бірнеше минутқа созылды.
— Міне, әлгі бала, құрметтім, — деді мистер Бамбл,
Газет оқып отырған қарт жентльмен басын көтерді де,
Қасындағы қарт жентльменнің жеңінен тартып қалып еді, анау оянып кетті.
— 0, мынау әлгі бала ма? — деп сұрады қарт жентльмен.
— Дәл өзі, сэр, — деп жауап берді Бамбл. — Қымбаттым, судьяға тағзым ет.
Оливер селк ете түсті де, құрметпен иіліп қойды. Судьяның опаланған шашына қарап тұрып ол, шынымен-ақ советтің барлық мүшелері бастарындағы ақ шаңмен туып, бірден совет мүшелеріне айналды ма екен деп ойлады.
— Ал, — деді қарт жентльмен, — бұған мұржа тазалаушының кәсібі ұнар деп ойлаймын?
— Аузының суы құрып тұр, құрметтім, — деп жауап қатқан Бамбл, өзімен таласудың пайдасыз екендігін мезгеп Оливерді жұртқа білдірмей шымшып алды.
— Сөйтіп оның мұржа тазалаушы болғысы келеді ғой, солай ма? — деп сұрады қарт жентльмен.
— Егер біз оны күні ертең кез келген өзге кәсіпке үйренуге берсек, сол бойда қашып кетер еді, құрметтім,— деп жауап қатты Бамбл.
— Ал мына кісі, оның болашақ қожасы... сэр... сэр... сіз оған оң көзіңізбен қарап.. тамақтандырып... және басқасын дегендей, солай емес пе, сэр? —деді қарт жентльмен.
— Мен істеймін деп айтқан екем, істеймін,— деп түнере тіл қатты мистер Гэмфилд.
— Сөзіңіз дөрекілеу екен, достым, бірақ өз байқауымша, адал да, бірбеткей адам сияқтысыз,— деді қарт жентльмен, көзілдірігін Оливер үшін берілетін сыйлықтың үміткеріне бағыттай беріп.
Үміткердің қорқынышты кескін-келбеті оның зұлым адам екенін айқындап-ақ тұр еді. Бірақ судьяның кезі нашар көретін-ді, сондықтан да өзгелер байқап қалған нәрсені оның көре қоюы қиындау болатын.
— Солай болар деп үміттенемін, сэр, — деді мистер Гэмфилд жексұрын мысқылмен.
— Бұған шүбәм жоқ, достым менің, — деп қостап қойды мұрнына көзілдірігін орнықтырып алған қарт жентльмен сия сауытты іздестіріп жатып.
Бұл Оливердің өміріндегі шешуші сәт еді. Егер сия сауыт қарт жентльмен іздеген жерде тұрса ол қаламын сияға малып алып, қағазға қол қояр еді де — Оливерді дереу алып кететін еді. Бірақ сия сауыт тап танауының астында тұрғандықтан ол, әлбетте, үстел үстін түгел шолып өтсе де, таба алмай, іздеуін жалғастыра түсіп, қарсы алдына қарап қалғанда көзі Оливер Твистің құп-қу, шошынған жүзіне түсті. Бала Бамблдың ежірейе қараған көзқарасына, шымшылауына назар аудармастан, болашақ қожайынның сүйкімсіз келбетіне зәресі зәр түбіне кете қарап тұр еді де, мұнысы тіпті көзі шала көретін судьядан да қағыс қалмады.
Қарт жентльмен бөгеліп, қаламын қойып, назарын Оливерден мистер Лимкинске аударып еді, бір шымшым темекі алған анау қам-қаракетсіз бей-жай күйге еніпті.
— Бала, — деді қарт жентльмен, үстелден аса еңкейе беріп.
Осы сөзді естіген Оливердің тұла бойы дір ете түсті. Оның мұнысына кешірім жасауға болар еді, өйткені дауыс өте мейірімді шыққан, ал бейтаныс үн адамды әдетте шошытып жібереді ғой. Тұла бойы дір-дір етіп, көз жасына булықты бала.
— Бала, — деп қайталады қарт жентльмен, — өнің құп-қу, мазаң кетіп тұр ғой? Себебі не?
— Баладан былай кетіңіз, бидл,— деді екінші судья, газетін тастай бере, әуесқойлықпен алға ентелей түсіп. — Ал енді, бала, себебі не екендігін бізге түсіндір, қорықпа.
Оливер тізерлеп құлай кетті, қолдарын айқастырып алып, өзін қайтадан қараңғы бөлмеге жібере беруін... аштан қатыруын, ұрып-соғуын... тіпті қажет десе өлтіруін, тек бірақ мына бір қорқынышты кісімен бірге жібермеуді өтініп, жалынып-жалбарынды.
— Қарай гөр! — деді мистер Бамбл, қолын салтанатпен жая, көзі бақырайып. — Қарай гөр! Көзім көрген қу да зұлым жетімектердің ішінде, сен, Оливер, нағыз арсыздың арсызы екенсің.
— Тіліңізді тартыңыз, бидл, — деді екінші қарт жентльмен, мистер Бамбл әлгі күрделі сөйлемін аяқтай бергенде.
— Ғафу өтінем, құрметтім, — деді мистер Бамбл, өз құлағына өзі сенбей. — Сіз, құрметтім, маған айтып тұрсыз ба?
— Иә, тіліңізді тартыңыз.
Мистер Бамбл таңданғаннан тас боп қатты. Бидлге тіліңді тарт дейді. Заманақыр!
Тасбақа қабығынан жиектелген көзілдірікті қарт жентльмен өз әріптесіне қарады. Анау екі ұштылау басын изеді.
— Біз бұл шартты бекітуден бас тартамыз,— деді қарт жентльмен пергаментті тастай беріп.
— Үміт... үміттенем, — деп тұтыға сөз бастады мистер Лимкинс, — ештеңемен дәлелденбеген баланың айтқанына бола судьялар приход бастықтары қандай да болмасын өрескел іске кінәлі деген қорытындыға келмеген болар деп үміттенемін.
— Судьялар бұл мәселе жөнінде қандай да болмасын қорытынды шығаруға міндетті емес,— деп кесіп айтты екінші қарт жентльмен.— Баланы жұмыс үйіне қайтадан апарыңдар да, оған жақсы қараңыздар. Байқауымша, оған бұл аса қажет сияқты.
Осы кеште ақ кеудешелі жентльмен Оливер тек дарға асылып қана қоймайды, оны жазалау орнына қайта сүйретіп әкеліп, шауып тастайды дегенді мәлімдеді. Мистер Бамбл түнере түсіп, жұмбақтай басын шайқады, мистер Гэмфилд Бамблді қолыма бір түссе деген тілек білдірді, мистер Гэмфилд приход бидлмен барлығына келіссе де, шамасы осы тілегін білдіру арқылы онымен ат құйрығын кесіскен сияқты.
Келесі күні таңертең Оливер Твист жалға беріледі, оны иеленгісі келетіндерге бес фунт ақша төленеді дегенді жұртқа тағы да хабарлап жатты.
IV ТАРАУ
Оливерге басқа орын ұсынылды, сөйтіп ол тұңғыш рет өмір жолына қадам басады
Егер ақсүйектер семьясынан шыққан жас жігітті мұрагерлік жағынан пайдалы қызметпен қамтамасыз ете алмаса оны жүзуге аттандыру салт болатын. Осындай данышпандық та қол ұшын берерлік өнегеге еліктей отырып, совет мүшелері Оливер Твисті қандай да болмасын керемет, әрі денсаулыққа зиянды портқа аттанатын сауда кемесіне орналастырып жіберсе, қалай болады дегенді талқылады. Бұл оған істеуге болатындардың ең дұрысы шығар делінді, түскі тамақтан кейін шкипер бірде болмаса бірде ерігіп отырып, баланы өлгенше таяқтар, немесе темір сүйменмен басын жарып тастар; онысы да, мұнысы да ондай кәсіп иесі жентльмендердің қатты ұнатып, күнделікті көңіл көтерер ермектері екендігі жұртқа белгілі. Бұл мәселені айтылмыш көзқараспен неғұрлым ұзағырақ қараған сайын жоспардың да соғұрлым әрқилы пайдалы жақтары қылаң берді; сөйтіп олар Оливерге жақсылық жасауда қалған жалғыз ғана жол — оны кешіктірмей жүзуге аттандыру деген қорытындыға келген.
Мистер Бамблді дос-жолдассыз кают — юнгаға мұқтаж әлдеқандай капитан табылып қалмас па екен деген мақсатпен алдын-ала жіберген-ді, Бамбл осы санарының нәтижесі жайлы баяндауға жұмыс үйіне оралғанда, кенеттен қақпа алдында приход табытшысы мистер Сауербериді ұшырастырды.
Мистер Сауербери ұзын бойлы, қудай арық, сүйекті, көнетоз қара костюм, жамалған қара шұлық пен башмақ киген адам еді, оның кескін-келбеті жымиюға жаралмағандай болса да, дегенмен кәсіби көңілділік жанына жат емес-ті. Мистер Бамблға жеңіл жүрісімен жақын келіп шын жүрегінен қолын қысқанда жүзінен шынайы шаттық лебі есіп тұрды.
— Мен бүгін түнде өлген екі әйелдің өлшеуін алып келдім, мистер Бамбл, — деді табытшы.
— Сіз үлкен дәулет жиып алатын болдыңыз, — деді бидл табытшы ұсынған темекі сауытына бас бармағы мен сұқ саусағын жүгірте беріп, ол әдемі жасалған кішкентай табыттың моделі болатын. — Шын айтам, сіз үлкен дәулетке ие боласыз, мистер Сауербери! — деп қайталады таяғымен табытшының иығынан өзімсіне қаққылап қойған мистер Бамбл.
— Сіз солай ойлайсыз ба? — деді табытшы ондай жағдайдың болатындығына әрі сенетін, әрі күмәнданатын үнмен. — Приход советі өте төмен бағаны белгілеп отыр, мистер Бамбл.
— Иә, дегенмен табыттар да шағын...— деді бидл; маңызды қызмет адамына тән күлкімен ғана жымиып қойып.
Бұл мистер Сауерберидің көңілін көтеріп жіберді де, ол өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ күлді.
— Әрине, енді қалай, мистер Бамбл, — деді ол ақыры, — тамақтандырудың жаңа жүйесі енгізілгеннен бері бұрынғыға қарағанда табыттың аздап тарлау, аздап аласалау болып кеткенін жоққа шығаруға болмас. Әйтсе де біз қандай болмасын пайда алуымыз керек қой, мистер Бамбл! Кепкен, әжетке жарайтын ағаш арзан тұрмайды, сэр, ал темір тұтқаларды Бирмингемнен каналмен жеткізіп жүр.
— Солайы солай ғой,— деді мистер Бамбл,— әрбір кәсіптің өз шығыны бар. Әрине, адал пайда тапқан да теріс емес.
— Әрине! —деп қостап қойды табытшы. —Десек те ана-мынадан пайда таба қоймағаныммен, әйтеуір, ақыры өзімдік бірдеңемді мен де қамтып қаламын, хи, хи, хи!
— Әрине, солай, — деді мистер Бамбл.
— Дегенмен айта кету керек... — деді табытшы, бидл бөліп жіберген ойын сабақтай түсіп, — дегенмен айта кету керек, мисстер Бамбл, бұл арада айтарлықтай бір қиындық бар. Байқайсыз ба, көбінесе жұп-жуан, семіздер өледі. Көп жылдар бойы уақытылы салығын төлеген, тәуір тұрмыс құрғандар жұмыс үйіне келісімен-ақ, бірінші кезекте-ақ мүрдем кетеді. Бұл жерде айта кетуге рұқсат етіңіз, мистер Бамбл, нормадан тыс үш-төрт дюйм, семья асырап отырған біздей адамға оңайға түспейді.
Мистер Сауербери осы сөздерді жөнсіз жәбір көрген жандай ашына айтқандықтан, мұның астарында приходтың намысына тиетін бірдеңе барлығын аңғарып қалған мистер Бамбл әңгіме желісін өзге бірдеңеге бұрғанды жөн көрді.
— Айтпақшы, — деді мистер Бамбл, — ешкімге бала керек емес пе екен, білмейсіз бе? Приход шәкірті, қазіргі уақытта текке масыл боп жүр, мен айтар едім — приходтың мойнындағы масылы деп... тиімді шарт, мистер Сауербери, тиімді шарт.
Осы сөздерді айтып мистер Бамбл төбесінде жапсырулы тұрған хабарландыруға таяғын тигізді де, роман қаріпінің зор әріптерімен басылған «Бес фунт» деген сөздерді үш мәрте сарт-сұрт ұрғылап қойды.
— Ах, құдайым-ай, — деп дауыстап жіберді табытшы, мистер Бамблдің шинелінің алтынмен әдіптелген жағасына жармаса кетіп. — Иә, мен сізбен осы жөнінде сөйлеспекші едім ғой! Білесіз бе?.. Құдайым-ай, қандай әдемі түйме еді, мистер Бамбл! Мен осы уақытқа дейін бұған назар аудармаппын-ау.
— Иә, меніңше де, жаман емес сияқты, — деп қойды бидл, шинелінің үлкен қола түймелеріне мақтанышпен көз тастап. — Штампы да приход мөрінікі тәрізді, әлсіз науқасты емдеуші қайырымды самаритяндық. Приход советі маған бұл шинелді Жаңа жылда сыйлаған болатын, мистер Сауербери. Meн подъезде түн ортасында өлген анау бір жұтап қалған саудагердің ісін тексеруге қатысқанымда алғаш рет үстіме сұққаным әлі есімде.
— Есіме түсті, — деді табытшы. Сөйтіп «суықтан және өмір сүруге ең қажетті заттың жоқтығынан өлген» дөп қорытынды шығарған болатын, — солай емес пе?
Мистер Бамбл басын изеді.
— Және олар арнайы үкім шығарған тәрізді еді ғой, — деп сөзін жалғастырды табытшы, — өлшеп-піше келіп, егер жарлыларды бақылайтын шенеунік...
— Бекер! Бос сөз! — деп бөліп жіберді бидл. — Егер совет сол надан сот мүшелерінің кез келген мылжыңдарына құлақ аса берсе, оның жұмысы кеңірдектен келер еді ғой.
— Айқын шындық, — деп келісті табытшы. — Кеңірдектен келер еді.
— Сот мүшелері, — деп сөзін жалғастырды мистер Бамбл, ашу қысқан кезіндегі әдетімен таяғын қатты қыса ұстап, — сот мүшелері — бұлар надан, оңбаған, берекесіз жандар!
— Рас, — деп қостады табытшы.
— Философия мен саяси экономиядан олардың түсінігі мынадай-ақ!—деді бидл жиіркенішпен саусақтарын сырт еткізіп.
— Тап солай,— деп қостады табытшы.
— Мен оларды иттің етінен жек көрем! — деді бидл өңі күреңітіп.
— Мен де солай, — деп қыстырылды табытшы.
— Осы бір бос кеуде немелерді бір-екі жұмаға біздің үйге жіберсе ғой, — деді бидл. — Совет енгізген ереже мен тәртіп олардың естерін бірден жыйғызар еді.
— Жарайды, оларды жайына қалдырайық, — деді табытшы.
Осы сөздерді айтқан соң ол приход қызметкерінің өршіп бара жатқан ашу-ызасын сабасына түсіру үшін жымиып күліп қойды.
Мистер Бамбл үш бұрышты қалпағын алды, оның бүктемесінен қол орамалын алып — ашынғаннан маңдайы тершіп кеткен-ді — маңдайын сүртті де үш бұрышты қалпағын қайтадан киіп, табытшыға бұрылып, сәл байсалды дауыспен:
— Ал бала жөнінде қалай болмақ? — деген сауал қойды.
— 0, сіз білесіз бе, мистер Бамбл, — деп жауап қатты табытшы, — мен жарлылардың пайдасына бола аз салық төлеп жүргенім жоқ.
— Гм, — деді мистер Бамбл. — Ал сонан соң не?
— Сонан соң ба? — деді табытшы, — менің ойымша жарлылардың пайдасына қанша төлесем, сонша алуға тиіспін ғой деймін, мистер Бамбл. Сөйтіп, әлгі баланы өзім алам-ау деймін.
Мистер Бамбл табытшының қолына жармаса кетті де үйге сүйрелей жөнелді. Мистер Сауербери совет мүшелерімен бес минуттың ішінде келісіп үлгерді де, Оливер осы кеште оған «байқауға» жөнелтілетін болып шешілді. Приход шәкіртіне бұл шешім мынадай міндет жүктейтін: егер қожайын баланың ас-суына көп көңіл бөлмей-ақ, оны жан-тәнімен жұмыс істеуге мәжбүр етсе, ол баланы белгілі бір уақытқа дейін өзінде қалдыруға, өз қалауынша билігін жүргізуге ерікті болатын.
Кішкентай Оливерді сол күні кеште «жентльмендерге» алып келіп, ол бүгіннен бастап табытшының қарауына кетеді, ол егер өз жағдайына шағынуды ойына ала қалса немесе қашан да болмасын приходқа қайта орала қалса, оны дереу жүзуге аттандыратынын, болмаса шекесін жаратынын хабарлағанда Оливер бұған пәлендей толқып қоймағандықтан, барлығы оны оңбағандық сүйегіне сіңген бала деп тауын, мистер Бамблге дереу алып кетуге бұйырды.
Безбүйректіктің титтей белгісін кімнен де болмасын байқап қалған жағдайда совет мүшелерінің айран-асыр болып, көздері тас төбелеріне шығуы заңды да шығар, бірақ тап мына жағдайда олар аздап қателескен еді. Себебі, Оливер тіпті де безбүйрек бала емес-ті, керісінше, ол шектен тыс сезімталдығымен дараланатын, бірақ өзімен жаман қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде ол өмірінің ақырына дейін топас та түнеріңкі жан болуға шақ қалған. Өзін жіберіп отырған хабарды тіс жармастан қабыл алған ол заттарын жинастырды, — оны алып жүру қиын емес-ті, себебі, ол ұзындығы жарты, ені жарты фут, қалыңдығы үш дюйм қағаз пакетке сыйып кететін, — бөркін көзіне түсіре киіп, мистер Бамблдың етегіне жармасып, осы бір мәнсап адамымен бірге жаңа азап орнына бет алды.
Алдында мистер Бамбл Оливерге назар аудармастан, ешқандай ескерту жасамастан ертіп келе жатты, себебі ол бойын бидлге лайық тік ұстаған, күн желді еді де, мистер Бамблдың бешпеті мен қысқа қоңыр шалбарын бар әсемдігімен әйгілеп желбіреген шинелдің етегі баланы мүлде көзден тасалап тастаған. Бірақ белгіленген тұсқа жете бере мистер Бамбл төмен қарап, бала жаңа қожайынның алдына баруға лайықты түрде ме екен дегенге көзін жеткізгісі келді; ол балаға көңілі түсіп, қамқорси қараған.
— Оливер, — деді мистер Бамбл.
— Иә, сэр? — деді Оливер даусы дірілдей әзер тіл қатып.
— Бөркіңді маңдайыңа ысыр да, басыңды көтер, сэр!
Оливер бұйрықты дереу орындап, бос қолымен көзін бір сипап өтсе де, басын көтеріп жолбасшысына қарағанда көзінде жасы мөлтілдеп тұрды. Мистер Бамбл Оливерге қатулана қарады, бірақ баланың көз жасы домалап жүре берді. Артынша тағы да, тағы да. Балақан бар күшін салғанымен, онысынан түк шықпады. Мистер Бамблден қолын босатып aп, қос қолымен бетін басып, жылап қоя берді, көз жасы иегі мен қу сүйек саусақтарының арасынан тамшылап жатты.
— Қарай гөр! — деп айқайлап жіберді тоқтай қалған мистер Бамбл, өз қамқорлығындағы балаға кекті көзімен қарап. — Қарай гөр! Көзім көрген барлық қайырымсыз, бұзылған балалардың ішіндегі, Оливер, сен... нағыз...
— Жоқ, жоқ, сэр! — деп өкси сөйледі Оливер өзіне жақсы таныс таяқ ұстаған қолға жармасып. — Жоқ, жоқ, сэр! Мен әлі өте кішкентаймын, сэр, және сондай... сондай...
— Қандай — сондай? — деп таңдана сұрады мистер Бамбл.
— Сондай жападан-жалғызбын, сэр. Жападан-жалғызбын! —деп дауыстады бала. — Бәрі мені жек көреді. 0, сэр, өтінемін, маған ашуланбаңызшы!
Бала қолын көкірегіне қысып, қайғы-мұңнан егілген көз жасымен жолбасшының жүзіне қарады.
Мистер Бамбл Оливердің жалынышты да дәрменсіз көзқарасына аз-кем таңдана, үш-төрт мәрте қиқылдай жөтеліп, осы «мазасын алған жөтел» жөнінде бірдеңені міңгірлеп, Оливерге көз жасыңды құрғатып, жақсы бала бол деп бұйырды. Сонан соң қайтадан оның қолынан алып, үн-түнсіз әрі қарай жүріп кетті..
Мистер Бамбл кіргенде, дүкенінің терезе қақпақтарын өлгенде ғана жапқан табытшы осы араға аса лайықты шырақтың күңгірт жарығымен «кіріс шығыс» кітабына әлдебір жазулар түсіріп отыр еді.
— Ехе, — деді табытшы, жазуын аяқтамай кітапшадан басын көтере беріп. — Бұл сіз бе сіз, Бамбл?
— Менмін, мистер Сауербери, — деп жауап қатты бидл. — Мінеки! Мен баланы алып келдім.
Оливер иіліп тағзым етті.
— Мынау әлгі сол бала ма еді? — деп сұрады табытшы Оливерді жақсырақ көру үшін шырақты жоғары көтере беріп. — Миссис Сауербери, мархабат етіп, мұнда бір минутқа кіре қойшы, қымбаттым.
Дүкеннің артындағы кішкентай бөлмеден миссис Сауербери шықты. Бұл орта бойлы, кісіге кекесінмен қарайтын, қудай арық әйел еді.
— Қымбаттым, — деді мистер Сауербери құрметпен, — мынау әлгі мен саған айтқан, жұмыс үйінен келген бала.
Оливер тағы да иілді.
— Ах, құдайым-ай, — деп дауыстап жіберді табытшының әйелі. — Қандай кішкентай еді өзі.
— Мұның бойы кішкентай екені рас, — деп қостады мистер Бамбл, Оливердің өспей қалғанына өзі кінәлі жандай балаға қарағыштай беріп. — Ол шынында да кішкентай. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол өседі, миссис Сауербери, ол өседі.
— Иә, несін айтасыз! —деп ашулана тіл қатты әлгі леди. — Біздің нанымызбен өсер, өссе. Meн приход балаларынан ешқандай пайда келер деп ойламаймын: оларды асырып-сақтау өз құндарынан да асып түседі. Бірақ еркектер әрдайым бізден артық білеміз деп ойлайды... Ал төмен түсе бер, сүйек салған қап!
Осы сөздерді айтып, табытшының әйелі бүйірдегі есікті ашты да, Оливерді ас үй деген аты бар, көмір ұрасына кірер ауыз қызметін атқаратын, дымқыл да қараңғы тас подвалға алып баратын иір сатыға итеріп шығарды; бұл жерде кір киімді, аяғына жамалған башмақ пен жыртық көкшіл жүн шұлық киген қыз отырған.
— Шарлот, — деді, Оливердің соңынан түскен миссис Сауербери, — мына балаға Трипке қалдырған суық еттің қалғанын беріңіз. Трипп таңертеңнен бері үйге келген жоқ, мұнсыз да бірдеңе етер. Бала онан бас тартатындай дәрежеде кінәмшіл емес шығар. Солай ма, бала?
«Ет» деген сөзді естігенде көзі жайнап кеткен Оливердің оны жегісі келгендіктен тұла бойы дірілдеп, дереу ықыласын білдірген. Сонан соң мұның алдына тамақ қалдығын салған тарелке қойылды.
Асқазанында ет пен шарап өтке айналып жатқан салқын қанды, тас жүрек, қарны тоқ қандай да болмасын философтың, иттің өзі мұрнын шүйіретін асқа Оливер Твистің қалай тарпа бас салғанын көргенін қалар едім мен! Аштықтан азап шеккен Оливердің қандай қомағайлықпен ет кесектерін жұлқылағанның куәсі болуын қалар едім! Және де мен сол философтың да дәл осындай тағамды осындай ләззатпен қылғытқанын көруді қалар едім.
— Ал немене? — деп сұрады табытшының әйелі Оливер кешкі тамағын жайғап болған соң. Ол баланың тәбетінің қандай болатынын үрейлене шамалап, үні шықпай отырып қалған еді. — Болдың ба?
Жақын арадан жеуге жарарлық ештеңе көре алмаған Оливер басын изеді.
— Олай болса соңымнан ер, — деді миссис Сауербери, қолына күңгірт жанған қожалақ шамды алып, сатымен көтеріле беріп. — Сенің төсегің жайманың астында. Сен табыттардың арасында ұйықтай аларсың деп үміттенем? Дегенмен ұйықтай аласың ба, жоқ па, оның пәлендей маңызы да жоқ, өйткені, сен жататын басқа жер де жоқ. Жүр! Мен түні бойы осында қала алмаймын ғой!
Оливер енді бөгелген жоқ, жаңа қожайын әйелдің соңынан ере жөнелді.
V ТАРАУ
Оливер кәсіптес жолдастарымен танысады.
Алғаш рет жерлеуде болып, өз қожайынының кәсібі жайында жағымсыз қорытындыға келді
Табытшының дүкенінде жалғыз қалған Оливер шамдалды верстакқа қойып, төңірегіне құрметпен, әрі қорқынышпен көз тастады, мұндай сезімді бұдан ересек адамдар қиындықсыз-ақ, ұғатын. Дүкен ортасында қара тағандардың үстінде тұрған жасалып бітпеген табыт жабырқау да түнеріңкі көрінді, жабырқау затқа қарағанда Оливердің тұла бойы мұздап кетті; оған қайдағы бір қорқынышты сүлде жайымен басын көтеретіндей елестеп кетті де, қорқыныштан есімнен адасатын болармын деп ойлады. Қабырғаның өн бойында табыт жасауға лайықталған шегіршін ағашының тақтайы тәртіппен қапталдастыра қойылған. Күңгірт жарықта олар қолдарын қалтасына салып тұрған бүкір елес-бейнелер сияқты. Табыттың табличкасы, жаңқа, басы жып-жылтыр шегелер және қара матаның қиындылары еденде шашылып жатыр, ал жайманың артындағы қабырғада үйдің есік алдында тұрған қайырма галстук таққан екі мылқау жоқтаушыға қарай келе жатқан қаралы аттар жегілген қаралы арба бейнеленген. Дүкеннің іші ыссы әрі тымырсық еді. Табыттың иісі ауаға сіңіп қалған тәрізді. Жайманың астындағы балаға төсеніш тастаған орын да қабірді елестететін.
Оливердің жанын жегідей жеген тек осы жабырқау жағдай ғана емес-ті. Ол бейтаныс жерде жалғыз еді, мұндай жағдайда өзімізді қандайлық бақытсыз да, қажетсіз сезінетініміз әрқайсысымызға да аян ғой. Баланың өзін жақсы көретін сүйікті достары да жоқ-ты. Жуықтағы айырылысуға да пәлендей іші ашып қоймаған: өлердей көргісі келетіндей жүрегіне жақын да, қымбат бейнеден ада. Бірақ, осыған қарамастан, жүрегінде тас жатқандай; бала өзінің тар қуысына кіріп кеткен кезде, мұнысы табытқа айналып, ал қатты ұйқыда жатқан мұны қабірге көміп, басында биік шөптер сыбырлап, ескі қоңыраудың үні әлдилесе екен деп тілеген.
Таңертең Оливерді дүкен есігін тепкілеген аяқтың дүбірі оятып жіберді; ол өйтіп-бүйтіп киінгенше әлгі дүбір тыным тапқан жоқ. Оливер есіктің шынжырын ағыта бастағанда, есікті тепкілеген аяқ тыным тапты да, дауыс естілді.
— Ашыңыз, естимісіз! — дауыс әлгі аяқтың иесінікі болуы керек.
— Қазір ашайын, сэр, — деді Оливер есіктің шынжырын шығарып, кілтін бұрай беріп.
— Сен әлгі жаңа бала боларсың? — деп сұрады дауыс кілт салатын саңылаудан.
— Иә, сэр, — деп жауап берді Оливер.
— Сенің жасың нешеде? — деп сұрады дауыс.
— Ондамын, сэр, — деп жауап қатты Оливер.
— Қазір кірген соң сыбағаңды берермін, — деді дауыс, — осы сөзімді есіңде ұста, приход күшігі.
Осы жағымды уәдеден соң ысқырық естілді.
Оливерді әлгі сөздегі бейнеленген жағдайға аса жиі душар еткендіктен ол мына дауыстың иесі айтқанын айнытпай іске асыратындығына титтей де күмәнданған жоқ. Дірілдеген қолымен тиекті ысырып, есікті ашты.
Өзімен кілт саңылауы арқылы тілдескен бейтаныс шамасы жылыну үшін серуендеп жүрген болар деп ойлаған Оливер бір-екі секунттай көшеге, оң мен солға, қарсы беттегі тротуарға көз жүгіртіп шықты. Себебі үй алдындағы қысқа бағанның үстіне жайғасып, май жағылған бір кесек нанды бәкімен кесіп алып, ұртына лып-лып еткізіп жөнелтіп жатқан бойшаң жетімхана баласынан өзге ешкімді көре алмады.
— Ғафу етіңіз, сэр,— деді Оливер өзге ешкімнің жоқтығына көзі жеткен соң,— есікті қаққан сіз бе?
— Тепкілеген менмін,— деп тіл қатты приют баласы.
— Сізге табыт қажет пе еді?— деп жайбарақат сұрай салды Оливер.
Осы сөзден кейін ерекше қаһарына мінген жетімхана баласы егер жасы үлкендермен осылай әзілдесе берсе ұзамай-ақ, Оливердің өзіне табыт қажет болатындығын ескертті.
— Приход күшігі, сен менің кім екенімді білесің бе?— деп сөзін жалғастырды бала маңғаз кейіппен бағаннан түсе беріп.
— Білмедім, сэр,— деп жауап берді Оливер.
— Мен мистер Ноэ Клейполмын,— деді жетімхана баласы,— ал сен менің қол астымда боласың. Қақпақты аш, жалқау доңыз. Осы сөздерден соң Оливерді бір тепкен мистер Клейпол маңғаз пішінмен дүкенге кірді. Қалай дегенмен де қазанбас, бітік көз, топас баланың осы сықытына қып-қызыл танауы мен қысқа шалбарын қоссақ маңғаз кейіпке келуі екіталай-ақ нәрсе еді.
Тіреулерді алған Оливер оларды үй артындағы аулаға алып кетпекші еді, бірақ алғашқы тіреудің ауырлығынан теңселіп кетіп терезе әйнегін сындырды «сыбағаңды аларсың» деп оның көңілін орнықтырған Ноэ бұған қол ұшын беруге кеңшілік етті. Ұзамай дүкенге мистер Сауербери түсті. Оның соңынан миссис Сауербери де пайда болған. Ноэнің көріпкелдігіне сәйкес бұл «сыбағасын алды», ал содан соң ана жас жентльменге ілесіп, тамақ ішуге төменге кетті.
— Ошаққа таяу отырыңыз, Ноэ,— деді Шарлотт— Мен сізге қожайынның таңғы асынан қақталған төстіктің бір керемет кесегін сақтап отырмын... Оливер, мистер Ноэнің артынан есікті жап та, ыдыстың қақпағына қойған қалдықтарды ала ғой. Міне саған бір кесе шай. Оны жәшіктің үстіне қой, тезірек іш, өйткені сені ұзамай дүкенге шақырады. Естимісің?
— Естіп тұрмысың, приход күшігі?— деді Ноэ Клейпол.
— Ах, құдайым-ай, Ноэ!—деді Шарлотт.—Сіз қандай қызық жігітсіз! Баланы несіне жайына қалдырмайсыз?
— Жайына қалдыру ма?— деп қайталады Ноэ,— мұны онсыз да барлығы жайына қалдырыпты ғой. Әкесі де, шешесі де оған ешқашан да бөгет болмайды. Барлық туысқандары мұның өз жолымен кете беруіне кеңшілік еткен. Солай емес не, Шарлотт? Хи-хи-хи!
— Әй, қызықсыз-ау өзіңіз!—деп дауыстап жіберген Шарлотт сақылдай күліп еді, бұған Ноэ де қосыла кетті.
Содан кейін өзіне арнайы қалдырған борсыған қалдықтарды жеп, бөлменің ең суық бұрышындағы жәшіктің үстінде дір-дір қағып отырған сорлы Оливер Твиске екеуі де жеккөрінішпен қарасты.
Ноэ жұмыс үйінің жетімегі емес, жетімхана баласы еді. Ол тастанды емес-ті, жақын маңда тұратын ата-анасы да бар-ды; шешесі кір жуатын, ал әкесі ағаш аяғымен қызметтен босап, екі жарым пенс және тіл келмейтін тағы бір бөлшегі бар пенсия алатын, маскүнем-солдат еді. Көрші дүкендердің балалары Ноэні көшеде «тері шалбар», жетімханалық т.б. масқаралық аттармен таңбалайтын әдетті баяғыда-ақ бастаған еді, бірақ оған Ноэ үнсіз төзетін. Ал енді, тағдыр мұның жолына тіпті ең түкке тұрғысыз деген пенденің өзі жеккөрінішпен саусағын безей алатын ата-анасыз жетімекті кез қылған соң, бұл өзінің жәбір-жапасының кегін осыдан қайтарды.
Осыдан ойлануға тұрарлық біршама мәселе туады. Біз адам баласының қандайлық тамаша бола алатындығын және парасатты лорд пен ең лас жетімхана баласында да бір тектес мінез бірдей дамитындығын көреміз.
Оливер табытшынікіне орналасқалы да үш-төрт апта өткен. Дүкен жабық еді, мистер мен миссис Сауербери кішкентай қонақ бөлмеде ас ішіп отырған, мистер Сауербери әйеліне бірнеше мәрте құрметпен көз тастап:
— Қымбаттым менің...— дей берген еді.
Ол сөзін әрі қарай жалғастыра бергісі келген, бірақ миссис Сауербери оған ала көзімен алара қарағаны сонша, анау тұншығып қалды.
— Ал,— деп шұғыл тіл қатты миссис Сауербери.
— Ештеңе де емес, қымбаттым, ештеңе де емес!— деді мистер Сауербери.
— Ух, оңбаған,— деді миссис Сауербери.
— Рас айтам, ештеңе де емес, қымбаттым,— деді мистер Сауербери жіптіктей болып.— Маған сенің сөзге құлақ салғың келмегендей көрінгені, қымбаттым. Менің тек айтқым келгені...
— Ал, не дегің келгенін маған айтпай-ақ қой,— деп сөзді бөлді миссис Сауербери.— Мен ешкім де емеспін, менен кеңес сұрап әуре болма. Meн сенің құпияларыңды білгім де келмейді.
Осы сөздерді айтқан миссис Сауербери жынды адамша сақылдап күліп қоя берген, мұның соңы жақсылыққа соқпасы белгілі болып қалды.
— Бірақ, қымбаттым,— деді мистер Сауербери,— менің сенімен кеңескім келеді.
— Жоқ, жоқ! Кеңеспей-ақ қой!— деп күбірледі миссис Сауербери жалынышты үнмен.— Басқа біреумен кеңес.
Осы арада әлгі жынды күлкі тағы естіліп, мистер Сауерберидің төтенше зәресін ұшырды. Күйеуімен тілдесудің ең коп тараған және арнайы кеңес етуге тұратын бұл жүйесі көбінікі қажетті нәтижеге қол жеткізіп жатады. Бұл миссис Сауерберидің естуге ынтыққан нәрсесін, айрықша өтініш ретінде айтып беруге мистер Сауерберидің қиыла өтінуіне әкеп соқты. Сағаттың төрттен үш бөлігінен аз уақытқа созылған аз-кем тайталастан соң бұған кеңшілік етілді.
— Бұл жасөспірім Твиске байланысты, қымбаттым, — деді мистер Сауербери. — Өзі бір иманжүзді бала екен, қымбаттым.
— Айтары жоқ, соншалықты нансоғарлығымен! — дегенді айтты леди.
— Оның мұңды кейпі, қымбаттым, — деп сөзін жалғады мистер Сауербери,— мұны өте қызықты етіп көрсетеді... Бұдан сүйіктім, кереметтей мылқау жоқтаушы шығар еді...
Миссис Сауербери оған таңданысын жасыра алмай карады. Мұны байқап қалған мистер Сауербери қайырымды ледидің тарапынан қарсылық болуын күтпестен сөзін жалғастырды:
— Мен үлкендерді жерлеу кезіндегі нағыз мылқау жоқтаушы жайында айтып тұрғам жоқ, тек балаларға арналған мылқау жоқтаушыны айтам, қымбаттым. Кішкентайларға лайықты бойы бар мылқау жоқтаушы, сүйіктім, сөз жоқ, жаңалық болар еді. Мұның керемет әсер ететіндігіне күмәнің болмасын.
Іс жерлеу хақына ауысқанда тамаша білгірлік танытатын миссис Сауербери мына ұсынысқа қайран қалған; бірақ қазіргі жағдайда мұны мойындау өз беделіне нұқсан келтіретін болғандықтан, әйел тек қана мұндай қарапайым нәрсе күйеуінің басына бұрын неге келмегендігін сыздана сұрады. Мистер Сауербери әйелінің бұл сөзін өз ұсынысына келіскендігі деп дұрыс шамалады. Сөйтіп, осы арада Оливерді дереу бұл кәсіптің қысырына қандырып, қызметі қажет бола қалған жағдайда ол қожасына еріп жүруі керек деген шешімге келді.
Жағдай да кешікпей туды. Келесі күні ертемен, таңғы тамақтан жарты сағаттан кейін, дүкенге мистер Бамбл кіріп, таяғын сөреге сүйеп, сыйымды былғары әмиянын шығарып, одан бір жапырақ қағаз алып, Сауербериге ұсынды.
— Ехе! — деді жүзі жайнап кеткен табытшы, қағазға үңіліп. — Табытқа заказ ба?
— Алдымен табыт, содан соң приход жерлеуі, — деп жауап қатты мистер Бамбл, өзі сияқты іші қампиған былғары әмиянның аузын байлай беріп.
— Бейтон? — деді табытшы, көзін қағаздан мистер Бамблға аударып. — Мұндай фамилияны ешуақытта естімеп едім.
Бамбл басын шайқап, жауап қатты:
— Қырсық халық, мистер Сауербери, өте қырсық. Оның үстіне тәкаппар ма деп те қорқам.
— Тәкаппар деймісіз? — деп мырс етті табытшы. — Ал енді мұныңыз тіптен...
— Ох, бұл жексұрындық қой! —деп жауап қатты бидл. — Бұл адамгершілікке жатпайды, мистер Сауербери.
— Өте дұрыс сөз, — деп келісті табытшы.
— Біз бұл семья туралы тек үшінші күні кешкісін естідік, — деп сөзін жалғады бидл, — иә, онда да егер сол үйдегі бір әйел приход комитетіне науқасты қарау үшін — жағдайы өте нашар екен, — приход дәрігерін жіберуді өтінбегенде, біз ештеңе білмес едік.
Дәрігер түстікке шақырылып кетіпті де; ал оның шәкірті (өте алғыр бала) оған дереу қарамайдан босаған ыдыспен әлдебір дәрі беріп жіберіпті.
— Жылдамдық деп осыны айт! — деді табытшы.
— Айтары жоқ, — деп қостап қойды бидл. — Бірақ арты қалай болды, жақсылықты білмейтін бүлікшілердің тәртібі қалай болды десеңізші? Күйеуі әйелі азап шегіп жатқан ауруға бұл дәрінің жәрдемі жоқ, сондықтан ол оны іше алмайды дегенді айтып жіберіпті. Ол әйелім мұны ішпейді депті, сэр! Бұдан небәрі бір апта бұрын екі ирландық жұмысшы мен көмір тиеушіге өте көмектескен тамаша, керемет эсер ететін, пайдалы дәрі... Оны қарамайдан босаған ыдысқа салып, тегіннен-тегін беріп жіберсе, ал анау мұны іше алмайды депті, сэр!
Бұл қылықтың жан түршігерлігін мистер Бамбл толығынан сезінген кезде, сөрені таяғымен салып қалып, күйінгеннен қызыл күреңітіп кетті.
— О, — деді табытшы. — Бұл менің басыма ешуақытта келмес еді...
— Ешуақытта сэр, — деп дауыстады бидл. — Және ешкімнің басына ешуақытта! Бірақ енді, ол өлгенде бізге оны жерлеуге тура келеді! Мінеки, адресі және неғұрлым жылдам жасалса соғұрлым жақсы болады.
Осы сөздермен көңілі әбден өрепкіген мистер Бамбл үшбұрыш қалпағын теріс киіп, дүкеннен тез шығып кетті.
— Ах, Оливер, оның ашуланғаны сонша, тіпті сені сұрауды да ұмытып кетті, — деді мистер Сауербери, көшеде кетіп бара жатқан бидлдің артынан қарап тұрып.
— Иә, сэр, — деп жауап қатты жүздесу кезінде бидлдің көзіне түспеуге тырысқан Оливер, мистер Бамблдың даусын есіне түсіргеннің өзінде баланың өнебойы қалшылдап қоя беретін.
Әйткенмен, ол мистер Бамблдың көзіне түспеуге бекерге тырысқан, себебі ақ бешпетті жентльменнің көріпкелдігі өзіне өлердей әсер еткен осы қызмет адамы, енді табытшы Оливерді алған сынақ уақыты біткенше, яғни алдағы жеті жылға түпкілікті келісіммен қалып, қайтадан приходқа масыл болып бару қауіпі өткенше, бала жайындағы әңгімеге жоламауды жөн көрген.
— Тамаша! — деді мистер Сауербери қалпағына жармасып. — Бұл неғұрлым тез аяқталса, соғұрлым жақсы... Ноэ, дүкенге көз қырыңды сал... Оливер, бөркіңді алып, соңымнан ер.
Оливер көніп, кәсіби міндетін атқаруға аттанған қожайынның соңынан ілесті.
Алдымен олар ең адамы көп, қаланың халық тығыз орналасқан кварталдарымен, ал содан соң өздері өткен жерлерінен гөрі әлдеқайда лас та, аянышты тар көшеге бұрылып, сапарларының негізгі нысанасы болған үйді іздестіріп тоқтай қалысқан. Көшенің екі жағында да абажадай үлкен әрі биік, жарлылар тұратын өте ескі үйлер тұр; бұл турасында куәнің де керегі жоқ еді, қолдарын кеудесіне айқастырып, екі бүктетіле, ұрлана басып, көшеден еткен бірнеше әйел мен еркектердің араққа бөккен жүздері де осы қорытындыны растағандай еді. Үйлерде дүкендер бар еді, бірақ оларға айқыш-ұйқыш тақтай қағылып, біртіндеп бұзыла бастапты да, тек жоғарғы қабаттарда ғана адамдар тұрады екен. Уақыт пен шіруден қираған бірқатар үйлер құлап кетпес үшін жол ішегіндегі жерге қазып орнатып, қабырғаға тірелген үлкен ағаш тіреулерге сүйеніп тұр. Бірақ тіпті осы қираған жерлер де, шамасы, үйсіз-күйсіз жарлы-жақыбайларға түнейтін орын қызметін атқарса керек, себебі, есік пен терезелерді жауып тұрған, сүргіленбеген тақтайлар кей жерлерінде адам сиятындай жұлынып алынған. Шұңқырдағы тоқтау сулар лай әрі сасық. Тіпті осы шіріндінің арасында жортып жүрген егеуқұйрықтар да тым жексұрын, қудай арық еді.
Қожайынымен бірге Оливер келіп тоқтаған ашық тұрған есікте тоқпақ та, қонырау да жоқ екен. Қараңғы дәлізбен сипалақтап, сақтана жылжып, Оливерге де қалып қойма, қорықпа дегенді құлағына құйып келе жатқан табытшы екінші қабатқа көтерілді. Баспалдақ алаңына шығатын есікке тірелген ол саусағының буындарымен қаға бастады.
Есікті он үш — он төрттегі қыз ашты. Бөлмеге басын сұғып қарауы-ақ мұң екен, осында жіберілгенін табытшы бірден түсінді.
Ошақта от жоқ, бірақ әлдебір адам әдеттегідей суық ошақ алдында бүкшиіп отыр. Оның қасында, аласа отырғышын жағылмаған пешке жылжытып қойып, бір кемпір жайғасқан. Бір бұрышта алба-жұлба үрпиіскен балалар жүр де, ал есікке қарама-қарсы кішкентай қуыста көрпемен жабылған бірдеңе жатыр. Сол тұсқа көз жіберген Оливердің тұла бойы дір етіп, еріксіз қожайынына ығысқан, әлгі нәрсенің беті жабық жатқанмен өлік екенін бірден түсінген.
Еркектің жүзі пышақ жанығандай, әрі өте құп-қу еді, сақал-шашы ағарған, көзіне қан толған. Кемпірдің жүзін әжім басқан, аман қалған екі тісі төменгі ернінен имиіп шығып тұр, ал көзі өткір, жалт-жұлт етеді. Оливер оған да, еркекке де қарауға қорықты. Олар өзі әлгінде ғана көшеде көрген егеуқұйрықтарға қатты ұқсайтын еді.
— Ешкім де оған жақындамайды! — деп кектене айқайлады еркек, табытшы қуысқа бет алған кезде орнынан атып тұрып. — Жақындамаңыз! Қарғыс атсын сізді, егер өмір қымбат болса жақындамаңыз.
— Сандырақ, достым! — деді қайғы-мұңның барлық түріне көзі үйренген табытшы.— Сандырақ!
— Тыңдаңызшы! — деп айқайлады әлгі кісі жұдырығын түйіп, аяғын жындана тепкілеп. — Тыңдаңызшы! Meн оны жерге көмгізбеймін. Ол одан тыныштық таба алмайды, құрттар маза бермейді... Құрт жегендей де ештеңесі жоқ, ол әбден кеуіп қалған.
Мына есуас сандыраққа жауап ретінде табытшы ләм-мим деген жоқ, қалтасынан өлшеуішін алып, ол өліктің жанына тізерледі.
— Ах, — деп айқайлады еркек, көз жасына ерік бере, өліктің аяғына құлай кетіп.— Тізерлеңдер бәрің, оның алдында тізерлеңдер! Осы айтқаным естеріңде болсын! Айтып тұрмын ғой, оны аштан қатырды деп! Безгегі басталғанша сонша асқынар деп ойламаған ем. Содан қу сүйек боп шыға келді. Ошақта от та, үйде шырақ та жоқ. Ол қараңғыда көз жұмды, қараңғыда! Ол тіпті өз балаларының жүзін де көре алмады, оларды атын атап шақырғанын біз естідік қой. Оған бола мен қайыр сұрап едім, түрмеге отырғызды. Meн үйге келсем, ол өліп қалыпты, оны аштан қатырды. Құдай алдында ант ішейін,— оны аштан қатырды!
Ол шашын жұлып, ойбай салып, еденде дөңбекши бастады; көзі бір орнында тұрып қалған, аузы көбіктеніп кетті.
Шошынған балалар зар жылады, бірақ осы уақыттың ішінде болып жатқанның ештеңесін естімеген кісіше былқ етпей отырған кемпір қорқытып-үркітіп, балалардың жылауын тыйды. Әлі де еденде жатқан еркектің галстугін шешіп, ол теңселе басып табытшыға келді.
— Бұл менің қызым, — деді кемпір, өлік жатқан жаққа қарай басын жұлқып, нақұрыс адамша көзін қысты, мұнысы мәйітті көргеннен де қорқынышты әсер етті. — Құдайым-ай, құдайым-ай! Қандай ғажап еді бұл! Мен оны туған кезде жас әйел едім, енді мен көңілдімін, сап-саумын, ал мынау болса бойы суып, қатып жатыр! Құдайым-ай, құдайым-ай, ойлап көріңіз тек: тап театрдағы сияқты, тап театрдағыдай!
Әлгі аянышты пенде ыбылжып сөйлеп, қиқылдап, жан түршіктірер көңілділікке беріліп жатқанда табытшы есікке беттеген.
— Тоқтай тұрыңыз, — деп айқайлады кемпір. — Оны қашан жерлейді — ертең бе, бүрсүгіні ме, әлде бүгін кешкілік пе? Мен оны көмуге даярладым, енді табытының соңынан ілесуім керек. Маған үлкен шекпен жіберіңіз — жақсы жылы шекпен болсын, өйткені сұмдық суық боп тұр ғой. Және біз кетер алдында самса жеп, шарап ішуіміз керек! Жарар! Нан жіберіңіз — нан мен бір кесе су... Қымбаттым, бізде нан бола ма?..— деп шыдамсыздана сұрады ол, қайтадан есікке беттеген табытшының пальтосына жармасып.
— Иә, иә, — деді табытшы. — Әрине. Сіз не қаласаңыз бәрі де болады!
Ол кемпірдің қолынан жұлқынып шығып, Оливерді сүйрей-мүйрей асығыс шығып кетті.
Келесі күні (бұл уақытта семьяға мистер Бамблдың өзі жеткізген екі фунт нан мен бір кесек ірімшік түрінде үй-ішіне жәрдем берілген) Оливер өз қожайынымен бірге жарлының от басына тағы келсе, табыт көтеруге жұмыс үйінен төрт адам ерткен мистер Бамбл жетіп те үлгіріпті. Кемпір мен еркек алба-жұлба киімдерінің сыртынан ескі қара шекпен жамылыпты, ештеңемен қапталмаған табыттың қақпағын бекіткен соң, жүкшілер оны иықтарына көтерiп, көшеге алып шықты.
— Ал енді қарт леди, тезірек жүріңіз, — деп сыбыр етті (Сауербери кемпірдің құлағына. — Біз кешігіп қалдық, ал священникті күттіріп қоюға болмайды. Алға, балалар, жеделірек басыңдар.
Мұндай нұсқаудан кейін жүкшілер жеп-жеңіл жүктерімен тез-тез басып, адымдап жөнелді де, ал бұларға ерген екеу бар күштерін сап, қалып қоймауға тырысты. Мистер Бамбл мен Сауербери алда ширақ басып бара жатты, ал аяғы қожайындікіндей ұзын емес Оливер бір бүйірде жүгіріп келеді.
Дегенмен мистер Сауерберидің болжамына қарамастан, асығудың ешбір жөні жоқ боп шықты, себебі, бұлар приход қабіріне арналған қалақай қаптап кеткен зират бұрышына жеткенде священник әлі жоқ екен де, үйшіктегі камин алдында отырған клерк бір сағаттан кейін келіп қалуы әбден мүмкін дегенді айтты. Сондықтан табыт қабір жиегіне қойылды, ал ілмиген екеу себелеген суық жаңбыр астында балшыққа батып, шыдамдылықпеп күтіп тұр, ал болғалы тұрған көріністі қызық көріп келген алба-жұлба балалар қабір құлпытастарының арасында жасырынбақ ойнап, тағы басқа да көңіл көтерерлік бірдеңелер ойлап тауып, табыттың үстінен секіріп, мәре-сәре болды. Мистер Сауербери мен Бамбл клерктің өз достары есебінде камин алдына жайғасып, газет оқуға кіріскен.
Ақыры бір сағаттай уақыт өткен соң қабірге қарай жүгіріп келе жатқан мистер Бамбл, Сауербери мен клерк көрінді. Олардың соңдарынан асықпай басып, стихарын киген священник шықты. Содан соң мистер Бамбл әдеп сақтату мақсатымен екі-үш баланы таяқтап алды, ал священник төрт минутта қанша жаназа оқуға мүмкін болса, сонша оқып, стихарын клеркке берді де, қарасын батырды.
— Ал, Билл, — деді Сауербери қабіршіге ,— қабірді көміңдер.
Жұмыс қиын емес еді, қабірде табыттың көптігі сонша, оң үстіңгі қабаттан жер бетіне дейін бірнеше фут қана болатын. Қабірші топырақ тастап, оны аяғымен таптады да, күрегін иығына салып алып, қызықтың осыншалық тез біткеніне көңілдері толмай, улап-шулаған балалардың қоршауында кете барды.
— Барыңыз, достым, — деді Бамбл, еркектің арқасынан қағып, — қазір зират қақпасын жабады.
Қабір ернеуіне келіп тұрғалы қыбыр етпеген әлгі адам басын көтеріп, сөйлеп тұрған кісіге қарады да, бірнеше қадам басқаннан кейін, ес түссіз құлап түсті. Иығынан тaбытшы шешіп алған шекпенге жылап отырған жынды кемпірдің оған қарайтын мұршасы жоқ еді. Сондықтан да еркектің бетіне саптыаяқпен су шашып, анау көзін ашқан кезде, зираттан өйтіп-бүйтіп шығарып жіберді де, қақпаны жауып, тұс-тұсқа тарап кетісті.
— Ал қалай, Оливер, — деп сұрады Сауербери бұлар үйге қайтып келе жатқанда, — бұл саған ұнады ма?
— Ештеңе емес, рахмет, сэр, — деп екі ұштылау жауап қатты Оливер. — Пәлендей ұнаған жоқ, сэр.
— Үйреніп кетесің, Оливер, — деді Сауербери. — Етің өліп кеткен соң бұл түкке тұрмай қалады.
Оливердің мистер Сауербериден еті өліп кету үшін ұзақ уақыт қажет болды ма деп сұрағысы келді. Бірақ ол бұл сауалды қоймағанды жөн көрді де, көргені мен естігендерін сарапқа салып, дүкенге оралды.
VI ТАРАУ
Ноэнің мазағына шамданған Оливер әрекетке кіріседі де, ананы қатты қайран қалдырады
Сынау айы өтті де, Оливер шәкірттікке қабылданды. Жылдың бұл мезгілі ауру-сырқау мол, ғажап кез еді. Саудагерлік тілмен айтқанда табытқа сұраныс көбейді де бірнеше аптада Оливер үлкен тәжірибеге ие болды. Мистер Сауерберидің қулығының жемістері оның ең жарқын үмітінің өзінен де асып түсті. Қызылша ауруының осынша асқынып, балаларды осыншалық баудан түсіруін қарттар да естеріне түсіре алмады; көптеген қаралы шеруді шляпасының лентасы тізесіне дейін түсіп, қаланың барлық аналарының жанын айтып жеткізгісіз аяушылық пен қасіретке толтырып кішкентай Оливер басқарды. Сондай-ақ, мінсіз табытшыға ауадай қажет өзін ұстай білуді үйрену үшін, қожайынымен бірге үлкендерді жерлеуге де қатынасқандықтан рухы күшті адамдардың қатал сын мен қазаны қаншалық мойын ұсыну және беріктікпен қарсы алатынын бақылауға Оливерде мүмкіндік аз болған жоқ.
Айталық, мысалы үшін, Сауербери қандай болмасын бір дәулетті қартаң леди немесе жентльменді жерлеуге заказ алғанда, марқұмның науқасы кезінде тіпті бөгде кісілердің көзінше жұбана алмай, шексіз қайғыға батқан толып жатқан жиендері мен жиеншарлары өз орталарында өздерін аса сергек сезініп, уайым-қайғысыз, өзара көңілді әңгіме-дүкен құрып, мазаларын алған ештеңе болмағандай сезінетінін талай байқады. Әйелдерінің назасын ерлері асқан жайбарақаттықпен көтеретін. Өз кезектерінде, әйелдері де қаралы киімге орана тұрып, оның ішінде қасірет шеге бермей, осы ілгегі өзіне жараса ма, әдемі ме, соның қамын көбірек жейтін тәрізді. Сондай-ақ, жерлеу кезінде ауыр азап шеккен леди мен жентльмендердің үйлеріне оралған соң дереу өздеріне өздері келіп, шай ішіп болғанша жандарының әбден жайланатынын да байқауға болар еді. Осының барлығын көру өте қызғылықты әрі ғибратты болатын да, Оливер осы құбылыстарды үлкен ықыласпен бақылайтын.
Осынау қайырымды жандардың үлгісі Оливерді тағдырға мойынсұнуға үйретті деп, оның өмірбаянын жаза тұрып, кесіп айта алмаймын, бірақ мен мынаны кесіп айта алам, көп айдың жүзінде ол Ноэ Клейполдің мыңқылы мен мазағына шыдап бақты, анау Оливерге бұрынғыдан гөрі қастасты, себебі жаңа шәкірт қара жезл мен ленталы шляпаға ие болғанда, бұл, бұрынғы шәкірт, ескі бөрік пен тері шалбар киіп жүрген, соны қызғанды. Ноэ балаға жаман көзқараста болғандықтан Шарлотт та Оливерден теріс айналған, ал миссис Сауербери оның бітіспес жауы ретінде қала берді, себебі мистер Сауербери баламен достасудан қашпағандай еді: бір жағынан, осы төрт адамның арасында, екінші жағынан кісі жерлеудің аса молдығынан Оливер өзін сыра қайнататын жердегі астық толы қамбада жаңылысып қалып қойған қарны аш торайдай аса Жаман сезінді.
Ал енді мен Оливер тарихының маңызды кезеңіне қадам басам, өйткені, менің алдымда былайша жай, түкке тұрғысыз көрінгенімен, келешекте оның барлық іс-әрекетіне айтарлықтай өзгеріс енгізетін оқиғаны баяндау міндеті тұр.
Бірде Оливер мен Ноэ үйреншікті әдет бойынша, түскі тамақ уақытында ас үйге түскен, бір жарым қадақтай қой өтінің кесегі мейлінше нашар еді. Шарлотты ас үйден шақырып әкеткен шақта, қарны аш, әрі ашулы Ноэ Клейпол егер жас Оливер Твисті ызаландырып, жанын қинаса мына бір қысқа уақытты тамаша пайдалануға болар деп шешкен.
Сол күнәсіз қызыққа кенелмек болған ол аяқтарын дастархан жапқан стол үстіне қойып, Оливерді шашынан тартты, құлағынан созды, «жағымпазсың» деген пікірін де білдірді, қашан да болсын оның дарға асылған кезін тамашаласам деген құштарлығын да айтты, сонымен қатар бұзылған зымиян жетімхана баласынан ғана күтуге болатын өзге де улы сөздерін аямай-ақ төккен. Бірақ осыншама күлкі-мазақтың бірде-бірі көздеген нысанаға жетпеді — яғни Оливердің көзінен жас шығара алмады да, енді бұдан да өткен қу тілділік танытпақ болған Ноэ, өзінен әлдеқайда атақты дөрекі боқтампаздар біреу-міреуді масқаралау үшін күні бүгінге дейін қолданатын әдіске, баланың жеке басына көшті.
— Приход күшігі, — деп бастады Ноэ, — сенің шешең қалай тұрып жатыр?
— Ол өліп қалған, — деп жауап қатты Оливер. — Ол туралы бір ауыз сөз айтпаңыз.
Осыны айтқан Оливердің өңіне қан теуіп, тынысы жиіледі, ал ерні мен танауы ерекше жыбырлай түсті, мистер Клейполдың пайымдауынша, бұл зар еңіреп жылаудың алғы шарттары еді. Осы әсердің құшағындағы анау қайтадан іске кіріскен.
— Шешең неден өлді, приход күшігі? — деп сұрады Ноэ.
— Жүрегі жарылып кеткендіктен, маған кәрі кемпірлер солай деген, — деді Оливер Ноэнің сауалына жауап беруден гөрі өз ойын дауыстай айтып. — Өзім жарылған жүректен қалай өлетіндігін сезетін сияқтымын.
— Тралляля-ля-ля, приход күшігі! — деп дауыстады Ноэ Оливердің жүзінен жасы сорғалай жөнелгенде. — Көзіңнен сораңды ағызған не?
— Сіз емес, — деп жауап қатты Оливер, көз жасын дереу сүртіп тастап. — Дәметпей-ақ қойыңыз!
— Мен емес пе, қарай гөр, — деп жынына тие түсті Ноэ. — Иә, сіз емес! — деп кесіп айтты Оливер.
— Ал енді жететін шығар. Маған анам жайлы бір ауыз сөз айтпаңыз. Жақсылықпен қоялық.
— Жақсылықпен қоялық! — деп дауыстап жіберді Ноэ. — Қарай гөр! Приход күшігі, сен арсыз екенсің! Анаңды ұрайын! Керемет-ақ шығар оның, айтары жоқ! Ой-құдайым-ай!
Осы арада Ноэ басын маңыздана изеп қойды да, титтей қып-қызыл танауын бар мүмкіндігінше тыржитты.
— Сен білемісің, приход күшігі, — деді Оливердің үн-түнсіз қалуынан одан әрі құтырынған анау мысқылдады да екіжүзді үнмен, — сен білемісің приход күшігі, бұған қазір, әрине, ештеңенің жәрдемі жоқ, тіпті сол кезде де оған қол ұшын беруің екіталай еді, мен осыған өкінем ғой. Бәріміздің де осыған ішіміз ашиды және сені де аяймыз. Бірақ сен шешеңнің нағыз салдақы болғандығын біліп қоюың керек, приход күшігі.
— Сіз не дедіңіз? — тұла бойы дір еткен Оливер қайыра сұрап.
— Шешеңнің нағыз салдақы болғандығын, приход күшігі, — бет аузы шімірікпей сөзін қайталады Ноэ. — Және де білемісің, приход күшігі, оның өліп қалғандығы да жақсы болды, әйтпесе оған Брайдуэлде ауыр жұмыспен айналысуға тура келер еді, немесе мұхиттың ар жағына аттанып, болмаса дар ағашында салбырап тұрар еді, ең дұрысырағы соңғысы болар, сірә!
Қаны қайнағандықтан түтігіп кеткен Оливер орнынан атып тұрып, стол мен орындықты төңкеріп тастап, Ноэні кеңірдектен шап беріп, жұлқи тартқанда ананың тістері сақылдап кетті, сонсоң бар күшімен шіреніп соққаннан Ноэ жалпасынан түсті.
Бір минут бұрын ғана бала қатал қарым-қатыпастық кесірінен тып-тыныш, жұп-жуас, елеусіз ғана бірдеңе сияқты еді. Бірақ ақыры оның рухының ашу-ызасы шектен шықты: қайтыс болған анасына жасаған аяусыз жәбір қанын қайнатқан. Кеудесі көріктей бұлқынып, бойын жинап алған, көзі жанып тұр; аяғының астында бүрісіп жатқан қорқақ жәбірлеушісінің үстінде көзі қаһарлана жалт-жұлт етіп, бұрын өзіне де мәлім емес күш-қуатпен анаған айбат шеккенде өзіне-өзі ұқсамай кеткендей еді.
— Мынау мені өлтіреді, — деп зарлап қоя берді Ноэ. — Шарлотт, қожайын! Жаңа шәкірт мені өлтіргелі жатыр. Көмектесіңдер! Жәрдемдесіңдер! Оливер жынданып кетті! Шарлотт!
Ноэнің айғайына ащы дауыспен Шарлотт, одан да гөрі қаттырақ ойбаймен миссис Сауербери үн қосқан; біріншісі ас үйге бүйірдегі есіктен жүгіріп кірген де, ал екіншісі егер төмен түссе өміріне ешқандай қауіп төнбейтіндігіне әбден көзі жеткенше сатыда тұрған-ды.
— Ах, оңбаған! —деп шар-шар етті Шарлотт қаруы толық жетілген ер адамның қайратына тең күшпен Оливерге жабыса кетіп.
— Ах, сен, жақсылық білмейтін кішкентай қанішер, мерез оңбаған!
Осы сөздерінің арасында Шарлотт жиналғандардың қыбын қандыра шырылдай жүріп, Оливерді төмпештеп жатты.
Шарлоттың жұдырығы жуан болатын-ды, әйтседе жынданған Оливерді тәубасына келтіру үшін бұл жұдырық аздық етер деп қауіптенген миссис Сауербери ас үйге атыла еніп, бір қолымен Оливерді ұстай бере, екінші қолымен оның бетінен тырналап, анаған көмекке кіріскен. Ісі осылайша оңға басқан соң Ноэ де еденнен көтеріліп, Оливердің арқасынан жұдырықтай бастады.
Әйтсе де бұл ұзаққа созылу үшін күш-қуатты тым көп қажет ететін жаттығу еді. Ұрып-соғып, тырнаудан титықтары құрыған олар айғайлап, қолдан шығуға әрекеттенген, сөйтсе де аса қорқа қоймаған Оливерді шоланға сүйреп әкеліп, қамап тастады. Осылай болуы-ақ мұң екен, миссис Сауербери креслоға құлай кетіп, ағыл-тегіл еңіреп қоя берді.
— Ах, құдайым-ай, мынау өліп барады, — деп дауыстады Шарлотт, — Ноэ, қымбаттым, бір стакан су әкел! Тезірек!
— О, Шарлотт! — деді миссис Сауербери басы мен аяғына Ноэ құйып жатқан суық судың көптігі мен тыныс алар ауаның жетпейтіндігіне қарамастан анық сөйлеуге тырысып. — О, Шарлотт, мынаның бәрімізді төсегімізде бауыздап тастамағаны қандай бақыт!
— Иә, иә! Бұл деген бақыт қой, миссис, — деп қостап қойды анау. — Тек жөргекте жатқан шағынан бастап маңдайына қанішерлік пен қарақшылық жазылған мұндай жексұрындарды келешекте алмау үшін қожайынға бұл сабақ болатын шығар деген үмітім бар. Сорлы Ноэ! Meн кіргенде, миссис, оның кеудесінде шыбын жаны әзер қалыпты.
— Бейшара-ай! — деді миссис Сауербери приют баласына айрықша жанашырлықпен қарап.
Бешпетінің үстіңгі түймесі Оливердің төбесімен бір деңгейде келетін Ноэ, өзін жанашырлық сөздермен бастан-аяқ көміп жатқанда шағына мұрнын тартып, көзін уқалап, бірнеше тамшы жас сығып шығарды.
— Не істесек екен! — деді миссис Сауербери дауыстап.
— Сендердің қожайындарың да үйде жоқ, үйде бір де бір еркек кіндік жоқ, ал анау болса енді он минуттан соң мына есіктің тас-талқанын шығарар!
Аталған есікті Оливердің іштен барын сала итеруі әлгі жорамалды толығынан растағандай еді.
— Ах, құдайым-ай, — деді Шарлотт. — Не істерімді тіпті білмедім, миссис... Полицияға жіберсек пе екен?
— Әлде солдаттарды шақырамыз ба? — деген ұсыныс енгізді мистер Клейпол.
— Жоқ, деді миссис Сауербери есіне Оливердің ескі танысы түсіп. — Мистер Бамблға жүгіріңіз. Ноэ, оған бір минут та аялдамай, тура қазір осында келсін деңіз! Бөркіңізді іздемей-ақ қойыңыз! Тезірек! Бара жатқанда пышақтың жүзін көгерген көзіңізге ұстаңыз! Ісігі қайтады.
Ноэ жауап қайтаруға уақытын жоғалтып жатпай, ата жөнелді. Жалаңбас, көзіне бәкі басып алып, көшедегі халықтың арасынан жарып өтіп келе жатқан приют баласын көргендер қаншама таңданды десеңізші!
VII ТАРАУ
Оливер бүлігін жалғастыруда
Көше-көшемен оқтай ұшқан Ноэ Клейпол жұмыс үйінің қақпасына жеткенше демін алу үшін бірде-бір рет аялдаған жоқ. Жүзіне жылау мен қорқыныш көлеңкесін жақсырақ жаю үшін осы арада аз-кем бөгелген ол, қақпаны қатты қақты да, осы сықпытымен есікті ашқан қайыршы шалдың алдында тұра қалған еді. Тіпті заманның жақсы кезінің өзінде төңірегінен тек қана жабыққан жүздерді көріп үйренген әлгі шалдың өзі де таңданғаннан шегіне берген.
— Бұл балаға не болды екен? — деп сұраған қайыршы.
— Мистер Бамблды! Мистер Бамблды! — деп айқайлады Ноэ әдейі шарасы таусылған, әрі қатты да мазасыз дауыспен, бұл сөздер кездейсоқ жақын маңда жүрген мистер Бамблдың құлағына жетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге қатты әбіргерге түскен, анау — қызықты да мәнді жағдайға қараңыз — аулаға үш бұрышты қалпағын да киместен шыға келген; бұл тіпті бидлдің өзі кенеттен тап болған сұрапыл күштің әсерінен уақытша өзін-өзі ұстай алмай және өз қадірін де ұмытып кететіндігінің, куәсі.
— О, мистер Бамбл, сэр! — деп бажылдады Ноэ, — Оливер, сэр, Оливер!
— Не, не боп қалды? — деді көзі қуаныштан жайнап қоя берген Бамбл, оның сөзін бөліп жіберіп. — Шынымен қашып кетті ме? Шынымен қашып кетті ме, Ноэ?
— Жоқ, сэр! Қашып кеткен жоқ, сэр! Ол зұлым болып шықты! Ол мені өлтірмек болды, сонан соң, Шарлотты, содан кейін қожайынның әйелін өлтіргісі келді. Ох, мына жерім қандай қатты ауырып бара жатыр десеңізші, сэр!
Осы жерде Ноэ бетін тыржитып, жылан балықтай аласұра бүктетілді. Оливердің есірік, қанқұмарлық шабуылы өзінің іш құрылысына елеулі зиян келтіріп, ауыртып әкетіп бара жатқанын мистер Бамблға осылай ұқтырды.
Жеткізген хабары мистер Бамблды әбден айран-асыр еткендігіне көзі жеткен ол осы әсерді барынша күшейте түсуге тырысып, өзінің алған сұмдық жарақатына бұрынғыдан он есе қаттырақ шағына бастады. Ал аула ішімен келе жатқан ақ бешпетті жентльменді көзі шалған кезде оның ойбайы бұрынғыдан да аяныштырақ естілді, себебі әлгі айтылған жентльменнің назарын аударып, оны да ашындыру қажеттігін ол дұрыс пайымдаған еді.
Жентльменнің назары да шұғыл бұған ауған. Үш қадам аттамай жатып, ол бұрылып қарады да, мына оңбаған бала неге осыншама ұлып тұр және мистер Бамбл неліктен мұның сыбағасын бермейді деп ашулы үнмен сауал берген.
— Бұл бейшара бала, жетімхана мектебінен, сэр, — деп жауап қатты мистер Бамбл. — Мұны өлтіруге сәл-ақ қалған — тіпті өлтірген десе де болар — анау бала ше, Твисті айтам.
— Сайтан алғыр! — ақ бешпетті жентльмен дауыстап жіберіп, қаққан қазықтай мелшиіп қалды. — Мұны мен біліп ем! Әу бастап-ақ бұл бұзық бала ақыры дарға асылмай тынбас деген көріпкелім болып еді.
— Ол сондай-ақ қызметші қызды да өлтірмек болыпты, сэр, — деді мистер Бамбл жүзі шүберектей қуарып.
— Және қожайын әйелді де, — деп сөзге қыстырылды мистер Клейпол.
— Және өз қожайынын да, сіз солай дедіңіз ғой деймін, Ноэ? — дегенді қосты мистер Бамбл.
— Жоқ, қожайын үйде болмады, әйтпесе анау оны да өлтіретін еді, — деп жауап қатты Ноэ, — оны да өлтірем деген.
— Қойшы? Өзі өлтірем деп айтты ма? — деп сұрады ақ бешпетті жентльмен.
— Иә, сэр, — деп жауап қатты Ноэ. — Және ғафу етіңіз, сэр, мистер Бамблдың қазір келіп, ананың сазайын беруге уақыты болмас па екен, соны біліп кел деп еді, қожайын әйел, себебі қожайын үйде болмай тұр.
— Әрине, әрине, — ақ бешпетті жентльмен жымия күліп, өз бойынан үш дюймдай биік тұрған Ноэнің басынан сипап қойды. — Сен жақсы баласың! Міне саған... пенни... Бамбл, таяғыңызды алыңыз да Сауерберидікіне барып, не істеу керектігін көріп келіңізші. Оны аямаңыз, Бамбл.
— Өзім де аямаспын, сэр, — деп жауап берді Бамбл жұртты жоқтауға арналған таяғының ұшы жағына оралған шүберекті түзей беріп.
— Сауербериге де аямасын деп айтыңыз. Көзін көгертіп, бетіне таңба түсірмей одан ештеңе шығара алмайсың, — деді ақ кеудешелі жентльмен.
— Мен бұл турасында да тырысып бағармын, сэр, — деп жауап қатты бидл.
Иесінің көңіл хошына орай, үш бұрышты қалпағы мен таяғын ретке келтірген соң, мистер Бамбл Ноэ Клейполға еріп, табытшының дүкеніне жетуге асықты.
Мұнда істің жағдайы оншалықты оңға баспап еді. Сауербери әлі оралған жоқ болатын да, ал Оливер болса ұраның есігін бастапқыдағы екпінмен өршелене тепкілеп жатқаң. Миссис Сауербери мен Шарлоттың сөздеріне қарағанда оның ашуы соншалықты қорқынышты еді. Мистер Бамбл алдымен келіссөз жүргізіп алып, есікті содан кейін ашуды жөн көрді. Осы мақсатпен ол бастама ретінде есікті бір теуіп қалып, сонан соң аузын кілт салатын тесікке тақай беріп, жуан дауыспен бұйыра тіл қатты:
— Оливер!
— Босатыңдар мені! — деді Оливер ұрадан.
— Сен менің дауысымды танып тұрмысың, Оливер? — деп сұрады мистер Бамбл.
— Иә, — деп жауап қатты Оливер.
— Ал сен қорықпаймысың? Мен сөйлеп тұрғанда қалтырамайсың ба? — деп сұрады мистер Бамбл.
— Жоқ, — деді батыл сөйлеген Оливер.
Естимін деп күткен, естіп үйренгендеріне мүлдем ұқсамайтын мына жауап мистер Бамблды қатты састырған. Ол кілт салатын тесіктен шегініп кетті де, бойын түзеп, тіл ауызсыз аң-таң күйде жанында тұрғандардың анасына бір, мағынасына бір жалтаң-жалтаң қарады.
— Ох, мистер Бамбл, ол сірә, есінен адасқан болуға тиіс, —деді миссис Сауербери. — Егер есінің жартысының өзі дұрыс болған күнде де сізбен бірде бір бала бұлай сөйлесе алмас еді.
— Бұл есінен адасу емес, миссис, — деді Бамбл аз-кем ойланып алып. — Бұл ет қой.
— Не дедіңіз? — деп дауыстап жіберді миссис Сауербери.
— Ет, миссис, ет, — деп қайталады Бамбл қатал түрде нық-нық сөйлеп. — Сіз оны тойындырғансыз, миссис. Сіз оның жағдайындағы адамның табиғатына сай емес жаны мен рухын оятып жібергенсіз. Мұны сізге, миссис Сауербери, приход кеңесінің мүшелері де айтар, ал олар тәжірибесі философтар. Бейшараларға жан мен рухтың қажеті қанша? Біз оларға денесін қалдырғанымыздың өзі де жарайды ғой. Егер де сіз, миссис, баланы ботқаға ғана қаратқанда ғой, мұндай пәле ешқашан да болмас еді.
— Ах, құдайым-ай! — деп зарланып қоя берді миссис Сауербери көзін дұға қылғандай аспанға аударып. — Міне жомарт болудың салдары.
Миссис Сауерберидің Оливерге жасаған жомарттығы мол, ол өзге ешкім аузына да алмайтын жүрек айнытар калдықтармен баланы сараңдық етпен-ақ тойындыратын-ды. Сондықтан да, мистер Бамбл таққан осыншама ауыр айыпты өзіне қабылдау үшін әйелдің көкірегінде қаншама мойын ұсынушылық пен құрбандық жатқандығын аңғару қиын емес. Әділдік үшін айта кету керек, жомарттық деген оның ойында да, сөзінде де, ісінде де болып көрмеген-ді.
— Ах, — деді мистер Бамбл, леди көзін қайтадан төмен түсірген кезде. — Қазір істеуге болатын жалғыз-ақ нәрсе, ол аз-кем ашыққанша бір-екі күн ұрада қалдыра тұру, ал содан соң оны шығарып алып, қашан үйрену мерзімі аяқталғанша жалғыз ботқамен ғана тамақтандыру керек. Бұл өзі нашар семьядан. Тез қызбалыққа салынып кететіндер тобынан, миссис Сауербери! Доктор мен жанында болғандардың айтуынша, мұның шешесі әрбір жөні түзу әйел мүлдем кететін неше түрлі қиындықтар мен азапқа қарамастан осы араға сүйретіліп жеткен.
Мистер Бамбл сөзінің осы жеріне жеткенде, өз анасы жайындағы әңгімені құлағы шалып қалған Оливер есікті екілене тепкіледі де, өзге үн атаулының бәрін көміп жіберді.
Тап осы бір қиын жағдайда Сауербери оралған. Қожайынының сайтанына от түсіру мақсатымен Оливердің жасаған қылмысын екі леди де өсіре баяндап шыққан соң, ол дереу ұраның есігін ашты да, бүлікші шәкіртін жағасынан алып сүйреп шығарды.
Оливердің үстіндегі киімі таяқ жеген кезде дал-дұл болған еді: бет-аузы көгеріп, таңба түсіп қалған: үрпиген шашы маңдайына қарай дудырап кеткен. Бірақ жүзі ашудан алаулап тұр, шоланнан шығарып алған сәтте Ноэге қаһарлана көз тастап қойды, түрі титтей де қорыққан әлпет байқатпайды.
— Айтары жоқ, жақсы-ақ жігіт! — деді Оливерді сілкіп қалған Сауербери жағынан тартып жіберіп.
— Анау менің анамды балағаттады, — деді Оливер.
— Ал жарайды, балағаттады делік, онда не тұр, оңбаған неме?! — деп айқайлады миссис Сауербери. — Сенің шешең оның айтқанындай-ақ болған, тіптен одан да сорақы.
— Жоқ, олай емес, — деді Оливер.
— Жоқ, солай, — деді миссис Сауербери.
— Бұл өтірік! — деп айқайлады Оливер.— Жалған.
Миссис Сауербери көз жасына ерік берді.
Осы ағыл-тегіл көз жасы мистер Сауерберидің ойланып жатуына ырық бермеді. Егер ол Оливерді қатал жазалауға бір минут кідіргеннің өзінде жұбайылық құқына сәйкес шошқа, құбыжық, жәбірлеуші, еркектің ішіндегі азғаны және де басқа толып жатқан, айта берсек, осы тарауға сыйғызу да мүмкін емес, атақ алып шыға келетінін тәжірибелі оқушы өзі-ақ аңдаған болар. Ақиқат үшін айта кету керек: өз өкімі жүрер жерде — ал өкімі жүрер жердің ауқымы да тым тар еді, — ол баланы аяуға ден қойған-ды, ол мүмкін өзінің түпкі мақсаты үшін болар, мүмкін әйелінің Оливерді ұнатпағандығынан да болар. Дегенмен әйелінің ағыл-тегіл көз жасы оны қиын жағдайға душар етті де, ол Оливердің сыбағасын мықтап бергендігі соншалық, тіпті миссис Сауерберидің қыбын қандырды, ал мистер Бамблға шыны керек, приход таяғын іске қосудың қажеттігі болмай қалды. Содан қас қарайғанша Оливер шоланда қамалып отырды, ал кешкісін миссис Сауербери есіктің сыртынан мұның анасының аруағы хақында бірқатар зәрлі сөздерін үйіп-төкті, содан соң Ноэ мен Шарлотт оны неше түрлі ұлы мысқыл, жаман сөздермен құлағын сарсыта отырып, бұған шоқпыт-шоқпыт жатар орнына, жоғарыға шығуды бұйырды.
Табытшының жансыз да меңіреу үрейлі дүкенінде жападан-жалғыз қалған сәтте ғана Оливер осындай сәттен соң тіпті бала көкірегінде де оянуға тиіс сезіміне ерік берген. Ол улы мысқыл сөздерді жеккөрінішпен тыңдаған, жеген қамшыға бір рет те дыбыс шығармаған, себебі оның жүрегі тіпті отқа үйтіп жатса да соңғы минутына дейін қыңқ еткізбейтін кекке толы еді. Бірақ қазір ешкім өзін көрмеген, естімеген шақта, Оливер етпетінен түсіп еңіреп жылағаны соншалық, жас шағында көз жасын осылайша көлдеткендер некен-саяқ-ақ шығар.
Оливер осы қалпында ұзақ отырды. Ол орнынан тұрған кезде шамдалдағы шырақ жанып та біткен-ді. Жан-жағына жіті қарап, төңірегіне құлақ тігіп, есікті жайымен ашып, көшеге көз жүгіртті.
Сұп-суық қараңғы түн еді. Қазір баланың көзіне бұрынғыдан гөрі жұлдыздар жерден тым алыстап кеткендей көрінді, үп еткен жел жоқ, ағаштардан жерге түскен күңгірт көлеңкелер қозғалыссыз, жансыз елестей боп қатып қалған. Ол ақырын ғана есікті жапты. Өлеусірей жанған шырақтың сәулесімен ол әлдебір киім-кешегін қол орамалына түйді де, отырғышқа жайғасып, таң атуын күтті. Ағаш тіреулердің арасынан алғашқы жарық сәулесі көрінген сәтте Оливер орнынан тұрып, есіктің тиегін ағытты. Жан-жағына жасқаншақтай көз тастап, бір минуттай кібіртіктеп қалды да, есікті жауып, көшеге шықты.
Ол қайда қашарын білмей, оң-солына жалтақтай берді. Оның есіне қаладан шыға бере көліктердің жайымен төбеге көтерілетіні түсті. Даланы кесіп өтетін соқпақтың әрі қарай үлкен жолға шығарып білетін бала соған бұрылды да, ілгері қарай тез жүріп кетті.
Мистер Бамбл өзін фермадан жұмыс үйіне әкеле жатқанда, дәл осы соқпақпен ананың жанында жүгіріп келе жатқандығын Оливер есіне сақтап қалыпты. Жол тұп-тура коттедждың қасынан өтетін еді. Осыны ойлағанда жүрегі аттай тулап келген ізімен кері бұрыла жаздады. Дегенмен ол аз жол жүрген жоқ, және кері оралуға да көп уақытын жоғалтар еді. Оның үстіне әлі тым ерте болатын, өзін біреу байқап қалады-ау деп қорыққан да жоқ еді. Сөйтіп, ол ілгері тартты.
Ол үймен қатарласты. Шамасы, тым ерте болғандықтан, үй тұрғындары тегіс ұйықтап жатқан болулары керек. Оливер тоқтап, баққа көз тікті. Бір бала боразда түптеп жатыр; Оливер тоқтап қалғанда әлгі құп-қу жүзін көтеріп еді — бұл өзінің бұрынғы жолдастарының бірі екен. Кетер алдында оны көріп қалғандығына Оливер қатты қуанды: баланың жасы бұдан кіші еді, бірақ Оливер онымен дос болатын, үнемі екеуі бір ойнайтын. Екеуін талай мәрте бірге таяқтаған, аштан қатырған, қамап тастаған.
— Үндеме, Дик, — деді Оливер, бала есікке жүгіріп келіп, саңылаудан мұнымен амандасу үшін шидей арық қолын шығара бергенде. — Әлі ешкім тұрған жоқ па?
— Менен басқа ешкім тұрған жоқ, — деді бала.
— Дик, мені көрдім деп айтып қойып жүрме, — деді Оливер. — Мен қашып кеттім. Мені ұрып-соғып, жәбірледі, енді қайдан болмасын бір алыс жерден өз бақытымды іздемекпін. Бірақ қайдан екенін білмеймін. Туу, сен қандай жүдеусің?
— Дәрігердің мені өледі деп айтқанын естіп қалдым, — деп зорға жымиып жауап берді бала. — Сенімен кездескеніме қуаныштымын. Бар, бара ғой!
— Жоқ, мен сенімен қоштасқым келмейді, — деді Оливер. — Біз әлі жүздесеміз, Дик, Кездесетінімізге мен сенем. Сен әлі сап-сау, бақытты боласың!
— Үміттенем, — деді бала. — Тек өлгеннен кейін. Дәрігердің сөзі рас екенін мен білемін, Оливер, өйткені өңімде ешқашан көрінбейтін аспан, періштелер мен қайырымды адамдар жиі түсіме енеді. Сүйші мені, — деді бала аласа есікке жабысып, Оливердің мойнынан құшақтап. — Қош бол, қымбаттым. Құдай жар болсын!
Осы тілек баланың аузынан шықты, бірақ Оливер өзіне білдірілген тілекті тұңғыш рет естіді, күреске, азапқа, қайғы-қасіретке толы алдағы өмірінде ол мұны ешуақытта есінен шығарған емес.
VIII ТАРАУ
Оливер Лондонға беттейді. Жолда ол бір қызық мінезді жас жентлъменге жолығады
Оливер соқпақ жол аяқталатын асудан өте беріп, қайтадан үлкен жолға шықты. Сағат сегіздің кезі еді. Қаладан бес мильдей алыстап кеткенімен ол түс ауғанша өзін біреу-міреу қуа шығып, қолға түсірер деген қауіппен қоршаулардың сыртымен безіп келе жатты. Ақыры бала жол бойындағы бағанның түбіне отыра кетіп, қайда барып тұрақ табарына алғаш рет ой жүгіртті.
Өзі түбіне жайғасқан бағанға ірі әріптермен осы арадан Лондонға дейін тұп-тура жетпіс миль деп жазылған екен. Осы жазу баланың басына әрқилы ойлар салған. Лондон! Сән-салтанатты, үлкен қала! Ешкім — тіпті мистер Бамблдың өзі де мұны ол жерден таба алмайды. Жұмыс үйіндегі қарттар Лондонда бірде бір жөні түзу жігіт тарықпайды, себебі, бұл үлкен шаһарда шетте өскен жұрттың түсіне де кірмейтін ақша табудың әрқилы жолдары бар десетін. Егерде ешкім қол ұшын бермесе көшеде жан-тәсілім етуге тиіс болатын, үйсіз-күйсіз бала үшін бұл ең қолайлы орын еді. Осындай ойлар басына келуі мұң екен, ол орнынан атып тұрып тағы ілгері кетті.
Өз саяхатының түпкі нысанасына жеткенше қаншалықты қиындық көруге тиіс екендігі санасына жетіп үлгергенше бала мен Лондон арасындағы қашықтық төрт мильдей кеміген. Адымын сәл баяулатып, бала онда қалай жетері жөнінде ойға қалған. Оның түйіншегінде нанның қабығы, дөрекі матадан тігілген көйлек пен екі пар шұлығы ғана бар-ды. Одан басқа әлде бір жерлеу кезінде жақсы қызмет көрсеткені үшін Оливерге Сауерберидің сыйлаған бір пенниі қалтасында жүр екен. «Таза көйлек, жамау түскен екі пар шұлық пен пенни тамаша-ақ, — деп ойлады Оливер. Бірақ мынадай суықта алпыс бес миль жаяу жүруге тиіс адамға бұдан пайда аздау болар?»
Көптеген өзге жұрт тәрізді Оливер де кездесер қиындықтарды ойша таразылауға келгенде алдына жан салмайтын, бірақ осыны көктей өтіп, жеңуге амал табу жағына келсек, мүлдем қауқарсыз еді. Ешбір жеміс бере алмаған ұзақ ойланудан кейін, ол түйіншегін екінші иығына асып алып, әрі қарай жүріп кетті.
Осылайша жиырма мильдей жол жүрген Оливер кепкен нанның қабығы мен жол бойындағы коттеджден сұрап ішкен судан өзге нәр татқан жоқ. Қараңғы түскен соң, ол шабындыққа бұрылды да, үйінді шөпке сүңгіп кіріп, таң атқанша осында жата тұрмақ болған. Жел жап-жалаңаш далада көңілге мұң ұялата ұлып тұрғандықтан алғашында жүрегі секем алып жатқан. Ол қатты тоңды, әрі қарны да аш еді, және де өзін тап қазіргідей ешқашан жападан жалғыз сезінбеген. Дегенмен, жаяулықтан титықтаған ол көп ұзамай бәрін де ұмытып, ұйықтап кетті.
Таңға қарай тұла бойы мұздап, әрі іші ұлып тұрды да, жолында кездескен алғашқы деревняда амалсыздан өз пениін бір кесек нанға айырбастады. Күн келесі түнге алмасқанда ол небәрі он екі мильден артық жол жүре алмаған еді. Қызыл асығы сыздап, шаршағаннан аяқтары бүгіліп кетті. Суық та сызды орында ол тағы бір түн өткізгенде жағдайы тіптен нашарлап кеткен; таңертең жолға шыққанда аяғын әзер сүйретіп келе жатты.
Ол биік тебенің етегінде почта күймесі жақындағанша күтіп тұрды да, сыртында отырған жолаушылардан қайыр сұраған, бірақ бұған назар аударғандар аз болды, олардың өздері де төбенің басына шыққанша күте тұр, сонсоң жарты пенни алуға сай тез жүгіре аламысың соны байқаймыз десті. Сорлы Оливер күймеден қалмауға тырысып-ақ бақты, бірақ жете алмады: ол әбден шаршаған еді, аяқтары да ауырып шыдатпаған. Сырттағы жолаушылар жалқау күшік екенсің, саған ештеңе де тиіс емес деп жарты пеннилерін қалталарына қайта тығып алды. Сөйтіп, күйме шаңнан қою бұлт қалдырып, салдыр-күлдір кете барды.
Бірқатар деревняларда бұл округте қайыр сұрағандарды түрмеге тығатынын айтып ескерткен түрлі-түсті тақтайшалар қағулы тұрды. Бұл әрдайым Оливердің зәресін алатын да, ол мұндай жерлерден тезірек тайып тұруға тырысатын. Ал басқа деревняларда ол қонақүйлердің алдында тұрып арлы-берлі өтіп жатқандарға көз тігетін; бұл көбінесе қонақүй қожайынының жақын маңда жүрген ат айдаушыларының біріне баланы қуып жіберуді бұйырумен тынатын. Себебі — қожайынның бұған сенімі кәміл еді — бала бірдеңені қағып кеткелі жүр дейтін. Егер фермерлердің есігіне барып қайыр сұрай қалса, он жағдайдың тоғызында итке талатамын деп зәресін алатын, ал дүкендерге тұмсығын сұға қалса, бидл жайында әңгіме қозғалып қалатын да, қорыққаннан Оливердің тамағы құрғап кететін, сондықтан да көбінесе оның аузында сілекейіден өзге ештеңе де болмайтын.
Ақыр аяғында, заставадағы жүрегі жұмсақ күзетші мен мейірімді қартаң леди болмағанда Оливердің жапа шегуі, анасының жағдайындай тез аяқталар еді, — басқашарақ айтсақ, корольдің үлкен жолының үстінде жан тапсырар еді. Бірақ заставадағы күзетші мұны нанмен, ірімшікпен тамақтандырды, ал кемесі қирап, алыс елде жалаңаяқ, қаңғып жүрген немересі бар кәрі леди бейшара жетімге аяушылық білдіріп, мүмкіндігі болған бірдеңесін бөліп берген; ең бастысы әйелдің бұған білдірген мейірімді сөзі, аяушылық еткен көз жасы Оливердің жүрегінен осыған дейінгі тартқан барлық азаптарынан гөрі тереңірек орын алды.
Туған қаласынан қара үзгеніне жетінші күн толғанда, аяғын сылти басқан Оливер таңертең ерте Барнет қалашығына келіп кірді. Терезе қақпақтары жабық, көшеде тірі жан жоқ, күнделікті шаруасымен айналысуға әлі ешкім ояна қоймаған кез. Күн нұрын молынан шашып тұр, бірақ аяқтары қанап, үстін шаң басып, біреудің есігінің алдындағы табалдырығында отырған Оливерге өзінің жападан-жалғыздығы мен ешкімге қажеті жоқтығын қаттырақ сезіндіре түскен еді.
Біртіндеп терезе қақпақтары ашылып, терезе перделері сырылды, көшеде жүргіншілер пайда бола бастады. Кейбіреулері бірер минуттай аялдап Оливерге көз тоқтатып қараса, біреулері өтіп бара жатып, бұрылып көз тастайды; бірақ ешкім де оған көмекке келіп, мұнда қайдан тап болғанын сұраған жоқ. Қайыр сұрауға батылы жетпеді. Сөйтіп ол бұрынғысынша есік алдында отыра берген.
Трактирлердің осыншама көптігіне (Барнет қаласындағы әрбір екінші үйге үлкенді-кішілі ішкілікхана орналасқан) қайран қалып, баспалдақта бүрісіп ол ұзақ отырды, тұсынан өтіп жатқан күймелерге немқұрайлы көз тастап, өзінің апта бойы жасына лайық емес ерлік пен батылдық көрсетіп, жүріп өткен жолына мыналарға бірнеше сағат қана қажет-ақ деп ойлап қойды. Кенет ол бірнеше минут бұрын жанынан өте шығып, енді қайта айналып, көшенің арғы бетінен өзін бақылап тұрған баланы көзі шалып қалды. Алғашында ол бұған мән бермеген, бірақ бала бұған тым ұзақ қарағыштаған соң; Оливер де басын көтеріп анаған көзін тура қадады. Сонда бала көшені кесіп өтіп, Оливерге таяп келді де:
— Ей, жігітім, қандай пәлеге душар болдың? — деп сұрады.
Жас саяхатшыға осынау сауалмен тіл қатқан баланың жасы өзімен шамалас болуы керек, бірақ Оливерге ол бұрын кездескен балалардың ішіндегі ең ғажабы болып көрінді. Тәмпіш мұрын, қушық маңдай, бет-жүзінде де көз тоқтатарлық ештеңе жоқ, киімі де кір-кір, бірақ тым маңғаз, өзін үлкендерше ұстайды. Бойы да жасына лайық емес, аяғы қисық, ал көзі өткір, әрі жағымсыз екен. Шляпасы минут сайын ұшып кетуге төбесінде әзер тұр; егер иесінің басын әлсін-әлсін кегжең еткізіп, шляпасын өз орнына қондырып тұратын әдеті болмағанда, мұнысы талай мәрте ұшып та кететін еді. Үстіне киген үлкен кісінің сюртугі өкшесіне түсіп тұр. Жеңін шынтағына дейін қайырып тастаған, шамасы, қолын шалбарының қалтасына емін-еркін салып жүру үшін өстісе керек, қазірде де қолы қалтасында. Жалпы бұл ең бір бетімен кеткен, өзіне өзінің сенімі нық, бойы төрт фут алты дюйм, блюхер башмақты жас жентльмен екен.
— Ей, жігітім! Нендей пәлеге душар болдың? — деп сұрады әлгі оғаш жас жентльмен Оливерден.
— Мен әбден шаршадым, әрі қарным ашты, — деп жауап қатты Оливер көзіне жас алып. — Meн алыстан келдім. Жеті күн жүріп келдім.
— Жеті күн дейсің бе? — деп дауыстап жіберді жас жентльмен. — Түсінемін. Тұмсықтың әмірі бойынша ғой, солай ма? Дегенмен, — деп қосып қойды ол Оливердің таңданыс білдірген көзқарасын байқап қалып, — сен тұмсық дегеннің не екенін білмейсің-ау деймін, құрметтім.
Оливер өз түсінігі бойынша әлгі аталған сөздің құстың аузын білдіретінін айтқан.
— Қандай сарауыз балапан едің! —деп дауыстады жас жентльмен. — Тұмсық, деген — бұл сот қой! Егер сен тұмсықтың әмірімен келе жатсаң, онда тура келе жатқан жоқсың, тұзаққа килігесің, ал одан шығу оңай емес. Сен ешуақытта доңғалақ басқышта болған жоқпысың?
— Қандай доңғалаққа? — деп сұрады Оливер.
— Қандай деймісің? Анау әлгі, өзі тым аз орын алатыны соншалық, тас құмыраның ішінде де айнала беретін доңғалаққа. Ал ол жақсы жұмыс істеген сайын жұрттың да жағдайы қиындай береді, өйткені егер адамдар жақсы тұрмыс құрса, оған жұмысшылар табылмай қалмақ... Енді тыңда, — деп сөзін жалғады жас жентльмен, — саған ішім-жем қажет екен, ол табылады. Қазір менің өзім де тақырға отырып қалғам, дегенмен бірдеңелер табылып қалар, әңгіме соған тірелген екен, мен бөлісемін. Кәне, тұра ғой!.. Бол енді!.. Miнe солай!.. Ал жолға шықтық!
Жас жентльмен Оливердің орнынан тұруына жәрдемдесті де, оны жақын маңдағы ұсақ-түйек дүкеніне ертіп барып, бір кесек ет пен төрт қадақтық бөлкенің жартысын, яғни өз сөзімен айтқанда «төрт пенске кебек нанын» алды; бөлкенің ішіндегі жұмсағын жұлып алып, соның орнына тығып қойғандықтан ғана ет шаңнан аман екен. Нанды қолтығына қысып алған жас жентльмен шағын трактирге бұрылып, оның артқы бөлмесіне өте берген. Мұнда, құпия жас жігіттің қалауы бойынша бір саптаяқ сыра да әкелінді, ал Оливер жаңа досының мезіретін пайдаланып, тамақ жеуге кірісті, ол тамақты ұзақ, әрі көп жеді, ал бұл кезде оғаш бала оған аса зейін қойып бақылап отырды.
— Лондонға бара жатырмысың? — деп сұрады әлгі бала Оливер тамақты жалап-жұқтап болған соң.
— Иә.
— Пәтерің бар ма?
— Жоқ.
— Ақшаң ше?
— Жоқ.
Оғаш бала ысқырып қалып, ұзын жеңінің мүмкіндігінше қалтасына қолын бойлата сұғып жіберді.
— Сіз Лондонда тұрасыз ба? — деп сұрады Оливер.
— Иә, өз үйіме барған кездерде, — деп жауап берді бала. — Сен бүгін қонып шығатын орын іздеуге қарсы емес шығарсың, солай ма?
— Солай етер едім, — деді Оливер. — Өз қаламнан кеткелі мен баспана астында ұйықтап көрген жоқпын.
— Бұған бола уайымдамай-ақ қой, — деді жас жентльмен.
— Бүгін кешкілік мен Лондонда болуым керек, ал онда менің таныс қарт жентльменім бар, ол саған баспана да тауып береді, ақы-пұл да сұрамайды, — әрине, егер оған сені өзі білетін жентльмен таныстырған жағдайда. Ал ол мені біледі деп ойлаймысың! Жо-жоқ! Тіптен білмейді!
Жас жентльмен соңғы айтқанының ұтқыр әзіл екендігін сездіргісі келгендей жымиып күлді де, сырасын тауысып ішті.
Баспана тауып беру жөніндегі күтпеген ұсыныс бас тарту үшін тым қызығарлықтай еді. Оның үстіне қарт жентльмен жуық арада Оливерге тәуір орын да тауып берер деген уәденің де ұшығы шығып қалды. Мұның өзі бұрынғыдан да гөрі достық әңгімеге ұласып, Оливер досының есімінің Джек Даукинс екендігін және оның әлгі айтылған қарт жентльменнің ерекше сүйіспеншілігі мен қамқорлығында жүргенін білді.
Мистер Даукинстің сырт келбеті пәлендей қожайын қамқорлығының куәсі болмай-ақ тұр. Бірақ өзін тым жеңілтек ұстап, әрі аузына келгенін айтып, жақын достарының арасында көбінесе «Епті Суайт» деген әзіл есімімен белгілі екендігін қоса айтқан соң, Оливер мына бала қамқоршысының ақыл-кеңесі әлі күнге дарымай жүрген уайым-қайғысыз, жеңілтек жан шығар деген ойға сайған. Осы әсердің жетегінде кеткен ол, іштей тезінен қарт жентльменнің ықыласына бөленіп, егер Суайт расында да түзелмейтін біреу боп шықса, онымен таныстық құрметінен бас тартуға шешім қабылдап қойды.
Джек Даукинс қараңғы түскенше Лондонға кіргісі келмегендіктен, олар сағат он бірге дейін аялдады да, содан соң ғана Излингтондағы заставаға жетті. «Періштеден» олар Сент-Джон-Роудқа бұрылып, Сэдлорс-Уэлс театрынан барып бітетін кішкене көшемен жүріп өтті, Эксмаут-стрит пен Коппс-Роуды көктей, жұмыс үйінің ауласын кесіп өтіп, Хокли-интер-Хоулды артқа тастап, одан Сафрен-Хилге жетіп, осы арада Суайт Оливерге менің ізіммен өкшелеп отыр деп бұйырды да, ілгері қарай құйындата жөнелді.
Оливердің назары негізінен жолбасшысынан көз жазып қалмау болғанмен, ол жүгіріп келе жатып, анда-санда төңірегіне көз тастап қояды. Бұдан жексұрын жаман жерді ол бұрын көрмеген-ді. Көше өте тар, әрі лас, ауадан сасық иіс мүңкіп тұр. Кішкентай дүкендер өте көп екен, бірақ ондағы жалғыз көзге түсер товар осыншалық кешкі мезгілдің өзінде есіктің алдында, үй-іштерінде улап-шулап, үйіліп-төгіліп жүрген балалар тәрізді. Осындайлық нашар жердегі айдарынан жел есіп тұрған жалғыз мекеме — түзелмейтін ирландық азғындар өңештері жыртылғанша өкіріп-бақырып жатқан трактирлер секілді. Үлкен көшеге жалғасып жатқан жабық аулалардан кішкентай үйшіктер көрініп қалады, мұндай тұстарда мас еркектер мен әйелдер балшыққа аунап жатыр да, ал кейбір есіктерден жымын басып әлдеқандай күдікті жігіттер шығып жатты, бара жатқан істері де тым мақтанарлықтай болмаса керек.
Оливер ең дұрысы тайып тұрсам ба дегенді ойлана бергенше, олар төмпешіктен түсіп те үлгерген. Оның қолынан шап берген жолбасшысы Филд-Лейн маңындағы үйдің есігін ашты да, оны дәлізге сүйреп кіргізіп, есігін жауып қойды.
— Ей, кімсің? — деген дауыс естілді Суайттың ысқырығына.
— Қулық пен табыс! — деді мынау.
Шамасы, бәрі де ойдағыдай дегенді білдіретін пароль немесе белгі болуға тиіс, өйткені қабырғаға дәліздің арғы басынан шырақтың күңгірт жарығы түсті де, ал үйге бастайтын ескі сатының сынған жақтауынан бір ер адамның жүзі көрінді.
— Сендер екеу екенсіңдер ғой, — деді әлгі адам, бір қолымен шырағын көтеріп, екінші қолымен жарықтан көзін көлегейлей беріп. — Мына жаныңдағың, кім?
— Жаңа жолдас қой, — деді Джек Даукинс, Оливерді ілгері итеріп.
— Оны қайдан тауып алдың?
— Сарыауыздар елінен... Феджин жоғарыда ма?
— Иә, сүрткіштерді іріктеп жатыр. Жоғары көтеріліңдер!
Шырақты әкетіп еді, әлгі бейне де ғайып болды.
Бір қолын серігі қатты қысып алған Оливер, қараңғыны екінші қолымен қарманып, ескі сатымен қинала көтерілсе, оның жолбасшысы бұл араның өзіне жақсы таныс екендігінің айғағындай сатымен тез әрі жеңіл лыпыл басып келеді. Ол түпкі бөлменің есігін ашып, Оливерді ішке енгізді.
Бөлменің қабырғалары мен төбесі уақыт пен шаңнан әбден қарайып кеткен. Ошақ алдында қарағай үстел тұр, онда сыра шөлмегіне тығып қойған шырақ, екі-үш қалайы күрешке, нан, май және тәрелке тұр. Ошаққа сым темірмен асып қойған табада сосиска қуырылып жатыр да, оған үңіліп, қолына шанышқы ұстаған, бетін әжім басқан, зәрлі сүйкімсіз жүзін ұйпа-тұйпа сары шашы жауып, өте кәртең еврей тұр. Үстіне түкті матадан тігілген май-май халат киген ол назарын, шамасы, таба мен көптеген жібек қол орамалдар ілінген ілгішке қатар аударып тұрса керек. Төсек орын қызметін атқаратын бірнеше жыртық ескі қаптар бірінің үстінде бірі еденде үйіліп жатыр. Стол төңірегіне жайғасқан жас шамалары Суайтпен қатарлас төрт-бес бала ересек адамдардың кейпімен ұзын қыш қорқор тартып, ішімдікпен әуестенуде. Бәрі өз жолдастарын қоршап алысты, анау еврейге бірнеше сөзді сыбырлаған соң, бастарын бұрып, ыржың-ыржың етісіп, Оливерге қарай қалысты. Шанышқысын қолынан түсірместен еврей де бұдан көз айырмай тұр.
— Мынау сол, Феджин, — деді Джек Даукинс, — менің досым Оливер Твист.
Еврей мырс етіп Оливерге иіліп қойды да, қолын ұсынып, жақынырақ танысу құрметіне ие болармын деген үмітін білдірді. Осыдан кейін Оливерді қоршап алған қорқорлы жентльмендер оның екі қолынан алып, қыса бастады, әсіресе, буыншақ-түйіншек ұстаған қолынан қаттырақ қысысқан. Жентльменнің бірі асқан әдептілікпен оның бөркін іліп қойды, екіншісінің қамқор болғаны соншалық, ол мұның қалтасын тез шарлап шықты да, соңынан Оливерге қатты қалжырағандықтан ұйықтар алдында жанқалтасынан оны-мұнысып шығарып жатудың қажеті болмай қалды. Егер еврей қолындағы шанышқысын дереу іске қосып, іскер жасөспірімдерді басынан, иығынан төпей жөнелмегенде, олардың мұндай ілтипаттары әрі қарай да жалғаса түсер ме еді кім білсін.
— Біз сенімен танысқанымызға аса қуаныштымыз, Оливер, өте қуаныштымыз... — деді еврей. — Суайт, сосисканы ал да, отқа Оливердің ыдысын жақындатып қой. Сен қолорамалдарға қарап отырмысың, сүйіктім? Тым көп қой, солай емес пе? Біз оларды жаңа ғана реттеп, жууға әзірлеп қойғанбыз. Бар болғаны сол ғана, Оливер, сол ғана. Ха-ха-ха!
Соңғы сөздер қуақы кәрі жентльменнің көп үміт күттіретін бүлдіршіндерінің көңілдерін көтере түскен. Осы у-шудың ортасында олар кешкі асқа отырды.
Оливер өз сыбағасын жеген соң, еврей оған су қосылған ыстық джинді ұсынып тұрып, бірден тартып жіберуге бұйырған, себебі стакан басқа жентльменге қажет екен. Оливер көнді. Осыдан кейін өзін жайымен әлгі қаптардың біріне әкеле жатқанын сезді, сонсоң қатты ұйқыға шомды.
IX ТАРАУ
Кәрі жентльмен мен оның үміт күттірер бүлдіршіндері жайында әрқилы мәліметтер береді
Келесі күні Оливер ұзақ та қатты ұйқыдан кейін жай тұрды. Бөлмеде таңертеңгі асқа кәстрөлге кофе қайнатып, жаймен ысқырып қойып, оны темір қасықпен араластырып жатқан кәрі еврейден басқа ешкім жоқ екен. Ол анда-санда тоқтай қалып, төменнен естілген әлсіз шуға құлағын тіге қояды да, өз әуесқойлығын қанағаттандырған соң, қайтадан ысқырып, қасығын қолына алады.
Оливер қазір ұйқыда емес, бірақ әбден оянып та болған жоқ еді. Ұйқы мен сергектіктің арасында осындай ұйқылы-ояу жағдай болады, сіз шала жұмулы көзіңізбен төңіректе болып жатқанды жартылай ғана сезінесіз, дегенмен, кейде бес түн қатарынан қатты ұйқыда жатып көре алмайтын нәрселер осындайда бес-ақ минутта елестен кететін болады. Мұндай сәттерде пенде өзінің ұлы құдіреті жөнінде жерден қара үзіп, уақыт пен кеңістікті сырып тастап, бұлдыр түсінік жасауға қажетті рухы турасында соншалық түйсінеді.
Оливердің қазіргі жағдайы осындай еді. Шала жұмулы көзімен ол еврейді көріп, оның жайымен ысқырғанын естіп жатып, қасықтың кәстрөл ернеуін тырнаған дыбысын аңғарды, дегенмен осы мезгілде оның ойы өзі қашан да болмасын білгендердің барлығын шарлай кеткен еді.
Кофе дайын болған соң, еврей кәстрөлді ошақ үстіндегі тұғырынан алып тастады. Бірнеше минут ойланып тұрып, бейне немен айналысарын білмеген жандай, Оливерге бұрылып қарады да, атын атап дыбыс берген. Анау үн қатқан жоқ, шамасы ұйықтап жатқан болуы керек.
Көңілі орныққан еврей есікке жаймен жақындап барын, іштен бекітіп алды. Сонан соң — Оливерге еден астындағы әлдебір құпия орыннан алынғандай көрінді — шағын қобдишаны шығарып жаймен столға қойды. Қақпағын көтеріп, ішіне үңілгенде оның көзі жалт ете түсті. Үстелге ескі орындықты жақындатын, отыра кетті де, қобдишадан асыл тастармен көмкерілген кереметтей бір алтын сағатты алып шықты.
— Охо, — деп иығын көтерген еврейдің түсін зымиян жымиыс бұзып жіберді. — Ақылды иттер! Ақылды-ақ! Сенімді-ақ! Кәрі тақуаға мұның қайда екенін де айтпаған. Кәрі Феджинге білдірмеген! Білдіріп те қажеті не? Бәрібір бұл түйінді шешіп, қазаны алыстатпас еді. Иә! Жарайсыңдар!
Танауының астынан осы сөздерді міңгірлеген еврей сағатын қайтадан сенімді жерге тығып қойды. Бұдан кейін де ол қобдишадан басқа да бірнеше сағатты, асқан зергерлікпен істелген, Оливер көрмек түгіл естімеген, қалай аталатынынан да хабары жоқ көптеген қымбат әшекейлі сақина, түйреуіш, білезіктерді бір-бірлеп шығарып рахаттанып қарай бастады.
Әлгі қымбатты бұйымдарды қайтадан орнына қойған еврей енді алақанына ғана сыйып кететін тағы бірдеңені алып шықты. Шамасы, оның бетіне өте ұсақ әріптермен бірдеңе жазылған болса керек, өйткені әлгіні стол үстіне қойып жарықты қолымен көлегейлеп, өте мұқият әрі ұзақ уақыт қарады. Ақыры оны да тығып қойып, әлденеден көңілі қалған кейіппен орындықтың арқалығына шалқая кетіп, күбірледі:
— Өлім жазасы деген керемет нәрсе ғой. Өлгендер ешуақытта опық жемейді. Өлгендер ешуақытта басы артық сөздерді оттай алмайды. Ал, мұндай кәсіп үшін ол дегенің ғажап қой! Бесеуін дарға тартып жіберді, сыбайластарын қақпанға түсіріп, қорқақтың жазасын беруге біреуі де қалған жоқ!
Осы сөздерді айтқан еврейдің беталды қарап тұрған көзі бір сәтке Оливердің жүзіне түсті. Баланың жанары үнсіз әуесқойлықпен анаған қадалып қалған, екеуінің көзқарасы қасқағымдай сәтке ғана кездесіп қалғанымен, өзін бақылап жатқандығын сезінуге шалға осының өзі-ақ жеткілікті еді. Ол қобдишаның қақпағын тарс еткізіп жауып, столда жатқан нан турайтын пышақты жұлып алып, орнынан жындана атып тұрды. Бүкіл денесі қалш-қалш етеді, Оливердің зәресі зәр түбіне кеткенімен, пышақтың ауада дірілдеп тұрғандығын көзі шалып қалды.
— Мұны қалай түсінуге болады? — деп айқайлады еврей. — Сен неге мені аңдып жатырсың? Неге ұйықтамағансың? Не көрдің? Айт! Егер жан керек болса, тез айт!
— Meн бұдан әрі ұйықтай алмадым, сэр, — деп жасқана жауап қатты Оливер. — Егер сізге кедергі жасасам кешіріңіз, сэр.
— Сенің ұйықтамай жатқаныңа бір сағаттай боп қалды ма? — деп сұрады еврей, балаға кектене қарап.
— Жоқ, жоқ, — деді Оливер.
— Рас айтамысың? — деп айқайлады қорқынышты кейіпке енген еврей бұрынғыдан да түйіліп.
— Ант етейін, мен ұйықтап жатқам, сэр, — деп жауап қатты Оливер. — Шын айтам, сэр, мен ұйықтап жатқам.
— Жарайды, жарайды, сүйіктім, — деді аяқ астынан өзінің бұрынғы сөйлеу мәнеріне кешкен еврей, жаңа жай ермек үшін ғана шап бергенін көрсеткісі келгендей столға қоймас бұрын қолындағы пышағымен ойнап тұрып.
— Әрине, мен мұны білемін, сүйіктім. Менің тек сені қорқытқым келгені. Сен ержүрек баласың. Ха-ха! Сен ержүрек баласың, Оливер!
Еврей шиқ-шиқ күліп, қолын уқалады, әйтсе де қобдишаға мазасыздана қарап қояды.
— Сен әлгі әдемі заттарды кердің бе, балам? — деп сұрады сәл үнсіз қалған еврей қобдишаға қолын салып тұрып.
— Иә, сэр, — деп жауап қатты Оливер.
— Солай ма! — деді еврей аз-кем өңі қашып. — Бұл... бұл менің заттарым ғой, Оливер. Менің кішкентай ғана мүлкім. Қартайған шағымда талғажу қылуға бары осы. Мені сараң, деп атапты, сүйіктім. Сараң дейді, болғаны сол.
Оливерге осынша сағаты бола тура, мынадай лас қуыста тұрғанына қарағанда мына қарт жентльмен шынында да сараңның нағыз өзі екен деген ой келді; бірақ Суайт пен өзге балаларға қамқорлығына байланысты мұның шығыны көп шығар деген оймен ол еврейге құрметпен көз тастады да, тұруға рұқсат сұрады.
— Әрине, қымбаттым, әрине, — деп жауап қатты қарт жентльмен.
— Анау бұрышта, есіктің жанында су құйылған құмыра тұр. Соны мұнда алып кел, мен саған шылапшын берейін сонсоң сен, сүйіктім, жуынасың.
Оливер орнынан тұрып, бөлменің екінші шетіне барып, құмыраны алуға еңкейе берді. Қайта бұрылғанша қобдиша көзден ғайып болыпты.
Ол жуынып-шайынып, өзін тәртіпке келтіріп, еврейдің әмірімен шылапшындағы суды терезеден төгіп үлгергенше, өткен кеште Оливер қорқормен көрген жап-жас пысық досын ерткен Суайт қайтып оралды; оны бұған ресми түрде Чарли Бейтс деп таныстырды. Төртеуі кофе, піскен ет және Суайт шляпасына салып әкелген ыстық тоқаштан туратып таңғы ас ішуге отырысты.
— Ал, — деді еврей Оливерге қулана қарап қойып, Суайтқа: — бүгін таңертең жұмыс істеген боларсыңдар деп үміттенемін, қымбаттыларым?
— Тамаша! — деп жауап қатты Суайт.
— Сайтанша жапырдық,— деп қостады Чарли Бейтс.
— Алғыр баласыңдар, алғыр баласыңдар! — деп сөзін жалғады еврей. — Сен не әкелдің, Суайт?
— Екі әмиян, — деп жауап қатты әлгі жас жентльмен.
— Астарымен бе?— деп шыдамсыздана сұрады еврей.
— Айтарлықтай нып-нығыз, — деді Суайт оған бірі жасыл, бірі қызыл екі әмиянды ұсынып жатып.
— Бұдан ауырырақ та болуы мүмкін еді, — деді еврей әлгілердің ішіндегілерімен мұқият танысып жатып, — әйткенмен өте әдемі, әрі тыңғылықты істелген екен... Бұл шебер қызметкер емес пе, рас қой, Оливер?
— Иә, иә, өте шебер, сэр, — деді Оливер.
Осы арада болып жатқаннан пәлендей күлкілі ештеңе көре алмай тұрған Оливерді таң қалдырып, жас Чарльз Бейтс қарқылдап қоя берді.
— Ал сен не, әкелдің, қымбаттым? — Феджин Чарли Бейтске қарады.
— Сүрткіштер, — деді жас Бейтс төрт қол орамал шығара беріп.
— Бұл да жаман емес, — деді еврей олардан көз алмай қарап отырып. — Жаман емес, тіптен жаман емес. Бірақ сен бұларға таңбаны дұрыс салмапсың, Чарли, таңбаны инемен сөгіп тастауға тура келеді. Біз Оливерге мұны қалай істеуді үйретеміз... Үйретейік иә, Оливер? Ха-ха-ха!
— Рақыметіңіз, сэр — деді Оливер.
— Қол орамалды сенің де Чарли Бейтс сияқты шебер жасағың келер ме еді, қымбаттым?
— Шын ықыласыммен, сэр, егер сіз мені үйретсеңіз, — деді Оливер.
Жас Бейтс бұл жауаптан да күлдіргі бірдеңе тапса керек, қайтадан ішегі түйілгенше қарқылдаған. Тек ішіп отырған кофесі тыныс жолына кетіп қалып, осы күлкіден өзі ажалынан үш күн бұрын мүрдем кете жаздады.
— Тым сарыауыз неме екен өзі! — деді есін әзер жиған Чарли, өзінің әдепсіздігіне ғафу өтініп жатып.
Суайт үндеген жоқ, тек Оливердің шашын көзіне түсіре ұйпалақтап жіберді де, ұзамай ақыл кірер деп қойды. Осы арада Оливердің қызарып кеткендігін байқаған кәрі жентльмен дереу әңгіме тақырыбын өзгертіп, таңертеңгі жазалауға көп адам келді ме деп сұрады. Балалардың әңгімелерінен екеуінің де сонда болғандығы анықталған соң Оливердің таңданысы шектен шықты, ол бұлардың сонда қай уақытта осыншама жұмысты істеп тастағандығын мүлдем түсіне алмады.
Азанғы астан кейін, үстелді жинастырған соң, қуақы кәрі жентльмен мен екі бала өте қызғылықты да ерекше бір ойын бастап кеткен; қуақы кәрі жентльмен шалбарының бір қалтасына темекі сауыт, екіншісіне жазу кітапшасын, ал бешпетінің қалтасына мойнын орап тұрған шынжыр баулы сағат салып және көйлегіне жасанды бриллианттан түйеруіш қадап, сюртюгінің бар түймелерін салды да оның қалталарына көзілдірігінің қабын және қол орамалын сұғып, қолына таяқ ұстап күннің қай мезгілінде де көшеде кездестіруге болатын қартаң жентльмендерге еліктей бөлме ішін арлы-берлі кезіп кетті. Сөрелерді мұқият қарап жүргендей әлпет танытып, біресе ошақтың жанына, біресе есіктің маңына аялдайды. Өстіп жүріп ұрылардан қауіптенгендей, жан-жағына алақ-жұлақ қарап, ештеңені жоғалтып алмадым ба дегендей кезекпен қалталарын қаққылап қояды, осының бәрін қызықты, әрі шынайы келтіргендігі сонша Оливер көзінен жас аққанша күлді. Осы уақытта екі бала өкшелеп одан қалмай жүр, ал анау бұрылып қараса, көз ілеспес жылдамдықпен тайқып кететіндігі соншалық, тіпті байқап қалу мүмкін емес. Ақыры Суайт оның аяғын басып кетті ме, әлде байқаусызда қағысып қалды ма, ал Чарли Бейтс оған арт жағынан тап беріп, қас қағымдай сәтте таң қаларлық жылдамдықпен темекі сауытын, жазу кітапшасын, шынжыр баулы сағатын, түйреуішін, қол орамалын тіпті көзілдірігінің қабын лып еткізіп алып кетті.
Егер кәрі жентльмен қалтасынан біреуінің қолын сезе қалса, қолдың қай қалтасында жүргендігін дауыстап жібереді де, бүкіл ойын қайтадан басталады.
Осы ойынды бірнеше мәрте қайталап шыққанда, жас жентльмендерге қонаққа екі жас леди келді: біреуінің есімі Бет, екіншісінікі Нэнсн. Олардың аса мұқият таралмағанмен шаштары тым сәнді екен, аяқтарында кірлеу шұлықтары мен башмақтары бар. Оларды өте әдемі деуге келмес, дегенмен беттерінің қызылы көзге ұрып тұр да, содан дені сау, көңілді қыздар тәрізді көрінеді екен. Өздерін өте сүйкімді әрі еркін ұстағандықтан Оливер оларды тамаша қыздар екен деген шешімге келген.
Бұл қонақтар ұзақ уақыт кетпеді. Ледидің бірі іш құрылысым мұздап қалды деген соң, виски әкелінді. Аса қызу әрі тәлім аларлықтай әңгіме басталып кетті. Ақыры Чарли Бейтс тұяқ қыбырлатар уақыт болды деген пікір білдірген. Осы сөзден кейін бөгелместен Суайт, Чарли және екі леди қайырымды қарт еврейден алдын-ала ақша алып, бірге шығып кеткен соң, Оливер бұлар серуенге кеткен болар деп шамалаған.
— Осылай, сүйіктім, — деді Феджин. — Көңілді өмір ғой, солай емес не? Олар ұзақ күнге кетті.
— Олар өз жұмыстарын істеп болды ма, сэр? — деп сұраған Оливер.
— Дұрыс айтасың, — деп жауап қатты еврей, — ал егер серуен кезінде әлдеқандай шаруа шыға қалса, олар сонымен айналысып кетеді, сүйіктім, оған күдігің болмасын. Осылардан үлгі ал, қымбаттым. Олардан үлгі ал, — деп қайталап қойды ол, сөзіне салмақ беру үшін көмір күрегімен ошақты бір ұрып қойып.
— Олар саған не бұйырса бәрін де істе, олардың тілін ал, әсіресе, қымбаттым, Суайттың кеңесіне құлақ сал. Ол әлі үлкен адам болады, егер оған еліктесең, сені де сондай етіп шығарады. Айтпақшы, сүйіктім, осы менің қалтамнан орамалдың шеті шығып тұрған жоқ па?
— Иә, сэр, — деп жауап қатты Оливер.
— Соны мен сезбейтіндей етіп суырып алу сенің қолыңнан келер ме екен, көрейік. Таңертең біз ойнағанда әлгілердің қалай істегенін сен көріп едің ғой.
Оливер Суайттың істегеніндей бір қолымен қалтаның түбін ұстап, екінші қолымен орамалды суырып алды.
— Болдың ба? — деп дауыстады еврей.
— Міне ол, сэр! — деді Оливер оған қол орамалын көрсетіп.
— Сен пысық баласың, сүйіктім, — деді қарт жентльмен, Оливердің басынан мақұлдай сипап. — Мен ешқашан сендей іскер баланы көрген емеспін. Міне саған шиллинг. Егер сен осылайша жалғастыра берсең, сенен дүниедегі ең ұлы адам шығады. Ал енді мұнда кел, мен саған орамалдардан белгіні қалай сөгетінін көрсетейін.
Оливер қарт жентльменнің қалтасынан — әзіл үшін — қол орамал ұрлаудың, мұның ұлы адам болуына қандай қатынасы барын түсіне алмады. Бірақ өзінен жасы көп үлкен еврей бұл жағынан жақсы білетін шығар деген оймен столға келіп отырды да, бірден жаңа жұмысына беріле кірісіп кетті.
X ТАРАУ
Оливер жаңа жолдастарымен жақынырақ танысады, және аса қиындықпен тәжірибе жинақтайды. Бұл шығармадағы қысқа, бірақ аса маңызды тарау
Талай күн бойы Оливер қол орамалдардың (оларды өте көп әкелетін) таңбасын сөгіп, еврейдің бөлмесінен шықпады; кейде еврей мен екі бала әр таң сайын шұғылданатын жоғарыда айтылған ойынға араласып жүрді. Ақыры ол таза ауаны сағынып, кәрі жентльменнен екі жолдасымен бірге жұмысқа жіберуін сан рет өтінді.
Оливердің жұмысқа кірісуге асыққан тағы бір себебі ол кәрі жентльменнің қатал да ізгілікті қылығын сезіп қалды. Егер Суайт пен Чарли Бейтс үйге кешкілік құр қол келетін болса, ол іссіз құр сенделудің оңбағандық әдет екендігін, өмірді еңбекпен өткізу керектігі жөнінде құлақтарының құрыш етін жеп, оларды кешкі ас ішкізбестен ұйықтауға жөнелтетін. Бірде ол тіпті екеуін сатыдан да домалатып түсірді, сол жолғы айтқан ақыл-кеңесі мүлде шектен шығып кетті.
Ақыры соншама есі шыға сұранғанына Оливер рұқсат алатын таң да жетті. Екі-үш күн ұдайы қол орамалдар әкелінбеді де, оған істейтін іс те қалмаған, сондықтан ба көже-көлмек те тым сұйылып кеткен. Кәрі жентльменнің өз келісімін беру себебі де мүмкін содан болар. Қалай болғанда да, ол Оливерге баруға руқсат етті де, оны Чарли Бейтс пен оның досы Суайтқа тапсырды.
Бұлар үшеу болып жолға шықты. Суайт, өз әдеті бойынша, жеңін түрініп, шляпасын шекесіне киген; жасөспірім Бейтс қолын қалтасына салып алшақ басады, орталарында қайда келе жатқандарын да, алдымен қандай кәсіпке үйренерін де ұғына алмай Оливер ілбіп келеді.
Олар асықпай, жалқаулана сүйретіліп басады, ұзамай Оливер осылар кәрі жентльменді алдап, жұмысқа мүлде бармай қояр ма екен деп ойлай бастаған. Оның үстіне Суайттың көшедегі балалардың басындағы бөріктерін жұлып алып, аула ішіне лақтырып жіберетін дөрекі әдеті бар екен, ал Чарли Бейтс жеке меншік ұғымына нұқсан келтіріп, тротуар жиегіндегі сөрелерден алма мен пиязды қағып кетіп, қалталарына тыққыштай берді. Оларына салғандардың сия беретіндігі сонша бүкіл костюмі тек қалталардан тұратын шығар деп ойлауға болатындай. Бұл Оливерге онша ұнай қоймады да, ол өзінің кейін қайтпақ ойы барын білдірмек бола бергенде, Суайттың мінез-құлқы кенеттен өзгеріп, Оливердің ақыл-ойын да басқа бағытқа бұрып жіберді.
Неге екендігі белгісіз «Шалшық» деп аталатын Клеркенуэлдегі алаңның қасындағы тар ауладан шыға бергендері-ақ сол еді, кенет Суайт тоқтай қалып, саусағын ерніне тигізді де, асқан байқампаздықпен жолдастарын кері қарай сүйреп әкетті.
— Не боп қалды? — деп сұрады Оливер.
— Тс... — деп сыбырлады Суайт .— Кітап дүкеншісінің жанындағы ана бір шалды көріп тұрмысың?
— Қарсы беттегі қарт жентльменді ме? —деп сұрады Оливер.
— Көріп тұрмын.
— Жарап қалар! — деді Суайт.
— Бірінші сорт, — дегенді қосты жасөспірім Чарли Бейтс.
Қатты таң қалған Оливер екеуіне кезек көз жүгіртіп өткен, бірақ сұрақ қойып үлгірмеді, себебі ана екеуі байқатпай ғана жолды жүгіре кесіп өтіп, әлгінде ғана көрсеткен қарт жентльменнің сырт жағына жақындай бастаған. Оливер бірнеше қадам басты да, аналардың соңынан ілесерін, немесе кері қайтарын біле алмай, тоқтай қалып, әлгілерге үнсіз таңдана қарап қалды.
Шашын опалаған, алтын жиекті көзілдірігі бар қарт жентльменнің түрі аса құрметті көрінді. Үстінде қара барқыт жағалы шыны түстес фрак пен ашық түсті шалбар киген, қолтығына әдемі бамбук таяқ қысып алған. Сөреден бір кітапша алып, өз кабинетіндегі креслода отырғандай пішінмен зейін сала оқып тұр. Шындығында өзін оның солай сезініп тұруы әбден мүмкін; оның қадалып қалған пішініне қарағанда беріле оқып тұрған кітабынан басқа сөрені де, көшені де, балаларды да байқамағандығы анық еді; әрбір парақтың соңғы жолына жетісімен, ол бетті аударып қойып, келесі беттің бастапқы жолдарынан бастап қайтадан ынталана, беріле оқи бастайды.
Суайт қарт жентльменнің қалтасына қолын сұғып жіберіп, одан қол орамалын суырып алғандығын, сонсоң оны Чарли Бейтске беріп, ақыры, екеуі тұра қашып, бұрыш айналып кеткенін көрген кезде бұдан бірнеше қадам жерде бақырая қарап қалған Оливердің бойын билеген сұмдық пен сасқанының қалай болғандығын айтып жеткізу қиын.
Қас қағымдай сәтте балаға қол орамалдардың, сағаттардың, қымбатты асыл заттардың, және еврейдің бар сыры ашылып сала берді. Бір секундтай ол қимылсыз қалшиып қалған, зәресі ұшқаннан тамырларынан қанның басына шапқаны сонша, өзі отқа түсіп кеткендей көрінген; сонсоң, есі шыға қорыққан ол не істегенін өзі де ұқпастан бар пәрменімен зыта жөнелген.
Мұның бәрі бір минуттың ішінде болып өтті. Тап сол Оливер зыта жөнелген шақта қолын қалтасына салып қол орамалын таба алмаған қарт жентльмен жалт бұрылып, жан-жағына қараған. Қашып бара жатқан баланы көзі шалған ол, әрине, қылмыскер осы болар деп түйді де, бар даусымен: «Ұрыны ұстаңдар!» деп айқайлап жіберіп, кітабын қолына ұстай, оның соңынан тұра ұмтылды.
Бірақ тек қарт жентльмен ғана дабыл көтерген жоқ. Суайт пен жас Бейтс көшемен текке жүгіріп, елдің назарын өздеріне аударуды қаламай, бұрыш айнала бере-ақ алғашқы кездескен подъезге паналаған-ды. У-шуды естіп, қашып бара жатқан Оливерді көрген олар мәселенің мән-жайына бірден қанып, подъезден ырғып шығуға асықты да, «Ұрыны ұстаңдар!» деген айқаймен азаматтыққа тән қылық көрсетіп, қуғынға араласып кеткен.
Оливерді философтар тәрбиелесе де, ол өзін-өзі сақтау табиғаттағы бірінші заң деген тамаша аксиомамен таныс емес-ті. Егер ол бұнымен таныс болса, мынадай жағдайға да әзір болар еді ғой. Әзір болмағандықтан да өлердей қорықты; сондықтан да ол құйындай ұшты, ал артынан айқайлап, ақырын-зекіріп қарт жентльмен мен екі бала қуып келе жатты.
«Ұрыны ұстаңдар! Ұрыны ұстаңдар!» Осы сөздерде сиқырлы күш бар. Бақалшы өз дүкенін, арбакеш арбасын, қасапшы өз сөресін, наубайшы кәрзеңкесін, сүт тасушы шелегін, алып кел, шауып кел өз бумаларын, шәкірт бала сөмкесін, жол төсеуші қайласын, сәби ойыншығын тастай салады. Сонсоң қалай болса солай бірін-бірі қағып-соғып, өкіріп-бақырып, бұрыш айнала бере жүргіншілерді шалып құлатып, иттердің зәресін алып, тауықтарды тым-тырақай қылады; ал көшелер, алаңдар мен аулалардағы айқайдан құлақ тұнады.
«Ұрыны ұстаңдар! Ұрыны ұстаңдар!» Айқайды жүздеген дауыстар заматта қағып әкетіп, әрбір бұрыштан топтың қарасы көбейіп барады. Олар балшық шашыратып, тротуарды тарсылдатып жөңкіліп келеді; терезелер шалқасынан ашылып, үйлерден жұрт жүгіре шығады, топ ілгері ұмтылады, көрермендер Панчты бастан кешкен оқиғаларының ең қызық жерінен қалдырып, адамдар тобына қосыла сала, айқай-шуға еліге түсіп, жаңа жігермен бақырып-шақырады: «Ұрыны ұстаңдар! Ұрыны ұстаңдар!»
«Ұрыны ұстаңдар! Ұрыны ұстаңдар!» Адамзат жүрегінің түкпіріне қайтсе де біреуді құртып жіберуге деген құмарлық ұялаған. Азап шеккен сорлы бала әлі құрығанынан тынысы тарылып, — жүзінде үлкен үрей, көзінде қорқыныш, бетінен баданадай тер тамшылары сорғалап тұр, — қуғыншылардан құтылып кету үшін барын салады, бірақ аналар да әрбір секунд сайын ара қашықтықты жақындата жүгіріп келеді, баланың күшінің сарқыла бастағанын байқаған сайын одан әрі қаттырақ айқайлап, улап-шулап, қуаныштан қыпшырып қояды. «Ұрыны ұстаңдар!» О, иә,құдай үшін, оны аяғаннан болса да ұстасаңыздар екен!
Ақыры ұстады-ау! Дәл тиген жұдырық. Ол жол үстінде жатыр, ал топ оны әуесқойлықпен қоршап алған. Жаңадан келгендер оған бір қарау үшін жұртты итере-митере алға шығады. «Былайырақ тұрсаңыздаршы!» — «Оған ауа жіберіңіздерші!» — «Сандырақ! Ол ондайға тұрмайды». — «Ау, әлгі жентльмен қайда?» — «Әне ол, көшеде келе жатыр». — «Жентльменді ілгері жіберіңіздерші!» — «Мынау сол бала ма, сэр?» «Иә!»
Балшық пен шаңға былғанып, аузы қанаған Оливер үрейі ұшқан көзін өзін қоршап тұрған жұрттың жүзіне қадап жатқанда, оның ең жүйрік қуғыншылары қарт жентльменді жағымпаздана алып келіп, осы ортаға енгізіп жіберді.
— Иә, — деді жентльмен, — мынау тап сол бала болар деп қорқамын.
— Қорқады! —деп міңгірледі топтағы біреулер. — Қайырымдысын!
— Сорлы бала-ай! —деді жентльмен. — Өзі жараланып қапты-ау.
— Бұл мен ғой, сэр! — деді алпамсадай қорбаңдаған жігіт алға шыға беріп. — Мынаның тісіне жұдырығымды жырғызып алдым. Мұны мен ұстадым, сэр.
Өз еңбегіне бірдеңе дәметкен кейіппен әлгі жігіт қолын шляпасына тигізіп, ыржиып қойды, бірақ қарт жентльмен оған көзін жақтырмай тоқтатып, өзі де тұра қашуды ойлап тұрғандай жан-жағына әбігерлене қарады. Егер дәл осы минутта топты полисмен жарып өтіп (мұндай жағдайда бұлардың ең соңынан жететін әдеті ғой) Оливердің жағасынан ала кетпегенде, оның дәл солай істеуге әрекеттенуі, сөйтіп жаңа бір қуғынның басталып кетуі де кәдік еді.
— Кәне, тур! — деді ол дөкір үнмен.
— Шын айтам, оны істеген мен емеспін, сэр. Рас айтам, мұны істеген басқа екі бала! — деп айқайлап жіберді Оливер шарасыздана қолын қысып төңірегіне алақтап. — Олар осы арада жүр.
— Бірақ олар мұнда жоқ қой, — деді полисмен. Ол сөзіне әжуа сарынын енгізбек еді, бірақ онысы шындыққа сай келген: Суайт пей Чарли Бейтс ыңғайы келген алғашқы аулада-ақ іздерін жасырған болатын-ды. — Тұр орныңнан!
— Оны жәбірлемеңіз, — деді қарт жентльмен жұмсақ үнмен.
— Жоқ, мен мұны жәбірлемеспін — деп жауап қатқан полисмен осы сөзінің дәлелі ретінде Оливердің күртешесінің түймесін жұлып ала жаздады. — Кеттік, мен сені білем, таста мұндай өнеріңді. Тұрамысың сен, жоқ па, сайтанның күшігі!
Аяғын әзер басқан Оливер тұруға әрекеттене беріп еді, оны бірден-ақ жағасынан сүйреп көшемен ала жөнелді. Жентльмен полисменмен қатар келе жатыр, ал әлгі топтың ептілері әлсін-әлсін жүгіріп алға шығып Оливерге қарағыштап қояды. Балалар шаттана шулап, барлығы ілгері қарай жол тартқан.
XI ТАРАУ
Полицейлік сот мистер Фэнг жайлы баяндайды және оның сот жүргізу ісіндегі әдістерінен бірқатар мәлімет береді
Қылмыс жасалған аудан астананың аса бір белгілі полицейлік учаскесінің шекарасына енетін. Топ Оливерді тек екі-үш көше және Маттон-Хилл деп аталатын жерге дейін ғана ертіп апару құрметіне ие болды да, әрі қарай оны аласа қақпа арқылы полицейлік соттың лас ауласына кіргізді. Осы тас төселген аулада буларды жақ сақалы үрпиген, қолына бір бау кілт ұстаған толық кісі қарсы алды.
— Не боп қалды? — деп қалай болса солай сұрай салды ол.
— Қол орамал жымқырушы, — деп жауап қатты Оливерді алып келген адам.
— Жәбір көрген кісі сіз бе, сэр? — деген сауал қойды кілтші адам.
— Иә, мен, — деп жауап қатты қарт жентльмен, — бірақ тап осы баланың қол орамалымды ұрлағанына күмәнім бар... Менің... Менің осы іске жол бергім келмеп еді.
— Ендігі қалғаны тек сотқа бару, — деді кілтші адам. — Ол кісінің бір минуттан кейін қолы босайды. Кір, жас қылмыскер. Осы сөздерден соң ол кірпіш қабырғалы камераға бастайтын есікті ашып Оливерді соған қарай шақырған. Осы арада Оливерді тінтіп, ештеңе таба алмаған соң, жауып тастады.
Камераның сұрқы мен көлемі ұраны еске түсіретін, бірақ жарығы тым мардымсыз екен. Өзі адамның аза бойы қаза болғандай лас екен, бұл дүйсенбі күнгі таңертеңгілік еді де, ал мұнда сенбінің кешінен бері алты бірдей маскүнем отырған. Бірақ бұл да ештеңе емес. Біздің полицейлік учаскелерде әр кеш сайын әйелдер мен еркектерді түкке тұрғысыз айып тағып тұтқынға алып зынданға отырғыза береді. Онымен салыстырғанда қылмыстары мойындарына қойылып, өлім жазасына кесілген аса қауіпті қылмыскерлер отырған Ньюгетедегі түрме камераларын сарай деуге боларлықтай. Егер бұған күмән келтіргендер болса өзі-ақ салыстырып көрсін.
Құлыптың кілті шықырлай бұрала бергенде қарт жентльмен Оливерден кем торыққан жоқ. Ол күрсінді де болып еткен әбігердің еріксіз себепкері болған кітабына қайтадан үңілді.
— Мына баланың бет-жүзінде, — деді қарт жентльмен, есіктен жайымен шегіне бере, ойлы пішінде кітаппен иегін соққылап қойып, — осы баланың бет-жүзінде мені еріксіз алаң етіп, әуестендірген бірдеңе бар. Оның кінәлі болуы мүмкін бе? Жүзінде сондай бір... Иә, айтпақшы! — деп дауыстап жіберген қарт жентльмен кенет тоқтай қалып, көзін төбеге қадап, — Ах, құдайым-ай! Осы бір бейнені мен бұрын-қайдан көрдім?
Бірнеше минут ойланған соң қарт жентльмен аулаға шығатын сот камерасының алдыңғы бөлмесіне келіп кірді, осы арада, бұрышқа қарай ығысып, талай жыл уақыт пердесімен тұмшаланған таныс жүздердің тізбегін санасында жандандыра бастады.
— Жоқ, — деді қарт жентльмен басын шайқап. — Шамасы, бұл менің қиялым болар!
Ол әлгі елестерді қайта шолып өтті. Оларды ұзақ уақыт тұмшалаған пердені қайта түсіріп жіберу де оңай емес еді. Бұлардың арасында достарының, жауларының, топ ортасынан жылтыңдаған еміс-еміс таныстарының бейнелері бар болатын; мұнда қазір кемпір болған жас, уылжыған қыздардың да жүздері бар еді, өлім танымастай өзгертіп, қабірге жасырылған бейнелер де бар-ды.
Бірақ қарт жентльмен Оливердің жүзінен ізін таба қоярлықтай бірде-бір бейнені есіне түсіре алмады. Ол санасында оянып кеткен естеліктерімен терең күрсіне қоштасты да, бақытына қарай ұмытшақ қарт жентльмен болғандықтан, оларды кітаптың сарғайған парақтарының арасына қайтадан жерлеп тынды.
Қолында кілті бар адам иығынан түртіп, соңымнан еріп соттың камерасына жүр дегенде ғана есін азар жиған. Қарт асып-сасып кітабын сарт жапты да, тәкаппар да атақты мистер Фэнгтің алдына келіп тұрды.
Соттың камерасы тақтаймен қапталған бірінші бөлмеге орналасқан екен. Мистер Фэнгтің өзі түкпірде, қоршаудың ар жағына жайғасқан да, ал есік жақта ағаш қашаға ұқсас бірдеңе тұр. Оның ішіне мына зәрені алар жағдайдан тұла бойы дір-дір еткен бейшара кішкентай Оливерді тұрғызып қойыпты.
Мистер Фэнг ап-арық, белі ұзын, мойыны иілмейтін, орта бойлы, желкесі мен самайында ғана аздаған шашы қалған адам екен. Жүзі қарадай түнеріп, күреңітіп тұр. Егер ол өзіне қажетті мөлшерден көп ішетіндей әдеті болмағанда, соттың беделін түсірді деген айыппен өзінің сықпытына қарсы айыптау ісін жүргізіп, олжаға шаш етектен батар еді.
Қарт жентльмен құрмет көрсете иіліп, соттың столына жақындады да сөзі мен ісін қапталдастыра:
— Мынау менің фамилиям мен адресім, сэр, — деді.
Сонсоң ол екі қадам кері шегініп, тағы бір жентльмендік сыпайы тағзым жасады да, сауал күтіп тұра берді.
Жазмыштың ісі бойынша, дәл осы сәтте мистер Фэнг таңертеңгі газеттен оның жуықтағы шешімінің бірін ауызға алып, ішкі істер министріне үш жүз елуінші мәрте бұған ерекше әрі төтенше назар аудару керек делінген бас мақаланы оқып отыр еді. Көңіл хошы болмай, қабағын түйіп, ашулана басын көтерді.
— Сіз кімсіз өзі? — деп сұрады мистер Фэнг.
Аз-кем таңданған қарт жентльмен өз визит карточкасын нұсқады.
— Полисмен, — мистер Фэнг карточканы газетпен бірге жақтырмай былайырақ тастай берді, — мынауың кім өзі?
— Менің фамилиям, сэр, — деді қарт жентльмен, жентльменге тән мақаммен сөйлеп, — менің фамилиям, сэр,
Браунлоу... Өз дәрежесін пайдаланып, құрметті адамға жазықсыздан-жазықсыз жәбір көрсетіп отырған соттың аты-жөнін білуге рұқсат етіңіз.
Осы сөздерді айтқан Браунлоу өзінің талап еткен мәліметін айтып беретін біреуді іздестіргендей бөлме ішін көзімен шолып өтті.
— Полисмен, — деп сөзін қайталады мистер Фэнг, бір жағына парақ қағазды тастай беріп, — мынауың өзі не үшін айыпталып отыр?
— Бұл ештеңеге айыпталып отырған жоқ, құрметтім, — деп жауап қатты полисмен. — Ол мына балаға қарсы айыптаушы ретінде келіп отыр, құрметтім.
Құрметті сот мұны өзі де жақсы білетін, бірақ бұл кісінің жынына тиюге таптырмайтын, әрі өзіне залалсыз әдіс еді.
— Балаға қарсы айыптаушы ретінде деймісің, қарай гөр? — деді Фэнг мистер Брауплоудың басынан аяғына дейін жеккөрінішпен көз жүгіртіп өтіп. — Оны ант беруге әкеліңдер!
— Ант берердің алдында мен бір ауыз сөз айтуға рұқсат сұраймын, — деді мистер Браунлоу, — айтайын дегенім, жеке басымның тәжірибесінен көзім жетпей, мен ешқашан нанбас едім...
— Тартыңыз тіліңізді, сэр! —деп бұйыра сөйледі мистер Фэнг.
— Тарта алмаймын, сэр! — деп жауап қатты қарт жентльмен.
— Taп осы минутта тіліңізді тартыңыз, әйтпесе мен сізді осы арадан қуып шығамын! —деп даусын көтерді мистер Фэнг. — Сіз арсыз екенсіз! Сотқа дөрекі сөйлеуге қалай батылыңыз барады?
— Не дедіңіз? — қызарып кеткен қарт жентльмен айқайлап жіберді.
— Мына кісіні ант қабылдауға әкеліңіз! — деді Фэнг клеркке. — Енді бір ауыз сөз де естігім келмейді. Оны ант қабылдауға келтіріңіз.
Мистер Браунлоудың ашу-ызасы шектен шықты, бірақ сезіміне тізгін беру арқылы балаға тек қана залал келтіретінін түсінген мистер Браунлоу өзін тежеп, үнсіз мойынсұнып ант берді.
— Ал, — деді Фэнг, — бұл баланы не үшін айыптап отыр? Сіз не айтпақшы едіңіз, сэр?
— Мен кітап дүкенінің жанында тұрғам... — деп бастай берді Браунлоу.
— Тұра тұрыңыз, сэр, — деді мистер Фэнг. — Полисмен! Полисмен қайда?.. Мұнда екен ғой. Мына полисменді ант қабылдауға әкеліңіз... Ал полисмен, не боп қалды?
Полисмен тиісті тәртіппен кінәліні қалай ұстағандығын, Оливерді тінткенін, бірақ ештеңе таппағанын, өзінің басқадай ештеңе білмейтіндігін рет-ретімен айтып берді.
— Басқадай куәлар бар ма? — деген сауал берді миситер Фэнг.
— Басқа ешкім де жоқ, сэр, — деп жауап берді полисмен.
Мистер Фэнг бірнеше минуттай үнсіз қалды, ал сонсоң жапа шеккен жанға бұрылып, ызалана:
— Мына балаға қарсы айыптау сөзіңізді айтасыз ба, жоқ па? Сіз ант бердіңіз ғой. Егер сіз жауап беруден бас тартар болсаңыз мен сізді сотты құрметтемегеніңіз үшін жазаға тартамын. Сөйтіп сізді...
Сөйлемнің соңы белгісіз болып қалды, себебі қажетті сәтте клерк пен түрмеші қатты жөтеліп, тіпті біріншісі ауыр кітапты әрине, кездейсоқ — еденге түсіріп алды да, соның арқасында сөз мүлде құлаққа шалынбай қалған.
Мистер Браунлоу бірнеше қайтара сөзін бөлгеніне, минут сайын жәбірлеп жатқанына қарамастан өз ісін айтып берді, алғашқы сәтте сасып қалғандықтан, қашып бара жатқан баланың соңынан тұра қуғандығын; сонсоң сот баланы ұры есебінде емес, бірақ ұрылармен сыбайлас есебінде айыпты деп санауына, бірақ заңды бұзбай оған кешірім жасайтын шығар деп үміттенетінін...
— Ол онсызда жазасын тартты, — деді қарт жентльмен сөзінің соңында. — Және де, — деп қосып қойды жігерлене сөйлеген ол сотқа көз тастап, — шынымды айтсам, осыны ауру ма деп қорқамын!
— О, иә, әрине, — деп мысқылдай күлді мистер Фэнг, — Ей, сен қаңғыбас, ондай өнеріңді қой! Оның саған ешбір көмегі жоқ. Атың кім сенің?
Оливер жауап беруге қаншама тырысса да, тілі еркіне көнбей қойды. Ол шөлмектей құп-қу болып кеткен, бөлмедегілердің бәрі шыр айналып бара жатқандай көрінді оған.
— Атың кім деймін сенің, оңбаған! —деп сұрады мистер Фэнг. — Полисмен, мұның есімі кім?
Бұл сөздер қоршаудың жанында тұрған, дөрекілеу, түр-келбетінде қайырымдылық ізі бар ала бешпет киген шалға арналған еді. Ол Оливерге еңкейіп сұрақты қайталап еді, бірақ ананың шынында да оны ұқпай тұрғанына көзі жетті, бірақ баланың жұмған аузын ашпауы соттың одан сайын жынына тиіп, ауырырақ үкім шығаруына апарып соғарын білген соң, ол ойына келгенін айта салуға бел байлаған.
— Ол өз есімін Том Уайт деп тур, құрметтім, — деді әлгі жүрегі жұмсақ полисмен.
— О, оның тіпті әңгімелескісі де келмей ме? — деді Фэнг. — Тамаша, тамаша. Ол қайда тұрады екен?
— Қайда болса сонда, құрметтім! — деді полисмен Оливер өзіне жауап беріп тұрғандай кейіппен.
— Ата-аналары тірі ме? — деп сұрады мистер Фэнг.
— Ол әке-шешем өзімнің титтей кезіліде өліп қалды деп тұр, құрметтім, — дей салды полисмен әдеттегінше.
Тергеу осы араға жеткенде Оливер басын көтеріп, жалына көз тастап, әлсіз дауысымен бір жұтым су сұраған.
— Сандырақ! — деді мистер Фэнг. — Мені ақымақ қылғың келе ме?
— Маған ол расында да науқас сияқты көрініп тұр, құрметтім, — деп қарсылық білдірді полисмен.
— Мен артығырақ білем мұны, — деді мистер Фэнг.
— Оған көмектесіңізші, полисмен, — деді қарт жентльмен еріксіз қолын созып, — ол жығылғалы тұр.
— Ары тұрыңыз, полисмен, — деді Фэнг айқайлап.
— Егер жығылғысы келсе, жығыла берсін.
Осынау сыпайы рұқсатты пайдаланған Оливер есінен танып еденге сылқ ете түсті. Тұрғандар бір-біріне қарасқан, бірақ ешкімнің орнынан қозғалуға батылдары бармады.
— Мен оның әдейі істеп тұрғанын біліп едім, — деді Фэнг осының бәрі әдейі істегендіктің бұлтартпас айғағындай. — Жатса жата берсін. Ұзамай бұл жатысы өзін де жалықтырар.
— Бұл істі қалай шешпек ойыңыз бар, сэр? — деп сұрады клерк.
— Оп-оңай! —деп жауап қатты мистер Фэнг. — Ол үш айға түрмеге отыру жазасына кесілді. Әрине, ауыр жұмысқа жегіледі. Залды босатыңдар!
Есікті ашып, екі кісі ессіз-түссіз жатқан баланы түрме камерасына әкетуге ыңғайлана беріп еді, кенет бөлмеге көнетоз қара костюм киген, жүзі әдепті бірақ кедей, бір орта жастағы адам кіріп келіп, соттың столына беттеді.
— Тоқтай тұрыңдар! Оны әзір әкетпеңдер! Құдай үшін бір минутқа аялдай тұрыңдар! — деп айқайлап жіберді жаңадан келген кісі қатты жүрістен ентігін баса алмай.
Мұндай жерлерде әмір жүргізетіндер бостандыққа, жақсы ат, беделге толығынан ешбір шектеусіз, тіпті ұлы мәртебелінің қоластындағылардың өмірлеріне де иелік ете беретін осы төрт қабырғаның ішінде тіпті періштелердің көз жастарын да көл етерліктей сұмдық оқиғалар болып жататын. Тек анда-санда баспасөзге ілігіп кеткені болмаса мұның бәрі қоғамнан жасырын істелетін. Сондықтан да мистер Фэнг тәртіпке осыншалық әдепсіздікпен нұқсан келтірген шақырылмаған қонаққа қатты ашуланды.
— Бұл не, мынау кім? Бұл кісіні қуып шығыңдар! Залды босатындар! — деп айқайлады мистер Фэнг.
— Жоқ, мен сөйлеймін! — деп айқайлады әлгі адам. — Өзімді қуып шыққанға мен көне алмаймын. Мен бәрін де көрдім. Мен кітап дүкенінің иесімін. Менен ант қабылдауды талап етемін. Менің аузыма құм құя алмайсыздар. Мистер Фэнг, сіз мені тыңдауға тиіссіз! Сіз маған тыйым сала алмайсыз, сэр!
Бұл кісінікі дұрыс еді. Түрінен бір шешімге бел байлағаны көрініп тұр, іс аса маңызды арнаға бұрылды да, оны күстана қылуға болмай қалды.
— Мына кісіні ант беруге әкеліңдер! — деп жақтырмай міңгірледі мистер Фэнг. — Ал не айтпақшы едіңіз?
— Айтайын дегенім, мына жентльмен кітап оқып тұрғанда үш бала — тұтқынға алынған және екеу — көшенің арғы бетінде жүргенін көзім шалды. Ұрлық істеген басқа бала. Мен оның қалай болғанын, ал мына баланың әбден есі шығып, сасып қалғанын да көрдім.
Бұл уақытқа дейін кітап дүкеншісі ентігін басып, енді ұрлықтың қандай жағдайда жасалғанын байыппен айтып берді.
— Сіз мұнда неге ертерек келмедіңіз? — деп сұрады Фэнг аз-кем үнсіз қалып.
— Дүкенге қалдырып кететін ешкімім болмады, — деп жауап қатты анау. — Маған жәрдемдесе алатындардың бәрі қуғынға қосылып кетті. Бұдан бес минут бұрын мен ешкімді таба алмадым, ал мұнда жүгіріп жеткен бетім осы.
— Жапа шегуші кітап оқып тұрды ғой, солай ма? — деп сұрады Фэнг, тағы үнсіз қап.
— Иә, — деп жауап қатты әлгі кісі. — Мына қолындағы кітапты оқып тұрған.
— Мына қолындағысын ба? — деді Фэнг, — ақысын төлеп пе еді?
— Жоқ, төлеген жоқ, — деп жымиды кітап сатушы.
— Ах, құдайым-ай, мүлде ұмытып кетіппін! — деп дауыстап жіберді ұмытшақ қарт жентльмен.
— Айтары шоқ, пайғамбар-ақ, сөйте тұра өзі бейшара баланы айыптап жүр! — деді Фэнг жүрегі жұмсақ жанның кейпін танытпақ ниетпен. — Меніңше, сэр, сіз кітапты өте күдікті, әрі өзіңізге абырой әпермейтін жағдайда иемденіп кеткенсіз. Оның иесі сізді сот арқылы қудаламағаны үшін өзіңізді бақытты санауыңыз керек. Бұл сізге келешекте сабақ болсын, сүйіктім, әйтпесе әділ заң сізбен де айналысып кетер... Бала ақталды. Залды босатыңдар!
— Сайтан алғыр! —деп айқайлап жіберді бұдан әрі өзін-өзі ұстай алмаған қарт жентльмен. — Сайтан алғыр! Мен...
— Залды босатыңдар! —деді сот. —Полисмендер, естимісіңдер! Залды босатыңдар!
Жарлық орындалды. Ашуға булыққан мистер Браунлоуды бір қолына кітабын, бір қолына таяғын ұстатқан күйі шығарып жіберген. Аулаға шыққан оның ашу-ызасы заматта су сепкендей басылды. Тас төселген аулада көйлегінің жағасы ағытылып, шекесіне дымқыл шүберек басылған кішкентай Оливер Твист жатыр; жүзі шөлмектей құп-қу, бүкіл денесі дір-дір етеді.
— Бейшара бала! Бейшара бала! — деді мистер Браунлоу оған еңкейе беріп. — Күйме әкеліңдер! Біреуің барып, күйме жалдап әкеле қойыңдар! Тезірек!
Күйме келіп, бір орындығына Оливерді еппен отырғызған соң, екінші орынды қарт жентльменнің өзі иемденген.
— Сізбен баруға рұқсат етіңіз, — деді кітап дүкеншесінің иесі күймеге басын сұғып.
— Ах, құдайым-ай, сөз бар ма, қымбатты сэр! — деп жылдам жауап қатты мистер Браунлоу. — Мен сізді ұмытып кетіппін. Құдайым-ай, құдайым-ай! Менде әлгі кітабыңыз әлі жүр! Тезірек! Мініңіз! Сорлы бала! Бір минут те аялдауға болмайды.
Кітап дүкеншесінің иесі күймеге мінді де, олар жүріп кетті.
XII ТАРАУ
Оливерге бұрын ешуақытта болмаған жағдай жасалады және тағы да көңілді қарт жентльмен мен оның жас достары жайлы баяндалады
Суайтқа ілескен Оливердің алғаш рет Лондонға кіргендегі жолымен дүрсілдете салып-ұрып келе жатқан күйме Излингтондағы «Періштеге» жеткен соң басқа жаққа бұрылып, ақыры Пентонвил маңындағы ағаштармен көмкерілген көшедегі бір тып-тыныш, тап-таза үйдің алдына келіп тоқтады. Оливерге дереу төсек-орын даярлады да, оған қамқорындағы баланы еппен апарып жатқызуды мистер Браунлоудың өзі қадағалады; осы арада асқан мейірбандықпен баланың қамын жеп, күтімге алды.
Бірақ бірнеше күндер бойына Оливер өзінің жаңа достарының қамқорлығын мүлде сезіне алмаған. Күн шығып, қайта батты, тағы да күн шығып, қайта батты, мұның өзі сан мәрте қайталанғанымен бала кереуетте жанын жеген безгектен дөңбекшіп жатты. Жанды денені жайымен жалап, күйдіріп-жандырған осы отқа қарағанда, өлі денедегі құрт та өз ісіне осыншалық берік сеніммен кіріспейтін шығар.
Ап-арық, өңі құп-қу, өзі әлсіз бала мазасыз ұзақ ұйықтап тұрғандай ақыры көзін де ашты-ау.
— Мынау не бөлме! Мен қайда келіп қалғанмын? — деп сұрады Оливер. — Бұрын еш уақытта мұнда ұйықтап көрмеп ем.
Ол әбден арықтаған, әрі әлсіз еді де, әлгі сөздер аузынан әзер шықты, бірақ осы заматта естіліп қалыпты. Кереуеттің басындағы шымылдық дереу түрілді де, жанындағы креслода іс тігіп отырған үсті-басы аса ұқыпты, қарапайым киінген жылы жүзді кәртең леди орнынан тұрды.
— Тыныш, сүйіктім, — деді кәртең әйел мейірлі үнмен.
— Сенің қозғалмай жатуың керек, әйтпесе қайта ауырып қаласың. Жағдайың өте нашар еді, айтып сұрама тіпті. Жата ғой, ақылды бол!
Осы сөздерден кейін кәртең леди жайымен Оливердің басын жастыққа тигізді де, маңдайына түскен шашын кері қайырып, оған аса бір мейіріммен қарап еді, бала еріксіз нендей арық қолымен әйелдің қолына жармаса кетіп, онымен өз мойнын орай қойған.
— Құдай сақтай гөр! —деді кәртең леди көзіне жас алып. — Қандай жүрегі жұмсақ бала еді өзі! Қандай жақсы бала! Осындай жағдайда қазір дәл мен сияқты басында өз анасы бұған қарап отырса қайтер еді?
— Мүмкін, анам мені көріп отырған болар, — деп күбірледі Оливер, қолдарын көкірегіне айқастырып. — Мүмкін ол менің жанымда отырған да болар. Маған анам жанымда отырған тәрізді көрінгені.
— Бұл безгектен ғой, сүйіктім, — деді кәртең леди.
— Шамасы, — деді Оливер, — науқас баланың қасына келуге аспан бізден тым алыс болар әрі олар ана жақта аса бақытты шығар. Бірақ егер анам менің ауырғанымды білсе жаны ашуы керек еді, себебі көз жұмарда өзіне де тым қиын болды ғой. Бәлкім, ол мен жайында ештеңе білмейтін де шығар, — деді аз-кем үнсіздіктен соң Оливер. — Егер ол мені осыншалық жәбірлегенін сезсе, бұл оны қатты қапаландырар еді, бірақ менің түсіме кіргенде оның жүзі сондайлық жайдары да бақытты болатын.
Кәртең әйел бұған ләм-мим деп жауап қатқан жоқ, алдымен көзін сонсоң көрпе үстінде жатқан көзілдірігін сүртті, Оливерге әлдеқандай бір сусын берді де, оған тыныш жатуға тиіс екендігін, әйтпесе қайта ауырып қалатындығын ескертті.
Сондықтан да, Оливер бір жағынан, кәртең леди не айтса соны орындау үшін, екіншіден, шындығына көшкенде әлгі әңгімеден соң қатты қалжырап қалғандықтан үн-түнсіз, тып-тыныш жатқан-ды. Ұзамай оның көзі ілініп кетті, тек төсегінің жанына қойылған шырақтың сәулесі бетіне түскенде оянып кетіп еді, бір қолына тық-тық етіп жүріп тұрған шомбалдай алтын сағат ұстап, мұның тамырын байқап көріп, жағдайы жақсы болып қалған екен деп тұрған жентльменді көзі шалды.
— Қазір жағдайыңның жақсы екені рас қой, қымбаттым, — деді жентльмен.
— Иә, рахмет сізге, — деді Оливер.
— Жақсы екенін өзім де біліп тұрмын, — деді жентльмен. — Сенің ас ішкің келеді, солай ғой?
— Жоқ, сэр, — деп жауап берді Оливер.
— Ім, — деді жентльмен. — Тамақ ішкің келмейтінін өзім де сезіп тұрмын. Оның асқа зауқы жоқ, миссис Бэдуин, — деді әлгі жентльмен терең ойға батқан пішінмен.
Кәртең леди дәрігерді өте ақылды адам деп санайтынын білдіргісі келгендей басын құрметпен иіп қойды. Дәрігердің өзі жөніндегі пікірі де осындай болса керек.
— Сені ұйқы меңдетіп тұр ғой, қымбаттым? — деді дәрігер.
— Жоқ сэр, — деп жауап берді Оливер.
— Солай! — деді дәрігер аса қырағы әрі көңілі толғандай пішінмен. — Сенің ұйқың келмейді. Шөлдеген де жоқсың ғой, солай ма?
— Шөлдедім, сэр, — деп жауап қатты Оливер.
— Өзім де солай ғой деп шамалағам, — деді дәрігер.
— Оның шөлдеуі әбден заңды құбылыс. Сіздің оған аздап шай беруіңізге болады, сударыня, және майсыз кепкен наннан. Үстіне көрпені де тым үйе бермеңіз, және салқындап қалмауын да қадағалаңыз.
Кәртең леди иіліп тағзым етті. Аздап салқындатқан сусынның дәмін татқан дәрігер өз ықыласын білдірді де, асыға басып, шығып кетті, ол сатымен төмен түскенде аяқ киімінің салмақты сықыры қатты естіліп бара жатты.
Осыдан кейін Оливердің көзі тағы ілініп кетті де, қайта оянған кезде түн ортасынан ауған еді. Кәртең леди мейірлі үнмен оның жақсы ұйықтап шығуына тілегін білдірді де, оны титтей құран кітап пен үлкен түнгі чепенін түйіншегіне салып ала келген толық кемпірдің қарауына қалдырды. Чепенін басына киіп, құран кітабын столға қойған кемпір түнде мұның басы-қасында отыру үшін келгендігін хабарлады, сонан соң отырғышты каминге таман жылжытып ұйқыға басты.
Ахылап-уһілеп теңселе берген соң қайта-қайта оянып кете берді. Әйткенмен, бұдан ешқандай оқыс оқиғалар туындай қойған жоқ, тек оянған сайын мұрынын қайта-қайта уқалап қояды да, қайтадан ұйқыға бас қояды.
Түнгі сағаттар өтіп болар емес. Оливер шырақ сәулесі төбеге түсірген дөңгелекшелерді санап, сонан соң шаршаған жанарын қабырғаға жапсырылған қағаздағы ұсақ суреттерге қадап көпке дейін ұйықтай алмады. Бөлмеде қараңғылық пен тыныштық орнаған. Олар баланы, бұл араны көптеген күндер мен түндер бойы ажал торығанын, мүмкін оның қатерлі ізі әлі де қалды ма екен деген ойға қалдырған; ол басын жастыққа тығып жіберіп, құдайға сыйына берді.
Ақырында бала қатты ұйқыға кетті.
Оливер көзін ашқан кезде жерге әбден жарық түскен еді, ол өзін сергек, әрі бақытты сезінді. Науқасының беті бері қарап, Оливер аман қалды.
Үш күн өткен соң ол жан-жағынан жастықпен демеп креслода отыра алатын халге жеткен; бірақ әлі де өте әлсіз әрі жүре алмайтын болғандықтан миссис Бэдуин — экономка — оны өзі тұратын төмендегі бөлмеге көтеріп әкелді. Оливерді каминнің алдына жайғастырып, қайырымды қартаң леди өзі де отыра кетті де, баланың халінің жақсарғанына қуанғаннан жылап қоя берген.
— Маған назар аудармай-ақ қой, сүйіктім, — деді қартаң леди. — Кішкене жылап алғым келіп түр... Міне, енді қойдым, жүрегім жаңа орнына түсті.
— Сіз маған қатты қайырымдылық, еттіңіз, сударыня, — деді Оливер.
— Қой, олай деме, қымбаттым, — деді қартаң леди. — Мұның сенің ішуге тиіс сорпаңа ешқандай қатынасты жоқ, ал сен оны ішуге тиіссің, себебі дәрігер мистер Браунлоудың бүгін таңертең саған келуіне рұқсат етті, түр-келбетің де осыған сай болуы керек; жағдайың неғұрлым жақсы болса, ол да соғұрлым риза болмақ.
Осы сөздерден кейін қартаң леди кәстрөлдегі сорпаны ысытуға кірісті, оның қою болғаны соншама, Оливердің пікірінше, егер мұны ойдағыдай сұйылтқан болса, құрып кеткенде үш жүз елу кедейге түскі тамаққа жетер еді.
— Сен суреттерді ұнатамысың, қымбаттым? — деп сұрады қартаң леди отырған креслосының қарсы бетіндегі қабырғадағы суреттен Оливердің көз айырмай отырғанын байқап.
— Шынымды айтсам, білмеймін, сударыня — деді Оливер әлгі кенептен көзін алмай. — Мен суреттерді өте аз кердім, жақсы-жаманын ажырата да алмаймын. Мынау ледидің бет-пішіні қандай әдемі, сұлу еді!
— Ах! —деді қартаң леди. — Суретшілер әдетте әйелдерді өмірдегіден әдемірек бейнелеуге тырысады, әйтпесе оларға ешкім заказ бермес еді. Жұрттың суретін түсіретін машинаны ойлап тапқан адам оның пәлендей табысқа жете қоймасын түсінуге тиіс еді. Өйткені, ол тым шыншыл ғой, тым шыншыл, — деді қартаң леди тапқырлығына риза пішінмен ақтарыла күліп.
— Ал мынау... мынау портрет пе, сударыня? — деп сұрады Оливер.
— Иә, — деді қартаң леди, бір сәтке сорпадан басын көтеріп. — Бұл портрет қой.
— Кімдікі, сударыня? — деп сұрады Оливер.
— Шынымды айтсам білмеймін, қымбаттым, — деп ағынан жарыла жауап қатты қартаң леди. — Бұл суреттегі ханымды екеуіміз де білмейміз ғой деймін. Өзі саған ұнаған ғой деймін, ә?
— Керемет сұлу әйел екен, — деді Оливер.
— Сен өзі осыдан қорқып тұрған жоқсың ба? — деп сұрады қартаң леди, баланың әлгі суретке әлдебір құрметті үреймен қарап тұрғанына айран-асыр қалып.
— Жоқ, жоқ, — деді Оливер тез жауап қатып. — Көзі сондай мұңды, және мен отырған орыннан қарағанда тура маған көз тастап тұрған тәрізді. Жүрегім тулап барады, — деп сыбырлай сөзін жалғады Оливер, — бейне мына бір суреттің жаны бар, менімен сөйлескісі келетін сияқты, бірақ тілдесе алмайтындай.
— Құдай сақтай гөр, — деп дауыстап жіберді тұла бойы дір ете түскен қартаң леди. — Бұлай деуге болмайды, балам менің. Сен әлі әлсізсің, науқастан кейін жүйкең де қалпына келген жоқ. Кәнеки, мен сенің креслоңды басқа қабырғаға жылжытайын, сонда ол саған көрінбейтін болады. Міне, осылай! — деді қартаң леди өз ойлағанын жүзеге асырып. — Сен енді оны көрмейтін боласың.
Оливер суретті орнын өзгертпегендей-ақ көңіл көзімен көріп отыр; бірақ оның мейірімді қартаң ледиді ренжіткісі келмеді; сондықтан да әйел өзіне қарағанда жымиып күліп қойды. Миссис Бэдуин баланың сабасына түскеніне қуана отырып, сорпаға тұз және кепкен нан салды, осы шараларды іске асырған соң өзі әбден әбігерленіп қалды. Оливер сорпаны тез ішіп алды. Соңғы қасықты ішіп болғаны-ақ сол еді, жайымен есік қағылды.
— Кіріңіз, — деді қартаң леди.
Есіктен мистер Браунлоу көрінді.
Қарт жентльмен бөлмеге ширақ басып кірген, бірақ ол Оливерді анығырақ көру үшін көзәйнегін маңдайына ысырып, қолдарын халатының астынан беліне айқастырып алуы мұң екен, беті біртүрлі жыбыр-жыбыр етіп кетті. Оливер науқасынан кейін құлағынан күн көрініп тұрғандай әбден арықтап, құр сүлдері қалғандай екен. Өз қамқоршысына құрмет көрсету үшін ол орнынан тұруға әрекет жасап көріп еді, бірақ креслоға қайта құлап түсті. Ал егер шындықты айтсақ, адамды сүюге құштар ондаған қарт жентльмендерге артығымен жетіп қалатын мистер Браунлоудың үлкен жүрегі әлдебір гидравликалық әдістің әсерінен оның көзін жасқа толтырып шыға келген, оның не нәрсе екендігін жеткілікті дәрежедегі философ болмағандықтан түсіндіруден біз бас тартамыз.
— Бейшара бала, бейшара бала! — деді мистер Браунлоу жөтеліп қойып. — Бүгін аздап менің даусым қарлығып қалыпты, миссис Бэдуин. Суық тигізіп алдым ба деп қорқам.
— Мен олай деп ойламаймын, сэр, — деді миссис Бэдуин.— Сіздің барлық заттарыңыз да жақсы кептірілген болатын, сэр.
— Білмеймін, Бэдуин, білмедім, — деді мистер Браунлоу. — Байқауымша, кешегі түскі ас кезінде маған дымқыл орамал ұсынған болуы керек, бірақ мұнда тұрған түк те жоқ... Ал сенің халің қалай, қымбаттым?
— Өте жақсы, сэр, — деп жауап қатты Оливер, — Сіздің маған деген қамқорлығыңызға аса ризамын, сэр.
— Жақсы бала... — деп кесіп айтты мистер Браунлоу.
— Сіз оған тамақ бердіңіз бе, Бэдуин? — Сұйықтау көже ме, бірдеңе дегендей?
— Сэр, ол жаңа ғана бір тарелка тамаша сорпа ішті, — деп жауап қатты миссис Бэдуин, бойын тіктеп алып, соңғы сөзіне екпін түсіре сөйлеп. Осы сөзімен сұйықтау көже мен бабына келтіре пісірілген сорпаның бір-бірімен туыстас та, ұқсас та болмайтындығын аңғартқандай.
— Ух, — деді мистер Браунлоу иықтарын қозғап қойып. — Екі рюмке тамаша портвейн оған әлдеқайда пайдалырақ болар еді. Солай емес не, Том Уайт?
— Менің есімім Оливер, сэр, — деді кішкентай науқас таңдана сөйлеп.
— Оливер, — деп қайталады мистер Браунлоу. — Оливер, ал әрі қарай ше? Оливер Уайт па?
— Жоқ, сэр, Твист, Оливер Твист.
— Қызық есім екен, — деді қарт жентльмен. — Сен неге сотқа есімім Том Уаит дедің?
— Мен оған олай дегенім жоқ, сэр, — деп қарсылық білдірді Оливер ештеңеге түсінбей.
Бұл сөз жалған сияқты көрініп кетті де, қарт жентльмен Оливерге түйіле қарап қойды. Бірақ оған сенбеу де ақылға сыйымсыз еді, жұп-жұқа, құп-қудай жүзінен шындық есіп тұрғандай еді.
— Бір түсінбеушілік болар! —деді мистер Браунлоу.
Оның енді Оливерге қадалып қарауға негізі де жоқ еді, әйтсе де оның бет-жүзінің өзіне таныс біреудің дидарымен қатты ұқсастығы қарт жентльменнің ойын қайта-қайта билеп алды да, ол көзін одан ала алмаған.
— Сіз маған ашуланбассыз деп үміттенемін, сэр, — деді Оливер оған жалынышпен көз тастап.
— Мүлдем ашуланған емес, — деді қарт жентльмен. — Бұл не болғаны? Бэдуин, қараңызшы!
Осы сөзден соң ол саусағымен баланың бас жағында тұрған суретті, содан соң Оливердің жүзін корсетті. Сойып қаптап қойғандай. Көзі, маңдайы, аузы, бет-бедері — бәрі де ұқсас. Таңқаларлық дәлдікпен бет-жүзінің әрбір кішкентай бедерін тұп-тура көшіре салған сияқты!
Оливер бұл таңданыстың себебін біле алмады, өйткені бұған төтеп беруге жетерлік шамасы болмады да, ол есінен танып қалды.
Оның бойынан байқалып қалған мына әлсіздік бізге көңілді қарт жентльменнің екі жас шәкіртіне деген оқырман құмарлығын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мистер Браунлоудың меншігін қымқырып қалып, ақыры Оливерді өкшелеп қууға қатынасумен тынған Суайт пен оның лайықты досы жас Бейтстің әрекеті — өз бастарының амандығын ойлағандық еді.
Ал нағыз ағылшын ең алдымен өзінің азаматтық еркіндігі және бас бостандығын көбірек мақтаныш ететін болғандықтан, кейбір терең ойлы философтар Табиғаттың барша іс-әрекеттеріне сәйкестендірген шағын заңдар жинағында бекітіліп, қуатталып отырылған жеке қауіпсіздіктері мен бас амандықтары хақында Суайт пен жасөспірім Бейтстің қылықтары оларды барша қоғам қайраткерлері мен патриоттарының көз алдында көкке көтеруге тиіс екеніне оқырмандар назарын аударып жатудың қажеті бола қоймас! Әлгі аталған философтар асқан данышпандық пен қайырымды табиғаттың іс-әрекеттерін ережелер мен теорияларға матап беріп, жүрекке, ізгілікке және сезімге қатысты нәрсенің барлығын сылып тастады. Өйткені бұл қасиеттер көпшіліктің келісіміне байланысты толып жатқан кішкентай осалдықтар мен кемшіліктерден жоғары тұр деп табылды.
Егер маған әлгі жас жентльмендердің мінез-құлықтарының философиялық астарын құптайтын қандай да болмасын дәлел қажет болса, дереу мына (бұл әңгіменің бас жағында айтылып кеткен), жұрт назары түгелдей Оливерге ауғанда, қуғыннан бас тартып, кідірместен төте жолмен үйлеріне қайтып кеткен фактісін ала қояр едім. Діндарлар, бәрін білгіш ғұламалар ұлы ой қорытындыларына жетер жолды қысқартар әдетке тым әуес дегелі тұрмасам да, (шындығында, олар тасқындаған ойлар нөміріне ілесіп кетуге бейім мастар тәрізді бұл қашықтықты әрқилы көп сөзділікпен, жалтақтаумен ұзарта түсуге даяр тұрады), бірақ көптеген ұлы философтар өз теориясын дамыта отырып, үлкен данышпандық пен көріпкелділік көрсетіп, қандай да болмасын өздеріне қауіпті деген кездейсоқтыққа қарсы шара қолданатынын айтқым келеді және сеніммен айта да аламын. Осылайша, үлкен жақсылық жасау үшін, аздаған жамандық жасауға хақыңыз бар және көздеген нысанаңыз ақтай алатын кез келген әрекеттен пайымдауыңызға болады. Әрбір жеке оқиғаның анық-қанығын зерттеп, жақсылық, пен жамандықтың деңгейін анықтау, ара-жігін шығару түгелімен осы іспен шұғылданып отырған философтың үлесіне қалады.
Екі бала тар көшелер мен аулалардың адам басын айналдырар шытырманынан жүгіріп өткен соң аласа да қараңғы подъезге аялдауға тәуекел еткен. Демін алып, тіл қатысу үшін қанша қажет болса сонша үн-түнсіз біраз тұрған соң, жас Бейтс көңілді үнмен шыңғырып жіберді де, ішек-сілесі қатып, сатыға құлай кетіп, шексіз шаттанған кейіппен аунақши бастаған.
— Не боп қалды? — деп сұрады Суаит.
— Ха-ха-ха! — деп қояр емес Чарли Бейтс.
— Жап аузыңды! — деп бұйырды Суайт, ақыры жан-жағына жалтақтап. — Сен ұстап алсын деп отырмысың, ақымақ!
— Мен шыдай алар емеспін, — деді Чарли, — шыдай алар емеспін! Қалай зытты десеңші, бұрыш айнала 6epіп бағанға соғылса да, сол темір баған тәрізді былқ етпей қайтадан безе жөнелгенін айтам-ау, ал сүрткіш болса қалтамда, соңынан мен де бақырып келем. Әй, құдайым-ай!
Жас Бейтстің ұшқыр қиялы бүкіл әлгі көріністі ерекше қызықты бірдеңеге балап тұр. Осыдан кейін ол қайтадан аударылып-теңкеріліп, бұрынғыдан да қаттырақ қарқылдады.
— Феджин не дер екен? — деп сұрады Суайт, досы күлкіден қайта тұншығып қалған сәтті пайдалана қойып.
— Не дейсің? — деп қайыра сұрады Чарли Бейтс.
— Мәселенің өзі де сол неде тур, — деді Суайт.
— Ал ол не деуі мүмкін? — деп сұрады Чарли көңілді күйден шұғыл арылып, себебі Суайттың бет-әлпеті тым байсалды болатын. — Ол не деуі мүмкін?
Мистер Даукинс екі минуттай ысқырды, сонан соң қалпағын шешіп, басын қасынды да үш мәрте изеп қойды.
— Сен не демексің? — деп сұрады Чарли.
— Тра-ля-ля! Түкке тұрғысыз бірдеңе, сайтан алғыр! —деді Суайт. Оның есті жүзінен мысқыл ізі білініп қалды.
Бұл қажетті түсінік болғандығымен, тым қанағаттанғысыз еді. Жас Бейтс оны солай деп бағалады да:
— Сенің не айтқың келіп тұр? — деп қайта сұрады.
Суайт тіл қатқан жоқ, шляпасын киіп, ұзын сюртугінің етегін жинастырды да, әдеті бойынша жағын тілімен алты мәрте бұлтыңдатып, өзін-өзі танауынан шертіп қойып, өкшесімен кілт бұрылды да, аулаға кіріп кетті. Жас Бейтс те ойлы жүзбен оның соңынан ілесті.
Осы әңгімеден соң бірнеше минуттан кейін шиқылдаған сатыдағы біреулердің келе жатқан дыбысы ошақтың жанында бір қолына арзанқол шұжық пен нан, бір қолына бәкі ұстаған көңілді қарт жентльменнің назарын аударды; отта қалайы кәстрөл тұр. Ол бұрылып қарағанда, құп-қу жүзінде зымиян жымиыс пайда болды, қап-қалың сары қасының астынан есік жаққа жіті көз тастап, құлағын тікті.
— Мұнысы несі? — деп міңгірледі еврей түсі өзгере қалып. — Тек екеуі ғана ма? Үшіншісі қайда? Ештеңеге ұрынып қалмауға тиіс еді ғой.
Біреулердің келе жатқаны тіпті жақыннан, саты алаңқайынан естілді. Жайымен ашылған есікті бөлмеге кірген Суайт пен Чарли Бейтс қайтадан жауып қойды.
XIII ТАРАУ
Аңғарымпаз оқырман жаңа адамдармен танысады; осыған байланысты осы оқиғаға қатысы бар әрқилы қызықтырарлъқ дүниелер турасында баяндалады
— Оливер қайда? —қаһарлана сауал қойған еврей орнынан атып тұрды. — Бала қайда?
Өз тәрбиешілерінің оқыс қимылынан шошынып қалған жасөспірім ұрылар әбігерлене бір-біріне қарасқан. Бірақ олар ләм-мим деп ауыздарын ашқан жоқ.
— Балаға не болды деп тұрмын? — айқай салған еврей Суайтты жағасынан алып, қарғап-сілеп жөнелген.
— Кәне, жауап бер, әйтпесе сені буындырып өлтірем!
Мистер Феджин әзілдеп тұрған жоқ еді, өз басының амандығының қамын жеуі керектігін түсініп, буындырып өлтіруге өзіне кезек келетіндігіне титтей де күмәнданбаған Чарли Бейтс тізерлеп құлай кетіп, құтырған өгіздің өкіргені мен рупордың айқайы аралығынан шыққандай ап-ащы дауыспен жаны шыға бажылдап қоя берді.
— Айтамысың, жоқ па? — деп ақырып қалған еврей Суайтты бар күшімен сілкілегені сонша, ананың кең сюртюгінен қалай сыпырылып қалмай тұрғанына таңдануға болар еді.
— Тыңшылар ұстап әкетті оны, — деп ашулана тіл қатты Суайт. — Жіберіңіз мені, естіп тұрмысыз?
Қатты жұлқынып, еврейдің қолында қалған сюртуктен жылп етіп шығып кеткен Суайт нан қуыратын шанышқыны жұлып алып, көңілді қарт жентльменге қарай сілтеп қалды; егер соққы сәтті тигенде ғой шал көңіл хошының біраз бөлігінен айырылып, оны орнына келтіру де оңайға соға қоймас еді.
Осы бір қиын минутта еврей алжа-алжасы шыққан, әлсіз адамнан мүлдем күтуге болмайтын ептілікпен бір жағына қарай секіріп кетті де, құмыраны ала-сала қарсыласының басын көздеп сілтеуге ыңғайлана берген. Бірақ дәл осы минутта шынында да зәрені алып өгіздей өкірген Чарли Бейтс оның назарын өзіне аударып әкетті де, шал кенеттен шешімін өзгертіп, құмыраны осы жас жентльменге жіберіп қалды.
— Бұл неткен ақымақтық! — деп гүжілдеді біреудің дауысы. — Мынаны лақтырған кім? Маған құмыра тимей сыра ғана шашылғаны оңды болды, әйтпесе онымен оңдап тұрып есеп айырысар едім!.. Иә, әрине! Осы бай сайтаннан, талаушыдан, кәрі еврейден өзге ішкілікті текке шашып жатқан кім дейсің! Суды шашса бір сәрі, онда да егер әрбір үш ай сайын су жүргізетін компанияны тақырға отырғызып жатқан күнде ғана... Не боп қалды, Феджин? Егер менің бөкебайым сыраға дымқылданып қалмаса, мені сайтан алсын!.. Кіре бер, сүйкімсіз оңбаған, өз қожайыныңнан қымсынғандай есіктің сыртында несіне тұрсың? Мұнда кел!
Осы сөздерді айтқан шымыр денелі, үстіне қара ши барқыт сюртук, кір-кір қысқа шалбар киген отыз бестердегі кісі екен, толық балтырлы жуан аяғына сұр қағаз шұлық кептеген — әдетте мұндай аяққа бұғау кигізіп қоймасаң бірдеңесі жетпей тұратындай эсер қалдырады. Басында қоңыр шляпасы бар, мойнында шұбар ала бөкебай, соның ұшымен сыра шашыраған бетін сүртіп тұр. Ол істеп тұрған шаруасын тындырған кезде, бетінің жап-жалпақ, дөрекі және бірнеше күн ұстара көрмегені байқалын қалды; көзқарасы суық; бір көзі жуырда ғана тиген соққыны әйгілегендей көгілдір бояумен көмкерілген.
— Мұнда кір, естимісің? — деп күжілдеді әлгі сүйкімсіз пенде.
Тұмсығын бірдеңе сызып кеткен жүндес ақ ит бөлмеге сумаң етіп кіріп келді.
— Ертерек неге кірмедің? — деді әлгі. — Жұртқа көрінуге соншалықты мұрыныңды шүйіргенің не? Жат кәне!
Бұйрық бейшара хайуанды бөлменің арғы түпкіріне лақтырып тастаған тепкіге ұласты. Дегенмен ит мұндайға әбден көндіксе керек: қыңқ етіп дыбыс шығармастан жайымен бұрышқа жата кетті-де, кекті көзін минутіна жиырма мәрте жыпылықтатып бөлмені зерттеуге кірісті.
— Сендер мұнда немен айналысып жатырсыңдар: балалардың шыбынын шырқыратып отырмысың, сараң, ашкөз, тойымсыз шал, ұрланған заттарды жасырушы? — деп сұрақ қойды ол, жайымен отыра беріп. — Сені бұлардың мүрдем кетірмей жүргеніне таңым бар! Мен олардың орнында болсам солай істер едім! Егер сіздің шәкіртіңіз болсам, мен баяғыда-ақ осылай етер ем, сонан соң жоқ, сізді сатып жіберу қолымнан келмес еді, кімге қажетіңіз бар?! Тек сирек кездесетін мақұлық есебінде шыны банкіге салып сақтағанға болмаса, бірақ ондай үлкен шыны банкілерді, білуімше, жасамайды-ау деймін.
— Тыныш! —деді еврей тұла-бойы қалш-қалш етіп. — Мистер Сайке, бұлай айқайлап сөйлемеңізші.
— Мистеріңізді қойыңызшы! —деді анау. — Егер сіз сөзді осылай бастасаңыз, ойыңызда сұмдық бірдеңе бар болғаны. Сіз менің есімімді білесіз, атымды атай беріңіз! Өз сағатым соққанда мен өз атымды масқаралай қоймаспын!
— Дұрыс айтасыз, өте дұрыс айтасыз, Билл Сайке, деді еврей жүрек айнытарлық жағымпаздықпен. — Көңіліңіздің хошы болмай тұр ғой деймін, Билл?
— Мүмкін, солай да шығар, — деп жауап қатты Сайке.
— Әйткенмен сіз де өзіңізге өзіңіз келе алмай тұрсыз-ау, әлде сіз шөлмектерді лақтыру ешкімге ешқандай зиян келтірмейді деймісіз, әйтпесе бергенде...
— Сіздің есіңіз дұрыс па? — деп айқайлап жіберді еврей, оны жеңінен ұстай алып, балаларды нұсқап.
Мистер Сайке сол жақ құлағының астынан көрінбейтін тұзақты тартып, басын оң жағына қарай қисайтумен шектелді, сірә еврей де бұл пантомиманы жақсы ұғынса керек. Сонан соң өзінің сөйлеу мәнерінде үнемі асып-төгіліп жататын жаргондармен тұздықтан — оны бұл жерге келтірер болсақ та ешкім ештеңе ұғып жарытпас еді — Сайке бір стакан шарап талап етті.
— Тек оған у қосуды ойыңызға алмаңыз, — деді ол, шляпасын столға қойып жатып.
Бұл әзіл есебінде айтыла салған еді, ал егер ол еврейдің көзін ызалана сығырайтып, қан-сөлсіз ерінін жымқыра буфетке беттегенін байқап қалғанда, оған сақтанғанның артық болмайтындығын, қалай болғанда да, көңілді қарт жентльменге шарап құрамын өзгерту пиғылының жат еместігіне көзі жетер еді.
Екі-үш стаканды босатқаннан кейін мистер Сайкстің көңілінің хош болғаны сонша, ол тіпті жас жентльмендерге назар аударды; оның тарапынан көрсетілген осы құрмет өзара әңгімеге ұласып, мұнда Оливердің қолға түсіп қалуының егжей-тегжейі ақиқаттан көптеген ауытқу мен өзгешеліктерге ұшырап, қысқасы, Суайт қазіргі жағдайда ең тиімді деп есептеген күйінде ортаға түскен.
— Ол бірдеңе деп қойып, сорымыз қайнай ма деп қорқам,.. — деді еврей.
— Бәрі де мүмкін, — деп ызалана мырс етті Сайкс. — Сізді ұстап береді, Феджин.
— Және де білесіз бе, менің қорқатыным, — деп әңгімесін жалғады еврей, сөзін бөліп жібергеніне назар аудармастан, Сайкске қадалып қарап тұрып, — қорқатыным, егер біздің ойынымыз осылса, ол езге біреулерге де қырсығып тигізері хақ, менен гөрі сізге қиын тиіп жүрмесін, қымбаттым.
Ананың денесі дір ете түсіп, еврейге кілт бұрылды. Бірақ кәрі еврей мойынын ішіне тығып алған, көзін қарсы қабырғадан алар емес.
Ұзақ уақыт үнсіздік орнады. Қазіргі қоғамның әрбір мүшесі өз ойымен өзі болып кеткен тәрізді, тіпті бұларды табалағандай тұмсығын жалаған ит те бұдан қалыс қалмай, көшеге шыққанда алғашқы кездесетін жентльменге немесе ледиге қалай шабуыл жасарын жоспарлап жатқандай.
— Кімде болса біреу анда, соттың камерасында не болғандығын білуі керек,— деді мистер Сайкс, дауысын айтарлықтай бәсеңдетіп.
Еврей келіскендік белгісі ретінде басын изеп қойды.
Әрекеттің мұндай жоспары әбден ақылға сыйымды еді, бірақ, өкінішке орай, бұған аса бір маңызды жағдай кедергі болды. Себебі, Суайт та, Чарли Бейтс те, Феджин мен Уильям Сайке те қандай жағдай, қандай себеппен де болмасын полицейлік учаскенің маңында қыдырыстауға жан-тәндерімен, бүкіл болмыстарымен қарсы болатын.
Бұлардың біріне-бірі жалтақтап, бір шешімге келе алмай қипақтап қанша уақыт отырарын бір құдай білер еді. Сөйтіп отырғанда, Оливер бұрын көрген екі жас ледидің ойда жоқта келе қалуы әңгіменің жібін ширатып жіберді.
— Бізге қажетінің өзі де осы еді! — деді еврей. — Бет барады. Сен барасың ғой, қымбаттым?
— Қайда? — деп сұрады жас леди.
— Бар болғаны полицейлік учаскеге, сүйіктім, — деп жұмбақтай сөйледі еврей.
Обалы не керек, жас леди бармаймын деп кесіп айтқан жоқ, бірақ ол «егер онда барсам мені қарғыс атсын» деген жігерлі де, қызу шешімін білдірді. Осы бір сыпайы түрде әдеппен бас тартуы жас ледидің туа біткен кішіпейілділігі, жақын адамдарының тура, кесіп айтып көңілін қалдырмайтындығының куәсіндей еді.
Еврейдің бет әлпеті өзгеріп кетті. Ол мына қызыл көйлекті, жасыл бәтеңкелі, сары папильоткалы жас ледиге сырт беріп, екінші қызға бұрылды.
— Нэнси, сүйіктім, — деді еврей ананы арбап, — бұған сен не дейсің?
— Айтарым бұдан ештеңе де шықпайды, сондықтан қадалудың да қажеті жоқ, Феджин, — деп жауап берді Нэнси.
— Сенің мұнымен не дегің келіп тұр? —деді әңгімеге араласқан Сайкс қызға суық қарап.
— Не десем, сол, Билл, — деді леди айылын жимастан.
— Бәрімізден де гөрі бұл іске сен мықтысың, — деді мистер Сайкс. — Бұл жерде сен туралы ешкім ештеңе білмейді.
— Ал маған да сол мені білмегендігі керек, — деп жаңағыдай жайбарақат пішінмен жауап қатты Нэнси, — сондықтан да «иә» дегеннен гөрі «жоқ» деймін, Билл.
— Ол барады, Феджин, — деді Сайкс.
— Жоқ ол бармайды, Феджмин, — деді Нэнси.
— Ол барады, Феджин, — деді Сайкс.
Мистер Сайкс қателескен жоқ еді. Қорқытып-үркітіп, алдап-сулап ақыры аталмыш ледиді әлгі тапсырманы орындауға көндірді. Шындығында да оның жолдас қызының баруына кедергі жасаған жағдайға мұның алаңдамауына да болатын еді, алыстағы Рэтклиф үлкен жолы бойындағы ақсүйектердің Филд-Лейн жағынан жуырда келген мұның толып жатқан таныстарының бірі тап осы арада жолығып қалады-ау деп қауіптенуінің жөні жоқ еді.
Сөйтіп, көйлегінің сыртынан ақ алжапқыш тартып, папильоткасын сабан шляпамен жасырып — бұл киімдердің бәрі еврейдің сарқылмас қорынан алынған еді — мисс Нэнси тапсырманы орындауға әзірлене бастады.
— Бір минут күте түр, сүйіктім, — деді еврей оған қақпақты себетті ұсынып жатып. — Мынаны қолыңа ұстай ғой. Осы қалпың саған жақсы жарасады.
— Феджин, оған есіктің кілтін берші, қолына ұстай жүрсін, — деді Сайкс. — Бұл оған табиғи және сенімді түр береді.
— Өте дұрыс айтасың, қымбаттым, — деді еврей жас ледидің оң қолының сұқ саусағына есіктің үлкен кілтін іліп жатып.
— Міне, осылай! Тамаша! Тамаша, сүйіктім, — деді еврей қолын уқалап.
— Ой, бауырым-ай! Менің бейшара, ешкімге жазығы жоқ, сүйікті бауырым! — деп айқайлап жіберді Нэнси, көз жасына булығып, себеті мен есіктің кілтін жанталаса сілкілеп. — Оған не боп қалды? Қайда алып кетті оны? Ох, мені аяй көріңдер, жентльмендер, сорлы балаға не істегенін айта көріңдер! Жалынамын, айта көріңдер, жентльмендер!
Тыңдаушыларын ойран-асыр қалдырып, төбе құйқаны шымырлатқан, шалынышты дауыспен осы сөздерді айтып шыққан соң мисс Нэнси үнсіз қалды да, бүкіл компанияға көзін қысып, жымия күліп басын изеді де, шыға жөнелді.
— Ах, қымбаттыларым-ай, қандай ақылды қыз, — деп дауыстап жіберді еврей, өзінің жас достарына бұрылып, әлгінде ғана көрген ұлағатты үлгіге еліктеу керектігін аңғартқандай салтанатты пішінмен басын шайқады.
— Ол әйел затының даңқын арттырады, — деді Сайкс өз стаканына шарап құйып, үстелді дәу жұдырығымен қойып қап. — Соның саулығы үшін ішемін және барлық әйелдердің соған ұқсауларына тілектеспін!
Нэнсидің атына сыртынан лайық деген әрқилы мақтаулар жауып жатқан кезде, полицейлік басқармаға асығыс келе жатқан жас леди ешбір бастаушысыз көшелермен жалғыз жүруге тура келгендіктен аздап жүрексінгеніне қарамастан, ұзамай аман-есен келіп жетті.
Артқы есіктен кірген қыз бір камераның есігінің алдында тұрып, кілтімен тықылдатып қойды да, тың тыңдады. Бірақ тырс еткен дыбыс естілмеді; сонан соң Нэнси жөтеліп қойды да, тағы тыңдады. Жауап естілмеді.
— Ноли, қымбаттым! — деп емешесі үзіле сыбырлады Нэнси, — Ноли!
Камерада флейтада ойнағаны үшін тұтқынға алынған адам аяйтын жалаңаяқ қылмыскерден өзге ешкім жоқ еді; оның қоғамға қарсы қылмысы толық дәлелденгендіктен, мистер Фэнг егер оның көкірегі көріктей гулеп жатса оны музыкалық аспаптан гөрі баспа төгершігіне жұмсағаны пайдалы деген әзіл тастап, бір ай тұтқынға отырғызу жазасына кескен. Қылмыскер ләм-мим деп жауап қатқан жоқ, ол графтың пайдасына кәмпескеленген флейтасына іштей қан жылап тұрған. Осыдан соң Нэнси келесі камераның есігін қақты.
— Немене керек? — деп жауап қатты әлсіз дауыс.
— Мұнда кішкентай бала жоқ па? — деп сұрады Нэнси алдын-ала өксіп қойып.
— Жоқ! — деп жауап қатты тұтқын. — Құдай сақтасын!
Бұл түрмеге отыру жазасына флейтада ойнамағаны үшін кесілген алпыс бес жасар қаңғыбас болатын, — өзге сөзбен айтқанда, ол көшеде қайыр сұраған, өз өмірін қамтамасыз етуге ешқандай қам істемеген болатын. Көрші камерада сол түрмеге аттандырылуға тиіс және бір адам отырған, ол рұқсаты болмаса да қалайы кәстролдермен сауда істеген, басқаша айтқанда, салық төлеуден бас тартқан, яғни өз өмірін қамтамасыз етуге бірдеңелер жасағаны ғой.
Бірақ бұл отырған қылмыскерлердің бір де бірі Оливердің атын естімеген, ол туралы тіпті ештеңе білмеген соң, Нэнси ала бешпет киген ақкөңіл шалға ахылап-ухілеп жармаса кетті — онысы қыз себеті мен кілтін дамылсыз сілкілей берген соң соншалық, аянышты болып көрінді — сөйтіп, одан өзінің сүйікті інісін талап етті.
— Менде ол жоқ қой, сүйіктім, — деді қарт.
— Ал ол қайда? — деп шыңғырып жіберді Нэнси.
— Оны өзімен бірге бір жентльмен алып кетті, - деді анау.
— Қандай жентльмен? Құдай сақтай гөр! Қандай жентльмен? — деп бақырып-шақырды Нэнси.
Есі шыққан «апасының» түсініксіз сауалына қарай соттың камерасында Оливердің науқастанып қалғанын, ұрлық жасаған ол емес, бостандықта қалған екі бала екендігін бір куәгер көрсетуі себепті оның ақталғандығын, ақыры есінен танған Оливерді заты ұрланған адам өз үйіне алып кеткендігін түгелімен айтып берді. Үй турасында оның білетіні ол Пентонвилдің бір жерінде екен, бұл сөзді көшірге жарлық беріп жатқанда естіп қалыпты.
Есі шыға әбігерленген жас әйел теңселе басып, қақпаға беттеді, ол сонан соң ілбіген жүрісін қатты жүріспен алмастырып, өзі ойлап тапқан әр қилы шытырман, айналмалы жолдармен еврейдің үйіне қайта оралды.
Мистер Билл Сайкс қыздың әлгі сапары жайлы айтқанын естісімен-ақ, жедел ақ итін шақырып, шляпасын киді де, қалған компанияға сау болыңдар деуге уақытын жоғалтып жатпастан жылдам басып кете барды.
— Қымбаттыларым, біз оның қайда екенін білуге тиіспіз... Оны табу керек! — деді қатты толқыған еврей. — Чарли, сен ештеңе істемей-ақ қой, тек ол жайында қандай болмасын бір хабар естігенше барлық жерді шарла. Нэнси, сүйіктім, маған қалай болғанда да оны табу керек. Мен саған толығымен сенемін, сүйіктім, саған және Суайтқа! Тоқтай тұрыңдар, тоқтай тұрыңдар, — деп сөзін жалғады еврей дір-дір еткен қолымен столдың тартпасын ашып жатып, — міне сендерге ақша, қымбаттыларым. Мен бүгін дүкенімді жабамын. Мені қайдан табуға болатынын сендер білесіңдер! Мұнда бір минут те аялдамаңдар. Бір секунд те, қымбаттыларым менің!
Осы сөздерден соң ол барлығын бөлмеден итеріп шығарып жіберді де, есіктің құлпының кілтін екі бұрап жауып, тиектеп, құпия орыннан байқаусызда Оливер көріп қалатын қобдишаны алып шықты. Сонан соң ол асып-сасып сағаттар мен қымбат заттарды қойынына тыға бастады.
Есікті біреудің қаққаны оның тұла бойын дір еткізіп, басын көтеруге мәжбүр етті.
— Андағы кім? — деп айқайлап жіберді ол булығып.
— Мен! — деген Суайттың дауысы естілді кілт салатын тесіктен.
— Тағы не боп қалды? — деп шыдамсыздана айқайлады еврей.
— Нэнси оны басқа апанға апарамыз ба деп сұрап жатыр, — деді Суайт.
— Иә! — деді еврей. — Оны қай жерден ұстап алса да мейлі! Оны іздеп табыңдар, іздеңдер! Одан кейін не істейтінімді өзім білем. Қорықпаңдар!
Бала түсіндім дегендей міңгір етті де, жолдастарын қуып жетуге асықты.
— Әзірге ол ұстап бере қойған жоқ ,— деді еврей әлгіндегі жұмысына қайтадан кірісе беріп. — Егер ол біз турасында өзінің жаңа достарына сандырақтағысы келсе, біз де оның аузын жабуға үлгерерміз.
XIV ТАРАУ
Оливердің мистер Браунлоудың үйінде болғанының арғы жай-жапсарын баяндайды, сондай-ақ Оливер тапсырма орындауға кеткендегі ол жайында мистер Гримуиг дегеннің айтқан көріпкелдігі
Мистер Браунлоудың ойда-жоқта шығып кеткен даусынан кейін, есінен танып қалған Оливер тез арада-ақ өзіне-өзі келген, ал қарт жентльмен мен миссис Бэдуин сурет турасында ештеңе демеуге тырысты, енді әңгіме арнасы Оливердің өткен өміріне де, болашағы жайына да ойыспай, тек баланы алаңдатпай ғана көңілін көтеруге тырысты. Таңертеңгі тамаққа тұруға Оливер әлі де тым әлсіз еді, бірақ келесі күні, экономканың бөлмесіне түсіп, ол бірінші кезекте әлгі әдемі ледидің жүзін көрмек мақсатпен қабырғаға шыдамсыздана көз жүгіртті. Бірақ оның үміті алданған еді — суретті алып тастапты.
— Ә, солай де, — деді экономка, Оливердің көз қарасын байқа қалып. — Оны алып кеткенін көрген шығарсың.
— Алып кеткенін көріп тұрмын, сударыня, — деп жауап берді Оливер. — Оны неге алып тастаған?
— Оны алып тастаған себебі, көгершінім, мистер Браунлоудың пікірінше, ол сенің мазаңды алған сияқты. Мүмкін ол тіпті сенің сауығып кетуіңе де кесірін тигізіп жүрер, — деді қартаң леди.
— Жоқ, олай емес. Ол менің мазамды алған жоқ, сударыня, — деді Оливер. — Оған қарап тұру маған сондайлық ұнайды. Мен оны өте жақсы көремін.
— Жарар, жарар, — деді қартаң леди ақ пейілімен. — Неғұрлым тезірек сауығып шығуға тырыс, қымбаттым, сонда сурет те өзінің бұрынғы орнына ілінер. Бұған мен саған уәде берейін! Ал енді өзге бірдеңе турасында әңгімелесейік.
Ол уақытта Оливердің сурет жайында бар білген мәліметі осы болды. О кезде бала бұл турасында ештеңе ойламауға тырысты, себебі қартаң леди Оливер науқастанған кезде оған өте мейірімділік көрсеткен; сондықтан да бала қартаң әйелдің таусылмайтын әңгімелерін зейін қойып тыңдайтын, әйел оған деревняда тұратын сүйкімді де тамаша адамға тұрмысқа шыққан қайырымды тамаша қызы жайында, Вест-Индияда бір көпесте клерк боп істейтін баласының да тал бойында бір міні жоқ жігіт екендігін; жылына төрт мәрте үйіне сондайлық көңіл босатарлық хаттар жазатынын баяндайды, оларды есіне алғанда әйелдің көзі жасқа толып шыға келеді. Қартаң леди өз балаларының керемет қылықтары турасында, сондай-ақ осыдан тұп-тура жиырма алты жыл бұрын көз жұмған қайырымды тамаша күйеуінің қасиеті жайында да ұзағынан толғайды... Сонан соң шай ішетін уақыт болды. Шайдан соң ол Оливерге криббедж үйрете бастады, бала оны қиналмай-ақ бірден қағып алды; осы ойынды олар науқасқа су қосылған жылы шарап ішіп, жұмсақ төсекке қисаятын уақыт жеткенше асқан ынта қойып ойнаған.
Оливердің сауыға бастаған күндері — аса бақытты күндер еді. У-шу мен әбігершіліктен соң бейбіт, тап-таза, тиянақты орта және жұрттың бұған мейіріммен қарауынан бұл өзін пейіште жүргендей сезінді. Ол киімін өзі кие алатындай дәрежеде бойын жинаған соң, мистер Браунлоу бұған жаңа костюм, жаңа шляпа мен жаңа аяқкиім сатып әперуге бұйырды. Оливерге ескі көйлегін не істесе де өз еркі деген кеңшілік берілген соң, ол оны өзіне көп қайырымдылық көрсеткен қызметші әйелге беріп, осы ескі көйлекті кез келген бір еврейге сатып, ақшасын өзіңіз алыңыз деген. Оның бұл өтінішін анау шын ықыласымен орындаған. Қонақүйдің терезесі алдында тұрған Оливср еврейдің мұның көйлегін қапшығына тыға салып, кете барғанын көргенде, әлгі затты алып кетті, енді қайтып оны үстіме іле қоймаспын деген ойдан жүрегі қуанышқа кенелген. Шындығын айтқанда, мұнысы жұлым-жұлым бірдеңе еді, Оливердің бұған дейін жөні түзу киімі болып көрген жоқ-ты.
Бірде кешкілік, суретке байланысты оқиғадан кейін, бір аптадай өткен соң, Оливер миссис Бэдуинмен әңгімелесіп отырған кезде, мистер Браунлоу Оливер Твисті өз кабинетінде көргісі келетіндігін, егер жағдайы жақсы болса, онымен аздап сөйлеспек ниеті барын білдіріпті.
— Құдайым, бізді сақтай гөр, аяушылық ете гөр! Қолыңды жуа ғой, балам, әкелші, шашыңды жөндеп берейін! — деп дауыстап жіберді миссис Бэдуин. — Құдайым-ай! Егер оның сені көргісі келетінін білгенде ғой, саған таза жаға кигізетін едік те, сен су жаңа алты пенстік тиын сияқты жарқырап тұрар едің ғой!
Оливер қартаң ледидің ырқына көне берген, тіпті әйел мұның көйлегінің жағасына салынатын бүрмелі қатырманы үтіктеуге уақыт жоқтығына қатты өкінгендігімен, әлгі маңызды әшекейдің болмай қалғандығына қарамастан баланың жүзіктің көзінен өтердей әдеміленін кеткендігі сонша, ол Оливерді басынан аяғына дейін қарап шығып, егер бұларға дер кезінде ескерткендігінің өзінде, бұдан артық әсемдендіруге мүмкіндік болмас еді деген қорытындыға келді.
Осы сөздермен жігерленген Оливер кабинеттің есігін қақты.
Мистер Браунлоу оған кіруге рұқсат еткен соң, ол қабырғалары кітапқа сықап тұрған, терезесі әсем баққа қарайтын кішкентай бөлмеге таң болған. Терезе алдында тұрған үстелге жайғасқан мистер Браунлоу кітап оқып отыр. Оливерді көрген соң ол кітабын былай қойды да, оның үстелге жақындап келіп отыруын өтінді, адамзаттың ақылына ақыл қосуына жазылған осыншама көп кітапты оқып шығатын өзге де адамдар бар ма екен деген ойдан айран-асыр қалған Оливер үнсіз мойынсұнып, үстелге жайғасты. Дегенмен осындай ой Оливер Твистен гөрі де тіс қаққан талай жандарға әлі күнге дейін жұмбақ болып келеді.
— Тым көп кітап қой, солай ма, балам! — деп сұрады мистер Браунлоу Оливердің еденнен төбеге дейін қойылған кітап сөрелеріне әуесқойлықпен қарап тұрғанын байқап қалып.
— Өте көп екен, сэр, — деп жауап қатты Оливер, — Осыншама көп кітапты мен ешуақытта көрмеп ем.
— Өзіңді дұрыс ұстасаң, сен осының бәрін оқып шығасың, — деп мейірлене сөйледі қарт жентльмен, — кітаптың мұқабасын қызықтағаннан гөрі оқығанның саған қатты ұнайтындығына күмәнім жоқ. Әйткенмен үнемі олай да болмайды, кейбір кітаптың қасиеті мұқабасы ғана болатын жайлар да бар.
— Олар шамасы, анау тұрған ауыр кітаптар болар, сэр, — деді Оливер мұқабасын алтындаған үлкен томдарды нұсқап.
— Олай да емес, — деді қарт жентльмен баланың басынан сипап, жымия күліп. — Осындай салмақты болғандығымен, бұдан әлдеқайда шағын кітаптар да болады. Ал сенің ақылды боп өсіп, кітап жазғың келмей ме?
— Meн бұларды көбірек оқысам ба деймін, сэр, — деді Оливер.
— Қалай? Сенің кітап жазғың келмей ме? — деп сұрады қарт жентльмен.
Оливер аз-кем ойланды да, сонан соң ең дұрысы кітап сату болар деді, бұған жауап ретінде қарт жентльмен ішек-сілесі қата күлді де, дұрыс айттың деді. Бұл арада ненің дұрыс екендігін ұғына алмаса да, Оливер іштей қуанып қалды.
— Тамаша! — деді қарт жентльмен күлкісін доғарып. — Қорықпай-ақ қой! Кез келген тамаша кәсіпке, тіпті тас қалаушыға үйрету мүмкіндігі тұрғанда, біз сенен жазушы жасамай-ақ қоялық.
— Рахмет, сізге, сэр, — деді Оливер.
Мұның байсалды жауабын естіген қарт жентльмен қайтадан қарқ-қарқ күліп, түйсіктің қызғылықты бірдеңелері жайында айтып еді, бірақ түкке түсінбеген Оливер бұған көңіл аударған жоқ.
— Ал енді, балам, — деп сөзін жалғады мистер Браунлоу, әр сөзін мүмкіндігінше жұмсақ айтуға тырысып, әйтсе де оның жүзі Оливер бұрын-соңды байқамаған аса байсалды қалпында қала берді, — менің айтайын дегенімді сенің зейін қойып тыңдағаныңды қалаймын. Сенімен ашық сөйлеспекпін, себебі, үлкендердің кейбіреуінен гөрі мені дұрысырақ түсінетініңе сенем.
— О, сізден өтінемін, сэр, мені қуып жіберемін деп айта көрмеңізші! —деп дауыстап жіберді Оливер қарт жентльменнің байсалды үнінен шошынып. — Мен қайта көше қаңғырып кетпеу үшін үйден шығарып тастай көрмеңіз! Осында қалып, сіздің малайыңыз болуға кеңшілік етіңіз.
Мен келген тамұққа қайта қуа көрмеңіз! Бейшара баланы аяй көріңіз, сэр!
— Қымбатты балам менің, — деді Оливердің күтпеген жерден шыққан жалынышты сөзіне көңілі босаған қарт жентльмен, — сені ешқашан да қуып шығарады деп қорықпай-ақ қой, егер өзің бұған мұрындық болмасаң...
— Ешуақытта да, ешуақытта да бұлай болуы мүмкін емес, сэр, — деп оның сөзін бөліп жіберді Оливер.
— Meн де солай үміттенемін, — деді қарт жентльмен. Сен ешуақытта да ағат іс істемес деп ойлаймын. Өзім қол ұшын берген адамдарымнан алданып та қалған кездерім болған, бірақ саған деген сенімім ерекше, тіпті саған осыншама ықыласым ауғандығына өзім де таңмын. Адал сүйіспеншілігімді арнаған адамдарым қазір көрде жатыр, өмірімнің бақыты мен қуанышы солармен бірге жерге көмілсе де, өз жүрегімді молаға айналдырған емеспін, оны нәзік сезімдеріме ашық қалдырдым. Тартқан қайғы-қасіретім осы сезімдердің буынын бекіте түсті, жүрегімнің түбін тазартты.
Қарт жентльмен жанында отырған адамнан гөрі өзімен өзі тілдескендей тым ақырын сөйлеп, сонан соң үнсіз қалғандықтан, Оливер бұл тыныштықты бұзған жоқ.
— Coлай! — деді ақыры қарт жентльмен аз-кем серпіліп. — Мұны айтқан себебім, сен әлі солқылдаған жассың, менің қайғы қасіретіме қанған соң, мені қайтадан жабығуға мәжбүр етпеуге тырысып бағарсың дегенім ғой. Өз сөздеріңе қарағанда, сен тұлдыр жетімсің, бірде-бір досың да жоқ, менің алған мәліметтерім де соны растап отыр. Енді маған өзің турасында барлығын айта ғой, қайдан келдің, сені тәрбиелеген кім және мен өзіңді тауып алған топқа қайдан тап болып жүрсің. Тек шыныңды айт мен тірі тұрсам әрқашанда сенің досың болам.
Бірнеше минутқа созылған өксік Оливердің сөйлеуіне кедергі жасады, өзін фермада қалай тәрбиелегенін, мистер Бамблдың жұмыс үйіне мұны қалай апарғандығын әңгімелеуге ыңғайлана бергені сол еді, біреудің кірер есікті шыдамсыздана соққылаған даусы естілді де, сатымен жүгіріп шыққан қызметші әйел мистер Гримуигтің келгендігін хабарлады.
— Осында келе жатыр ма? — деп сұрады мистер Браунлоу.
— Иә, сэр, — деп жауап қатты қызметші әйел. — Ол алдымен үйде тоқаш бар ма деп сұрады да, бар екендігін естіген соң, шай ішуге келгендігін айтты.
Мистер Браунлоу жымиып күлді де, мистер Гримуиг өзінің ескі досы екендігін, оның дөрекілеу мәнеріне Оливердің көңіл аудармай-ақ қоюы керектігін, жалпы алғанда, оның тамаша адам екендігін балаға ұқтырып қойды.
— Мен төменге түсе берейін бе, сэр? — деп сұрады Оливер.
— Жоқ, — деп жауап қатты мистер Браунлоу, — мен сенің осында болғаныңды қалар едім.
Осы минутта бөлмеге жуан таяғына сүйеніп, бір аяғын аздап сылти басқан толық адам кіре берді, үстіне көк фрак, шұбар бешпет, ләңке шалбар, гетр, басында жасылмен жиектелген үлкен ақ шляпасы бар. Бешпетінен ұсақ бүрмеленген жабу көрініп тұр, етек жағынан сағаттың ұп-ұзын болат шынжыры шұбатылып жүр, оның ұшында кілттен өзге дәнеңе де жоқ. Ақ галстугының ұшы апельсиннің үлкендігіндей етіп түйілген, бетіндегі әжімдері оның жүзін жиырып тастағандай тіпті айтып жеткізуге мүмкін емес. Әңгімелесіп отырғанда басын бір жағына қисайтып, көзінің қиығымен қарайтын әдеті бар екен, мұнысы оны тоты құсқа қатты ұқсатып тұр. Осы күйінде ол бөлмеге кірер-кірместен тоқтай қалды да, созған қолына апельсиннің қабығын ұстаған күйі гүжілдеген даусымен:
— Қараңыздаршы! Көрдіңіздер ме? Таңқаларлық, әрі оғаш жағдай емес не бұл? Біреудің үйіне кіре қалсаң-ақ болды, сатысынан әрдайым осы бір затты тауып алатыным бар. Баяғыда осы апельсинпің қабығынан ақсап қалғанмын, енді ажалымның да осы апельсиннің қабығынан болатынына сенімім кәміл. Тап осылай болады, сэр! Менің ажалым апельсиннің қабығынан болары хақ, ал егер олай болмай қалса, мен өз басымды өзім жеуге әзірмін, сэр!
Мистер Гримуиг өзінің әрбір сөзін осы бір тамаша ұсыныспен бекітіп отырды, мұның өзі өте қызғылықты еді, себебі жентльмен өз басын өзі жегісі келсе, жей беретін дәрежеге ғылым жеткен күнде де мистер Гримуигтің басының үлкендігі сонша кез келген ең мешкей азаматтың да тіпті опаның қалың қабатын есепке алмаған күннің өзінде оны бір отырғанда жалмап қоюға тәуекел ете қоймас еді.
— Мен өз басымды жеп қоямын, сэр, — деп сөзін қайталады Гримуиг таяғымен еденді дүңк еткізіп. — Тоқтай тұрыңыз! Мынау немене? — деп сұрады ол, Оливерге қарай беріп, екі қадам кейін шегініп.
— Бұл анда өзіміз әңгімелеген жасөспірім Оливер Твист қой, — деді мистер Браунлоу.
Оливер иіліп тағзым етті.
— Сіз мұны әлгі қызуы көтеріліп ауыратын бала дегелі отырған жоқ шығарсыз деп үміттенемін, — деді мистер Гримуиг шегіне беріп. — Бір минутқа тоқтай тұрыңыз! Бір ауыз сөз де айтпаңыз! Тоқтай тур... — дей берді мистер Гримуиг, үзіп-үзіп, науқас жайлы қорқынышын біржола жеңіп, салтанатты жүзбен жаңалық аша: — бұл әлгі қолында апельсині бар бала ғой, шамасы? Егер апельсиннің қабығын сатыға тастаған бала осы болмай шықса, мен өзімнің басымды өзім жеймін, және мұны да қоса жеуге әзірмін.
— Жоқ, оның апельсині болған жоқ, — деп күле сөйледі мистер Браунлоу. — Жетер! Шляпаңызды қойыңыз да, менің жас досыммен әңгімелесіңіз.
— Осы мәселе мені қатты алаңдатып жүр, сэр, — деді ашуланшақ қарт жентльмен биялайын шеше беріп. — Біздің көшеде ылғи да апельсин қабықтары ыбырсып жатады және маған оны шашып жүрген бұрышта тұратын хирургтің баласы екендігі де белгілі. Кеше кешкілік бір жас әйел қабыққа сүрініп, менің бағымның шарбағының жанында шалқасынан түскені. Орнынан тұрған соң әйелдің, әлгінің үйіне кіруге үнсіз шақырып тұрған қарғыс атқыр қызыл шамына қарап тұрғанын байқап қалдым. «Онда бара көрмеңіз»! — деп айқайладым оған терезеден. — Бұл қанішер. Ол жұртқа қақпан құрып жүр!» Бұл да рас. Ал егер олай болмай шықса...
Осы арада күйгелек қарт жентльмен еденді таяғымен тағы нұқып қалды, мұнысы сөзі айтылмай қалғанда соның орнына қолданылатынын достары жақсы білетін еді. Сонан соң, таяғын қолынан шығармастан, жалпақ қара лентада асулы тұрған лорнетін ашып, назарын Оливерге туралаған; өзін бақылап отырғанын көріп отырған бала қызарып кетіп, тағы да иіліп қойды.
— Мынау сол баланың тап өзі ме? — деді ақыры мистер Гримуиг.
— Taп соның өзі, — деп жауап қатты мистер Браунлоу.
— Халің қалай? — деп сұрады мистер Гримуиг.
— Қазір жақсы, рахмет сізге, сэр, — деп жауап қатты Оливер.
Мистер Браунлоу дарақылау досы жағымсыз бірдеме айтып қояр деп қауіптенгендей Оливерге төменге түсіп, миссис Бэдуинге шай қамдау жайын айтып кел деп өтінген; бала мұны қуана қабылдады, себебі қонақтың мінезі бұған тым ұнай қоймаған-ды.
— Жақсы бала, солай емес пе? — деп сұрады мистер Браунлоу.
— Білмеймін, — деп күңк етті мистер Гримуиг.
— Білмеймін дейсіз бе?
— Білмеймін. Мен балалардың арасында ешқандай айырма болады деп білмеймін. Мен балалардың тек дәнді және етшең деген екі-ақ сортын білемін.
— Оливер соның қайсысына жатпақ?
— Дәндісіне. Менің бір танысымның етті баласы бар; өздері оны тамаша бала деп есептейді: басы доп-домалақ, беті қып-қызыл, көзі жалт-жұлт етеді. Жексұрын бала. Денесі, қолы мен аяқтарының жуандығынан көк костюмі тігіс-тігісімен қақырағалы тұр; даусы лоцмандыкіндей, тәбеті қасқырдыкі сияқты. Мен оны білем! Оңбаған-ақ.
— Жетер! — деді мистер Браунлоу. — Бұл айтқандарыңыз жасөспірім Оливер Твистің айрықша белгілері деуге тіптен келмейді, сондықтан сіздің айтуыңыздың оған бағытталар жөні жоқ.
— Айрықша белгілері мұндай еместігіне келісем, — деді мистер Гримуиг. — Оныкінің тіптен сорақы болуы да мүмкін.
Осы арада мистер Браунлоу тағатсыздана жөтеліп еді, шамасы бұған мистер Гримуигтің айызы тіптен қанып қалса керек.
— Оныкі бұдан да сорақы болуы мүмкін деп мен айтып тұрмын, — деп сөзін қайталады мистер Гримуиг.
— Мұның өзі қайдан пайда болды? Кім өзі? Не өзі? Ыстығы көтеріліп ауырыпты. Ыстығы көтерілу дегеніңіздің өзі жөні түзу адамдардың айрықша белгісі емес қой? Жаман адамдардың да кейде ыстығы көтеріліп ауыратынын жоққа шығара аласыз ба? Өз қожайынын өлтіргені үшін Ямайкада дарға асылған біреуді білетін едім. Ол алты рет ыстығы көтеріліп ауырыпты, бірақ осыған бола оған кешірім жасаған жоқ. Тфу! Сандырақ!
Шыны керек, мистер Гримуиг Оливердің сырт келбеті мен жүріс-тұрысын іштей қатты ұнатып-ақ қалған болатын, бірақ оның бойында бүгін апельсин қабығын тауып алғаннан кейін тіптен асқынып кеткен, бірдеңеге қарсы дау айтпаса тұра алмайтын қасиет бар еді; енді бірде бір адам өзін баланы әдемі, не әдемі емес деп мойындата алмайды деп шешкен ол бірден досының пікіріне қарсы келе кеткен-ді. Мистер Браунлоу бала әбден сауыққанша Оливердің өткен өміріне байланысты тексерісті кейінге қалдыруы себепті бұл сұрақтардың бірде біріне қанағаттанарлық жауап бере алмайтындығын айтқан кезде мистер Гримуиг табалай мырс етті. Мысқылды жымиыспен ол түнге қарай асханадағы күміс ыдыс-аяқтарды экономканың түгендеп қоятын әдеті бар ма еді деп сұрады; егер ол бір сәтті күні таңертең екі-үш қасықтың ұшты-күйлі жоқ болып кеткеніне көзі жетпесе онда бұл... тағысын тағылар.
Өз досының қызық мінезін білетін мистер Браунлоу — өзі де күйгелек жентльмен бола тұра — осының бәріне жайымен құлақ қойды, шай үстінде мистер Гримуиг тоқашқа деген ыстық ықыласын білдірген соң бәрі де жайма-шуақ қалыпқа түсті, тек шай ішуге өзі де қатынасқан Оливер ашулы қарт жентльменнен қатты қысылып отыр-ды.
— Оливер Твистің өмірі мен басынан кешкендері жайлы толығынан, шынайы жауабын қашан тыңдамақсыз, — деп сұрады Гримуиг мистер Браунлоудан шай ішіп бола бергенде, көз қиығын Оливерге тастап қойып.
— Ертең таңертең, — деп жауап берді мистер Браунлоу. — Мен онымен жеке әңгімелессем деп ем. Ертең сағат онда маған келесің ғой, қымбаттым.
— Еркіңіз білсін, сэр, — деді Оливер. Мистер Гримуигтің тесіле қарағанынан қысылған бала жасқаншақтай жауап қайырды.
— Менің сізге айтайын дегенім, — деді әлгі жентльмен мистер Браунлоуға сыбырлап, — ертең ол сізге келмейді. Мен оның қатты қыбыжықтағанын байқап қалдым. Ол сізді алдап тұр, қайырымды досым менің.
— Оның алдап тұрмағанына ант ішуге бармын, — деп қызулана дауыстап жіберді мистер Браунлоу.
— Егер ол өтірік айтпаса, — деді мистер Гримуиг, — онда мен... Сөйтіп таяғымен еденді нұқып қалды.
— Мен баланың өтірік айтып тұрмағандығына өмірімді тігуге әзірмін, — деді мистер Браунлоу столды жұдырығымен қойып қалып.
— Ал мен оның өтірікті соғып тұрғандығына басымды тігуге бармын! — деп жауап қатты мистер Гримуиг те столды салып қалып.
— Көрерміз! — деді мистер Броунлоу ашуын зорға тежеп.
— Дұрыс айтасыз! —деді мистер Гримуиг те ашулана жымиып. — Көрерміз!
Жазмышқа қарай, дәл осы минутта хикаяның бас жағында баяндалатын кітап дүкенінің иесінен мистер Браунлоу таңертең сатып алған шағындау бір бума кітап көтерген миссис Бэдуин кірді. Кітаптарды столға қойған әйел қайта шығуға ыңғайлана берген.
— Баланы бөгей тұрыңызшы, миссис Бэдуин, — деді мистер Браунлоу. — Мен одан бірдеңелер беріп жіберейін деп ем.
— Ол кетіп қалды, сэр, — деп жауап қатты миссис Бэдуин.
— Оны қайтара қойыңызшы, — деді мистер Браунлоу. — Бұл бір маңызды шаруа еді. Кітап сатушы кедей адам, кітабының ақшасын бермеген ем. Және бірнеше кітабын қайтаруым керек.
Шығар ауыз ашық тұрған. Оливер бір жаққа, қызметші әйел екінші жаққа жүгірісе жөнелген, ал миссис Бэдуин табалдырыққа тұра қап, айқайлап баланы шақырып көріп еді, ешкім келер болмады. Ентігіп баса алмай қайта оралған Оливер мен қызметші әйел баланың ізін шалдырмай зытып отырғанын баян етті.
— Ах, құдайым-ай, қандай өкінішті еді, — деп дауыстап жіберді мистер Браунлоу. — Мына кітаптарды тап бүгін кешке беріп жібергім келіп еді!
— Оливерден беріп жіберіңіз, — деді мистер Гримуиг кекесінді күлкімен. — Ол кітаптарды иесіне табыс етері хақ.
— Иә, әрине, маған апарып беруге рұқсат етіңіз, сэр, — деді Оливер. — Мен жеткенше жүгіріп барам, сэр.
Қарт жентльмен ешуақытта Оливерді көзінен таса қылмайтынын айтпақ еді, бірақ мистер Гримуигтің зымияндана жөтелуі оны өзге шешім қабылдауға мәжбүр етті, осы тапсырманы тез орындау арқылы Оливер мистер Гримуигтің күдігінің орынсыз екендігін дәлелдейді, осы қазір-ақ дәлелдейді.
— Жақсы! Сен барасың, қымбаттым! — деді қарт жентльмен. — Кітаптар менің столымның жанындағы орындықта жатыр. Соларды әкеле ғой.
Өз қолғабысын тигізетіндігіне қуанған Оливер кітаптарды қолтығына қыса салып, бөркін қолына алды да, өзіне берілетін тапсырмаға құлақ тікті.
— Сен оған айтарсың, — деп сөзін жалғады мистер Браунлоу, Гримуигтен көзін айырмай, — сен оған мына кітаптарды қайта әкелгеніңді айтарсың, және оған тиісті төрт фунт он шиллингті төлейсің. Міне саған бес фунттық билет. Яғни, сен маған он шиллингті қайтарып әкелесің.
— Он минутқа жетпей мен қайта оралам, сэр, — деп қызулана сөйледі Оливер. Ақшаны күртесінің түймеленетін қалтасына салып, кітаптарды қолтығына мұқият қысқан ол иіліп ізет білдірді де, бөлмеден шықты. Баланы шығар есікке дейін ұзатып салған миссис Бэдуин ең төте жолды нұсқап, кітап сатушының аты-жөні мен көшелердің аттарын атап, толып жатқан нұсқаулар берді; өз сөзіне қарағанда Оливер мұның бәрін айқын ұққан тәрізді. Суық тиіп қалмасын деп осы айтқандарына қоса тағы бірқатар кеңестер берген қарт леди ақыры оның кетуіне рұқсат етті.
— Құдай өзі жар болсын саған! — деді қарт леди оның соңынан қарап тұрып. — Неге екенін қайдам, оны жіберу маған аса қиын тиіп тұр.
Дәл осы минутта айналып кетер алдында Оливер оған көңілді кейіппен бұрылып қарап, басын изеп қойды. Қартаң леди балаға күле қарады да есікті жауып, өз бөлмесіне кетті.
— Ал енді байқалық: ол жиырма минут өтпей-ақ қайта оралады, — деді мистер Браунлоу сағатын шығарып, стол үстіне қойып жатып. — Ол уақытқа дейін қараңғы түсіп қалар.
— О, Сіз шынымен-ақ ол қайта оралады деп ойлайсыз ба? — деп сауал берді мистер Гримуиг.
— Ал сіз олай деп ойламайсыз ба? — деп жымия сұрады мистер Браунлоу.
Бұл уақытта қарама-қайшылық мистер Гримуигтің бойын әбден жайлап алған-ды, досының өзіне өзі мығым күлкісі бұрынғыдан бетер қолтығына су бүрікті.
— Сенбеймін! — деді ол столды жұдырығымен қойып қалып. —Баланың үстінде жап-жаңа костюм, қолтығында бір құшақ қымбат кітап, ал қалтасында бес фунт ақша. Ол ұры достарына барып, сізге күлетін болады әлі. Егер әлгі бала қай уақытта болмасын осында қайта оралса, онда, сэр, мен өз басымды өзім жеуге әзірмін.
Осы сөздерді айтқан соң ол орындығын столға қарай жылжытып қойды. Екі дос үнсіз күтіп отыр, ал орталарында сағат жатыр.
Өз көзқарасымызға таңғымыз келетін мағынаны, тым асығыс та ағат қорытынды жасайтын менменшілігімізді аңғарту үшін айта кетер болсақ, мистер Гримуиг соншалықты қатыгез де кісі емес-ті, және егер өзінің құрметті досын алдап, ақымақ қып кетсе шынымен-ақ қатты қапаланар да еді, бірақ тап осылай бола тұрғанмен қазіргі минутте Оливер Твистің ешуақытта қайта оралмайтындығына жан-тәнімен үміттенді.
Қараңғылық қоюлана түскені соншама, сағат цифрларын азар-азар ажыратуға болар еді, ал екі қарт жентльмен бұрынғысынша үн-түнсіз отыр, орталарында сағат жатыр.
XV ТАРАУ
Көңілді қарт еврей мен миссис Нэнсидің Оливер Твисті қаншалықты жақсы көретіндіктерін әңгімелейді
Кіші Сафрен-Хиллдің ең лас бөлігіндегі трактирдің қараңғы бөлмесінде, спирт иісі әбден сіңген, қыста күні бойы газ жанып тұратын, жазда күннің жылт еткен сәулесі түспейтін көңілді жабықтырар қуыста, қалайы құмыраға еңкейіп, қолына рюмка ұстаған, үстіне шибарқыт сюртук, қысқа қара шалбар, башмақ киген кісінің Уильям Сайкс екендігін алакөлеңке болса да полицияның ең тәжірибесіз агенті-ақ тани кетер еді. Оның аяғының астында жатқан қызыл көзді ақ ит қожайынына қарап қойып, көзін жыпылықтатады, біресе тұмсығындағы үлкен жарасын жалап қояды, онысы жуырда болған бір таластың нәтижесі сияқты.
— Тыныш жат, сұм! Тыныш! — деп бұйырды мистер Сайкс кенеттен тыныштықты бұзып.
Иттің көзін жыпылықтатқаны кедергі жасайтындай оның ойы тым сапырылысып жатыр ма, әлде жанын жегідей жеген бірдеңеден жүйкесі құрып отыр ма, әйтеуір, бейкүнә мақұлықты оның неге теуіп қалғаны ақылға сыймады. Себебі қалай болғанда да, иттің сыбағасына тепкі мен қарғыс қатар тиді.
Иттер, әдетте, қожайындарынан көрген жәбірі үшін кек қайтаруға бейім болмайды, бірақ мистер Сайкстің иті иесі тәрізді мінезінің жамандығымен ерекшеленсе керек және осы сәтте көрген жәбірінің әсері ме, қысылып-қымтырылмастан ананың башмағына тісімен жармаса кеткен. Айызын қандыра башмақтан жұлқып қалған ит шаңқ етіп мистер Сайкс сермей берген қалайы құмырадан дер кезінде отырғыштың астына жып ете түсті.
— Мынаны қарай гөр! — деді бір қолымен көсеуді шап берген Сайкс, екінші қолымен қалтасынан шығарған үлкен бәкіні асықпай ашып жатып.
— Мұнда кел, сайтан! Мұнда! Естимісің!
Ит мистер Сайкстің аса дөрекі дауысын естігені хақ, бірақ шамасы, бауыздалып қалуды хош көрмегендіктен ол тығылған жерден шықпай бұрынғыдан да қаттырақ ырылдап ол көсеудің ұшынан тісімен шап етіп, тағы хайуандай кемірді.
Мына қарсылықтан қапы одан әрі қайнаған мистер Сайкс тізерлеп отыра кетіп, жануарға шабуылын үдете түсті. Тісін ақситып, ырылдап, үрген ит жанын қоярға жер таппай безек қақты, ал анау балағаттап, ұрып-соғып, қарғап-сілеумен болды; айқас шарықтау шегіне жеткен кезде кенет есік шалқасынан ашылды да, ит Билл Сайксті қолындағы көсеуі мен бәкісін жайына қалдырып, бөлмеден атып шыға жөнелді.
Ерегеске қашанда екі жақ қажет, — дейді ежелгі мәтел. Ерегестің қатынасушысы ретінде иттен айрылып қалған мистер Сайкс бар ашуын дереу келген адамға бағыштады.
— Сайтан алғыр, сіз неге итпен екеуіміздің арамызға түсесіз? — деп айқайлады Сайкс қолын жындана сілкілеп.
— Мен білгем жоқ, қымбаттым, білгем жоқ, — деп жаймашуақ жауап қатты Феджин. (Келген соның өзі болатын) .
— Білмей қалдым деймісіз, қорқақ ұры? — деп міңгірледі Сайкс. — Шуды естіген жоқпысың?
— Титтей дыбыс естісем, осы арада қата қалайын, — деді еврей.
— Айтарсың! Әрине, сіз ештеңе де естімейсіз, — деп ашулана мырс етті Сайкс. — Кіргеніңізді де, шыққаныңызды да ешкімнің құлағына шалдырмай жымын басасыз! Осыдан жарты минут бұрын анау иттің орнында сіз болмағаныңыз қандай өкінішті, Феджин.
— Неге? — деп зорлана жымиды еврей.
— Себебі, үкімет кез келген аула иттерінен әлдеқайда оңбаған сіздей адамдардың қамын жей тұра, иттерді адам қашан құлқы кетсе сонда өлтіруге кеңшілік етеді, — деді Сайкс бәкісін жауып жатып.
Еврей столға отыра кетіп, қолын уқалады да, өз досының әлгі әзіліне күле жауап берді. Дегенмен, ол өзіне өзі келе алмай отырған сияқты.
— Жарайды, ыржалақтай беріңіз! — деп сөзін жалғады Сайкс көсеуді орнына қойып жатып, анаған жеккөрінішті көзімен ішіп-жей қарап. — Сізге маған күлудің дар ағашында болмаса ешқашан да сәті түсе қоймас. Сіз менің қолымдасыз, Феджин, егер сізден айрылып қалсам, мені қарғыс атсын! Иә! Мен қолға түссем, сіз де жұмысым бітті дей беріңіз. Яғни менен сақтанып жүргеніңіз абзал.
— Иә, иә, қымбаттым, — деді еврей. — Мұның бәрі де маған аян. Біздің... біздің ісіміз ортақ, Билл, ісіміз ортақ.
— Гм...— деп міңгірледі Сайкс барлық ісіміз ортақ бола қоймас дегендей кейіппен. — Ал сіздің маған не айтқыңыз келіп еді?
— Барлығы да тигельден сәтімен өтіп кетті, — деп жауап қатты Феджин, — мен сіздің үлесіңізді әкелдім. Ол сізге тиесіліден көбірек, қымбаттым, бірақ келер жолы сіз мені жәбірлей қоймас деп сенемін...
— Жетер мылжыңдауың! — деді қарақшы шыдамсыздана оның сөзін бөліп. — Оның қайда! Әкел бері!
— Жақсы, Билл, тек асықтырмаңыз мені, асықтырмаңыз, — деді еврей жайымен. — Мінеки.
Осы сөздерден соң ол қойнынан ескі қағаз орамал суырып алып, оның бір бұрышындағы түйіншекті шешіп, ораулы қағаздағы пакетті шығарды. Сайкс еврейдің қолынан әлгіні жұлып алып, асып-сасып орауын жазды да, қатталған соверендерді санай бастады.
— Барлығы осы ма? — деп сұрады Сайкс.
— Бәрі осы, — деп жауап қатты еврей.
— Ал сіз жолда осының орауын жазып бір-екі тиынды жұтып қойған жоқпысыз? — деп күдіктене сұрады Сайкс. — Бетіңізді жәбірленгендей тыржитпай-ақ қойыңыз. Сіздің бүйткеніңіз бір бұл емес. Қағыңызшы!
Қарапайым ағылшын тіліне аударғанда бұл қоңырау соғыңыз деген жарлық болатын. Қоңырау даусына Феджиннен гөрі жасырақ, бірақ сықпыты тап сондай сүйкімсіз басқа бір еврей кірді.
Билл Сайкс бос құмыраны көрсетті. Ишараны тамаша түсінген еврей толтыру үшін құмыраны алар алдында Феджинмен көзқарас алмасқан, анау да оның қарауын күтіп тұрғандай бір минутқа көзін көтеріп жауап ретінде жайымен иегін қақты — мұны ең байқағыш деген адамның өзі де зорға аңғарар еді.
Ит жыртқан башмағының бауын байлағалы еңкейе берген Сайкс мұны байқаған жоқ. Егер ол аналардың ымдасқанын аңғарар болса, мұның өзі үшін ешқандай жақсылық шақырып тұрмағанын бірден түсіне қояр ма еді.
— Мұндай ешкім жоқ па, Барни? — деп сұрады Феджин, қазір Сайкс басын көтерген кезде, бұл көзін еденнен алмай сөйлеп тұрған.
— Жан жоқ, — деп жауап берді Барни, сөзі жүрегінен шықты ма, жоқ па — әйтеуір мұрнынан сөйлейді.
— Ешкім жоқ деймісің? — деп сұрады Феджин таңырқаған дауыспен, Барниге тек шындықты айтуға тиіс екендігін аңғартып.
— Мисс Нэнсиден өзге ешкім де жоқ, — деп жауап берді Барни.
— Нэнси! — деп дауыстап жіберді Сайкс. — Қайда? Егер мен осы қыздың табиғи талантына табынбасам көзім шықсын.
— Буфетте, піскен қой етін сұрап отыр, — деді Барни.
— Оны мұнда жіберіңдер, — деді Сайкс стаканға арақ құйып жатып. — Оны осында жіберіңдер.
Барни Феджинге рұқсат сұраған пішінмен жасқаншақтай қарады, бірақ еврей үндемеген, көзін жерден көтермеген қалпы тұра берген соң, Барни шығып кетті де, ұзамай Нэнсиді ертіп кірді. Қыздың басында чепеці, алжапқышы, қолында себеті мен кілті бар екен.
— Ізіне түстің бе, Нэнси, — деп сұрады Сайкс қызға бір рюмке арақты ұсынып жатып.
— Түсуін түстім, — деп жауап берді жас леди, рюмкені қағып салып, — өзім әбден титықтадым. Бала ауырып қалыпты, төсегінен тұра алмаған және...
— Ах, Нэнси, сүйіктім, — деді Феджин басын көтеріп.
Мүмкін еврейдің түйіліп кеткен сарғыш қабағы мен жартылай жұмулы тереңде жатқан кезі мисс Нэнсиге оның шектен тыс сөзшеңдігін меңзеген болар бәлкім, бірақ бұл арада мұның пәлендей маңызы жоқ. Бұл жағдайда біз тек ақиқатқа ғана сүйенуге тиіспіз. Ал ақиқат сол, мисс Нэнси кенет сөзін доғарды да, мистер Сайкске мейіріммен күлімсірей қарап, әңгіменің тақырыбын өзгертті.
Он минуттан кейін мистер Феджин қақалып-шашалып жетеле бастаған соң, Нэнси иығына шәлісін жамылып, кетуге ыңғайланды. Мистер Сайкс қызбен жолы бір болған соң, оны шығарып салуға тілек білдіріп, бірге кетті, ал олардың соңынан бірқыдыру жерде қожайыны алыстаған соң, ауланың арт жағынан ұрлана шыққан ит ілесіп келе жатты.
Сайкс бөлмеден шығып кетті, ал еврей есіктен сығалап, анау қараңғы дәлізбен кетіп бара жатқанда, әлдебір балағат сөзді танауының астынан міңгірлеп, жұдырығын түйді, ал содан соң жағымсыз жымиыспен қайтадан үстелге отыра кетіп, ұзамай «Ұста! Тұт!» деген қызықты газетке шұқшия үңіліп қалды.
Бұл уақытта Оливер Твист өзінің көңілді қарт жентльменге тым таяу келгені қаперіне де кірместен кітап дүкеніне беттеп келе жатты. Клэркечуэлге жеткен соң ол жаңылысын бір тұйық кешеге бұрылып кетті, бірақ өз қателігін жарты жолдан өткен соң ғана ұққан ол осы тұйық көшемен-ақ көздеген жерден шығарып білген соң, қайта оралып жатпастан қолтығына кітаптарын қысқан күйі жылдам басып жүре берген.
Оның басын өзін қаншама бақытты сезінуге тиіс екендігі, аштық пен таяқтап азап шеккен бейшара кішкентай Дикті бір мәрте көрсем-ау, мүмкін, ол дәл осы минутта еңіреп жылап жүрген шығар деген ойлар торлап келе жатқан. Кенет бір жас әйелдің ащы айқайынан баланың тұла бойы дір етті: «О менің қымбатты інім!» Жан-жағына қарап, не болып қалғандығын түсінгенше болған жоқ, біреудің қолы мойнына орала кетті.
— Жіберіңіз! — деп айқайлады Оливер жұлқынып. — Жіберіңіз мені! Сіз кімсіз? Мені неге тоқтаттыңыз?
Қолына себет пен кілт ұстаған жас әйелдің мұның бар сұрағына жалғыз жауабы құлақ тұндырған ойбайы болды.
— Әй, құдайым-ай, — деп айқайлады жас әйел. — Мен мұны таптым! Ох, Оливер! Әй, оңбаған бала-ай, маған қанша қайғы шеккіздің? Жүр үйге барайық, қымбаттым, үйге барайық! Ох, ақыры тауып алдым-ау! Құдіреті күшті жасаған, рақмет саған, тауып алдым-ау ақыры!
Осы бір байланыссыз айқай-ұйқайдан соң жас әйел қайтадан зар еңіреп, есірік бір жағдайға түскендігі соншама, осы кезде келген екі әйел ет дүкенінде қызмет істейтін, сиыр майын жаққан басы жылтырап тұрған балаға дәрігерге барып келсең қайтер еді деп өтінген. Бірақ, ет дүкеніндегі әлгі бала одан гөрі демалғанын артық санаса керек, оның қажеті жоқ деп жауап берді.
— Ах, көңіл аудармай-ақ қойыңыздар! — деді жас әйел Оливердің қолынан қысып ұстап. — Жағдайым қазір тәуір. Қазір үйге кетеміз, тас жүрек бала! Кеттік!
— Не болып қалды, сударыня? — деп сұрады әйелдердің бірі.
— Ах, сударыня! — деп дауыстап жіберді жас әйел. — Бір ай бұрын мынау өз ата-анасынан, қадірменді еңбеккер жандардан қашып кетіп, қайдағы бір ұрылар мен қағылған-соғылғандарға жұғысып, анасының жүрегін жаралады.
— Айтары жоқ, ақымақ бала екен! — деді бірінші әйел.
— Қайт енді үйіңе тағы неме! — деді екіншісі қостап.
— Жоқ, жоқ! — деп айқайлады Оливер есі шығып. — Мен мұны білмеймін. Менің әпкем де, әкем де, шешем де жоқ. Мен жетіммін. Мен Пентонвилде тұрамын.
— Мынаның өз үй-ішінен азарда-безер боп жатқанын қарай көріңіздер! — деп бақырды жас әйел.
— Қалайша, ойпырай, мынау Нэнси ғой! — деп дауыстап жіберді әйелдің жүзін жаңа ғана көріп, таңданғаннан теңселіп кеткен Оливер.
— Көрдіңіздер ғой, бұл мені біледі! — деп бажылдады Нэнси жиналғандарға қарап. — Жоқ бұл арада бұлтарып кете алмайды. Тілеулеріңізді берсін, мұны үйге қайтуға көндіріңіздерші, әйтпесе сорлы анасы мен әкесінің түбіне жетеді, менің де жүрегімді жаралайды!
— Сайтан алғыр, не боп қалды! — сыраханадан соңынан өкшелей ақ ит ілескен біреу жүгіріп шығып ақырып жіберді. — Кішкентай Оливер! Күшік, дереу сорлы шешеңе жүгір. Дереу үйіңе кет!
— Бұлар менің туысым емес! Мен бұларды танымаймын! Көмектесіңдер! Көмектесіңдер! — деп айқайлады Оливер, әлгі адамның қуатты қолынан жұлқынып шығуға тырысып.
— Көмектесу ме? — деп қайталады әлгі кісі. — Мен саған көмектесейін, кішкентай алаяқ! Мына кітаптарың не? Ұрлап алдың ғой, ә? Кәне, бері әкел!
Осыдан соң ол баланың қолынан кітаптарды жұлып алып, сонымен бастан салып қалды.
— Дұрыс! —деп айқайлады шатырдағы терезеден бір ашық ауыз. — Тек осындай жолмен ғана мұндайларды ақылға келтіруге болады.
— Өте дұрыс! — деді ұйқылы-ояу бір балташы шатырдағы терезе жаққа мақұлдағандай көз тастап.
— Оған пайдасы болмаса, зияны жоқ! — деген шешімге келді екі әйел де.
— Иә, зердесіне мұның зияны жоқ! — деп іліп әкеткен әлгі адам Оливерді жағасынан алып, қайтадан соққы жаудыра бастады. — Жүр, оңбаған!.. Әй, Фонарик, бері кел! Мынаны есіңе ұста! Есіңе ұста!
Жуырдағы науқастан әлсіреген, кенеттен тап беріп, таяқтағаннан есі шыққан, иттің ызалана ырылдағаны мен адамның айуанша қарым-қатынасынан, маңына жиналғандардың шынында да, аналар суреттегендей мұны бұзылған оңбаған деп ұққандарынан сағы сынған байқұс бала не істей алсын! ЬІмырт үйіріле бастады; бұл маңда қараңғы жұрт мекен ететін; жақын жерде қол ұшын берер ешкім болмады. Қарсылық көрсету пайдасыз еді. Сәлден кейін оны бытысқан тар аулалардың ішімен әкетіп бара жатты, ал егер ол анда-санда айқай салуға батылдық ете қалса, оны сүмеңдетіп тез жүруге мәжбүр еткендігі сонша, оның айтқанынан ештеңе ажыратуға болмастай еді. Тіпті анық естіген күнде де ешкім бұған назар аудармаған соң мұның шындығына келгенде қандай маңызы болсын?
Жарық, жанды, миссис Бэдуин ашық есіктің жанында әбігерлене тосып тұрды; қызметші әйел Оливер көрінбей ме деп жиырма шақты мәрте көшеге жүгіріп шығып келді. Ал екі қарт жентльмен болса бұрынғысынша қараңғы қонақ үйде отырған, орталарында сағат жатыр.
XVI ТАРАУ
Нэнси алып кеткеннен кейін Оливер Твистің неге тап болғандығын әңгімелейді
Тар көшелер мен аулалар ақыры мүйізді ірі қарамен сауда жасауға қажетті нәрселермен жабдықталған қоршау орналасқан ашық алаңға алып шықты. Осы араға жеткен соң Сайкс жүрісін баяулатты; қыздың бұдан әрі тез жүруге шамасы келмей қалған. Сайкс Оливерге бұрылып, оған дөрекі үнмен Нэнсидің қолынан ұстап жүруге бұйырды.
— Сен немене, естімей тұрмысың? — деп гүжілдеді Сайкс, Оливер аз-кем бөгеліп, айналасына жалтақтап тұрған соң.
Олар жұрт көп жүретін көшелерден оқшау, қараңғы бұрылыста тұрған. Оливер қарсыласудың ешбір пайдасы жоқтығын түсінді. Оның созған қолын Нэнси қатты қысып ұстай алған.
— Екінші қолыңды маған бер, — деді Сайкс Оливердің бос қолын алып жатып. — Фонарик, мұнда кел!
Ит басын көтеріп, ырылдап қойды.
— Байқа, — деді Сайкс екінші қолын Оливердің мойнына тигізіп. — Егер ол бір ауыз бірдеңе десе, қауып ал! Осы есіңде болсын!
Ит қайтадан ырылдады да, жаланып, Оливердің кеңірдегінен ала кетуге асығып тұрғандай балаға қарап қойды.
— Кез келген христианиннен гөрі ит оны бұрынырақ ұстайды, олай болмаса, менің көзім шықсын!.. — деді Сайкс ашулы үнмен итке түнере қарап. — Енді, мистер, сізді не күтіп тұрғаны белгілі болды ғой, яғни, қанша айқайлағыңыз келсе, сонша айқайлаңыз; ит бұл ойынға тым тез-ақ тыйым салар. Кәне, күшігім, ілгеріле!
Фонарик мұндай тосын жылы қарым-қатынасқа риза пішінмен құйрығын бұлғаңдатып қойды да, ескерту ретінде Оливерге тағы ырылдап ілгері жүгіре жөнелді.
Олар Смитфилдті кесіп өтті, тіпті Гровенорсквермен жүргеннің өзінде де Оливер жолды бәрібір біле алмас еді. Кеш қараңғы әрі тұманды болатын. Минут сайын қоюланып, үйлер мен көшелерді қымтап бара жатқан ауыр тұман пердесінен дүкендердегі оттар азар жылтырайды таныс емес жерлер Оливерге тіптен жат көрініп үмітсіздік еңсесін езіп, көкірегіне қана орнатты.
Шіркеу сағатының күмбірі естілген кезде олар тағы бірнеше қадам ілгері басқан. Сағаттың алғашқы соққанынан-ақ Оливердің жанындағылар тоқтай қалып, дыбыс шыққан жаққа бұрылып қарасқан.
— Сағат сегіз болды, Билл, — деді Нэнси сағат күмбірі басылған соң.
— Оның несін айтасың. Өзім де естіп тұрғам жоқ па? — деп жауап қатты Сайкс.
— Осыны аналар естіді ме екен, менің соны білгім келіп еді? — деді Нэнси.
— Әрине, естиді, — деді Сайкс. — Варфоломей күні мені ұстағанда жәрмеңкеде шиқылдағанын құлағым шалмаған бір де бір керней қалған емес. Сырттағы шу мен салдыр-гүлдірден қарғыс атқыр ескі түрмедегі құлаққа ұрғандай тыныштыққа күйінгенім сонша, басымды темір есікке соғып, быт-шытын шығарғым келді.
— Бейшаралар-ай! — деді Нэнси сағат соғып жатқан жаққа әлі де көзін тігіп. — Ех, Билл, өздері қандай тамаша жігіттер еді!
— Сендердің, әйелдердің ойлайтындарың тек сол ғана ғой, — деді Сайкс. — Тамаша жігіттер деуін. Қазір оларды өліктер деп есептей бер. Яғни, олар туралы мылжыңдап та қажеті жоқ.
Осы бір көңілді орнына түсіретін сөздерді айту арқылы мистер Сайкс кеудесінде оянған қызғаныш отына су құйса керек, Оливердің қолын бұрынғыдан да қаттырақ қыса түсіп, ілгері жүруге әмір етті.
— Бір минутқа тоқтай тұршы! — деп дауыстап жібердіңіз. — Егер, Билл, келесі жолы сағат сегізді соққанда, дарға тартылу кезегі саған қалса, мен бұлайша асықпас едім. Сол араны төңіректеп, әбден әлім құрып, мұрттай ұшқанымша, тіпті жерде қар жатып, басыма бүркенерім болмаған күннің өзінде жүрер де қояр едім.
— Ал одан қандай пайда түспек? — деп сұрады сезімталдық атаулыдан жұрдай мистер Сайкс. — Егер сен егеу мен жиырма құлаш мықты арқан әкеп бере алмасаң, елу миль әрлі-берлі жүрдің бе, орныңда қозғалмастан тұрдың ба, маған келіп-кетері шамалы. Кеттік, текке тұрып, уағыз тыңдайтын жер бұл емес!
Қыз қарқылдап күліп жіберді де, шәлісін қымтанған соң, олар әрі қарай жүріп кетісті. Бірақ Оливер қыздың қолының дірілін сезіп келе жатты, ол газ фонарының жанынан өте бергенде оның бетіне қарап еді, өліктің жүзіндей құп-қу екен.
Жарты сағаттай лас та, иен көшелермен жүрген олар анда-санда ғана бірен-саран жүргіншілерге кезігіп қалып отырды, түрлеріне қарағанда, олардың да қоғамдағы орны мистер Сайкстікіндей болса керек. Ақыры ескі-құсқы алушылардың дүкендері иін тіресіп тұрған өте тар, лас көшеден келіп шықты; ит тәрізі өз қырағылығының енді қажет еместігін сезсе керек, ілгері жүгіре жөнелді де жабық тұрған бір дүкеннің есігінің алдына келіп тоқтады. Құлағалы тұрған үйдің есігіне жалға беріледі деген тақтайша қағылған екен, мұны атам заманнан тұр деп ойлап қалуға боларлықтай.
— Бәрі де орынша екен! — деп дауыстап жіберді Сайкс төңірегіне жайымен көз тастап.
Нэнси қақпаққа еңкейе беріп еді, Оливер қоңырау үнін есітті. Олар көшенің арғы бетіне өтіп, бірнеше минут фонарь түбінде тұрып қалды. Біреудің терезенің жақтауын көтергендей дыбысы естілді де, ұзамай жаймен ғана есік ашылды. Сонан соң мистер Сайкс пәлендей қысылып-қымтырылмастан, қорқып тұрған баланы жағасынан алып, үшеуі үйге кірді.
Дәлізде мүлде қараңғы болатын. Олар өздерін үйге кіргізген адам есіктің ілгегі мен шынжырын салғанша күтіп тұрды.
— Біреу-міреу бар ма? — деп сұрады Сайкс.
— Ешкім де жоқ, — деп жауап берді әлгі дауыс.
Оливерге бұл дауысты бұрын да естіген тәрізді көрінді.
— Ал шал осында ма? — деп сұрады қарақшы.
— Осында, — деп жауап қатты дауыс. — Өзі өлердей шошынып қалған. Сендердің келгендеріңе қуанар деп тұрмысыңдар? Олай бола қоймас!
Сөйлеушінің жауап беру мәнері, дауысы Оливерге таныс сияқты көрінгенімен, қараңғыда оның тіптен сұлбасын байқаудың өзі де қиын еді.
— Жарық жақшы, — деді Сайкс, — әйтпесе мойнымызды үзіп, немесе итті басып кетіп жүрерміз. Егер оны басып кете қалсаңдар, аяқтарыңа ие болыңдар.
— Сәл кідіре тұрыңдар, қазір жарық қылайын, — деді дауыс.
Кетіп бара жатқан аяқ дыбысы естілді де, сәлден кейін Джек Даукинс, басқаша айтқанда Епті Суайт пайда болды. Оң қолында жарылған таяқтың ұшына қыстырған май шамы бар.
Жас жентльмен Оливерді таныған белгісі ретінде мысқылды жымиыспен шектелді де, келгендерді соңынан сатымен төмен түсуге шақырды. Бос тұрған ас үйден өтіп, жер иісі аңқып тұрған аласа бөлмеге кірген оларды қарқылдаған күлкі қарсы алған.
— Ой, шыдай алмаймын, ой, ішегім-ай, — деп шыңғырды жасөспірім Чарльз Бейтс, бар дауысымен қарқылдап.
— Міне өзі! Ох, міне оның өзі! Ax, Феджин, өзіне бір қараңызшы. Қараңызшы деймін, Феджин! Менің шипам бітті. Ермек табылды-ау! Әй, әбден құмарымнан шыға күліп алғанша, біреуің мені демей тұрыңдаршы!
Көңілділік еркіне қоймай, әбден шарықтау шегіне жеткен жасөспірім Бейтс еденге аунай кетіп, шексілесі қата аяғын селтеңдетіп, өзінің қуанышты көңіл-күйін осылайша білдірді. Сонан соң, орнынан атып тұрып, Суайттың қолынан шырақ қыстырылған таяқты жұлып алып, Оливерге төніп келіп, оны шырайналдырып қарай бастаған, ал бұл уақытта еврей түнгі қалпағын шешіп, есі шыққан балаға иіліп тәжім етіп жатты. Үнемі жабырқау жүретін және іске кедергі келтірсе көңілді болудан да қашқақтайтын Суайт осы екі ортада асқан ыждағаттылықпен Оливердің қалтасын қағып жатқан.
— Мұның киіміне қараңыз, Феджин! — деген Чарли, шырағын Оливердің күртесіне тым жақындатып жібергені соншалық, күйдіріп жіберуге шақ қалды. — Костюміне қараңыз! Жұп-жұқа шұға, өте әсем тігілген. Міне қызық! Оның үстіне кітаптары және бар! Мынау нағыз жентльмен ғой, Феджин!
— Сені осындай әдемі күйде көргеніме аса қуаныштымын, қымбаттым, — деді еврей, екіжүзділікпен тағзым етіп қойып.
— Өзіңнің бір киер көйлегіңді былғап алмас үшін Суайт саған басқа киім берер. Сен неге бізге ештеңе жазбадың, қымбаттым, неге өзіңнің келетініңді ескертіп қоймадың? Біз саған қонақасыға ыссы бірдеңе даярлап қояр едік қой.
Осы арада Феджиннің өзінің көңілі көтерілгендігіне жасөспірім Бейтс қайтадан қарқылдап қоя берген, тіптен Суайт та күлімсіреді, бірақ дәл осы сәтте Суайт бес фунттық билетті суырып алған еді, оның күлкісін шақырған әзіл ме, болмаса мына табысы ма мұны болжай қою оңай емес-ті.
— Ей, мұнысы несі тағы? — деп сұрады Сайкс еврей билетті шап бергенде, ілгері ұмтылып. — Бұл маған тиесілі, Феджин.
— Жоқ, жоқ, қымбаттым! — деп дауыстап жіберді еврей. — Бұл менікі, Билл, менікі. Сіз кітаптарды аласыз.
— Олай бола қоймас! — деді Билл Сайкс, бірдеңеге бекінген түрмен шляпасын кие беріп. — Бұл Нэнси екеуімізге тиісті, әйтпесе мен баланы қайта апарып тастаймын.
Еврей дір ете қалды. Оливердің де тұла бойы дір еткен, тек басқадай себептен: мүмкін, өзін қайта апарып салар деген үміт қылаң еткен-ді.
— Әкеліңіз бері! Естимісіз! — деді Сайкс.
— Мұныңыз әділдік емес, Билл. Солай емес пе, Нэнси, — деп сұрады еврей.
— Әділдік болсын, болмасын, — деп қарсылық білдірді Сайкс, — әкеліңіз деген соң, әкеліңіз. Неліктен сіз Нэнси екеуіміздің міндетіміз сіздің кінәңыздан қолға түсіп қалған балаларды көше-көшеден қаңғырып іздеп, ұрлап әкелу деп ойлайсыз? Әкел ақшаны бері, сараң кәрі қаңқа! Естимісің!
Ананы осылайша ұялтқан соң мистер Сайкс еврейдің бас бармағы мен сұқ саусағының арасында қысулы тұрған билетті жұлып алды да, шалдың бетіне міз бақпастан қарап тұрып, ақшаны мұқият бүктеп, орамалына түйіп қойды.
— Бұл біздің еңбегіміз үшін, — деді Сайкс, — яғни екі есе көп болуға тиіс. Егер сіз оқуға құмар болсаңыз, кітаптарды өзіңізде қалдыруыңызға болады. Әйтпесе сатып жіберіңіз.
— Қандай әдемі еді өздері! — деді Чарли Бейтс бет-аузын тыржитып, кітаптардың біреуін оқып тұрғандай келбет танытып.
— Оқуға қызық емес пе, солай ғой, Оливер?
Барша жағдайдың тек күлкілі жағын байқай қоюға қабілетті жасөспірім Бейтс өз азаптаушыларына Оливердің қандайлық қайғымен қарағанын көріп, бұрынғыдан да есірік көңілді халге түсті.
— Бұл кітаптар қарт жентльмендікі! — деп қолын жая дауыстап жіберді Оливер. — Мен есімнен адасып, сандырақтап өлгелі жатқанда бауырына басып күткен, мейірімді, ізгі қарт жентльмендікі! Сіздерден жалынып сұрайтыным, оған кітаптарын да, ақшасын да қайтарып жібере көріңіздер! Мені өзім өлгенше осында ұстай беріңіздер, бірақ әлгілерді кері қайтарыңыздар. Әйтпесе, ол мені ұрлап кетті деп ойлап қалар. Кәрі леди де, маған қамқорлық жасағандардың барлығы да мені ұры деп ойлайды ғой! Мені аяй көріңіздер, кері қайтарыңыздар әлгілерді!
Жүрегін шексіз мұң жайлаған Оливер осы сөздерді айтқан соң, еврейдің аяғына құлай кетіп, шарасыздана саусағын сытырлатты.
— Бала дұрыс айтып тұр, — деді Феджин төңірегіне ұрлана көз тастап, жүндес қабағын түйе сөйлеп.
— Сенікі рас, Оливер, сенікі рас: олар, әрине, сені ұрлап әкетті деп ойлайды. Ха-ха! — деп мырс етіп күлді еврей, қолын уқалап. — Біз қаншама әрекеттенгенмен, бұдан артық табысқа жете де алмас едік.
— Әрине, жете алмас едік, — деп қостады оны Сайкс. — Кітаптарды қолтығына қысқан мұны Клеркенуэлде көргеннен-ақ мен бәрін түсінгем. Бәрі де дұрыс. Әлгі адамдар жүрегі жұмсақ періштелер ғой, әйтпесе, мұны өз үйлеріне кіргізер ме еді? Олар сотпен сөйлесуге тура келіп, ақыры мұны каторгаға айдап жіберер деген қауіппен бұл жөнінде анықтамалар жия қоймас. Қазір бұл қауіпсіз жағдайда.
Осы әңгіме болып жатқанда Оливер мына жағдайдан ешнәрсе ұғына алмағандай бірінен екіншісіне көзін аудара берген; бірақ Билл Сайкс үнсіз қалған сәтте, кенеттен орнынан атып тұрып, өзін-өзі ұғынбастан бөлмеден ата жөнелген, құлындағы дауысы құраққа жетіп, ойбайлап жәрдемге шақырып, ескі үйдің ішін жаңғырықтырып жіберді.
— Итіңді ұста, Билл! — деп айқайлады тұра ұмтылып есікті жауып алған Нэнси, еврей мен екі ұры қуғынға жөнелген соң. — Итіңді ұста! Ол баланың парша-паршасын шығарар!
— Оған сол керек! — деп айқайлады Сайкс, қыздың қолынан жұлқынып шығуға тырысып. — Кет әрі, әйтпесе қабырғаға соғып, басыңның мыж-тыжын шығарам!
— Маған бәрібір, Билл, маған бәрібір! — деп айқайлады қыз, бар күшімен оған жабысып. — Сен мені өлтіргенше, итіңе баланы талата қоймаспын!
— Талатпассың! — деді тісін шақыр еткізген Сайкс. — Егер жабысып қалмасаң, өз айтқаныңды да істеймін!
Қарақшы қызды бөлменің екінші жағына лақтырып жібергенше, Оливерді сүйрелеп, еврей мен екі бала да оралған еді.
— Не боп қалды? — деп сұрады Феджин жан-жағына жалтақтап.
— Шамасы, мына қыз ақылынан адасса керек, — деп жындана тіл қатты Сайкс.
— Жоқ, ол есінен адаса қойған жоқ, — деді құп-қу боп кеткен Нэнси, әлгі алыс-жұлыстан кейін екі иінінен демін әзер алып. — Жоқ, ол ақылынан адасқан жоқ, Феджин, олай ойламаңыз!
— Жарар, сабыр ет, естимісің? — деді еврей қызға зәрлене көз тастап.
— Жоқ, мен олай ете алмаспын, — деп қарсылық білдірді Нэнси, даусын көтеріп. — Ал, сіз бұған не айтасыз?
Мистер Феджин Нэнси тәрізділердің дәстүрі, мінез-құлқымен жеткілікті дәрежеде таныс еді де, онымен дәл қазіргі мені жалғастырудың қауіпсіз еместігін де білетін. Тұрғандардың көңілін басқа жаққа аудару мақсатымен ол Оливерге бұрылды.
— Сөйтіп, сен қашып кетпек болдың ғой, қымбаттым, солай ма? — деді еврей ошақ басында жатқан таяқты қолына ала беріп. — Солай емес пе?
Оливер ештеңе демеді. Еврейдің әр қимылын баққан ол ентігіп дем алады.
— Жәрдемге шақырмақ болдың, полицияны шақырғың келді, ә? — деп мысқылдады еврей баланы қолынан шап беріп. — Біз қазір ондай жыныңды қағып аламыз, жас жентльмен!
Еврей Оливерді арқадан қатты салып жіберді, екінші мәрте сілтей беріп еді, бірақ қыз ілгері ұмтылып, таяғын жұлып алды. Қыздың таяқты отқа бар пәрменімен атып ұрғандығы сонша, жайнап жатқан шоқтар еденге шашылды.
— Мұндайға қарап тұруға құлқым жоқ, Феджин, — деп айқайлады қыз. — Бала болса қолдарыңда, одан артық не керек? Тиіспеңдер оған, тиіспеңдер, әйтпесе, дар тұзағына мерзімінен бұрынырақ іліксем де біреуіңді жалпаңнан түсірем.
Осылай айбат шеккен қыз еденді бір теуіп, ерінін жымқырып, жұдырығын түйіп, көзін еврейдің қасындағы қарақшыға аударған; бет-жүзі долданғандықтан өліктікіндей қуарып кеткен.
— Ах, Нэнси! — деді еврей басу айтқан дауыспен, мистер Сайкске қысыла-қымтырыла қарап қойып. — Сен бүгін бұрынғыдан әлдеқайда ақылдысың. Ха-ха! қымбаттым, сен өз рөліңді керемет ойнап тұрсың.
— Солай ма! — деді қыз. — Сақтаныңдар, мен тым қаттырақ ойнап кетіп жүрмейін. Егер олай бола қалса, сізге қиын тиеді, Феджин, мен сізге алдын-ала ескертейін, менен неғұрлым аулағырақ жүргеніңіз абзал.
Шектен шыға долданған әйелмен, әсіресе оны есіріктік пен ашыну билеген сәтте, қақтығыса қоюға кезкелген еркектің дәті шыдап бермейді. Нэнсидің қатты ашынғандығына нанбаған кейіп көрсетіп, екіжүзділенудің ешбір пайдасы жоқтығын еврей ұғынды, сондықтан еріксіз кейін шегініп, Сайкске ендігі әңгімені жалғау саған тиесілі дегендей әрі жалтақтау, әрі қорқақтау көз тастаған-ды.
Бұл жалынышты көзқарасты түсінген Сайкс, егер мисс Нэнсиді дереу сабасына түсірмесе, шамасы өркөкіректігі мен беделіне нұқсан келерін сезінсе керек, балағат сөз бен қарғысын үйіп-төгіп, аузынан жынын шашты. Бірақ осылардың барлығы бағытталған адамға мұның титтей де әсері болмағанын көрген соң, ол бұдан гөрі тиімді тәсілге көшкен.
— Бұл не болғандығы сонда? — деді Сайкс, өз сауалын кісі дидарының әдемі бөлігіне арналған кең тараған қарғыспен тұздықтан; егер осы қарғыстың тым құрығанда елу мыңнан бірін іске асыра қалғанда бар ма, су қараңғы соқырлық, деген қызылша ауруы сияқты кең тараған науқас болып шыға келер еді. — Бұл не болғаны сонда? Осы жерде өртеніп өлейін! Сен өзіңнің кім, не екеніңді білесің бе, осы?
— Иә, мен оның бәрін де білем, — деп жауап қаттыңыз, есіріктене сақылдап, басын шайқап, жорта немқұрайлы болуға тырысын.
— Ал егер олай болса, айқайыңды доғар, — деді Сайкс, итіне тіл қатып үйренген гүжілдек дауысымен, — әйтпесе, ұзақ уақытқа өңешіңді тығындармын.
Қыз одан әрі жындана сақ-сақ күлді, Сайкске жылдам көзін тастап, теріс қарап кетті де, ернін қатты қыршып алғандығы сонша, қаны шығып кетті.
— Айтары жоқ, керемет-ақ!— ден қосып қойды Сайкс жеккөрінішті пішінмен қыздың өн-бойын шолып өтіп.— Адам сүйгіштер мен қайырымдылардың қатарына сенің ғана шығуың қалып еді. Жаңа ғана өзің бала ден атағаныңмен дос болуға ең лайықтының өзі сенсің!
— Бұл рас сөз, құдіреті күшті құдай өзі көмектессін! — деп ашына сөйледі қыз. — Баланы мұнда сүйреп келгеннен гөрі көшеде тырапай асып қалсам, немесе бүгін ғана жандарынан өткендермен орын алмастырсам етті! Енді ол бүгінгі кештен бастан ұры, өтірікші, сайтан, не болуға тиіс болса соның бәрі болуға міндетті. Оңбаған шалға осының өзі аз болғандай, балаға неліктен қол тигізуі керек?
— Жетер, жетер, — деп Сайкске басу айтты еврей, болып жатқанның бәріне жіті көз тастап тұрған балаларды нұқсан. — Біз сыпайы сөйлесуге тиіспіз, Билл, сыпайы.
— Сыпайы сөйлесу ме?! — жыны әбден қайнаған қыздың жүзіне қараудың өзі қорқынышты еді. — Сыпайы сөйлес деймісің, оңбаған! Иә, сендер менен сыпайы сөз естуге тұрасыңдар! Meн мынаның жарты жасындай шағымда сендер үшін ұрлық істедім! — Қыз Оливерді көрсетті. — Осы кәсіппен айналысып сендерге он екі жыл қызмет еттім. Сендер мұны білесіңдер ме? Айтыңдаршы кәні! Білесіңдер ме деймін?
— Болды, болды! — еврей қызды сабасына түсіруге әрекеттенді. — Солай екені солай, бірақ сен наныңды сонымен тауып жүрсің ғой.
— Иә, иә! — деп іліп әкетті қыз; ол сөйлеп тұрған жоқ, шыңғырып тұр — сөздер деген тасқын судай ақтарылып жатыр. — Солай өмір сүрем... Суық, сызды, лас көшелер — менің үйім! Ал сіз — көп жыл бұрын мені сол көшеге қуып шыққан, енді өле-өлгенше, күні-түні солай ұстайтын сұмырайсыз...
— Мен саған қазір көресіні көрсетейін! — деп қыздың сөзін бөліп жіберді мына кінәлау жынына тиген еврей. — Егер тағы бірдеңе десең, мен сенің жаныңды шығарам!
Қыз басқадай ештеңе айтпады; ол долдана шашын жұлып, еврейге оқтай атылғандығы сонша, егер Сайкс оңтайы келгенде қолынан ұстай алмағанда шалдың бетіне өз кегінің ізін қалдырып үлгірер еді, осыдан кейін босанып шықпақ болып, бірнеше мәрте әрекеттенді де, есінен танып қалды.
— Енді барлығы орын-орнына келді, — деді Сайкс қызды бөлменің бұрышына жатқыза беріп. — Жынданған шақта бар ма, қолының күшіне таң қалмасқа шараң жоқ.
Әбігер басылған соң, бойы жеңілдеген еврей маңдайының терін сүртіп, жымиып қойды; бірақ оған да, Сайкске де, итке де, балаларға да осының бәрі өз кәсіптерімен байланысты күнделікті оқиға сияқты көрінген.
— Әйелдермен істес болғанның бір жаманы осы, — деді еврей таяғын орнына қоя беріп, — бірақ олар қу болады, ал біздің кәсіпте оларсыз қадам баса алмайсың... Чарли, Оливерге төсегін көрсете қойшы.
— Меніңше, Феджин, оған сәнді костюмін ертең киюдің қажеті жоқ сияқты, — деді Чарли Бейтс.
— Әрине, — деп жауап берді еврей ыржиып.
Өзіне жүктелген тапсырмаға қуанған пішінмен жасөспірім Бейтс ұшы жарылған таяқты ала салып, Оливерді бұрын өзі ұйықтаған, ішінде екі-үш төсеніш жатқан жапсарлас ас үй — бөлмесіне ертіп алып барды. Осы арада күлкісін тыя алмай селк-селк еткен ол мистер Браунлоудың, үйінде Оливер шын ықыласымен тастаған ескі көйлекті алып шықты; сатып алған еврей Феджинге кездейсоқ көрсеткен осы көйлек Оливердің паналаған жерін анықтауға жетелеген жіптің бір ұшы болған еді.
— Мерекелік костюміңді шеше ғой, — деді Чарли, — мен оны Феджинге берем, оның қолында дұрыс сақталады. Ой, қызық-ай!
Сорлы Оливер құлықсыздау көне берген. Жасөспірім
Бейтс жаңа костюмді бүктеп, қолтығына қысты да Оливерді тас қараңғыда қалдырып, бөлмеден шығып, есікті жауып кетті.
Чарлидің қарқылдаған күлкісі мен құрбысының есін жиғызу үшін бетіне су сеуіп, басқа да қолғабыстар көрсетіп жатқан Бейтстің дауысы Оливерден гөрі бақыттырақ жағдайда жүрген көптеген адамдардың ұйқысын шайдай ашар еді. Бірақ баланың дымы құрып, әбден сілікпесі шыққан еді, ол қатты ұйықтап кетті.
XVII ТАРАУ
Тағдыр Оливерді өкшелеп, оны әшкерелеу үшін Лондонға ұлы адамды әкеледі
Шошқаның төсі бір май бір ет қабатынан тұратындығы тәрізді, театрдағы қалыптасқан қанды мелодрамаларда трагедиялык, сахналар комедиялық сахнамен бұлжымас тәртіппен алмасып отырады. Бұғауға түскен бақытсыз қаһарман сабан төсекке зар болып қалады; ал келесі сахнада оның сенімді, бірақ болған істен хабары жоқ, қару көтерушісі көрермендерді күлдіргі әнмен қарық қылады. Жүрегіміз дір-дір етіп кейіпкер қыздың тәкаппар да қатал баронға кіріптар болып қалғанын көреміз, өмірі мен ар-ұятына қатарынан қатер төнеді, өмірін қиып, арын сақтап қалу мақсатымен қыз қанжар суырады, мазасыздануымыз шарықтау шегіне жеткен кезде, кенеттен, ысқырық естіледі де, біз дереу қорғанның атшаптырым залына тап боламыз, онда сақалын ақ шалған сайқымазақ күлдіргі әнді кез келген жерден: шіркеу күмбезінің астынан, сарайлардан шыға келетін өзінен де күлдіргімен қосылып айтып береді, сонан соң, жақтары сөнбестен әлгі әнді шырқап, топ-тобымен ел кезіп кетеді.
Мұндай өзгерістер тұрпайы-ақ, дегенмен алғашқы түйсікке болмаса бұлар шындыққа бір табан жақын келеді. Өмірде түрлі тағамдар майысып тұрған столдан ажал төсегіне және қаралы кейіптен мерекелік киімге көше қою пәлендей таңданарлық құбылыс емес, тек өмірде біз енжар көрермендер емес, белсенді актерміз, түп негізгі айырмашылық та осында жатыр. Театрда актерлар құмарлықтың сұрапыл оянуы мен сезімнің күрт өзгерісіне мән бере бермейді, ал бұл қарапайым көрермен көзіне ұрсып-сөгуге тұрарлық, шамадан тыс әрі тұрпайы болып түседі.
Көріністің кенеттен ауысуы және уақыт пен орынның жылдам өзгеруі кітаптарда тек көп жылғы дәстүрге байланысты ғана құрметтелмей, сондай-ақ жазушының ұлы шеберлігінің дәлелі де болып есептеліп келеді — жазушы өнерін өз кейіпкерлерін әр тараудың соңында қандай қиын-қыстау жағдайларға тап қылуына қарап бағалайды,— тараудағы осы қысқа қыстырма мүмкін қажетсіз боп та шығуы. Ондай жағдайда бұл оқиғаның Оливер Твист дүниеге келген қалаға қайтып оралғандығын білдіретін сыпайы ишарасы ретінде қабылдансын: сондықтан да оқырман бұл сапарға аттануға нақтылы, байыпты себептер бар екендігіне нансын, әйтпесе оған бұл саяхатқа шығуды ұсынбас та едік.
Таңертең ертелетіп жұмыс үйінің қақпасынан шыққан мистер Бамбл салтанатты пішінмен маңғаздана аяғын нық басып, Хайстритке бет алды. Бидл дәрежесінің шуағына жылынған оның жүзі жайнап кеткен; үшбұрышты қалпағындағы және шинеліндегі жылтырауықтары таңғы күннің сәулесімен жалт-жұлт етеді; денсаулығы темірдей және құдіретінің қуатына көңілі семірген ол қолындағы таяғын ерекше жігерлене қысып алған. Мистер Бамбл әрқашанда басын жоғары ұстайтын, ал бүгінгі таңда бұрынғысынан да биігірек ұстап келеді. Алаңғасарлау көзқарасы мен тәкаппарлау түрі байқампаз оқушыны бидлдің басы сөзбен айтып жеткізуге қиын терең ойларға толы екен дегенді білдіргендей.
Мистер Бамбл ұсақ-түйек сатушылармен де, қасынан өте бергенде өзіне құрметпен тілдескендермен де тоқтап, әңгімелесіп жатпады. Олардың аман-сәлемдеріне ол тек қолының қимылымен жауап қайырып, өзінің құдіретті қадамын миссис Манн қайыршы жетімектерді приходқа тән қамқорлықпен бағып-қағып жатқан фермаға жеткенше баяулатқан жоқ.
— Осы бидлді сайтан алса етті! —деді миссис Манн бақтың есігін қағып жатқан өзіне таныс дауысты естіген соң. — Мұндай құлқын сәріден одан басқа кім келсін... Ах, мистер Бамбл, бұл келген сіз бе? Құдайым-ай, қандай бақыт! Қонақ үйге жүріңіз, сэр, өтінемін сізден!
Сөздің бірінші бөлігі Сьюзенге, ал шаттанған даурықпа бөлігі мистер Бамблға арналған еді; әдемі леди бақтың есігін ашып, зор құрметпен, жалбаң қағып оны үйге ертіп кірді.
— Миссис Манн, — деп сөзін бастады мистер Бамбл қайдағы бір арсыз сияқты креслоға отыра, немесе құлай кетпей, жайымен ақырын ғана жайғаса беріп, — Миссис Манн, қайырлы таң!
— Сізге де қайырлы таң тілеймін, сэр, — миссис Манн жүзі жайнап жауап қайырды. — Халіңіз жақсы болар деп үміттенемін.
— Ептеп-септеп, миссис Манн, — деп жауап қатты бидл. — Приход тірлігі деген раушан гүлден өрген төсек емес, миссис Манн.
— Ах, бұл рас сөз, мистер Бамбл! —деп іліп әкетті леди.
Егер осы сөзді бейшара жетімектер естіп қалғанда ғой, хормен қайталап шығатынына күмән жоқ еді.
— Приход өмірі, сударыня, — деп сөзін жалғады мистер Бамбл столды таяғымен бір салып қап, — қам-қайғыға, жағымсыз жайттарға және ауыр жұмысқа толы тірлік, бірақ айтарым, азап шегу барша қоғам қайраткерлерінің маңдайына жазылған.
Миссис Манн бидлдің айтқысы келгенінің түгіне түсінбесе де көңіл білдіре қолын жайып, күрсініп қойды.
— Ех, шынында да күрсінуге тұрарлық, миссис Манн, — деді бидл.
Өз істегенінің дұрыстығына көзі жеткен миссис Манн қоғам қайраткерінің көңілін тура тауып тағы бір мәрте күрсініп қойды, ал анау болса үшбұрышты қалпағына қатулана көз тастау арқылы өзінен өзі масаттанған күлкісін жасырып:
— Миссис Манн, мен Лондонға жүремін,— деді.
— Ах, құдайым-ай, мистер Бамбл! —деп шегіншектей бере, дауыстап жіберді миссис Манн.
— Лондонға, сударыня, — деп қайталады қайсар бидл. — Почта күймесімен. Мен және екі кедей шаруа, миссис Манн. Отырықшылдыққа байланысты сот процесі болғалы тұр, сөйтіп кеңес маған, маған, миссис Манн, Клеркенуэлдегі тоқсандық сессияда осы іс жөнінде анықтама беруді жүктеді. Енді менің қауіптенетінім, — деп маңғаздана сөзін жалғады мистер Бамбл, — Клеркенуэлдегі соттағылар менімен жағаласам деп арандап қалып жүрмесе деймін.
— Ах, оларға тым қатал болмай-ақ қойсаңыз етті, сэр! — деп ұрлана сөйледі миссис Манн.
— Бұған Клеркенуэл сессиясындағы соттардың өздері кінәлі, сударыня, — деп жауап қатты мистер Бамбл. — Егер іс олардың ойлағандарынан гөрі қиынырақ арнаға бет алса, онда өздеріне өздерінің алғыс айтқандары оңды!
Мистер Бамбл айтқан осы бір зілді сөзде соншама бел шеше кірісушілік, борышын соншалық түсінушілік жатты да, миссис Манн шынымен-ақ шошынып қалған еді.
Ақыры ол:
— Сіздер күймемен кетесіздер ме, сэр? Ал мен әлгі қайыршыларды арбамен аттандыратын болар деп ойлаушы ем, — деді.
— Егер олар науқас болған жағдайда, миссис Манн, — деді бидл. — Жауынды күндері біз ауруларды суық тиіп қалмасын деп ашық арбамен жөнелтеміз.
— О, — деді миссис Манн.
— Kepi оралатын күйме әлгі екеуін апаруға келісіп отыр, оның үстіне жөндем бағамен, — деді мистер Бамбл. — Егер оларды өзге приходқа тығып жіберудің сәті түссе, мен мұны әбден мүмкін нәрсе деп ойлаймын, біз оларды көмгеннен гөрі, алып кеткен екі фунт арзанға түседі деп есептеп отырмыз. Тек олар бізге қас қылғандай жолда өліп қалмаса, себебі екеуінің де халі өте нашар.
Мистер Бамбл біраз күліп алды, сонан соң көзі қайтадан үшбұрышты қалпағына түсіп еді, қайтадан байсалды қалпына келді.
— Біз іс турасында ұмытып кетіппіз, сударыня! — деді бидл. — Міне, сіздің приходтан алатын айлық жалақыңыз.
Мистер Бамбл шиланынан қағазға оралған күміс теңгелерді шығарды да, қолхат талап етті, оны сол арада миссис Манн жазып берді.
— Мен мұны былғап алдым, сэр, — деді кішкентайлардың тәрбиешісі, — бірақ бәрі де дұрыс жазылған сияқты. Рахмет сізге, мистер Бамбл, сэр, шындығында мен сізді қатты құрметтеймін.
Мистер Бамбл миссис Манның иілуіне жауап ретінде қошеметтен басын изеп, балалардың қалай тұрып жатқандығын сұрады.
— Құдай өзі жар болсын! —деп толқи сөйледі миссис Манн. — Олар сүп-сүйкімді, денсаулықтары да жақсы, одан артықты сұраудың да қажеті жоқ! Әрине, өткен жұмада өлген екеуі мен кішкентай Дикті қоспағанда.
— Ал ол баланың халі әлі де онша емес пе? — деп сұрады мистер Бамбл.
Мисс Манн басын шайқады.
— Ол кекшіл, бұзылған, оңбаған приход баласы ғой, — деп ашулана сөйледі мистер Бамбл. — Оның өзі қайда?
— Мен тап қазір оны сізге әкеле қояйын, сэр, — деп жауап қатты миссис Манн. — Мұнда кел, Дик!
Дикті бірнеше мәрте дауыстап шақырып, ақыры тауып әкелді. Баланы су насосының астына ұстап, бетін шайды, миссис Манның етегімен бетін сүртті, тек осыдан кейін ғана ол қаһарлы мистер Бамблдың, бидлдің алдында тұрды.
Баланың жүзі құп-қу, өзі шидей арық еді, ұрты ішіне кіріп кеткен, көзі бақырайып, жылтырап тұр. Приходтың кісі аярлық, көйлегі — қайыршылықтың куәсіндей — оның әлсіз денесінде қолқылдап тұр, баланың қол-аяғы қарттардікіндей солып қалған.
Мистер Бамблдың алдында көзін жерден ала алмай, бидлдің даусынан-ақ шошынып, дір-дір етіп тұрған кішкентай пенденің бар болмысы осы еді...
— Жентльменнің жүзіне неге тура қарамайсың сен, қырсық бала? — деді миссис Манн.
Бала жасқаншақтай басын көтеріп еді, мистер Бамблдың көзқарасымен түйісіп қалды.
— Саған не боп қалды, приходтан келген Дик? — деп сауал қойды мистер Бамбл әбден үйлесімді ойнақы әзілмен.
— Ештеңе де болған жоқ, сэр, — деп ақырын жауап қатты бала.
— Әрине, ештеңе болған жоқ, — деді миссис Манн, мистер Бамблдың әзіліне де шын ықыласымен рахаттана күліп. — Мен сен ештеңеге тарығып жүрген жоқ шығарсың деп үміттенем.
— Маған қажеті... — тұтыға сөйлей берді бала.
— Міне, қалай, қалай! —деп сөзін бөліп жіберді миссис Манн. — Сен, шамасы, өзіңе бірдеңе жетпей жүр дегің келді-ау деймін. Ох, кішкентай оңбаған!
— Тыныш, тыныш, миссис Манн! —деді бидл, қолын әмірлі кейіппен көтере беріп. — Сізге не қажет еді, сэр!
— Маған қажеті, —деп тұтыға, сөзін жалғады бала, — кімде болса біреу бір жапырақ қағазға бірнеше сөз жазып, бүктеп, желімдеп, мені жерге көмгеннен кейін тығып қойса деймін.
— Мына бала не деп тұр! — дауыстап жіберді мұндайға еті өліп кеткеніне қарамай әлгі байсалды үнмен құр сүйегі ғана қалған баланың түрі сәл әсер еткен мистер Бамбл. — Сіз не жайында айтпақ едіңіз, сэр?
— Маған қажеті, — деді бала, — бейшара Оливер Твистке ыстық сәлемімді жеткізбек ем, қараңғы түнде қаңғып бара жатқан оған қол ұшын берер бір адамның жоқтығын ойлап, менің үнемі жылап жүргенімді ол білсе деп едім. Және де оған айтқым келетіні, — деп сөзін жалғады бала, жұдырығын түйе, екілене сөйлеп, — мен әлі кішкентай кезімде өлетініме қуаныштымын, егер мен өсіп, үлкен болып, қартайсам, көктегі қарындасым мені ұмытып кетер еді, маған ұқсамай тұрар еді, ал егер екеуіміз де онда бала күйімізде кезіксек, әлдеқайда жақсы болар еді.
Мистер Бамбл жазып жеткізгісіз таңданыспен кішкентай шешенді басынан аяғына дейін шолып өтті де, жанындағы әйелге бұрылып:
— Бұлардың бәрі бір тектес, миссис Манн. Анау озбыр Оливер бәрін бүлдіріп болған, — деді.
— Бұған өзім де ешуақытта сенбес едім, сэр! — деді миссис Манн, қолын жайып, Дикке кектене қарап. — Мен ешуақытта мұндай кішкентай оңбағанды кездестірген емеспін!
— Мұны алып кетіңіз, сударыня! — деп әмір етті мистер Бамбл. — Бұл жайында кеңеске мәлім етуге тура келеді, миссис Манн.
— Жентльмендер бұл менің кінәм еместігін ұғар деп үміттенем, Сэр? — деп наразы үнмен қыңқылдады миссис Манн.
— Олар мұны түсінеді, сударыня; олар істің ақиқатына қанық болады, — деді мистер Бамбл. — Енді мынаны алып кетіңіз, көргім келмейді.
Дикті дереу алып кетіп, көмір сақтайтын ұраға қамап тастады. Осыдан кейін көп ұзамай, жолға әзірлену үшін мистер Бамбл да кетіп қалған.
Келесі күні, сағат таңғы алтыда үшбұрышты қалпағының орнына дөңгелек шляпа киіп, бүркеншікті шекпенге оранған мистер Бамбл, отырықшылдық өміріне талас туған екі қылмыскермен бірге почта күймесінің үстінен орын алды. Солармен бірге ол келісімді мерзімде Лондонға жетті. Дір-дір етіп, суыққа шағым жасай берген кедейлердің пасық мінезқұлықтары болмаса, жолда ешқандай жағымсыз жайттар бола қойған жоқ, тек әлгіден мистер Бамблдың өзі айтқандай шекпенге оранып отырса да, тісі-тісіне тимей, қалшылдап қоя берген.
Түнге қарай әлгі қаскүнемдерден құтылған мистер Бамбл күйме келіп тоқтаған үйге орналасты да, тамаққа қуырылған ет, устрицаға және сыраға заказ берді. Каминнің үстіне су қосылған джинді қойып, креслосын отқа жақындатып, газет оқуға кірісті.
Мистер Бамблдың көзі түскен алғашқы жолдарда былай деп жазылған екен:
«Бес гиней сыйлық.»
Өткен аптада, бейсенбі күні кешкілік өзіме, немесе біреу алып кетті ме, әйтеуір Пентонвилден Оливер Твист атты бала қашты және содан бері ешқандай хабар жоқ. Жоғарыда аталған сыйлық әлгінде аталған Оливер Твистің паналаған жерін табуға көмектескен, әйтпесе осы хабарландыруды берген адам көптеген себептермен қатты әуестеніп отырғандықтан, оның өткен өмірінен хабардар кез келген адамға беріледі».
Әрі қарай толық етіп Оливердің түр-түсін, киімі, оның пайда болуы мен жоғалуы және мистер Браунлоудың аты мен адресі жазылған.
Көзі бадырайып кеткен мистер Бамбл хабарландыруды асықпай, мұқият үш қайтара оқыды да, әбігерленіп жүріп су қосылған джинді де қозғамаған күйі арада бес минуттан кейін Пентонвилге келе жатты.
— Мистер Браунлоу үйде ме? — деп сұрады мистер Бамбл есік ашқан қыздан.
Бұл сауалға қыз қарапайым-ақ әйтсе де екі ұштылау жауап қайтарды:
— Білмеймін... Сіз қайдансыз?
Мистер Бамбл өзінің келу себебін түсіндіріп, Оливердің атын атауы мұң екен, қонақ бөлменің есігінде әңгімеге құлақ түріп тұрған миссис Бэдуин демін әзер алып, дәлізге жүгіріп шықты.
— Кіріңіз, кіріңіз! —деп дауыстады кәрі леди. — Мен ол туралы бірдеңе еститінімізді біліп едім! Бейшара бала! Ол туралы еститінімізді біліп едім мен! Мен бұған сенімді ем. Құдай өзі жар болсын оған! Мен әруақытта да осыны айтқам.
Осы сөздерді айтқан соң құрметті кәрі леди қонақ бөлмеге асықты да, диванға отыра кетіп, жылап қоя берді. Бұл уақытта мұндай сезімталдығымен ерекшеленбейтін қызметші қыз жоғары жүгіріп кетті де, қайта оралып, мистер Бамблге өз соңынан еруді ұсынған, анау соған ілесіп кетті.
Оны графиндер мен стакандардың жанында мистер Браунлоу мен оның досы мистер Гримуиг отырған кішкентай бөлмеге ертіп кірген. Мистер Гримуиг бірден айқайлап қоя берді:
— Бидл! Егер мынау приход бидлі болмаса мен өз басымды өзім жеуге әзірмін.
— Құдай үшін, қоя тұрыңызшы, — деді мистер Браунлоу. — Отырсаңыз қайтеді?
Мистер Гримуигтің ерсі қылығынан әбден есі шыққан мистер Бамбл отыра кеткен.
Мистер Браунлоу бидлдің жүзін жақсырақ көрінуі үшін шамды жақындатып қойды да, асықпай сөз бастады:
— Сіз, сэр, хабарландыру көзіңізге түскен соң келген боларсыз, сірә?
— Иә, сэр, — деді мистер Бамбл.
— Сіз бидлсіз ғой, солай емес пе, сэр? — деп сұрады мистер Гримуиг.
— Мен приход бидлімін, жентльмендер, — деп мақтанышпен жауап қайырды мистер Бамбл.
— Иә, әрине, — деді мистер Гримуиг өз досына қарап. — Өзім де солай ойлап ем. Басынан аяғына дейін бидл.
Мистер Браунлоу досына тыныштал дегендей басын шайқап қойды да, сөзін жалғады:
— Сізге сол бейшара баланың қайда жүргені белгілі ме?
— Ол турасында ештеңе білмеймін, — деп жауап қатты мистер Бамбл.
— Онда сіз ол туралы не білесіз өзі? —деп сұрады қарт жентльмен. — Бірдеңе білсеңіз айта беріңіз, достым. Сіз ол жайында не білесіз?
— Жақсылық жағы шамалы болар, солай емес пе? — деді мистер Бамблдың жүзіне қадала қарап отырған мистер Гримуиг кекесінмен.
Сауалды дауыс ырғағынан шапшаң түсіне қойған мистер Бамбл кек тұта, маңғаздана басын шайқады.
— Көріп тұрсыз ба? — деді мистер Гримуиг мистер Браунлоуға айызы қана қарап.
Мистер Браунлоу мистер Бамблдың тыржиған қабағына қауіптене қарап, Оливер турасында білетінінің барлығын мүмкіндігінше қысқаша айтып беруін өтінді.
Мистер Бамбл шляпасын қойып, сюртугінің түймесін ағытты, қолын айқастырып, терең ойға кеткен жандай басын иіп, аз-кем ойланған соң әңгімені бастады.
Жиырма минут уақыт алған осы әңгімені бидлдің өз сөзімен айтып шықсақ іш пыстырар еді, сондағы негізгі ойы былай түйінделді: Оливер төменгі нәсілді бұзылған ата-ананың ұлы, туғаннан бастап бойынан табылған бар қасиеті екіжүзділік, жақсылықты білмеушілік, кекшілдік; туған қаласында аз уақыт тұрғанның өзінде қанішерлікпен жазығы жоқ бір балаға тап беріп, өз қожасының үйінен түн жамыла қашып кеткен. Өзінің сол айтып тұрған бидл екендігінің куәсі ретінде мистер Бамбл қалаға ала келген қағаздарын стол үстіне қойды. Сөйтті де мистер Браунлоу қағазбен танысып шыққанша үнсіз күтіп тұрды.
— Осының бәрі шындық болар деп қорқамын, — деді қарт жентльмен қағаздарды қарап шыққан соң, мұңая сөйлеп. — Сіздің әкелген мәліметтеріңізге берілетін сыйлық тым мардымсыз, бірақ мен егер бала үшін тәуірірек хабар болғанда қуана отырын, бұдан үш есе артық сыйлық берер едім.
Бұл шартты мистер Бамбл ертерек білгенде, кім білсін, өзінің қысқаша әңгімесін басқаша бояумен әрлендірер ме еді?.. Дегенмен бұлай етуге кеш боп қалды да, сондықтан ол байсалды қалыппен басын шайқап, бес гинейін қалтасына салды да, шығып кетті.
Шамасы, бидлдің әңгімесінен күдіктенгендіктен болар, мистер Браунлоу бірнеше минут бойы бөлме ішін арлы-берлі кезіп жүріп алды, тіпті мистер Гримунгтің өзі де қайтып оның мазасын алған жоқ.
Ақыры ол тоқтай қалып, шұғыл қоңырау қақты.
— Миссис Бэдуин, — деді мистер Браунлоу экономка бөлмеге кірген кезде, — әлгі Оливер, оңбаған бала болып шықты.
— Олай болуы мүмкін емес, сэр, олай болуы мүмкін емес! — деп қызулана сөйледі қарт леди.
— Ол оңбаған деп айтып тұрмын ғой! — деп қарсылық білдірді қарт жентльмен. — Олай болуы мүмкін емес деп айтарлықтай сіздің қандай дәлеліңіз бар еді? Біз жаңа ғапа оның туғанынан бастап қандай болғандығы жайында толығынан әңгіме естідік. Ол қаршадайынан-ақ епті кішкентай оңбаған болыпты.
— Мен бұған ешуақытта да сенбеймін, сэр, — деді қарт леди, нақ-нақ сөйлеп. — Ешуақытта!
— Сендердің, кемпірлердің, сенетіні жын-бақсы мен ойға сыйғысыз ертегілер ғой, — деп міңгірледі мистер Гримунг. — Meн бұлай боларын о бастан-ақ білгем. Сендер бірден менімен неге ақылдаспадыңдар? Егер ол ыстығы көтеріліп ауырмағанда сіздер солай істер ме едіңіздер? Ол сіздерге қызық көрінді ғой, солай ма? Қызық көрініпті! Miнe енді! — Мистер Гримунг қолындағы көсеуімен каминді өршелене түйіп қалды.
— Ол сүп-сүйкімді, ақ жүрек, жуас бала болатын, сэр! —миссис Бэдуин жақтырмай қарсылық білдірді. — Мен балаларды бір кісідей білемін, сэр. Оларды білгеніме мінеки тұп-тура қырық жыл болды, ал өздері оларды осылайша білмейтіндер, үндемей-ақ қойсын. Менің пікірім осы.
Әлі күнге бойдақ мистер Гримунгке бұл қатты соққы болатын. Бұған былқ етпеген жентльменнің тек жымиғанын көрген қарт леди басын қиқаң еткізіп, алжапқышын түзеп қойып, кезекті шабуылға әзірлене беріп еді, оны мистер Браунлоу тоқтатты.
— Жетер! —деді қарт жентльмен, жорта ашуланған әлпет танытып. — Бұдан былай ол баланың атын да естігім кемейді! Мен сізді осыны айту үшін шақырғам. Ешуақытта! Ешуақытта, ешқандай жағдаймен! Есіңізде болсын! Жүре беріңіз, миссис Бэдуин! Түсініңіз! Мен қалжыңдап тұрғам жоқ.
Бұл түні мистер Браунлоу үйінің тұрғындарының жүректеріне ауыр тас орнығып қалғандай еді.
Өзінің сүйікті, қайырымды достары жайлы ойлаған Оливердің жүрегі де қан жылап жатты, олардың қандай мәліметке қанғаны бұған әлі беймәлім болатын, әйтпесе жүрегі жарылып та кетер ме еді?..
XVIII ТАРАУ
Құрметті достарының арасында Оливер уақытын қалай өткізгені жайында
Келесі күні түс кезінде, Суайт пен жасөспірім Бейтс өздерінің үйреншікті жұмыстарына шығып кеткен соң, мистер Феджин жағдайды пайдаланып, Оливерге жақсылықты білмеудің шектен шыққан күнәһарлығы хақында ұзақ ғибрат айтты, бұл жерде ол өзінің әбігерленіп қалған достарынан әдейі жылыстап кеткен, оның үстіне қаншалықты сандалыспен тауып алғаннан кейін де қашып кетуге әрекет жасаған мұның кінәсін тайға таңба басқандай дәлелдеп берді. Мистер Феджин, әсіресе, Оливерге баспана тауып беріп, бауырына тартқанын баса айтты, егер дер кезінде қол ұшын бермегенде, бұл аштан өліп қалған болар еді, бұдан кейін мистер Феджин бір бала жайында Луанды тербер қайғылы әңгіме айтып берді, сол балаға бұл жаны ашығандықтап тұп-тура осындай жағдайда көмек берген екен, бірақ бала мұның сенімінен шыға алмай, полициямен байланыспақ болыпты да, ақыры, өкінішке орай, бір күні таңертең Олд-Бейлиде дарға асылыпты. Мистер Феджин осы оқыс оқиғаға өз қатынасын жасырған жоқ, бірақ көзіне жас алып, әлгі баланың оңбағандығы мен сатқындығына қатты күйінді.
Ақырында мистер Феджин дарға тартылуға қатысты бірсыпыра жағымсыз жайлардың басын шала келіп, бірақ ешуақытта да Оливер Твисті мұндай жамандыққа душар етпеспін деген достық рәуіште, сыпайы ғана тілек білдірді.
Еврейдің әңгімесін тыңдап отырған кезде кішкентай Оливердің қаны басына теуіп, осы әңгімеде бүркеніп жатқан зәрені алар сұмдықты ептеп сезіне бастаған.
Егер кездейсоқ қылмыскермен бірге жүре қалса, әділ заңның өзі кінәсізді кінәлі ғып табатыны бұған мәлім болатын. Бұрынырақта болған әлдебір арандатуға байланысты осы жентльмен мен мистер Сайкстің қағысып қалатыны есіне түскенде, кәрі еврей тым көп білетін немесе мылжың адамдарды құртып жіберу үшін құпия бір жоспарларды сан рет ойлап тауып, сан мәрте жүзеге асырған шығар-ау деген ой келген Оливерге. Көзін жасқана көтергенде еврейдің өзін сынай қарап тұрғанын көрген бала жүзінің құп-қу боп кеткені мен тұла бойының дір еткенін байқампаз қарт жентльменнің назарынан тыс қалмай, оның көңілін хош еткенін сезді.
Еврей жағымсыз жымиып, Олвиердің басынан сипады да, егер бұл өзін жақсы ұстап, жұмыс істей бастаса, әлі-ақ екеуінің дос болып кететінін ескертті. Сонан соң шляпасын алып, жамау түскен ескі пальтосын киді де, бөлмеден шығып, есігін жауып кетті.
Бұл күні және келесі күндері де Оливер ертеден қара кешке дейін (түннің бір уақытына дейін) сарылтқан сағаттар бойы өз ойымен өзі болып қала берген. Ал бұл ойлары қайырымды достарына, өзі туралы олар қандай пікірде қалды екен дегенге тірелді де, көкірегін мұң жайлады.
Бір апта өткен соң еврей есікті бекітіп кетуін қойды да, Оливер үй-ішін түгел кезіп жүруге мүмкіндік алды.
Бұл ара тым лас еді. Жоғары қабаттың бөлмелерінде абажадай, биік ағаш каминдер тұрған, есіктері де үлкен, қабырғалары мен төбесі уақыт пен кірден қарайып кеткен, бірақ санқилы оюлармен өрнектелген тақтаймен шегенделген. Осының бәрі Оливерге көп уақыт бұрын, мүмкін қарт еврей тумай тұрып, бұл үй бір лайықты адамдардікі болған шығар, қазір көңілсіз, күңгірт болғанмен бір кезде өте көңілді, әрі әдемі болған шығар деген ой туғызды.
Бөлме қабырғаларына өрмекші тор құрып тастаған, ал кейде Оливер бөлмеге жайымен кіріп келгенде, өріп жүрген тышқандар тым-тырақай қашып, сасқалақтай індеріне тығылып жатады. Тышқандардан басқа бұл арадан бірде-бір тірі жанды көре де, даусын ести де алмайсың, сондықтан да қараңғылық қоюланған соң, бөлмелерді кезуден шаршаған Оливер жұртқа жақынырақ болу ниетімен шығар есіктің жанындағы қуысқа кіріп алып, еврей мен балалар оралғанша тың тыңдап, сағат санап отыратын да қоятын.
Барлық бөлмелердегі терезелердің ескі қақпақтары жабық тұратын, оларды бекітіп тұрған бұрандалар ағашқа отырғызылған еді, жарық тек жоғарыдағы дөңгелек тесіктен түсетін де, бөлмені одан әрі көңілсіз етіп, неқилы көлеңкелерге толтырып жіберетін. Аулаға шығатын тот басқан темір торлы шатырдың есігі қақпақсыз еді де, осы терезеден мұңайған Оливер сағаттар бойы тысқа қарап отыратын, терезеден қалай болса солай қауқиған шатырлар, қарайған мұржалар ғана көрінетін. Рас, кейде алыстан, үйлердің жақтауының ар жағынан ақ шалған бас көрініп қалып, іле жоғалып кететін; ал Оливердің обсерваториясының терезесін ұзақ жылдар бойы әр қилы дүппелер көмескілеп, жауын мен түтін әбден ыстағандықтан әрқилы заттардың сүлбесін ғана болжай қарап отырғаннан басқа біреу көрер, даусымды естір деп дәмелену орынсыз еді. Бұл қасиетті Павел шіркеуінің күмбезіне отырып осылай үміттенумен пара-пар тірлік еді.
Бірде түстен кейін Суайт пен жасөспірім Бейтс кешкі жұмысқа әзірлене бастады да, аталмыш жас жентльмендердің алғашқысының басына сәндене киіну жайлы ойдың сап ете түскені (әділін айта кету керек — жайшылықта бұл мұндайға аса ділгер болмаушы еді), осы мақсатпен ол Оливерге дереу өзіне көмектес деп әмір етті. Оңбаған да болса өз маңында адамдар жүргеніне қуанған Оливер олардың көңілдерін табуға да, әрине, егер ол үшін жаман қылыққа ұрынбайтын болса, қарсы емес болатын. Өзінің әзір екендігін білдіруге асыққан бала, мистер Даукинс «сәйгүліктерді жалтырату» деп атайтын шаруаға кірісуге өз тізесіне Суайттың аяғын салу үшін еденге отыра кеткен. Бұл сөздер қарапайым ағылшын тілінде етік тазалауды білдіретін.
Шамасы, тазаланып жатқан етігін шешіп әуреге түспей, оны қайта кием деген ой да мазасын алмай, жайбарақат аяғын бұлғаңдатып қойып, столға жайғасып алған есті яшпуардың бостандығы мен тәуелсіздігін сезінуі ме, немесе жақсы темекі жүрегін жұмсартты ма, мүмкін әлсіз сыра бойына тарады ма, қалай болғанда да Суайт тап осы сәтте табиғатына мүлде жат романтикалық рухта, көңілі де тым хош еді. Алдымен ол ойлы пішінмен төменге, Оливерге қарады, ал сонан соң жайымен күрсініп, өзіне ме, әлде жасөспірім Бейтске ме сөйлегені белгісіз:
.— Мұның мазурик болмағаны қандай өкінішті!—деді.
— Иә, — деді жасөспірім Чарльз Бейтс, — бұл бас пайдасын білмейді.
Суайт күрсініп қойып, қорқорын қайтадан қолына алды; Чарльз Бейтс те сөйтті. Бірнеше минут екеуі үнсіз шылым тартты.
— Сен, шамасы, мазурик дегеннің не екенін де білмейтін шығарсың? — деп сұрады Суайт ойлы жүзбен.
— Мен білетін сияқтымын, — деді Оливер басын кетеpiп.— Бұл ұр... сіздерсіздер ғой, солай ма? — деп тұтыға сөйледі ол.
— Дұрыс айтасың, — деді Суайт. — Мен өзге бірдеңеге өмірі басымды шатып жатпас ем.
Осы кесімін айтқан мистер Даукинс шляпасын ашулана шекесіне ысырып, бейне қарсылық білдіруге шақырғандай жасөспірім Бейтске қарады.
— Өте дұрыс! —деп сөзін қайталады Суайт. — Чарли де, Феджин де, Сайкс те, Нэнси де, Бет те сондайлар. Бәріміз де мазуриктерміз, итті де осыған қос. Керек десе ол бәрімізден еттірек!
— Және ол бекерге оттай да қоймас! — дегенді қосты Чарли Бейтс.
— Ол сотта қорқыныштан оттай қоймас,... эй, жоқ, жоқ, тіпті оны байлап тастап, екі апта аштан қатырғанның өзінде де жұмған аузын ашпайды, — деді Суайт.
— Ешуақытта қыңқ демес еді, — деп сөзін растады Чарли.
— Ғажап ит, — деп сөзін жалғады Суайт. — Біреу күлсе, яки болмаса қасында тұрып ән салса, жыны қалай қозады десеңші! Біреу скрипка ойнай қалса қалай ырылдайды! Және басқа тектен шыққан ит атаулыға қаны қас!
— Нағыз христианның өзі! — деді Чарли.
Ол тек итті мақтағысы келген, бірақ жасөспірім Бейтстің өзінің ойына кіріп-шықпаса да, бұл сөзінің жаны бар еді, өздерін нағыз христиандармыз деп есептейтін көптеген леди мен жентльмендердің бойында мистер Сайкстің итіне ғажап ұқсастық болады.
— Ал, жарайды, — деді Суайт үнемі өз кәсібін ойлай жүретіндіктен сәл ауытқып кеткен әлгіндегі тақырыбына қайта оралып. — Мұның бәрінің де біздің аңқауымызға титтей де қатынасы жоқ.
— Дұрыс, — деп келісті Чарли. — Оливер, сен неге Феджинге шәкірттікке бармайсың?!
— Ен дәулетке белшеңнен батар едің, — деп қосып қойды мырс еткен Суайт.
— Ал сонан соң бұл істі тастап, адамгершілікпен өмір сүру ғой? Мен өзім де сөйтем, айталық, төрт толық жыл, содан соң келесі толық жыл мен үштік апталығының қырық екінші сейсенбісінде, — деді Чарли Бейтс.
— Маған бұл ұнамайды, — деп жасқаншақтай жауап қатты Оливер. — Мен... Мені қоя берсе деймін. Менің... Менің кеткім келеді...
— Ал Феджиннің жібергісі келмейді, — деп қарсылық білдірді Чарли.
Оливердің өзі де мұны жақсы білетін, бірақ өз сезімін ашық білдіруге жүрегі дауаламаған ол, күрсініп қойып, етікті тазалай берген.
— Кеткің келе ме?! —деп айқайлап жіберді Суайт. — Сенің ұятың бар ма өзі? Ар-намыстан да жұрдай екенсің! Өз достарыңның есебінен күн көріп жүріп, кеткің келеді, ә?
— Сайтан алғыр! — деп бақырды, қалтасынан екі-үш жібек қол орамалды суырып алып, шкафқа тастай берген жасөспірім Бейтс. — Бұл нағыз оңбағандық қой!
— Мен мұндайға ешуақытта бармас едім, — деді Суайт бұдан түңілгендей, жеккөрінішпен.
— Ал өз достарыңды сендер тастап кете бересіңдер, — деді зорлана жымиған Оливер, — сендер үшін оны жазалап жатса да бәрібір...
— Оны білгің келсе, — деді Суайт қорқорын сілтеп қойып, — Феджинге бола істелген тірлік қой, оны тіміскіленушілер іздеп жүр, біздің бірге істейтінімізді біледі, егер біз зытып отырмасақ, шалға қырсығымыз тиер еді... Ұқтың ба, рас қой, Чарли?
Жасөспірім Бейтс қоштағандай басын шұлғыды, бірдеңе демекші еді, бірақ Оливердің қашқаны кенеттен есіне түсіп кетіп, қарқылдап қоя берді де, сорған түтіні өңешіне кетіп қалып, ол бес минуттай жөтеліп, жер тепкіленіп, қиқылдады да қалды.
— Көрдің бе? — деді Суайт қалтасынан бір уыс шиллингтер мен жарты пенстіктерді шығарып. — Рахат өмір деген міне осы! Оның қайдан келгенінде не шаруаң бар? Мә, ала ғой! Біз мұны алған жерде әлі де жетерліктей қалған. Не, алғың келмей ме? Әй, ашықауыз-ай!
— Мұның жаман әдет екені рас қой, Оливер? —деді Чарли Бейтс. — Бұл дарға тартумен аяқталады ғой, солай ма?
— Оның не екендігін мен түсінбедім, — деді Оливер.
— Міне, көріп ал, достым! — деді Чарли.
Осы сөздерді айтқан соң жасөспірім Бейтс өз галстугінің ұшынан ұстай алып, оны жоғары тартқылап, басын бір жағына қисайта, тісінің арасынан сыздықтата әлдеқандай дыбыс шығара тарту мен асудың бір нәрсе екенін әлгі көңілді пантомимамен білдірді.
— Miнe қандай! —деді Чарли, — қарашы Джек, мынаның көзін бақырайтуын! Мына баладай ашықауызды өмірі көрсем көзім шықсын. Қашан болмасын бұл мені күлкіден өлтірді, ішегімді үзеді бұл.
Көзінен жас аққанша қайтадан қарқылдай жөнелген Чарли Бейтс қорқорына жабысты.
— Сені дұрыс тәрбиелемеген, — деді Суайт Оливер тазалаған өз етігіне ықыласпен қарап тұрып.
— Әйтсе де Феджин сенен бірдеңе жасап шығаруға тиіс, немесе оның ештеңе шығара алмаған алғашқы адамы сен боларсың. Дегенмен бірден бітісіп кеткенің жөн, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бұл кәсіппен сенің де айналысуыңа тура келеді, текке уақыт кетіресің, Оливер.
Жасөспірім Бейтс бұл кеңеске сан қилы моральдық өсиеттерін қосты, онысы таусылған соң досы мистер Даукинс екеуі өз өмірлеріне байланысты сан қилы қызғылықты жайттарды әдемі сөздермен әсірелей суреттеп, мистер Феджиннің оң көзіне ілігу үшін өздері сияқты әдістерді пайдаланғаны дұрыс дегенді Оливердің құлағына құйып жатты.
— Және қауашағыңа мынаны құйып ал, Ноли, — деді Суайт, еврейдің жоғарыдан есік ашып жатқанын естіп қалып, — егер сен сүрткіштер мен тықылдақтар әкелмейтін болсаң...
— Мұндай сөздердің керегі не? — деп әңгімеге килікті жасөспірім Бейтс. — Ол сенің айтқаныңды түсінбей тұр.
— Егер сен сағаттар мен қол орамалдарды әкелмесең, — деді Суайт өз сөзін Оливердің даму деңгейіне лайықтап, — оны бәрібір басқа біреу қағып кетеді. Бұдан, әрине, айрылып қалған адамға жаман болады және саған да жақсы емес, себебі бұдан, әлгі заттарды иемденіп кеткен жігіттен өзге ешкім де ұтпайды, ал алуға оның қандай хақысы болса, сенің де тап сондай хақың бар.
— Дұрыс! —деді бөлмеге қалай кіргенін Оливер байқамай да қалған еврей. — Мұның бәрі өте оңай, қымбаттым, өте оңай, Суайттың сөзіне сенуіңе болады. Ха-ха-ха! Ол өзінің кәсібінің әліппесін тамаша біледі.
Суайттың ойын құптаған шал қолын көңілдене уқалады да, өз шәкіртінің қабілетіне көңілі тола күліп қойды.
Еврей үйге мисс Бетси мен Оливер бұрын ешуақытта көрмеген жентльменді ертіп келгендіктен әңгіме осы жерден үзілді. Суайт Том Читлинг деп атаған әлгі адам бөлмеге кіргеннен ледиге сыпайыгершілік көрсетіп, сатыда бөгеліп қалған.
Мистер Читлинг Суайттан ересектеу екен, — мүмкін ол өз ғұмырында он сегіз қыс көрген болар — бірақ мына жас жентльменмен қарым-қатынасында бірсыпыра құрмет тұтушылық байқалады, әңгіме кәсіби қабілеттіліктің қыр-сырында болғандықтан, шамасы, ол өзін Суайттан бір елі төменірек ұстайтын сияқты. Кішкене көзі ойнап тұр, бетін шешек жеп қойған, басында бөрік, үстінде жол-жол, қоңыр мақпал күртесі, май-май бумазия шалбары, алжапқышы бар. Шынына келсек, оның кескіні кісі қызығарлық емес еді, бірақ ол өзін бір сағат бұрын ғана «босатқанын», соңғы алты апта бойы мундир киіп жүргендіктен, жай киіміне назар аударуға мүмкіндігі болмағандығын айтып, тұрғандардың алдында ғафу өтінді. Мистер Читлинг аса жыны келген пішінмен, матаны күйдіріп жіберетіндіктен, киімді темекімен ыстау конституцияға қайшы келетінін қосып айтты, бірақ графтың өкіметпен күресуге ешқандай мүмкіндігі жоқ, екен. Сондай-ақ шаш қидыру жөніндегі тәртіпті де ол заңға қарсы деп тауып, кейістік білдірді. Мистер Читлинг өз сөзін міне тұп-тура қырық екі тынымсыз жұмыс күні бойы бір тамшы татпағандықтан, «аңқам кеуіп қалмаса мені мүрдем кетіріңдер» деп талап етумен аяқтады.
— Мына жентльмен қайдан келді деп ойлайсың, Оливер? — деп ыржия сұрады еврей, екі бала столға бір шөлмек виски қойған соң.
— Б... білмеймін, сэр, — деді Оливер.
— Мынауың кім? — деп сұрады Том Читлинг Оливерге жақтырмай қарап.
— Бұл, қымбаттым, менің жас достарымның бірі, — деп жауап қатты еврей.
— Яғни, мұның жолы болған екен...— деді жас жігіт Феджинге жұмбақтай қарап қойып. — Менің қайдан келгенімде не тұр, балақай? Бір кронға бас тігейін, ұзамай сен де сол жаққа жол тартарсың!
Бұл әзіл балаларды ду күлдірді. Осы тақырып төңірегінде біраз мылжыңдасқан соң, олар Феджинмен сыбырласты да, шығып кетті.
Жаңа келген қонақ Феджинмен әріректе біраз сөйлесті де, осыдан соң екеуі өз орындықтарын ошаққа жақындатып, еврей Оливерді шақырып алып, жанына отыруға әмір етті де, өз тыңдаушыларын қызықтыруға тиіс дүние жөнінде әңгіме қозғап кетті. Әңгіме өз кәсіптерінің үлкен пайдасы, Суайттың ептілігі, Чарльз Бейтстің адамгершілігі, еврейдің өзінің жомарттығы хақында өрбіді. Ақыры бұл тақырып та сарқылған, мистер Читлингтің де әлі құрыған, себебі, бір-екі жұма өткен соң түзеу үйлерінде болуда қажытып жібереді ғой. Сондықтан да, қалғандар демалсын деген оймен мисс Бэтси де кетіп қалды.
Осы күннен бастап Оливердің жалғыз қалуы аса сирек болды, ол үнемі евреймен бірге баяғы ескі ойынды ойнайтын екі баланың қасында жүрді — бұл — өз әдістерін жетілдіру ме, болмаса Оливер үшін бе — оны тек министер Феджиннің өзі ғана білетін. Анда-санда шал бұларға жас кезінде істеген қарақшылықтарының тарихын айтып беретін, онда кісі қызығарлық не қилы күлкілі жәйттер көп болғандықтан Оливер өзінің тамаша қасиеттеріне қарамастан, ішек-сілені қата күлдіретін бұл оқиғалардың өзін қызықтыратынын жасыра алмайтын.
Қысқасын айтқанда, қу кәрі еврей баланы өз торына шырмап алды. Баланы қайғылы ойлармен арпалысқаннан гөрі кез келген ортаны аңсайтын халге жеткізгенше оның жанын жалғыздықпен, мұңмен даярлап алып, енді оны ластап, түсін мүлдем өзгертіп жіберуге үміттенген шал тамшылатып у қоса бастаған.
XIX ТАРАУ
Тамаша жоспар талқыланып, қабылданады
Солып қалған денесін қатты қаусырып тұрған пальтосының бар түймесін салып, бетінің төменгі бөлігін жасыру үшін жағасын көтеріп алған еврей өз апанынан шыққанда сылбыр сұп-суық, желді түн еді. Ол артынан есікті жауып, шынжырын тиектегенше баспалдақта күтіп тұрды, балалардың ойдағыдай жапқандығына көзі жеткен соң, көшені бойлап бар-пәрменімен жүгіре жөнелді.
Оливерді алып келген үй Уайтчеилмен көршілес еді. Еврей бұрышта жан-жағына күдіктене көз жүгіртіп, бір минуттай тұрып қалды да, көшені кесіп өтіп, Спител Филдске қарай жүріп кетті.
Көшелерге толарсақтан қақ тұрып қалған, қою қараңғылық көміп түр, жаңбыр сіркірейді, сұп-суық, жалбырақ түн. Еврей сияқтылар дәл осындай түндерде кезіп жүруге тиіс сияқты. Ілгері қарай ұрлана басын, қабырғалар мен подъездердің көлеңкесімен сырғып келе жатқан жексұрын шал өзі келе жатқан лас пен қараңғы түнекте дүниеге келген жүрек айнытар бауырымен жорғалаушы тәрізді, ол тамағына сүбелі қалдық іздеп келе жатқандай.
Ол Бетнел-Гринға жеткенше ирек-ирек, тар көшелермен жүріп отырды, содан соң солға кілт бұрылып, тұрғындар тым жиі орналасқан осы аудандағы толып жатқан шым-шытырық лас көшенің бірінен келіп шықты.
Шамасы, еврей қазіргі тұрған жерімен жақсы тыныс сияқты, қараңғы түн мен қиын жол жүрегін шайлықтыра қойған жоқ. Ол бірнеше қысқа көшелерден тез-тез өтіп, ақыры ең аяқ жағындағы жалғыз фонарь жарықтандырып тұрған көшеден келіп шықты. Ол үйлердің бірінің есігін қақты да, оны ашқан адаммен ақырын ғана бірнеше ауыз тіл қатысып, сатымен жоғары көтеріле берді.
Есіктің тұтқасынан ұстай бергенде, ит ырылдап қоя берді де, еркек даусы бұл кім деп сұрады.
— Бұл мен ғой, Билл, тек менмін, қымбаттым, — деді еврей бөлмеге басын сұға беріп.
— Онда бері қарай домалай беріңіз, — деді Сайкс. — Тыныш жат, ақымақ ит! Немене, пальто киген соң сайтанды танымай қалдың ба?
Расында да, итті тығырыққа тіреген мистер Феджиннің сырт киімі болса керек, еврей шешініп, пальтосын орындықтың арқалығына тастай салуы мұң екен, ит те өз бұрышына келіп, енді көңілі орнына түскендігін білдіргендей құйрығын бұлғаңдата бастаған.
— Ал, — деді Сайкс.
— Ол не дегенің, қымбаттым! .. деп жауап қатты еврей. — Ә, Нэнсисің бе!
Бұл тілдесуде қалай қабылдар екен дегенді дәлелдейтіндей біраз сасқалақтау бар-ды. Қыз Оливерге жақтасқан күннен бері мистер Феджин оны көрген жоқ еді. Жас ледидің қылығы бұл турасындағы күдіктің бәрін сейілтіп жіберді. Қыз каминнен аяғын алып, орындығын жылжытты да, артық-ауыз сөз айтпастан түн айтары жоқ суық қой деп, Феджинге ошаққа таман отыруды ұсынды.
— Иә, қымбатты Нэнсиім менің, өте суық, — деді еврей отқа арбиған етсіз қолын жылытып жатып. — Тұла бойыңды қарып өтеді, — деп қосып қойды шал бөксесін ысқылай беріп.
— Сіздің жүрегіңізге жету үшін ақпанның аязы керек шығар, — деді мистер Сайкс. — Бұған ішетін бірдеңе берші, Нэнси. Қимылдасаңшы, сайтан алғыр! Мына оңбаған кәрі қаңқаның көрден жаңа тұрған жексұрын елестей қалшылдап тұрғанын көріп тұрып, өзіңе де ауырып қалу деген түк емес.
Нэнси шапшаң қимылдап, шамасы әрқилы спирт ішімдіктерге толы самсап тұрған шкафтағы бөтелкенің біреуін алып шықты.
Сайкс стаканға брендн құйып, еврейге ұсынды.
— Жарар, жарар... Рахмет, Билл, — деген еврей ернін тигізіп қана стаканды столға қойды.
— Алдап соғар деп қорқасыз, ә? — деді Сайкс еврейге қадала қарап. — Уф!
Қыр-қыр етіп өшіге міңгірлеген мистер Сайкс стаканға шап беріп, брендидің қалғанын күлге шаша салды, өзіне стаканды қайтадан толтырып алды.
Анау өңешіне екінші стаканды төңкеріп тастағанша, еврей көзімен бөлмені бір шолып өтті, бұл әуесқойлықтан емес-ті, бұл бөлмені ол бұрын да талай көрген, ол өзіне тән күдіктенушіліктің, тынымсыздықтың салдары еді. Қайыршы кейіпіндегі бөлме еді бұл, тек шкафтағы тұрған заттар ғана мұнда адал еңбекпен айналыспайтын адам тұратындығын аңғартатын; бұрышта тұрған бірнеше ап-ауыр таяқтардан және ошақтың үстінде салбырап тұрған ұшына қорғасын құйған таяқтан өзге күдіктенерлік ештеңе жоқ еді.
— Міне, енді, — деді Сайкс, ернін жалай беріп, — мен дайынмын.
— Іс турасында әңгімелеспейміз бе? —деп әуестенді еврей.
— Жарайды, іс турасында-ақ болсын, — деп келісті Сайкс. — Не айтқыңыз келді, ақтара беріңіз.
— Чертсидегі іс турасында ма, Билл? — деп сұрады еврей, орындығын жылжытып, даусын төмендете.
— Жарайды. Бұл туралы сіз не айтпақсыз? — деп сұрады Сайкс.
— Ах, қымбаттым, менің басымда не тұрғаны сізге белгілі ғой... — деді еврей. — Ол біледі ғой, Нэнси, солай ма?
— Жоқ, білмейді, — деп ыржиды мистер Сайкс. — Немесе білгісі келмейді, бұл екеуі бір-ақ ауыз сөз. Ашығына көшіңіз де, әр нәрсені өз атымен атаңыз! Бейне тонаушылық жайлы ойды алдымен өзіңіз бастамаған жандай, отырып алып, көзіңізді жыпылықтатып, менімен тұспалдап сөйлесуді қойыңызшы осы! Не ойлап келдіңіз қазір?
— Тыныш, Билл, тыныш! — деді еврей ананың бұрқылдауын қойғызуға текке арамтер болып. — Біреудің құлағы шалып қалуы мүмкін.
— Ести берсін! —деді Сайкс. —Маған бәрібір емес пе?
Бірақ мистер Сайкске де бәрібір болмағандықтан ақылға салған ол, даусын баяулатып, сабасына түсе бастаған.
— Жарар, жарар, — деп еврей оған басу айтты. — Мен бар болғаны сақ адаммын. Ал енді, қымбаттым, Чертсидегі әлгі іс жайында сөйлеселік. Біз оны қашан жүзеге асырамыз, Билл? Қашан? Ондағы асханадағы күмісті айтсаңшы, қымбаттым, қандай күміс десеңші! — деді еврей қолын уқалап, қабағын көтеріп қойды.
— Ештеңе де шықпайды, — деді Сайкс салқын ғана.
— Бұдан ештеңе де шықпайды деймісіз?.. — деп дауыстап жіберді еврей, отырғыштың арқалығына шалқая беpiп.
— Иә, ештеңе де шоқпайды, — деді Сайкс. — Түптеп келгенде бұл біз ойлағандай оп-оңай нәрсе емес.
— Яғни, оны ешкім дұрыстап қолға алмаған, — деді еврей ызаланғаннан өңі бозарып. — Маған ештеңе айтпай-ақ қоюыңызға болады!
— Жоқ, мен барлығын да сізге баян етем, — деп қарсыласты Сайкс. — Ештеңе айтпайтындай сіз кімсіз өзі? Мен айтып тұрмын ғой, Тоби Крекит сол маңайды екі апта төңіректегенімен, малайлардың бірде-бірімен байланыса алмаған.
— Шынымен-ақ, сіз, Билл, — деп сұрады ананың қызуланғанына орай өзі бәсеңси бастаған еврей, — әлгі екі малайдың тым құрығанда бірінің аузын ала алмады демекпісіз?
— Иә, тура солай демекпін мен сізге, — деп жауап қатты Сайкс. — Олар қарт ледиге қызмет еткелі жиырма жыл болыпты, тіпті сіз оларға бес жүз фунт берген күннің өзінде де олардың қармақты қаба қоюы екіталай.
— Шынымен-ақ, қымбаттым, сіз әйелдерді де алдандырудың сәті түспеді демексіз бе? — деп сұрады еврей.
— Дұрыс айтасыз, сәті түспеді, — деп жауап қатты Сайкс.
— Қалайша, тіпті епті деген Тоби Крекиттің өзіне де ме? — деді еврей сеніңкіремегендей. — Әйел деген халықтың не екенін есіңізге түсірсеңізші, Билл!
— Иә, тіпті енді Тоби Крекиттің де жолы болмады, — деп жауап қатты Сайкс. — Сол маңды торуылдағанда жалған самай сақал жапсырғанын да, ақсары түсті бешпет кигенін де ол айтып келді, бірақ бәрі текке кеткен.
— Одан да, қымбаттым, оның мұрт қойып, әскери шалбар киюі керек еді, — деп қарсылық білдірді еврей.
— Ол оны да байқап көріпті, — деді Сайкс, — онан да түскен пайда жаңағыдай.
Бұл хабардан еврей абыржып қалған. Иегін кеудесіне тығып, ол бірнеше минут ойланып қалды да, сонан соң басын көтеріп терең күрсінді де егер епті Тоби Крекит бәрін дұрыс айтып келсе, онда бұл ойыннан жеңілдік қой деп қауіптенетінін айтты.
— Ал дегенмен де, — деді шал қолын тізесіне салып, — қымбаттым, бүкіл ой жүйеміз осыған бағытталған шақта бұдан түк шығара алмау өкінішті-ақ.
— Дұрыс, — деп келісті мистер Сайкс. — Жол болмады.
Ұзақ үнсіздік орнады, терең ойға берілген еврейдің әжім-әжім жүзі шындығында тым жексұрын-ақ еді. Сайкс әлсін-әлсін оған ұрлана қарап қояды. Нэнси, құлып бұзушының жынына тигендей қорыққан кейіппен, болып жатқанның өзіне ешқандай қатысы жоқтай оттап көзін алмады.
— Феджин, — деді Сайкс, сүттей ұйыған тыныштықты бұзып, — осы іс өзі шамадан артық елу алтын тұра ма?
— Иә, — деді еврей де кенеттен тіріліп.
— Яғни, еңбекке тұрады ғой? — деп сұрады Сайкс.
— Иә, қымбаттым, — деп жауап қатты еврей, көзі жайнап, әлгі сұрақтан толқыған оның бетіндегі әр бұлшық еті жыбыр-жыбыр етеді.
— Онда былай, — деді Сайкс еврейдің қолын менсінбей ығыстыра беріп, — мұны қашан болмасын істеу қолдан келеді. Өткен түні Тоби екеуміз бақтың қоршауынан асып түсіп есік пен қақпақты байқап көргенбіз. Түнге қарай үйді түрмедегідей бекітіп тастайды екен, дегенмен басты қатерге тікпей-ақ, ептеп кіріп кететін бір орын бар көрінеді.
— Ол қай жерде? — деп шыдамсыздана сұрады еврей.
— Шалшықты кесіп өту керек... — деп сыбырлай сөйледі Сайкс.
— Қойшы? — деп қағып алған еврей, мойнын созып, көзін бақырайтқаны сонша, ұясынан шығып кете жаздады.
— Уф, — деп дауыстап жіберген Сайкс, кенет қыздың жан-жағына жалтақтап, еврейге қарай басын сәл ғана шұлғығанын көріп тұтығып қалды. — Оның қай жерде екенінің сізге бәрібір емес пе? Менсіз бұдан ештеңе шығара алмасыңды былай да білем... Бірақ сендейлермен істес болған кезде сақ болмасқа да болмайды.
— Еркіңіз білсін, қымбаттым, еркіңіз білсін, — деп жауап қатты еврей. — Тоби екеуіңіз өздеріңіз-ақ, істейсіздер, ешқандай көмек керек жоқ қой?
— Ешқандай, — деді Сайкс. — Бізге тек бұрғы мен бала ғана қажет. Бұрғы бізде бар, ал баланы сіз табуға тиіссіз.
— Бала ма?! — деп дауыстап жіберді еврей. — Шамасы әңгіме есік тақтайы тұрасында-ау, ә?
— Онда шаруаңыз болмасын! — деп жауап берді Сайкс. — Маған бала қажет, және балаңыз семіз болмасын.
— О, құдай-ай! — деп ойлана сөйледі Сайкс. — Егер мен мұржа тазалаушы Нэдтің ұлын қолға түсіре алсам ғой. Ол әдейі ұлын осындай істерге жегетін-ді. Бірақ әкесін каторгаға жіберді де, осы кезде іске кішкентай қылмыскерлерге қамқорлық жасайтын қоғам араласып, баланы нан жегізіп тұрған кәсібінен айырып, сауатын ашқалы жатыр, ұзамай оны көмекші шебер етіп шығарады. Үнемі килігеді де жүреді солар-ақ. Егер олардың ақшасы жеткілікті болса (құдайға шүкір, ондайы жоқ!) онда бір-екі жылдан кейін біздің кәсіпке қажетті төрт-бес бала да қалмас еді.
— Дұрыс, — деп келісті еврей, ол анау сөйлеп жатқанда ойға шомып кеткен еді де, тек сөйлемнің соңғы сөзін ғана естіді. — Билл!
— Ал не тағы? — деді Сайкс.
Еврей бұрынғысынша отқа телміріп отырған Нэнси жаққа басын шұлғып, оны бөлмеден шығара тұруға болмас па екен дегендей ишарат жасады. Сайкс мұндай сақтықты артық деп санағандай иығын қозғап қойды, әйтсе де бұған үнсіз бағынып, мисс Нэнсидің бір саптаяқ сыра әкелуін талап етті.
— Сені ешқандай сыра ішкің келіп тұрған жоқ, — деді Нэнси қолын кеудесіне айқастыра, орнынан да қозғалмастан.
— Ішкім кеп тұр дедім ғой саған, — деп айқайлады Сайкс.
— Бекер! —деді қыз салқын ғана. — Айта беріңіз, Феджин. Мен оның не дегісі келіп тұрғанын білемін, Билл. Маған назар аудармай-ақ қойсын.
Еврей әлі де әрі-сәрі болып тұрған. Сайкс таңдана назарын еврейден қызға аударды.
— Мына қыз сізге шынымен-ақ бөгет боп тұр ма, Феджин? — деді ол ақыры. — Бұл не ақымақтық тағы! Сіз оны көптен білесіз ғой, сенуіңізге болады. Ол мылжыңдар тобынан емес. Солай ғой, Нэнси?
— Айтасың-ау! —деді де жас леди орындығын столға жақындатып, соған шынтақтап отырды.
— Иә, иә, қымбаттым, мұны мен білемін, — деді еврей, — бірақ... — Сөйтті де шал қайта тұтығып қалды.
— Ал немене, — деп сұрады Сайкс.
— Мен бұл қыз анадағы кештегідей тағы да ашуланып қала ма деп ем, — деп жауап қатты еврей.
Мұндай мойындауды естіген мисс Нэнси ішек-сілесі қата күлді де, бір стакан брендиді төңкеріп тастап, басын екілене шайқап: «Жасқанбай айта беріңіз», «Ешқашан да мойымаңыз» деген сөздерді қарша боратты. Шамасы мұнысы екі жентльменнің де көңілдерін орындарына түсірсе керек, еврей қанағаттанған пішінмен басын изеп, өз орнына жайғасты, мистер Сайкс те отырды.
— Ал, Феджин, — деп күле сөйледі Нэнси, — тезірек Биллге Оливер жайында айтыңыз!
— Ха! Сен қандай ақылдысың, қымбаттым! Ешуақытта мұндай есті қызды көрген емеспін! —деді еврей қызды мойнынан сипап. — Шынында менің Оливер туралы айтқым келіп еді. Ха-ха-ха!
— Сіздің ол жайында не айтқыңыз келіп еді? — деп сұрады Сайкс.
— Сізге бұл ең қолайлы бала, қымбаттым, — деп қыр-қыр еткен даусымен сыбырлады еврей, саусағын мұрнына апара, жиренішті ыржиып.
— Анау ма?! — деп дауыстап жіберді Сайкс.
— Билл, ал оны, — деді Нэнси, — мен сенің орныңда болсам, оны алар едім. Мүмкін, ол басқалар сияқты епті болмас, бірақ саған тек есік ашу үшін қажет қой. Күмәніңіз болмасын, Билл, оған сенуге болады.
— Оған менің күмәнім жоқ, — деп қызу қостады Феджин. — Соңғы апталарда біз оны әбден жаттықтырдық, енді оған да нан тауып жейтін кез келді. Оның үстіне басқа балалар тым кесек денелілер ғой.
— Иә, оның бойы дәл келіп қалар, — деп ойлана сөйледі мистер Сайкс.
— Сіз не талап етсеңіз, соның барлығын орындайды, Билл, — деп ойын қорытты еврей. — Оның басқа жолы жоқ, әрине, егер сіз оны жақсылап тұрып қорқытсаңыз.
— Қорқыту ма? — деп іліп әкетті Сайкс. — Есіңізде болсын, мен оны қорқытқанда да естен танғандай етем. Егер біз жұмысқа кіріскенде ол қиқаңдайтын болса бар ғой, жоқтауын бір-ақ асырам. Онда сіз баланы тірі күйінде көре алмайсыз. Феджин. Оны маған жібермес бұрын осы жағын ойланып алғайсыз. Осы сөзім есіңізде болсын! — деді тонаушы кереуеттің астынан алып шыққан сүйменді көрсетіп.
— Мұның бәрін де мен ойлағам, — деп қызулана жауап қатты еврей. — Мен оған... әбден назар аударғам, қымбаттым. Енді тек біздің топтың мүшесі екендігін, оның да ұры екендігін басына сіңіре берсе болды, оны біздікі дей бер! Бүкіл ғұмыр бойы біздікі. Охо! Мұның бәрі қалай сәтті болды десеңші!
Шал қолын кеудесіне айқастырып, басын салбыратып, бүгіліп қалған, бейне қуаныштан өзін-өзі аймалап отырған тәрізді.
— Біздікі дейсіз бе? — деді Сайкс. — Сіз менікі дегіңіз келген шығар!
— Мүмкін, қымбаттым, — деді еврей шыңғыра қиқылдап. — Қаласаңыз менікі-ақ болсын, Билл!
— Ал, неге? — деп сұрады Сайкс қымбатты досына қабағын түйе, жауыға қарап. — Неге сіз Коммон-Гарденді жағалап күнде кешкілік өріп жүретін елу баланың кез келгенін таңдап алудың орнына қайдағы бір аурушаң жетімекке бола осынша әлектендіңіз?
— Өйткені, олардан маған ешқандай пайда жоқ, қымбаттым, — деп жауап қайтарды сәл қысылыңқырап қалған еврей. — Айтуға да тұрмайды. Егер жамандыққа душар бола қалса, оларды бет-жүздері-ақ ұстап береді, сонан соң олар мен үшін жоқ дей бер. Ал егер мына баланың әбден иін қандырса бар ма, қымбаттыларым менің, әлгіндейлердің жиырмасының істегенінен артық істетем бұған. Оның үстіне, — дегенді қосып айтты еврей, әлгі қысылған кейпінен серпіліп, — егер бұл қашып кете қалса, бізді ұстап береді, сондықтан да, ол біздің тағдырымызды бөлісуге тиіс. Қалай болса да бәрібір емес пе? Оны ұрлыққа араластыру менің еркімде — маған қажеті де сол. Бұл кішкентай сорлы баланы жолдап ысырып тастағаннан әлдеқайда жақсы ғой. Мұның өзі қауіпті нәрсе, әрі біз бұл істе ұтылып қалар едік.
— Іс қай күнге белгіленіп отыр? — деп сұрады Нэнси Феджиннің адамсүйгіш сөзіне мистер Сайкстің бұрқ ете түскелі тұрған ашуының алдын алып.
— Расында да, — деп іліп әкетті еврей, — қай күнге белгіленеді, Билл?
— Мен Тобимен бүрсүгіні, түнге деп келіскем, — деп түнере жауап қатты Сайкс. — Бірдеңе бола қалса мен оған ескертем.
— Тамаша, — деді еврей, — ай туа қоймас.
— Ай тумайды, — деп қостады Сайкс.
— Яғни, олжаны қолға түсіруге бәрі де даяр ғой, — деп сұрады еврей.
Сайкс басын изеді.
— Және анау, әлгі...
— Бәріне де келіскенбіз, — деп оның сөзін бөліп кетті Сайкс. — Тәптіштеп жататын ештеңесі жоқ. Одан да баланы ертең кешке осында жеткізіңіз. Таң сібірлеген бойда бір сағаттан соң жолға шығам. Бір елі аузыңызға екі елі қақпақ қойыңыз да, тигель даярлаңыз, сізден басқа ештеңе де талап етілмейді.
Үшеуі де қызу араласқан аз-кем әңгімеден кейін ертең, ымырт үйірілген соң Нэнси Оливерді ертіп келуге еврейге баратын болып шешті, бұл арада Феджин, егер Оливер қарсылық көрсете қалғандай болса, қызды шығарып салуды өз міндетіне алатынын мәлімдеді. Белгіленген экспедицияға байланысты сорлы Оливер толығынан мистер Уильям Сайкстің қамқорлығы мен қарауына берілетін болды да, Сайкс оған не істеймін десе де ерікті, егер Оливерді қандай да болмасын бір қырсық шалса, немесе оны жазалау қажет бола қалса еврей мұны жауапқа тартпайтын болып салтанатты түрде келісім жасалды, осы пунктке байланысты үйге оралған соң мистер Сайкстің кез келген сөзін епті Тоби Крекит куәландырып, растайтын болып уағдаласты.
Алдын-ала келіссөздер бітісімен брендиге өршелене бас қойған мистер Сайкс сүйменін зәрені ала сілтеп, әлдебір енді бар даусымен барқырап, аузына келгенін балағаттай сөйлеген. Ақыры, кәсіби бөсуінің шарықтау шегінде ол ұлы саймандары салынған жәшігін көрсетпек болды, бөлмеге еніп, жәшігін ашып, ондағы әрқилы саймандардың ерекшелігі мен сапасын, құрылысының тамаша өзгешеліктерін айту мақсатымен аузын ашуы-ақ мұң екен еденге жәшігімен қоса сұлап түсіп, ұйықтап кетті.
— Қайырлы түн, Нэнси! —деді еврей тағы да құлағына дейін қымтанып.
— Қайырлы түн!
Көздері ұшырасып қалды да, еврей қызға қадала қараған. Қыз кірпігін де қаққан жоқ. Алдап кету ойына да келмеген қыз әлгі іске Тоби Крекит сияқты байсалды қараған.
Еврей оған қайтадан қайырлы түн тілеп, оның арт жағынан білдірмей, сұлап жатқан мистер Сайксті бір теуіп, сатымен жайлап түсе берді.
— Қашандағысы да осы, — деді үйіне қайтып келе жатқан еврей танауының астынан міңгірлеп. — Әйелдердегі ең жаман қылық — түкке тұрғысыз бірдеңе әлдеқашан ұмытылып кеткен сезімдерін қозғайды, бірақ бір жақсысы онысы тез өте шығады. Ха-ха! Бір қап алтынға бола — еркек титтей балаға қарсы!
Осындай жағымды ойларымен жолын қысқартқан мистер Феджин, су-су болып, балшық кешіп, мұның оралуын күтіп Суайт ұйықтамай отырған көңілсіз мекен жайына жетті.
— Оливер ұйықтап қалды ма? Мен онымен сөйлесуім керек еді. — Олар төмен түскенде Феджиннің айтқан алғашқы сөзі осы болды.
— Баяғыда ұйықтап қалған, — деп жауап қатты Суайт есікті ашып. — Miнe ол!
Бала еденге төселген қатқыл төсеніштің үстінде қатты ұйықтап жатқан, әбігерден, қайғы-мұңнан, бөлмедегі ауыр ауадан жүзі өліктей қуарып кеткен, жаңа ғана үзіліп кетіп, жас рухы бір секунд бұрын көкке ұшып, жер-дүниенің ауасы денесін әлі бұзуға үлгірмеген мәйіт тәрізді еді ол...
— Қазір емес, — деді еврей кете беріп. — Ертең, ертең.
ХХ ТАРАУ
Оливер мистер Уильям Сайкстің қарамағына келеді
Таңертең ұйқысынан оянған Оливер төсегінің аяғында табаны қалың, мықты екі башмақтың тұрғанын, ол өзінің ескі аяқ киімінің ұшты-күйлі жоғалып кеткенін көріп, таң қалған. Алдымен бұған өзін босатудың хабары болар деп қуанып кеткен, бірақ евреймен бірге таңғы ас ішуге отырғанда ол үміті бірден сейілді, анау бүгін кешке мұны Билл Сайкстің резиденциясына әкететінін айтты, еврейдің дауысы мен түрі баланың қорқынышын ұлғайта түсті.
— Мені сонда... мүлдем қалдыра ма, сэр? — деп әбігерлене сауал қойды Оливер.
— Жоқ, жоқ, қымбаттым, қалдырмайды, — деп жауап қатты еврей. — Біздің сенен айырылғымыз келмейді. Қорықпа, Оливер, сен бізге қайтып келесің. Ха-ха-ха! Біз соншалықты қатігез емеспіз, сені жібермейміз, қымбаттым. Жоқ, жоқ!
Ошаққа еңкейіп, бір кесек нанды қуырып жатқан шал бұған қарап қойды да егер мүмкіндік болса Оливердің бұл арадан шын ықыласымен тайып тұрғысы барын жақсы білетіндігін аңғартқысы келгендей қиқ-қиқ күлді.
— Меніңше, қымбаттым, — деді еврей Оливерге тесіле қарап. — Сені не үшін Биллге жіберетіндігін білгің келетін сияқты.
Кәрі ұрының өз ойының үстінен түскеніне Оливер амалсыз қызарып кетсе де білгісі келетінін батыл айтты.
— Ал өзің не үшін деп ойлайсың? — деп сұрады Феджин тура жауаптан жалтарып.
— Шынымды айтсам, білмедім, сэр, — деді Оливер.
— Әй, сені-ай! —деп дауыстап жіберген еврей, баланың жүзіне тесіле қарап тұрып, жақтырмай бұрылып кетті. — Шыдай тұр, Биллдің өзі-ақ айтып берер.
Оливердің пәлендей әуесқойлық көрсетпегені еврейге ұнамай қалған сияқты. Бұл арада әңгіме мынада еді: Оливер қатты тіксініп қалған, әрі Феджиннің байсалды кейіпінен қуақылана қарауы және өз ойлары мұны әбден тығырыққа тірегендіктен, осы екі арада ол ешқандай сұрақ бере алмаған. Бірақ сауал қоярлықтай жағдай қайта туа қоймады, себебі еврей кешке шейін қабағын түйіп, тіс жармады, ал содан соң үйден кетуге жиналды.
— Шырақ жағуыңа болады, — деді ол столға майшамды қоя беріп. — Міне, кітап, өзіңді алып кетуге келгенше оқи бер. Қайырлы түн!
— Қайырлы түн, — деді Оливер ақырын ғана.
Еврей есікке беттей беріп, өз иығынан асыра балаға көз тіккен. Кенет ол тоқтай қалып, мұның атын атап шақырды.
Оливер басын кетерді: еврей шырақ жағуға белгі берді. Бала үнсіз көніп, шырағданды столға қоя беріп, еврейдің қабағын түйіп, бөлменің қараңғы түкпірінен өзінен көзін алмай қадалып тұрғанын көрді.
— Сақтан, Оливер, сақтан! — деді шал оң қолымен оны жасқап қойып .— Ол дөрекі адам. Тамырында қаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан оған кісі қанын төгу түк емес! Қандай жағдай болмасын жағыңды ашпа. Ол не бұйырса да орында. Осыны есіңе ұста!
Соңғы сөзіне екпін түсіре айтқан ол жексұрындана жымиып, басын изеді де, бөлмеден шығып кетті.
Шал кеткен соң жағын таянған Оливер жүрегі дір-дір етіп Феджин сөзі жайлы ойланып қалған. Еврейдің әлгі сақтандыруы төңірегінде ойланған сайын оның негізгі мәнін түсіну қиын соқты. Ол өзін Сайкске нендей жаман іске бола жіберіп отырғанын түсіне алмады, ал сол ойлағандарын мұны Феджиннің қолында қалдырып-ақ неге іске асыруға болмайды, ақыры ұзақ бас қатырғаннан кейін шамасы анау өзіне қолайлы басқа бала тауып алғанша құлып бұзушыға қызмет көрсетіп, күнделікті қара жұмысын істеп беру үшін жіберіп отырған болар деген шешімге келген.
Ол азап шегуге үйреніп кетіп еді, алдағы тұрған өзгеріске назалануға бұл арада көрген құқайы да аз емес-ті.
Бірнеше минут өз ойының шырмауынан шыға алмай, содан соң ауыр күрсініп, шырақтың жанған пілтесін ысырып, еврей тастап кеткен кітапты алып, оқуға кірісті.
Ол әлгі кітапты парақтай бастаған. Алдымен ол жүрдім-бардым оқыған да, содан соң өзін қызықтырған бір жеріне қадала қарап, ұзамай беріле оқып кеткен. Бұл белгілі қылмыскерлердің өмірбаяндары мен соларға құрылған сот процестері екен; беттері кір-кір саусақтардың табы түсіп, әбден былғанған. Бұл кітапта төбе құйқаны шымырлатар сұмдық қылмыстар баяндалған; адам баласы баспаған алыс жерлердегі кісі өлтіру; кісі көзіне түсірмеу үшін терең шұңқырлар мен құдықтарға тасталған өліктер, қанша терең болғанмен бірнеше жылдардан кейін ақыр аяғы бетіне шығып қалған мәйіттердің кісі өлтірушілердің зәресін алғандары соншалық, жан азабынан арылу үшін ант ішіп, өздерін дарға тартуды тілеп зар илейді екен. Бұл кітаптан басқа тағы да жеті түннің ішінде төсектерінде жатып күнәлі ойларға (өз сөздері бойынша) беріліп, содан соң ойға алғанының өзінен денені суық қарып, қол-аяқ дірілдеп қоя берерліктей сұмдық қылмыстар жасаған адамдар туралы оқыды. Қорқынышты оқиғалардың шынайы, тым бадырайып жазылғандығы соншалық, сарғайған парақтар қатып қалған қаннан қызарып кеткендей, ал сөздер Оливердің құлағында өлгендердің елесі дамылсыз сыбырлап жатқандай ызыңдап тұрып алды.
Зәресі ұшқан бала кітапты жауып, лақтырып тастады. Сонан соң тізерлеп құлай кетті де, құдайдан мұндай сұмдықтан аулақ ете гөр, осындай сұмдық, жүрек айнытар қылмыс жасатқанша ажалыңды жібере гөр деп тіледі. Аз-аздап сабасына түскен бала енді ақырын, үздік-үздік үнімен өзіне төніп келе жатқан қауіптен құтқар, ешқашан да достары мен туыстарының ыстық ықыласын көрмеген, жұрттың бәрі теріс айналған, сорлы балаға қол ұшыңды бер, қазір жападан-жалғыз сан түрлі жамандық пен қылмыстың ордасында жүрген өзіне дереу көмекке келе гөр деп жалынды.
Ол дұғасын аяқтап, бірақ әлі де бетін басып отыр еді, кенет құлағы шалған тысыр селк еткізді.
— Бұл не? — деп айқайлап жіберген ол есіктің қасында тұрған әлдебір сұлбаны көріп тұла бойы дір етті. — Кім ондағы?
— Meн... бұл мен, — деді дірілдеген дауыс.
Оливер шырағын басынан асыра көтеріп, есік жаққа көз тастаған. Онда Нэнси тұр екен.
— Шырағыңды қойшы, — деді қыз теріс бұрылып. — Менің көзімді жеп барады.
Қыздың жүзінің құп-қу екенін байқаған Оливер науқас емеспісің деп сұраған. Қыз теріс қараған күйі жақындап келіп, қолын сытырлата бастаған, бірақ ештеңе деп жауап қатқан жоқ.
— Құдай сақтай гөр! —деп дауыстап жіберді әлден соң. — Meн бұл жайында тіптен ойламаппын.
— Не боп қалды? — деп сұрады Оливер. — Менің көмегім тимес пе екен? Қолымнан келгеннің бәрін де істеймін. Рас айтам, бәрін!
Ілгері-кейін теңселіп тұрған қыз, өзін тамақтан шап беріп, өксіп қойып, ауаны қомағайлана жұтты.
— Нэнси, — деп айқайлады Оливер, — сізге не болды?
Қыз қолдарымен тізесін ұрғылап, еденді тепкілеп, содан соң кенеттен тына қалды да, суықтан қалш-қалш етіп, шәлісін қымтана түсті.
Оливер ошақтан көмірді аударыстырып жатты. Қыз орындығын отқа жақындатып, алдымен үнсіз отырған, ақырын басын көтеріп жан-жағына қарады.
— Анда-санда не болып қалатынын өзім де түсінбеймін— деді ол көйлегін жөндеп жатқандай әлпет танытып. — Шамасы, бәріне кінәлі сызды лас бөлме болуы керек... Ал, Ноли, қымбаттым, сен даярмысың?
— Мен сізбен баруым керек пе? — деп сұрады Оливер.
— Иә, мені Билл жіберді, — деп жауап қатты қыз. — Сен менімен жүресің бе?
— Неге? — деп сұрады теңселіп кеткен Оливер.
— Неге деймісің? — деп қайталаған қыз балаға көз тікті де, қайта бұрылып кетті. — Жоқ, жаман іске емес.
— Сенбеймін, — деді қызды көзімен бағып тұрған Оливер.
— Сен ойлағандай-ақ болсын, — деді қыз күлген болып. — Шынында, жақсы іске емес.
Қыздың кеудесінде қандай да болмасын жақсы сезім туғызуға болатынын көрген Оливер, ешқайдан көмек болмаған соң, соған жалынып көруге ұйғарған. Бірақ сонан соң санасында қазір небәрі сағат он бір, көшеде жүргіншілер де көп; мұның әңгімесіне сенетін біреу, әрине, табылуға тиіс деген ой қылаң бере қалған-ды. Осындай қорытындыға келген ол бір адым ілгері аттап, жүруге әзір екендігін асыға айтқан.
Баланың сол ойланып қалғаны Нэнсидің назарынан тыс қалмаған. Оливер сөйлеген кезде қыз мұны бақылап тұрған, содан соң тесіле қарап қалған ол баланың басынан құйғытып өткен ойын жаңылмай тап басқан.
— Тсс!.. — деп сыбырлады қыз оған еңкейіп, сақтана жан-жағына көз жүгіртіп, есікті нұсқап.
— Сен ештеңе де істей алмайсың. Мен саған әлім жеткенше көмектесуге тырыстым, бірақ одан ештеңе шықпады. Сенің қол-аяғың бірдей матаулы. Егер саған бұдан құтылып кетудің сәті түскен күннің өзінде де қазір емес.
Оның мына сөздерінен айран-асыр қалған Оливер қызға таңдана қараған. Ол, расында, шындықты айтып тұрған тәрізді; жүзі құп-қу, қатты әбігерленген, өзі толқығаннан дір-дір етеді.
— Meн сені бір мәрте таяқтан құтқардым, қазір де солай істеймін, — деп сөзін жалғады қыз даусын көтеріп. — Егер менің орныма басқа біреуді жіберсе, сенімен менен гөрі дерекілеу тілдесер еді ғой. Мен сені өзін тыныш, дұрыс ұстайды деп кепілдік беріп ем. Егер сен мені тыңдамасаң, өзіңе де, маған да залалыңды тигізесің, тіпті менің басымды ажалға да тігерсің. Байқа! Менің сен үшін не күйге ұшырағанымды бір құдайдың өзі көріп тұр ғой!
Қыз асып-сасып, мойнындағы және қолындағы көгеріп қалған жерлерін көрсетті де, тез-тез сөйлеп:
— Осыны есіңе ұста! Қазір де сен үшін азап шегуге мені душар етпе. Қолымнан келсе саған көмектесер-ақ едім, бірақ мүмкіндігім жоқ. Олар саған жамандық жасағалы жүрген жоқ. Олар сені не істеуге мәжбүр етсе де кінәлі сен болмайсың. Үндеме! Сенің әрбір сөзің менің көзімді құртуы мүмкін. Әкел бері қолыңды! Тезірек! Бер қолыңды!
Оливердің еріксіз оған созған қолынан шап беріп ұстай алған қыз, шырақты үрлеп өшірді де, баланы сатымен соңынан ерте жөнелген. Қараңғыда көрінбей тұрған біреу есікті тез ашып жіберді де, бұлар шыққан соң тез жаба қойды. Бұларды екі доңғалақты жалдамалы күйме күтіп тұр еді; қыз Оливермен тілдескендегідей жылдамдықпен баланы күйменің ішіне кіргізіп алды да, перделерін мұқият жауып қойды. Ешқандай нұсқауды қажет етпеген көшір атын айдап, бар пәрменімен шаба жөнелген.
Оливердің қолын әлі де қысып отырған қыз әлгінде айтқан сақтандыру шараларын сыбырлап, құлағына құйып келеді. Мұның бәрінің тұтқиылдан әрі жылдам болғаны соншалық, өзінің мұнда қайдан пайда болғанын пайымдап үлгірместен кеше кешқұрым еврей келіп кеткен үйдің алдына кеп тоқтай қалды.
Оливер жан баласы көрінбеген көшені көзімен бір шолып өтіп, айқай сап жәрдемге шақырғысы келген де сәті болды. Бірақ өзі туралы ойлануын зарлана өтінген қыздың дауысы құлағында тұрып алды да, айқай салуға батылы жетпеді. Ол әрі-сәрі ойда отырғанда оңтайлы сәт өтіп те кеткен еді, оны үйге де алып кіріп есікті жауып алған.
— Мұнда! —деді қыз тек сонда ғана баланың қолын босатып. — Билл!
— Ал немене еді ондағы! —деді сатының алаңшасына шырақ ұстай шыққан Сайкс. — О! Міне тамаша! Төрлейтіндер!
Мистер Сайкс тәрізді адамның аузынан шыққан әлгіндей сөздер қатты құптауды, ерекше ыстық ықыласпен қабылдауды білдіретін еді. Нэнси бұған, шамасы, қатты риза болса керек, оған жарқылдай есендесті.
— Фонарик Томмен бірге үйге кетіп қалды, — деді Сайкс жолға жарық түсіріп. — Ол бұл арада бөгет болар еді.
— Рас, — деді Нэнси.
— Сөйтіп, баланы әкелдім де, — үшеуі үйге кірген соң Сайкс әлгі сөздерді айтып есікті жауып жатты.
— Иә, мінеки ол, — деп жауап қатты Нэнси.
— Өз ықтиярымен келді ме? — деп сұрады Сайкс.
— Қозыша томпаңдап келді ғой, — деді Нэнси.
— Бұған қуаныштымын, — деді Сайкс, Оливерге түйіле қарап. — Өз жаны үшін қуанам ғой, әйтпесе бұған жақсы болмас еді. Жас жігіт, мұнда келіңіз де, менің ұлағатты сөзімді тыңдаңыз: қылтың-сылтыңды бірден қойған дұрыс.
Жаңа шәкіртке осы сөздермен тілдескен мистер Сайкс Оливердің бөркін сыпырып алды да, бұрынша атып ұрды, сонан соң оны иығынан бүріп ұстап, отырғышқа жайғасты да, баланы қарсы алдына тұрғызып қойды.
— Кәне алдымен айтшы, мынау саған таныс нәрсе ме? — деп сұрады Сайкс столда жатқан қалта тапаншасын ала беріп.
Оливер білетінін айтып жауап берген.
— Ал енді мұнда қара, — деп сөзін жалғады Сайкс. — Міне дәрі, міне оқ, ал мынау оқтауға арналған ескі шляпаның жыртығы.
Оливер әлгі аталған заттардың не үшін пайдаланылатыны өзіне мәлім екенін сыбырлады, ал мистер Сайкс тапаншаны аса мұқият оқтай бастаған.
— Міне енді ол оқтаулы, — деді мистер Сайкс әлгі ісін бітіріп.
— Көріп тұрмын, сэр, — деп жауап қатты Оливер.
— Тыңдап ал, — деп сөзін жалғады қарақшы Оливерді қолынан қатты қысып ұстап, тапаншаның ұңғысын мұның шекесіне таяп, бала бұдан еріксіз дір ете түскен, — егер сен біз осы үйден шыққан соң бір ауыз сөз айтсаң, — егер мен өзім сөйлеспесем, — онда мына оқ басыңа қадалды деп қой. Яғни, егер сен рұқсатсыз сөйлемек болсаң, иманыңды айта бер.
Балаға қаттырақ әсер ету үшін мистер Сайкс бұл ескертумен қоса қатулана қарап қойып, сөзін жалғастырды:
— Менің білуімше, көзіңді құртып жіберсе де сені іздеп алар ешкім жоқ қой. Яғни, егер саған жақсылық ойламасам, істің мәнін ұғындыру үшін осыншама еңбектенудің не қажеті бар? Естіп тұрмысың?
— Қысқасын айтқанда, — деп батыл киіп кетті Нэнси өз сөзіне назар аударсын дегендей Оливерге қабағын түйе қарап, — егер сен барғалы отырған жұмысқа кіріскенде Оливер сені ашуландырса, сол үшін дарға тартылу қаупіне ұшырасаң да, анау соныңнан мылжыңдап қоймас үшін, басынан атасың ғой — өйткені кәсібің солай болған соң жылдың әр айында кез келген ұсақ-түйекке бола басыңды қатерге тігесің.
— Дұрыс айтасың! —деп қостады мистер Сайкс.
— Күйіп-піспесе — онда олар сағыздай созып жібереді — әйелдердің екі-ақ сөзбен бәрін түсіндіру қолдарынан келеді. Енді, бұл барлық әзірліктен өтті... Кәнеки, кешкі ас ішелік, содан соң кеткенше қорылдап алу керек...
Оның әмірін орындаған Нэнси жылдам дастархан жайған; бірнеше минутқа жоғалып кеткен ол бір құмыра сыра және қойдың басы салынған табақпен қайта оралған. «Джемми» деп аталатын бұл тамақпен өз кәсібіндегі жандар арасында кеңінен тараған бір аспаптың аты ұйқас келгендіктен мұның өзі мистер Сайкске бірнеше ұтқыр сөз айтып жіберуге мүмкіндік туғызды. Еті тірілген қадірменді жентльмен алдағы шұғыл іске кірісу себебінен бе, әйтеуір, аса көңілді де, жаны жай еді; соның куәсі ретінде осы арада айта кету керек, ол сырасын сүйсіне қылғытып салды, ас ішіп отырған кезде, шамамен алғанда, боғауыз сөзін де сексеннен асырған жоқ.
Кешкі тамақтан соң — Оливердің тәбеті болмағанын аңғару қиын болмас, — мистер Сайкс су қосылған екі стакан вискиді қағып салып, Нэнсиге өзін тұп-тура сағат бесте оятуға бұйырып, егер олай істемеген жағдайға деп алдын-ала сыбап алды да, керуетіне құлай кетті, Айтылмыш беделді адамның бұйрығы бойынша Оливер де шегінбестен, еденде жатқан төсенішке жайғасты, ал бұларды белгіленген сағатта оятуға даярланған қыз әлсін-әлсін отын тастап ошақ басында қала берді.
Нэнси осы жағдайды пайдаланып, сыбырлап қандай да болмасын кеңес берер деп үміттенген Оливер ұзақ уақыт ұйықтамай жатқан, бірақ жабырқау оймен ошақ басында отырған қыз орнынан да қозғалған жоқ, тек әлсін-әлсін шам пілтесінің күйесін алып қояды. Күту мен әбігерден әбден титықтаған баланың ақыры көзі ілініп кеткен.
Ол оянғанда столда шай жасалып, Сайкс орындықтың арқалығына ілінген пальтосының қалтасына әлдебір заттарды тыққыштап жатыр екен. Нэнси азанғы ас қамымен әбігерленіп жүр. Таң әлі сарғаймаған; шырақ жанып тұр, терезенің арғы жағы қап-қараңғы. Оның үстіне жауып тамшылары терезе әйнегін ұрғылап тұр, аспан қап-қара, бұлт та көрінді.
— Ал! —деп міңгірледі Сайкс, Оливер орнынан атып тұрған соң. — Бес жарым болды! Тезірек қимылда, әйтпесе тамақсыз қаларсың. Біз онсыз да кешігіп қалдық.
Оливер жылдам киініп, асыға тамақтанып, Сайкстің ашулы сауалына дайынмын деп жауап қайтарды.
Нэнси балаға қарамауға тырысып, мойынын орап алу үшін оған орамалын тастай берген; Сайкс оған дөрекі матадан тігілген үлкен шекпен беріп, үстіне киіп, түймелерін салып алуға бұйырды. Киінген соң, Оливер қарақшыға қолын созған, анау пальтосының жап қалтасындағы тапаншасын көрсету үшін тоқтай қалды да, сонан соң баланың қолын қысып ұстап, Нэнсимен қоштасты да, жүріп кетті.
Олар есікке жеткен соң қызбен жүздесу үшін Оливер бұрылып қарады. Бірақ тағы да бұрынғы ошақ басындағы өз орнына жайғасқан қыз қозғалмады.
XXI ТАРАУ
Экспедиция
Олар көшеге шыққанда жабыраңқы таң атып келе жатты; жел соғып, жаңбыр сіркіреп, аспанды бұлт торлап тұрды. Түнімен жауған нөсерден көшеде қақ тұрып қалған, шатырлардан су сорғалайды. Атып келе жатқан таңның әлсіз сәулесі жабырқау көріністі одан сайын күңгірттендіреді; елең-алаңнан көше шамдары сығыраяды, су-су шатырлар мен қараңғы көшелердің өңін булар да аша қойған жоқ. Қаланың бұл бөлігінде әзір ешкім де ояна қоймаған тәрізді; барлық үйлердің де терезе қақпақтары жабық тұр; ал бұлар жүріп өткен көшелерде тірі жан жоқ, тып-тыныш.
Бұлар Бетпел-Грин-Роудқа бұрылған кезде әбден жарық түскен-ді. Көптеген шамдар өшірілген. Лондонға қарай деревняның бірнеше арбасы ілбіп барады; анда-санда балшық шашыраған почта күймесі сылдыр-күлдір өте шығады; көшір жолдың өзіне қатысты жағымен жүрмеген кейбір жайбасар арбакештерге ескерту есебінен қамшы сілтеп қояды, себебі осының кесірінен көшірге кеңсесіне ширек минут кешігіп жету қаупі төніп тұр ғой. Трактирлер ашыла бастаған, оларда газ жанды. Дүкендер ашылып, бұларға анда-санда адамдар жолығып қалып жатты. Сонан соң жеке-жеке топ болып, жұмыстарына бара жатқан шеберлер ұшырасты. Содан кейін төбелеріне балық салынған себет көтерген еркектер мен әйелдер; көкөніс тиелген есек арбалар; тірі мал мен малдың сұрпы етін артқан арбалар; шелек көтерген сүт сатушылар — қаланың шығыс бөлігіне азық-түлік алып бара жатқан адамдардың легі жолыға берді. Ситиге жақындаған сайын ат-арбалардың салдыр-күлдірі молая берген; бұлар Шордитч пен Смитфилд аралығындағы көшеден өткен кезде у-шу гуілге айналып, абыр-сабыр басталған. Әбден жарық түсті, Лондон халқының тең жартысына қам-қарекетке толы таң келген-ді.
Сан-стрит пен Краун-стритті кесіп, Фипсберн-скверден өткен мистер Сайкс Барбикендегі Чизуел-стриттен шығып, сонсоң Лонг-Лейнге, сонсоң Смитфилдке келгенде бұл жақтан естілген құлақ тұндырар ештеңе ұғып болмас дауыстардан Оливер Твист айран-асыр қалған.
Базар күні болатын. Аяқтары қызыл асықтан сазға батып келеді; өгіз бен сиырлардың сауырынан көтерілген будақ-будақ бу тұманмен қосылып, мұржа қонған ауыр бұлттай төніп тұрып алған. Үлкен алаңның ортасындағы малға арналған қаша да, бос жерге орнатылған уақытша қашалар да қойғалық толып тұр; науаны жағалай үш-төрт қатар өгіздер мен өзге мүйізді ірі қара бағанға байланыпты. Шаруалар, қасапшылар, мал айдаушылар, оны-мұны тасушылар, балалар, ұрылар, текке сенделушілер, әрқилы кезбелер топқа араласып кеткен; мал айдаушылардың ысқырығы, иттің үргені, өгіздің өкіргені, қойдың маңырағаны, шошқаның қорсылдағаны мен шыңғырғаны, оны-мұны тасушылардың айқайы, ойбайы, тұс-тұстан жаңбырша жауған боқтау мен балағаттау; қоңырау даусы, әрбір трактирден шығып жатқан сан-қилы дауыстар, қағып-соғып өту, қысылу, төбелес, қиқу салу мен айқай-ұйқай, базардың әр жерінен естіліп қалған төбе құйқаны шымырлатқан ұлу және әрі-бері жосып жүрген, жуынбаған, қырынбаған, адам аяғандай үсті-басы кір-кір адамдар, — осының бәрі таң қалдыратын, естен тандыратын әсер қалдырады.
Оливерді сүйрелеп, топтың арасын қақ жара шынтағымен жол ашып келе жатқан мистер Сайкс баланы қайран қалдырған көрініске де, у-шуға да назар аударған жоқ. Екі-үш мәрте жанап өткен таныстарына басын изеп, таңертеңгілік рюмкені тастап жіберу жөніндегі ұсыныстарын қабылдамай, қашан топтан бөлініп шығып, Хоу-зер-Лейн арқылы Холборнға бет түзегенше ілгері тарта берген.
— Ал, кішкентай, — деді Сайкс Сент-Эндрю шіркеуіндегі сағатқа көз тастап, — ұзамай сағат жеті болады! Жүр жылдам! Аяғын азар сүйрейді, жалқау!
Осы сөзді айтқан мистер Сайкс кішкентай серігінің қолынан жұлқып қалған; Оливер шамасы жеткенше құлып бұзушының үлкен адымына ілесуге тырысты; ол желіп кетті — мұнысы жүгіру мен тез жүрудің арасындағы бірдеңе болатын.
Олар Хайд-парктің бұрышынан өтіп, Кенсингтонға бұрышынан жүрістерін баяулатқан жоқ; бұл арада өздерінің соңынан келе жатқан бос арба қуып жеткенше мистер Сайкс жүрісін ақырындатқан. Ондағы «Хаунсло» деген жазуды көрген соң бар шамасы келген сыпайыгершілігімен арбакештен өздерін Айлуортқа жеткізіп салмас па екен деп сұраған.
— Отырыңдар, — деді арбакеш. — Мынау сіздің балаңыз ба?
— Менікі, — деді Оливерге қадала қараған Сайкс, тапанша жатқан қалтасына қолын елеусіздеу сұға беріп.
— Сенің әкең тым қатты жүретін сияқты! Рас айтып тұрмын ба, жас жігіт? —деді арбакеш Оливердің ентігіп қалғанын байқап.
— Ештеңе етпейді, — деп киін кетті Сайкс. — Ол мұндайға үйренген. Ұста менің қолымнан, Нэд. Ал мін, кәне!
Оливерге осылайша тіл қатқан ол, арбаға шығуына көмектесті, ал арбакеш үйіліп жатқан қаптарды көрсетіп, соның үстіне дем ала беруіне рұқсат етті...
Олар жол жиегіндегі бағандардың жанынан өтті. Оливер өзін қайда апара жатқанын мүлде ұғына алмаған. Кенсингтон, Хамерсмит, Чизуик, Кью-Бридж, Брентфорд артта қалған, бірақ бұлар жолға жаңа ғана шыққан жандардай-ақ ілгері тартып барады. Ақыры олар «Күйме мен аттар» деп аталатын трактирге келіп жетті; одан сәл әріректе басқа бір жол басталып кетеді екен. Осы араға арба тоқтай қалған.
Оливердің қолынан тас қып ұстаған күйі Сайкс арбадан түсуге асықты; оны көтеріп ап, жерге түсірді де, жаман көзімен қарап қойып, көп мән бере жан қалтасын жұдырығымен ұрып қойды.
— Қош бол, балақай, — деді арбакеш.
— Бұл бұртыңдап жүр, — деді Сайкс, Оливерді жұлқылап. — Бұртыңдауын! Әй күшік! Бұған назар аудармай-ақ қойыңыз.
— Оған назар аударып қайтем, — деп дауыстады анау арбасына отыра беріп. — Ал ауа райы бүгін тамаша.
Сөйтіп ол жүріп кетті.
Сайкс арбакеш біршама алысқа ұзап кеткенше тосып тұрды да, Оливерге егер жан-жағына қарағыштай беретін болса, өзінің не істейтінін айтып, оны ілгері сүйреп кетті.
Трактирдің тұсынан өткен соң, ол солға, сонан кейіп оңға бұрылған. Олар ұзақ жүрді — бақтары бар үлкен мекен-жайлар соңдарында қалып жатты; Сайкс тек сыра ішуге ғана тоқтайтын, ақыры олар бір қалаға келіп жеткен. Осында бір үйдің қабырғасынан Оливер ірі әріптермен жазылған «Хэмптон» деген жазуды оқыды.
Бірнеше сағат бойы олар қала шетінде кезіп жүрді де қойды. Ақыры қалаға оралып, жарнамасы өше бастаған ескі трактирге кіріп, өздеріне тамақ әкелуін тапсырған.
Ac үйі көлденең жуан бөрене тасталған аласа төбелі, шірік иісі мүңкіген бөлме екен де, ал ошақтың алдында биік арқалықты отырғыштар тұр, оларда жұмыс киімді, түрлері дөрекілеу кісілер отыр. Олар Оливерге де, Сайкске де ешқандай көңіл аударған жоқ. Сайкс те бұларға титтей көңіл бұрмастан, отырғандарын да елемей, жасөспірім серігі екеуі бұрышқа жайғасты.
Тамаққа олар суық ет алған, ал тамақтан соң мистер Сайкс үш-төрт мәрте қорқорын тартып алғанша олар ұзақ отырды. Енді Оливер бұдан әрі қарай жүрмейтіндеріне күмәндаған да жоқ. Ерте тұрып, жолға шыққаннан әбден шаршаған бала қалғи бастаған, сонан соң қалғығаннан, темекінің түтінінен ұйықтап кеткен.
Мұны Сайкс түртіп оятып жібергенде әбден қараңғы түскен екен. Ол ұйқысын жеңіп, отырғышқа отырып, жан-жағына қараса Сайкс бір жұмысшымен бірге сыра ішіп, қауқылдасып отыр.
— Сөйтіп, сіз Лоуэр-Халифордқа барасыз ғой? —деп сұрады Сайкс.
— Иә, — деп қостады жігіт, ол ішкіліктен өзін жайсыздау сезініп отырған, әлде жақсырақ па, — ұзамай жүріп кетем. Бүгін таңертеңгідей емес, атым бос барады, тез жүреді өздері. Соның денсаулығы үшін ішелік! Ура! Бұл деген тамаша ат!
— Сіз, балам екеуімізді жеткізіп салмас па екенсіз? — деп сұрады Сайкс жаңа танысына сыра ұсына беріп.
— Несі бар, сіздер қазір жүріп кетпек болсаңыздар апарып-ақ салайын, — деді жігіт. — Сіздер Халифордқа барамысыздар?
— Шепертонға, — деп жауап қатты Сайкс.
— Апарайын,.. — деді анау. — Бәрі төленді ме, Беки?
— Иә, мына жентльмен бәрін де төледі, — деді қыз.
— О, жоқ! —деп дауыстап жіберді жігіт қызған адамның маңғаздығымен. — Бұлай етуге болмайды.
— Неге? — деп қарсылық білдірді Сайкс. — Сіз бізге қызмет көрсетпексіз, менің де сізге бір-екі саптыаяқ сыра әперуге қақым бар шығар.
Бұл уәжға қалың ойға батқан жанның кейпімен ойланып қалған жаңа таныс Сайкстің қолынан шап беріп, сен тамаша жігітсің дегенді айтты. Бұған мистер Сайкс бұл әзілің ғой деп жауап қатты; егер жігіт сап-сау болса, бұлай пайымдауға әбден негізі болар еді.
Бірнеше жылы лебіздер білдірген соң, бұлар қалып бара жатқандарға қайырлы түн тілеп, шығып кетті; қызметші әйел құмыра мен стакандарды қолына ұстап, кетіп бара жатқандарға қарау үшін есікке беттеген.
Сыртынан саулығына ішкен ат арбаға жегілген күйі есік алдында тұр екен. Оливер мен Сайкс бұдан әрі сыпайыгершілік сақтап жатпастан арбаға отыра кеткен, ал қожайын болса, атын жігерлендіріп, атшыға әлемде саған тең ешкім жоқ дегенді айту үшін аз-кем бөгеліп қалды. Сонан соң оған айдай бер деп бұйырылған, бірақ осы екі арада ат үлкен ақымақтық істеді: асқан жеккөрінішпен басын шұлғыды, көшенің келесі бетіндегі үйдің терезесіне басын сұқты, осы ерліктерін жүзеге асырған соң тік қарғыды да, осыдан кейін ғана екілене шапқылап, арбаны салдыр-гүлдір еткізіп, қаладан шықты.
Кеш өте қараңғы еді. Өзеннен және маңайдағы батпақтан көтерілген дымқыл тұман мұңды дала үстінде тұтасып тұрып алды. Суық денені қариды. Теңірек түнеріңкі, қап-қара. Ешкім тіс жарған жоқ; ат айдаушы қалғып отыр, Сайкс онымен әңгімелесуге ықылас білдірмеді. Қорыққаннан, әрқилы жаман ойлардан азаптанған Оливер бүрісіп, арбаның бұрышында бұйығып отыр: еңсені езген төңіректің әуеніне қосылғандай бұтақтары қарауыта қозғалған ағаштардың орнына әрқилы бір елестер көлбеңдейді.
Олар Санбери шіркеуінің жанынан өткенде сағат жетіні соқты. Қарсы беттегі, жүк тасушының үйінің бір терезесінде жарық бар екен, сонысы жолға түсіп тұр, зиратты жағалай еккен шілікті қою қараңғылық одан әрі орап алған тәрізденеді. Алыстап құлаққа күркіреп аққан судың шуы келеді, ал ескі ағаштардың жапырақтары желмен жай сыбдырлап тұр. Бұл өлгендерге тыныштық тілейтін қоңыр әуен тәрізді.
Санбери артта қала берді де, бұлар кең жолға шықты. Екі-үш мильден кейін арба тоқтай қалды. Оливерді қолынан ұстаған Сайкс арбадан түсті, бұлар тағы әрі қарай жүріп кетті.
Дымы құрыған баланың барша үмітіне қарамастан, бұлар Шепертонда да бірде-бір үйге кірген жоқ, тек алыстан тағы бір қаланың оттары көрінгенше толарсақтан саз кешіп, тастай қараңғыда көңілсіз соқпақ жолдармен, жел үріп тұрған алаңқайлармен жүре берген. Қадала қараған Оливер аяғының астынан су көрген соң, өздерінің көпірге кеп қалғандарын түсінді.
Көпірге жеткенше ешқайда бұрылмастан келе жатқан Сайкс, кенеттен солға, жағалауға беттеген. «Ол жақта су ғой!» —деп ойлады Оливер қорқыныштан тастай қатып.
«Ол мені мына иен жерге өлтіруге әкелген болар».
Ол өзінің қыршын өмірін сақтап қалу үшін, жерге жата кетпек еді, кенет өздерінің жартылай қираған иесіз үйге келіп жеткендерін байқай қалды. Шіри бастаған кіре беріс есіктің екі жағында бір-бір терезе бар екен; жоғарыда тағы бір қабат көрінеді, бірақ оның еш жерінде жарық жоқ.
Үй әбден тозығы жеткен, қап-қара, сірә, ешкім тұрмайтын болса керек.
Сайкс Оливердің қолын әлі де жібермеген күйі аласа кіре беріс есікке жайымен таяп келіп, серіппе темірді кетерді. Оның итергеніне есік ашылып кетті де, бұлар ішке енді.
XXII ТАРАУ
Құлыпты бұзып, ұрлыққа түсу
— Ей, — деген бұлар дәлізге кірген бойда қырылдаған, жуан дауыс естілді.
— Бақырма, — деді Сайкс есікті жаба беріп. — Бізге жарық әкелші, Тоби.
— Ехе! Бұл менің досым ғой! —деп айқайлады әлгі дауыс. — Жарық әкел, Барни, жарық әкел! Ана жентльменді кіргіз... Ал ең алдымен сіз осы ұйқыңызды ашып алмас па екенсіз?
Шамасы, шешен өзі тіл қатысқан адамын ұйқысынан ояту үшін алдымен оған аяқ киім киерде пайдаланатын қалақшаны ма, әлде басқа бірдеңені жіберіп қалды-ау деймін, себебі салдыр-гүлдір етіп, ағаштан жасалған бірдеңе жерге түсті де, артынша ұйқылы-ояу жатқан біреудің түсініксіз міңгірлегені құлаққа шалынды.
— Естимісің сен, жоқ па? — деп сөзін жалғады жаңағы дауыс— Дәлізде Билл Сайкс тұр, оны ешкім қарсы алмайды, ал сенің асыңа ашын қосқан адамдай сілейіп жатысың мынау. Немене, есіңді жидың ба, әлде ұйқың шайдай ашылуы үшін мына темір шырағданмен сыбағаңды берейін бе?
Осы сұрақ берілісімен-ақ, біреудің еденде өкшесі желінген туфлиін сылпыңдата басқаны естіліп, артынша оң есіктен — алдымен күңгірт жанған шырақ, сонан соң бұрынырақта суреттелген, Сафрен-Хилдегі трактирдің жексұрын қызметшісінің сұлбасы көрінді.
— Мистер Сайкс, — деп дауыстады Барни шын көңілімен, әлде жорта қуанған болып. — Кіріңіз, сэр, төрлетіңіз!
— Ал, кіре бер, — деді Сайкс Оливерді итермелеп. — Тезірек, әйтпесе өкшеңді басып кетіп жүрермін.
Сылбырлығы үшін балағаттап, Сайкс Оливерді итеріп қалып еді, олар аласа қараңғы бөлмеден келіп шықты. Мұнда күйемен ысталған камин, екі-үш сынық отырғыш, стол және үстінде аяғын айқастырып, ұзын қыш қорқорын тартып, алпамсадай денесімен бір кісі жатқан өте ескі диван тұр. Оның үстінде сарғылт түсті, үлкен қола түймелі сәнді тігілген сюртугі, қызғылт сары галстугі, көзге ұрып тұратын шұбар бешпет және қысқа қара шалбары бар екен. Мистер Крекиттің (бұл соның өзі еді) басында да, бет-жүзінде де шаш, қыл-қыбыр дегендер пәлендей көп емес-ті, ал барының түсі қызғылтым еді де, бұрым тәрізді қоя беріп, бұйралап тастаған шашын арзанқол үлкен сақиналы кір-кір саусақтарымен тарақтап қояды. Орта бойлыдан сәл биіктеу оның аяғы әлсіздеу сияқты, бірақ онысы соза тастап жатқан ұзын қонышты етігіне аса сұқтана қарап, рахаттануына еш бөгет жасаған жоқ.
— Билл, достым! — деді әлгі басын есікке бұра беріп. — Сізді көргеніме қуаныштымын. Мен тіпті біздің ісімізден сіз бас тартқан жоқ па екен деп қорқа бастаған ем, олай болғанда, тәуекелге бел байлап өзім кірер едім. Ох!
Оливерді көргенде қатты таңданғаннан даусы шығып кеткен мистер Тоби Крекит отыра кетіп, бұл не екенін білгісі келген.
— Бар болғаны, бала ғой, — деп жауап қатқан Сайкс отырғышын каминге жақындата түсті.
— Мистер Феджиннің қамқорлығындағылардың бірі, — деп ыржиды Барни.
— Ах, Феджиндікі ме? — деп дауыстап жіберді Тоби, Оливерге қарай беріп. — Айтары жоқ, сирек кездесетін балақай — мұндайға шіркеудегі кәрі леди атаулының қалтасын тазалап шығу түкке тұрмайды! Бұл момының әлі-ақ Феджинге сарқылмас дәулет жинап берер!
— Жарар, жарар, жетеді! — деп шыдамсыздана сөзін бөліп жіберген Сайкс еңкейе беріп досының құлағына бірдеңені сыбырлап еді, мистер Крекит шыдай алмай қарқылдап күліп жіберді де, Оливерге таңданған көзқараспен қадала қарады.
— Ал енді, — деді Сайкс әлгіндегі орнына жайғаса беpiп, — біз мұнда отыра тұрғанша ішіп-жейтін бірдеңе беріңдер, бұл бізді сергітеді, тым құрығанда мені. Каминге таяу отырып, тынығып ал, балақай, — тым алысқа болмағанмен — түнде саған тағы да жүруге тура келеді.
Оливер Сайкске жасқана, ләм-мим демей, таңдана қараған. Сонан соң отырғышын отқа жақындатып, отырды да, басын салбыратып жіберді — басы ауырып отырған — өзінің қай жерде отырғанын да, төңірегінде не болып, не қойып жатқанын да ұғына алмады.
— Ал, — деді Тоби жас еврей тамақ әкеліп, столға шөлмек қойған соң. — Істің сәтті болуы үшін!
Осылайша тост сөйлеген соң, ол орнынан тұрып, бос қорқорын бұрышқа жайымен қойды да, столға келіп, стаканға арақ құйып, қағып салды. Мистер Сайкс те ішіп қойды.
— Балаға да аздап беру керек, — деді Тоби, рюмкенің жартысына дейін құйып. — Тартып жібер, бейкүнә пендем.
— Расымды айтсам, — дей берді Оливер, оған жалынышпен қарап— расымды айтсам мен...
— Тартып жібер! —деп қайталады Тоби. — Мен саған пайдалы боларын білмей тұр дейсің бе?.. Бұған ішуге бұйырсаңызшы, Билл.
— Дұрысы ішіп қойсын! —деді Сайкс қалтасын қағып қойып. — Суайттардың бүкіл тобырынан гөрі бұдан көрген машақатым бір басыма жетерлік. Іш, сайтанның баласы, іш!
Екі еркектің әлпетінен зәресі ұшқан Оливер рюмкедегіні ішіп жіберемін деп, қақалып-шашалып қалды да, Toби Крекит пен Барнидің айызын қандырды, тіпті қабағынан қар жауған мистер Сайкс те езу тартты.
Осылайша Сайкс ар жағына ел қондырған соң (Оливерге де зорлап нанның қабығын жегізген) ана екеуі аздап көз шырымын алу үшін отырғыштарына жайғасты. Оливер камин жанындағы өз отырғышында қала берген, көрпеге оранып алған Барни камин шарбағының алдына еденге құлай кетті.
Біраз уақыт олар ұйықтап жатты немесе ұйықтаған болды, бір-екі мәрте орнынан тұрып, каминге көмір тастаған Барниден өзге ешкім орнынан қозғалған жоқ. Оливер қалғып отырған, оған көңілсіз соқпақ жол кезіп, қарайған зираттарды аралап жүргендей, бүгін күйі бойы көз алдынан өткен суреттер қайта елестей берген еді, кенет, орнынан атып тұрып, сағат бір жарым болғанын айтқан Тоби Крекит оятып жіберді.
Бір секунттан кейін қалған екеуі де орындарынан көтеріліп, әзірлікке кірісті. Сайкс пен досы мойындарын, иегін жалпақ қара бөкебаймен орап, пальтоларын киді. Барни шкафты ашып, одан әрқилы аспаптар алып шығып, қалталарына тыққыштап жатты.
— Иттерді әкелші маған, Барни, — деді Тоби Крекит.
— Мінеки, — деді Барни оған екі тапаншаны ұсынып жатып. — Өзіңіздің оқтағандарыңыз.
— Жарайды! — деді Тоби оларды жасыра беріп. — Ал егеулер қайда?
— Менде, — деді Сайкс.
— Тістеуіктер, ашқыштар, бұрғылар, шамдар — ештеңе ұмыт қалған жоқ па? — деп сұрады Тоби пальтосының етегінің астына шағып сүйменді қыстыра беріп.
— Бәрі де дұрыс, — деп жауап қатты жолдасы. — Таяқтарды әкел, Барни. Жүретін уақыт болды.
Осы сөздерді айтып, ол Барнидің қолынан жуан таяқты алды да, біреуін Тобиге ұстатып, Оливердің шекпепін түймелей бастаған.
— Ал, кәне, — деді Сайкс қолын созып.
Әдеттен тыс серуеннен, таза ауадан, зорлап ішкізген арақтан басы айналған Оливер Сайкстің созған қолына өз қолын еріксіз ұстата салды.
— Ар жақ қолынан ұста, Тоби, — деді Сайкс. — Сыртты қарашы, Барни.
Анау есікке қарай кетті де, қайта оралып, бәрі де ойдағыдай деді. Екі қарақшы Оливермен бірге шықты. Барни есікті мұқият жауып алып, көрпеге қайта оранып ұйықтап кетті.
Көзге түрткісіз қараңғы еді. Тұман әлгіден гөрі қоюлана түскен, жауын болмағанның өзінде ауаның ылғалдылығы сонша үйден шыққандарына бірнеше минут өткен соң Оливердің шашы мен қолы дымқылданып кетті. Олар көпірден өтіп, Оливер бұрын да көрген оттарға қарай бет түзеді. Аралық алыс та емес еді, және олар тез жүргендіктен, ұзамай Чертсиге де жеткен.
— Қаланы тіке кесіп өте берейік, — деп сыбырлады Сайкс. — Түнде ешкім де бізге жолыға қоймас.
Тоби келісті де, олар қазіргі шақта мүлде иен кішкентай қаланың үлкен көшесімен тез-тез басып келе жатты. Кейбір жатар бөлмелердің терезесінен көмескі жарық жылтырайды, анда-санда қарлыға үрген ит даусы түн тыныштығын бұзып кетеді. Бірақ көшеде ешкім кездеспеді. Шіркеу қоңырауы екіні соққанда бұлар қаладан шығып та кеткен еді.
Олар жүрістерін жылдамдатқан, солға бұрылып жолға шыққан. Ширек милдей жүрген соң бұлар жалғыз үйге жеткен. Сыртқы қоршауына Тоби Крекит ентігін де баспастан қас қаққанша өрмелей жөнелді.
— Енді баланы әкеліңіз, — деді Тоби. — Көтеріңіз оны, мен іліп алам ғой.
Оливер жан-жағына қарап та үлгерген жоқ, Сайкс оны қолтығынан ала берген, енді бір үш-төрт секунттан кейін Тоби екеуі қоршаудың ар жағындағы шөптің үстінде жатты. Сайкс те бөгелмей бұларға қосылды. Сөйтіп, барлығы жымын басын үйге беттеді.
Қорқыныш пен шарасыздықтан есі шыққан Оливер тек осы арада ғана бұл экспедиция мақсатының кісі өлтіру болмағанмен, бері салғанда тонау екендігін түсінді. Жұдырығын тас қылып түйіп алған ол, шыдай алмай шыңғырып жіберген. Көзі қарауытып, қуарған жүзінен суық тер шықты, аяғы жүруге жарамай, тізерлеп құлай кеткен.
— Тұр орныңнан! — деп ысылдады долданғаннан қалш-қалш еткен Сайкс қалтасынан тапаншасын шығарып. — Тұр, әйтпесе басыңның быт-шытын шығарам!
— Құдай үшін, жіберіңізші мені! — деп зарланды Оливер. — Мен қазір кетейін де даланың бір жерінде-ақ өлейін. Мен ешуақытта Лондонның қарасын көрмейін, ешуақытта, ешуақытта! Мені аяңыздаршы, ұрлық істеуге мәжбүр етпеңіздерші! Барша қасиетті періштелер үшін, маған рахым жасаңыздаршы!
Осылай жалынған адамы аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, тапаншасының құлағын қайырды, бірақ Тоби тапаншаны қағып жіберді де, баланың аузын басып, үйге қарай сүйрей жөнелді.
— Тыныш, — деп сыбырлады ол. — Бұл жерде мұның ешқандай септігі жоқ. Енді бір ауыз сөз айтсаң өзім-ақ жайыңды табамын, төбеңді оямын. Ешқандай у-шу болмайды, сыналған тәсіл. Ал, Билл, сындыр мына қақпақты. Баланың қазір өзіне-өзі келгеніне кепілдік берейін. Мұндай суық түндерде ересек адамдардың да алғашқы минуттарда сасып қалатыны болады — өз көзіммен көргем.
Сайкс осындай іске Оливерді жіберген Феджинге қарғысын жаудыра, шу шығармай, сүйменін салды. Көп ұзамай Тоби екеуі топсаға ілініп тұрған қақпақты жұлып алған.
Бұл үйдің арт жағындағы тақтайын жиі етіп қиюластырған, жерден бес жарым футтай жоғары тұрған кішкентай терезе екен, дәліздің шетіндегі сыра қайнатып, ыдыс жуатын бөлме еді. Тесік тым кішкентай екен де, иелері шамасы, оны берігірек жабуды қажет көрмеген сияқты, дегенмен бұған Оливердің денесіндей баланың кіріп кетуіне әбден мүмкін болатын. Аз-кем айналысқан соң мистер Сайкс терезе тиегінің де шаруасын бітіріп, терезені шалқасынан ашып тастады.
— Енді тыңда, сайтанның күшігі! — деп ысылдады Сайкс, қалта шамының сәулесін Оливердің жүзіне түсіріп. — Мен сені мына терезеден кіргізіп жіберем. Сен мына шамды аласың да, қарсы алдыңдағы сатымен көтеріліп, ауызғы бөлме арқылы кірер есікке барып, соны ашып, бізді ішке кіргізесің.
— Жоғарыда үлкен тиек бар, оған бойың жетпейді, — деп сөзге араласты Тоби. — Ауызғы бөлмедегі орындыққа шық.. Онда үш орындық бар, Билл, арқалықтарында үлкен көк сыңар мүйіз бен алтын айырдың суреті бар, қарт ледидің гербі.
— Тоқтай тұр! —деп сөзін бөлді Сайкс оған түйіле қарап. — Бөлмелердің есігі ашық па?
— Шалқасынан ашық тұр, — деді Тоби алдымен терезеге үңіліп. — Ғажап болды! — Мына арада төсеніші жататын ит ұйқысы келмегенде дәлізбен емін-еркін қыдыру үшін оны әрдайым ашық қалдырады. Ха-ха-ха! Ал Барни оны бүгін алдап ертіп кеткен. Ғажап емес пе!
Мистер Крекит азар естірте сыбырлай сөйлеп, дыбыс шығармай күлгенмен де, Сайкс оған аузын жауып, іске кірісуді бұйырды. Тоби алдымен қалтасынан шамын алып жерге қойды, сонан соң басын терезенің түбінде қабырғаға тақап, қолын тізесіне тіреді де, арқасын тосты. Осылай істеген соң, Сайкс оған шықты да, Оливерді жағасынан ұстап, алдымен аяғынан терезеге сұғып, аман-есен еденге түсірді.
— Мына шамды ал, — деді Сайкс бөлмеге басын сұғып. Алдыңнан сатыны көріп тұрмысың?
Өлі-тірінің арасындағы Оливер «Иә» деп сыбырлаған. Кірер есікті тапаншасымен нұсқаған Сайкс үнемі мұны нысанаға алып отыратынын, егер сәл бөгеле қалса, сол мезетте мүрдем кетіретінін қысқаша ескертіп өтті.
— Барлығы да қас қаққанша істелуге тиіс, — деп сөзін жалғады Сайкс ақырын ғана. — Мен сені жібере салысымен дереу іске кіріс. Ей, бұл не?
— Не боп қалды? — деп сыбырлады жолдасы.
Екеуі де тың тыңдай қалған.
— Ештеңе де емес! —деді Сайкс Оливерді жібере беpiп. — Бар енді!
Оның жинақтап үлгерген осы аралықта бала басын қатерге тіге тұра — ауызғы бөлмеден шығатын сатымен тура жүгіріп, дабыл көтермекке бекем бел байлаған. Осы шешімге келген ол ұрлана басын, есікке беттеді.
— Кейін қайт! — деп айқайлап жіберді кенет Сайкс. — Кейін қайт! Қайт кейін!
Үйде орнаған өлі тыныштықты ащы айқай бұзып жібергенде, шошынғаннан шамын түсіріп алған Оливер не ілгері жүрерін, не кейін қашарын білмей қатты састы.
Айқай қайта естілді де — жарық жанды, оның көз алдында сатының жоғарғы жағынан зәрелері кетіп шала-пұла киінген екі адам пайда болды. Жалын жарқ етіп, құлақ тұндырған шу естілді, түтін шығып, қайдан екені белгісіз, бірдеңе тарс етті де, Оливер кейін қарай теңселіп кетті.
Сайкс қас қаққандай сәтке жоғалып кетті де, қайта пайда болып, түтін сейілгенше мұны жағасынан шап берген. Ол кейін қарай қашып бара жатқандардың соңынан тапаншасын бір атып жіберіп, баланы жоғары қарай ала жөнелді.
— Мықтап ұста, — деп сыбырлады Сайкс, баланы терезеден түсіре беріп. — Ей, әкелші бөкебайды. Мыналар бұған тигізіпті. Тездет! Баланың қаны тоқтамай барады.
Сонан соң Оливер қоңырау үнін, мылтық дауыстарын, айқай-ұйқайды құлағы шалды, өзін біреудің кедір-бұдыр жермен жылдам басып әкетіп бара жатқанын сезінді. Ал содан соң у-шу алыста қала берді де, жүрегін бір ызғар бүріп алды. Бұдан арғысын ол көре де, ести де алған жоқ.
XXIII ТАРАУ
Мистер Бамбл мен әлдебір ледидің арасындағы жағымды әңгімені, кейбір жағдайда тіпті бидлдің де сезімнен құралақан болмайтындығын сөз етеді
Күн кешкілік сұмдық суытты. Жерде жатқан қарға мұз қабыршық пайда болды, тек сүрлеу жолдар мен ықтасындағы күртік қардың бетімен долдана соққан жел қар боратып, үйіріп әкеп, қайта шашады. Қытымыр қап-қараңғы, суық кеш қарны тоқ, жылы баспанасы барларды пештерінің жанына қуып тығып, басында үйі, бауырында қазаны барлығы үшін құдайына құлшылық етуге, ал үй-күйсіз, аштан өлгелі жүрген сорлыларды жерге сұлап түсіп өле беруге мәжбүр еткендей.
Оқушыларымыз Оливер Твистің туған жері арқылы бұрыннан таныс жұмыс үйінің бақылаушысы миссис Корни өзінің кішкентай жеке бөлмесінде, маздап жанған оттың жанында, шағын дөңгелек столға масаттана көз тастап қояды, онда бақылаушының тілегеніндей жақсы кешкі асқа қажетті әрқилы бұйымдар салынған поднос тұрған-ды. Миссис Корнидің бір шыныаяқ шай ішкісі келген. Ол көзін столдан каминге тастаған кезде бүкіл шәйнек атаулының ішіндегі ең кішкентайы жіңішке дауыспен бір сазды сызылтып қоя бергенде, миссис Корнидің іштей қанағаттану сезімі күшейе түсті де, жымиып қойды.
— Не дейміз енді! — бақылаушы әйел столға шынтақтап, отқа ойлана көз тастады. — Біздің әрқайсысымызға тәңірдің бергені көп, сол үшін оған рақымды болу керек. Тіпті көп берген. Тек біз оны түсіне бермейміз. Жо-жоқ!
Осыны түсінбейтін сорлылардың көкірек көздерінің соқырлығына налығандай миссис Корни басын мұңая шайқады да, іші екі-үш унциялық металл шәйнекке күміс қасығын (жеке меншігі) салып, шай демдеуге кірісті.
Біздің осал рухымыздың тыныштығын бұзу деген түкке тұрмайтын нәрсе ғой. Миссис Корни өзімен-өзі ойға беріліп кеткен кезде, өте кішкентай, бетімен-бет қылып толтырылған қара шәйнектегі су асып төгілді де, аздап миссис Корпидің қолын күйдіріп кетті.
— Ах, қарғыс атсын сені! —деп айқайлап жіберді құрметті бақылаушы әйел, шәйнекті асығып-үсігіп каминге қоя беріп. — Оңбаған нәрсе! Бар болғаны екі шыныаяқ су сияды! Кімге мұның керегі бар дейсің!.. Тек қана, — деп аз-кем ойлана сөзін жалғады миссис Корни, — тек қана мен сияқты жеке басты біреуге болмаса! Әй, құдай-ай!
Осы сөздерді айтқан бақылаушы әйел, креслоға құлай кетіп, столға қайта шынтақтады да, өзінің жалғызбасты тағдырын ойлап кетті. Кішкентай шәйнек пен бір ғана шыныаяқ мистер Корни (осыдан небәрі жиырма бес жыл бұрып көз жұмған) жайындағы мұңды ойларды еске түсірді де, әйелдің еңсесін түсіріп жіберді.
— Енді менің ондай ешкімім де болмайды! —деп ренжи сөйледі миссис Корни. — Taп сондай менің енді ешкімім де болмайды!
Бұл соңғы сөздің күйеуіне ме әлде шәйнекке ме кімге арналғаны белгісіз еді. Мүмкін соңғысына арналған болар, себебі миссис Корни алдымен оған қарап алды да, содан кейін оттан түсірді. Бірінші шыныаяқты ішіп болғаны-ақ сол еді, кенет есікті біреудің ақырын қаққаны мазасын алды.
— Ал кіре беріңдер! —деді миссис Корни жұлып алғандай. — Сірә, тағы бір кемпір өлгелі жатқан шығар. Бұлардың мен асқа отырсам-ақ өле қалатынын қайтерсің. Тұрмаңдар онда, суық кіргізбеңдер деймін. Ал, тағы не боп қалды?
— Ештеңе болған жоқ, сударыня, ештеңе де, — деп жауап қатты еркек даусы.
— Ах, құдайым-ай! — деп айқайлап жіберді бақылаушы әйел, жұмсағырақ дауыспен. — Шынымен-ақ мистер Бамбл болғаны ма?
— Қызметіңізге әзірмін, сударыня, — деді башмағындағы балшықты тазалап, пальтосының қарын қағу үшін есікке аялдай қалған мистер Бамбл бір қолына қалпағын, екінші қолына түйіншек ұстаған күйі кіре беріп. — Есікті жабуға бұйырасыз ба, сударыня?
Мистер Бамблмен есікті жауып кездесу әбестік болмас па екен деп қауіптенген леди жауап беруге тәуекел етпеген. Оның бөгеліп қалғанын пайдаланған, әрі өзі де жаурап қалған мистер Бамбл рұқсат күтіп тұрмастан есікті жауып алды.
— Ауа райы бұзылып кетті ғой, мистер Бамбл, — деді бақылаушы әйел.
— Иә, сударыня, бұзылып кетті, — деп жауап қатты бидл. — Мұндай ауа райы приходка қып-қызыл қырсық, сударыня. Бүгін түстен кейін миссис Корни, біз төрт қадақтық жиырма нан мен бір жарым бас сүтсірне тараттық, ал мына кедейі түскірлер сонда да разы емес.
— Иә, әрине, олар қашан разы болушы еді, мистер Бамбл, — деді бақылаушы әйел, шайын сораптай отырып.
— Рас айтасыз, сударыня, қашан? — деп іліп әкетті мистер Бамбл. — Бүгін бір адамға үлкен семьясына және әйеліне бола төрт қадақ нан және өлшемей-ақ бір кесек сүтсірне бердік. Ал сіз оған әлгі шын көңілімен разы болды деп ойлаймысыз, сударыня? Соқыр тиын ғұрлы көрген жоқ! Сіз ол не істеді деп ойлайсыз, сударыня? Көмір сұрай бастады — қол орамалға салып болса да, титтей бер дейді. Көмірді! Сонда ол не істемек? Ірімшік қуырмақшы, содан соң тағы сұрамақ қой баяғы. Бұл жұрттың әдеті міне қандай сударыня: алжапқышына бүгін көмір толтырып беріп көр, ол ұятсыз, бүрсүгүні тіленіп қайта келеді.
Бақылаушы әйел мынадай бейнелі байламға өзінің толығынан қосылатынын білдірген соң, бидл сөзін әрі қарай жалғады:
— Мен тіпті мұның неге апарып соғарын білген де жоқпын, — деді мистер Бамбл. — Бұрнағы күні — сіз күйеуге шыққан кісі болған соң, сударыня, сізге мұны айта беруге болады, — бұрнағы күні, үстіне жұлым-жұлым бірдеңе киген (бұл арада миссис Корни көзін төмен салған) біреу, түстікте үйінде қонақтар отырса да біздің бекетшіге келіп, өзіне көмек сұрапты, миссис Корни. Және кеткісі келмей, қонақтарға жаман әсер ете бастаған соң бекетші оған бір қадақ картоп пен жарты пинта сұлы ұнын беріпті. «Ах, құдайым-ай! —дейтін көрінеді әлгі рахымсыз оңбаған. — Мынауың маған не болады? Бұл дегеніңіз маған темір жиекті көзілдірік бергенмен бірдей ғой!» «Өте жақсы, — дейді біздің бекетші бергенін қайырып алып жатып, — енді бұл жерден сіз ештеңе де ала алмайсыз». — Яғни, көшенің бір бұрышында аштан өле бер дегеніңіз ғой! — дейді қаңғыбас. «Жоқ, өлмейсің», — депті оған біздің бекетші...
— Ха-ха-ха! Тамаша! Анау мистер Гранатқа қандай ұқсас еді, солай ма? — деп сөзін бөліп жіберді бақылаушы әйел. — Әрі қарай, мистер Бамбл!
— Сөйтіп, сударыня, — деп әңгімесін жалғады бидл, — анау кетіп қалған да, сол бойы көшеде өлген. Қандай қырсық қайыршы десеңізші.
— Мұндайға ешуақытта да сенбес ем! — деді бақылаушы әйел. — Сіз, мистер Бамбл, көшеден келгендерге қайырым жасау жаман нәрсе деп ойлайсыз ба осы? Сіз көпті көрген жентльмен, мұны білуге тиіссіз. Қалай ойлайсыз?
— Миссис Корни, — деді бидл өзінің бір нәрседен хабардар екенін мойындайтын адамдардай жымиып, — мұндайларға қол ұшын беру — тиісті ережені сақтай отырып, тиісті ережені, сударыня! — бұл приходқа үлкен көмек. Қол ұшын берудегі бірінші ереже, қайыршыларға қажет емес дүниесін беру болып табылады... Сонда оларды қайта-қайта келе беру де тойдырады.
— Ах, құдайым-ай! — деді миссис Корни дауыстап. — Қандай ақылмен табылған нәрсе еді.
— Енді қалай? Өз арамызда қалсын, сударыня, — деді мистер Бамбл, — бұл аса маңызды ереже, егер сіз қазымыр газеттерге ілініп кетіп жатқан жағдайлармен әуестенер болсаңыз, жоқшылық көрген семьялардың жәрдемді бір кесек сүтсірке түрінде алатынын байқар едіңіз. Қазір, миссис Корни, бүкіл елде осындай тәртіп орнатылған. Дегенмен, — деп қосып қойды бидл, түйіншегін шешіп жатып, — бұл қызмет құпиясы, сударыня, бұл жайында сіз бен біз сияқты приход шенеуніктерінен өзге ешкімге айтуға болмайды... Ал мынау портвейн, сударыня, ауруханаға деп приход советі бүгін алған: ешқандай алдау-салдауы жоқ бүгін ғана бөшкеден құйылған нағыз портвейн: әйнектей мөп-мөлдір, ешқандай тұнбасы да жоқ!
Шөлмектің бірін жарыққа тосып, шараптың жоғарғы сапасына көзін жеткізу үшін әбден шайқап көрген мистер Бамбл екі бөтелкені де комодтың үстіне қойып, орап әкелген қол орамалын бүктеп, қалтасына мұқият салып, қайтуға жиналған адамдай шляпасын алған.
— Аязға шығатын болдыңыз ғой, мистер Бамбл, — деді бақылаушы әйел.
— Алай-дүлей жел, — деді мистер Бамбл шинелінің жағасын көтеріп. — Құлағыңды жұлып кете жаздайды.
Бақылаушы әйел көзін кішкентай шәйнектен есікке қарай беттеген бидлге аударған, бидл бұған қайырлы түн тілегелі жөтеле бергенде, әйел қысылып-қымтырыла бұдан бір шыныаяқ шай ішіп кетпес пе екенсіз деп сұрады.
Мистер Бамбл дереу жағасын қайта қайырып, шляпасы мен таяғын отырғышқа қойды да, басқа бір отырғышты столға қарай жылжытты. Жайымен орнына жайғаса берген ол, көзін ледиге тастаған. Әйел көзін кішкентай шәйнектен алмай отыр. Мистер Бамбл тағы жөтеліп, тағы жымиды.
Миссис Корни шкафтан екінші шынаяқ пен шай табақ алу үшін орнынан тұрған. Орнына қайта отырғанда мұның көзі сырбаз бидлдің көзімен түйісіп қалды, әйел қызарып кетіп, шай құя бастады. Мистер Бамбл тағы жөтелген — бірақ мұнысы бұрынғыдан гөрі қаттырақ еді.
— Тәттірек шай ма, мистер Бамбл? — деп сұрады бақылаушы әйел, қант салғышты ала беріп.
— Егер рұқсат етсеңіз, тәттірек, сударыня, — деп жауап қатты мистер Бамбл. Бұлай деген кезде ол көзін миссис Корниден алған жоқ, егер бидл мейірімді болса, тап қазір сондай бидл мистер Бамбл еді.
Құйылған шай үнсіз ұсынылды. Мистер Бамбл айрықша қысқа шалбарын нан қоқымымен былғап алмау үшін тізесіне қол орамалын жайып, шай ішуге кірісті, әлсін- әлсін ауыр күрсініп қояды, мұның мұнысы тәбетіне кесел тигізген оқ, қайта шай мен кепкен нанды тез жәукемдеуіне көмектескен де сияқты.
— Байқаймын, сударыня, сіздің мысығыңыз бар сияқты, — деді мистер Бамбл бала-шағасымен каминде қыздырынып отырған мысыққа қарап. — Оның үстіне балалары да бар ма тіпті?
— Ах, менің оларды қаншалықты жақсы көретінімді сіз білсеңіз ғой, мистер Бамбл! —деді бақылаушы әйел. — Сондай көңілді, сондай шалдуар, сондайлық қам-қаракетсіз, өздері маған ие болып жүр!
— Тамаша, мысықтар, сударыня, — деп қоштады мистер Бамбл, — өздері әбден үйшіл екен...
— О, иә, иә, — деп шаттана дауыстады бақылаушы әйел. — Өз үйлеріне сондай бауыр басып кеткен. Шындығында, бұларға үйренген керемет ләззат екен.
— Миссис Корни, — деді жаймен мистер Бамбл әр сөзін шай қасығының тықылымен демеп, — менің сізге айтайын дегенім мынау, сударыня: егер мысық пен балалары сізбен бірге тұрып, сударыня, осы үйге бауыр басып кетпесе, олардың есек болғандығы ғой, сударыня!
— Ах, мистер Бамбл! —деп дауыстап жіберді миссис Корни.
— Ақиқатты несін жасырамыз, сударыня! — деп сөзін жалғады мистер Бамбл әйелге әсіресе қатты әсер еткен сүйіспенді, сенімді бетімен шай қасығын сілтеп қойып. — Мен ондай мысықты шын ықыласыммен, өз қолыммен тұншықтырар едім.
— Яғни, сіз қатыгез адам болдыңыз ғой, — деп іліп әкетті бақылаушы әйел, бидлдің шыныаяғына қолын соза беріп. — Оның үстіне тасбауыр шығарсыз!
— Тасбауыр деймісіз, сударыня? — деп қайталап сұрады мистер Бамбл. — Тасбауыр деймісіз?
Мистер Бамбл басқа ештеңе деместен шыныаяғын миссис Корниге ұсына беріп, әйелдің шынашағын қысып қойды, оқаланған бешпетін екі мәрте салып қалып, ауыр күрсінді де, өз отырғышын каминнен сәл әрірек жылжытты.
Стол дөңгелек еді, миссис Корни мен Бамбл беттерін отқа беріп, бір-біріне қарама-қарсы әжептәуір жақын отырғандықтан, енді мистер Бамбл оттан әрірек жылжуы арқылы миссис Корнимен арақашықтықты алыстатқаны өзінен өзі белгілі; мұндай қылыққа кейбір парасатты оқырмандар сүйіне қарап, мұны мистер Бамблдың тарапынан жасалған үлкен ерлік деп те жіберері хақ; уақыт, орын мен қолайлы жағдай белгілі мөлшерде оны әлгіндей сүйкімді сөздерді айтуға итермелелеп, бұлар жеңіл ойлы, қам-қарекетсіз жандардың аузынан шығуға қаншалықты жарасқандығымен, парламент мүшелерінің, министрлердің, лорд-мэрлердің, басқа да ұлы қоғам қайраткерлерінің беделдеріне нұқсан келтірер еді, ал әлгі аталғандардың ішіндегі өзін ең мызғымас, ең қатал адам ретінде ұстауға тиіс бидл сияқты соншалықты ұлы да байсалды кісіге бұл тіптен лайық емес-ті.
Дегенмен мистер Бамблдың ниеті қандай болғанда да (онысы айтары жоқ тамаша ниет) бақытсыздыққа қарай стол — ол туралы екі мәрте айтылып та кетті — дөңгелек болатын да, соның нәтижесінде мистер Бамбл ақырындап отырғышын жылжыту арқылы бақылаушы әйелмен ара қашықтықты ұзамай-ақ азайта бастаған, осылай дөңгелене саяхат жасай отырып, ақыры өз отырғышын бақылаушы әйел отырған отырғышқа әкеп тіреген. Шындығында, екі отырғыш түйісіп қалды да, мистер Бамбл да тоқтады.
Егер бақылаушы әйел отырғышын оңға қарай жылжытса, от шалып кетер еді, ал егер солға жылжытса, онда мистер Бамблдың құшағына құлар еді, сөйтіп (ұяты бар бақылаушы әйел болғандықтан, ол осы екі жағдайды да алдын-ала болжағаны анық еді) өз орнында қала берді де, мистер Бамблге екінші мәрте шыныаяқ ұсынған.
— Тасбауырсың дедіңіз бе, миссис Корни? — деп қайталады мистер Бамбл, шайын араластырып, бақылаушы әйелдің бетіне қарап қойып. — Ал сіз тасбауыр емессіз бе, миссис Корни?
— Ах, құдайым-ай! —деп дауыстап жіберді бақылаушы әйел. — Мұндай сауалды бойдақ адамнан есту қызық екен! Мұны не үшін білгіңіз келіп еді, мистер Бамбл?
Бидл шайын тауысып ішіп, кепкен нанын жеп болып, нан қоқымын қағып тастады да, аузын сүртіп, шімірікпестен бақылаушы әйелді сүйіп алды.
— Мистер Бамбл! — деп сыбырлай даусы шығып кеткен балиғаты бұзылмаған ледидің шошынғаны сонша, үнінен айрылып қалды. — Мистер Бамбл, мен айғайлаймын!
Жауап орнына мистер Бамбл асып-саспастан бақылаушы әйелді белінен құшақтай алған.
Айғайламақ болған леди, әрине, мынандай батылдыққа шыңғырып жіберуі мүмкін-ақ еді, бірақ есікті біреудің асығыс-үсігіс қаққаны кедергі жасады. Дауыс естілісімен-ақ мистер Бамбл көз жеткізгісіз жылдамдықпен шарап құюлы шөлмектерге жетіп барып, жанталасып шаңын сүрте бастады да, ал бақылаушы әйел қатқыл дауыспен есікті кім қағып тұрғанын сұрады. Мына қызықты айта кету керек: шексіз шошығандығына таңданыстың тигізген әсері соншама әйелдің даусы қайтадан ресми қатқылдығына ие болған.
— Кешіріңіз, миссис, — деді бет-аузы адам көргісіз, қаусаған қайыршы кемпір есіктен басын сұғып, — Салли кемпір үзілгелі жатыр.
— Онда менің не шаруам бар? — деп ашулана сұрады бақылаушы әйел. — Мен оны тірілтіп алмаймын ғой.
— Әрине, әрине, миссис, — деп жауап қатты кемпір, — бұған ешкімнің де әлі келмейді, оған көмектесу мүмкін емес. Талай адамның өлгенін көрдім ғой — баланың да, шымыр, күш-қуаты бойындағы үлкендердің де, — ажалдың жеткенін білемін ғой. Бірақ мынаның жүрегінде бір тас бар сияқты, ауруы саябырлаған шақта — онысы да тым сирек, себебі жаны қатты қиналып жатыр, — сізге айтатын бірдеңем бар дейді. Егер сіз келмесеңіз, ол тыныш өле алар түрі жоқ, миссис.
Бұл хабарды естіген құрметті миссис Корни өзінен жоғары тұрғандардың жынына әдейі тимесе өле де алмайтын кемпірлерді аузына түскен балағатымен бір сыдыртып шықты. Жылы шәлісін тез жұлып алған ол, соған орана сала, артық сөзін шығындамастан мистер Бамблден шектен тыс бірдеңе бола қалса деп өзі оралғанша тұра тұруын өтінді. Өзін шақыра келген кемпірге сатымен тасбақаша жыбырламай, тезірек жүруге бұйырып, қабағын қатулана түйіп, анаған ере шықты да, жол бойы ұрсумен болды.
Жеке өзі қалған мистер Бамблдың мінез-құлқын айтып жеткізу қиып. Ол шкафты ашып, шай қасықтарды санады, қант шағатын тістеуікті қолымен салмақтап көрді, күміс сүт сауытты мұқият қарап, өз әуесқойлығын қанағаттандырған соң үш бұрыш қалпағын шекесіне қисайта киіп, биге басып, столды төрт қайтара айналып шықты. Биін аяқтаған соң, үш бұрышты қалпағын қайта шешіп, отқа арқасын беріп, каминнің алдына жайғасты да, үй-жайдың дүние мүлкін ойша санақтан өткізуге кіріскен.
ХХІV ТАРАУ
Түкке тұрғысыз бірдеңе хақында әңгімелейді. Бірақ бұл қысқа тарау осы әңгімеге артық бола қоймас
Бақылаушы әйел бөлмесінің тыныштығын бұзған кемпір ажал хабаршысы тәрізді еді. Кәрілік денесін екі бүктеп жіберген, аяқ-қолдары дір-дір етеді; быржиып-тыржиған бет-жүзі табиғат туындысынан гөрі жындының қарындашымен сыза-сыза салған албастының бет-пердесіне келіңкірейді.
Өзгермей, бізді сұлулығымен қуанышқа бөленткен табиғат тудырған бейнелер қандай азайып барады! Әрқилы қам-қаракет, қайғы-мұң, жоқшылық мүлде өзгертіп жібереді. Кейде өлгендердің суынып қалған бет-жүзі ұйықтап жатқан баланың жүзіндей баяғыда ұмытылып қалған кейіпке түседі, әлгі адамдар сондай жаймашуақ, сондайлық тып-тыныш жандарға айналады, ал оларды бақытты балалық шағынан білетіндер табытының басында тізерлеп тұрып, бұларды жерге түскен періште көреді.
Дәліздермен ақсақтап, сатылармен көтеріліп келе жатқан кәрі қақпас жанындағы әйелдің ұрысқанына жауап ретінде танауының астынан бірдеңе деп міңгірледі, ақыры тынысын алу үшін тоқтай қалған ол, ананың қолына шырақ ұстатты да, науқастың бөлмесіне бет алған, өзінен гөрі ширағырақ бастығының соңынан қалмауға тырысып, ере берген.
Бұл шатырдағы аянышты бір қуыс еді. Бір бұрышында күңгірт жарық жанып тұр. Төсектің басында тағы бір кемпір отыр, каминнің жанында тұрған аптекарьдың шәкірті қаздың қауырсынынан өзіне тіс шұқығыш жасап жатыр.
— Тым аязды кеш екен, миссис Корни, — деді әлгі жас жентльмен кіре берген бақылаушы әйелге.
— Шынында да аязды, сэр, — деді мынау отыра беріп аса сыпайы үнмен.
— Сіздерге тәуірірек көмір алу керек еді, — деп аптекарьдың жәрдемшісі көсеумен каминдегі бір кесек көмірді қозғай беріп, — мынандай көмір аязды күнде түкке тұрмайды.
— Кеңестің таңдап алғаны осы, сэр, — деп жауап қатты бақылаушы әйел. — Ал кеңестің тым құрығанда, біздің тоңбас қамымызды жеуі керек қой, өйткені, біздің жұмысымыз да ауыр.
Осы арада әңгімені науқастың ыңқылы бөліп жіберген.
— О, — деді жас жігіт, ауруды мүлде ұмытып кеткен пішінмен төсекке бұрыла беріп. — Мұның шаруасы біткен. миссис Корни.
— Қойыңызшы, сэр? — деді бақылаушы әйел.
— Егер ол тағы екі сағатқа шыдаса, мен қатты таңданар едім, — деді аптекарьдың көмекшісі бар назарын тіс шұқығыштың ұшына аударып. — Организмі әбден қаусаған. Қарашы, кемпір, өзі ұйықтап жатыр ма?
Кемпір кереуетке еңкейіп, басын мұқият шұлғыды.
— Мүмкін, егер сіздер шуылдамасаңыздар, оның осылай үзіліп кетуі де, — деді жас жігіт. — Шырақты еденге қойыңыз. Сол арадан оған бөгет жасамайды.
Кемпір бұйрықты орындады, бірақ әйел олай оп-оңай өлмейді дегенді білдіргісі келгендей басын шайқап қойды, содан кейін осы кезде келген тағы бір кемпірмен қатар отыра кеткен. Бақылаушы әйел ашулана шәлісін қымтанып, кереуеттің аяқ жағына жайғасты.
Аптекарьдың жәрдемшісі тіс шұқығыш істеп болып, каминнің алдына отыра кетіп, он минуттай отқа қыздырынды, ақыры, іші пысса керек, миссис Корниге ісін сәтті аяқтауына тілегін білдірді де, аяғының ұшынан басып шығып кетті.
Бірнеше минут үнсіз отырған соң, екі кемпір де кереуеттен отқа жақындап, жүрелеп отыра кетіп, солған қолдарын жылыта бастады. Осылайша олар ақырын сөйлеп, әңгімеге кіріскен, оттың жалыны анда-санда сәуле түсірген кездегі жүздері зәрені аларлықтай еді.
— Энни, қымбаттым, мен жоқта ол өзге ештеңе деген жоқ па? — деп сұрады бақылаушы әйелді ертіп келген кемпір.
— Tic жарған жоқ, — деп жауап қатты екіншісі. — Басында шымшыланып, қолын сытырлатып еді, бірақ мен ұстап тұрған соң ұзамай тыныш тапты. Шама-шарқы аз қапты да, тезге түсіру көп күшке түспеді. Приход тамағымен күнелтсем де, кемпірге әлім келеді екен!
— Доктор жазып берген жылытылған шарапты ішті ме? — деп сұрады бірінші кемпір.
— Meн жұтқызуға тырысып бақтым, — деді екіншісі, — бірақ жағы қарысып қалыпты, өзі кружкаға тастай қатып, жабысып қалғаны сонша, қолынан әзер жұлып алғаным, сонан соң әлгі шарапты өзім ішіп қойдым, онысы маған жаман бола қойған жоқ.
Жан-жағына ұрлана қарап, сөздерін ешкім тыңдап отырмағандығына көздері жеткен соң, екі кәрі мыстан отқа жылжыңқырап, мәз болып, қиқ-қиқ күлісті.
— Кезінде, — деп қайта сөйледі бірінші кемпір, — оның өзі де тап осылай істеп, соңынан мәз болып отырушы еді ғой.
— Иә, әрине! —деп іліп әкетті екіншісі. — Ондайдан айылын жимайтын. Талай-талай мәйіттерді арулады ғой, көбі-ақ балауыз қуыршақ тәрізді еді. Оған жәрдемдескенімде, мына кәрі көзім талайды көріп, мына қолым талайды ұстаған.
Дір-дір еткен қолын созып, кемпір құрбысының тапнауына тақап, шаттана сілкіп қойды, сонан соң қалтасын ақтарып, сыры әбден көшкен қаңылтыр темекі сауытын шығарып, алақанын тосқан екінші кемпірге титтей ғана сеуіп, өзіне көбірек салды. Олар осылайша көңілдерін көтеріп отырғанда жан-тәсілім бергелі жатқан кемпір қашан көзін ашады деп тағатсыздана күткен бақылаушы әйел каминге таяп келіп өзіне әлі ұзақ күтуге тура келе ме деп жеки сұраған.
— Тым ұзақ емес, миссис, — деп жауап қатты екінші кемпір, бұған қадала қарап. — Біздің бәріміз де ажалды ұзақ күте қоймаспыз. Шыдаңыз, шыдай тұрыңыз! Ұзамай ол бәрімізге де құрық салар.
— Тарт тіліңді, кәрі нақұрыс!.. — деп қатал әмір етті бақылаушы әйел. — Жауап беріңіз маған, Марта: бұл бұрын да осындай жағдайға ұшырап па еді?
— Сан рет, — деп жауап берді бірінші кемпір.
— Бірақ енді осылайша қайталана бермес, — деп қосып қойды екіншісі, — яғни енді бір мәрте көзін ашар, онда да ұзаққа емес, менің сөзім есіңде болсын, миссис!
— Ұзаққа ма, ұзаққа емес пе, — деп бақылаушы әйел ашулана сөйледі, — бірақ ол енді қайтып көзін ашқанша мен де бұл жерде қалмаспын! Және сендер де түкке тұрғысыз бірдеңеге бола мазамды алмаңдар! Мұндағы кемпірлердің қалай өлгенін бақылау менің міндетіме кірмейді. олай ете алмаймын! Естеріңде болсын, бұл, арсыз кәрі қақпастар! Егер мені тағы да ақымақ қылғыларың келсе, ескертемін, — жайларыңды табатын болам!
Ашуы бұрқ-сарқ қайнаған ол есікке қарай тұра ұмтылып еді, бірақ кереуеттен көз алмай отырған қос кемпірдің айқайы жалт қарауға мәжбүр етті.
Науқас төсегінен түрегеліп, аналарға қолын созып тұр.
— Кім бұл? —деді ол, әлсіреген дауыспен.
— Тыныш, тыныш! —деп ысылдады кемпірдің бірі оған еңкейе беріп. — Жатыңыз, жатыңыз!
— Көзім жұмылмай тұрғанда енді қайта жата алмаймын! — деп жұлқына дауыстады әйел. — Meн оған бірдеңе айтайын деп ем. Жақындаңызшы маған! Жақынырақ! Meн сіздің құлағыңызға сыбырлайын!
Ол бақылаушы әйелдің қолына жармаса кетіп, кереуеттің басындағы орындыққа отырғызып сөйлей бергісі келіп еді, бірақ артына бұрылғанда, мойындарын соза құлшына сөз тыңдауға даяр тұрған екі кемпірді байқап қалды.
— Мыналарды қуып жіберіңізші, — деді науқас әлсіз үнмен. — Тезірек! Тезірек!
Кәрі мыстандар сорлының жағдайы әбден нашарлаған соң, өзінің ең жақын достарын танымай тұр, біз мұны тастап кете алмаймыз деп бір ауыздан быж-быж етсе де, бірақ бақылаушы әйел оларды бөлмеден итеріп шығарып, есікті жауып алды да, кереуетке қайта келді. Есіктің сыртында қалған кәрі ледилер әдістерін өзгертіп, кілт салатын тесіктен Салли кемпір мас деп айқайласты, аптекарь жазып берген ашынған қосымша су қосылған джиннің мейірімді жүректі кәрі ледилер берген бір тамшысы оған әсер еткендіктен, бұл айтқандары шындыққа жақын да еді.
— Енді тыңдаңыз мені! —деп қатты сөйледі науқас кемпір, өмірінің соңғы ұшқынын маздатуға бар күшін жұмсап. — Баяғыда дәл осы бөлмеде, тан осы кереуетте мен бір жап-жас сұлу әйелді күтіп ем. Оны осында ұзақ жүрістен аяғы жара-жара, үсті басы кір, қан-қан күйінде әкелген. Ол бір еркек бала тауып өліп кетті. Қазір мен есіме түсірейін... бұл қай жылы болып еді?..
— Қай жылы екендігінің қажеті жоқ, — деп бөліп жіберді шыдамсызданған әйел. — Ал, әрі қарай, ол жайында не айтпақсыз?
— Әрі қарай... — деп міңгірледі науқас, қайтадан бұрынғы әрі-сәрі күйіне түсіп, — ол туралы тағы да не айтпақ ем.... тағы не.... Білем! —деп айқайлап жіберді кемпір бойын жиып, өңі күреңітіп, көзі бақырайып кеткен. — Meн оны тонадым. Иә, мен міне не істегем! Оның әлі де бойы суынған жоқ еді, — сізге айтып тұрмын ғой, мен оны тонағанда бойы да суынған жоқ еді!
— Сіз нені ұрлап едіңіз, айтыңызшы енді, құдай үшін? — айқайлап жіберген бақылаушы әйел біреуді жәрдемге шақырғысы келгендей қимыл жасаған.
— Бір зат еді, — деп жауап қатты әйел, апаның аузын қолымен басып. — Сол әйелдің бойындағы жалғыз зат. Оған тоңбас үшін киім, ішерге тамақ керек еді, бірақ ол сол затты сақтап, кеудесіне тығып жүріпті. Айтып тұрмын ғой, әлгі зат алтын еді деп! Оның өмірін сақтап қаларлықтай таза алтын еді!
— Алтын! —деп қайталады бақылаушы әйел, жастыққа құлаған әйелге еңкейіп. — Айтыңызшы, айтсаңызшы, сонан соң не болды? Шешесі кім еді? Бұл қашан болған оқиға?
— Ол маған соны тығып қоюды тапсырған, — деп қыңқылдай сөзін жалғады науқас, — қасында болған жалғыз әйел маған қалтқысыз сеніп еді. Мойнында ілулі жүрген әлгі затты көрсеткеннен-ақ мен оны ұрламақ болдым. Мүмкін, баланың өлімі де менің мойнымда кететін шығар. Егер оларға бәрі мәлім болса, балаға жақсы қарар еді ғой.
— Не мәлім болса дейсің? — деп сұрады бақылаушы әйел. — Айтсаңызшы енді!
— Бала өсті, өзі анасына сондай ұқсас еді, — деп cөзін байланыссыз жалғастыра берді науқас әлгі сұраққа көңіл бөлместен, — баланың жүзін көрсем болды әлгінің бәрі көз алдыма келе қалатын. Сорлы әйел! Сорлы әйел! Сондай жап-жас өзі! Сондай сүп-сүйкімді! Тоқтай тұрыңыз. Мен тағы бірдеңе айтуым керек. Meн сізге әлі бәрін айтып болғаным жоқ қой!
— Жоқ, жоқ, — деп жауап қатты бақылаушы әйел, жан тәсілім еткелі жатқан әйелдің әлсіреген даусын жақсырақ есту үшін еңкейе беріп. — Тезірек, әйтпесе бәрінің де кеш болуы мүмкін!
— Шешесі, — деді әйел жанталаса қармана сөйлеп, — шешесі, ажалдың азабын тартқан шақта, менің құлағыма егер баласы аман-есен туып, өссе, өзінің сорлы жас анасы жайлы естіп, өзін масқаралық жағдайда тудым деп санамаса дегенді сыбырлап еді. «О, құдіреті күшті құдай! — деп еді ол. — Бұл еркек бала болсын, мейлі қыз болсын мына опасыз пәни дүниеде оған достар жолықтыра гөр, тағдырдың тауқыметінде жападан-жалғыз қалған баланы аяп, есіркей гөр!».
— Баланың аты кім еді? — деп сұрады бақылаушы әйел.
— Оның есімі Оливер болатын, — деп жауап қатты әйел әлсіз дауыспен. — Meн ұрлап алған алтын бұйым...
— Иә, иә, айтыңыз! —деп айқайлап жіберді бақылаушы әйел.
Жауапты есту үшін ол әйелге еңкейе берген, бірақ кемпір бүгілместен ақырын ғана көтеріліп отырды да, сонан соң екі қолымен көрпеге жармаса кетіп, түсініксіз бірдеңені міңгірлеп, жастыққа құлай кеткен соң, амалсыз кейін шегінген.
— Өлді! —деді, есік ашылған соң бөлмеге кіріп келген кемпірдің бірі.
— Жарытып ештеңе айтқан да жоқ, — деді бақылаушы әйел бей-жай кетіп бара жатып.
Екі кемпір жауап қайтаруға өздерінің сұмдық міндеттеріне даярлық үстінде, шамасы, мүмкіндіктері болмаса керек, өздерімен өздері қалған соң өліктің қасында қарадай әбігерленіп жатты.
ХХV ТАРАУ
Қайтадан Феджин және оның төңірегіндегілер жайында баяндайды
Шеттегі жұмыс үйінде осы оқиғалар болып жатқан кезде, Оливерді қыз алып кететін өзінің ескі апанындағы ошақта жанған оттың күңгірт сәулесінде мистер Феджин әлденені ойлап отырған. Оның тізесінде титтей көрік жатыр, шамасы сонымен отты үрлегісі келді-ау деймін, бірақ ойға беріліп кеткендіктен, жағын таянып, тоттанған, металл шарбаққа бей-жай көзін тастады.
Оның ту сыртындағы столда Епті Суайт, жасөспірім Чарли Бейтс және мистер Читлингтер жайғасып, үшеуі де беріле вист ойнап отыр, Суайт «мәлғұнмен» бірге жасөспірім Бейтс пен Читлингке қарсы ойнауда. Аты аталған бірінші жентльменнің қашандағы зерек жүзі тап қазір ойынға беріле кірісуі мен мистер Читлингтің картасын мұқият зерттеудің нәтижесінде ерекше қызғылықты еді, қолайлы жағдай туа қалса-ақ ол қырағы көзін тастап жіберіп, өз ойынын көршісі картасын бақылаудың нәтижесіне кемеңгерлікпен астастырып отырды. Түн суық болғандықтан Суайт шляпасын шешпеген, дегенмен бұл оның көп әдетінің бірі еді. Тісіне қысып алған қыш қорқорын ол отырғандарға тамақ жібітуге қойылған сыйымдылығы бір кварт құмырадағы су қосылған джиннен тартып жіберер кезде ғана аузынан алып отыр.
Жасөспірім Бейтс те ойынға зор көңіл бөлген, дегенмен талантты досынан гөрі мұның жаны сезімталдау болғандықтан, оның су қосылған джинге көбірек ден қойып, өздері кірісіп кеткен аса байсалды ойынға мүлде жанаспайтын сан қилы әзіл-ысқақтармен, құлаққа түрпідей тиетін сөздермен көңілін көтеріп отырғандығын байқауға болар еді. Тамаша достық қақысымен Суайт оны мұндай одағай тәртібі үшін бірнеше мәрте мөжеңкеге алса да, бірақ бұл уағыздардың барлығын жайбарақат тыңдаған жасөспірім Бейтс досына сайтанның сапалағына жөнел, немесе басыңды қанға тығып қой деген сияқты өрнекті өткір сөздермен жауап қатып отырды да, мұндай тапқырлықтар мистер Читлингті шексіз масаттандырды. Айта кету керек, соңғы аты аталған жентльмен мен оның жұптасы ұтылудан көз ашпады, бұл жағдай жасөспірім Бейтсті ашындырудың орнына шамасы, оған зор қанағат сезімін сыйлаған болуы керек, себебі, ол әрбір ойыннан кейін құлақты жара қарқылдап, туғалы мұндай қызық ойын көрген жоқпын деп ант-су ішті.
— Екі есе және роббер, — деді беті жалпиып кеткен мистер Читлинг, бешпетінің қалтасынан жарты кронды шығара беріп. — Сендей жігітті бірінші рет көріп тұрмын, Джек. Ылғи да ұтасың. Тіпті Чарли екеуіміздің қолымызда жақсы карта болған күннің өзінде де саған түк істей алатын емеспіз.
Фактінің өзі ме, әлде осы сөздерді айтқандағы мұңды дауыс па, шаттанған Чарли Бейтстің кезекті қарқ-қарқ күлгені еврейдің ойын бөліп, не боп қалды деп сұрауға мәжбүр етті.
— Не боп қалды дейсіз бе, Феджин, — деп айқайлады Чарли. — Ойынды, бақылап отырмағаныңыз қандай өкінішті. Суайтқа қарсы бірігіп ойнасақ та Томми Читлинг бірде-бір мәрте ұта алмады.
— Солай, солай, — деді еврей оның себебі өзіне айқын екендігін сездіргендей жымия күліп, — Тағы бір рет байқап көріңіз, Том, тағы бір рет.
— Осы да жетер маған, рахмет сізге, Феджин, — деп жауап қатты мистер Читлинг. — Жетер! Бұл Суайттың жолы болғыш-ақ, оған қарсы тұру тіпті мүмкін емес.
— Ха-ха-ха, қымбаттым! — деп күлді еврей. — Таңертең ерте тұр, сонда Суайтты ұтасың.
— Таңертең, — деп қайталады Чарли Бейтс. — Егер оны ұтқыңыз келсе, кештен аяғыңа шәрке киіп, әр көзіңе дүрбі салып, арқаңа бинокль байлап алуың керек.
Мистер Даукинс осы мақтау сөздерді жайбарақат тыңдады да, отырған жентльмендерге фигура ашуды ұсынған, бәсі бір шиллинг. Шақыруды ешкім қабыл алмады, қорқорын бұл уақытқа дейін тартып болған ол фишка орнына пайдаланған борымен ермек үшін Ньюгет түрмесінің жалпы жоспарын сыза бастаған: өзі құлақты жара ысқырып отыр.
— Сенімен тіптен іш пысады екен, Томми! — деді ұзақ үнсіздіктен кейін ысқыруын қойып мистер Читлингке бұрылған Суайт. — Сіздіңше, бұл не жайында ойлап отыр, Феджин?
— Мен оны қайдан білмекпін, қымбаттым-ау? — деді отты үрлеп жатқан еврей артына бұрылып. — Мүмкін өзінің ұтылысы туралы, немесе жуырда ғана өзі келген шеттегі жеке мекені жайында шығар. Ха-ха! Рас па, қымбаттым.
— Тіптен олай емес, — деп қарсылық білдірді Суайт, жауап қайтаруға ыңғайланған мистер Читлингті бөгеп. — Ал сен не айтасың, Чарли?
— Айтсам, — ыржия жауап қайтарды жасөспірім Бейтс, — оның Бетсиге көңілі құлап жүр. Қараңыздаршы, қызарып кеткенін. Құдайым-ай! Ой, өлдім-ау! Томми Читлинг ғашық боп қалыпты!.. Ох, Феджин, Феджин, Miнe тамаша!
Нәзік сезім құмарлығының құрбаны мистер Читлингтің бейнесінен есі кеткен жасөспірім Бейтс орындықтың арқалығына шалқайып қалам дегенде тепе-теңдігін жоғалтып, еденге ұшып түсті де, (бұл оқиға оның көңіл күйіне пәлендей әсер еткен жоқ), әбден айызын қандырып, қарқылдап күліп алғанша солай жатып, осыдан кейін өз орнына жайғасып қайта қарқылдады.
— Оған назар аудармай-ақ қойыңыз, қымбаттым, — деді еврей мистер Даукинске көзін қысып, жаза орнына жасөспірім Бейтсті көрігімен ұрып. — Бетси тамаша қыз. Одан айрылмаңыз, Том, одан айрылмаңыз.
— Менің айтайын дегенім, Феджин, — деді мистер Читлинг шиедей қызарып кетіп, — бұның ешкімге де қатысы жоқ.
— Әлбетте, — деп қостады еврей. — Чарли өзі оттай береді. Оған назар аудармаңыз, қымбаттым, назар аудармаңыз. Бетси — керемет қыз. Ол не десе соны істеңіз, Том, — сонда сіз байып шыға келесіз.
— Мен онсыз да соның дегенін істеп келем, — деп жауап қатты мистер Читлинг. — Егер оның ақылын тыңдамағанда, мені ұстап та алмайтын еді. Мұның өзі сізге қол болды ғой, солай емес пе, Феджин? Әйтсе де, алты жұма деген түкке тұрмайды ғой. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір болатын болған соң, мұның көшеде сенделуге құлқың жоқ қыста болғандығы жақсы. Рас па, Феджин?
— Әбден дұрыс, қымбаттым, — деп жауап берді еврей.
— Сен тағы бір мәрте отыруға келісер ме едің, Том? — деп сұрады Суайт Чарли мен еврейге көзін қысып, — егер Бетси саған жақсы кеңес берсе?
— Meн қарсылық білдірмес едім дегім келеді, — деді Том ашулана сөйлеп. — Ал, жарайды! Менің білгім келетіні, осыны менен өзге біреу айта алар ма еді, Феджин?
— Ешкім де, қымбаттым, — деп жауап қатты еврей, — бірде бір адам, Том. Мен сізден басқа осылай айтатын, бірде-бір адам баласын білмеймін. Ешкімді де, қымбаттым.
— Егер мен оны ұстап берсем, мені босатар еді. Солай ма, Феджин? — деп сөзін ашына жалғады мазақ болған, ақымақтау бейшара жігіт. — Бұл үшін мен бір ғана сөз айтсам жеткілікті еді. Рас па, Феджин?
— Әлбетте, сені босатар еді, қымбаттым, — деп жауап берді еврей.
— Бірақ мен тіс жарғам жоқ. Шын ба, Феджин, — деді Том сұрағын үсті-үстіне бастырмалатып.
— Жоқ, жоқ, әлбетте, тіс жарған жоқсың, — деді еврей, — олай етуге сен қоянжүрек қорқақ емессің ғой. Аса ержүрексің, қымбаттым!
— Мүмкін, солай да шығар, — деді Том, жан-жағына қаранып. — Ал егер олай болса, бұл жерде күлкілі не бар, ә, Феджин?
Мистер Читлингтің әбден жынына тигенін көрген еврей саған ешкім де күлген жоқ деп сендіруге асықты, жиналғандарды байсалды қалыпқа келтіруге тырысқан ол сөзін әсіресе бірінші жәбірлеуші жасөспірім Бейтске бағыттаған. Бірақ, бақытсыздыққа қарай, өз өмірімде тап қазіргідей байсалды болмаған шығармын деп жауап қатуға аузын аша берген Чарли, шыдай алмай қарқылдай жөнелгені сонша, әбден жәбірленген мистер Читлинг әрі қарайғы сыпайылығын жиып тастап, бөлменің арғы бұрышына тұра ұмтылып, жәбірлеушіге жұдырығын сілтеп-ақ қалған еді, бірақ қуғыншылардан құтылуға әрекеттенген анау, бір жаққа қарай бұлт ете түсті де, көңілді қарт жентльменнің кеудесіне тиген қатты соққы оны теңселтіп кетіп, қабырғаға шегіншектеп, демін зорға алып, тоқтай қалуға мәжбүр етті, ал мистер Читлинг оған құты қаша қарап қалған.
— Тыныш! —деп айқайлап жіберді тап осы сәтте Суайт. — Бірдеңе даңғырлайды.
Шырақ ұстаған ол ұрлана басын, сатымен көтеріле берді.
Қоңырау үні шыдамсыздана тағы да шыр-шыр етті. Бұлардың барлығы қараңғыда отырған. Ұзамай қайта оралған Суайт құпия түрмен Феджиннің құлағына бірдеңе деп сыбырлады.
— Қалайша? — деп еврейдің даусы шығып кетті. — Жалғыз деймісің?
Суайт құптағандай басын изеді де, қолын шырақ сәулесінен көлегейлеп, Чарли Бейтске қазір күлмей-ақ қойғаның жөн дегенді ыммен ұқтырған. Достық қол ұшын осылайша берген ол еврейге қарап, оның бұйрығын күтіп тұрды.
Бірнеше секунд бойы шал сарғайған тырнағын кеміріп, ойға беріліп кетті, бірдеңеден қауіптеніп, қорқынышты бірдеңені еститіндей беті мазасызданғаннан жыбыр-жыбыр етеді. Ақыры ол басын көтерген.
— Өзі қайда? — деп сұрады еврей.
Суайт төбені көрсетіп, бөлмеден шығуға ыңғайланғандай қозғалыс жасады.
— Иә, — деді еврей үнсіз сауалға жауап қайтарып, — оны осында, төменге ертіп кел. Тсс!.. Тыныштал, Чарли! Ентігіңізді басыңыз, Том! Жоғалыңдар!
Бұл қысқа бұйрықты Чарли Бейтс пен оның әлгіндегі қарсыласы жедел әрі мойынсұна орындаған. Қолына шырақ ұстаған Суайт, ал соңынан сатыдан түскен дөрекі жұмыс көйлегін киген адам бөлмені көзімен тез шолып өтіп, бетінің төменгі бөлігін жауып тұрған жалпаң бөке байып алып, епті Тоби Крекиттің қажыған, жуынбаған, қырынбаған жүзін көрсетті.
— Халің қалай, Феги? — деді әлгі құрметті жентльмен еврейге басын изеп.— Мына бөкебайды менің кастор шляпама салып қой, Суайт, тұра зытсам, оны қайдан табатынымды білетін болайын. Міне, қандай заманға тап болдың. Ал сенен, мына көрі алаяқтан гөрі, тамаша құлып бұзушы шығады.
Осы сөздерді айтқан соң ол шалбарынан көйлегінің етегін шығарып, беліне орады да, отырғышты отқа жылжытып, аяғын шарбаққа асып отырды.
— Қараңызшы, Феги, — деді ол қайырмалы етігін мұңая көрсетіп. — Дэй мен Мартин қарамайын қай күннен бері иіскемегенін өзіңіз де шамалап отырған шығарсыз, құдай біледі бірде-бір рет тазаланған жоқ!.. Маған көзіңді бақырайтпай-ақ қой, шал. Бәрі де өз уақытында болады. Бірдеңені талғажу етіп, бірдеңе ішпесем, мен іс турасында ештеңе де айта алмаймын. Осында тамақ әкеліңдер де, үш күннен бері алғаш рет ас ішуіме рұқсат беріңдер!
Еврей Суайтқа столға ас қоюға ишарат етті де, құлып бұзушының жанына жайғасып, жауабын күтті.
Дегенмен Тоби әңгіме бастауға асықпайтын сияқты. Алдымен еврей оның қандай хабар әкелгенін бет-жүзінен аңғаруға тырысып, шыдамдылықпен зер салып бақса да, одан ештеңе де шықпады. Тобидің түрі қажып, қалжырағанымен бет-аузы кір-кір, сақал-мұрты алынбағандығына қарамастан қашандағыдай тым жайбарақат жүзінен епті Крекиттің өзіне-өзі сенімді, ақымақ жымиысы көрініп тұр... Сонан соң әбден шыдамнан айрылған еврей ананың ұртына тығып жатқанын біраз бақылап отырды да, мазасызданғанын жасырмастан бөлмені арлы-берлі кезіп кетті. Бірақ бұдан да ешбір қайран болмады. Тоби әбден тыңқия тойғанша айылын да жимастан тамағын жей берді, содан соң, Суайтқа бөлмеден шығуды бұйырып, есікті жапты да, стаканға су қосылған виски құйып алып, әңгімесіне кірісті.
— Ең алдымен, Феги... — деп сөзін бастады Тоби.
— Иә, иә, — деп бөліп жіберді еврей орындығын жақындатып.
Мистер Крекит джиннен бір ұрттау үшін тоқтай қалды да, оны тамаша екен деп мақтап қойды; содан соң ал аса ошақтың сөресіне аяғын етігімен өз көзінің деңгейіне жеткенше көтеріп алып, жайымен сөзін жалғады.
— Ең алдымен, Феги, — деді құлып бұзушы, — Биллдің халі қалай?
— Немене? — деп шыңғырып жіберген еврей отырғышынан атып тұрған.
— Қалай, шынымен сіздің айтайын дегеніңіз?.. — деп түсі бұзыла сөйледі Тоби.
— Айтайын дегенім! —деп ойбайға басты еврей. — Олар қайда? Сайкс пен бала! Қайда олар! Олар қайда қалды? Олар қайда жасырынып жүр! Олар мұнда неге келмеді?
— Ұрлықтың сәті түспеді, — деді Тоби ақырын ғана.
— Оны өзім де білем, — деді еврей қалтасынан суырып алған газетті көрсетіп. — Одан соң не болды?
— Аналар атып балаға тигізді. Біз оны ала салып үйдің артындағы даламен құстай ұштық, арықтар мен шұңқырлардан қарғыдық. Соңымыздан қуғын түсті! Сайтан алғыр! Маңайдағы бар тұрғындар оянып, соңымыздан ит қосып қуды...
— Ал бала ше?
— Билл оны арқасына көтеріп құйындай ұшты. Ақыры оны екеулеп алып жүру үшін тоқтағанбыз, бала салбырап, бойы суынып кетіпті. Аналар болса өкшелеп келеді. Мұндайда әркім өз басын сақтап, дарға ілініп қалмауды көздемей ме... Баланы арыққа қалдырдық та, бет-бетімізге қаштық. Баланың тірі-өлісін білмеймін.
Еврей әрі қарай тыңдаған жоқ. Ойбайды салып, шашына жармаса, үйден атып шықты.
XXVI ТАРАУ
Құпия біреу пайда болады және осы әңгімеге тікелей байланысты көптеген оқиғалар өрбиді
Тоби Крекиттің хабарынан алған әсерінен айыға алмай өзіне өзі келгенше шал жүгіріп көшенің бұрышына жетті. Есі шығып, сасқалақтап, әдеттен тыс жылдамдықпен бұрынғысынша жүріп келе жатқан ол кенет жанынан салдыр-гүлдір өте берген көлік пен оған төнген қауіпті байқап қалғандардың қатты айқайынан тротуарға бұрылуға мәжбүр болған. Мүмкіндігінше жұрт көп жүретін көшелерден қашқалақтап, бұрыс жолдармен, тұйық көшелермен ұрлана басқан ол ақыры Сноу-Хилден келіп шықты. Бұрынғыдан да тезірек басып, базбір аулаға кіргенше тоқтаған жоқ, бұл арада өз мекен-жайына келгендей әдеттегісінше аяғын сүйретіп, демін жеңіл алып ілбіді.
Сноу-Хилл Холборн-Хиллмен қосылатын тұсқа таяу оң жақта, егер Ситиден жүре берсе Сафрен-хилге бастап апаратын тап-тар, көңілсіз тұйық көше шығады. Ондағы лас дүкеншелерде әрқилы көлемді, түрлі-түсті ұсталған жібек қол орамалдардың үлкен тобы сатуға шығарылатын, өйткені, мұнда әлгі орамалдарды қалта ұрыларынан сатып алатын саудагерлер тұратын. Жүздеген қол орамалдар терезе сыртындағы шегелерде есік кәсектерінде желбіреп тұратын, ал дүкендерде барлық сөрелер соларға сықалып жататын. Филд-Лейннің шекарасы қаншалықты тар болғанмен, мұнда өз шаштараздары, өз кофеханалары, өз сыраханасы мен қуырған балық сататын дүкені болатын. Таңертең ерте немесе ымырт үйіріле сөзге сараң саудагерлер келіп, өз істерін сырт жақтағы қараңғы бөлмеде бітіpiп, қалай құпия келсе солай қарасып батыратын ұсақ ұрылардың сауда-саттық колониясы, рыногы іспетті еді. Мұнда көйлек сататын саудагер, етікші және ескі-құсқы алушы өз бұйымдарын жайып қоятын да, бұл ұсақ ұрылар үйіп жарнама қызметін атқаратын, мұнда тот басқан темір мен сүйек, көгерген тері-терсек пен маталар күңгірт подвалдарда іріп-шіріп жататын.
Еврей міне осы тұйық көшеге бұрылды. Ол бұл араның жүдеу тұрғылықты халқына жақсы таныс еді де, бірдеңе сатуға немесе сатып алуға өз орындарында қалғандары жандарынан өте бергенде ескі таныстары есебінде бастарын изесіп жатысты. Олардың сәлемдеріне бұл иек қағып қана жауап берді, бірақ тұйық көшенің шетіне шыққанша ешкіммен тілдескен жоқ, бұл арада ол тоқтады да, дүкенінің алдында қорқорын тартып, баланың креслосында отырған аласа бойлы бір саудагермен тілдесті.
— Сізге қараса-ақ болды, мистер Феджин, соқырдың да көзі көріп кетеді! — деді әлгі құрметті саудагер өз денсаулығын сұраған еврейге жауап ретінде.
— Көршілікке тым қиындау болды-ау бұл ара, — деді Феджин қабағын керіп, қолын айқастырып.
— Иә, маған екі мәрте осындай шағым естуге тура келді, — деп жауап қайтарды саудагер. — Дегенмен от та тез сөнеді ғой; солай емес пе?
Феджин құптағандай басын шұлғыды. Ол Сафрен-Хилл жақты нұсқап бүгін кешке ешкім келіп кетпеді ме деп сұрады.
— «Мүгедекке» кіріп шығуға ма? —деп сұрады саудагер.
Еврей тағы да басын шұлғыды.
— Тоқтай тұршы, — деп ойлана сөйледі анау. — Иә, бес-алты кісінің солай бет алғаны бар. Ішінде сіздің досыңыз жоқ қой деймін.
— Сайкс онда болмады ма? — деп сұрады еврей, аса әбігерленген түрі бар.
— Non istventns демей ме заңшылдар, — деді әлгі адамсымақ басын шайқап; жүзіне қулық жүгіртіп. — Сізде бүгін маған қатысты ештеңе жоқ па?
— Бүгін ештеңе жоқ, — деді еврей одан кете беріп.
— Сіз «Мүгедектерге» бара жатырмысыз, Феджин? — деп айқайлады соңынан әлгі адамсымақ. — Тоқтай тұрыңыз! Сізбен бір рюмке тастап жіберуден қашпаймын!
Бірақ еврей артына бұрылып, қолын сілтеп, жалғыз жүргісі келетіндігін білдіріп, әлгі адамсымаққа титтей креслосынан көтерілу оңайға соқпағандықтан «Мүгедектер» деген жарнамалы трактир мистер Лайвлидің келу құрметіне ие бола алмады. Ол орнынан көтерілген кезде еврей көзден тасаланған болатын, мистер Лайвли башмағының ұшынан басын оны көрмек үміті алданған соң, креслосына қайта отыра кетіп, қарсысындағы дүкенде отырған ледиге басын шұлғыды да, өз күдігі мен сенімсіздігін білдіріп, қорқорын қолына қайта алған-ды.
«Үш мүгедек» немесе дұрысы «Мүгедектер» —бұл мекеме өз келушілеріне осы атымен аян болатын, — баяғыда мистер Сайкс итін ертіп келетін трактир еді. Сөренің ар жағында тұрған адамға белгі беріп, Феджин сатымен көтерілді де, есікті ашып, бөлмеге елеусіз еніп кетіп, көзін қолымен көлегейлей біреуді іздеп жүрген жандай мазасыздана жан-жағына жалтақтады.
Бөлмені екі май шам жарықтандырып түр, жабық қақпақтар мен тозығы жеткен қызыл пердені түсіріп тастағандықтан көшеден мұндағы жарық көрінбейтін. Түтіндетіп тұрған шамдар төбені ыстамасын деп оны қара бояумен сырлаған бөлмеде тұнып тұрған темекі түтінінен алғашқыда ештеңені ажырату мүмкін емес-ті. Дегенмен түтін ақыры аз-аздап ашық тұрған есік арқылы сейілген кезде бөлмені жайлап алған бей-берекет гуіл тәрізді қалай болса солай отырғандарды, ал аздап көз үйренген соң келген кісі ұзын столда еркек-әйелдерден құралған бір топ адамның жайғасқанын байқар еді; столдың басында қолына балға ұстаған төраға, ал ар жақ бұрышындағы сынған фортепьяноның жанында мұрны қызарып кеткен, жағын таңып алған (тісі ауыра қалған жағдайға) жентльмен-кәсіпқой отыр.
Феджин бөлмеге сумаң етіп кіріп келгенде, жентльмен-кәсіпқой алғашқы әуен орнына саусақтарымен клавиштен бір жүгіртіп өткен, осыдан соң бәрі улап-шулап ән талап ете бастады; у-шу басылғаннан кейін жас леди отырғандарға төрт шумақтан тұратын балладасын айтты, ара-арасында сүйемелдеуші бүкіл әуенді басынан аяғына дейін мүмкіндігінше өте қатты ойнады. Бұл біткен соң, төраға өз пікірін білдіреді, осыдан кейін мұның оң және сол жағына жайғасқан кәсіпқойлар дуэт айтуға тілек білдірді де, оларын аса табыспен орындап шықты.
Тобырдан оқшауланып көрінген кейбір адамдарға назар салу қызғылықты болар еді. Ең алдымен төрағаның өзі (мекеменің қожасы) дөкір, алпамсадай кісі ән шырқалып жатқан кезде көзін анда бір, мұнда бір тастап, жалпы көңілділікке араласып отырғандай көрінгенімен, болып жатқанның бәрін де көріп, естіп отыр, көзі өткір, өзі сақұлақ, еді. Оның қасында бүкіл тобырдың улап-шулап мақтауын селқос қана тыңдап отырған әншілер таланттарына құзыр болып табынушылары ұсынған су қосылған вискиді кезегімен қылғытып салады, сықпыттарында жан баласында болатын бүкіл кедейшілік атаулының айқайлап тұрған таңбасы осындай жүрек айнытарлық көрінісімен жұрт назарын аударатындай. Жүздерінен қулық, қатыгездік, маскүнемдік лебі еседі. Ал әйелдерге келсек, кейбіреулерінде әзірге сақталған жастық бояуының көз алдыңызда сыры көшіп бара жатқандай; көпшілігі өз жыныстарының бар белгісін тұп-тұяғымен жоғалтып, әбдән бұзылғандық пен қылмыстың ғана елесі боп қалғандай; бұл қыздардың, осы жас әйелдердің бірде-бірі өз жастық өмірлерінің табалдырығынан аттамаған — жан түршігер бұзақылық ордасындағы ең қайғылы көрініс еді.
Бұл уақытта Феджин байсалды оймен басын қатырып жатпастан, сірә, өзі іздеген адамын таба алмаса керек, әркімнің бетіне тесіле қарап жүрген. Адыры төрағаның орнын иемденген адаммен көзқарасы ұшырасып қалған соң, оны ымдап шақырды да, бөлмеге қалай ақырын кірсе, тап солай ақырын шығып кетті.
— Сізге қандай қызмет көрсете алам, мистер Феджин? — деп сұрады төраға оның соңынан ере шыққан соң. — Бізге қосылмас па екенсіз? Барлығы да бір кісідей қуанып қалар еді.
Еврей басын шыдамсыздана шайқап, сыбырлай сұрады:
— Ол осында ма?
— Жоқ, — деп жауап қатты анау.
— Барни жайында да еш хабар жоқ, па?
— Ешқандай, — деп жауап берді «Мүгедектің» қожасы, бұл соның өзі болатын. — Абыр-сабыр басылғанша Барни қыбыр етпейді. Есіңізде болсын, аналар оның ізіне түсіпті, егер ол орнынан қозғала қалса-ақ бассалар еді ғой. Барниға ештеңе бола қойған жоқ, әйтпесе мен естір едім. Бәс тігісуге бармын, Барни бұдан да құрғақ шығады. Оған алаңдамай-ақ қоюыңызға болады.
— Ал анау бүгін осында бола ма? —деп сұрады еврей есімдікке қайтадан екпін түсіре сөйлеп.
— Сіз Монкс туралы айтып тұрсыз ба? — деп сұрады қожайын екіұштылау ғып.
— Tcc — деп сыбырлады еврей. — Иә.
— Әрине, — деп жауап қатты қожайын, қалтасынан алтын сағатын шығарып. — Мен оны ертерек күтіп ем. Егер сіз он минуттай күтсеңіз, ол...
— Жоқ, жоқ! — деп тез-тез сөйледі еврей сөз боп отырған кісіні әрі көргісі келгендей, әрі оның жоқ екендігіне қуанғандай. — Мен оны көру үшін осында келіп кетті деңіз, ол маған бүгін кешке келсін. Жоқ, ертең дұрыс болар. Әйтеуір, бүгін мұнда болмаған соң, ертең де кеш болмас.
— Жарайды, — деді қожайын. — Тағы бірдемелер айтасыз ба?
— Бір сөзім де жоқ, — деді еврей сатыдан түсе беріп.
— Тыңдаңызшы, — деді қырылдай сыбырлаған қожайын жақтауға асылып. — Қазір нағыз істің уақыты! Менде Фил Баркер отыр; масайғаны сонша, кез келген бала ұстап әкетерліктей!
— Ә! Дегенмен, Фил Баркердің уақыты жоқ, — деп жауап қатты еврей басын көтеріп. — Біз онымен айрылысқанша, Фил әлі жұмыс істеуі керек. Өз тобыңызға оралыңыз да, қымбаттым, оларға әзір тірлікте көңілдерін көтерсін деңіз. Ха-ха-ха!
Трактирші оны қоштай күлді де, қонақтарына қайта оралды. Еврей жалғыз қалған соң, жүзіне қайтадан әбігерленушілік ойнап шыға келді. Аз-кем ойланған соң, ол арбакеш жалдады да өзін Бетпел Грин-Роудқа жеткізуге бұйырды. Мистер Сайкстің резиденциясына ширек милдей жерде ол арбакешті босатты да қалған аралығына жаяу тартты.
— Ал, — деп міңгірледі еврей есік қаға беріп, — егер мұнда сыртымнан күдікті бірдеңе істеп жатсаңдар, қанша қу болғаныңмен, қымбаттым, мен сізден бәрін де суыртпақтап біліп аламын.
Оның меңзеген әйелі өз бөлмесінде болатын. Феджин жайлап сатымен көтерілді де, көп сыпайыгершілік жасап жатпастан кіріп барды. Қыз жалғыз екен, ол ұйпа-тұйпа шашы жалбыраған басып столға сүйеп отыр.
«Сілтеген ғой», — деп ойлады еврей салқын қандылықпен, — әлде мүмкін бірдеңеге қайғырып отырған болар».
Осы оймен ол есік жабуға кері бұрыла берді, дыбырды естіген қыз басын көтеріп алды. Еврейдің қуақы жүзіне қадала қараған қыз ешқандай жаңалық жоқ па деп сұрады да, одан Тоби Крекиттің хабарын естіді. Әңгіме аяқталған соң, қыз қайтадан бұрынғы қалпына келіп отырды, бірақ ләм-мим деген жоқ. Ол шырақты әрірек ысырып қойды, еденді аяғымен ысқылады, бар болғаны сол ғана.
Үнсіздік ұзарған сайын еврей мазасызданып, Сайкстің құпия оралуының ешқандай белгілері жоқ па дегенге көзін жеткізгісі келгендей жан-жағына қарағыштады. Шамасы, бақылауына қанағаттанған пішінмен ол екі-үш мәрте жөтеліп, сонша рет қызды әңгімеге тартуға тырысқан, бірақ бейне алдында тас мүсін тұрғандай қыз бұған тіптен назар аудармай қойды. Ақыры шал тағы бір тәуекел етіп, қолын уқалап, аса жағымпазданған дауыспен:
— Билл қазір қайда деп ойлайсыз, қымбаттым? — деп сұрады.
Қыз жауап орнына оны білмеймін дегендей ыңырсып қойды, оның тұншыға өксігенінен жылап отырғанын аңғаруға болатын еді.
— Ал баланы ше? — деп сөзін жалғады еврей қыздың бетіне үңілуге тырысып. — Сорлы бала! Оны шұңқырға тастап кетіпті. Нэнси, ойлап көріңізші!
— Балаға бізден гөрі сол жер жақсы, — деді қыз, ойламаған жерден басын көтеріп. — Тек Билл соның кесірінен пәлеге ұшырамаса болды, ал шұңқырда өліп қалған баланың сүйегі сонда шіри берсін.
— Не дейсің?! —деп таңдана дауыстап жіберді еврей.
— Иә, мен солай деп үміттенем! —деп жауап қатты қыз оның көзіне тура қарап. — Егер ол менің көз алдымнан жоғалғанын, бар жамандықтың артта қалғанын естісем, мен тек қуанар едім. Мен оның жанымда жүргеніне төзе алмаймын. Оған қарасам-ақ болды, өзіме-өзім жеркеніштімін, сендердің барлығың да жеркеніштісіңдер.
— Сандырақ! — деді еврей өшіге тіл қатып. — Сен массың...
— Солай ма? — деп ашына айқайлады қыз. — Мен мас болған күнде де ішкізген сіз емес. Сіздің еркіңізге салса мені күнде суарсаңыз да, бүгін ішкізе қоймас едіңіз. Қазір бұл әдет сізге жақпай тұр-ау, солай ма?
— Дұрыс айтасың! —деп кектене тіл қатты еврей. — Жақпайды.
— Олай болса, өзгертіңдер мұны, — деп күле сөйледі қыз.
— Өзгерту ме? — деп айқайлады қыздың қиқарлығы жынына тиген, әрі бүгінгі оқиғалар жанын жеген еврей. — Иә, мен оны өзгертем! Сен, қыз, мені тыңда! Сөзіме құлақ сал, Сайксты буындырып өлтіру үшін мен бес ауыз сөз айтсам, жетіп жатыр. Егер ол баланы анда қалдырып, өзі қайтып келсе, егер баланы өлі, не тірі күйінде маған жеткізбесе, онда ол Джек Кетчтің қолына түспесін десең өлтір! Осы бөлмеге кірген бойда шаруасын бітір, әйтпесе менің сөзімді есіңе сақта, тым кеш болады.
— Бұл не болғаны сонда? —деп еріксіз дауыстап жіберді қыз.
— Не болғаны деймісің! —деп сөзін қайталады жындана жаздаған Феджин. — Бұл бала жүздеген фунт тұрады, сонша соманы ешқандай қауіп-қатерсіз-ақ қолға түсіргелі тұрғанда маскүнем тобырдың қияңқылығынан ғана неліктен содан айрылып қалуым керек. Және оның үстіне мен, мұра қағаз ғана қажет бір сайтанмен таскіндіктен әбден маталып қалғам, ал ол болса, ол...
Екі иінінен дем алған шал айтар сөз іздеп тұтығып қалды, бірақ өзін-өзі ұстап, мінезі заматта өзгеріп шыға келді. Дәл осы секундқа дейін саусақтарымен ауаны қарманып, көзі бақырайып, жүзі ашудан көгеріп кеткен еді, ал қазір отырғышқа отыра кетіп, әлдебір оңбағандық құпияны байқаусызда өзі айтып қойғанына қорыққандай дір-дір етіп бүрісе қалған. Аз-кем үнсіздіктен кейін ол қыздың жүзіне көз салуға тәуекел етті. Анау өзі алғаш көргендегідей барлығынан бейтарап отырғанын көріп, шалдың да жаны жай тапқандай еді.
— Нэнси, қымбаттым! —деп қыр-қыр етті еврей өзінің үйреншікті даусымен. — Сен мені тыңдап отырмысың, қымбаттым?
— Қазір маған тимеңізші, Феджин, — деді қыз басын зорға көтеріп. — Егер Билл бұл жолы оны істей алмаса, тағы бірде істер. Сіз үшін ол аз іс атқарған жоқ, егер мүмкіндігі болса, әлі де істер. Ал егер әлі келмесе, яғни ол туралы сөз етудің де қажеті болмағаны.
— Ал бала туралы ше, қымбаттым?.. — деп сұрады еврей қолын әбігерлене уқалап.
— Балаға да басқалар сияқты басын қатерге тігуге тура келеді, — деп сөзін бөліп жіберді Нэнси. — Мен айтып тұрмын ғой, ол өліп, барша азаптан да, сіздерден де құтылған болар деп үміттенем, тек Биллді қырсық шала көрмесін. Ал егер Тоби құтылып кеткен болса, онда Билл де қауіп-қатерден аман деген сөз, себебі Билл Тоби сияқтылардың екеуіне татиды.
— Ал, әлгінде айтқаным жайында қалай болмақ, қымбаттым? — деп сұрады еврей қыздан көзін алмастан.
— Егер сіз мен бірдеңе істесін десеңіз, онда айтқаныңыздың барлығын қайталаңызшы, — деп жауап қатты Нэнси. — Ең дұрысы ертеңге дейін шыдасаңыз екен. Сіз бір минутқа сергітіп жіберсеңіз де, қазір қайта мәңгіріп қалдым, Феджин өзінің байқаусызда айтып қалған сөзіне қыз назарының ауған-аумағанын анықтау мақсатымен бірнеше сұрақтар беріп көрді, бірақ қыз шын ниетімен сауалдарына жауап қайырып, шалдың қадалған көзіне де немқұрайлы қарағандықтан көкейіне қыз расында да масаңдау екен деген ой әбден бекіген-ді.
Шындығында, еврейдің шәкірттерінің арасында кеңінен тараған бұл осалдық Нэнсиге де тән еді, оларды бұдан безіндірудің орнына бесіктен белі шықпай жатып, үйретіп отыратын. Қыздың салдыр-салақ кейпі мен бөлмеде тұнып қалған джиннің өткір иісі мұның долбарын жеткілікті мөлшерде расқа шығарып тұр. Оның әлгінде ғана лап еткен ашуынан кейін, бір мәңгірген күйге түсуі, содан кейін қарадай көңілі өрекпін, көзінен жас парлап, біресе өзіне-өзі «Еңсең түспесін!» деп әлсін-әлсін айқайлауы, қысқасы барлығы да мұндай істерден үлкен тәжірибесі бар Феджинге қыздың қатты мастығына көзін жеткізіп, жанын жай таптырды.
Осыған көңілі орнына түскен Феджин бүгінгі кеште естігенінің бәрін қызға хабарлап, әрі Сайкстің жоқтығына көзі жетіп, екі мақсаты да орындалған соң үйіне қайтты. Жас леди болса столға басын салып ұйықтап кетті.
Түн ортасына дейін бір сағаттай қалғанды. Кеш қараңғы, әрі сүйектен өтердей суық еді де, Феджиннің көп бөгелуге аңсары ауа қоймады. Ұйтқыған жел көшедегі бірлі-жарым жүргіншілерді шаң мен балшық тәрізді сыпырып жатқандай — әрі-бері өткендер тым аз, олардың өздері де үйді-үйіне асыға басады. Жел еврейдің тусыртынан соғып тұрған, Феджин дір-дір етіп, бүкшиген күйі соңынан құйын қуып, дедектеп бара жатты.
Ол өз көшесінің бұрышына жетіп, қалтасынан есіктің кілтін сипалап іздей беріп еді, кенет қою қараңғылық жамылған үй алдынан бір қара сұлба бөліне берді де, көшені кесіп өтіп, аңдаусызда бұған жақындай берді.
— Феджин! — деп сыбырлады біреу дәп құлағының түбінен. .
— Ах, — деп дауыстап жіберді еврей, жалт бұрылып. — Сізбісіз...
— Иә, — деп сөзін бөлді бейтаныс. — Менің осы арада тұрғаныма мінеки тұп-тура екі сағат болды. Сайтап алғыр, сен қайда жүрсің?
— Сіздің ісіңізбен жүрмін, қымбаттым, — деп жауап қатты еврей, жаңағы кісіге әбігерлене қарап, жүрісін баяулатып. — Бүкіл кеш бойы сіздің шаруамен.
— Иә, әрине, — деп мысқылдай тіл қатты бейтаныс. — Ал одан не шықты өзі?
— Жақсылығы шамалы, — деп жауап қатты еврей.
— Жамандығы да шамалы шығар деп үміттенемін, — деп сұрады кенеттен тоқтай қалып, шалдың бетіне шошына көз тастаған бейтаныс.
Еврей басын шайқап; жауап қайтаруға ыңғайлана беpiп еді, бірақ бейтаныс оның сөзін бөліп, өздері таянып қалған үйді нұсқап, үйге кіріп сөйлескен оңды болар, ұзақ күтуден бойым тоңазып, жел өңменімнен өтіп барады дегенді айтты.
Феджин мұншама кешең уақытта үйіне ешкімді кіргізбейтіндігін айтып, тіпті каминнің де жағылмағандығын міңгірлеп, сылтауратып тайып тұруға да қарсы емес еді, бірақ жанындағы серігі әмірлі үнмен әлгі талабын қайталаған соң, ол есікті ашты да, шырақ әкелгенше оны жайымен жабуын етінді.
— Мұнда көрдегідей қараңғы екен, — деді бейтаныс, сипалана бірер қадам жасап. — Тездетіңіз.
— Есікті жабыңызшы, — деп сыбырлады Феджин дәліздің арғы бетінен.
Дәл осы сәтте есік те сарт етіп жабылды.
— Бұл менің кінәм емес, — деді бейтаныс сипаланып жол іздеп жүріп. — Жел ме, әлде өзі жабылып қалды ма — екінің бірі. Тезірек жарық әкеліңіз, әйтпесе мына қарғыс атқыр қуыста басымды жарып алармын.
Феджин ұрлана басын сатымен ас үйге беттеді. Біраздан кейін жағылған шырақ ұстап, қайта оралған ол Тоби Крекит төмендегі түкпірдегі бөлмеде, ал балалар алдыңғы бөлмеде ұйықтап жатыр деп мәлімдеді. Бейтанысқа соңымнан ер дегендей белгі берген ол сатымен көтеріле бастаған.
— Бұл арада біз барлығы жайында сөйлесе аламыз, қымбаттым, — деді еврей екінші қабаттағы бөлменің есігін аша беріп. — Бірақ қақпақтарда тесік бар, көршілердің біздегі жарықты көруін қаламағандықтан, шырақты сатыға қалдырып кетеміз. Міне солай!
Осы сөзден соң еврей шырағданды сатының жоғарғы алаңқайына есікке қарама-қарсы қойды. Содан кейін ол сынған кресло мен есіктің жанында тұрған ескі кушетка немесе қапталмаған диваннан өзге мебельдің жұрнағы да жоқ бөлмеге бірінші болып кірген. Бейтаныс осы диванға шаршаған кейіппен жайғаса кеткен, ал еврей екеуі бір-біріне қарама-қарсы отыра аларлықтай етіп креслоны жылжытты. Мұнда пәлендей қараңғы емес еді, есік ашық тұрған, алаңқайда тұрған шырақ қарсы қабырғаға әлсіз сәулесін шашады.
Алғашында олар сыбырлай әңгімелесті. Бұл әңгімені тыңдаған кісі байланыссыз жеке сөздерден басқа түк ұға алмағанымен, бейтаныстың сауалдарына жауап қайтара отырып, Феджиннің өзін қорғаштағандығын, ал ананың шектен тыс ашулы екендігін аңғарар еді. Осылайша олар ширек сағат әрненің басын шалды, ал содан кейін Монкс — еврей бейтанысты әңгіме барысында осы есіммен бірнеше мәрте атағанды — аз-кем даусын көтеріп:
— Қайталаймын, бұл жоспар түкке тұрмайтын еді. Неліктен оны басқалармен бірге осында қалдырып, қалтаға түскіш боқмұрын жасап шығаруға болмады? — деді.
— Мұның не деп тұрғанын тыңдап көріңіз! —деп дауыстап жіберді еврей иығын қушитып.
— Шынымен-ақ сіз одан өзіңіз қаласаңыз да ештеңе шығара алмадым демексіз бе? — деп ашулана сұрады Монкс. — Осы сіз сондайды ондаған басқа балаларға жасаған жоқпысыз! Егер сіздің төзіміңіз бір жылға жетсе, оны соттап, Англиядан мүмкін өмір бойына аластамас па еді?
— Мұның кімге пайдасы тиер еді, қымбаттым? — деп қорлана сұрады еврей.
— Маған, — деп жауап берді Монкс.
— Бірақ маған емес, — деп мойындай сөйледі еврей. — Баланың маған пайдасы тиюі мүмкін еді. Шартқа екі жақ қатынасып отырған жағдайда, екеуінің де жағдайларымен санасу керек қой, солай емес пе, қымбатты достым?
— Әрі қарай немене? — деп сұрады Монкс.
— Оны іске үйрету оңайға соқпасын мен түсіндім, — деп жауап қатты еврей. — Ол мұндай жағдайға тап болған өзге балаларға мүлде ұқсамайды.
— Иә, ұқсамаптыны рас, қарғыс атқырдың! — деп міңгірледі Монкс. — Әйтпесе ол баяғыда-ақ ұры болып кетер еді.
— Оны бұзу үшін, менің оны мықтап қолға алуым керек болды, — деп сөзін жалғады еврей, ананың бетіне әбігерлене көз жүгіртіп. — Бірақ оған ештеңе істей алмадым. Мен оны ештеңемен қорқыта алмадым, ал біз әруақытта осыдан бастауға тиіспіз, себебі біздің бар еңбегіміз текке өледі. Менің не істеуім керек болды? Суайт пен Чарлиге қосып жіберу ме? Бір мәрте солай істегенім де жетеді, қымбаттым: ол жолы бәріміз үшін менің зәрем бек кетті.
— Оған менің кінәм жоқ, — деді Монкс.
— Әрине, әрине, қымбаттым! —деп іліп әкетті еврей. — Мен бұған қазір өкінбеймін де, егер бұлай болмағанда, мүмкін, сіз баланы ешқашан да көрмес те едіңіз, яғни іздеп жүргеніңіздің тап сол екендігін білмес те едіңіз ғой. Енді не керек! Мен оны сізге әлгі қыздың көмегімен әкелдім, ал сонан соң қыздың жаны аши қалыпты.
— Қызды тұншықтыру керек! —деді Монкс шыдамсызданып.
— Қазір біз тап солай ете алмаймыз, қымбаттым, — деп жымия жауап қайтарды еврей. — Оның үстіне біз мұндай істермен айналыспаймыз, әйтпесе таяудағы күндердің бірінде қуана-қуана осылай істер мен бұл қыздарды жақсы білем, Монкс. Бала ойдағыдай шынығып шықты-ақ болды, ол да бір, бөрене де бір болады. Сіз баланың ұры болуын қалайсыз ғой. Егер ол тірі болса, мен әрине оны істей алам, ал егер... егер... — деді еврей анаған жақындай беріп, — есіңізде болсын, бұл тым күмәнды... бірақ қырсық шалып, ол өліп қалса...
— Егер ол өліп қалса, менің кінәм емес, — үрейлене сөзін бөлді Монкс, дірілдеген қолымен еврейдің қолынан шап беріп. — Есіңізде болсын, Феджин! Мен бұған араласқан жоқпын. Ең басынан мен сізге бәрін айтқам, тек оның өлімінің қажеті жоқ деп. Менің қан төккім келмеп еді, ақыр аяғында барлығы да анықталады, оның үстіне адам соңынан жанын қоярға жер таппайды. Егер оны атып тастаса, менің оған қатысым қанша, естимісіз?.. Сайтан алсын, мына апаныңды!.. Мынау не пәле?
— Немене? — деп бақырып жіберді еврей орнынан тұрған анаған екі қолымен жармаса кетіп. — Қайда?
— Ана жерде! —деп жауап берді Монкс, қарама-қарсы қабырғаға оңдала қараған күйі. — Көлеңке! Мен жамылғы мен шляпа киген әйелдің сұлбасын көріп қалдым, ол қабырғаны бойлап тез жылжып кетті!
Еврей қолын жазды да, екеуі бөлмеден жүгіріп шықты. Өкпек желден жалп-жалп еткен шырақ қойған орнында тұр. Оның сәулесінде саты мен мыналардың қуарып кеткен жүздері ғана көрінеді. Екеуі де құлақтарын тікті, бүкіл үйді жым-жырт тыныштық жайлап алған.
— Сізге елестеген ғой, — деді еврей, қолына шырақты алып, анаған бұрыла беріп.
— Ант ішейін, мен оны көрдім, — деп дір-дір етіп қарсылық білдірді Монкс. — Мен көрген кезде ол еңкейіп тұрған, аузымды аша бергенімде ата жөнелді.
Еврей оның сұрланған жүзіне жақтырмай қарап, қажет десең соңыма ер деді де сатымен көтеріле берді. Олар барлық бөлмелерге бастарын сұқты, барлығы да сұп-суық, жап-жалаңаш, бос тұрған. Олар дәлізге, одан әрі подвалға түсті. Аласа қабырғалар көгеріп кеткен. Ұлу мен әрқилы жәндіктер қалдырған іздер шырақ сәулесімен жылт-жылт етеді, бірақ төңірек көрдегідей тып-тынық.
— Ал енді сіз не айтасыз? — деп сұрады еврей, бұлар дәлізге оралған соң. — Біз екеуімізді қоспағанда үйде ешкім жоқ — тек Тоби мен балалар ғана, олардан қауіптенбей-ақ қойыңыз! Қараңызшы!
Бұның дәлелі ретінде еврей қалтасынан екі кілт шығарды да, ол алғаш төменге түскенде ешкім әңгімеге бөгет болмасын деп олардың бөлмесін құлыптап кеткенін айтты.
Бұл жаңа дәлел мистер Монкстің әлгіндегі сенімін айтарлықтай шайқалтқан-ды. Оның қарсылығы екеуі іздеуді жалғастырып, ештеңе таба алмаған сайын азайып бара жатты, ақыры ол түңере қарқылдап күлді де, мұның бәріне кілтипанды қиялым кінәлі деп мойындады. Дегенмен кенеттен ол сағат түнгі екі болып қалғанын есіне түсіріп, әңгімені әрі қарай жалғастырудан бас тартты. Сөйтіп екеуі екі бағытқа тарасқан-ды.
XXVII ТАРАУ
Әлдебір ледиді ешбір сыпайыгершіліксіз қалдырып жүре берген алдыңғы бір тараудың тігісін жатқызады
Қарапайым авторға, әрине, бидл тәрізді лауазым иесін каминге ту сыртымен бұрылтып, шинелінің етегін автордың рақымы түскенше көтертіп қою жарамайды; ал лауазымы мен сырбаздығын ескерсек, осындай адамның аузынан шыққан сүйкімді сөздер кез келген қыздың жүрегін дүрсілдетуге дәрмені жететін болғандьқтан, осы бидлдің мейірім мен сүйіспеншілікке толы көзі түскен ледиге немқұрайлы қарау авторға әлгіден де гөрі сорақы болар еді. Қаламы осы сөздерді түсіріп отырған тарихшы — өз орнымды білемін, әрі жоғарғы, талассыз өкілеттілік берілген жандарға лайықты құрметін көрсетемін дей тұра, — олар өз жағдайларына сай талап етуге хақылы құрметін көрсетуге асықпады, және әлгілердің биік лауазымына сай қажетті барша сыпайгершілікті сақтауға тырысады.
Осы мақсатпен автордың тіпті бидлдің қақысының құдіреттілігі мен оның күнәсіздігіне қатынасты дәлелдер келтіруге де ойы кетті. Мұндай дәлелдер ақыл-есі түзік оқырманға қанағаттану сезімі мен пайда да келтірген болар еді, бірақ өкінішке орай, уақыт пен орынның жеткіліксіздігінен автор мұны бұдан гөрі жайлы бір кезеңге дейін қоя тұрмақшы; ал мұндай жағдай туа салысымен автор бидлдің өз мағынасындағы маңызын — атап айтқанда, приход бидлі, приход жұмыс үйлерінде қызметте тұратын және приход шіркеуінің ресми кісісі хақындағы жандардың өз қызметтеріне байланысты барлық ізгілікті де тамаша қасиеттерді бойларына сіңіргендіктен, және сауда-саттық компанияларындағы, сот бидлдері тіпті шағын шіркеу бидлдерінің де (дегенмен соңғы аталғандар мұндай қақыны аз-кем пайдалана алады, бірақ тым мардымсыз) осындай ізгілікке талаптануға ешқандай қақылары жоқ екендігін түсіндіруге әзір.
Мистер Бамбл шай қасықтарды тағы бір мәрте санап шықты, қант шаққышты қолына салмақтап көрді, сүт сауытты мұқият қарады, мебельдердің, тіпті креслолардағы жылқы қылының қандай жағдайда екендігін дәл анықтады, бұл әрекеттердің әрқайсысын бес-алты мәрте қайталап, енді миссис Корнидің оралатын уақыты болды-ау дегенді ойлана бастаған. Бір ой екінші ойды туғызады: миссис Корнидің жақындап келе жатқандығын дәлелдейтін ештеңе болмаған соң, мистер Бамблдың басына егер өз әуесқойлығымды миссис Корнидің комодын бір қарап шығу арқылы қанағаттандырсам уақытты еш залалсыз, әрі пайдалырақ өткізем ғой деген ой келе қалған.
Кілт салатын саңылаудан ешкімнің келе жатпағандығына көзін жеткізген мистер Бамбл үш ұзын жәшіктің төменгісінен бастан ішіндегілерімен таныса бастады; екі ескі газеттің арасына мұқият салынып, құрғақ лаванда себілген жоғарғы сапалы әрқилы киім-кешектер бидлдің төтенше көңіл хошын туғызса керек. Оң жақ бұрыштағы жәшікке (кілті аузында тұрған) жеткен соң аузында салбыраған құлыбы бар қобдишаны сілкілеп көріп еді, одан тиынның сылдырын еске түсіретін жағымды үнді естіген мистер Бамбл аяғын нық басып каминге қайта оралды да, әлгіндегі қалпына қайта келіп, байсалды да, кесімді дауыспен: «Мен мұны істеймін», — деді. Осындайлық салмақты мәлімдемеден кейін ол он минут бойы қандай жайсаң жігітпін деген ойға берілгендей басын изеңдетіп, сонсон; айызы қана, зейін қойып өз аяғын зерттей бастаған.
Ол жайбарақат осынау тірлігіне әбден беріліп кеткен еді, кенет бөлмеге миссис Корни кіріп келді де, тынысы тарылғандай, каминнің жанындағы креслоға құлай кетіп, бір қолымен көзін, екінші қолымен жүрегін ұстап, ентігін зорға басты.
— Миссис Корни, — деді мистер Бамбл бақылаушы әйелге еңкейе беріп, — не боп қалды, сударыня? Не боп қалды, сударыня? Өтінемін сізден, жауап беріңіз, мен... әлгі... әлгі...
Мистер Бамбл есі шығып кеткендіктен «инеге отырғандай» деген тіркесті есіне түсіре алмай, оның орнына «жарықшаққа отырғандай» деп жіберді.
— Ах, мистер Бамбл! —деп дауыстады леди. — Мені қатты ренжітті.
— Ренжітті деймісіз, сударыня? — деп қайыра сұрады Бамбл. — Кімнің батылы барды? Мен білемін, — деді мистер Бамбл өзіне тән маңғаздықпен, сезімін жасыра сөйлеп. — әлгі оңбаған жарлылар ғой.
— Ойлаудың өзі қорқынышты, — деп тұла бойы дірілдей үн қатты леди.
— Олай болса, ойламай-ақ қойыңыз, сударыня, — деп жауап қатты мистер Бамбл.
— Өйту қолымнан келмейді, — деп қыңқылдады леди.
— Онда бірдеңе ішіңіз, сударыня, — деп көңілді орнына түсіретін дауыспен тіл қатты мистер Бамбл. — Бәлкім, бір рюмке шарап ішерсіз?
— Құдай сақтасын, — деп жауап берді миссис Корни. — Шыдай алар емеспін... Ох! Үстіңгі сөренің, оң жақ бұрышында... Ох!
Осы сөздерді айтқан қайырымды леди жанталаса буфетті нұсқап, жаны қинала бүгіле берген. Мистер Бамбл шкафқа тура ұмтылып, сөреден бір пинталық жасыл шөлмекті ала салып, шай кесеге ішіндегісін төңкере салды да, ледидің аузына тосты.
— Жаным жаңа жай танты-ау, — деді миссис Корни жарты кесені ішкен соң, орындықтың арқалығына шалқая беріп.
Шаттанғанның белгісі ретінде мистер Бамбл көзін қастерлей төбеге аударып, сонсоң кесеге қайта қарады да, оны танауына апарды.
— Пепперминт, — деді әлсіреген үнмен миссис Корни бидлге елжірей жымиып. — Дәмін татыңыз. Анда тағы бар... тағы бірдеңелер бар...
Мистер Бамбл сенімсіздеу түрмен дәрінің дәмін татып көрді де, ернін жалап, тағы бір мәрте байқады да, кеседегіні қағып салды.
— Жанды жақсы жай таптырады, — деді миссис Корни.
— Төтенше басады екен, сударыня— деді бидл.
Осы сөздермен ол отырғышты бақылаушы әйелдің креслосына жылжытып, оны неге ренжіткенін мейірлі үнмен сұрап қойды.
— Ештеңе де емес, — деп жауап қатты миссис Корни. — Мен сондай ақымақ, осал жанмын ғой, менің көңілімді өрекпіту түкке тұрмайды...
— Тіпті де осал емессіз, сударыня, — деп қарсылық білдірді мистер Бамбл, отырғышын тағы да жуықтата беріп. — Сіз осал жан ба едіңіз, миссис Корни?
— Біздің бәріміз де осал жандармыз, — деді миссис Корни көпшілікке белгілі ақиқатты көлденең тартып.
— Иә, мұныңыз рас, — деп келісті бидл.
Сонан соң екеуі де бірер минут үнсіз қалған. Осы уақыт өткеннен кейін мистер Бамбл, айтылған әлгі ойын анықтай отырып, креслоның арқалығындағы қолын алып, оны миссис Корнидің алжапқышына қарай апарды да, онысы бірте-бірте әйелдің белін жыландай орап бара жатты.
— Бәріміз де осал жандармыз, — деді мистер Бамбл.
Миссис Корни күрсініп қойды.
— Күрсінбеңіз, миссис Корни, — деді мистер Бамбл.
— Шыдай алатын емеспін, — деді миссис Корни.
Сөйтті де тағы күрсінді.
— Сіздің бөлмеңіз аса жайлы екен, сударыня, — деді мистер Бамбл төңірегіне көз тастап. — Осыған енді бір бөлме қосса сударыня, ғажап болғалы тұр.
— Бір адамға тым коп қой, — деп сыбырлады леди.
— Бірақ екі адамға көп болмайды, — мейірлі үнмен қарсылық білдірді мистер Бамбл. — Солай емес пе, миссис Корни?
Бидл осы сөзді айтқан кезде миссис Корни басын салбыратып жіберген; миссис Корнидің жүзіне қарау үшін бидл де басын тұқырайтты. Миссис Корни асқан биязылықпен теріс бұрылды да, орамал алу үшін қолын босатып алған, бірақ оны мистер Бамблдың алақанына салғанын өзі де байқамай қалған.
— Кеңес сізге көмір беріп тұрады ғой, солай емес пе, миссис Корни? — деп сұрады бидл әйелдің қолын мейірлене қысып.
— Шырақтар да береді, — деп жауап қатқан миссис Корни өз кезегі келгенде ананың да қолын жайлап қысып қойды.
— Көмір, шырақ, тегін пәтер, — деді мистер Бамбл. — О, миссис Корни, сіз — періштесіз!
Сезімнің мұндай шарықтауына леди шыдап тұра алмады. Ол мистер Бамблдың құшағына құлай кеткен, мына жентльмен толғаныстан ыстық сүйісіп әйелдің пәк танауына бағыттаған-ды.
— Приходтың теңдесі жоқ туындысы! —деп шалқи сыбырлаған мистер Бамбл. — Бүгін мистер Слауттың жағдайы нашарлағаны саған мәлім бе, менің көріктім?
— Иә, — деп ұяла үн қатты миссис Корни.
— Дәрігер оның өмірін бір аптаға да жетпейді дейді— деп сөзін жалғады мистер Бамбл. — Ол осы мекеменің басында тұр еді ғой, өлген соң орны босайды, кім де болса біреу осы орынды иемденуі тиіс қой. О, миссис Корни, қандай келешек десеңші! Жүректерді жалғап, ортақ шаруашылық жүргізу үшін қандайлық қолайлы жағдай туды десеңізші!
Миссис Корни өксіп қойды.
— Бір сөз, — деді мистер Бамбл ұялшақ аруға еңкейе беріп. — Бір ғана, бір ғана титтей сөз, көркемім менің, Корни?
— И... И... иә, — деп сыбырлады бақылаушы әйел.
— Тағы бір сөз қымбаттым, — деп тақымдады мистер Бамбл. — Шын ниетіңізбен бір ғана сөз айтыңызшы. Бұл қашан болмақ сонда?
Миссис Корни сөйлеуге екі мәрте оқталғанымен екеуінде де сәтсіздікке ұшырады. Ақыры, бар қуатын бойға жиып, мистер Бамблдың мойнынан құшақтап алып, бұл өзі қашан қаласа, сонда болады және мұны «күнкөргіш кішкентай құсым» деп атады.
Іс осылайша достық рәуіште қиюласып, толық қанағаттанғаннан кейін, шарт тағы бір-бір кесе пепперминтпен бекітілді, мұның өзі ледидің бойын билеген қобалжу мен толқуға үлкен септігін тигізді. Кеседегіні төңкеріп салған әйел мистер Бамблге кемпірдің өлгендігін хабарлады.
— Тамаша! — деді мына жентльмен пепперминтін ішіп жатып, — үйге бара жатқан жолда мен Сауерберилерге соғып, қажетті дүниелерді ертең таңертең әкелсін деп айтармын. Яғни сізді шошытқан осы болды ғой қымбаттым?
— Айрықша ештеңе де болған жоқ, қымбаттым, — деп сырғақси жауап қатты леди.
— Дегенмен де бірдеңе болғаны рас қой, қымбаттым, — деп тақымдады мистер Бамбл. — Неліктен сіз өз Бамблыңызға бұл туралы ештеңе демейсіз?
— Қазір емес... — деп жауап қатты леди, — біз некеге отырған таяудағы күндердің бірінде айтармын, қымбаттым.
— Біз некеге отырғаннан кейін бе?! — деп дауыстап жіберді мистер Бамбл. — Шынымен-ақ мына қайыршылардың біреуінің осынша арсыздыққа батылы жетіп...
— Жоқ, жоқ, қымбаттым, — деп сөзін бөліп жіберді леди.
— Егер мен мұны мүмкін деп санасам, — деп сөзін жалғады мистер Бамбл, — егер мен осындай сүйкімді жүзге олар оңбаған көздерін қадауға батылдары жетті деп санасам...
— Олардың батылдары барған жоқ, қымбаттым, — деп жауап қайтарды леди.
— Сонысы өздеріне жақсы, — деді мистер Бамбл, жұдырығын түйіп. — Приходтікі болсын, приходтан жоғарыныкі болсын, сондайға батылдық еткен адамды көрсетіңізші маған, мен оған көрсетейін, екінші рет батылы бармайтын болсын.
Егер бұл мәлімдеме қуатты қимылмен бекітілмегенде, әлгі тамаша ледиге пәлендей әсер де етпес еді, бірақ мистер Бамбл өз қаһарын жауынгерлік қимылмен көрсеткен соң оның берілгендігіне көңілі төтенше босаған леди айызы қана мұны шынында да өзімнің кішкентай құсым деді.
Осыдан кейін кішкентай құс шинелінің жағасын көтеpiп, үшбұрыш қалпағын киіп, өзінің болашақ жан жарын ұзақ әрі үзіле сүйді де, түнгі ызғырық желге қарсы қайыспай жүріп кетті, тек еркек жынысты жарлылар жатқан палатаның жанында бірер минутқа аялдап, жұмыс үйінің бастығының міндетін қажетті қаталдықпен атқара алатынына көз жеткізу үшін аналарды түк қоймай балағаттады.
Өз қабілетіне көзі жетіп, көңілі орнына түскен мистер Бамбл табытшының дүкеніне жеткенше алдағы жетер биігін ойлап, тәтті қиял жетегінде келе жатты.
Мистер мен миссис Сауербери қонаққа кеткен еді, ал Ноэ Клейпол болса, тамақ ішіп-жеуден өзге жұмыстарға жанын қинаудан аулақ болатын; сол себепті жабатын уақыты әлдеқашан өтіп кеткенмен дүкен әлі ашық тұрған. Мистер Бамбл таяғымен сөрені бірнеше мәрте ұрып көріп еді, бірақ бұған көңіл бөлген ешкім болмады, дүкеннің артындағы кішкентай қонақ бөлменің әйнекті есігінің ар жағынан жарық көрінген соң, онда не болып жатқанын білу үшін басын сұқпақ болды. Онда не боп жатқандығын көрген соң қатты таңданды.
Столға дастархан жабылыпты; онда нан мен май, тарелкалар мен стакандар, саптаяқ сыра мен бір шөлмек шарап тұр. Стол басында, креслода қонжиып бір аяғын жақтауға асып, мистер Ноэ Клейпол отыр; бір қолында шаппалы пышақ, екінші қолында май жағылған кетпектей нан. Жанында тұрған Шарлоттың сауыттан алып жатқан устрицасын мистер Клейпол таңғаларлық ашқарақтықпен жалмап жатыр. Жас жентльменнің танауы да күндегісінен қызарыңқы, оң көзінің тынымсыз жыпылықтауы оның қызу екенін дәлелдеп тұр; бұл белгілер оның устрицаны қандай тойымсыздықпен қылғытқанынан байқалады, өртеніп бара жатқан өзегін салқындатуға жәрдемі тиген оны қатты бағаласа керек.
— Мынау ғажап майлы устрица екен, қымбатты Ноэ, — жеп қойыңыз мына біреуін.
— Устрица деген ғажап зат қой, — деп қойды мистер Клейпол, оны да асап қойып. — Тым көп жегенде өзіңді жаман сезінетінің қандай өкінішті! Солай ма, Шарлотт?
— Осысы тым қиын-ақ — деді Шарлотт.
— Тап солай, — деп келісті мистер Клейпол. — Ал сіз устрицаны ұнатасыз ба?
— Пәлендей ұнатпаймын, — деп жауап қатты Шарлотт, — маған өзім жегеннен гөрі сіздің жегеніңізге қарап отырған ұнайды, қымбатты Ноэ.
— Ах, құдайым-ай... — деп қиялдана сөйледі Ноэ. — Қандай қызық!
— Тағы бірін жеңіз! —деген ұсыныс жасады Шарлотт. — Мына бір кірпігі әдемісінен.
— Енді біреуін де жей алмаймын, — деді Ноэ. — Өте өкінішті... Маған жақындаңызшы, Шарлотт, мен сізді сүйейін.
— Немене, — деп ақырып жіберді мистер Бамбл, бөлмеге кіріп келіп. — Әлгі айтқаныңызды қайталаңызшы, сэр.
Шарлотт шыңғырып жіберіп, бетін алжапқышының етегімен жапты. Аяғын түсіргені болмаса сол қалпында отырған мистер Клейпол бидлге мастығы тарамаған кейпімен зәресі ұша бақырайып қалған.
— Қайтала әлгіңді, оңбаған, қиқар бала, — деп сөзін жалғады мистер Бамбл. — Мұндай нәрсе туралы тіл датуға қалай батылыңыз барады, сэр?... Сіз оны неге құтыртасыз, ұятсыз, ұшқалақ?.. Мынаны сүю... — деп айқайлады мистер Бамбл күйіп-пісіп. — Тфу!
— Менің тіптен олай істегім келмеп еді, — деп қыңқылдады Ноэ. — Маған ұнасын-ұнамасын мынаның өзі мені сүйіп жүреді.
— О, Ноэ, — деп решки дауыстады Шарлотт.
— Иә, сүйесің. Сүйетініңді өзің де білесің, — деп қарсыласты Ноэ, — оның істейтіні ылғи да осы, мистер Бамбл, сэр, ол ылғи да мені иегімнен қағып, әртүрлі қызмет көрсетіп жүреді.
— Қысқарт! —деп қатал кейіппен дауыстады мистер Бамбл. — Төмен түсіңіз, сударыня... Ноэ, дүкенді жабыңыз. Қожайыныңыз келгенше енді бір ауыз сөз айтсаңыз, жақсылық күтпеңіз. Ал ол үйге оралған соң мистер Бамбл ертең таңертең, азанғы астан кейін кемпірге табыт жеткізуді бұйырды деңіз. Естідіңіз бе, сэр— деп дауыстады мистер Бамбл қолып жайып. — Шынында бұл приходтағы төменгі топта бұзақылық пен күнәһарлық етек алған. Егер парламент бұл оңбағандыққа көңіл аудармаса, бұл ел құриды дей бер. Сонымен бірге шаруалардың әдептілігі де ғайып болды дей бер!
Осы сөздерді айтқан бидл табытшының мекен-жайынан маңғаз кейіппен түнере шықты.
Ал енді бидлді үйге аттандырып, кемпірді жерлеуге қажетті барлық даярлықтарды бітірген соң, жасөспірім Оливер Твиске оралып, Тоби Крекит тастап кеткен шұңқырда жатыр ма, жоқ па, соған келейік.
XXVIII ТАРАУ
Оливер Твистің одан әрі басынан кешкендерін баяндайды
— Ой, өңкей тамақтарыңа тас тығылғырлар, — деп тісін қайрап, міңгірледі Сайкс. — Қолыма түссеңдер ұлудың қалай екенін көрер едіңдер.
Бойын билеген ашуын баса алмай, осы қарғысты міңгірлеген Сайкс, жаралы баланы тізесіне түсіріп, өзін қуып келе жатқандарға қарау үшін бір секунттай басын бұрған.
Қараңғылық пен тұманнан ештеңе ажыратып болмастай еді, бірақ ол айқайлаған дауыстар мен дабылдан оянып кетіп, тұс-тұстан шулап қоя берген иттердің даусын естіді.
— Тоқта, оңбаған қорқақ! —деп айқайлады қарақшы ұзын аяғы анда бір, мында бір тиіп өзінен өн, бойы озып бара жатқан Тоби Крекиттің соңынан. — Тоқта!
Айқай екінші мәрте қайталанғаннан кейіп Тоби Крекит төбеге ұрғандай тура қалған. Ол әлі де өзінің анадан тапанша оғы жетпестей озып кеткендігіне сенбеген еді, әрі Сайкс те әзілдесе қоярлықтай көңілді күйде емес-ті.
— Баланы көтеруге көмектес! —деп айқайлады Сайкс әріптесіп қаһарлана шақырып. — Қайт кейін!
Тоби қайта келе жатқан әлпет танытқанымен, бірақ ілби басады, екі иінінен демін азар алып, ақырын ғана өзінің барғысы келмейтіндігін білдірген.
— Тездет, — деп айқайлады Сайкс, баланы аяғының астындағы шұңқырға қойып, қалтасынан тапаншасын суыра беріп. — Мені алдай алмайсың.
Бұл минутта шу үдей түскен. Тағы артына қараған Сайкс соңынан қуып келе жатқан адамдар алаңның арғы жағындағы қақпадан бері асқанын, ал екі иттің әлгілерден бірнеше қадам алда келе жатқандығын көрді.
— Саудамыз бітті, Билл! —деп айқайлады Тоби, — баланы таста да, қаш!
Қоштасарда осылай кеңес берген мистер Крекит қуғыншылардың қолына түсіп қалғаннан гөрі өз досының қолынан өлгенді артығырақ көріп, басы ауған жағына бар пәрменімен зыта жөнелді. Сайкс тісін шықырлатып, тағы бір мәрте алақ-жұлақ қарады да, асып-сасып, ораған шекпенмен сұлап жатқан Оливерді жауып, қоршауды бойлап жүгіре жөнелген, қуғыншылардың назарын бала жатқан жерден аудару мақсатымен келесі қоршау жанында тұра қап, тапаншадан бір атып жіберді де, қарғып өтіп, көзден ғайып болды.
— Хо, хо, мұнда кел! — соңынан өзіне-өзі сенімсіздеу дауыс естілді. — Пинчер! Нептун! Мұнда кел! Мұнда кел!
Иттер осы ермектен қожайындарынан артық ләззат таба алмаса керек, шақырғанға кері қайтты. Осы уақытта далаға шыққан үш еркек тоқтай қалып, кеңес құрды.
— Менің ақылым, бұйрығым десе де болар еді, дереу үйге қайту — деді үшеудің ішіндегі ең жуаны.
— Мистер Джайлстың айтқаны маған да заң, — деді аласа бойлы, пәлендей арық емес, бірақ өте құп-қу, әрі өте сыпайысы, мұндай кескін әдетте қатты қорыққан адамда болады.
— Менің де көргенсіз болғым келмейді, жентльмендер, — деді иттерді шақырып алған үшіншісі. — Мистер Джайлс біледі ғой.
— Әрине, — деп жауап қатты аласа бойлысы.
— Мистер Джайлс не десе де қарсы тұрар біз емес. Жоқ, жоқ, мен өз орнымды білем. Құдайға шүкір, өз орнымды білем мен.
Расын айтқанда, кішкентай кісі өз орнын шындығында да білетін еді, тіпті кісі қызығарлықтай ештеңесі жоқ екенін тамаша білетін себебі, сөйлеп тұрғанда тісі-тісіне тимей сақ-сақ етті.
— Сіз қорқып тұрсыз, Бритлс! — деді мистер Джайлс.
— Мен қорқып тұрғам жоқ — деді Бритлс.
— Сіз қорқып тұрсыз! — деді Джайлс.
— Сіз өтірікшісіз, мистер Джайлс! — деді Бритлс.
— Сіз суайтсыз, Бритлс! —деді мистер Джайлс.
Бұл төрт қағыту да мистер Джайлстың мұқатуынан, ал мистер Джайлсты мұқату оның ашынғанынан тұғая, себебі оған көпшік қоя отырып, мыналар үйге оралудың жауапкершілігін соның мойнына артпақ еді. Үшінші еркек қақтығысқа басу айтты.
— Менің айтайын дегенім, жентльмендер, — деді ол, — бәріміз де қорқып тұрмыз.
— Өзіңіз туралы айтыңыз, сэр, — деді ішіндегі ең құты қашындырағаны мистер Джайлс.
— Мен өзім туралы айтып тұрмын, сэр, — деп жауап қатты әлгі жентльмен. — Мұндай жағдайда қорқу әбден орынды да, ешбір секеттігі жоқ. Мен қорқып тұрмын.
— Мен де, — деді Бритлс. — Тек неге сол үшін адамды осыншама мұқатуға болады!
Мұндай ашық мойындаудан жұмсарған мистер Джайлс те енді бөгелместен өзінің де қорқып тұрғанын айтқан, бұдан кейін үшеуі де кейін бұрылып алып, Джайлс (қолындағы айыры бөгет болып бәрінен бұрынырақ ентігіп қалды) аса сыпайгершілікпен өзінің ойланбай айтқан cөзінe кешірім сұрағасы келетінін білдіріп, тоқтауға ұсыныс жасағанша тізе қосып жүгірісе жөнелді.
— Ең таңқалатының, — деді мистер Джайлс түсінісіп болған соң, — қаны қайнап кеткенде адам не істемейді дейсің! Егер ана оңбағандардың бәрін ұстап алғанда бар ма, мүрдем кетірер едім.
Өзге екеуі де ойламаған жерден сабасына түсіп, бойларындағы қызулықтарының аяқ астынан өзгеріп сала бергенінің себебін талқылауға кіріскен.
— Оның себебін мен білем, — деді Джайлс. — Қақпа!
— Солай болса, мен де бұған таңданбас едім— деп дауыстап жіберді Бритлс осы ойға жармаса кетіп.
— Бұған шүбәланбай-ақ қойыңыз, — деді Джайлс, — сол қақпа суытып жіберді. Содан асып түсе бергенде мен бойымдағы ашу-ызаның бәрі тарап жүре бергенін бірақ сездім.
Бір таңқаларлығы ана екеуі де тек сол сәтте тура осындай жағымсыз жайтты сезініпті. Сонымен, барлығына кінәлі қақпа екені белгілі боп қалды; оның үстіне бұл өзгерістің болған уақытына да ешқандай күмән қалмаған, үшеуі де мұның қарақшыларды көрген минутта болғандығын естеріне сақтап қалыпты.
Бұл әңгімені қозғап тұрғандар құлып бұзушыларды шошытқан екі еркек пен қорада ұйықтап жатқан кезбе қалайышы еді. Мистер Джайлс қарт ледидің үйінде бас қызметші мен меңгерушінің міндетін атқаратын; Бритлс болса алып кел, шауып кел қызметінде еді, бұл қызметке кішкентай бала кезінде келген оны қазір қырықтарға шыққандығымен әлі де үміт күттірер жасөспірім санайтын.
Осындай әңгімелерден өздерінің көңілдерін аулап, дегенмен бір-біріне жақын жүруге тырысып, жел екпінімен сықырлаған бұталарға шошына жалтақтаған үшеуі қарақшылар жарықты көріп, оқ атып жүрер деп қауіптеніп, фонарьларын қалдырып кеткен ағашқа жүгіріп кетті. Оны іліп ала сала желе-жортып, үйге беттеді.
Таң жақындаған сайын тұман жерге жабысып, қою түтіндей тұрып алған. Шөп дымқыл, соқпақтар мен ойпаттарды сұйық лай басқан, жел ұлып тұр. Оливер бұрынғысынша ес-түссіз Сайкс қалдырып кеткен жерде жатыр.
Таң сібірлей бастады. Күннің туғанынан түннің өлімін әйгілердей аспан әлеміне таңның алғашқы бұлыңғыр сәулесі бозара бергенде жел бұрынғыдан да құтырына соқты. Қараңғыда бұлдырлап қорқыныш тудырған заттар өздерінің кәдуелгі кейіптеріне келген. Құйып кеткен қатты нөсер жалаңаш бұталарды сабалады. Бірақ Оливер жауын астында қалғанын сезген жоқ, өйткені, ол есінен танып, дәрменсіз күйде балшықта сұлап жатқан.
Ақыры жаны қинала ыңырсу тыныштықты бұзып жіберіп, сонымен бірге бала да оянды. Бөкебаймен қалай болса солай орай салған сол қолы дәрменсіз, ап-ауыр боп, салақтап жатыр; байлағаны қанға малшынған. Баланың әлсірегені сонша, ол зорға тұрып, отырды; отырған соң, біреу жәрдемге келмес пе екен деген үмітпен төңірегіне зорға көз жүгіртіп, ауырғанынан ыңқылдап жіберген. Тұла бойы әлсіздік пен суықтап дір-дір етіп, тұруға әрекеттеніп көріп еді, бірақ басынан бақайшығына дейін қалш-қалш етіп, кескен теректей жерге сұлап түсті.
Осының алдында ғана басынан кешкендегідей аз-кем есінен танғаннан кейін өз-өзіне келген Оливер осылай жата берсе өлетінін ескерткендей жаман сезімнен сескеніп, орнынан тұрып, жүруге әрекеттенді. Басы айналған ол мас адамдай шатқаяқтады. Дегенмен аяғынан тік басып, басын салбыратқан күйі әлсін-әлсін сүрініп, қайда баратынын өзі де ұқпастан ілгері қарай ілбіп бара жатты.
Мұның санасында айқын емес, әлдеқандай бейнелер елес берді. Оған ашулана ұрсып келе жатқан Сайкс пен Крекиттің ортасында келе жатқандай елестеді — олардың айтқан сөздері де құлағында шуылдап тұрып алды. Сонан соң ол Сайкспен екеуі қалып, кешегідей ілбіп келе жатты; ал жандарынан біреулер өте бергенде Сайкстың мұның қолын қыса қоятынын да сезініп келеді. Кенет мылтық даусы естіліп, теңселіп кетті; құлақ жарған айқай-ұйқай естілді, көз алдынан жылтыраған от көрінді, төңірек тарсыл-гүрсіл, у-шуға толды, әлдебіреудің әлеуітті қолы өзін ала жөнелген. Осы бейнелер санасынан алма-кезек ауысып жатса да, мұны әлдеқандай ауру тыным таптырмай, мазасын кетіріп келеді.
Осылайша теңселе басып, ілгері жылжыған ол жолында кезіккен қақпаның көлденең тақтайлары мен қоршаудың сынған ағаштарының арасынан бейберекет өтіп, жолға шықты. Осы арада ағыл-тегіл нөсер құйып кетіп, бала есін жиды.
Жан-жағына қарағыштаған бала жақын арада тұрған үйді көрді. Жете алатын сияқты. Мүмкін, мұның аянышты халін көріп, ондағылардың жаны ашыр, тіпті жаны ашымаған күнде де деп ойлаған ол ашық далада өлгеннен гөрі жұрттың көз алдында өлген дұрысырақ қой. Ол бойындағы бар күшін жинап, ақырын басып үйге беттеді.
Жақындап келген кезде, үй бұған бұрын көрген сияқты әсер еткен. Бүге-шігесі есінде болмағанымен, осы үй бұған біртүрлі таныс сияқты.
Бақтың шеті! Қабырғаның артындағы көк шөпке құлап кетіп ол, өткен түнде ана екеуінен өзін аяй көріңдер деп жалынбап па еді? Мынау өздері тонамақ болмақ үйдің тап өзі ғой.
Оны таныған Оливердің шошынғаны сонша, жанын сыздатқан жарасын ұмытып, тұра қашуды ойлаған. Қашу керек! Бірақ ол аяғынан әзер басып тұр еді, тіпті балғын денесінде әл болған күннің өзінде де қайда қашпақ? Ол есікті итеріп еді, бекітілмеген екен, ашылып кетті. Сүріне-қабына шалшықты кешіп өтіп, баспалдақтан көтерілді де, есік қақты, бірақ тап осы уақытта әлі құрып, арқасын бағанға бере баспалдаққа құлай берген.
Тап осы уақытта мистер Джайлс, Бритлс пен қалайыша өткен түндегі сұмдық пен ауыр еңбектерінен кейін ас үйде шайды тағы басқа да тіске басарларды ермек қып отырған. Қарапайым қызметкерлер тарапынан беталды әдепсіздікке көнер кісі мистер Джайлс емес еді, оларға өз құдіретін сездіре жүретін, қоғамдағы оның үлкен орны әр қадамынан-ақ сезіліп тұратын-ды. Бірақ, ажал, өрт пен тонау жұрттың бәрін тең етіп жібереді ғой, міне сол себепті де мистер Джайлс аяғын ошақтың алдындағы кереге кез темірге созып тастап, сол қолымен столды шынтақтап, тонау жөніндегі әңгімені шып-шырғасын шығармай соғып отырды да, ал тыңдаушылары (әсіресе осы арада отырған ас пісіруші мен қызметші әйел) ауыздарын ашып тыңдап қалыпты.
— Екі жарымның кезі еді... — деп әңгімесін бастады мистер Джайлс, — ант іше алмаймын, мүмкін үштің шамасы шығар... мен оянып кетіп төсегіме тап осылай аунап түскенімде (бұл арада мистер Джайлс отырған орындығында бұрылып, көрпені бейнелеуге тиіс дастарханның шетін өзіне тартып қойды) кенет бір шу естіп қалдым...
Әңгімесі осы араға жеткенде өңі қашып кеткен ас пісіруші қызметші әйелден есікті жабуын өтінген; анау оны Бритлстен өтінді, ол болса қалайышыдан өтінді, ал қалайышы ештеңе естімеген кісі сияқты отыра берген.
— ...шу естілді, — деп әңгімесін жалғастырды мистер Джайлс. — Алдымен өзіме-өзім: «Жай құлағым шыңылдаған шығар» деп ойлап, қайта ұйықтауға ыңғайлана беpiп ем, кенет тағы да әлгі шуды ап-айқын құлағым шалды.
— Сонда қандай шу өзі? — деп сұрады ас пісіруші.
— Құдды бірдеңе сытырлағандай болды, — деп жауап берді мистер Джайлс төңірегіне қарап ап. — Жоқ дұрысында, біреу мускат жаңғағының үккішіне темір жүргізген сияқты болды, — деп сөз қосып жіберді Бритлс.
— Ол шуды сіз естіген кезде болды ғой, сэр, — деп қарсылық білдірді мистер Джайлс, — ал бұл минутта бірдеңе тасыр-тасыр етті. Мен көрпемді сырып тастап, — деп сөзін жалғады Джайлс дастархан шетіп қайырып, — төсегіме отырдым да құлағымды тіктім.
Ас пісіруші мен қызметші әйел бір дауыспен: «Ах, құдайым-ай!» —деп дауыстап жіберіп, бір-біріне тақала түсіп отырды.
— Енді мен шуды әбден анық естідім, — деп хикаясын соза түсті мистер Джайлс. «Кімде болса біреу деймін, өзіме өзім, есік немесе терезені сындырып жатыр. Не істеу керек? Мына сорлы бала Бритлсті оятайын, құтқарайын оны, кереуетінде өлтіріп кетіп жүрмесін, әйтпесе деймін өзіме өзім, ол оң құлағынан сол құлағына дейін кеңірдегін қалай қиып кеткенін білмей де қалар».
Осы арада барша көз Бритлске бағытталған, ол болса әңгімешіге көзін бақырайта, аузын аша қарап қалған, бүкіл бет әлпеті айтып жеткізгісіз сұмдық халді білдіріп тұр.
— Meн көрпемді лақтырып тастап, — деп сөзін жалғады мистер Джайлс, дастархан шетін сілкіп тастап, ас пісіруші мен қызметші әйелге аса суық қарап қойып— кереуеттен жаймен түстім де, екі...
— Мистер Джайлс, мұнда әйелдер отыр, — деп сыбырлады қалайышы.
— ...кебісімді, сэр, — деді Джайлс, оған бұрыла беріп, әлгі сөзге ерекше мән беріп, — кидім де, асхана күмістерімен бірге әруақыт себетпен жоғары алып шығатын оқтаулы тапаншаны ала салып, аяғымның ұшынан басып, мынаның бөлмесіне кіріп келдім. «Бритлс», — деймін мен, мұны оятып, — сен қорықпа!..
— Иә, сіз солай дедіңіз, — деп ақырын ғана сөз қосты Бритлс.
— Меніңше сенің шаруаң біткен сияқты, Бритлс, деймін мен, — деп сөзін жалғады Джайлс, — бірақ сен қорықпа»...
— Ал ол қорыққан жоқ па? — деп сұрады ас пісіруші.
— Түк қорыққан жоқ, — деп жауап қатты мистер Джайлс. — Ол мықты болды... иә, тап мен сияқты бұл да мықтылық көрсетті.
— Шынымды айтсам, оның орнында болсам сол арада-ақ жан тәсілім етер едім, — деді қызметші әйел.
— Сіз — әйелсіз ғой, — деп қарсылық етті Бритлс, аз-кем бойын жиып.
— Бритлс дұрыс айтады, — деді мистер Джайлс, басын мақұлдай изеп, — әйелден одан өзге ештеңе күтуге де болмайды. Бірақ біз еркектер, Бритлстің бөлмесінде, каминде тұрған құпия фонарды алдық та, көзге түртсе көргісіз қараңғыда сипаланып, сатымен түсе бастадық, міне, былайша...
Өз әңгімесін лайықты қимылдармен жандандырып отырған мистер Джайлс орнынан тұрып, жұмулы көзімен екі қадам аттады да, кенет басқалардікіндей тұла бойы дір етіп, өз отырғышына қарай ата жөнелді. Ac пісіруші мен қызметші әйел шыңғырып жіберді.
— Біреу есік қақты, — деді мистер Джайлс, мыңқ етпеген маңғаз кейіп білдіріп. — Біреу барып есік ашсын.
Ешкім орнынан да қозғалған жоқ.
— Осындай елең-алаңда есік қағу тым таңқаларлық-ақ, — деген мистер Джайлс отырғандардың қуарып кеткен жүздерін бір шолып өтіп, өзінің де жүзі оңған шүберектей боп кеткен еді, — бірақ есікті ашу керек. Естимісіңдер, ашыңдар біреуің!
Бұдан кейін мистер Джайлс Бритлске қараған, бірақ бұл жас жігіт табиғатынан қарапайым жан болғандықтан өзін тым елеусіз адаммын деп есептейтін болса керек, сондықтан да бұл сауал өзіне ешқандай қатынасы жоқ десе керек, қалай болғанда да ол жауап қайтарған жоқ. Мистер Джайлс жалынышты көзқарасын қалайышыға аударған еді, бірақ анау аяқ астынан қалғып кетті. Әйелдер турасында сөз қылуға да болмайтын.
— Егер Бритлс есікті куәлердің көзінше ашуға келісім берсе, — деді аз-кем үнсіздіктен кейін мистер Джайлс, — мен куәнің бірі болуға әзірмін.
— Мен де, — деді қалай қалғып кетсе, солай аяқ астынан оянған қалайышы.
Осы шартқа Бритлс те көнген, сөйтіп таңның әбден атңанына (терезе қақпақтарын ашқанда көрген) көңілдері орнына түскен бүкіл тобыр сатымен көтеріле бастаған — алда иттер кетіп бара жатты. Төменде қалуға қорыққан екі әйел саптың ең соңында келеді. Мистер Джайлстың кеңесі бойынша сырттағы кез келген қаскүнемді бұлардың өте көп екендігімен састыру үшін барлығы қатты сөйлеп келеді, ал алдыңғы үйде әлгі өнертапқыштың басында туындаған данышпандық жоспарды іске асыру үшін жанталаса үрсін деп иттердің құйрықтарынан ауырта жұлқылаған.
Осындай алдын-ала сақтану шаралары жасалған соң, мистер Джайлс қалайышының қолынан мықтап ұстады да (анау қашып кетпес үшін істедім деп түсіндірді ол) есікті ашуды бұйырды. Бритлс бұйрыққа көнді, бір-бірінің желке жағынан қорқа-қорқа сығалағандар сорлы, титтей Оливер Твистен өзге қорқынышты ештеңе көре алмады. Әбден әлсірегендіктен ол сөйлей алмады, тек көзін зорға ашып, аяушылық білдіріңдер дегендей, үнсіз жалынышты кейіппен қарады.
— Бала! —деп дауыстап жіберді мистер Джайлс қалайышыны қаһармандықпен кері ысыра беріп. — Бұған не болған, ә?.. Не? Бритлс... Қарашы... Сен танимысың?
Бритлс Оливерді көріп үлгермеген еді — ол есікті ашу үшін соның қалқасында қалған — көрген бойда барынша қатты айқайлап жіберді. Мистер Джайлс Оливерді аяғы мен қолынан (бақытына қарай сау қолынан) шап беріп, үйге сүйреп кіргізді де, еденге тұрғызып қойды.
— Міне ол! —деп бақырды Джайлс, аса өрекпіген жүзбен сатыға бұрылып. — Қарақшының бірі міне тұр, сударыня! Miнe, әлгі қарақшы, мисс! Өзі жаралы, мисс! Мұны атқан мен, ал Бритлс маған жарық қып тұрды.
— Фонарь ұстап тұрдым, мисс! — деп айқайлады Бритлс, даусы барынша қатты шығу үшін қолын аузына айқайлауыш етіп ұстап.
Екі қызметші әйел жоғарыға мистер Джайлс қарақшыны ұстап алды дегенді хабарлауға тура ұмтылды, ал қалайышы дарға асылудан бұрын өліп қалмауы үшін Оливердің есін жиғызуға әрекеттенді. Осы у-шу, әбігердің арасынан бірден тыныштық орнатқан нәзік әйел даусы естіліп қалған.
— Джайлс! —деп жайымен естілді әлгі дауыс жоғарғы сатының алаңқайынан.
— Мен мұндамын, мисс, — деп жауап қатты мистер Джайлс. — Қорықпаңыз мисс, мен пәлендей жапа шеккем жоқ. Ол жанталаса қарсылық көрсетпеді, мисс! Мен мұның жайын тез таптым.
— Тыныш! —деді жас леди. — Сіз менің тәтейімді ұрылардан да жаман шошытарсыз... Бейшара-ай, ол ауыр жараланып па?
— Сұмдық мисс! —деп жауап қайтарды Джайлс өзіне өзі айтып жеткізгісіз риза пішінмен.
— Ол тап қазір өлетінге ұқсайды— деп бақырды Бритлс те тап сондай дауыспен— Егер ол өліп қалғандай жағдай болса, төмен түсіп қарамас па екенсіз, мисс?
— Құдай тілеуіңізді берсін, жайырақ сөйлеңізші, — деді леди. — Мен тәтейіммен сөйлескенше бір минут күте тұрыңызшы. Қыз шығып кетті, — аяқ басысы да, даусы сияқты жұмсақ еді. Ұзамай қайта оралған ол жаралыны жаймен жоғарыға, мистер Джайлстың бөлмесіне апаруға, ал Бритлс пониды ерттеп дереу Чертсиге аттанып кетіп, сол жақтан мүмкіндігінше жедел констебль мен дәрігер жіберсін деген жарлық айтты.
— Алдымен оған қарамас па екенсіз, мисс, — деп сұрады мистер Джайлс біртүрлі мақтанышпен, Оливер тап бір сәті түсіп атып алған қанатты құс сияқты. — Бір рет қараңызшы, мисс?
— Жоқ, қазір алтын берсеңіз де олай істей алмаймын, — деп жауап қайтарды жас леди. — Бейшара-ай! О, Джайлс, мен үшін оған жақсы қарым-қатынас жасай көріңіз!
Сөйлеп тұрған қыз кетуге ыңғайланып, кері бұрылғанда қарт қызметші оған өз баласындай мейірім төге, мақтанышпен қарап тұрды. Сонан соң, Оливерге еңкейіп, жаймен, ептеп жоғары алып шығуға жәрдемін тигізді.
XXIX ТАРАУ
Оливер тұрақ тапқан үй иелері жайында алдын-ала біраз мәлімет береді
Жасауы асып-төгіліп жатқан байлықтан гөрі ескілікті жайлы тұрмысты дәлелдейтін ұядай бөлмедегі талғаммен жасалған таңертеңгі дастарханда екі леди отыр. Оларға қара киінген мистер Джайлс қызмет етуде. Ол буфет пен столдың ортасында жүр, бойын тік ұстап, шалқиған басын сәл сол жағына қисайтып, сол аяғын ілгері созып, оң қолымен бешпентінің етегін қымтанып, сол қолына поднос ұстаған оның түрі өз қызметінің маңызын жете түсінетін, асқан ықыласпен істейтінін аңғартқандай.
Екі ледиге келсек, бірінің жасы келіп қалған еді, бірақ бойын өзі жайғасқан емен креслоның биік арқалығы тәрізді тік ұстайтын. Асқан талғаммен киінген соңғы моданың да әсері бар сәнді көйлегі жалпы әсерді бұзбай қайта ескі стильді айқындай түсетіндей. Әйел столда қолын алдына салып, маңғаз кейіппен отыр. Көзі (жылдар жалт-жұлт еткен жанарын тұмандата қоймаған) жанындағы жас қызға тесіле қарайды.
Қыздың жасы он жетіден аса қоймаған-ды. Дидары «оншалықты нәзік те мінсіз, соншалықты мейірімді де момын, соншалықты таза да әдемі еді де, қыз жер перзенті емес, жердегі дөрекі тірлік оған мүлде сай емес сияқты көрінетін терең мөлдір көздерінде тұнып қалған ақыл-ой оның жасына да, дүние танымына да сай келместей.
Қыз столға ықыластана иелік жасап отыр. Қарт леди өзіне қарап отырған мезетте кездейсоқ басын көтерген қыз , маңдайынан қарапайым таралған шашын көңілдене сілкіп тастады, жайнап тұрған көзқарасында қаншама махаббат, қаншама мейірім жатыр еді, оған тап қазір қараса көктегі періштелер де жымиған болар еді-ау.
— Бритлс кеткелі де бір сағаттан асты емес пе, солай ғой? — деп сұрады аз-кем үнсіздіктен соң қарт леди.
— Бір сағат жиырма минут болды, сударыня, — деп жауап қатты қара лента тағылған сағатын суырып алып қараған мистер Джайлс.
— Ол қашандағыдай жайбасар, — деді қарт леди.
— Бритлс қашаннан икемсіз жігіт болатын, сударыня, — деді қызметші.
Егер Бритлстің икемсіз жігіт болып келе жатқанына отыз жыл өткендігін ескерсек, одан қашан да болмасын пысық жігіт шығады-ау деп дәмелдену ақылға сыйымсыз нәрсе еді.
— Меніңше ол ілгері басудың орнына, кері кетіп бара жатқан сияқты, — деді қартаң леди.
— Егер ол балалармен ойнаймын деп бөгеліп қалса, тіптен кешірімсіз болар еді, — деп жымия сөйледі жас леди.
Мистер Джайлс, шамасы, осы арада құрметпен жымиғаным дұрыс болар ма екен деп ойланып қалған тәрізді, бірақ тап осы минутта бақтың есігінің алдына қос доңғалақты арба тоқтай қалды да, одан секіріп түскен жұп-жуан жентльмен есікке қарай тура ұмтылды да, әлдеқандай құпия тәсілмен қас қаққанша үйге кіріп келіп, мистер Джайлс пен таңертеңгі асқа жайылған дастарханды төңкеріп кете жаздап бөлмеге өтті.
— Мұндай сұмдықты өмірі естіген жоқ ем — деп самбырлай сөйледі жуан жентльмен. — Қымбаттым менің, миссис Мэйли... ах, құдайым-ай!.. және түн жамыла... мұндай сұмдықты бұрын-сонды естімеген едім!
Өз көңілін осылай білдірген жуан жентльмен екі ледидің де қолдарын қысып, орындықты жақындатты да, халдерінің қалай екенін сұрады.
— Сіз өліп кетуіңіз мүмкін еді, қорқыныштан өліп кетуіңіз мүмкін еді, — деді толық жентльмен.
— Маған неге кісі жібермедіңіздер, адал сөзім, қызметшім де, өзім де, көмекшім де қашандағыдай мұндай жағдайда қуана-қуана кәдеге асар едік. Құдайым-ай, құдайым-ай! Тіпті күтпеген жерден! Оның үстіне түн жамыла!
Дәрігер әсіресе құлып бұзушы жентльмендер дәстүр бойынша өз істерін тал түсте тындырып, және ұрлық, істерден бір-екі күн бұрын почтамен хабар жіберуге тиістей-ақ тонауға әрекеттің күтпеген жерден түнде жасалғандығына қатты әбігерленіп жүр. Ал сіз, мисс Роз, — деді дәрігер, жас ледиге, — мен...
— Иә, әрине, — деп сөзін бөліп жіберді Роз, — бірақ тәтей сіздің анау жоғарыда жатқан бейшараны көруіңізді сұрайды.
— Иә, иә, әрине, — деп жауап берді доктор. — Әбден дұрыс! — Менің ұққаным, бұл сіздің ісіңіз ғой, Джайлс.
Кәселерді жанталаса жинастырып жүрген мистер Джайлс қып-қызыл боп кетті де, бұл құрметтің өзіне тиісті екендігін айтты.
— Құрмет пе? — деп қайыра сұрады доктор.
— Білмеймін, мүмкін, ұрыны ас үйде ату, он екі қадам жерден атысу сияқты құрметті болар. Ақылға салыңызшы, ол болса аспанға атқан, ал сіз ғой жекпе-жектегідей басып салғансыз, Джайлс.
Іске мұндай жеңіл қараушылық мистер Джайлске өзінің даңқына орынсыз көлеңке түсіру сияқты көрінді де, ол сыпайы ғана мұны талдауда шаруасының жоқ екенін, дегенмен, өз пікірінше, қарсыласқа тым жайлы тимегендігін айтты.
— Иә, бұл рас! — деп дауыстады доктор. — Ол қайда өзі! Мені оған ертіп барыңыз. Төмен түскен соң мен мұнда тағы кіріп шығам, миссис Мэйли. Мынау әлгі ұры түсетін терезе ме? Мен бұған ешуақытта да нанбас едім.
Ол аузын жаппастан сөйлеп, мистер Джайлстың соңынан жоғарыға беттеген. Ал әзірге ол сатымен көтеріліп бара жатқанда оқушыларға мистер Лосберн, он мильдей төңіректегі жұрт «доктор» деп білетін жергілікті емші екенін, тұрмыстан гөрі, ақ көңілділіктен толғанын, сонымен бірге оның сондай қайырымды, жүрегі жұмсақ, әрі мәжнүндей қарт бойдақ екендігін, ондайды ешбір зерттеуші бұдан бес есе үлкен округтен де таппайтынын айта кету керек болар.
Дәрігер жоғарыда екі ледидің, және өзінің ойлағанынан да ұзағырақ аялдап қалды. Арбадан үлкен жалпақ жәшік кіргізілді, жататын бөлмеден әлсін-әлсін қоңырау қағылып, қызметшілер сатымен жоғары-төмен жүгірісіп жүрді; осы белгілерге қарап жоғарыда аса маңызды бірдеңе болып жатыр-ау деп ойлауға боларлықтай еді. Ақыры доктор қайта оралып өзі қараған адам туралы алаңдай сұрағандарға жұмбақтай қарап, есікті жауып қойды.
— Бұл шектен шыққан жағдай екен, миссис Мэйли, — деді доктор, ешкім аша алмасын дегендей арқасымен есікті тіреп тұрып.
— Шынында да ол қатерлі жағдайда ма?— деп сұрады қарт леди.
— Барлық жағдайды есепке ала отырып, бұнда шектен шыққан ештеңе жоқ деуге болар еді, деп жауап қатты доктор, — дегенмен пәлендей қауіп жоқ деп шамалаймын. Сіздер ұрыны көрдіңіздер ме?
— Жоқ, — деп жауап қатты қарт леди.
— Ол туралы ештеңе естіген де жоқсыздар ма?
— Түк естігеміз жоқ.
— Ғафу етіңіз, сударыня, — деп әңгімеге килікті мистер Джайлс, — доктор Лосберн кіріп келгенде мен тап сол жайында әңгімелегелі жатыр едім.
Әңгіме мынада еді, алдында мистер Джайлс өзінің атқаны бар болғаны бала екенін мойындағысы келмеген. Оның ерлігі шексіз мадақтауға кенелді де, ол істің жайын әңгімелеуді өзінің қайтпас-қайсар қаһармандығы әйгіленген даңқтың қас қағымдай уақыттағы биік шыңында тұрған минуттарын да кейінге қалдыра алмады.
— Роз оны көруге пәлендей қарсы емес еді, — деді миссис Мэйли, — бірақ менің ол жайында естігім де келмеді.
— Ім, — деді доктор. — Оның түрі тіптен қорқынышты емес. — Сіздер жандарыңызда мен тұрғанда оны көруге қарсы болмайсыздар ма?
— Әрине, егер бұл аса қажет болса, — деп жауап қатты қарт леди.
— Мен мұны аса қажет деп санаймын, — деді дәрігер.
— Қалай болғанда да мұны қазір істемей, кейінге қалдырсаңыз, қатты өкінетініңізге мен кепіл. Қазір ол тып-тыпыш жайбарақат жатыр. Маған рұқсат етіңіз... мисс Роз, сіз кеңшілік етсеңіз? Ант ішуге бармын, қорқарлықтай ешбір негіз жоқ.
XXX ТАРАУ
Оливерді көрген жаңа адамдар ол туралы не ойлады соны баяндайды
Қылмыскердің түрін көрген соң өздеріңіз де таң қаларсыздар дегенді қайта-қайта құлақтарына құйып, бір қолымен жас ледидің қолтығынан, екінші қолымен миссис Мэйлидің қолынан алған дәрігер бұларды сыпайы да салтанатты пішінмен жоғарыға бастаған.
— Ал енді, — деп сыбырлады дәрігер ұйықтайтын бөлменің есігінің тұтқасын жаймен бұрай беріп, — сіздер бұған не дер едіңіздер. Ол көптен қырынбаған, әйткенмен де түрі соншалық қорқынышты емес. Дегенмен, тоқтай тұрыңыздар! Алдымен ол қонақтарды қабылдауға даяр ма екен соны білейін.
Жұрттың алдына түскен ол, бөлмеге басын сұғып қарады. Сонан соң, соңынан еруге белгі беріп, аналар кірген соң есікті жапты да, кереуеттің жапқышын серпіп тастады. Кереуетте бұлардың ойындағы түзелмейтін қаныпезердің орнына қудай арық, аурудан азан шеккен бала қатты ұйқыға шомып жатты. Таңулы жаралы қолы кеудесіне салынған; дудырап жастықта жатқан ұзын шашы көмген екінші қолы басының астында қалыпты.
Қадірменді жентльмен қолымен жапқышты ұстап тұрып, бір минуттай балаға үнсіз көз тастады. Ол науқасты бақылап тұрған кезде, жас леди жайлап басын, оның жанынан өте шықты да, кереуеттің жанындағы орындыққа отыра кетіп, Оливердің бетіне түскен шашын кері қайырды. Еңкейген қыздың көз жасы баланың маңдайына тамып кетті.
Әлгі белгілер бала өзі ешқашан білмеген махаббат пен мейірім аңсауын оятқандай ұйықтап жатқан Оливер жымия қозғалақтап қойды. Сүйкімді әуен, мүлгіген тыныштықтағы су сылдыры, гүл иісі немесе таныс сөздер кейде тап осылайша кенеттен өмірде ешбір болмаған бұлдыр жайды еске түсіреді. — Бұрында бастан өткен бұдан гөрі бақыттырақ кезі туралы қасқаққандай сәттегі оймен оянып кеткен бұл еске түсіру күрсінгендей лезде жоқ болады — соңынан бұл еске түсіруді санаңды қаншама қинағанмен қайтып әкеле алмайсың.
— Мұнысы несі? — деп дауыстап жіберді қартаң леди. — Мына сорлы баланың қарақшылардың қолғанаты болуы тіпті де мүмкін емес.
— Жамандық кез келген ғибадатханадан да орын тебеді, — деп күрсіне сөйледі доктор, төсекжапқышты қоя беріп. — Сыртқы әдемі қабығы бұның да сондай сұмдығын жасырып тұрмасына кім кепіл?
— Дегенмен, тап мұндай жасөспірім шақта?.. — деп қарсылық білдірді Роз.
— Қымбатты жас леди, — деді дәрігер басын өкіне шайқап, — қылмыс деген де өлім тәрізді өз құрығын тек қарттар мен қаусағандарға ғана тастамайды. Тым жас, әдемі жандардың да бұған кінәлі боп жататындары сирек құбылыс емес.
— Бірақ дегенмен... шынымен-ақ осы бір әлжуаз бала өз еркімен әлгі оңбағандардың жетегінде жүрді демексіз бе? — деп сұрады Роз.
Дәрігер мұның әбден мүмкін екендігін аңғартқысы келгендей басын шайқады, енді олар науқастың мазасын алмауын ескертіп, бұларды көрші бөлмеге бастап кетті.
— Бірақ ол тіпті бұзылған күнде де, — деп сөзін жалғады Роз, — оның қандай жас екенін ойлаңызшы. Мүмкін ол аналық мейірім, үй-ішінің жылылығы дегенді ешқашан білмеген де шығар: Мүмкін жаман қарым-қатынас, ұрып-соғу мен аштық өзін қылмысқа итермелегендермен табысуға мәжбүр еткен шығар... Тәте, қымбатты тәте, құдай үшін, сорлы баланы түзелуге соңғы үмітінен айыратын түрмеге жібермес бұрын осыны ойлаңызшы! О, сіз мені жақсы кересіз, сіздің қайырымдылығыңыз бен қамқорлығыңыздың арқасында ғана мен жетімдікті білгем жоқ оны сіз білесіз, бірақ менің де тап осы сорлы бала сияқты дәрменсіз, қорғансыз қалуым мүмкін еді ғой! Әзірге кеш болмай тұрғанда, мейірім ете көріңіз оған.
— Қымбаттым, — деді қартаң әйел, жылап қоя берген қызды көкірегіне басып, — мен оның бір тал шашына да тиісер ме екенмін?
— О, жоқ, жоқ, — деп қызулана дауыстады Роз.
— Әрине, жоқ, — деп қостады қартаң леди. — Менің ғұмырым ауып барады, мейірімділікке жолығам ба деген үмітпен жұртқа да қайырымдылық істеуге тырысам... Оны құтқару үшін менің не істеуім керек, сэр?
— Ойлануға мұрсат беріңіз, сударыня, — деді дәрігер, — ойлануға мұрсат беріңіз...
Мистер Лосберн қолдарын қалтасына салып, бөлмені ілгері-кейін кезіп кетті, әлсін-әлсін тоқтап, аяғының ұшынан көтеріліп қояды, қабағын түйіп алған. Бірнеше мәрте «Таптым», деп және «Жоқ, бұлай емес!» деп айқайлап жібереді де қабағын түйіп алып, қайта бөлме кезіп кетеді, ақыры тоқтады да, былай деді:
— Егер маған сіздер Джайлс пен Бритлс баланы аздап қорқытып алуға кеңшілік етсеңіздер, мен бұл істі атқара алатын сияқтымын. Джайлс сенімді адам, ежелгі қызметкер екенін де білемін, бірақ сіздің онымен арақатынасты ретке келтіріп алатын мыңдаған мүкіндіктеріңіз бар, тіпті мергендігі үшін сыйлық та беріп жіберуге болады. Сіз бұған қарсы емессіз бе?
— Егер баланы құтқарудың басқадай амалы жоқ болса, — деп жауап қатты миссис Мэйли.
— Басқадай ешбір амалы жоқ, — деді доктор. — Ешқандай да. Менің сөзіме сенуіңізге болады.
— Мұндай жағдайда тәтей сізге шексіз билік береді, деді Роз көз жасы аралас жымиып. — Бірақ, өтінемін сізден, бұл байғұстарға қажеттен тыс қаталдық жасай көрмеңіз.
— Мисс Роз, — деп қарсылық білдірді дәрігер, — бүгін өзіңізден басқаның бәрі тас жүрек боп кетті дейсіз ғой деймін. Өсіп келе жатқан еркек жыныстылар үшін, сіздің аяушылық етуіңізді сұрайтын алғашқы жасөспірім сізді тап осындай сезімтал, жүрегі жұмсақ күйіңізде кездестірер деп үміттенем. Және бүгінгі сәті түсіп тұрған жағдайды дереу пайдаланып қалатын жас жігіт болуға да зауқым соғып тұр.
— Бритлс сорлы қандай болса, сіз де тап сондай сақалды сәбисіз, — деді қызарып кеткен Роз.
— Несі бар, — деп рахаттана күлді доктор, — бұл да пәлендей қиын емес. Дегенмен балаға қайта оралайық. Бізге өз келісіміміздің негізгі буынын талқылау керек. Ол бір сағаттан кейін оянар деп ойлаймын. Анда, төменде тұрған топас констебльге баланың мазасын алуға, өміріне қауіп төнбес үшін әңгімелесуге де болмайды дегем, әйтсе де оның өміріне қатер төндірмей-ақ біз әңгімелесе алармыз деймін. Мен мынандай шарт қоймақпын: мен оны сіздердің көз алдарыңызда әңгімеге тартам, егер осы сөздердің нәтижесінде оның әбден бұзылғандығына біздің көзіміз жетсе (ал бұл тіптен мүмкін нәрсе), бала өз тағдырынан тартатын болады, — сайып келгенде, мен бұған одан әрі араласпаймын.
— О, жоқ, тәтей, — деді Роз жалынышпен.
— О, иә, тәтей, — деді сөзін бөліп доктор. — Келістік қой.
— Оның шектен шыққан оңбаған болуы мүмкін емес, — деді Роз. — Бұл ойға сыймайды.
— Тамаша! — деді доктор. — Яғни, менің ұсынысымды қабылдауға әбден негіз бар деген сөз.
Ақыры шарт жасалды, екі жақ та Оливердің оянуын шыдамсыздана күтті.
Екі ледидің шыдамын сынауға мистер Лосберннің айтқанынан да гөрі ұзақтау уақыт қажет болды, өйткені, сағат соңынан сағат өтіп жатса да, Оливер әлі де қатты ұйқы құшағында еді. Ақыры қайырқом дәрігер келіп, Оливер сөйлеуге боларлықтай дәрежеде күш жинады деген хабар әкелгенде кеш болып қалған. Дәрігердің сөзіне дараранда бала аса науқас және қан көп кеткендіктен әлсіреп қалған, бірақ бірдеңе айтуға аса зәру екен де, дәрігер оны таңға дейін мазаламай-ақ қойыңдар демей ойындағысын айтуға мүмкіндік беріпті; әйтпесе ол таңертең бірақ тілдеспекші екен.
Әңгіме ұзаққа созылды. Пәлендей күрделі емес өз өмір тарихын Оливер бүге-шүгесіне дейін қалдырмай баяндады, тек науқас пен әлінің әбден құрығандығы ғана әлсін-әлсін бөгеліп қалуға мәжбүр етті. Қатыгез жандар душар еткен басынан кешкен санқилы тауқыметті тілге тиек еткен ауру баланың әлсіз даусы қараңғыланған бөлме ішінде мұң шерткендей.
Бұл кеште Оливердің жастығын мейірімді қолдар жөндеді, сұлулық пен қайырымдылық ол ұйықтап жатқанда кірпік ілмей күзетте тұрды. Баланың жаны жай, әрі бақытты еді, осы күйі өліп кетуге де бейім болатын.
Оливермен болған айрықша мәнді әңгіме аяқталып, бала қайтадан ұйқыға бас қойған шақта, доктор көзін сүртті, әрі сонымен бірге әлсіздігі үшін аналарды сөгіп, мистер Джайлсқа қарсы әрекет жасау үшін төменге түсті.
Үлкен бөлмелерден ешкімді кезіктірмеген соң, ол мүмкін ас үйден жолықтырармын деп ойлады, сөйтіп ас үйге беттеген.
Мұнда, үй-іші парламентінің төменгі палатасына қызметші әйелдер, мистер Бритлс, мистер Джайлс, қалайышы (көрсеткен қызметі үшін бүгінгі күннің ақырына дейін ас ішуге шақырылған) және констебль жиналыпты. Соңғы жентльмен қолына абажадай жезл ұстаған, басы қазандай, бет-пішіні ірі және үлкен аяқ киімі бар оның түрі белгілі мөлшерде эля ішкен кісінікіндей еді, шындығында да солай болатын.
Талқылаудың тақырыбы әлі де өткен түндегі оқиға еді, доктор кіріп келгенде, мистер Джайлс өз рухы турасында дәуілдеп жатқан-ды; қолына бір кружка эля ұстаған мистер Бритлс бастығының аузынан әрбір сөзі шығып үлгергенше қостап қояды.
— Тұрмай-ақ қойыңыздар, — деді доктор қолын сілтеп қойып.
— Рахмет сізге, сэр, — деді мистер Джайлс. — Қожайын бізге эля беруге жарлық етті, сэр, ал мен өз бөлмеме баруға титтей де көңілім соқпай, мыналардың қастарында отыра тұрғым келгені, енді, міне, осылармен бірге ішіп отырмын.
Алдымен Бритлс, соңынан қалған леди мен жентльмендер мистер Джайлстың өздеріне істеген кішіпейілдігіне көңілдері тойғандығын сыбырлай білдірісіп жатты. Қамқорсыған пішінмен төңірегін шолып өткен мистер Джайлс бұлар өздерін дұрыс ұстаса өзінің кетіп қалмайтындығын білдіргісі келгендей еді.
— Қазір науқас өзін қалай сезінуде, сэр? — деп сұрады Джайлс.
— Пәлендей жақсы емес, — деп жауап қатты дәрігер. — Сіз қиын жағдайға тап болдыңыз ба деп қорқамын, мистер Джайлс.
— Сіз оны, — деп тұла бойы дір етіп, сөзін бастады мистер Джайлс, — өліп қалады деп айтқалы тұрған жоқ шығарсыз деп үміттенемін, сэр? Егер мен өзім солай ойласам онда ада-күде тыныштықтан айрылар ем. Бірде бір баланы құртуға мен өз келісімімді бермес едім — тіпті мына Бритлсті Де» — бүкіл графтықтағы барлық асхананың күміс мүлкі үшін де мұндайға бармас едім, сэр.
Мәселе онда емес... — деп құпиялай сөйледі дәрігер. — Мистер Джайлс, сіз протестантсыз ба?
— Иә, солай деп үміттенемін, сэр, — деп тұтыға сөйледі мистер Джайлс.
— Ал сіз кімсіз, жас жігіт? — деп сұрады дәрігер Бритлске шұғыл бұрылып.
— Құдай қуат берсін, сэр, — деді Бритлс дір етіп. — Мен... Мен де тап мистер Джайлс сияқтымын, сэр.
— Олай болса, — деп сөзін жалғады дәрігер, — екеуіңізде жауап беріңіз, екеуіңіз де: анау жоғарыда жатқан бала өткен түнде терезеден түскеннің қақ өзі деп ант-су ішуге даярсыздар ма? Жауап беріңіздер? Ал? Біз сіздерді тыңдап тұрмыз.
Дүниедегі ең ақкөңіл адам деп саналатынның бірі доктор әлгі сауалды ашулы үнмен қойғандығы сонша, элядан желігіп, бастары айналған Джайлс пен Бритлс бір-біріне қарап төбеден ұрғандай тұрып қалды.
— Құлағыңызды салыңыз, констебль, — деді дәрігер,сұқ саусағын шошайта, әлгі құрметті жентльменнің көріпкелгіштігін өмірге алып келу үшін кеңсірігінен шертіп. — Қазір бірдеңелер мәлім болуға тиіс.
Констебль қаншалық шамасы келсе, соншалық терең ойға кеткен әлпет танытып, каминнің бұрышында босқа тұрған қызмет жезлін алды.
— Көріп тұрғаныңыздай, мәселе кісінің жеке басын анықтау тұрғысында, — деді доктор.
— Дұрыс айтасыз, сэр, — деп жауап қатты асыға-үсіге ішіп жіберген эля тамағын жыбырлатып, булыға жөтелген констебль.
— Үйге ұры түседі, — деп сөзін жалғады доктор, — сөйтіп екі адам қараңғыда дүрбелеңде мылтық дәрісі түтінінің арасынан шала-шарпы әлдебір баланы көреді. Таңертеңіне осы үйге бір бала келеді, оның қолы таңулы болуы себепті ғана мына адамдар оны бас салып ұстайды, сол арқылы өміріне де қауіп төндіреді, — сөйтіп, оны ұры деп ант-су ішеді. Бұдан туатын сұрақ, әлгі адамдардың қылығы ақтауға тұрарлық па, егер ақтауға тұрарлық болмаса, бұлар өздерін қандай жағдайға душар етіп отыр?
Констебль терең мағынамен басын изеді. Ол егер бұл заңды әрекет болмаса, онда немене екенін білгісі келетіндігін айтты.
— Мен сіздерден тағы да сұрап тұрмын, — деді доктор дауысы күндей күркіреп. — Сіздер мынау сол бала деп салтанатты түрде ант бере аласыздар ма?
Бритлс шарасыз пішінмен Джайлске, мистер Джайлс шарасыздана Бритлске қараған; констебль жауапты дұрысырақ есту үшін құлағын қолымен көлегейледі, екі әйел мен қалайшы да жақсы ұғыну үшін алға қарай еңкейген, дәрігер төңірегіне жіті көз тоқтатқан, кенет қақпа сыртынан қоңырау үні мен доңғалақтың тарсылы естілді.
— Бұлар полиция тыңшылары! — деп дауыстап жіберді Бритлс, шамасы үлкен жеңілдік сезінсе керек.
— Не дейсіз? — дәрігердің даусы шығып кетті, оның да құты қашып кеткендей.
— Боу-стриттің агенттері, сэр, — деп жауап қатты Бритлс, шырақты ала беріп. — Біз мистер Джайлс екеуіміз бүгін таңертең соларға кісі жіберіп едік.
— Жібердіңіздер ме, міне қалай! Қарғыс атсын сіздердің... сіздердің әзер жүретін күймелеріңізді! — деді доктор ас үйден шыға беріп.
XXXI ТАРАУ
Қиын жағдай жайында баяндайды
— Ондағы кім? — деп сұрады есіктің шығыршығын шығармастан есікті сәл ғана ашып қараған Бритлс, қолымен шырақты көлегейлеп.
— Ашыңыз есікті, — деді сыртта тұрған адам. — Бұлар өздеріңіз кісі жіберген Боустриттің агенттері.
Осы жауаптан көңілі әбден орныққан Бритлс есікті шалқасынан ашып тастап, қарсы алдынан мығым денелі пальто киген кісіні көрді. Ол өзге ештеңе деместен бейне өзі осында тұратын жандай қысылып-қымтырылмастан аяғын сүртіп жатты.
— Қанеки, жас жігіт, менің серігімнің орнына біреуді жібере қойыңызшы, — деді агент. — Ол арбаның жанында аттарға қарап тұрсын. Сіздерде соны бес-он минут қоя тұратын күйме сарай бар ма?
Бритлс қанағаттандырарлық жауап беріп, қораны көрсеткен соң, мығым кісі қақпаға қайта оралып, серігіне арбаны қораға қоюына көмектесті, бұл уақытта Бритлс бұларға жарық қылып тұрған. Шаруаларын бітіріп, үйге беттеген бұлар қонақ бөлмеге кіріп, пальтолары мен шляпаларын шешісті.
Есікті қаққан адам шымыр денелі, жасы елулердегі, орта бойлы, қысқа қырықтырған жылтыр қара шашты, жақ сақалды, дөңгелек жүзді, өткір көзді кісі екен. Екіншісі шикіл сары, сүйекті келген, қонышы қайырылған етік киген, өңсіз, үшкір мұрынды біреу.
— Қожайындарыңызға Блетерс пен Дафф келді деп баяндаңыздар! — деді шымыр денелі кісі, шашын сипап, столға екі бұғауды қоя беріп. — Ә, қайырлы кеш, сударь! Сізге оңашада бірер сөз айтуға рұқсат етіңіз.
Бұл сөздер бөлмеге кіре берген мистер Лосбернге айтылған еді, ол Бритлске шыға тұр дегендей белгі берді де, екі ледиді кіргізіп есікті жауып алды.
— Үйдің несі мына кісі, — деді мистер Лосберн миссис Мэйлиді көрсетіп.
Мистер Блетерс иіліп қойды. Отыруға ұрықсат етілген соң шляпасын еденге қойып жайғаса кетті де, Даффқа да отыруға белгі берді. Әлгі жентльмен мұндай ортаға әдеттенбегендікпен бе, әлде өзін еркін ұстай алмағандықтан ба, бірқыдыру артық қимыл жасаған соң отыра беріп, таяғының сабын аузына сұғып алды.
— Енді әлгі тонаумен айналысайық, сударь, — деді Блетерс. — Мәселенің мән-жайы қалай?
Шамалы уақыт ұтқысы келген мистер Лосберн ол жайында төтенше тәптіштеп, көптеген ауытқулармен айтып берді. Асқан қырағылық түр танытқан Блетерс пен Дафф мырза анда-санда бір-біріне бас изесіп қойысып отырысты.
— Әрине, оқиғаның болған орнын көрмей кесімді ештеңе айта алмаймын, — деді Блетерс, — бірақ қазіргі менің пікірім — және мен осы төңіректе өз байламымды білдіруге әзірмін, — менің пікірім, бұл әлдеқандай қарабанырдың ісі емес. Солай ғой, Дафф?
— Әрине, — деді Дафф.
— Егер бұл сөзіңізді мына ханымдарға аударар болсақ, менің түсінігімше, бұл деревня тұрғынының әрекеті емес демексіз ғой? — деп жымия сауал қойды мистер Лосберн.
— Тап солай, сударь,— деп жауап қатты Блетерс. — Тонау жөнінде басқадай еш мәлімет жоқ па?
— Ешқандай, — деді доктор.
— Ал қызметшілер әлде бір бала турасында бірдеңе десін жүр ғой? — деп сұрады Блетерс.
— Әншейін нәрсе, — деді доктор. — Өлердей қорыққан қызметшілердің бірінің сапасына әлгі қарақшыларға баланың да қатысы бар деген ой сіңіп қалыпты. Бірақ ол сөз етуге тұрмайтын бос мылжың.
— Олай болған күнде мұның ақты-қарасын айыру қиын емес, — деді Дафф.
— Ол дұрыс айтады, — деп қостады басын мақұлдай изеген Блетерс, бұғаулармен ойыншықтай немқұрайлы ойнап тұрып.
— Ол бала кім өзі? Өзі туралы не айтады? Қайдан келген? Аспаннан түсе қалған жоқ қой, сударь!
— Әрине, жоқ, — деді доктор, екі ледиге де әбігерлене көз тастап. — Оның бүткіл өмір тарихы маған мәлім, бұл турасында біз соңынан сөйлесерміз. Алдымен сіздер ұрылар үйге кіруге әрекет жасаған жерді көргілеріңіз келетін болар деп ойлаймын?
— Әрине, — деп іліп әкетті мистер Блетерс. — Алдымен біздің сол жерді көргеніміз дұрыс болар, қызметшілерді сонсоң тергерміз. Істі солай жүргізеді.
Жарық әкелінді, сөйтіп Блетерс пен Дафф мырзалар жергілікті констебль, Бритлс, Джайлс және қысқасын айтқанда қалған барлықтарының ілесуімен дәліздің шетіндегі кішкене бөлмеге келіп кіріп, терезеден қарады, осыдан кейіп шалшық арқылы үйді айналып өтіп терезеге үңілді, сонан соң қақпақтарды қарауы үшін оларға шырақ әкеп берді; ізді қарау үшін фонарь әкелінді, ал сонан соң бұталарды тінту үшін айыр әкелінді. Барлық тамашалаушыларды айран-асыр қалдырған бұл істі тамамдаған соң, олар қайта үйге кірді, осы арада Джайлс пен Бритлс өздерінің өткен түнде бастарынан кешкен мелодрамалық тарихтарын айтып берулері тиіс еді, олар оны бір-бірінің сөзін теріске шығарып, бес-алты мәрте қайталап шықты. Осылайша табысқа жеткен Бритлс пен Дафф барлығын бөлмеден шығарып жіберді де, аса құпия да салтанатты кеңес құрды, мұнымен салыстырғанда медицинадағы аса қиын жағдайды талдаған ұлы дәрігерлердің консилиумы баланың ермегі боп көрінер еді.
Бұл уақытта қатты тынышсызданған доктор көрші бөлмеде ерсілі-қарсылы кезіп жүр еді, ал миссис Мэйли мен Роз оған әбігерлене қарасты.
— Адал сөзім, — деді бөлмені сансыз мәрте кезіп шығып, ақыры тоқтаған ол, — не істерімді де білмеймін, тіпті.
— Егер, — деді Роз, — мына адамдарға сорлы баланың өмір тарихын айтып берсе, оны ақтау үшін бұл жеткілікті болатын шығар.
— Күмәнім бар, қымбатты жас ледиім менің, — басын шайқап, қарсылық білдірді доктор. — Бұл жай оларға да, жоғары лауазым иелері әділ сот қызметкерлерінің көзіне де оны ақтай алмайды. Ақыр аяғында бұл кім өзі? — дейді олар. — Қашқын! Егер нақты ақылдың дәлелдері мен қисыны тұрғысынан қарасақ, оның өмір тарихы шындыққа жанаспайды.
— Дегенмен сіз оған сенесіз ғой, — деп сөзін бөліп жіберді Роз.
— Таңқаларлық нәрсе, бірақ мен анамын, мүмкін, мен кәрі ақымақ шығармын, — деп жауап берді доктор. — Әйтсе де мұндай әңгіме тәжірибелі полиция шенеунігінің құлағына кірмейді деп есептеймін.
— Неге, — деп сұрады Роз.
— Себебі ол, менің әдемі тергеушім, — деп жауап қатты доктор, — олардың көзқарасынша бұл оқиғада бұлдыр тұстар көп: бала өзі туралы пайдалы бірде-бір факт айта алмай тек жаман әсер қалдыратын дәлелдерді ғана келтіреді. Қарғыс атсын бұларды! Олар неге және неліктен екенін ғана білгілері келеді, бір сөзге де сенбейді. Байқасыздар ма, оның өз айтуына қарағанда, ол белгілі бір уақытта ұрылар тобында болған, әлдебір жентльменнің қалтасын тазалады деген айыппен оны полицейлік басқармаға жөнелткен; әлгі жентльменнің үйінен мұны күшпен өзі суреттеп те, көрсетіп те бере алмайтын тіпті титтей де мағлұматы жоқ бір жерге алып барған. Мұны өзі қаласын, қаламасын біраз қатты байланыста болған біреулер Чертсиге алып келеді де, үйді тонау үшін терезеден кіргізіп жібереді, сонан соң одан барлық күнәні сыпырып тастайтын жақсы ниетпен үй тұрғындарын аяқтарынан тік тұрғызуға әрекеттене бергенде әлгі мәжнүн тап бола кетіп, мұны атып жібереді. Тап бір баланың пайдалы іс жасауына әдейі кедергі жасағандай.
— Енді сіздерге бәрі де түсінікті ме?
— Әрине, түсінікті, — деп жауап қайтарды Роз доктордың өрекпіген сөзіне жымиып, — бірақ дегенмен де осыдан бейшара балаға кесірі тиетін ештеңе көре алмай отырмын.
— Иә, әрине, ештеңе жоқ! — деді доктор. — Сіздердің жыныстарыңыздың өткір көзіне құдай рақым берсін. Олар тек мәселенің бір-ақ жағын көреді, — не жаманын, не жақсысын, — және әрқашан да алғаш байқағандарын.
Өзінің өмірден түйгендерін осылайша айтып берген доктор қолын қалтасына салып, бөлмені тағы кезіп кетті.
— Осы турасында көбірек ойланған сайын, — деп сөзін жалғады доктор, — егер мына адамдарға баланың шынайы тарихын айтсақ, басымыздың соғұрлым шатылатындығына көзім жете түседі. Әрине, оған сенбейді. Ал егер тіпті оған залалы тимеген күннің өзінде, оның тарихын жария ету, одан пайда болатын күдік баланы азаптан құтқарамыз деген сіздердің ізгі ниеттеріңізге салқынын тигізбей қоймайды.
— Ал енді не істесек екен? — деп дауыстап жіберді Роз.
— Құдайым-ай, құдайым-ай! Олар мыналарға несіне кісі жіберді екен?
— Рас-ау, несіне жіберген? — деп миссис Мэйлидің де даусы шығын кетті. — Мен ешуақытта да бұларды мұнда кіргізбес ем.
— Мен бір ғана нәрсені білем, — деді ақыры мистер Лосберн бір берік шешімге келген адамның кейпімен отырып жатын, — қолдан келгеннің бәрін істеу керек және батыл кірісу керек. Мақсатымыз ізгі, сол бізге ақтаушы болсын. Балада безгектің барлық белгілері бар, және ол әңгімелесе алатындай халде емес: бізге қажеті де осы. Біз осыдан пайдалы жағын қарастыруымыз керек. Іс жаманға айналса, кінә бізден емес... Кіріңіз!
— Ал, сударь, — деп сөзін бастады жолдасымен бірге кірген Блетерс, есікті нығыздап жауып, — мынау даярланған іс емес.
— Сайтан алсын! Даярланған іс дегені немене тағы? — деп шыдамсыздана сұрады доктор.
— Даярланған тонау деп, миледи, — деді Блетерс екі ледиге олардың надандығына жаны ашыған, ал доктордың надандығына қарны ашқан кейіппен, — біз қызметшілердің араласуымен істелген тонауды айтамыз.
— Бұл арада олардан ешкім де күдіктенген жоқ, — деді миссис Мэйли.
— Әбден мүмкін, сударыня, — деп жауап қатты Блетерс, — әйткенмен олардың бұған араласуы мүмкін еді.
— Оларға күдік келмегендіктен де мұның болуы әбден мүмкін еді, — деп қосып қойды Дафф.
— Біз бұл қалалықтардың жұмысы екендігін анықтадық, — деді Блетерс баяндамасын жалғастырып. — Таза шаруа.
— Иә, епті істелген, — деді Дафф даусын сәл шығарып.
— Олар екеу екен, — деп сөзін жалғады Блетерс, — олармен бірге бала да болған. Терезенің көлеміне қарағанда бұл анық нәрсе. Біздің сіздерге бар айтарымыз әзірге осы ғана. Енді, сіздердің рұқсаттарыңызбен, кейінге қалдырмастан, жоғарыда жатқан баланы көрсек пе дейміз.
— Алдымен бұл кісілерге тамақ жібітетін бірдеңе ұсынсаң қайтеді, миссис Мэйли, — деді доктор, басына бір тың ой келгендей оның жүзі жайнап сала берген.
— Иә, әрине! — деп қызулана дауыстады Роз. — Егер қаласаңыздар, сіздерді қазір-ақ сыйлайды.
— Рахмет сізге, мисс, — деді Блетерс аузын жеңімен сүртіп. — Біздің қызметтің өзі сондай, тамақ құрғап кетеді. Әзір тұрған бірдеңе болмаса, мисс, біз үшін әуре болмаңыз.
— Сіздер нені қалар едіңіздер? — деп сұрады доктор ледимен бірге буфетке қарай өте беріп.
— Егер сізге қиын болмаса, бір тамшы спирт, сударь, — деп жауап қатты Блетерс. — Лондоннан шыққан жолда біз жаурап қалдық, сударыня, спирттің өзге дүниенің бәрінен жақсырақ жылытатынын мен бұрыннан байқағам.
Бұл қызықты жаңалық бұған ықыласпен құлақ түрген миссис Мэйлиге айтылған еді. Әзірге осы әңгіме болып жатқанда доктор бөлмеден шығып кетті.
— Ах, — деді мистер Блетерс, рюмканы сирағынан ұстамай, бас бармағы мен сұқ саусағының арасынан түбінен қысқан күйі көкірегіне тақау әкеліп — Маған, сударыня, осы жасыма жеткенше мұндай істердің талайын көруіме тура келді.
— Эдмон топтағы соқпақ жол үстіндегі есік бұзып тонауды алсақ та болар, ә, Блетерс — деп мистер Дафф өз әріптесінің аузына сөз сап жіберді.
— Ол осы жердегі іске қатты ұқсайды ғой, рас па? — деп іліп әкетті мистер Блетерс. — Бұл сұғанақ Чикуидтің ісі болатын.
— Сіз әруақытта осы істі соған таңасыз, — деп қарсылық білдірді Дафф. — Ал мен сізге оны істеген Үйкүшік Пет деймін. Менің бұл іске қатынасым қандай болса, Сұғанақтікі де сондай.
— Қойыңызшы, — деп сөзін бөліп жіберді мистер Блетерс. — Мен жақсырақ білем ғой. Ал сол Сұғанақтың өзін қалай тонағаны есіңізде ме? Қызықтың көкесі сол ғой. Кез келген романнан қызғылықты.
— Ол қалай болған өзі? — деп сұрады Роз, жағымсыз қонақтардың жібіген көңілін демеуге тырысып.
— Мұндай ұрлықты, мисс, қатал айыптар адам табыла қояр ма екен? — деді Блетерс, — әлгі Сұғанақ Чикуид...
— Сұғанақ яғни қу деген сөз, сударыня, — деп түсіндірді Дафф.
— Ханымдарға бұл сөз әрине, түсінікті ғой, солай емес пе?.. — деді Блетерс. — Сіз үнемі сөзімді бөле бересіз, достым... Тап сол әлгі Сұғанақ Чикуид Бэтлбридж жолында трактир ұстайтын, сол жерде оның жас жентльмендер қораздардың төбелесін, иттердің борсықтарды талағанын көру үшін кіретін тағы басқаларға арналған урасы болатын-ды Ойындар өте қызықты өтетін-ді.— Мен жиі көретінмін. Бұл оның әзір шайкаға қосылмаған кезі. Бір күні түнде оның кенеп қапшыққа салған үш жүз жиырма жеті гиней ақшасын ұрлап кетті; түн ішінде, ұйықтайтын бөлмесінен көзін қара матамен таңған ұзын бойлы біреу сыпырып кеткен; алдымен кереуеттің астында жасырынып қалған да шаруасын бітірген соң, екінші қабаттың терезесінен қарғып кеткен. Және бәрін өте тез тындырған. Бірақ Сұғанақ та қарап қалмаған, шудан оянып кеткен ол кереуетінен атып тұрып, ананың соңынан мылтығынан басып салады да, көршілерінің бәрі оянып кетеді. Дереу соңынан түсіп із кескен олар Сұғанақтың анаған тигізгенін байқайды. Анадайдан көрінген қан тамған із қоршауға дейін келіп, сол арада жоғалып кетеді. Қалай дегенмен де ақшаны алып, ұры кетті, ал трактирдің қожасы, спирт сатуға хақысы бар мистер Чпкуидтің фамилиясы басқа да банкроттардың ішінде «Газетке» ілікті. Сонда ақшасынан айрылып еңсесі түскен бейшараға арнап жылу жинау қолға алынған-ды. Анау болса үш-төрт күн бойы көше кезіп, шарасыздықтан шашын жұлды, біраз адам өзіне-өзі қол жұмсамасын деп қорықты да. Бірде ол асып-сасып, полицейлік сотқа жүгіріп кіреді де, сотпен екеуі жеке әңгімелесіп қалады, ұзақ әңгімеден кейін сот қоңырау қағып, өзіне Джем Спайерсті (Джем азулы агент болатын) шақырып алып, оған мистер Чикуидке еріп барып, үйін тонаған адамды ұстап әкелуге бұйырады. «Спайерс», — дейді Чикуид, — кеше таңертең ұрының үйімнің жанынан өтіп бара жатқанын көрдім». — «Онда неге жағасынан ала кетпедіңіз?» — дейді Спайерс. «Есімнің шығып кеткені сонша, басымды тіс шұқығышпен жарып тастайтындай әсерде болғаным, — дейді сорлы, — бірақ оны біз енді құтқармаймыз. Кешкі сағат он мен он бірдің арасында ол үйдің тұсынан тағы өткен». Осыны естіген соң Спайерс егер екі күндей бөгеліп қалатындай жағдай болса деп, қалтасына іш киімі мен тарағын салады да жолға шығып, трактирге келген соң, кез келген уақытта жүгіріп шығуға даяр отыру үшін шляпасын шешпестен қызыл перделі кішкентай терезенің жанына жайғасады. Осы арада ол қараңғы түскенше қорқорын тартып отырады, кенет Чикуид: «Міне ол! Ұрыны ұстаңдар! Өлтіргелі жатыр!» — деп бақырып жібереді. Көшеге атып шыққан Спайерс бар пәрменімен жүгіріп, айқайлап келе жатқан Чикуидті көреді. Спайерс соңынан ұмтылады; Чикуид алдында ұшып барады: бұрылып қараған жұрттың бәрі: «Ұрылар! — деп айқайлайды, Чикуидтің өзі де жынданған адамдай айқайлауын қоймайды. Бір минуттай уақыт Спайерс анау бұрыш айнала бергенде, одан көз жазып қалады, соңынан жүгіріп келе жатып, алдынан шағын тонты көреді де, соған сүңгіп кетеді: «Мұның қайсысы?» — «Сайтан алсын» — дейді Чикуид, — тағы айрылып қалдым». Ғажабы сол, анау еш жерден көрінбеді де, бұларға трактирге қайта оралуға тура келді. Ертеңіне бұрынғы орнын иеленген Спайерс перденің тасасынан бойшаң келген, көзінде қара таңғышы бар кісіні көреді, көзі талғанша бақылайды. Ақыры көзі ауырған соң, амалсыз жұма қойған сәтте Чикуидтің «Міне ол!» деп бақырғанын естиді. Ол қайтадан тұра қуады, ал Чикуид болса, одан жарты көше озыңқырап кетіпті. Олар кешегіден екі есе ұзағырақ жүгірсе де, әлгі адам тағы сытылып кетеді. Осы оқиға тағы екі мәрте қайталанады, ақыры көршілерінің көпшілігі мистер Чикуидті тонаған шайтан, қазір де тұмсығынан жетелеп жүр дейді, басқалары сорлы мистер Чикуид қайғыдан ақылынан алжасқан ғой деседі.
— Ал Джем Спайерс не дейді?— деп сұрады әңгіменің бас кезінде келген доктор.
— Ұзақ уақыт бойы,— деп әңгімесін жалғады агент, — Джем Спайерс жұмған аузын ашпай, оны-мұныға құлақ түре жүргенмен ештеңе білдірмеді, өз шаруасының жайып ұққанын осыдан-ақ аңғаруға болар еді. Бірде таңертең ол барға кіреді де темекі сауытын шығарып: «Чикуид, бұл ұрлықты кім істегенін мен білдім», — дейді. — Қойыңызшы, шын ба? — деп Чикуидтің даусы шығып кетеді. — Ах, қымбаттым, Спайерс, тек кегімді алып беріңізші, көңілім орнына түсіп өлейін. Ах, қымбаттым, Спайерс, ол оңбаған қайда өзі? — «Жетер! — дейді Спайерс, оған иіскеуге темекі ұсына беріп. — Текке мылжыңдағанды доғар. Мұны істеген өзіңіз?». Тап осылай болыпты да қойыпты, бұдан ол аз пайда көрген жоқ, егер Чикуидтің өзі шындық іздеп шарқ ұрмаса, бұл іс ешуақытта да ашылмас еді, — деп сөзін аяқтады мистер Блетерс, рюмкесін қойып, бұғауды сылдырлатып.
— Расында да, өте қызықты оқиға екен, — деді доктор. — Ал енді көңілдеріңіз қаласа, жоғарыға бара қойыңыздар.
— Барсақ баралық, сэр, — деп жауап қайтарды Блетерс.
Мистер Лосбернді өкшелеп, екі агент жоғарыға Оливердің бөлмесіне көтерілді; тонты қолына жанған шырақ ұстаған мистер Джайлс бастап келе жатты.
Оливер ұйықтап жатқан, бірақ өңі нашар еді, бұрынғыдан да қаттырақ қалшылдайды. Доктордың көмегімен төсегіне отырған ол болып жатқанның түгіне де түсінбестен бейтаныс адамдарға қараған, — ол шамасы, өзінің қайда екендігін, не күйге ұшырағандығын да есіне түсіре алмаса керек.
— Міне, әлгі бала, — деді мистер Лосберн сыбырлай сөйлесе де қызуланып, — тентектік жасап, мистердің иелігіне кіре бергенде, (осы үйдің артындағы жер солай аталады), өзі атылатын мылтықтан жазатайым жарақаттанып қалған. Бүгін таңертең бұл жәрдем сұрап осында келеді, оны дереу тұтқындап, мына шырақ ұстап тұрған парасатты жентльмен дөрекілік көрсетеді, тіпті өміріне қауіп те төндіреді, мен дәрігер ретінде бұған куәлік ете аламын.
Блетерс пен Дафф мырзалар жаңағыдай таныстырылған мистер Джайлсқа көз қиықтарын салды. Есі шыққан қызметші қорыққан, абыржыған кейіппен көзін аналардан Оливерге, Оливерден мистер Лосбернге төңкерді.
— Сіз мұны теріске шығармассыз деймін, — деп сұрады доктор Оливерді жайымен жастыққа жатқыза беріп.
— Мен... нетейін деп ем... менде бөтен пиғыл жоқ еді, сэр, — деп жауап қатты Джайлс. — Расында, мен мұны сол бала екен деп қалып едім, сэр, әйтпесе бұған тиіспес едім. Мен сондайлық безбүйрек емеспін ғой, сэр.
— Қандай бала? — деп сұрады аға агент.
— Тонаушы баланы айтам, сэр ,— деп жауап қайтарды Джайлс. — Солармен бірге, әрине, бала болған.
— Ал? Сіз қазір де солай ойлайсыз ба? — деп сұрады Блетерс.
— Қазір қалай ойлаймын? — деді Джайлс жауап алушыға топастана қарап.
— Мынаны сол бала деп ойлайсыз ба деймін, эй, ақымақ-ай, — деп шыдамсыздана түсіндірді Блетерс.
— Білмеймін. Расым, білмеймін, — деді сорлы Джайлс. — Мынау ол бала емес қой деймін. Иә, бұл ол емес екендігіне мен сенімдімін. Сіздер мұның ол болуы мүмкін еместігін білесіздер ғой.
— Мына кісі мас па, сэр? — деп сұрады Блетерс докторға бұрылып.
— Әй, бір әңгүдік жігіт екенсіз! — деді Дафф мистер Джайлсқа асқан жеккөрінішпен қарап.
Осы қысқа әңгіменің кезінде мистер Лосберн аурудың тамырын ұстап жатқан; енді ол кереуеттің басындағы орындықтан тұра беріп, егер агенттердің әлі де қандай болмасын күдігі қалса, көрші бөлмеге шығып, Бритлспен сөйлескісі келмес пе екен деген.
Осы ұсынысты қабыл алып, жалғас бөлмеге барған бұлар, шақырып алған мистер Бритлс өзін де, өзінің құрметті бастығын да өрмекшінің торы тәрізді теріс-қағыс сөздермен шатастырғаны соншалық, Бритлстің өзінің әбден сасқандығынан басқа ешқандай факт анықталмады; дегенмен ол тіпті тап қазір алдына баланы келтірсе де тани алмайтындығын, Оливерді тек Джайлстың сөзінен соң ғана сол екен деп қалғандығын және осыдан бес минут бұрын мистер Джайлстың өзі ас үйде тым асығыс шешім жасаған жоқпын ба деп қауіптенгендігін мәлім етті.
Сонан соң басқа да өткір жорамалдардың ішінде мистер Джайлс шынында да біреуге атып тигізді ме екен деген күдік те қылаң берген; Джайлс оқ шығарған тапаншаның екіншісін алып тексергенде одан дәрі мен пыждан өзге ештеңе де шықпады. Бұл жаңалық осыдан бес минут бұрын тапаншаның оғын алып тастаған доктордан өзге жұрттың бәріне де төтенше әсер етті. Әсіресе бірнеше сағат бойы біреуді өлімші етіп жаралап алдым ба деп қарадай жанын жеп жүрген мистер Джайлсқа ерекше әсер етіп, ол бұл жаңа болжамға қуанышпен жармаса кетті де, шамасы келгенше осы жорамалды растаумен болды.
Ақырында агенттер Оливер турасында бастарын қатырмай-ақ, Чертсиден келген констебльді үйге қалдырды да, таңертең оралуға уәде беріп, қонуға қалаға жүріп кетісті.
Ал ертесінде екі еркек пен бір бала өткен түнде күдікті жағдайда ұсталып, Кингстон түрмесіне қамалды деген сөз тарап, Блетерс пен Дафф мырзалар Кенгстонға аттанды. Әйткенмен, тергеу кезінде күдікті жағдай бұл адамдардың үйілген шөп астында ұйықтап шыққандығына ғана тірелді, бұл факт ауыр қылмыс бола тұра, тек түрмеге қамаумен ғана шектелетін-ді, корольдіктің тұрғындарына деген зор сүйіспеншілікті, мейірімді ағылшын заңының көзімен қарағанда, басқа дәлелдер болмағандықтан, ұйықтаған немесе ұйықтап жатқандар есік бұзып, ұрлыққа түсті деуге жеткілікті анықтама болмайтын, демек бұл үшін өлім жазасы да қолданылмауға тиіс еді. Оған барғаннан Блетерс пен Дафф мырзалар кешегісінен артық ақыл қосқан жоқ.
Қысқасын айтқанда, жаңа тергеулер мен таусылып бітпес әңгімелерден кейін бітістіруші сот миссис Мэйли мен мистер Лосберннің егер шақыра қалса, Оливер келеді деген кепілдемелерін шын ықыласымен қабылдады, ал екі гиней сыйлық алған Блетерс пен Дафф өз сапарларының бір мәселесінде ғана мәмлеге келе алмай, қалаға қайтып оралды; барлық жағдайларды байыппен талқылай келіп, екінші жентльмен есік бұзып тонауға әрекет жасаған Үйкүшік Пет десе, ал біріншісі бұл Сұғанақ Чикуидтің ісі дегенінен танбады.
Бұл уақытта Оливер миссис Мэйли, Роз және жұмсақ жүректі мистер Лосберннің қамқорлығының арқасында аз-аздап өз-өзіне келіп, оңала бастаған. Егер жүректен шыққан жалынды дұға көктегі құдайдың құлағына шалынса, — егер ешкім естімесе оның несі дұға! — оларға жетім бала тілеген бата тыныштық пен бақыт сыйлап, жан түкпірлерінен орын алып еді.
XXXII ТАРАУ
Өзінің қайырымды достарының арасындағы Оливердің бақытты өмірі хақында баяндалады
Оливердің науқасы ұзаққа созылды, әрі ауыр болды. Оқ тиген қолының тым баяу жазылуы мен ауруын айтпағанның өзінде, Оливердің жауынның астында, суық күнде ұзақ уақыт болуы оны безгекше қалтыратып, бірнеше апта бойы бойын жайлап алды да, әбден титықтатты. Ақыры аз-аздап өзіне келе бастаған бала, мейірімді екі ледидің шексіз қайырымдылығын терең сезінгенін, әбден жазылып бойы бекіген соң, өз алғысының кепілі ретінде олар үшін бір іс атқаратындығын, олар бала жүрегінің махаббат пен берілгендікке толы екендігін көрсін, оларға қандай да бір болымсыз қызмет көрсетсе де қайырымдылықтарының арқасында ажалдан не азаптан құтқарылған баланың шапағат жасауға лайықты екендігін, жан-жүрегімен бұларға қызмет етуге әзір екендігіне көздерін жеткізеді деп бірнеше сөз айтуға халі келген еді.
— Бейшара-ай! — деді бірде Роз, Оливер қаны қашқан ернін азар қимылдатып, алғыс сезімін білдіруге тырысқанда. — Егер өзің қаласаң, бізге қызмет көрсетер жағдай саған талай туады әлі-ақ. Біз қала сыртына шығамыз, тәтей сені де ала кетпек. Тыныштық, таза ауа және көктемнің барша қуанышы мен сұлулығы бірнеше күнде буыныңның бекуіне септігін тигізері сөзсіз. Егер өз әлің жетсе, біз саған жүздеген тапсырма береміз.
— Тапсырмалар ма? — деп дауыстап жіберді Оливер. — О, қымбатты леди, гүлдеріңізді суарып, құстарыңызды күтіп, жұмсағандарыңызға күні бойы жүгіріп те сіздер бақытты болу үшін жұмыс істесем — осыған бәрін де қияр едім-ау!
— Саған ештеңе берудің қажеті де жоқ, — деді Роз Мэйли жымиып. — Мен айтып тұрмын ғой, саған жүздеген тапсырма береміз деп, сен өзің уәде бергеніңдей соның тең жартысын орындасаң, мен өте бақытты боламын.
— Бақытты боламын дейсіз бе, сударыня! — деп дауыстады Оливер. — Осылай десеңіз, сіз қандай мейірімдісіз!
— Сен мені айтып жеткізе алмастай бақытты етесің, — деп жауап қатты жас леди. — Сен өзің суреттеген қайғылы жағдайдан менің қымбатты, қайырымды тәтейім біреуді құтқарып қалды деген ойдың өзі айтып жеткізгісіз қанағат береді. Сен мені түсініп тұрмысың? — деп сұрады қыз Оливердің ойлы жүзіне тесіле қарап.
— О, иә, сударыня, түсінемін! — деп қызулана сөйледі Оливер. — Бірақ дәп қазір маған қайырымсызбын деген ой келді.
— Кімге? — деп сұрады жас леди.
— Менің қамымды соншалықты жеген қайырымды жентльмен мен қайырымды кәрі күтуші әйелге, — деді Оливер. — Егер менің бақытты екендігімді білсе, олар да риза болып қалар ма еді.
— Мүмкін, — деді Оливердің қамқоршысы. — Мистер Лосберн де жол жүруге жараған соң-ақ олармен жолықтыруға сені алып барам деген уәдесін де берді ғой.
— Уәдесін берді деймісіз, сударыня! — деп айқайлап жіберді қуаныштан жүзі жайнап кеткен Оливер. — Олардың мейірімді жүздерін қайта көрер болсам, қуаныштан не күйге түсерімді өзім де білмеймін.
Ұзамай Оливер жол азабын көтере аларлықтай халге жеткен. Бірде таңертең ол мистер Лосберн екеуі миссис Мэйлидің кішкентай күймесімен жолға шықты. Олар Чертсидің үстіндегі көпірге жеткен кезде Оливер кенет құп-қу боп, даусы шыға шыңғырып жіберді.
— Балаға не боп қалды? — деп әдеттегіше әбігерленіп қалды доктор. — Сен бірдеңе көріп... естіп... әлде сезініп қалдың ба?
— Міне, сэр, — деп айқайлады Оливер күйме терезесінен көрсетіп. — Мына үй!
— Солай ма? Иә, несі бар! Ей, көшір! Осы араға тұра тұршы, — деп айқайлады доктор.
— Бұл не үй еді, ә, балам? Ә?
— Ұрылар... Олар мені осында әкелген, — деп сыбырлады Оливер.
— Ах, сайтан алғыр! — деп дауыстап жіберді доктор. — Ей, маған шығуға көмектесіңдерші!
Көшір түсіп үлгірместен, күймеден тырмысып сыртқа шыққан доктор иесіз үйге жүгіріп келіп, жынды адамдай есікті тепкілей бастады.
— Кім, андағы, — деп бойы бір тұтам, жүзі адам көргісіз бүкір есікті аңдаусызда ашып жібергенде бар күшімен аяғын сілтеп жатқан доктор дәлізге ұшып түсе жаздады. — Не боп қалды?
— Не боп қалды! — ойланып жатпастан ананың жағасынан ала кеткен доктор ақыра қайталады. — Бәрі де болды. Тонау — міне не боп қалды?
— Егер мені босатпасаңыз, кісі өлімі де болуы мүмкін, — деді бүкір шімірікпестен. — Естимісіз?
— Естіп тұрмын, — деді доктор, өз тұтқынын барынша сілкілеп. — Қайда әлгі сайтан алғыр, қарғыс атқырдың аты кім еді. Иә, Сайкс. Сайкс қайда айт, баукеспе неме?
Қатты таңдану мен ашудан бүкірдің көзі бақырайып кетті, сонан соң доктордың қолынан ептеп босанып шығып, аузына келгенін айта, қарғап-сілеп үйіне кірген. Ол есігін жауып та үлгірмеді, доктор әй-шәй деместен бөлмеге кіріп барды. Ол төңірегіне әбігерлене көз жүгіртті: мебельдер де, заттар да, тіпті шкафтардың орналасуы да Оливердің суреттегеніне мүлде ұқсамайтын еді.
— Ал? — деді бұдан көз айырмай бақылап тұрған бүкір. — Бұл не болғаны, сіз неге ненің үйіме зорлықпен кіресіз? Мені тонағалы, әлде өлтіргелі жүрсіз бе?
— Ақымақ, қанішер қақпас, мұндай мақсатпен бұрын-соңды біреудің күймемен келгенін көріп пе едіңіз? — деді доктор қызбалыққа салынып.
— Сізге өзі не керек? — деп айқайлады бүкір. — Аман-сауыңызда танып тұрыңыз! Қарғыс атқыр!
— Қашан кеткім келсе сонда кетем, — деді мистер JIocберн, екінші бөлмеге басын сұғып, олда алғашқысы сияқты Оливердің суреттегеніне титтей де ұқсастығы болмай шықты. — Әлі-ақ сазайыңды тартқызармын, достым.
— Қарай гөр, — деп тісін ақситты әлгі жексұрын. — Егер мен қажет болсам, осы арадан табарсыз. Мен осы арада жападан-жалғыз жиырма бес жыл тұрам, ал сіз мені қорқытқыңыз келеді! Сіз бұл үшін жауап бересіз, жауап бересіз.
Сөйтті де кішкентай пері ойбайын салып, ашу шақыра селкілдеп кетті.
— Ақымақтық болды-ау бұл, — деп міңгірледі доктор танауының астынан. — Шамасы бала қателессе керек. Міне, мынаны қалтаңызға салыңыз да, аузыңызды жабыңыз.
Осылай деді де ол бүкірге теңге лақтырып тастап, күймеге қайтып келді.
Аузына келгенін айтып, тілдеген бүкір онымен бірге күйменің аузына дейін ере келген, мистер Лосберн көшірмен әңгімелесіп тұрғанда, ол күймеге басып сұғып, Оливерге өңменінен өткізе, залым көзін қадағаны соншалық, содан кейін айлар бойы анау баланың өңінен де, түсінен де шықпай қойды. Көшір өз орнына жайғасқанша, бүкір сүйектен өтер балағаттаудан танған жоқ; ал күйме орнынан қозғалып кеткен соң, тепсініп, долдана шашын жұлып, шынайы, әлде жорта жынданып тұрған оны алыстан көруге боларлықтай еді.
— Мен есек екем... — деді доктор ұзақ үнсіздіктен кейін. — Сен мұны білетін бе едің, Оливер.
— Жоқ, сэр.
— Олай болса, келесі жолы осы айтқанымды ұмытпа. Есекпін мен! — деп қайталады доктор тағы бірнеше минут үнсіз тұрып. — Тіпті мынау үй сол болып, сол адамдар кездесе қалған күннің өзінде мен жалғыз өзім не тындырмақпын? Ал көмекшілерім болған күннің өзінде бұдан не шығарын кім білсін? Өзім тұзаққа түсіп қалар ма едім, жасырған жайт та жарқырап шыға келер еді. Дегенмен, өзіме де сол керек. Қызулыққа салынып, ылғи осындай пәлеге ұрынам да жүрем. Мүмкін, бұл маған сабақ болар.
Қайырымды доктор расында да, өмір бойы әлдебір қозғаушы күштің әсерімен қызбаланып кететін, дегенмен әрқилы қиындықтар мен сәтсіздіктерден аман өтетін, әрі өзін білетіндердің бәрі құрметтейтін. Егер шынын айтсақ, доктор екі-үш минуттай өкінішке берілді, себебі, Оливердің әңгімесін растайтын дәлел табудың сәті түспеді. Дегенмен ұзамай-ақ оның көңілі орнына түсті. Оливер өзінің сұрақтарына қысылып-қымтырылмай, байыппен жауап береді, шамасы сөзі де бұрынғысынша шынайы болуы керек, ол бұдан былай баланың сөзіне толығырақ сенуге ұйғарды.
Оливер мистер Браунлоу тұратын көшенің атып білетіндіктен, олар бірден сонда тартқан. Күйме бұрыш айналғанда, Оливердің жүрегінің атша тулағаны соншалық, тынысы тарылып кетті.
— Ал, балам, әлгі үй қайда? — деп сұрады мистер Лосберн.
— Міне, ол міне, —деп дауыстап жіберді Оливер терезені нұсқап. — Ақ үй. Ox, тезірек жүріңіздерші! Тезірек! Тап қазір өлетін сияқтымын. Денем дір-дір етеді.
— Жарар, жарар, — деді қайырымды доктор баланы иығынан қағып. — Қазір сен оларды көресің, олар да сенің аман-есен екеніңді біліп қуанып қалады.
— О, иә, мен де солай деп үміттенемін! — деп айқайлады Оливер. — Олар маған сондайлық қамқор болып еді.
Күйме әрі қарай тартты. Сонан соң тоқтай қалған. Жоқ, бұл үй емес, келесі есік. Тағы бірнеше қадамнан кейін күйме қайта тоқтады. Оливер терезеге қараған. Қуанышты күтуден жиналған көз жасы бетінен тарам-тарам ағып жатты.
Тек ақ үйде иелері жоқ болатын, терезеден «жалға беріледі» деген тақтайша көрінді.
— Келесі есікті қағыңыз, — деп дауыстады мистер Лосберн Оливердің қолынан ұстап. — Көрші үйде тұрған мистер Браунлоудың қайда кеткенін білмейсіздер ме?
Қызметші әйел одан хабарсыз екен, тек біліп беруге қарсылық етпеді. Ұзамай ол қайтып келді де мистер Браунлоудың дүние мүлкін сатып, бір жарым ай бұрын Вест-Индияға жүріп кеткендігін айтты. Оливер қолын сығымдап, отырғыштың арқалығына шалқая берген.
— Экономкасы да кетіп қалып па? — деді аз үнсіздіктен соң мистер Лосберн.
— Иә, сэр, — деп жауап қатты қызметші әйел. — Қарт жентльмен, экономкасы және мистер Браунлоудың досы тағы бір жентльмен бәрі бірге кетіпті.
— Олай болса, үйге тартыңыз, — деді мистер Лосберн көшірге, — мына қарғыс атқыр Лондоннан шыққанша аттарды жемдеуге де тоқтамаңыз.
— Ал кітап сатушы ше, сэр? — деген Оливер. — Оған барар жолды білем. Сонымен жолығыңызшы.
— Бейшара балам, бүгінгі бетіміздің осы қайтқаны да жетер, — деді мистер Лосберн. — Екеуіміздің де осы тойғанымыз жетер. Егер біз кітап сатушыға барсақ, міндетті түрде оның өліп қалғанын, яки үйі өртеніп, болмаса бір жаққа тайып тұрғанын ғана білеміз. Жоқ, тіке үйге қайталық.
Сөйтіп доктордың шұғыл талабымен бұлар үйге оралған.
Осы түңілушілік Оливерге бақытты шағының өзінде көн қайғы-қасірет ала келген. Науқастанып жатқан уақытында ол неше мәрте өзіне мистер Браунлоу мен миссис Бэдуин не айтар екен, қандай қуаныш бұл өзі деген қиялмен алдандыратын өзін— оларға көрсеткен қайырымдылықтары мен қапылыста аңдаусыз көз жазып қалғаны жайлы қаншама күндер мен түндер бойы ойлағандығын әңгімелемек еді. Өзін күшпен алып кеткендігін айтып, ақталам ба деген үміт оны басынан өткен сын сағаттарда дем беріп, қолтығынан демегендей еді; енді олар алысқа кетіп қалды. Әрі мұны алдамшы, әрі ұры деген сенімде кетуі, бұл сенімді өмірінің ақырына дейін теріске шығармауы да мүмкін деген ой жанын жегідей жеген-ді.
Дегенмен, мұның бірі де қамқоршыларының бұған деген қарым-қатынасына ешбір өзгеріс әкелген жоқ. Тағы екі апта өткен, күн жылынып, ағаштар жасыл жапырақ жамылып, гүлдер шешек жарған кезде Чертсиден бірнеше айға кетуге жолға қам жасала бастаған. Феджиннің көкейіне күрт түсірген асхананың күмісін банкке өткізін, үйді Джайлс пен тағы бір қызметшінің қарауына қалдырып, олар қаладан бірқыдыру жердегі коттеджге келген. Оливерді де өздерімен ала кетті.
Хош иісті ауа мен көгілдір қиыр, ну орман қоршаған алыстағы деревнядағы науқас балақай сезінген қуаныш пен масаттануын, жан тыныштығын кім суреттеп жаза алсын? Тап-тар, у-шулы қалалардың қажыған тұрғындарының жан түкпіріне әлем мен тыныштық көрінісі қалай орын теуіп, жүрегіне қалай бойлағанын кім әңгімелеп бере алар? Өзінің бүкіл хикметті ғұмырын халқы құрттай құжынаған, тар көшелерде өткізіп, ешқандай өзгеріс аңсамаған, әдеті болмысының,екінші қырына айналып, күнделікті серуеннің шекарасы боп кеткен әрбір кірпіш пен тасын өлердей сүйетіндер де — тіпті солар да ажал құрығын салар шақта, ақыры Табиғат ананың жүзіне сығалап болса да бір көз тастауды армандай бастайды; бұрын өздері қайғырған да, қуанған да жерлерінен жырақтасымен-ақ тұрмыстың жаңа беліне қадам басқандай болады. Күнде жап-жасыл бір күн сәулесіне бөленген көгалға шыға келгенде, мөлдір аспан, төбелер, алқап, жарқыраған су көздеріне тосыла кеткен сайын көкіректерінде керемет суреттер оянатыны сондай, тіпті о дүниені сезіну де жандарын тыныштандырып, олар бірнеше сағат бұрын ғана ұйықтайтын бөлмелерінің терезесінен батқан күннің әлсіз шапағын бақылағандары тәрізді көрге де алаңсыз кіре беруге бейім еді. Бейбіт деревня көріністері шақырған еске түсірулер ол әлемге, оның ниеті мен үмітіне жат еді. Жанымызды жайландырып, олар бізді өзіміз сүйген жандардың қабірлеріне жас гүл өруге үйретеді, ақыл-ойымызды тазартып, бұрынғы жаулық пен жеккөрушілікті сылып тастайды.
Бұлар келген жер бір ғажап еді. Алба-жұлба тобырдың, у-шу балағат сөздің ортасында өскен Оливерге мұнда жаңа өмір басталғандай көрінді. Раушан мен ырғай мекен-жайдың қабырғасына тіреліп, шырмауық ағаш діңдерін орап алған, ал бақтағы гүлдер ауаны хош иіске бөлеп тұр. Қол созып жерде кішкентай бейіт тұр, онда абажадай тұрпайы құлпытастар жоқ, тек қана шым қыртысты, мүк басқан төбешіктер ғана. Онда деревня қарттары қойылған. Өз анасы жатқан аянышты қабірді есіне алып, Оливер осы жерді ылғи да кезіп жүретін, кейде отыра кетіп, ешкімге білдірмей жылап та алатын; бірақ көзін көгілдір аспанға тіккен ол анасын жер астында жатыр деп елестете алмайтын да, мұңайса да ащы өксікке бой алдырмай жылайтын.
Бақытты кезең еді бұл. Жарқын күндер уайым-қайғысыз өтіп жатты, түндер өзімен бірге уайым-қайғы да, қам-қаракет те әкелмеді, сұмдық түрмеде қалтырап тону да, жексұрын адамдармен араласу да жоқ-ты — баланың ойы жарқын да шат болатын.
Әр таң сайын Оливер жақын маңдағы шағын шіркеуде тұратын шашын ақ шалған қарт жентльменге барып жүрді, ол мұның хат тануын жетілдіруге жәрдемдесті, қарт жентльмен мейірім төге сөйлеп, бұған көп уақытын арнайтын да, Оливер оның көңілін табуға барын салып бақты. Содан кейін ол миссис Мэйли мен Розға еріп серуенге шығатын, олардың кітаптар туралы әңгімелеріне құлақ түріп, немесе солармен бірге әлдеқандай көлеңкеге жайғасын жас ледидің оқығанын тыңдайтын; ол әріптерді ажырата алмастай қараңғы түсіп кеткенше тыңдай беруге әзір еді. Бұдан соң бала өзінің баққа қарайтын шағын бөлмесінде келесі күнге сабақ даярлап, содан кеш түскенше жалықпай оқитын, бұдан кейін екі леди де серуенге аттанатын да, бұл да солардан қалмай, аналардың барлық әңгімелеріне құлақ түретін. Егер оларға қандай болмасын бір гүл ұнай қалса, ол қоймай жүріп үзіп әкелетін, егер олар бұл жүгіріп барып келердей жерде бір заттарын ұмыт қалдырса, бала үкідей ұшып барып оларға қызмет көрсете алса, өзін шексіз бақытты сезінетін. Әбден қараңғы түскен соң олар үйге оралатын, сөйтіп жас леди күйсандыққа отырып, тамаша әуендер ойнайтын немесе тәтейіне ұнайтын әлдебір ескі әнді сүйкімді дауысымен жайымен ғана айтып беретін. Мұндай жағдайларда шырақтар жағылмайтын, Оливер терезе түбінде отырып ғажайып музыкаға рахаттана құлақ түретін.
Ал жексенбіде ше? Бұл күн бала бұрын өзі өткізген күндерімен салыстырғанда мүлдем өзгеше еді. Осы бір бақытты кезеңнің әрбір күні тәрізді бұл түн де қандай бақытты күн еді шіркін! Таңертең шағып шіркеуде құлшылық ету, терезе сыртында ағаштар сыбдыр қағып, құстар сайрап, хош иісті ауа аласа-есіктен кіріп, қарапайым үй-ішін толтырып жіберетін. Мұнтаздай таза, ұқыпты киінген кедейлер құрметпен тізе бүгіп, мұнда амалсыздан бірге жиналған кейіпте емес, аса ықыластық танытатын; ал шынайы сезіммен естіген ән болса, Оливерге бұрынғы естігендеріне әлдеқайда әуезді көрінетін-ді. Бұдан соң әдеттегідей серуендер және жұмыскер жұрттың тап-таза үйлеріне кіріп тығу, ал кешкісін Оливер апта бойы оқыған Таураттың бір-екі тарауына көз жүгіртіп шығып, өзін священниктен де гөрі бақытты да, еp сезінетін!
Сағат таңғы алтыда Оливер аяғынан тік тұратын. Ол даланы, бұта-бұталарды шарлап, дала гүлін іздестіретін, соны құшағына толтырып алып, үйге оралатын, енді таңғы асқа столды безендіру үшін ұқыптылықпен гүл шоғын жасауға болатын-ды. Миссис Мэйлидің үй құстары да бар еді. Оливер ұқыптылықпен олардың торын тазалайтын, бұл өнерді ол приходтағы тәжірибелі клерктен үйренген-ді. Бұл шаруа тамамдалған соң, оны әдетте біреуге қолқабыс ету үшін деревняға жіберетін немесе көгалда крикет ойынын ұйымдастыратын, ал кейде бақта қандай да бір жұмыс бола қалса, Оливер (бұл шаруаны да ол мамандығы бағбан сонау кісіден үйренген еді) мисс Роз келіп қалғанына шын ықыласымен көңілдене сонымен айналысатын. Сол ісі үшін мыңдаған мақтау сөздер айтылып жататын.
Осылайша үш ай зулап өте шықты — ең өмірі сәтті, рақатта өткен пенденің өзі үшін де шексіз бақыт көрінетін, ал Оливерді ерекше бақыт нұрына бөлеген үш ай. Бір жағынан аса таза, мейірімді ақкөңілділік, екінші жағынан — ең шынайы, ынтық та терең алғыс сезімі. Осы қысқа мерзім ішінде Оливер Твистің қарт леди мен оның жиеніне әбден бауыр басып кеткендігі ғажайып іс емес қой, оның сезімтал жас жүрегінің жалынды махаббаты өтеуін тауып, аналар да балаға әбден үйір болып, оны мақтаныш ететін болды.
XXXIII ТАРАУ
Оливер мен оның достарының бақытты өміріне күтпеген жерден қауіп төнеді
Көктем өтіп, жадырап жаз келді. Деревня бұрын да сұлу болса, енді бар байлығын жадырата көзге тосты. Бұрын бүрісіп тұратын жалаңаш нән ағаштарға жан кіріп, жасыл қолдарын шөліркеген жер ананың үстіне бүркеп, ашық, тақыр жерлерді салқын көлеңкелі саяжайға айналдырды, осы арадан күн шуағы құйылған кең жазықты тамашалауға болар еді. Жер өзінің ең әсем жасыл көйлегін киіп, жұпар шашты. Жылдың ең тамаша шағы келіп — табиғат шаттыққа бөленді.
Кішкентай коттедждегі өмір де тып-тыныш, жаймашуақ өтіп жатыр, тұрғындарының да жандары жай еді. Оливер әбден сауығып, бойының бекігеніне де біршама уақыт болған, бірақ ол ауру болсын, сау болсын қоршаған жұрттың оған деген көзқарасы титтей де өзгерген жоқ. Ол меңдеген ауру мен азан әл-қуатын азайтып, өзін күтіп аялаған жандардың қолына қарап қалған кезіндегідей момақан, сүйкімді, тілалғыш бала боп қала берді.
Бірде, әсем кеште, күн жылы болған соң олар күндегіден серуенге алысырақ шыққан; ай сәулесін төгеді, самал желмен төңіректен салқын леп есті. Роздың да көңілі көтеріңкі еді, жарасымды әңгіме-дүкенмен әрі қарай жүре бергенде, күндегі серуен орнынан біршама ұзап кеткен. Тек миссис Мэйли шаршағанын сезінген соң, олар жаймен аяңдап үйге оралды.
Жас леди шляпасын шешіп, әдеттегіше фортепьяноға отырған. Бірнеше секунд бойы ол саусақтарын клавиш бойымен жүгіртіп өтті де, сонан соң жаймен салтанатты күй ойнай жөнелген; ол ойнап отырғанда бұларға қыз жылап отырған тәрізді көрінді.
— Роз, қымбаттым менің! —деп дауыстап жіберген қартаң леди.
Роз ләм-мим деген жоқ, бірақ әлгі сөздер оны бір ауыр ойларынан ажыратқандай тездетіп ойнай бастаған.
— Роз, қымбаттым, — деп айқайлап жіберген миссис Мэйли орнынан асыға тұрып, қызға еңкейді. — Не боп қалды? Жылағанбысың? Қымбатты балам-ау, сені ренжіткен не нәрсе?
— Ештеңе емес, тәтей, ештеңе емес! — деп жауап қатты жас леди. — Мен мұның не екенін білмеймін... айта алмаймын... бірақ сезінемін...
— Ауырып қалған жоқпысың, қымбаттым? — деп сөзін бөліп жіберді миссис Мэйли.
— Жоқ, жоқ! О жоқ, мен ауру емеспін! — деп жауап берген Роз, әйтсе де осы сөзден кейін ажал салқынын сезгендей дір ете түскен. — Қазір халім жақсы. Пердені жаба қойыңыздаршы!
Оливер қыздың өтінішін орындауға асықты. Жас леди бұрынғы шат күйіне қайта келу мақсатымен көңілдірек сазға ауысып еді, бірақ саусақтары клавиш бетінде дәрменсіз тұрып алды. Алақанымен бетін басып, диванға отыра кетті де, көз жасына ие бола алмай, солқылдап қоя берді.
— Құлыным! — деп дауыстап жіберді қартаң леди қызды аймалап. — Мен сенің мұндайыңды бұрын-соңды көрмеген едім.
— Егер шамам келсе сіздің мазаңызды алмас едім, — деді Роз. — Мен қаншалықты тырысып бақсам да, ештеңе шығара алмадым. Шынында да ауырып қалдым ба деп қорқамын, тәтей.
Қыз расында да ауырып қалған еді: бұлар шырақ алып, қайтып келген уақыттың ішінде оның жүзі мәрмәрдей қуарып кетіпті. Бұрынғысынша сұлу жүзі сәл бұзылып түр еді. Енді бірер минуттан кейін жүзі нарттай қызарып, мейірімді көгілдір көздері жалт ете қалды. Сонсоң мұның барлығы көлеңкедей жоғалып кетті де, өңі қайта қуарып кетті.
Қартаң ледидің бет-жүзін әбігерлене бақылаған Оливер, оның бұл құбылысқа мазасының бек кеткенін байқаған; шынын айтқанда, оның да мазасы кеткен болатын, бірақ ледидің бұған мән бермеуге тырысқанын көрген соң, бұл да солай істеді. Ақыры Роз тәтейдің кеңесімен ұйықтауға кеткенде, көңілі де едәуір көтеріліп қалған-ды, бұларға қазір тіптен де науқас емеспін, сап-сау айығатындығыма шүбәм жоқ деп сендіріп қойған.
— Қорқатын ештеңе жоқ шығар деп үміттенемін, —- деді Оливер миссис Мэйли оралған соң, — түрі ауырған адамдікіндей, дегенмен...
Қартаң леди оған үндеме дегендей белгі берді де, бөлменің қараңғылау бұрышына отырып алып, жұмған аузын ашқан жоқ. Ақыры ол дірілдеген даусымен;
— Мен де солай деп үміттенемін, Оливер. Бірнеше жылдар бойы мен онымен өте бақытты болдым, мүмкін шексіз бақытты ма екен. Маған да қайғы шегер уақыт келетін шығар, бірақ бұл жолы болмас деп үміттенем.
— Не? — деп сұрады Оливер.
— Ауыр соққы, — деді қарт леди, — менің жұбанышым мен бақытым болған қымбатты қызымнан айрылу.
— О, құдай сақтай гөр! — деді Оливер жалма-жан.
— Әумин, балам, — деп қолын қусырынды қартаң леди.
— Бірақ ешқандай қауіп жоқ, жаман ештеңе болған жоқ қой? — деп дауыстаған Оливер. — Екі сағат бұрын, ол сап-сау еді ғой.
Қазір ол қатты науқас, деді миссис Мэйли. — Халі әлі де нашарлайды, мен оны білем. Қымбаттым, қымбаттым менің Роз! Онсыз күнім не болар екен?
Уайымының үлкен болғаны соншалық, өз үрейін білдірмеуге тырысқан Оливер жас леди үшін буыныңызды бекіте көріңіз деп оған жалына бастаған.
— Өзіңіз ойлаңызшы, сударыня, — деді Оливер, қаншалықты сыр бермеуге тырысқанмен жасы көзіне тіреліп, — сіз оның қаншалықты мейірімді әрі уыздай жас екендігін ойлаңызшы, өз төңірегіндегілеріне қаншалықты қуаныш пен жұбаныш сыйлайтынын ойлаңызшы. Мен білем, мен кәміл сенемін, ол сіз үшін, сондайлық мейірімді өзі үшін, өзі бақыт сыйлаған өзгелер үшін оның өлмейтіндігіне мен сенемін! Құдай өзі жар болар.
— Тыныш! — деді миссис Мэйли, қолын Оливердің басына салып. — Сорлы бала сенің сөзің кішкене сәбидікіндей. Дегенмен сен маған борышымды есіме салып тұрсың. Бірер минут ол есімнен шығып кеткен екен, Оливер, бірақ мені кешіруге болар деп үміттенемін, өйткені, мен қартайдым, ауру-сырқау, өлім-жітімді де бір басыма жетерліктей көрдім, жақсы көретін адамдарыңнан айырылысу азабын да білемін. Бұл қайғымыздың жұбанышы болсын, көкте құдай әділ ғой, бұл дүниеден гөрі о дүние әлдеқайда жақсы, о дүниеге өту де жылдам болмақ! Бәрі де бір құдайдың құзырында! Мен оны сүйемін, бір құдай куә, мен оны қандай сүйетіндігіме!
Осы сөздерді айтқан соң, миссис Мэйлидің бойын жиып, өзіне-өзі келіп, ұстамды бола қалғанына Оливер таңдана қараған. Және бұл ұстамдылықтың науқасты күтудің толып жатқан қам-қарекетіне қарамастан ұзаққа созылғандығына ол одан әрі таңдана түскен. Өз міндетін ширақ орындаған миссис Мэйли байсалды қалпында қала берді. Бірақ бала жас еді, сол себепті мұндай ауыр сындарға тек рухы күштілер ғана төтеп беретінін білмейтін. Және тіпті бұл турасында рухы күштілердің өзі де сирек сезетіндіктен ол қайдан білсін.
Қорқынышты түн келді. Таңертеңіне өкінішке қарап миссис Мэйлидің айтқаны келді. Роздың қызуы қатты көтеріліп ауырып қалды.
— Оливер, біз текке қолымызды қусырып, пайдасыз қайғыға беріліп отырмауымыз керек, — деді миссис Мэйли саусағын ерніне тигізіп, баланың бетіне тесіле қарап. — Мына хатты мүмкіндігінше жедел мистер Лосбернге жөнелту керек. Мұны рыногы бар қалашыққа апару керек, — даладағы жалғыз аяқ жолмен жүрсе бұл арадан небәрі төрт мильдей жер, ал қалашықтан мұны атпен Чертсиге жеткізеді. Мұның бәрі қонақүйде орындалады, ал мен бәрі де ойдағыдай болады ғой деп саған сенем. Мұны білем мен.
Оливер ештеңе деген жоқ, бірақ оның кідірмей жолға шығуға дайын отырғаны белгілі еді.
— Міне тағы бір хат, — деп миссис Мэйли ойланып қалды. —Қазір жіберсем бе, жоқ Роздың науқасының бетінің қалай боларын байқап күте тұрам ба? Әлде қалай болады деп қауіптенбегенде, мен мұны жібермес те едім.
— Мұны да Чертсиге ме, сударыня, — деп сұрады тапсырманы тезірек орындауға тағаты қалмаған Оливер дір-дір еткен қолын хатқа соза беріп.
— Жоқ, — деді қарт леди, бұған хатты ұсына беріп.
Хатқа көзін тастаған Оливер оның эсквайр Гарри Мэйлиге, өз мекенжайында тұратын белгілі лордқа жазылғанын көрді, бірақ қай жер екендігін анықтай алмаған.
— Мұны да жөнелтейін бе, сударыня? — деп шыдамсыздана сұрады Оливер, көзін жоғары көтеріп.
— Жоқ, қажеті болмас, — деп жауап қатты миссис Мэйли, хатты қайта алып жатып.
— Ертеңге дейін күтейін.
Осы сөзден кейін ол Оливерге әмиянын ұсынды, бала енді бөгелмей, тез-тез басып жүріп кетті.
Ол даламен, ара-арасында соқпақ жолмен; бітік шыққан егіннің арасымен, кейде шөбін шауып, шөмелелеп үйіп жатқан шабындықпен келеді; тек анда-санда бірер секунд тыныс алу үшін аз-кем аялдайды да, ақырында, үсті-басы шаңға бөгіп, қызара бөртіп кішкентай қаланың рынок алаңынан келіп шықты.
Осы арада бала тоқтап, қонақүйді көзімен іздестіре бастады. Алаңда банктің ақ үйі, сыра қайнататын қызыл үй және жасыл ратуша орналасқан екен, ал бұрышта жасыл бояумен сырланған үлкен ағаш үй тұр, алдында «Джордж» деген жазуы бар. Оливер көре салысымен осы үйге қарай тұра ұмтылды.
Бала табалдырықта қалғып отырған форейтормен тілдесіп еді, ол мұны тыңдап алып, атшыға, ал анау болса көк галстукты, ақ шляпалы, қара шалбар мен қонышы қайырмалы етік киген қонақүйдің қожайынына жіберді. Ол атқораның қақпасының алдындағы насосқа сүйеніп, күміс шұқығышпен тісін тазалап тұр екен.
Әлгі жентльмен аспай-саспай есеп жазу үшін буфетке кіріп, талай уақытын жоғалтты, есеп дайын болып, ақшасы төленген соң, ат ерттеп, кісінің киінуі керек еді, оған да он минуттай уақыт кетті. Әбден шыдамы таусылып, әбігерленген Оливер атқа өзі қарғып мініп, келесі станцияға тұра шабуға даяр еді. Ақыры бәрі де әзір болды. Шағын пакетті тезірек жеткізе көріңіз деген жалынып-жалпаюмен табыс етілген соң, әлгі кісі атын тебініп қалып, рынок алаңының тегіс емес көшесімен желе жөнелді, енді бір-екі минуттан кейін ол қаланың сыртына шығып, жолмен заставаға тартып бара жатты.
Жәрдемге кісі жіберілді, бір минут те зая кеткен жоқ деген ой көңіліне демеу болып, жүрегі орныққан Оливер қонақүйдің ауласымен жүгіре жөнелді. Қақпа алдында ол аңдаусызда тап сол сәтте қонақүйден шығып келе жатқан ұзын бойлы, үстіне шекпен киген біреумен соқтығысып қалды.
— Охо! —деп даусы шығып кетті Оливерге көзі түсіп кеткен әлгі кісі кенеттен шегіне беріп. — Сайтан алғыр, мұнысы несі?
— Ғафу етіңіз, сэр, — деді Оливер. — Мен үйге асығып келе жатып, сіздің шыққаныңызды байқамай қалдым.
— Қарғыс атсын! — деп міңгірледі әлгі адам бақырайған қара көздерімен баланы ішіп-жеп. — Кімнің ойына келген! Мұны ұнтап жіберсең де, жолыма көлденең тұру үшін тас табыттан да ытқып шығады.
— Кешіріңіз, — деді әлгі түсініксіз адамның есалаңның қарасындай көзінен қысылған Оливер тұтығып. — Сіздің еш жеріңіз ауырып қалған жоқ па?
— Сайтан алғыр! — деп тісін қайрады анау, жынданғаннан өзіне-өзі келе алмай. — Егер бір сөз айтуға батылдығым жеткенде, сенен бір-ақ түнде құтылар едім. Жетпей жер жастанғыр, сайтанның баласы! Мұнда не істеп жүрсің?
Еш байланыссыз аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әлгі адам жұдырығын сілкіледі. Ұрмақ болғандай ол Оливерге қарай аттай берді де, кенет жерге ұшып түсіп, аузынан ақ көбігі ақтарылып, бүгілді де қалды.
Бір сәтке Оливер жындының (ол мұны кәміл жынды деп ойлады) құрысып-тырысуына қарап қалды да, содан кейін көмекке шақыру үшін үйге қарай жүгірген. Оны аман-сау қонақүйге әкелгеніне көзі жеткен соң, үйіне қарай барын салып тұра жүгірген Оливер қорықпаса да, жаңағы адамның тұрпайы қылығына аң-таң болып келе жатты.
Әйткенмен, бұл оқиға оны пәлендей толғандырған жоқ, ол коттеджге қайта оралғанда өзі туралы ойдың бәрін сырып тастарлықтай оқиға жеткілікті еді.
Роз Мэйлидің халі тіптен нашарлапты, түнге қарай қыз сандырақтай бастаған. Осы маңайда тұратын дәрігер оның төсегінен ұзаған жоқ; науқасты қарап шыққан соң, миссис Мэйлиді былайырақ алып шығып, аурудың қауіпті екенін айтты.
— Егер сауығып кетсе, бір керемет болғандығы, — деді ол.
Бұл түні Оливер қанша мәрте төсегінен тұрып, ұрлана басын, сатыға шығып, науқастың бөлмесі жақтан шыққан сәл дыбысқа құлағын түрді десеңізші! Асыға басқан аяқ дыбысынан ойлаудың өзіне қорқатын нәрсе болып қалды ма деп қауіптеніп, қаншама рет тұла бойы дір етіп, маңдайынан суық тер шықты! Оның бұрын оқыған жалынды дұғаларын қазіргі сәтте көрдің жиегінде тұрған талдырмаш қыздың өмірі мен денінің саулығы үшін мұңға батып, шарасы таусыла оқыған дұғасымен салыстыруға бола ма!
О, өзіміз өле сүйетін жанның өмірі таразы табағына түскенде қолыңнан еш нәрсенің келмеуі қандай сұмдық азап еді десеңізші! Миға сыймаған осы азапты ойлар жүректі қатты соқтырып, ауыр дем алғызады! Қолдан келмейтін дүниенің қауіпін азайтып, азабын жеңілдету үшін не болса да бірдеңе істеуге деген жалынды тілек; өз дәрменсіздігіміз еске түскендегі жан түңілісі — қандай азап мұнымен тең түсер екен, қандай ойлар, қандай күш аса қиын, жүрек өртер минуттарда осыны жеңуге шамасы келеді?
Таң атты, ал кішкентай коттеджде бәрі де тып-тыныш еді. Сыбырласып қана сөйлеседі. Әлсін-әлсін қақпа алдынан үрейленген адамдар көзге шалынады, әйелдер мен балалар көздеріне жас алып кетіп жатыр. Осы бір ұзақты күннен түн ортасына дейін бақта жүрген Оливер минут сайын дір-дір етіп, науқастың бөлмесіне қарай береді, оған бұл жерге ажал қанды шеңгелін қадағандай көрінген. Ымыртта мистер Лосберн келген.
— Қандай қиын еді! — деді қайырымды доктор бетін теріс бұрып. — Уылжыған жас, жұртқа сүйкімді. Бірақ жазылудан үміт өте аз.
Тағы да таң келген. Күн сәулесін аямай төгіп түр, бейне табиғатта ешбір қам-қарекет, уайым-қайғы жоқ сияқты, төңіректе жайнаған жапырақтар мен гүлдер, өмір мен денсаулық — шат-шадыман дауыстар мен суреттер, ал әдемі жас қыз гүлдей солып барады. Оливер ескі зиратқа келді де, жап-жасыл төбешікке отырып, тып-тыныш жерде қыздың тілеуін тілеп, жылап отырды.
Төңірек сондайлық тып-тыныш та әдемі еді, күн сәулесі сүйген төңірек те соншама қуанышты көрінді, жаз құстарының әндерінен де сондайлық көңілді сырлы-саз естіледі, төбеден жаймен қалықтап ұзақ қарға өтіп бара жатты, төңірек тіршілік пен шаттыққа бөгіп тұр, басын көтеріп, жасаураған көзін төңірегіне тастаған бала кенеттен, қазір өлімнің уақыты емес екендігін, айналаның бәрі ешқандай қам-қарекетсіз, шат-шадыман шақта, Роздың, әрине, өлуі мүмкін емес, көр қазатын уақыт сұп-суық, жан жабықтырар қысқы кезде ғой, ал қазір бәрі күн сәулесіне шомып, хош иіске тұнып тұр деп ойлады. Кенет ол ақырет те қаусаған шалдар үшін ғой, ал ешуақытта жап-жас, тамаша денені орап алуы мүмкін емес деп пайымдаған.
Жаназаға қағылған шіркеу қоңырауының үні баланың қиялын тұрпайылықпен бөліп жіберген. Тағы қағылды! Тағы да! Ол жаназа рәсімін жариялап жатты. Қақпадан ақырғы сапарға шығарып салуға кіре берген аз ғана топ, олар ақ бант байлап алыпты, өйткені өлік жас адам еді, қабірдің шетінде жалаңбас тұр: жылаулардың арасында баласынан айрылған ана да бар. Бірақ күн нұрын аямай төгіп, құстар сайрап жатты.
Оливер жас ледиден өзінің қаншама жақсылық көргендігін есіне түсіріп, сол бақытты шақ қайта келсе екен, сонда қызға алғысым мен қаншалықты берілгендігімді қажымай-талмай дәлелдер едім деп армандаумен үйге қарай ілбіп келе жатты. Баланың немқұрайдылығы, ықылассыздығы үшін өзіне кінә қояр реті де жоқ еді — ол қызға ынты-шынтымен қызмет ететін, әйтсе де, оған бұдан гөрі көбірек жігерлене, құлшына кірісуім керек еді-ау деген жүздеген ұсақ-түйектер есіне түсіп, соны істей алмағандығына қатты өкінді. Біз өз төңірегіміздегілермен қарым-қатынасымызда өте байқампаз болуымыз керек, өйткені, әрбір өлім тірі қалған кішкентай тобымызға қаншама дүниенің текке өткені, қаншама аз әрекет істелгені, қаншама нәрсенің ұмытылып, енді ештеңені өзгертуге болмайтындығы турасында ой түсіріп кетеді. Шарасыздан опық жеуден асқан қатал өкініш жоқ; егер біз өзімізді осы азаптан құтқарғымыз келсе, кеш болмай тұрып осы жайлы ойланайық.
Ол үйге оралғанда миссис Мэйли кішкентай қонақ бөлмеде отыр екен. Оны көрген кезде Оливердің жүрегі мұздап кетті, әйел қыздың төсегінен бір рет те ұзаған жоқ еді, бала оның не себепті науқасты қалдырып кеткенін ойлаудың өзінен қорықты. Бала Роздың қатты ұйқыға кеткендігін, оянған соң сергіп тұрады да жазылып кетеді, я бұлармен қоштасып көзін жұматынын естіді.
Бірнеше сағаттар бойы олар тың тыңдап, сөйлесуден жасқанысып отырды. Түскі тағамды қол тигізбеген күйі әкетті; күннің көкжиекке еңкейе беріп, ақыры ымырт үйірілгенін хабар еткендей аспан мен жерді қызыл нұрға бояғанын бақылап отырған олардың ойы мүлдем шалғанда болса керек. Олардың сақ құлақтары асыға басып келе жатқан аяқ дыбысын ести қойған. Бұлар еріксіз есікке тұра ұмтылды, мистер Лосберн кірді.
— Роз не күйде? — деп айқайлап жіберді қарт леди. — Бірден айтыңызшы, мен бәрін де көтерем, белгісіздіктен басқаның бәрін де көтерем! Құдай үшін айтыңызшы!
— Сіз өзіңізге өзіңіз келуіңіз керек! — деді доктор оны сүйемелдей беріп, — өтінемін сізден сударыня, тынышталыңыз, қымбаттым!
— Жіберіңіз мені, құдай үшін! Қымбатты балам-ай! Ол өліп қалды ма? Өлгелі жатыр ма?
— Жоқ, — деп қызулана дауыстады доктор. — Құдайдың рақымы кең, ол біздің қуанышымызға әлі ұзақ жасайды!
Тізерлеп құлай кеткен леди, қолын көкірегіне апармақ еді, бірақ ұзақ уақыт бойын бекіткен күш-қайраты аузынан шыққан алғыс дұғасымен бірге кетті де, әйел досының қолына жантая берді.
ХХХІV ТАРАУ
Сахнаға шыққан жас жентлъмен жайында бірқатар мағлұматтар береді, сондай-ақ Оливердің басынан кешкен жаңа оқиғасы
Бұл жүрек жарарлық қуаныш еді. Күтпеген хабардан Оливердің есі шығып, құлағы бітіп қалғандай болды. Ол жылай да, сөйлей де, дем ала да алмады. Болған оқиғаға зорға түсінген ол кешкі ауаны құмыға жұтып, ұзақ уақыт сенделіп жүрді, ақыры ағыл-тегіл төгілген көз жасы оған жеңілдік әкелді де, ол кенет ұйқыдан оянғандай бастан өткен қуанышты өзгерістің, иықтарынан түскен жүктің салмағының қаншалықты ауырлығын жаңа ғана толық сезінгендей еді. Науқастың бөлмесіне қою үшін аса ұқыптылықпен жасалған гүлдерді көтеріп бала үйге оралғанда ымырт үйіріліп қалған еді. Жолмен сергек басын келе жатқан ол арт жағынан зымырап келе жатқан арбаның салдырын есітті. Бұрылып қараған бала жылдам жақындаған почта күймесін көрді, жол тар еді, аттар cap желіп келе жатқандықтан оны өткізіп жіберу үшін әлде бір қақпаға шегініп сүйене берген.
Күйме өзімен қатарласқанда Оливер басына түнгі ақ қалпақ киген кісіні көрді, оның жүзі бұған таныс сияқты көрінген, бірақ бір ғана сәтте қылаң ете қалғандықтан кім екенін жыға тани алмаған. Екі секундтан кейін түңгі қалпақ күйме терезесінен сыртқа шықты да, қатқыл дауыспен көшірге тоқтауға бұйырды, анау ағындаған аттардың басын зорға тежеп, әлгінің әмірін орындады.
— Бері келші! — деп айқайлады дауыс. — Оливер, не жаңалық бар? Мисс Роз қалай? Оливер!
— Джайлс, бұл сіз бе? — деп даусы шығып кеткен Оливер күйменің есігіне жүгіріп келген.
Джайлс түнгі қалпағын қайта шығарып, жауап беруге ыңғайлана беріп еді, кенет оны күйменің бұрышында отырған жас жентльмен ысырып жіберді де, не жаңалық барын шыдамсыздана сұраған.
— Бір ғана сөзіңді айт! —деп айқайлады жентльмен. Халі жақсы ма, жаман ба?
— Жақсы, әжептәуір жақсы! — деп жауап беруге асықты Оливер.
— Құдайға шүкір! — деді жентльмен дауыстап. — Сенің көзің анық жетті ме?
— Әбден сенімдімін, сэр! —деді Оливер. — Бірнеше сағат бұрын халі нашарлап еді, енді мистер Лосберн барлық қауіп артта қалды деп отыр.
Жентльмен бір ауыз сөз айтпастан, есікті ашты да күймеден секіріп түсіп, Оливерді қолтығынан ұстап, былайырақ алып шықты.
— Сен әбден сенімдімісің? Сен қателескен жоқпысың, балақай? — деп сұрады ол даусы дірілдеп. — Өлімсіреген үмітті оятып, мені алдамай-ақ қой.
— Мен ешуақытта олай істемес едім, сэр, — деп жауап қатты Оливер. — Шын айтам, маған сенуіңізге болады! Мистер Лосберн былай деді: «Ол біздің қуанышымызға әлі ұзақ жылдар өмір сүреді». Мен солай дегенін өз құлағыммен естідім.
Шексіз бақыт сыйлаған осы минут есіне түскенде Оливердің көзіне жас келе қалған; ал жентльмен үн-түнсіз теріс қарады.
Оливерге ол міңгірлеп тұрғандай көрінген, бірақ ананың көкірегінде не боп жатқанын жаза баспай танып, бірдеңе деп кедергі жасаудан қорыққан бала шеткерек тұрып, қолындағы гүлмен айналысқан әлпет танытты.
Бұл кезде күйменің ішінде отырған басында түнгі ақ қалпағы бар мистер Джайлс қос шынтағын тізесіне таянып, көзін қағаз қол орамалмен сүртіп жатты. Сорлы мұны әдейі істеген жоқ еді — бұған жас жентльмен кері бұрылып, анамен тілдескен кездегі мұның көзінің қатты қызарып кеткендігі куә бола алатын.
— Джайлс, сіздің күймеге мініп, шешеме бара бергеніңіз дұрыс болатын шығар, — деді жігіт. — Ал мен онымен кездесер алдында біраз жаяу жүріп алсам ба деп едім. Сіз оған мені қазір келеді деңіз.
— Кешірім өтінемін, мистер Гарри, — деді Джайлс, әбігерленген жүзін қол орамалымен сүртіп жатып, — егер сіз осы тапсырмаңызды форейторға берсеңіз, мен сізге қатты риза болар едім. Қызметші әйелдердің көзіне мынадай кейіппен түскенім мүлде жарамайды, сэр... Мен олардың алдында бар беделімнен жұрдай болам ғой.
— Жақсы, — деді Гарри Мэйли жымиып, — еркіңіз білсін. Солай қажет десеңіз жүктермен ол бара берсін, ал сіз бізбен бірге жүріңіз. Бірақ алдымен мына түнгі қалпағыңызды бір дұрысырақ бас киіммен алмастырыңызшы, әйтпесе бізді есінен адасқандар екен деп қалып жүрер.
Жараспайтын бас киім жөнінде ескерту алған мистер Джайлс түнгі қалпағын басынан сыпырып алып, қалтасына сүңгітіп жіберді де, оның орнына күймеден алып шыққан байсалды әрі қарапайым үлгіде тігілген шляпасын киіп алды. Форейтор әрі қарай жүріп кетті; Джайлс, мистер Мэйли және Оливер асықпай оның соңынан ілесті.
Жолшыбай Оливер жаңа келген кісіге әуесқойлықпен көз жүгіртті. Түріне қарағанда ол жиырма бестерде еді, орта бойлы, сұлуша жүзді, жұртпен өзін емін-еркін, қарапайым ұстайды. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, ол қартаң ледиге қатты ұқсайтын еді, тіпті ол әйелді шешем деп еске салмағанның өзінде Оливер олардың жақындықтарын жазбай таныр еді.
Ол коттеджге таяп келгенде, миссис Мэйли ұлын шыдамсыздана күтіп тұр екен. Кездесу кезінде аса толқулы еді.
— Шешетай, — деп сыбырлады баласы, — маған неге бұрынырақ жазбадыңыз!
— Мен жазып ем, — деді миссис Мэйли, — бірақ ойлап-ойлап, мистер Лосберннің пікірін есіткенше хатты жібермей тұра тұруды мақұл көрдім.
— Не үшін, — деп сөзін жалғады жас жігіт. — Сәл ғана болмай қалған нәрсе болып та қалуы мүмкін еді ғой, тәуекел етіп қажеті не еді? Егер Роз... жоқ, қазір ол сөзді айта алмаймын... аурудың арты басқаға айналса, сіз өзіңізді өзіңіз қашан болмасын кешіре алар ма едіңіз? Мен сонсоң қайтадан бақытты бола алар ма ем?
— Жамандыққа ұшырасаң, Гарри, — деді миссис Мэйли, — сенің өмірің де тас-талқан болар ма еді деп қорқам, онда сенің бір күн бұрын яки кейін келгеніңнің пәлендей маңызы да болмас еді.
— Солай болған күнде де таңданатын не бар? — деп қарсылық білдірді жас жігіт. — Не үшін деудің керегі не? Бұл солай, тап солай... сіз мұны білесіз, шешетай, білуге тиіссіз.
— Meн білем, ол жігіт жүрегінің ең нәзік, ең таза махаббатына тұрады, — деді миссис Мэйли, — оның тұрақтылыққа бейім, нәзік сезімге толы жан дүниесі жеңіл-желпі емес, терең, әрі тұрақты сезімді көксейді. Егер мен мұны түсінбесем, оның үстіне сүйетін адамының өзінен сәл айнығанын білсе, ол қайғыдан құса боп өлер еді, мен де өз міндетімді соншалық қиын демей-ақ, тікелей борышымды орындауға жеңілдене кіріскен болар едім.
— Мұныңыз қатігездік қой, шешетай, — деді Гарри. — Сіз маған шынымен-ақ әлі күнге дейін өз жүрегінің бұлқынысы мен өз жанының ұмтылысын ұғынбаған бала есебінде қарайсыз ба?
— Меніңше, қымбатты ұлым, — деп жауап қатты миссис Мэйли, қолын оның иығына салып. — Жастыққа тән ізгілікті ұмтылыстар ұзаққа бара қоймайды, әрі олардың арасында көңілі тояттағаннан кейін бір ғана сәттік бұдан да қысқа сезімдер кезіге береді. Ал ең алдымен ойлайтыным,— деп сөзін жалғады леди ұлынан көз алмастан— шаттанған, албырт, намысқор жігіт арына дақ түскен қызбен некеге тұрса, анау оған кінәлі болмаса да тасжүрек, нашар адамдар оның өзін де, балаларын да жазалайды, жігіттің ортадағы мерейі үстем болған сайын әлгі дақты оның есіне түсіріп, табалайтын болады; меніңше, әлгі адам табиғатынан қаншалықты жүрегі үлкен, қайырымды жан болғанымен, күндердің күнінде жас шағындағы қосқан тағдырына опық жеуі де мүмкін. Ал оны сезген әйел де азап шегеді.
— Шешетай, — деді жас жігіт шыдамсыздана сөйлеп, — бұлай істеген адам еркек деген атқа, әрі сіз суреттеген әйелге лайықты емес.
— Сен қазір солай ойлаймысың, Гарри? — деп сұрады анасы.
— Мен әрқашан да осылай ойлаймын, — деді жас жігіт дауыстап. — Осы екі күнде менің тартқан жан азабым мойындатқан құштарлық кеше ғана пайда болмағанын, менің жеңілтектігімнің салдарынан тумағандығын сіз жақсы білесіз. Нағыз еркектің жүрегі әйелге қанша берілер болса, сүйкімді, момын қыз Розға менің жүрегім соншалықты бірілген. Менің барлық ой-қиялым, үмітім сонымен байланысты, бұл жолы маған бөгет болу арқылы менің жайбарақаттығым мен бақытымды желге ұшырасыз. Шешетай осыны және мен жайлы көбірек ойланып, осы бақытымды сыртқа тебе көрмеңіз!
— Гарри! — деп дауыстады миссис Мэйли, — мен осы ыстық, сезімтал жүректер туралы көп ойлаймын, сондықтан да олардың жараланбауын тілеп едім. Бірақ қазір бұл жайында жетерліктей айтылды ғой, тіпті артығымен жетерліктей...
— Олай болса Роздың өзі шешсін, — деп сөзін бөліп кетті Гарри. — Сіз өз көзқарасыңызды қуаттап, менің жолыма бөгет болмаймысыз?
— Жоқ, — деп жауап қатты миссис Мэйли, — тек мен сені әбден ойлансын деп ем...
— Мен ойландым! —деп шыдамсыздана жауап қайырды ұлы. — Шеше, мен жылдар бойы ойландым. Ой толғай алатын жасқа келгеннен бері ойладым мұны. Менің сезімім өзгермейді, ол қалады тап осылай. Неліктен мен азапты тосумен болам? Жоқ. Мен бұл арадан кетер алдында Роз мені тыңдауға тиіс.
— Ол тыңдайды, — деді миссис Мэйли.
— Сіздің сөз сыңайыңызға қарағанда, шешетай, ол мені салқын қабақпен тыңдайды-ау деймін, — деді жас жігіт.
— Жоқ, олай емес, — деп жауап қатты қарт леди. — Мүлде олай емес.
— Сонда қалай? — деп қадалды жас жігіт. — Ол өз жүрегін өзге біреуге ұсынған жоқ па?
— Әрине, жоқ, — деді шешесі. — Егер мен қателеспесем, ол сені сүйеді. Бірақ менің саған айтайын дегенім, — деп сөзін жалғады қартаң леди, сөйлемек болған ұлын тежеп, — осы тәуекелге бармас бұрын, арман қанатын байлап, самғай жөнелмес бұрын, қымбатты балам менің, Роздың өмір тарихына ой жүгірт, өзінің шыққан тегіне деген күдігі оның шешіміне де ықпал жасайтынын, бізге шексіз берілгендіктен ірілі-уақты істердің бәрінде өз мүддесін біз үшін құрбандыққа шалуға әзір екендігін де ойластыр!
— Мұнымен не айтқыңыз келеді?
— Мен саған ойлануға мұрсат берем, — деді миссис Мэйли. — Мен Розға баруым керек. Құдай жар болсын саған!
— Біз кешкілік көрісеміз бе? — деп тағатсыздана сұрады жас жігіт.
— Кешірек, — деді леди, — Мен Роздан келген соң.
— Сіз оған менің осында екенімді айтасыз ғой? — деп сұрады Гарри.
— Әрине, — деп жауап қатты миссис Мэйли.
— Және менің мазасызданып жүргенімді, қаншалықты азап шеккендігімді, оны көргім келетіндігін айтарсыз. Сіз бұдан бас тартпассыз, шешетай?
— Жоқ, — деді қарт леди. — Бәрін де оған айтам.
Ұлының қолын мейірлене қысқан шешесі шығып кетті.
Осы шұғыл әңгіме болып жатқан кезде мистер Лосберн мен Оливер бөлменің басқа бұрышында тұрған. Енді мистер Лосберн Гарри Мэйлиге қолын созды да, ыстық, ықыласын білдірді. Содан кейін доктор жас досының толып жатқан сауалдарына науқастың хал-күйі турасында тура жауап берді. Кеудесінде үміт отын тұтандырған Оливердің сөзінен кейін көңілін орнықтыруға бұл да кем түскен жоқ. Жүкпен айналысып жатқандай әлпет танытқан мистер Джайлс те құлағын тігіп тұрған.
— Соңғы уақытта пәлендей ештеңе ата алған жоқсыз ба, Джайлс? — деп сұрады доктор.
— Пәлендей ештеңе, сэр, — деп жауап қатты Джайлс, құлағына дейін қызарып.
— Ешқандай ұрыны ұстап, ешқандай тонаушыны таныған жоқсыз ба? — деп сөзін жалғастырды доктор.
— Ешқандай да, сэр, — маңыздана жауап берді мистер Джайлс.
— Өкінішті, — деді доктор, — өйткені, мұндай істерде сіз алдыңызға жан салмайсыз... Ал Бритлстің халі қалай, соны айтыңызшы?
— Ол жігіттің халі тамаша, сэр, — деп жауап қатты мистер Джайлс, өзінің жайшылықтағы қамқор даусына салып. — Сізге өзінің зор құрметін білдіруді сұраған.
— Өте жақсы, — деді доктор. — Сізді көргенде есіме түсті, мистер Джайлс, мені шұғыл шақырып әкеткеннен бір күн бұрын, сіздің қайырымды қожайыныңыздың өтінішімен сізге тиімді, кішкентай тапсырма орындап едім. Бір минутқа, мына бұрышқа барсақ қайтеді?
Мистер Джайлс маңғаздана, біраз таңданыспен бұрышқа барып, доктормен қысқа ғана сыбырласып әңгімелескен соң, қайта-қайта иіліп, маңғаздана басып, кете барған. Бұл әңгіменің тақырыбы қонақ бөлмеде құпия болып қалғанмен, ас үйде дереу жұртқа тарап кеткен, себебі мистер Джайлс тұп-тура сонда тартып кетті де, бір саптаяқ эля сұратып алып, салтанатты пішінмен үйді тонауға әрекет жасалған күнгі адал қызметі үшін мырза әйел жергілікті жинақ кассасына бұған арнап жиырма бес фунт ақша салғандығын хабарлады. Осы арада қызметші әйелдердің екеуі де қолдары мен көздерін көкке көтеріп, енді мистер Джайлстың мақтануына болады десті. Бұған мистер Джайлс: жоқ, жоқ, — деді де, егер мұның тарапынан қарауындағыларға қандай да болмасын менмендік байқатса, бұлар өзіне бұл туралы айтса, қатты риза болатындығын білдірді. Бұдан кейін ол өзінің қарапайымдылығын дәлелдейтін басқа да көптеген ескертулер жасады, бұлар да қатты құпталып, әдеттегі ұлы адамдардың ескертулері тәрізді өте орынды, өте тапқыр дүние ретінде қабылданды.
Кештің ақыры өте көңілді өтіп жатты: доктор аса жайдары еді, басында Гарри Мэйли қаншалықты шаршағанымен құрметті жентльменнің көл-көсір көңілінің алдында жайбарақат қала алмады, қай-қайдағы ұтқыр сөздер мен толып жатқан әзілдер Оливерге бұрын-соңды естігендерінің ішіндегі ең қызықтысы болып көрінді де, күлмесіне қоймады, доктордың өзі де шек-сілесі қата қарқылдаған, Гарридің де күлкісін келтірді. Осылайша бұлар уақытты өте көңілді өткізді, күн кешкірген соң бойлары жеңілденіп, жүректері орнына түскен олар демалуға тарасты, бастарынан кешкен қатты қобалжу мен мазасыздықтан кейін өздері де қатты титықтаған еді.
Таңертең Оливер орнынан сергек тұрып, өз ісіне бірнеше күннен бері жат боп келген үмітпен әрі қуанышпен кіріскен еді. Құстар өздерінің бұрынғы орнында сайрау үшін торлар қайта ілінген. Роздың жүрегін қуанышқа бөлесін деп ең жұпар иісті дала гүлдері де қайта жинала бастаған. Қаншама сұлу болғанымен төңіректі тұтқан мұң, әсерге бөленген баланың көз алдында сиқырланғандай ыдырап жүре берген. Енді жасыл жапырақтағы шық әсемірен жарқ-жұрқ ететіндей, самалда майда желпіп, аспан да көгілдірлене түскен тәрізді. Біздің ойларымыз заттардың сыртқы түріне осылайша әсер етеді. Табиғат пен өз маңындағыларға көзін жүгіртіп барлығы да түнеріңкі, түнжыраққа дегендердікі шындық; өйткені, түнеріңкі дүниенің бәрі алдымен олардың мұнартқан көзі мен жүрегінің сәулесі боп табылады. Шындығында, бояулар нәзік әрі мұқият көз жүгіртуді қажет етеді.
Айта кеткен артық болмайды — Оливер де бұған назар аудармай қалған жоқ — ол таңертеңгі серуенге бұдан былай жалғыз шықпайтын болды. Қолына гүл ұстап үйге қайтып келе жатқан Оливерді көрген күннен бастап Гарри Мэйлидің гүлге деген құштарлығы еселеп артты да букет жасауда асқан білгірлік танытып, жас досынан айтарлықтай басым боп шықты. Бірақ Оливер бұл жөнінде кемдеу соққанымен оның есесіне әдемі гүлді қай жерден табуға боларын жақсы білетін; әр таң сайын екеуі сай-саланы түк қоймай кезіп, үйге тамаша гүлдер әкеліп жүрді. Жас леди ұйықтайтын бөлменің терезесі енді ашық тұрды, жаздың жұпар иісті ауасы бөлмеге кіріп, жан сарайын ашып жібергенін қыз қатты ұнататын, ал терезе алдында суда әр таң сайын мұқият сұрыпталған ерекше шағын букет тұратын. Кішкентай құмыра жаңа гүлдермен толтырылып жатса да, әлгі солған гүлдің ешқашан лақтырылып тасталмағандығын Оливер байқамай жүрген жоқ, сондай-ақ ол доктор баққа шыққан сайын әруақытта әлгі бұрышқа көзін тастап, басын мән бере изеп, таңертеңгі серуенге кете баратынын да ол бақылаумен болды, күндер өте берді, Роз да тез сауығып келе жатты.
Жас леди әлі өз бөлмесінен шықпаған соң, анда-санда миссис Мэйлимен біразырақ жүріп қайтқаны болмаса, кешкі серуеннен қалған Оливерге уақыт өтпей жатыр деуге болмас еді. Ол басын қырау шалған қарт жентльменнің сабағына асқан құлшыныспен кіріскені сонша, мұны тез игере бастағанына өзі де таң қалатын.
Бірақ бірде, ол сонымен айналысып отырғанда күтпеген жерден болған оқиға оның зәресін алып, төбе шашын тік тұрғызды.
Ол кітап қарап отыратын кішкентай бөлме төменгі қабатта, үйдің артқы бөлігінде еді. Бұл кәдімгі селолық коттедждың бөлмесі — торлы терезесі бар, терезенің кәсегіне тіреле өсіп тұрған жасминнің хош пісі бөлме ішін толтырып жіберетін. Терезе баққа қарайтын, бақтың есігі қоршалған шабындыққа шығатын, одан әрі шалқар шабындық пен орман. Мына жағында жақын маңда ешқандай үй-жай жоқ, осы жақтан кең дала көзге ұратын.
Бірде, ымырт үйіріле бастаған әсем кеште, кітапқа үңілген Оливер терезе алдында отырған. Ол осылайша ұзақ отырған еді, күн де тым тымырсық болды да, ол аз оқыған жоқ, бұл кітаптың авторлары ренжімей-ақ қойсын, Оливер байқаусызда қалғып кеткен.
Кейде бізге келген ұйқы денемізді өз тұтқынында ұстап, рухымызды төңіректегі дүниелерді қабылдаудан босатпайды да оған дүниені шырқ айналдырады. Егер дененің ырыққа көнбей ауыр тартуы күштің жоғалуы және өз ойымыз бен қимылымызды бақылаудың толық мүмкін еместігін ұйқы десек — бұл ұйқы; дегенмен біз төңірегімізде болып жатқанның бәрін сезінеміз, егер осы уақытта түсімізге бірдеңе кіре қалса, шындығында айтылып жатқан сөздер, дыбыстар, таңғажайып жеңілдікпен түс көруімізге теңдесе қалады да, ақыры шынайы дүние мен елестегінің бір арнаға тоғысып кететіні сонша, соңынан бұларды ажырату мүлдем мүмкін болмай қалады. Бірақ бұл да пәлендей таңқаларлық жағдай емес. Біздің сезінуіміз бен көру мүшеміз бұл уақытта өлі болғанмен, біздің ұйқыдағы ойымыз бен оның алдында көлденеңдеген елестер тіпті қандай болмасын шынайы бір дүниенің үнсіз қатынасуына ықпал етуі мүмкін, оның өзі біз көзімізді жұмған сәтте жанымызда болмауы да мүмкін, оның жақындығынан ояу күйімізде хабарымыз да болмайды.
Оливер өз бөлмесінде отырғандығын, алдындағы стол үстінде кітаптардың жатқандығын, терезеден хош иісті самал есіп тұрғанын жақсы біліп жатты. Әйтсе де ол ұйқыда еді. Кенет сурет өзгеріп кетті. Ауа кенет ауырлап сала берді де, бала тағы да еврейдің үйіне тап болған екенмін деп зәресі ұша ойлады. Сол арада өзінің бұрышында, әлгі ұсқынсыз шал отыр да, мұны көрсетіп қойып, оның жанында теріс қарап жайғасқан біреуге бірдеңе деп сыбырлайды.
— Тыныш, қымбаттым, — деген еврейдің сөзі естілгендей болды бұған. — Әрине, бұл соның өзі! Кетелік.
— Сол, — деп жауап бергендей болды екіншісі. — Сіздің ойыңызша мен мұны танымай қалады деймісіз? Егер бір топ елес мұның бейнесіне кіріп, бұл солардың ортасында тұрған күннің өзінде бірдеңе маған мұны қалай тануым керектігін құлағыма сыбырлар еді. Егер мұның денесін жеті қабат жер астына көміп тастаса да, мен моласы басында құлыптасы болмаса да табар едім.
Әлгі кісінің бұл сөздерді шексіз жеккөрінішпен айтқандығы сонша, қорыққанынан Оливер оянып кетіп атып тұрған.
О, жасаған, жүрегін соншама соқтырып, ә деуге тілі келмей, қозғала алмай қалуына не себеп? Анда... анда... терезе алдында егер артқа шалқайып кетпегенде денесіне басы тиіп кететіндей жерде еврей тұр екен. Бөлме ішіне қараған оның көзі мұныкімен кездесіп қалды. Ал оның жанында — ашудан ба, әлде қорқыныштан ба, әлде осы екеуінен де ме, сұрланып кеткен — баламен қонақүй ауласында тілдескен кісінің ызалы жүзі көрінді.
Бұл бір ғана сәт, бір ғана көзқарас, жалт еткен сағымдай болды. Олар ілезде жоғалып кетті. Бірақ мұны танып қалды, бұл да оларды таныды; бейне тасқа қашалып, туған күннен мұның көз алдында болғандай олардың бейнелері санасына әбден сіңіп қалыпты. Бала бір секунттай қаққан қазықтай тұрып қалған. Сонан соң терезеден баққа секіріп түсіп, айқай сап, көмекке шақырған.
XXXV ТАРАУ
Оливердің басынан кешкен оқиғасының сәтсіз аяқталуы, сондай-ақ Гарри Мэйли мен Роз арасындағы маңызды әңгіме жайында
Айқайға назар аударған үй тұрғындары дауыс шыққан жаққа тұра ұмтылғанда өңі құп-қу боп есі шыққан Оливер үй артындағы шабындықты нұсқап: «Шал! «Шал!» деп зорға міңгірлеп тұрған.
Бұл сөздің не мағынасы барын мистер Джайлс түсіне алмады, бірақ Оливердің тарихын анасынан естіген Гарри Мэйли мәселенің мән-жайын бірде ұққан.
— Қай жаққа қарай қашты, — деп сұрады ол, бұрышта сүйеулі тұрған ауыр таяқты ала беріп.
— Мына жаққа, — деді Оливер әлгілер жоғалып кеткен тұсты нұсқап. — Қас қаққанша көзден ғайып болды.
— Яғни олар жырада болды! — деді Гарри. — Соңымнан еріңдер! Қатар жүруге тырысыңдар!
Осы сөздерді айтып, қоршаудан қарғып өтіп, өлгенше қатты жүгіргені сонша, басқаларына оған ілесіп отыру төтенше қиын болды.
Джайлс өз әлінше ілескен, оның соңынан Оливер де ұмтылған, екі минуттан кейін серуеннен жаңа ғана үйге оралған мистер Лосберн қоршаудан асып түсті де, орасан шапшаңдықпен аяғынан тік тұрып әлгілердің соңынан бар пәрменімен жүгіре жөнеліп, не болғанын білмекке құлақты жара айқайлап бара жатты.
Барлығы да тоқталмастан жүгірді де, бастаушылар Оливер нұсқаған жерге жетіп, жыра мен оған жақын маңдағы бұталарды тінте бастағанда, өзгелер де мұны қуып жетті, ал Оливер мистер Лосбернге қуғынға шыққан себептерін түсіндіре бастаған.
Қуғын еш нәтиже бермеді. Тіпті жаңа түскен іздер де көрінбеді. Енді барлығы шағын төбешіктің үстінде тұрған, бұл арадан үш-төрт мильдей жердің бәрі алақандағыдай анық көрінетін. Ол жақта деревня бар еді, бірақ Оливер нұсқаған жолмен оған жету үшін әлгілерге ашық жермен жүруге тура келер еді, мұндай қысқа уақытта олардың көзден таса болуы қисынға келмейді. Басқа жағынан шабындықты қалың орман көмкеріп тұр, бірақ бұған жету де біршама уақыт алар еді.
— Осы сенің түсіңе кіріп жүрген жоқ па, Оливер? — деді Гарри Мэйли.
— Жоқ, тіптен олай емес, сэр! — деп дауыстап жіберді Оливер, кәрі қақпастың бет-бейнесі есіне түскенде тұла бойы дір етіп. — Мен оны анық көрдім! Мен қазір сізді қалай көріп тұрсам, ана екеуін де тап солай анық көрдім.
— Ал екіншісі кім екен? — деп сұрады Гарри мен мистер Лосберн бір ауыздан.
— Сол анау мен сіздерге айтқан адам. Маған кенеттен қонақүйдің қасында тап берген кісі, — деп жауап қатты Оливер. — Көзіне көзім түсіп кетті, сол екендігіне ант ішуге бармын.
— Олар осылай қарай жүгіріп пе еді? — деп сұрады Гарри, — сен бұған сенімдімісің?
— Оған да, терезенің алдында тұрғандарына да сенімдімін— деді Оливер, осы сөзден соң шабындықтан коттеждың бағын бөліп тұрған қоршауды көрсетіп — Мына арадан ұзын бойлысы секіріп өтті, ал еврей оңға қарай бірнеше қадам жүгіріп барып, анау тесіктен шығып кетті.
Оливер сөйлеп тұрғанда екі жентльмен де оның өрекпіген жүзіне үңіліп, бір-біріне қарасқан, шамасы оның әңгімесінің дәлдігін тексергілері келсе керек. Әйтсе де асығып-үсігіп қашқан адамдардың ізі еш жерден көзге шалынбады. Шөп те биік өсіп тұр, өздері таптап кеткен тұстарынан басқа еш жеріне қылау түспеген. Жыра жағасын бойлай саз жатыр, бірақ одан ешбір аяқ киімнің ізі, тіпті бірнеше сағат бұрын түскен қандай да болмасын адамның ізі көрінбеді.
— Ғажап екен, — деді Гарри.
— Ғажабы ғажап! — деп үн қосты доктор да. — Бұл арада Блетерс пен Дафф та тұныққа тірелер еді.
Іздеудің пайдасыздығына қарамастан қараңғылық түсіп, әрі қарай іздестірудің түкке қажетсіздігіне көздері жеткенше бұлар үйлеріне қайтқан жоқ; соның өзінде де олар мұны әзер қойған. Джайлсты Оливердің айтуынша әлгілердің киімі, түр-түсін айтып, барлауға деревня трактирлеріне жіберді. Егер бірдеңе ішпек болып кірсе, немесе жай сандалып жүрсе де еврейді тану оңайырақ болатын, бірақ Джайлс құпияны ашарлықтай, немесе бірдеңе деп түсінік берерліктей ешқандай да мәлімет әкеле алмады.
Келесі күні әлгі әрекетті қайта жалғастырып, қайтадан анықтамалар іздестіре бастаған, бірақ бұл да сәтсіз болды. Бір күннен кейін Оливер мен мистер Мэйли әлгі адамдар жайлы бірдеңе естуге үміттеніп рыногы бар қалаға аттанған, бірақ бұл әрекет те еш нәтиже бермеді. Бірнеше күннен кейін әуесқойлық ешбір нәр ала алмай сөнген соң, барлық оқиғаның да ұмытылатыны сияқты, бұл оқиға да ұмытыла бастаған.
Бұл кезде Роз да тез тәуірленіп келе жатты. Қыз үйде жүре бастаған, баққа да шығып бар жүректі қуанышқа бөлеп, семья өміріне қайта араласты.
Бірақ осы бақытты өзгеріс шағын ортаға айтарлықтай әсерін тигізгенмен, коттеджде қайтадан емен-жарқын дауыстар мен көңілді күлкілер естілгенімен анда-санда әркімдерде бұрын-соңды болмаған тоқыраушылық сезіліп қалды — тіпті Роздың өзінде де — бұған Оливер назар аудармай қала алмаған. Миссис Мэйли ұлымен жиі-жиі, әрі ұзақ уақыт бөлектенін қалып жүрді, ал Роз бірнеше мәрте жылап оралған. Мистер Лосберн Чертсиге кететін күнін айтқанда, әлгі белгілер айқынырақ білініп, жас леди мен тағы біреудің тынышын алған бірдеңенің болып жатқандығы айдан айқын еді.
Ақыры, бірде таңертең, Роз кішкентай асханада жалғыз отырған кезде, Гарри Мэйли кірді де, қызбен бірнеше минут тілдесуге батылсыздау ғана рұқсат сұрады.
— ¥зақ емес.... қысқа ғана... мен сізді ұстамаймын, Роз, — деді жас жігіт қызға қарай отырғышын жылжыта беріп. — Менің айтайын дегенім сіз үшін айқын нәрсе. Менің ең қастерлі үмітім менен әлі бұл туралы ештеңе естімесеңіз де, сізге белгілі.
Жігіт кірген кезде Роз құп-қу болып кеткен, бірақ мұны оның жуырдағы науқасына да тели салуға болар еді. Қыз басын салбыратып, жанында тұрған гүлдерге еңкейіп, үнсіз сөздің соңын күтіп тұрған.
— Мен... менің бұл арадан ертерек кетуім керек еді, — деді Гарри.
— Иә... кетуіңіз керек, — деді Роз да. — Бұл сөзім үшін мені кешіріңіз: бірақ мен сіздің жүріп кеткеніңізді қалар едім.
— Мені осында ең сұмдық азапты қорқынышпен, — деп сөзін жалғады жас жігіт, — барша сенім мен үмітім жинақталған жалғыз қымбатты жаннан айрылып қалам ба деген қорқыныш алып келді. Сіз өлім аузынан қайттыңыз: бір аяғыңыз жерде, бір аяғыңыз көрде болды. Біздің білетініміз: ажал жап-жас, сұлу, қайырымды жанға құрық салғанда, олардың рухы мәңгілік тыныштықтың жарқын отауына сапар шегеді... Біз білеміз — құдай өзі қолдай көрсін! —біздің арамыздан ең тамаша, ең сұлуларымыз гүлдей жайнап тұрған шағында сабағынан үзілетіні жиі болады.
Осы сөздерден соң момын қыздың жанарына жас үйірілді, еңкейе берген гүлге бір тамшы Көз жасы тамып кетіп, мөлдірей қалып еді, гүл бұрынғыдан да түрлене түскен, — балиғаты бұзылмаған жас жүрегі Табиғаттың ғажайып құбылысымен үндестігін танытып жатқандай еді.
— Аспан періштесі сияқты күнәдан пәк, сүйкімді жан, — деп қызулана сөзін жалғады жас жігіт, — өмір мен өлімнің ортасында жатты. О, оның көз алдынан алыстағы өзге әлем жазира құшағын ашқан ол сәтте қайтадан бұл дүниенің қиыншылығы мен қайғы-мұңына қайта оралар деп ойлап па едік. Роз, Роз, көктен жерге құйылған сәуледен пайда болған нәзік көлеңкедей сіздің сырғып бара жатқаныңызды көру, осы арада қалтырап жүргендер үшін сіздің аман қалуыңыз туралы үміттен бас тарту, ажал қанатында көптеген керемет сұлулар, қайырымдылар ерте аттанған нұр сәулелі әлемге сіздің де кететініңізді сезіну, дегенмен, осындай жанды жай таптырар ойларға қарамастан сізді өлердей сүйетіндерге қайта оралар деп дұға оқу — осындай азапқа төтеп беру мүмкін бе? Мен күндіз-түні осының азабын тарттым. Мұнымен бірге маған сіздің қаншалықты шексіз сүйетінімді білмей, өліп қалар ма екен деген қорқыныш, қауіп-қатер, өзіме жаным ашу өкінішінің алапат тасқыны лап қойды, — бұл тасқын менің ақыл-санамды да ағызып әкетер еді! Сіз тәуірлендіңіз! Күн сайын, сағат сайын өміріңіздің жылып аққан бұлағына қайтадан бұлқынған күш беріп, мысқылдап денсаулығыңыз қайта оралды. Терең махаббат пен ессіз құштарлыққа толы көзіммен ажал табалдырығынан сіздің өмірге қайта оралуыңызды бақылаумен болдым. Мені осы қуаныштан айырам дей көрмеңіз! Қазір өзім сүйгендіктен жұрт та маған жақын сияқты көрінді.
— Менің бұлай дегім келмеп еді, — деді Роз көзінде жас мөлдіреп. — Менің тек сіздің бұл жақтан кетіп, өзіңізге лайықты биік те ізгі мақсаттарға қайтадан құлаш ұруыңызды қалар едім.
— Сіздей жанның жүрегінен орын алудан асқан парасатты адамға лайықты ізгі мақсат жоқ, — деді жас жігіт қыздың қолын ала беріп. — Роз, қымбаттым менің, Роз! Көп жылдар, көп жылдар сізді сүйіп, даңққа жол ашуға үміттендім, содан соң мақтанышпен үйге оралып, соны сізбен бөліспекші болғам... Сол бақытты минутта балғын махаббатымның мылқау дәлелдерін сізге айтып, өз арамызда жүзеге асыруға тиіс үнсіз келісімге сіздің қолыңызды ұстамақ едім! Бұлай болмады! Бірақ дәп қазір ешқандай даңққа жетпестен, жастық шақтағы арманымның бірде-бірін орындай алмастан, өзімнің сізге баяғыда берілген жүрегімді ұсынбақпын, ендігі бар тағдырым сіздің осы ұсынысымды қарсы алған сөзіңізге байланысты болмақ!
— Сіз әрқашанда қайырымды, әрі ізгі адам болатынсыз, — деді Роз өрекпіген көңілін зорға басып. — Сіз мені безбүйрек те қайырымсыз санамаңыз да, жауабымды тыңдаңыз.
— Сіз менің меселімді қайтармассыз, солай ғой, қымбатты Роз?
— Тыңдаңыз мені, — деді Роз, — сіз мені ұмытуға тиіссіз, жоқ, ескі, сенімді дос ретінде ұмыту емес — бұл менің жанымды жаралар еді,— сіз сүйетініңізді естен шығаруыңыз керек. Айналаңызға қараңызшы! Әлемде қаншама сұлулар бар, солардың жүректерін жаулау әлдеқайда дұрысырақ емес пе? Егер қаласаңыз, мені сол жаңа махаббатыңыздың жанашыры деп біліңіз. Мен сіздің ең сенімді, нағыз берілген досыңыз болайын.
Аз-кем үнсіздік орнады, Роз қолымен бетін басып, көз жасына ерік берді. Гарри қыздың екінші қолын босатпай отыр.
— Сіздің қандай себебіңіз бар, Роз, — деп жаймен cayал берді ол ақыры, — мұндай шешімге келуіңізде қандай себеп бар?
— Сіздің оны білуге хақыңыз бар, — деді Роз. — Сіздің барлық сөздеріңіз де оны өзгертуге дәрменсіз. Бұл — менің орындауға тиіс борышым. Мен мұны басқалар үшін де, өзім үшін де істеуге міндеттімін.
— Өзіңіз үшін бе?
— Иә, Гарри. Өзім үшін де, достардан да, қаражаттан да жұрдай, дағы бар атыммен мен сіздің достарыңыздың алдында Сіздің алғашқы махаббатыңызға пайдакүнемдікпен басын иді деген күдікке қалып және сіздің барша үмітіңіз бен жоспарларыңызға кедергі болғым келмейді. Өзіңізге тән ақкөңіліңізбен өмір жолыңызға жасап жатқан кедергіңізге мен сіз үшін және туғандарыңыз үшін қарсы болуға міндеттімін...
— Егер сіздің сезіміңіз өз борышыңызды сезінбеуіңізбен үйлесіп жатса... — деп сөзін бастай берген Гарри.
— Жоқ, үйлеспейді... — деді Роз қып-қызыл болып.
— Яғни, сіздің менің махаббатыма жауап бергеніңіз ғой? — деп сұрады Гарри. — Тек осыны ғана айтыңызшы, қымбатты Роз, тек осыны ғана! Осыншалық ауыр өкініштің күйігін жеңілдете көріңіз!
— Егер мен өзім сүйген жанға ешқандай кесел келтірмей, бұл сауалға жауап бере алсам, — деді Роз, — мен онда...
— Сіз бұл мойындауды басқаша қабыл алар ма едіңіз? — деді Гарри. — Тым құрығанда осыны менен жасырмаңызшы, Роз!
— Иә, — деді Роз. — Жетер енді! — деді қыз қолын босатып алып жатып, — осы азапты әңгімені жалғастырып қажеті не? Мен үшін тым азапты, дегенмен бұл маған ұзақ бақыт сәулесін себеді, өйткені өз махаббатыңызбен сіз мені тым биікке көтердіңіз, сіздің өмір жолыңыздағы әрбір табысыңыз маған күш-қуат беретін болады. Қош болыңыз, Гарри! Бүгінгі кездескеніміз сияқты, енді біз ешуақытта кезікпейміз, біздің қарым-қатынасымыз осы әңгімеден күткендей жаңалық әкеле қоймағанмен, біз бір-бірімізбен ұзақ уақытқа, берік байланыста болармыз. Шындықтың қайнарынан шыққан жалынды, әрі сенімді жүректің батасы сізге тие берсін, Сізге қуаныш пен рахат әкелсін!
— Тағы бір сөз, Роз, — деді Гарри, — Айтыңызшы, сіздің қандай негізіңіз бар? Өз аузыңыздан естуге рұқсат беріңізші?
— Сіздің алдыңызда тамаша болашағыңыз бар, — деді Роз кесіп сөйлеп. — Сізді үлкен қабілетіңіз бен беделді туыстарыңыз қоғамдық өмірде қол жетуге көмектесетін зор құрметтер күтіп тұр. Бірақ ол туғандарыңыз тәкаппар жандар, ал мен маған өмір сыйлаған анама жеккөрінішпен қарайтын жандармен кездескім келмейді және шексіз қайырымдылықпен өз анамның орнын басқан адамның баласын масқаралауға қалдырмақ емеспін. Бір сөзбен айтқанда, — деп сөзін жалғады жас қыз, бойынан беріктігі кетіп қалған соң теріс бұрылып, — менің атымда дағым бар, жұрт менің масқарамды жазықсыз жанға тели салады. Өзімді-ақ мүйіздей берсін, өзім-ақ азап шегейін!
— Тағы бір сөз, Роз, тағы бір сөз! — деп дауыстап жіберді Гарри, қыздың алдына тізерлеп құлай кетіп.
— Егер мен жұрт айтатын мұндай бақытты болмасам... егер маңдайыма тып-тыныш елеусіз өмір кешу жазылса, егер мен жарлы, ауру, дәрменсіз болсам, онда сіз маған теріс қарамас па едіңіз? Әлде бұл мені мүмкін байлық пен атақ-абыройға кенеледі деген күдіктен туған жоқ па?
— Жауап күтіп, жаналқымға алмаңызшы, — деді Роз. Мұндай болған жоқ, болмайды да. Бұлайша жауап естуге әрекеттену дұрыс емес, қатігездік іс болар.
— Егер сіздің жауабыңыз мен үміттенген үрдеден шықса, — деп қарсылық білдірді Гарри. — Ол менің жалғызаяқ жолыма бақыт нұрын төгіп, алдымда жатқан соқпағыма жарық түсірмек. Әлемнің бәрінен айрықша сүйетін жанға бірнеше қысқа сөз айту — бұл бос тірлік емес! О, Роз, менің жалынды, берік махаббатым үшін, сіз үшін тартқан азабым үшін, қазіргі маған салған салмағың үшін менің тек осы сауалыма ғана жауап беріңізші?
— Иә, егер сіздің тағдырыңыз басқаша қалыптасқанда, — деді Роз, — сіз қоғамда менен аса биік тұрмағанда, сізге белгілі де намысқой жандардың арасында кедергі болмай, қандай болмасын қарапайым, тып-тыныш оңаша қуыста сіздің жәрдеміңіз бен жұбанышыңыз болған жағдайда маған шешім қабылдау да оңайырақ болар еді. Қазір менің бақытты болуға, тіпті аса бақытты болуға негізім бар, бірақ расымды айтсам, Гарри, мен онда бұдан да бақыттырақ болар едім.
Осыны мойындағанда кішкентай қыз кезіндегі нәзік үміттері Роздың санасына ойнақ салып шыға келген, бірақ өмір гүлі солып қайта оралған өткен күндердегі үміттей көзіне жас алғызды, осы көз жасы бойын жеңілдетіп кетті.
— Мен бұл осалдығымды жеңе алмаймын, бірақ ол менің шешімімді нығайта түседі, — деді Роз бұған қолын соза беріп. — Ал енді біздің айрылысуымыз керек.
— Тек маған бір нәрсеге уәде беріңіз, — деді Гарри, — бір рет қана, тек бір ғана мәрте, бір жылдан кейін, мүмкін ертерек болар — сіз маған тағы да осы туралы соңғы рет сөйлесуге мұрсат беріңіз!
— Бірақ менің қабылдаған шешімімді өзгертуге тырыспаңыз, — деді Роз, мұңая жымиып. — Мұның еш пайдасы жоқ.
— Келістім, — деді Гарри. — Тек сіздің соны қалай қайталайтыныңызды есту үшін; егер көңіліңіз қаласа — соны тағы да бір мәрте қайталаңыз! Мен қолым жеткен бар байлық, шен-шекпенімді сіздің аяғыңыздың астына тастаймын, егер сіз сонда да өз шешіміңізден танбайтын болсаңыз, мен сөзбен де, іспен де сізді одан бас тартқызуға әрекет жасамаймын;
— Солай-ақ болсын, — деді Роз, — тек бұл жан жарасын тағы да тырнайды ғой, бірақ, мүмкін, ол уақытқа дейін мен көндігіп те кетермін.
Қыз қолын тағы созды. Бірақ жас жігіт Розды кеудесіне қысып, маңдайынан сүйді де, бөлмеден жылдам шығып кетті.
XXXVI ТАРАУ
Аса қысқа, бұл жерде пәлендей маңызы жоқ сияқты тарау. Дегенмен мұны өткеннің жалғасы ретінде және өз уақытында келетін дүниенің кілті ретінде қарау керек
— Сөйтіп, сіз таңертең менімен жүріп кетпек болдыңыз ғой? — деп сұрады доктор, Гарри Мэйли азанғы тамаққа Оливер екеуімен бірге отырған кезде. — Әрбір жарты сағат сайын не сіздің жоспарыңыз, не көңіл-күйіңіз өзгеріп шыға келеді.
— Уақыты келгенде, сіз маған мүлде басқа нәрсені айтасыз, — деді Гарри себепсізден-себепсіз қызарып кетіп.
— Мұның нақты себебі болар деп үміттенемін, — деп жауап қайтарды мистер Лосберн, — дегенмен бұлай болып қалар деп ойламаймын да. Кеше таңертең ғана сіз асығыс түрде осы арада қалуға шешім қабылдап, үлгілі ұлға лайық шешеңізді теңіз жағалауына қыдыртпақшы едіңіз. Түс болмай жатып, маған құрмет көрсетіп, Лондонға еріп бармақ боласыз. Ал кешкілік аса құпия кейіппен леди оянғанша мені жолға жүріп кетуге үгіттейсіз, — соның нәтижесінде жасөспірім Оливер шабындықта шапқылап, әдемі гүл терудің орнына бізбен бірге азанғы асқа отыруға мәжбүр болды... Іс қиынға айналады ғой, солай емес пе, Оливер?
— Егер сіз бен мистер Мэйли мен үйде жоқта аттанып кетсеңіздер қатты қиналар едім,— деп қарсылық білдірді Оливер.
— Жарайсың, — деді доктор. — Қалаға оралған соң, маған қонаққа кел. Дегенмен, әңгіменің турасы, Гарри, бұл тұтқиылдан жол жүріп кету мәртебелі жандардан алынған әлдеқандай бір хабарға байланысты емес пе осы?
— Мәртебелі жандардан, — деп жауап қайырды Гарри, — сіз меңзеп отырған ағайымнан мен мұнда келгелі ешқандай хабар болған жоқ және жылдың осы уақытында менің сонда болуымды қажет ететін ешқандай оқиға болып қалды деп есептемеймін.
— Сіз қызық адамсыз, — деді доктор. — Әрине, олар сізді рождество қарсаңындағы сайлауда парламентке өткізбек, ал мына кенеттен болған толқу мен өзгерістер — саяси өмірге жаман даярлық емес. Мұнда бірдеңе бар. Тамаша даярлық әруақытта да керек.
Гарри Мэйлидің түрі докторды айран-асыр қалдырғандай осы қысқа әңгімеге екі-үш ескерте қосқандай-ақ еді, бірақ «көрерміз» деген сөзбен шектелген ол бұл тақырыпқа қайтып оралған жоқ. Ұзамай есік алдына почта күймесі келген, Джайлс жүк алуға келгенде, қайырымды доктор жүкті қалай жайғастырып жатқанын көруге әбігерлене шығып кетті.
— Оливер, — деді Гарри Мэйли ақырын ғана, — менің саған айтар екі-үш ауыз сөзім бар еді.
Оливер мистер Мэйли ымдап шақырған терезе түбіндегі қуысқа келді; жас жігіттің көңіл күйінің мұңды әрі қалай да бір өрекпуі барлығын байқап, ол қатты таңданды.
— Қазір сен жақсы жаза аламысың? —деді Гарри, баланың иығына қолын салып.
— Солай деп үміттенемін, сэр, — деп жауап қатты Оливер.
— Мүмкін мен жуыр маңда үйге оралмаспын... Сен маған хат жазып тұрсаң деп ем, — айталық екі жұмада бір рет, дүйсенбіде, — Лондондағы бас почтампқа. Келістік пе?
— О, әрине, сэр! Мен мұны қуана істеймін! — деп дауыстап жіберді мына тапсырмадан қанағаттанған Оливер.
— Мен шешем мен жас ледидің халін біліп тұрсам деп ем, — деп сөзін жалғады жас жігіт, — өздерің қалай серуендедіңдер, не жайында әңгімелестіңдер, оның... олардың дегенім ғой, түр келбеттері, денсаулықтары қалай... осы жайында бір беттей жазып тұрсаң болады. Сен мені түсініп тұрмысың?
— О, иә, өте жақсы түсінемін, сэр, — деді Оливер.
— Сенің бұл туралы оларға айтпай-ақ қойғаныңды қалар едім, — деді Гарри тез-тез сөйлеп. — Онда шешем жиі жаза бастар еді, бұл оны титықтатып тастайды. Бұл біздің құпиямыз болсын. Есіңе сақта, маған бәрін де жаз. Мен саған сенемін...
Өзінің бір кәдеге жарағандығына шаттанған Оливер құпияны сақтап оған анық мәліметтер жіберіп тұруға уәде етті. Мистер Мэйли оған өзі қамқорлық жасайтынын айтып қоштасты.
Доктор күймеде отырған, Джайлс (келісім бойынша осында қалатын болған) есікті ұстап тұрды, ал қызметші әйелдер баққа жиналып, сол арадан бақылаумен болды. Гарри үйдің терезесіне бір сәтке көз тастады да көлікке қарғып мінді.
— Қозғалыңыз, — деп айқайлады ол. — Тезірек, желіспен! Менің бүгін тек ұшып отырғым келеді.
— Ей, сендер! —деп айқайлады доктор, алдыңғы әйнекті түсіріп, форейторға: — Ал менің мүлде ұшып отырғым келмейді. Естимісіңдер?
Қашықтық шуды жұтып қойғанша, салдыр-күлдір еткен күйме шаңға көміліп, ирелеңдеген жолмен бірде көрініп, бірде көрінбей зулап бара жатты. Шығарып салушылар қою шаңнан көтерілген бұлт сейілгеннен кейін ғана тарасты.
Ал шығарып салушылардың бірі бірнеше мильге ұзап кеткен күйме соңындағы жолдан көпке дейін көзін айырмады. Гарри көзін тастағанда қызды көрсетпеген ақ перденің артында Роз отырған.
— Оның көңілі көтеріңкі, өзі бақытты сияқты, — деді қыз ақырын. — Бір кезде мен басқаша болар деп қорқып ем. Meн қателесіппін. Мен аса қуаныштымын бұған.
Көз жасы қуаныштың да, қайғының да хабаршысы ғой; бірақ ойға батын терезе алдында әлі де сол жаққа қарап отырған Роздың жүзін жуған жасы қуаныштан гөрі мұңның айғағындай еді.
XXXVII ТАРАУ
Оқушы мұнда жұбайлар өмірінде бола беретін қақтығысты бақылайды
Мистер Бамбл жаз кезі болғандықтан, жалынның қызыл тілі жалақтамай, тек сұп-суық жылтыр бетіне күн сәулесі шағылысқан каминнің сұрқай шарбағына түнере көз тігіп, жұмыс үйінің қабылдау бөлмесінде отырды. Төбедегі салбырап тұрған қағаз шыбын ұстағышқа әлсін-әлсін басын көтеріп қарап отырған мистер Бамбл ала торға түсіп қалған шыбындарға көз тоқтатып, ауыр күрсінді де, жүзіндегі көлеңке бұрынғыдан да қоюлана түсті. Мистер Бамбл ойға батып отыр; мүмкін, әлгі шыбын-шіркейлер оның өмірінен қайдағы бір ауыр жайларды еске түсірсе керек.
Бірақ тек жабыңқы көңіл-күйі ғана мистер Бамблдың еңсесін езіп отырмаған еді. Оның үстіне үлкен өзгеріс болғандығын ескерткен өзімен тығыз байланысты басқа да көптеген жағдайлары бар-ды. Күміс жіппен әдіптелген шинелі мен үш бұрышты қалпағы қайда? Денесінің төменгі бөлігінде бұрынғысынша қысқа панталоны мен қағаз қара шұлығы бар; бірақ бұл тіпті де бұрынғы панталоны емес-ті. Сюртугы бұрынғысынша кең етекті болатын да, бұрынғы шинелін еске түсіретін — бірақ айырма жер мен көктей! Әсерлі үш бұрышты қалпағын қарапайым дөңгелек шляпаға ауыстырған.
Мистер Бамбл қазір приход бидлі емес-ті.
Нақты елеулі игілігінен гөрі сюртуктер мен бешпеттердің арқасында ерекше баға мен маңыздылық әперетін қызметтер болады. Фельдмаршалда мундир бар; епископтың жібек рясасы, адвокаттың жібек мантиясы, ал приход бидлінің үш бұрышты қалпағы бар. Епископтың рясасын немесе приход бидлінің үш бұрышты қалпағын және галстугын алып қойсаңыз кім болар еді олар сонда? Пенде болар еді. Қарапайым пенде. Кейде қасиет, құдіреттің өзі де сюртук пен бешпетке байланысты болады.
Мистер Бамбл миссис Корниге үйленді де, жұмыс үйінің бақылаушысы болды. Приход бидлінің билігі басқа біреуге көшті — ол үш бұрышты қалпаққа, галун тігілген шинель мен таяққа иелік етті.
— Ертең бұл оқиғаның болғандығына екі ай толады! — деп күрсінді мистер Бамбл. — Ал маған пәленбай ғасыр өткен тәрізді.
Мүмкін, мистер Бамблдың осы сегіз апталық уақытқа өмірінің бар бақыты шоғырланған еді дегісі келген болар, бірақ күрсініс көп ойдан хабар бергендей еді.
— Мен сатылып кеттім, — деді мистер Бамбл, осы ойын өрбіте түсіп. — Жарты дюжина шайқасыққа, қант шаққышқа, сүт сауытқа, пайдаланылған аз ғана ағаш-сұғаш пен жиырма фунтқа бола сатылып кеттім. Арзандап кеттім. Арзандадым, өлгенше арзандап кеттім.
— Арзан ба! — мистер Бамблдың құлағының түбінен ащы дауыс естілді. — Мен саған қанша берсем де, бәрібір тойым жоқ, сіз үшін менің аз ақша шашпағаныма бір құдай куә.
Мистер Бамбл бұрылып, күйеуінің шағымын құлағы шалып қалған, бірнеше сөзді ұғынып үлгірместен, әлгі ескертпені жасаудан жүзі жанбаған өзінің сүйкімді зайыбының дидарын көрді.
— Миссис Бамбл, сударыня! —деді мистер Бамбл сезімтал қаталдықпен.
— Ал немене? — деп айқайлады леди.
— Өзіңіз маған қараңызшы, — деді мистер Бамбл әйелге тесірейе қарап. («Егер бұл осы көзқарасыма төтеп берсе, — деді мистер Бамбл өзіне-өзі, — онда ешқандай да дауа болмағаны. Егер бұл қарасым оған әсер етпесе, онда бұған үкімімнің жүрмегені»).
Жарлылар үшін көзін аздап бақырайту жетіп жататын мүмкін, олар тым жеңіл тамақтанғанынан, жағдайларының нашар болғандығынан ба, әлде бұрынғы миссис Корниге қырғи қарастың мүлде әсер етпейтін болғандығы ма бұл арасы қараңғылау еді, қалай болғанда да, бақылаушы әйел мистер Бамблдың қаһарлы көзқарасынан қаймығып, күйрей қойған жоқ, керісінше, оған өлердей өшпенділікпен қарап, тіпті қарқылдап қоя берген.
Мистер Бамбл осы күтпеген дыбысты естіген кезде оның жүзіне алдымен сенімсіздік, артынша таңданыс пайда болған. Осыдан кейін ол бұрынғы бей-жай күйіне қайта түсіп, өмірлік жолдасының даусы назарын қайта аударғанша мүлгіп отыра берді.
— Сен күні бойы осы арада қорылдап отырмақпысың? — деп әуестенді миссис Бамбл.
— Мен мұнда қанша отырғым келсе, сонша отырмақпын, сударыня, — деп жауап қатты мистер Бамбл. — Әзірше қорылдай қоймасам да, егер көңілім қаласа қорылдаймын, есінеймін, түшкіремін, күлемін, болмаса жылаймын. Бұған менің хақым бар.
— Сенің хақың бар! — деп айтып жеткізгісіз жеккөрінішпен ыржиды миссис Бамбл.
— Иә, мен осылай дедім, сударыня, — деді мистер Бамбл. — Еркектің хақысы — әмір ету.
— Ал әйелдің қандай хақысы бар, құдай үшін айта қойшы? — деп айқайлап жіберді марқұм мистер Корнидің бұрынғы жұбайы.
— Айтқанға көніп, айдағанға жүру, сударыня! — деп гүжілдеді мистер Бамбл. — Сіздің бақытсыз марқұм күйеуіңіздің сізге осыны үйретуі керек-ақ еді, сөйтсе осы күнге дейін тірі болар ма еді, кім білсін. Ол сорлының тірі болғаны қандай жақсы болар еді, шіркін!
Қимылдар шақтың жеткенін, енді қай жақтың болмасын жасаған соққысы семьяда болашақтағы басшылықты түпкілікті бекітетінін бірден аңғарған миссис Бамбл қайтыс болған күйеуі жайын естір-естіместен креслоға сылқ ете түсті де, ойбайды салып, мистер Бамблды тасжүрек хайуансың деп, ағыл-тегіл жылап қоя берген.
Бірақ мистер Бамблға көз жасы әсер етпеген-ді: оның жүрегі мұндайға селт етпейтін. Жуылатын кастор шляпасының жауыннан тек жақсара түсетіні тәрізді оның жүйкесі де төгілген көз жасының арқасында ширап, беки түсті. Ол әлсіздіктің белгісі болатын да, мұның шымырлығын мойындағандай, мұның жанына жағып, қанаттандыра түскен. Асқан қанағаттанғандық сезіммен ол өзінің сүйікті жұбайына көз тастап, қолпаштаған үнмен дәрігерлердің пікірінше, бұл денсаулыққа өте пайдалы болғандықтан оның жақсылап жылап алуын сұраған.
— Көз жасы өкпені тазартып, бетті жуады, көзді шынықтырып, жүйкені босатады, — деді мистер Бамбл. — Осылай жақсылап жылап ал.
Осылайша қалжыңшыны аралас ескерту жасаған мистер Бамбл шегеден шляпасын алып, оны өз артықшылығын лайықты түрде дәлелдеген адамның кейпімен басына қисайта киді де, қолдарын қалтасына салып, бар келбетімен асқан қанағаттанған көңілді кейіп таныта есікке беттеген.
Ал бұрынғы миссис Корни тостағанын жуудан жұдырықтасудан гөрі азырақ, шаршайтын-ды, бірақ ол соңғы тәсілді байқап көруге де әбден әзір болатын, бұған кідірмей-ақ мистер Бамблдың көзін жеткізді.
Оның санасына жеткен бұл дәлелдің алғашқы көрінісі бір көмескілеу дыбыс болды да, артынша мұның шляпасы бөлменің бір бұрышына ұшып түскен. Осынау алдын алған шара мұның басын жалаңаштасымен-ақ тәжірибелі леди бір қолымен мойнынан қатты қысып ап, екінші қолымен мұның басына соққыны бұршақша жаудырды (соққы таңқаларлықтай қатты, әрі епті болатын). Мұны бітірісімен әйел әдісін аздап өзгертіп, мұның бетін тырнай, шашын жұла бастаған, өзін жәбірлегені үшін сыбағасын алып болғанына көзі жеткен соң, оның бақытына қарай, өз орнында тұрған орындыққа итере салып, егер батылың жетсе, хақың жайлы тағы бірдеңе деп оттап көр деп тебінді.
— Тұр орныңнан, — деп бұйыра сөйледі миссис Бамбл. — Егер мен бір ессіз қылық жасап жіберсін демесең бұл арадан тайып тұр!
Ессіз қылықтың не екендігіне түсіне қоймаған мистер Бамбл мұңды кейіппен орнынан көтерілді. Шляпасын жерден алып, есікке беттеді.
— Сен кетіп барамысың? — деп сұрады миссис Бамбл.
— Әрине, қымбаттым менің, әрине, — деді мистер Бамбл есікке қарай сырғи беріп. — Менің олай еткім келмеп еді... Мен кетейін, қымбаттым! Сен сондай қызусың... Мен...
Осы кезде миссис Бамбл арпалыс үстінде жиырылып қалған кілемді түзеуге асыға алға аттаған еді. Мистер Бамбл аузындағы сөзін аяқтамастан бөлмеден қас қаққанша атып шықты да, ұрыс даласы толығынан бұрынғы миссис Корнидің билігінде қалды.
Күтпеген оқиғадан мистер Бамблдың есі шығып, тауы шағылды. Ол жұртты қорқытуға бейім тұратын, ұсақ-түйек қатігездіктен ләззат алатын және де, әрине, қорқақ еді. Бұл пәлендей оның бағасын көтере қоймайды, өйткені, зор құрметпен, жұрт құрақ ұшып жататын көптеген қызмет иелерінің өзі де осындай осалдықтың құрбаны еді. Бұл ескерту оған мадақтау тәрізді нәрсе және оқушыға оның қызметке әбден жарамдылығын ұқтыру мақсатын көздейді.
Үйді аралап шығып, жарлылар туралы заң тым қатал екендігіне алғаш рет ой жіберген ол, әйелдерін приходтың қамқорлығына қалдырып қашып кеткен күйеулерді әділетінде жаза емес, көп қорлық көргендіктен сый алуға хақылы деп санаған мистер Бамбл бірнеше әйел приходтың күнделікті оны-мұнысын жуумен айналысып жатқан у-шу естілген бөлмеге жақындаған.
— Гм! — деді мистер Бамбл, өзіне тән маңғаздығына басып. — Тым құрығанда мына әйелдер менің билігімді сыйлайтын болады... Ей, сендер! Осыншама неге шу көтересіңдер, оңбаған немелер!
Осы сөзбен есік ашқан мистер Бамбл үйге қабағынан қар жаудырып, булығып кіріп еді, көзі күтпеген жерден жан-жарына түсіп кеткен заматта-ақ қойдан жуас момақан, қорқаққа айналып жүре берген.
— Қымбаттым, — деді мистер Бамбл, — мен сенің осында екеніңді білгем жоқ.
— Осында екендігімді білген жоқпысың? — деп қайталады миссис Бамбл. — Ал сен мұнда не бітіріп жүрсің?
— Мен мыналар іс бітірудің орнына текке мылжыңдап жатқан шығар деп ойлап едім, — деп жауап қатты сасқалақтаған мистер Бамбл, жұмыс үйі бақылаушысының жынын алдырған бақсыдай болған түріне қыбы қана бақылап тұрған екі кемпірге қарай беріп.
— Бұлар көп мылжыңдап кеткен екен деп ойлағансың ғой? — деп сұрады миссис Бамбл. — Ал сенің онда шаруаң қанша?
— Дұрыс айтасың, қымбаттым, мұндағы қожа сенсің, — деп мүләйімси сөйледі мистер Бамбл. — Бірақ мен, мүмкін, сен бұл арада жоқ шығар деп едім.
— Менің саған айтарым, мистер Бамбл, — деді жұбайы, — сенің араласқаныңның бізге қажеті жоқ. Өзіңе қатысы жоқ нәрселерге тұмсығыңды тығуға әзір тұрасың ылғи; ал теріс бұрылсаң-ақ сені ақымақ қылып, жұрттың күліп жатқаны... Ал, қане, тайып тұр.
Көңілдене қиқылдаған қос кемпірдің қуанышын қайғылана бақылаған мистер Бамбл бір минуттай бөгеліп қалды. Ешқандай кешеуілдеуге төзе алмайтын миссис Бамбл сабын көпіргішінен шөмішті жұлып алып, сонымен есікті нұсқап, дереу табаныңды жалтырат, әйтпесе шөміштегімен көсіп жіберем деп қорқытып қойды.
Мистер Бамблға енді не қалып еді? Ол жабыға жалтақтап, тайып тұрған. Ол есікке жеткенде, кемпірлердің қиқылдағаны айтып жеткісіз қуанышқа ұласып, қарқылдап қоя беріскен, осы ғана жетпеп еді! Ол әлгілердің көз алдында жер болды; мына жарлылардың алдында беделі мен құрметінен жұрдай болған; ол бидлдің биік тұғырынан түпсіз тұңғиыққа құлап, көкдолы әйелдің табанында жататын күйеуге айналды.
— Бар болғаны екі-ақ айдың ішінде! — деді мистер Бамбл, көкірегі ащы күйікке толып. — Екі-ақ айда! Осыдан небәрі екі-ақ ай бұрын мен өзіме ғана емес, басқаларға да, тым құрығанда жұмыс үйіне қожа едім, ал енді!..
Бұған төзіп болмастай еді. Мистер Бамбл алдынан қақпаны (қатты ойға беріліп, өзі де сезбестен қақпаға жетіп қалған) аша берген баланы жағынан жандырып жіберіп, сасқалақтап көшеге шықты.
Осы серуен мұның кеудесіндегі алғашқы өртін сөндіргенше ол бір көшеден, одан кейін екіншісінен өтті. Көңіл күйіндегі бұл өзгеріс қаңырығын түтетті. Ол көптеген трактирдің тұсынан өтіп, ақыры тұйық көшедегі перденің аржағынан небәрі жалғыз ғана адам көрінген трактирдің тұсына келді. Осы арада жауын құйып кетті. Бұл оны шешім қабылдауға мәжбүр етті. Мистер Бамбл ішке кірді, тұғырдың жанынан өте беріп, ішетін бірдеңе әкелуге жарлық берген ол өзі көшеден қараған бөлмеден келіп шыққан.
Мұнда отырған кең шекпен киген кісі, ұзын бойлы, қара торы адам екен. Ол шет жерлік сияқты әсер қалдыратын, қажып-шаршаған түрі мен шаң басқан киіміне қарап, ұзақ жол жүріп келген адам екен деп қалғандайсың. Бамбл кіріп келгенде көзінің қиығын бір тастады да, ананың сәлеміне иегін болар-болмас қана қақты.
Егер бейтаныс көпшіл болып шыққанның өзінде мистер Бамблдың керенаулығы да екі адамға жетіп артылар еді; сондықтан да ол тіс жармастан су қосылған джинді ұрттап, аса маңғаз әрі салмақты кейіппен газет оқып отырды. Дегенмен адамдар осындай жағдайда кездескенде болатыны сияқты — мистер Бамбл бейтанысқа ұрланып көз тастап отырғысы келген ішкі ниетіне қарсы тұра алмаған, дегенмен көзін қысыла аударып әкетіп отырды, себебі дәп осы минутта бейтаныс та бұған ұрлана қарап отырған-ды. Бейтаныстың өткір көзді ерсі қарасынан мистер Бамблдың қысылуы үдей түсті, оның көзқарасында мистер Бамбл бұған дейін байқамаған зілді жеккөрініш пен сенімсіздік жатты да, бұған шаншудай қадалған.
Көзқарастары осылайша әлденеше рет түйіскен соң, бейтаныс дөрекі, баяу даусымен тыныштықты бұзды.
— Терезеден сығалағанда сіз мені іздеп пе едіңіз? — деп сұрады ол.
— Жоқ, егер сіз мистер...
Осы арада мистер Бамбл қоя қойған, себебі: ол бейтаныстың есімін білгісі келді де, анау өз атып атайтын болар деп дәмеленген.
— Іздемегеніңізді көріп отырмын, — деді бейтаныс, кекесінді жымиыс ернін сәл қисайтып. — Әйтпесе, менің есімімді білер едіңіз. Сізге оны білуге әуестенбеуге кеңес берем.
— Менің сізді ренжіткім келмеп еді, жас жігіт, — деп құдыреттене сөйледі мистер Бамбл.
— Ренжіткен жоқсыз, — деді бейтаныс.
Осы қысқа тілдесуден кейін қайтадан үнсіздік орнаған, оны тағы да бейтаныс бұзды.
— Мен сізді бұрын көрген сияқтымын, — деді ол.
— Мен қаға берісте көшеде көргем, онда киіміңіз басқаша еді, дегенмен сізді танып тұрмын. Сіз осында бидл болдыңыз емес пе?
— Рас, — деді мистер Бамбл таңдана сөйлеп. — Приход бидлі болғам.
— Тұп-тура, — деді бейтаныс, басын изеп. —Сіз сол қызметте жүргенде жолықтырғам. Ал қазір кімсіз?
— Жұмыс үйінің бақылаушысымын, — деді мистер Бамбл жайымен бейтаныстың орынсыз оспадарлығына кедергі жасау ниетімен нығыздала сөйлеп. — Жұмыс үйінің бақылаушысымын, жас жігіт.
— Бұрынғысынша, қазір де есеңізді қалт жібермейтін шығарсыз деп шамалаймын, — деп сөзін жалғады бейтаныс, осы сауалға таңданып басын көтерген мистер Бамблдың көзіне қадала қарап. — Қысылып-қымтырылмай ашық сөйлесе беріңіз, қартым. Өзіңіз де көріп тұрсыз, мен сізді жақсы білем.
— Меніңше, — деп жауап қатты мистер Бамбл, көзін қолымен көлегейлеп, сасқанынан бейтаныстың бас-аяғына көз жүгіртіп. — Үйлі-баранды жан да бойдақтар сияқты, жағдай туа қалса, пеппи үшін адал еңбек етуден қашпас деп ойлаймын. Приход шенеуніктері егер сыпайы ұсына қалса аздаған қосымша қаралаттан қашатындай көп ақша таппайды.
Бейтаныс жымиып күлді де, бұл адам турасында қателеспегендігіне көзі жеткендей басын тағы изеп, қоңырау қақты.
— Тағы бір мәрте толтырып жіберіңіз, — деді ол трактиршіге мистер Бамблдың бос стаканын ұсынып жатып. — Күштілігінен және қызулырағынан құйыңыз... Меніңше, сіз бұған қарсы болмассыз?
— Тым күштісін емес, — деп жауап қатты мистер Бамбл, сыпайы ғана жөткірініп.
— Сіз оның мұнымен не айтқысы келгенін түсінетін шығарсыз, трактирші? — деді бейтаныс.
Қожайын жымиып кетіп қалды да, ұзамай бір кружка ыстық пунш алып келді, алғашқы жұтқаннан-ақ мистер Бамблдың көзінен жас ыршып кетті.
— Енді мені тыңдаңыз,— деді бейтаныс, алдын-ала есік, терезені жауып қойып. — Мен бүгін мұнда сізді іздеп тауып алу үшін келіп ем, сөйтіп, сайтан кейде өз достарына тарту етер бақытты жағдайдың арқасында, өзім ең алдымен сіз турасында ойлап отырғанда, мен отырған бөлмеге келіп кірдіңіз. Менің сізден аздаған мәлімет алғым келіп еді. Олар пәлендей маңызды болмаса да, сізге текке айтыңыз деп қыстамаймын. Алдымен мыналарды қалтаңызға тығып қойыңыз.
Осы сөздерді айтып ол үстелдің үстімен жанындағы серігіне сырттан тиынның сылдыры естіліп қалмасын деп қауіптенгендей ақырын ғана екі соверенді жылжытын қойды. Мистер Бамбл жалғап ақша емес пе екен дегендей мұқият тексеріп шыққаннан кейін үлкен ықыласымен бешпетінің қалтасына тығып алған соң, бейтаныс сөзін жалғады:
— Ой дөңгелегімен өткен күндерге оралыңызшы... Айталық он екі жыл кейінгі қысқа...
— Талай уақыт өтті ғой, — деді мистер Бамбл. — Жарайды. Есіме түсті.
— Оқиға орны — жұмыс үйі.
— Жақсы.
— Ал уақыт — түн іші.
— Иә.
— Сол арадағы — жүрек айнытар қуыста — адам аярлық оңбағандар өмірге қыңқылдаған бала әкеліп, оларды приход қамқорлығына қалдырып, ал өздері ұяттарын қабірге тұншықтыратын.
— Бұл шамасы перзентхана бөлмесі болар? — деп сұрады мистер Бамбл, бейтаныстың осыншалық толқумен суреттеген бөлмесін әбден ұғына алмай.
— Дұрыс, — деді бейтаныс. — Сонда бір бала туды.
— Талай бала туды ғой, — деді мистер Бамбл, басын қинала шайқап.
— Жер жұтсыншы сол шайтанның балаларын! — деп бейтаныстың даусы шығып кетті. — Мен біреуі жайында ғана, осы жердегі табытшыға шәкірт болатын, аурушаң, жуас бала жайлы айтып тұрмын — соның өзіне табыт жасап, соған тығып жібермегені қандай өкінішті — ал сонан соң Лондонға қашып кетті десті ғой.
— Сіз Оливер турасында айтып тұрсыз ба? Жас Твист жайында ғой? — деп дауыстады мистер Бамбл. — Әрине, ол менің есімде. Мұндай оңбаған баланы мен әлі ешуақытта да...
— Менің ол турасында естігім кеп тұрған жоқ, ол жайлы керегінше естігем, — деді бейтаныс, Оливер сорлының кемшіліктері жайындағы мистер Бамблдың сөзін бөліп. — Мен оның шешесі өлгенде басында болған кәрі қақпас кемпір турасында сұрап тұрмын. Ол қайда?
— Қайда деймісіз! — деп қайталады су қосылған джиннан кейін әзілді теріс көрмеген мистер Бамбл. — Бұған жауап беру оңай іс емес. Қайда аттанбасын, ол жақта кіндік шешелер қажет емес, сондықтан, ол жұмыссыз жүр-ау деп ойлаймын.
— Мұнымен не айтқыңыз келеді? — деп ашулана сауал берді бейтаныс.
— Айтары сол, ол өткен қыста өліп қалған, — деп жауап қайтарды мистер Бамбл.
Осы сөзді естіген бейтаныс оған қадала қарады, осылайша бұдан көзін айырмаса да, қалың ойға батқандай көзқарасы бірте-бірте селқос тарта берді. Алдымен ол бұл хабарға не қуанарын, не ренжірін білмегендей болса, ақыры жеңілдене күрсініп, көзін тайдыра бере мұның аса маңызы жоқ дегенді айтты. Осы сөзден соң ол кетуге жиналғандай орнынан тұрды.
Бірақ мистер Бамбл қу еді — ол зайыбына мәлім әлдебір құпияны тиімді саудалаудың мезгілі жеткендігін бірден аңғарған. Ол кәрі Салли көз жұмған кешті есінде тамаша сақтаған-ды, себебі бұл күн оның санасында құрдан-құр таңбаланбаған еді, ол осы күннің арқасында миссис Корниге сөз айтқан, леди өзі ғана куәгер болған құпияны бұған айтпағанымен, шала шарпы естіп қалғанынан-ақ әңгіменің кемпір жұмыс үйінде Оливер Твистің жас шешесін күткендегі болған оқиғаға қатысты екенін түсінген. Осы жағдайды тез еске түсіріп, ол құпия түрмен бейтанысқа кәрі қақпастың өлер алдында бір әйелмен жеке қалғандығын, өз шамалауынша сол әйелдің мұның іздегеніне көмегі тиюі мүмкін екендігін айтты.
— Мен оны қалай табар екем, — деп сұрады тұтқиыл шаруаға тап болған бейтаныс, бұл хабардың өз қауіпіне (олар қандай болғанда да) жан бітіргенін жасыра алмай.
— Тек менің көмегіммен ғана, — дегенді айтты мистер Бамбл.
— Қашан? — деп шыдамсыздана дауыстады бейтаныс.
— Ертең, — деп жауап қатты Бамбл.
— Кешкі тоғызда, — деді бейтаныс, бір жапырақ қағаз шығарып оған әбігерленгенін білдіріп тұрған жазуымен өзен бойындағы әлдебір көшенің атын жазып жатты. — Кешкі сағат тоғызда әлгі әйелмен сонда келіңіз. Мұның барлығын құпия ұстаңыз деп айтып жатпай-ақ қояйын. Бұл өздеріңіз үшін керек.
Осы сөздерден соң ішкеніне ақша төлеу үшін аз аялдаған ол есікке беттеді. Осы арада айрылысқан бейтаныс ешбір сыпайылық сақтамастан келесі күнге белгіленген кездесудің сағатын тағы бір ескертіп кете барған.
Адреске қарап жіберген приход шенеунігі аты-жөні жазылмағанын байқап қалды. Бейтаныс ұзап кете қоймаған еді, сондықтан ол атын сұрап қалу үшін соңынан жүгіре жөнелген.
— Сізге не керек? — деп айқайлады ол, Бамбл қолынан түртіп қалғанда кілт бұрылып. — Ізімді аңдып келемісіз?
— Білгім келгені, — деді мистер Бамбл, қағазын көрсете беріп. — Мен онда кімді сұрамақпын?
— Монксті, — деді де анау тез-тез басын әрі қарай кете барды.
XXXVIII ТАРАУ
Кешкі кездесу кезінде ерлі-зайыпты Бамбл мен Монкс арасында болған жайды баяндайды
Түнерген, тымырсық, бұлтты жазғы кеш еді. Күні бойы аспан кезген бұлттар қоюланып, нөсердің алғашқы тамшылары үзіліп түсіп найзағай ойнауға айнала бастағанда мистер мен миссис Бамбл үлкен көшеден бұрылып, қала орталығынан бір жарым мильдей қашықтықта, өзеннің сасық батпақты төменгі жағына орналасқан қалай болса солай шашыраңқы жартылай бұзылған үйлерге қарай беттеген еді.
Ескі, көп киілген сырт киімдері екі мақсатқа нөсерден қорғап, көлденең көзге ілікпеуге арналғандай еді. Күйеуі фонар әкеле жатқан, онысы ешқандай жарық шашпайды, әйелі ізіммен еріп отырсын дегендей алдында аяңдай келеді: жол батпақ болатын. Олар үнсіз келе жатыр, әлсін-әлсін мистер Бамбл жүрісін баяулатып жан серігі қалып қоймағандығына көзін жеткізгісі келгендей бұрылып артына қарап қояды, оның өзін өкшелеп келе жатқанын көрген соң, жүрісін жылдамдатып, келе жатқан жеріне бұрынғыдан да жылдамырақ жүреді.
Бұл араның атағында ешқандай күмән жоқ еді, адал табыспен күнелтетін жандар сияқты көрінгенімен күндерін ұрлық-қорлық тонаумен көретін шектен шыққан қанпезерлердің мекені ретінде белгілі еді. Бұл жерде тек лашықтар тұратын, бірі кірпіштен қалай болса солай қаланған, екіншілері құрт кемірген ескі ағаштардан салынған бұлар ешқандай тәртіп-ережеге бағынбастан өзеннен бірнеше қадам жерге шоғырланған-ды. JIac жағаға шығарылып тасталған тесік қайықтар, әр жерде жатқан ескектер мен шырмалған арқандар бұл бейшара лашықтардың тұрғындары өзенмен күн көретін шығар-ау деген ойға мезгейтін еді. Бірақ ешқандай кәдеге аспай қалай болса солай жайрап жатқанға бір қараған адам көп қиналмай-ақ мұның бәрін көлденең көз үшін әдейі тастағандығын, әйтпесе ешкімнің пайдаланбайтынын бірден-ақ аңғарар еді.
Сол лашықтар шоғырының ортасында, өзеннің дәл жағасында, бұрын фабрика үйі болған үлкен құрылыс тұратын. Өз кезінде ол мүмкін көрші үйдегілерге табыс табатын орын да болған шығар, бірақ ол кезден бері әбден ескірген. Егеуқұйрық, құрт-құмырсқа мен сыздан астындағы тіреулері шірін, қисайып, үйдің едеуір бөлігі суда тұр еді, ал өзенге еңкейіп тұрған бөлігі өзінің күні бітер кезін күтіп тұрғандай.
Алыста ойнаған найзағайдың күркірі естіліп, жауын құйып кеткен кезде құрметті жұп осы ескі үйдің алдына кеп тоқтаған.
— Осы арада болуға тиіс, — деді Бамбл, қолына ұстап тұрған қағазына үңіліп.
— Ей, бұл сендерсіңдер ме? — деген дауыс естілді жоғарыдан.
Мистер Бамбл басын көтеріп, екінші қабаттың есігінен жартылай шығып қараған кісіні көрді.
— Сәл кідіре тұрыңыздар, — деді дауыс, — мен қазір шығам.
Осы сөздерден соң бас жоғалып кетіп, есік сарт жабылды.
— Мынау сол кісі ме? — деп сұрады мистер Бамблдың сыпайы зайыбы.
Мистер Бамбл мақұлдап басын изеді.
— Менің не дегенім есіңде болсын, — деді бақылаушы әйел, — неғұрлым аз сөйлеуге тырыс, әйтпесе қолма-қол ұстай бересің.
Үйге шошына қарап тұрған мистер Бамбл жоспарларын іске асырудың жөні келе қояр ма екен деп өз күдігін білдірмекші бола бергенде, бұған Монкстің келуі бөгет болды, ол бұлар тұрған кішірек есікті ашып, ішке кіруге шақырған.
— Кіріңдер, — деп шыдамсыздана айқайлады ол, тебінін қойып— Мені бұл арада бөгемеңдер!
Алғашында әрі-сәрілеу тұрған әйел тағы шақыру күтпестен батыл басып, үйге кірді. Артта бөгеліп қалуға әлде ұялғаны, әлде қорыққаны белгісіз әйелінің соңынан ере берген мистер Бамбл өзін жаман сезінді, өзінің ерекшелігі боп саналатын маңғаздығынан мүлде айрылып қалды.
— Жауынның астында сайтаныма тұрып алдыңдар ма? — деді есікті жауып жатқан Монкс Бамблға қарап.
— Біз... біздің аздап салқындап алғымыз келіп еді, — деп тұтыға міңгірледі Бамбл төңірегіне қауіптене қарағыштап.
— Салқындап па? — деп қайталады Монкс. — Жауған яки жауатын барлық нөсер атаулы кей адамның көкірегіндегі тозақтың жалынын сөндіре алмайды. Оп-оңай салқындай қоймассыңдар, бұған иектерің қышымасын!
Осы сыпайы сөзінен кейін Монкс бақылаушы әйелге кілт бұрылып, тесіле қарағандығы соншама, оны-мұныдан айылын жия қоймайтын мұның өзі көзін тайдырып әкетті.
— Мынау әлгі әйел ме? — деп сұрады Монкс.
— Гм... Бұл сол әйел ғой, — деп жауап қатты Бамбл әйелінің ескертуін жадында берік ұстап.
— Сіз, шамасы әйелдер құпия сақтай алмайды деп ойлайсыз ғой деймін? — деп сөзге араласты бақылаушы әйел, Монкстың сынай қараған көзіне тура қарап.
— Бір құпияны олар ашылып қалғанша сақтайтыны рас, — деді Монкс.
— Қандай? —деп сұрады бақылаушы әйел.
— Жақсы атының жоғалуын, — деп жауап қатты Монкс. — Егер әйел өзін дарға немесе айдауға апаратын құпияға ортақтасса ол оны біреуге ашып қояр деп қорықпаймын. Сіз мені түсініп тұрмысыз, сударыня!
— Жоқ, — деп күбірлеген бақылаушы әйелдің өңіне аздап қызыл жүгірді.
— Әрине ғой, — деді Монкс. — Мұны сіз қайдан ұға қоярсыз?
Бұл екеуіне әлде кекесінмен, әлде түнере қараған ол қайтадан қолын бұлғап, аласа төбелі, үлкен бөлмеге өтті. Ол заманында қойма болған жоғары қабатқа иір сатымен көтеріле беріп еді, кенет найзағай жарқылы жоғарыдан тесікті жарқ еткізіп, артынша естілген күннің күркірі жартылай бұзылған үйді солқ еткізді.
— Сендер естимісіңдер? — деп айқайлады ол шегіншектеп. — Естимісіңдер! Мыңдаған үңгірлерде қашқан сайтандарды қуғандай тарсылдап-гүрсілдеуін. Найзағайды жек көрем!
Бірнеше секундтай үнсіз қалған, сонан соң қолын бетінен алып еді, мистер Бамбл оның жүзінің қисайып, қуарып кеткенін көріп, зәресі кетті.
— Менде ондай-ондай болады, — деді Монкс оның шошынғанын байқап, — ылғи да күннің күркірінен. Оған назар аудармай-ақ қойыңыз, міне бәрі де орнына келді.
Осы сөзден кейін ол сатымен жылдам көтеріліп, кірген бөлмесінің терезе қақпақтарын жауын, жіпке байлаулы фонарьды түсірді; жіп төбедегі белағаштан өткізілген екен, фонарь түбінде тұрған ескі стол мен үш орындыққа күңгірт жарық түсіріп тұр.
— Ал енді, — деді Монкс, үшеуі бірдей отырған соң, — біз іске неғұрлым тез кіріссек, соғұрлым бәрімізге де жақсы болмақ... Мына әйел әңгіменің не туралы екенін білетін болар?
Сұрақ Бамблға берілген еді, бірақ әйелі мәселенің мән-жайы өзіне әбден белгілі екендігін айтқан.
— Анау мыстан өлгенде сіз бірге болып, оның сізге бірдеңе айтқаны рас па?
— Сіз айтқан әлгі баланың шешесі жайында ма? — деп сөзін бөлді бақылаушы әйел. — Иә.
— Бірінші сұрақ оның айтқаны не жайында болып еді? — деді Монкс.
— Бұл екінші сұрақ болар, — деді әйел аса ақылды пішінмен. — Біріншісі бұл хабардың қаншаға бағаланатындығында ғой.
— Оның қандай болатындығын білмей тұрып, бұл сұраққа кім жауап бере алады, сайтан алғыр? —деп сұрады Монкс.
— Сізден артық ешкім жауап бере алмайды, бұған менің сенімім кәміл— деді миссис Бамбл, оның ержүректілігіне баға жоқ еді, бұған өмірлік серігі де толық куәгер бола алатын.
— Гм, — деді Монкс қатты әуесқойланған үнмен. — Яғни, бұдан да ақша табуға болатындығы ғой?
— Бәрі де мүмкін, — деген салмақты жауап естілді.
— Оның бірдеңесін алып қойыпты ғой, — деді Монкс. — Тығып жүрген бір затын. Бір зат...
— Сіз одан да бағасын айтыңызшы, — деп сөзін бөліп жіберді миссис Бамбл. — Мен барлығын жеткілікті ұғынғам, бұл турасында әңгімелесер адамның да сіз екендігіне көзім жетеді.
Әйелінің баяғыда өзі естігеннен өзге ешнәрсе айтпағандығын көрген мистер Бамбл мойнын созып, көзін бақырайтып, осы әңгімеге құлағын түрді. Монкс ақыры ашулы дауыспен құпиясын есту үшін қанша сұрайтынын айтқан кезде оның таңдануы шектен шықты.
— Сіз үшін оның қанша бағасы бар? — деп сұрады әйел бастапқыдай байсалды үнмен.
— Мүмкін ешқандай да, мүмкін жиырма фунт болар, — деп жауап қатты Монкс. — Айтыңыз да, басқасын шешуді маған қалдырыңыз.
— Атаған сомаңызға тағы бес фунт қосыңыз. Маған жиырма бес фунт алтын беріңіз, — деді әйел, — сонда мен сізге білгенімнің бәрін баяндаймын. Тек сонда ғана айтамын.
— Жиырма бес фунт па? — деп дауыстап жіберді Монкс, — орындығының арқалығына шалқая беріп.
— Мен сізге ашық айттым ғой, — деп жауап қатты миссис Бамбл. — Пәлендей көп сома емес.
— Түкке тұрғысыз боп шығуы мүмкін құпия үшін асып жетерлік, — деп шыдамсыздана айқайлады Монкс. — Он екі жылдан астам уақыт көміліп жатыр емес пе?
— Мұндай заттар жақсы сақталады, уақыт өткен сайын жақсы шарап сияқты бағасы екі еселеніп шыға келеді, — деп жауап қатты бақылаушы әйел бұрынғысынша ақылды да селқос кейіппен. — Көміліп қалғанға келер болсақ он екі мың, тіпті он екі миллион жыл жатып, ақырында қызықты хиқаялар айта бастайтын да нәрселер болады ғой.
— Ал егер мен ақшаны текке шашсам ше? — деп қобалжи сұрады Монкс.
— Сіз оны оп-оңай қайтарып ала-аласыз, мен әйелмін, өзім жалғызбын, қорғаншым тағы жоқ.
— Жалғыз емессің, қымбаттым, қорғансыз да емессің, — деп құрметтей қыстырылды мистер Бамбл, қорыққанынан даусы үзіліп-үзіліп шығып. — Мен мұндамын ғой, қымбаттым. Ал оның үстіне, — деп сөзін жалғады мистер Бамбл тісі-тісіне тимей сақылдап. — Мистер Монкс жентльмен ғой, ол приход шенеуніктеріне зорлық жасай қоймайды. Менің жас еместігім де, қымбаттым, мистер Монкске мәлім, егер солай дер болсақ менің аздап қартайғаным рас, бірақ менің бұған титтей де күмәнім жоқ, қымбаттым, менің аса батыл екендігім және жыныма тисе күш-қайратымның жеткілікті екендігі де оған мәлім болар. Мені тек қозғаса болды, сол жетіп жатыр.
Осы сөздермен мистер Бамбл шырағданды шап бермекке әрекеттенген, бірақ оның құты қашқан жүзінен қандай болмасын жауынгерлік әрекетке кірісерде оны расында да қозғау керектігі, қозғағанда да жақсылап қозғау керектігі айқын көрініп тұрды.
— Ақымақсың сен, — деді миссис Бамбл, — тіліңді тарта тұрсаң етті!
— Егер жай сөйлей алмаса, мұнда келерден бұрын тілін кесіп тастаған жөн еді! —деді Монкс түнеріп. — Яғни, бұл сіздің күйеуіңіз екен ғой?
— Бұл менің күйеуім, — деп қиқылдай қостап қойды бақылаушы әйел.
— Сіздер мұнда кіргеннен-ақ солай ойлап ем, — деді Монкс, бұл сөздерден кейін ледидің жұбайына оқты көзімен қарағанын байқап қалып. — Мұнысы да жақсы. Егер бірлесе әрекет етсе, мен ерлі-зайыптылармен істес болудан бас тартпаймын. Мен шын айтып тұрмын. Қараңыздар!
Ол қолын жан қалтасына салып, кенеп қапшықты алып шықты да, столға жиырма бес соверенді санап қойып әйелге жылжытты.
— Ал енді, — деді ол, — мынаны алыңыздар. Мына қарғыс атқыр күннің күркірі басылысымен, мен мұның қазір толастайтынын сезіп отырмын, сіздің әңгімеңізді тыңдаймыз.
Жақын маңнан шатыр еткен күннің күркірі басылысымен Монкс басын еңкейтіп, әйелдің әңгімесін тыңдауға әзірленді. Екі еркек шыдамсыздана кішкентай столдан еңкейіп, ал сыбырлаған сөзін аналар естуі үшін әйел де басын түқыртқан кезде үшеуінің бастары түйісіп қалысқан еді. Фонарьдың тура түскен күңгірт жарығы мазасыз жүздерін қуаң тартқызып, іңір қараңғылығында елес болып көрінген.
— Біз кәрі Салли деп атайтын әлгі әйел өлгенде, — деп сөзін бастады бақылаушы әйел, — екеуіміз ғана болғанбыз.
— Басқа ешкім болған жоқ па еді? — деп сұрады Монкс те тап солай сыбырлап. — Ешбір ауру кемпір немесе көрші кереуетте ешбір нақұрыс жатқан жоқ па еді? Әңгіменің не туралы болып жатқанын еститіндей, болмаса ұғатындай ешкім болмады ма?
— Тірі жан болған жоқ, — деп жауап қатты әйел, — біз өзіміз ғана. Ажалы жеткенде қасында болған мен ғана.
— Жақсы, — деді Монкс әйелге қадала қарап. — Әрі қарай.
— Кемпір бір жас әйел туралы айтты, — деп сөзін жалғады бақылаушы әйел— ол тек осы бөлмеде ғана емес, қазір өзі өлгелі жатқан кереуетте бала тауыпты.
— Қойыңызшы! — деді ерні дір-дір еткен Монкс, артына жалтақтап. — Қарғыс атсын, мұндай да бола береді-ау.
— Ол бала мынау сізге кеше кешкілік айтқанның өзі болатын, — деп сөзін жалғады бақылаушы әйел, күйеуі жақты немқұрайлы нұсқап қойып. — Жанында отырған кемпір оның шешесін тонап алыпты.
— Көзі тірісінде ме? — деп сұрады Монкс.
— Өлген соң, — деп жауап қатты әйел аз-кем дір етіп. — Кемпір әлі суына қоймаған денеден әйел өліп бара жатып, баласына тығып қой деп өтінген затын сыпырып алыпты.
— Кемпір оны сатып жіберіп пе? — деп дауыстап жіберді Монкс шектен шыға әбіргерленіп. — Ол сатып жіберіп пе? Қайда? Қашан? Кімге? Көп болып па оған?
— Өзінің осы ісін қатты қинала айтты да, — деп сөзін жалғады бақылаушы әйел, — ол орындыққа шалқалай бере жүріп кетті.
— Басқа ештеңе де айтқан жоқ па? — деп дауыстады қарлыққан үні тым ашулы естілген Монкс. — Жалған! Meнімен әзіл насырға шабар. Ол тағы бірдеңе айтты ғой. Meн екеуіңнің де жайыңды табам, бірақ оның не екенін бәрібір білем.
— Кемпір бұдан өзге бір ауыз сөз айтқан жоқ, — деді әйел, ол осы бір қызық адамның ашуынан титтей де қорықпаған тәрізді. (Мистер Бамбл жөнінде бұлай дей алмас едік).
— Ол бар күшімен көйлегіме жармаса кетті, оның өлгенін көрген соң, қолын жазып едім, онда кір-кір бір жапырақ қағаз жүр екен.
— Онда не жазылған екен... — сөзін бөліп жіберді Монкс басын ілгері қарай еңкейтіп.
— Онда ештеңе де жоқ екен, — деп жауап қатты әйел. — Бұл мүлік өткізу қағазы болып шықты.
— Қандай затқа? — деп сұрады Монкс.
— Қазір білесіз? —деп жауап қатты әйел. —Алдымен ол қымбатты затты, шамасы бірдеңе қылып тиімділікпен орнын табуға сақтаған болу керек, ал сонан соң өткізіп, ақшасын алған да, мүлдем айрылып қалмас үшін өсімқорға процентін төлеп отырған. Яғни, егер бірдеңе түсе қалса, оны әруақытта сатып алуға болар еді. Бірақ қолына ештеңе іліне қоймаған да, мен өзіңізге айтқандағыдай, сарғайған бір жапырақ қағазды уысына қысқан күйі ол өліп кетті. Екі күннен кейіп заттың уақыты да бітеді екен. Мен, мүмкін, кейінірек бір керегі болар деп оны сатып алдым.
— Ол қайда қазір? — деп сұрады Монкс жалма-жан.
— Мұнда, — деп жауап қатты әйел.
Сөйтті де тап бір құтылғанына қуанғандай француз сағаты әзер сиярлықтай титтей былғары шиланды стол үстіне тастай берді. Монкс оны шап беріп, дірілдеген қолдарымен аузын ашып еді — шиланда кішкентай алтын медальон жүр екен, оның ішінен екі тал шаш пен неке сақинасы шықты.
— Ішкі жағында «Агиес» деген кісі есімі ойылып жазылған, — деді әйел, — Сонан соң фамилияға орын қалдырылыпты, әрі қарай артынан анықтағанымдай бала туғанға дейінгі бір жылдың саны көрсетілген.
— Бары осы ма? — деп сұрады Монкс, кішкентай шиланның ішіндегілерге мұқият зер салып.
— Бары осы, — деп жауап қатты әйел.
Әңгіме аяқталып, жиырма бес фунтты қайта алып қоятындай бірде-бір сөз айтылмағандығына қуанғандай мистер Бамбл еркін тыныс алды, бойын жыйып алған ол осы ұзақ әңгіме үстінде бетін жуып кеткен терін сүртті.
— Аздап пайымдағаным болмаса, мен бұл оқиғадан ештеңе де білмеймін, — деді аз-кем үнсіздіктен соң, оның әйелі Монкске қарап, — тіпті білгім де келмейді, бастың амандығына сол дұрысырақ. Әйтсе де сізге бір-екі сұрақ қоюма болар ма екен?
— Сұрауыңызға болады, — деді аз-кем таңданған Монкс, — бірақ оған жауап берем бе, жоқ па ол басқа мәселе.
— Барлығы үшеу болады, — деді мистер Бамбл, әзіл айтуға талаптанып.
— Сіз менен көңіліңізге алғаныңызды ести алдыңыз ба? — деп сұрады бақылаушы әйел.
— Иә, — деді Монкс. — Екінші сұрағыңыз?
— Сіз енді әлгімен не істемексіз? Маған кесірі тиіп жүрмей ме?
— Ешуақытта да, — деді Монкс. — Сізге де, маған да кесірі тимейді. Мұнда қараңыздар. Бірақ ілгері бір адым аттамаңыздар, әйтпесе мүрдем кетесіңдер.
Осылай деген соң күтпеген жерден үстелді жылжытты да, едендегі темір сақинаны жұлқып қалып, жандәрменмен бірнеше қадам шегініп кеткен мистер Бамблдың тап аяғының астындағы үлкен тесіктің қақпағын шалқасынан ашып тастады.
— Төменге назар аударыңыздар, — деді Монкс фонарын тесікке түсіріп. — Қорықпаңыздар. Егер қаласам, сендер тесіктің үстінде отырғанда-ақ қыңқ демей жөнелтіп жіберген болар едім.
Осы сөзден көңілі орнына түскен бақылаушы әйел тесіктің аузына келді, тіпті әуесқойлық көкейін тескен мистер Бамбл да солай істеді. Нөсерден кейінгі тулаған өзеннің күркіреген дыбысы өзге дыбыс атаулының бәрін көміп кетіп балдыр жабысқан жасыл діңгектерге соғылып ағып жатыр. Заманында бұл арада су диірмені тұрған: шіріген діңгектер мен қираған машинаның қалған сынықтарына иіріліп, құтырынған ағысқа қарсы тұруға текке арамтер болған кедергілерден өткен су тың күшпен алға ұмтылатындай.
— Егер осында кісінің денесін тастап жіберсе, ертең таңертең қай тұстан барып шығады? — деп сұрады Монкс, фонарын қараңғы құдықта бұлғақтатып тұрып.
— Ағыспен он екі миль жерден парша-парша болып шығатын болар, — деп жауап қатты мистер Бамбл әлгі ойдан қарадай денесі түршігіп.
Монкс қойнынан сасқалақтап тыға салған титтей шиланды алып шықты да, оған қорғасын жүк байлап ағысқа тастап жіберді. Шилан ойын сүйектей суды шөлп еткізіп, көзден ғайып болды.
Бір-біріне қарасқан үшеуі демдерін жеңіл алғандай болды.
— Бітті шаруа, — деді Монкс тесіктің қақпағын жауып жатып, қақпақ сарт етіп өз орнына түсті. — Кітаптарда жазатындай егер теңіз өз өліктерін қайтып бере қалса, онда өз алтын-күмісі мен мынау қоқысты да өзіне қалдыруына болады. Енді бізге айтар ештеңе де жоқ, осымен сүйкімді кездесуді аяқтауға да болар.
— Дұрыс айтасыз, — деді мистер Бамбл да жалма-жан.
— Бір елі ауызыңызға екі елі қақпақ қойыңыз, — деп сұстана сөйледі Монкс. — Әйеліңізден қорқынышым жоқ.
— Маған сенуіңізге болады, жас жігіт, — деп аса сыпайгершілікпен жауап қатқан мистер Бамбл, иілген күйі сатыға қарай шегіне берді. — Бәріміз үшін, жас жігіт әсіресе мен үшін, түсінесіз ғой, мистер Монкс?
— Естіп тұрмын, сіз үшін қуаныштымын, — деді Монкс. — Фонарыңызды жағыңыз да, тезірек қараңызды батырыңыз!
Әңгіменің осы арада үзілгені оңды болды, өйтпесе мистер Бамбл иіліп-бүгіліп сатының шетіне барған еді, енді болмаса төменгі қабаттағы бөлмеге ұшып түсетін. Монкс жібін шешіп қолына алған фонарьдан өз фонарын жағып алған ол енді әңгімені жалғастыруға ешбір әрекет жасамастан сатымен төмен түсе берген, әйелі соңынан ерді. Баспалдақта тұрып ешқандай бөгде дыбыс естілмес пе екен деп құлақ түрген Монкс нөсер мен салдыр-гүлдір ағып жатқан тасқынның шуылынан өзге ештеңе естімегенсіп ең соңынан келе жатты.
Олар төменгі қабаттағы бөлмеден жаймен, жымын басып өтті, себебі Монкстың тұла бойы әрбір көлеңкеден дір-дір етсе, фонарын жерден сәл жоғарырақ көтеріп келе жатқан мистер Бамбл асқан сақтықпен, аяғын аса жеңіл алып, жасырын тесіктер жоқ па дегендей елеңдей алақтап келе жатқан. Монкс дыбыс шығармай есікті ашып тастады да, ерлі-зайыпты екеуі құпия таныстарына бастарын изесті де, қараңғыда жауынның астында қалды.
Олар кетісімен Монкс жалғыздықты жан-тәнімен жек көретін жандай, астыңғы жаққа жасырып қойған баланы шақырды. Оған жарық түсіріп, ілгері жүріп отыр деп бұйырды да, жаңа ғана өзі шыққан бөлмеге қайта кірді.
XXXIX ТАРАУ
Сахнаға оқырмандарға бұрыннан таныс бірнеше байсалды жандар шығады, құрметті Монкс пен құрметті еврейдің өзара қалай кеңес құрғандығын баяндайды
Жоғарыдағы тарауда айтылған үшеу аз-кем шаруаларын тындырғаннан кейінгі келесі күні кешкілік мызғып алып оянған мистер Уильям Сайкс ұйқысын аша алмаған гүжілдек даусымен сағат неше болғандығын сұрады.
Сайкс осы сұрақты қойған кезде бұрынғы тұрағынан алыс болмағанымен, сол ауданда тұрғанымен, Чертсиге аттанар алдындағы бөлмеде емес еді. Бұрынғы пәтеріне қарағанда бұл кісі қызығарлық мекен емес-ті — ағаш-сұғашы тым аз, бір ғана титтей терезеден жарық түсетін, есігі тар да лас тұйық көшеге шығатын. Дөй жентльменнің соңғы уақытта жолы болмай жүргендігін білдіретін белгілер көп-ті, тым жұпыны жағдай, киім-кешек, ішкиімдердің де болмауы шектен шыққан кедейлікті білдіретін оның үстіне мистер Сайкстың ап-арық, қажып-шаршаған түрі де бұл фактілерді қосымша дәлелдей түсер еді.
Қарақшы халаттың орнына өзінің ақ пальтосына оранып кереуетте жатыр, басында кір-кір түнгі қалпақ, апта бойы қырылмаған қара сақалы істіктей тікірейіп кеткен. Кереуеттің қасында отырған ит біресе қожайынына ойлана көз тастап, біресе төменгі қабаттан немесе көшеден әлдеқандай шу назарын аудара құлағын тіге, ырылдап қояды. Терезенің алдында тонаушының күнделікті үстіне іліп жүретін ескі бешпетін жамап отырған өңі құп-қу әйелдің бұл хикаяда баяндалатын Нэнси екендігін мистер Сайкстың сұрағына жауап қайтарған даусынан болмаса тану аса қиын еді.
— Сегіз боп қалды, — деді қыз. — Халің қалай, Билл?
— Таза судан да әлсізбін, — деп жауап берді мистер Сайке, өзінің көзі, қол-аяғын қарғап-сілеп. — Қолыңды беpiп, мына қарғыс атқыр кереуеттен сырғып түсуіме жәрдем етші.
Аурудан мистер Сайкстің адамгершілігі жақсара қоймаған-ды, қыз оның орнынан тұруына көмектесіп, столдың жанына алып келгенше, ол мұны епсіздігі үшін балағаттаумен болды, содан соң ұрып та жіберді.
— Қыңқылдаймысың? — деп сұрады Сайкс. — Доғар! Қыңқылдағаның жетер деймін! Егер қолыңнан келері осы ғана болса, қараңды батыр! Естимісің?
— Естіп тұрмын, — деді қыз, теріс айналып жымиып күлуге тырысып. — Оныңа тағы не түсіп еді?
— Е, саған шамасы ақыл кірді-ау деймін? —деп гүжілдеді Сайкс қыздың көзіне келіп қалған жасты көріп. — Өзіңе жақсы болса.
— Бірақ, Билл, маған бүгін де тырнағыңды батырғың келмейтін шығар? — деді қыз оның иығына қолын салып.
— Неге олай етпеске? — деп дауыстап жіберді мистер Сайкс. — Неліктен?
— Қаншама түндер бойы, — деді қыз даусынан аз-кем әйел нәзіктігі аңғарылып, — қаншама түндер бойы мен шыдамдылықпен сені ауру балаша бағып қақтым, бүгін сенің өзіңе-өзің келгеніңді алғаш рет көріп отырмын. Енді сен менімен әлгіндегідей қарым қатынас жасамайсың ғой, солай емес пе? Ал айтшы, олай істемеймін деп.
— Жарайды, — деді мистер Сайкс, — олай істемейін. Ах сайтан алғыр қыз, тағы қыңқылдап тұр?
— Бұл түк емес, — деді қыз отырғышқа жайғаса беpiп. — Маған назар аудармай-ақ қой. Қазір бәрі де орнына келеді.
— Не орнына келеді? — деп зілдене сұрады мистер Сайкс, — тағы қандай ақымақтық ойлап таптың сен? Тұр, да, шаруамен айналыс, қайдағы бір қатынның ұсақ-түйегімен басымды қатырма!
Басқа уақытта болса, бұл дауыс пен әмір өз дегенін орындатар да еді, бірақ әлі құрыған қыз мистер Сайкс мұндай жағдайларда тұздық есебінде кірістіріп жіберетін бірнеше балағат сөзін айтып үлгергенше басын отырғыштың арқалығына сүйей берді де есінен танып қалды. Мұндай төтенше жағдайда не істерін білмегендіктен — мисс Нэнсидің қояншығы төтенше ұстап кеткенде ол сыртқы көмексіз де оның жөнін табатын — мистер Сайкс бірнеше боқтықты сайлай берді де, бірақ емдеудің бұл түрі мүлдем пайдасыз екеніне көзі жеткен соң, жәрдемге шақырды.
— Не боп қалды? — деп сұрады Феджин, бөлмеге басын сұғып.
— Қызға жәрдем бер, — деп шыдамсыздана айқайлады Сайкс. — Жоқтан өзгені міңгірлеп, ыржаңдап, маған бақырайып қараудың түкке қажеті жоқ.
Таңданғаннан даусы шығып кеткен Феджин қызға көмекке асықты, бөлмеге құрметті досының соңынан кірген мистер Джек Даукинс (басқаша айтқанда — Епті Суайт) сүйреп кірген түйіншегін еденге қоя салып, өзін өкшелеп келе жатқан жасөспірім Чарли Бейтстің қолынан бөтелкені жұлып алып, қасқаққанша тісімен тығынын жұлып алып, қателеспес үшін алдымен өзі татып көрді де, содан соң ішіндегісінің біразын науқастың аузына құя салды.
— Чарли, жағасынан көтеріп, таза ауа жұтқыз, — деді мистер Даукинс. — Ал сіз Феджин, юбкасын шешкенше қолынан соққылаңыз.
Құлшына кіріскен барша осы шаралар — әсіресе, бұл шаруадағы өз араласуын айрықша ермек деп тапқан жасөспірім Бейтске жүктелгені — тамаша нәтижеге қол жеткізді. Біртіндеп өзіне-өзі келген қыз теңселе басып, отырғыштан кереуетке жетті де, бетін жастыққа басып жата кеткен. Жаңа қонақтарды қарсы алған мистер Сайкс олардың күтпеген жерден пайда болғанына аз-кем таңданып қалған.
— Сендерді қандай шайтан жел қуып келді мұнда? — деп сұрады ол Феджиннен.
— Тіпті де шайтан жел емес, қымбаттым. Шайтан жел ешкімге де жақсылық әкелмейді. Ал мен сізге ұнар деп, бір тәуір дүниелер әкелдім... Суайт, қымбаттым, түйіншегіңді шешіп, бүгін таңертең бар ақшамызды жұмсаған ұсақ-түйекті Биллге бере қойшы.
Мистер Феджиннің жарлығын орындап, Епті Суайт ескі дастарханға оралған түйіншекті жазып, ондағы заттарды бір-бірлеп Чарли Бейтске беріп жатты, соны столға жайғастырып жатып анау әрқайсының сирек кездесетін тамаша қасиеттерін мадақтаудан ауыз жаппады.
— Ах, қоян етінен істелген қандай паштет Билл! — деп дауыстады әлгі жас жентльмен үлкен паштетті ала беріп. — Нәзік табанды мұндай жандар, Билл, аузыңда еріп кетеді, сүйегін алып әуре болудың қажеті жоқ. Жеті шиллинг алты пенстің көк шайы керемет шығымды, ыстық суға тастап жіберсең, шәйнектің қақпағын атып жібереді, аздап ылғалды бір жарым қадақ қант, бабына келгенше негрлердің сілікпесін әбден шығарса керек. Екі қадақтың екі бөлке, бір қадақ тамаша май, майлы глюстер сүтсірнесінің таңдаулы сортынан бір кесегі, мұндайдың мұрныңызға иісі де бармаған шығар.
Осылайша көпірте мадақтаған жасөспірім Бейтс кең қалтасынан аузы мұқият бекітілген үлкен бөтелкедегі шарапты суырып алды да, дәл осымен қатар бұрынғы бөтелкеден шүпілдеген бір рюмке таза спирт құйып алып, бөгелместен тартып жіберді.
— Е, — деп дауыстады Феджин, риза кейіппен қолын уқалап. — Сіз өлмейсіз енді, Билл, сіз өлмейсіз.
— Өлмеспін, — деп қайталады мистер Сайкс. — Мен сендер жәрдемге жеткенше жиырма мәрте мүрдем кете жаздадым. Қалайша сіз, өтірікші шошқа, адамды осындай жағдайда үш аптадан астам уақытқа тағдырдың тәлкегіне тастадыңыз?
— Сендер мұны тек тыңдап көріңдерші, балалар! — деп Феджин иығын қушитты. — Біз оған мынанша ғажап дүние әкеп жүрсек.
— Әкелгендерің былай қарағанда жаман емес, — деді мистер Сайкс, столды көзімен бір шолып өткен соң, аз-кем жұмсарып, — бірақ сіз ақталу үшін не айта аласыз? Сендер неге мені осы араға аш-жалаңаш, ауру, ақшасыз, тіпті ештеңесіз күйде тастап кетіп, қаншама уақыт бойы мына ит құрлы назар аудармадыңыздар?.. Қуып шықшы оны, Чарли!
— Мұндай қызық итті мен ешқашан да көрмеп ем! — деп дауыстады жасөспірім Чарли, оның өтінішін орындаған соң. — Жейтін нәрсені базарға бара жатқан қарт ледиден кем сезінбейді. Бұл ит сахнаға шықса өзіне үлкен дәулет жиып, әрі ойынды да жандандырар еді-ау.
— Ал енді қысқарт!.. — деп айқайлады Сайкс, ит ырылдауын қоймай кереует астына кіре бергенде.
— Сонымен не деп ақталмақсың, қатпа, кәрі қанішер?
— Мен бір аптадан астам уақыт Лондонда болғам жоқ. Әрқилы жұмыстарым болды, — деп жауап қатты еврей.
— Ал қалған екі аптада ше? — деп сұрады Сайкс. — Үйдегі ауру егеуқұйрық тәрізді мен осында жатқан қалған екі аптада ше?
— Мен ештеңе істей алмадым, Билл. Жұрттың алдында ұзынсонар түсінік айтып жату артық болар... Мен ештеңе істей алмадым, арыммен ант етейін.
— Сіз немен ант етіп тұрсыз? — деп асқан жеккөріншілікпен гүжілдеді Сайкс. — Әй, балалар, біреуің паштеттен маған бір кесіп беріңдерші, әйтпесе аузымдағы жаман дәмнен тынысым тарылын тұрғаны.
— Ашуға ерік бермеңіз, қымбаттым, — деп мойынсұна сөйледі Феджин. — Мен сізді ешуақытта есімнен шығарғам жоқ Билл, ешуақытта.
— Иә, сіздің мені естен шығармағаныңызға бәстесуге бармын, — деді Сайкс ащы мысқылмен. — Мен осында безгектен ыстығым көтеріліп жатқанда, сіз әрқилы жоспарлар мен амал ойластырдыңыз ғой. Билл ананы істейді, Билл мынаны істейді, сауыға салысымен Билл мұның бәрін аса арзан бағаға істейді деп, — сізге қызмет істеуге ол кіріптар жарлы. Егер мына қыз болмағанда, мен баяғыда-ақ о дүниеге аттанып кетер едім.
— Жетер, Билл, — деп қарсылық білдірді Феджин осы сөзге өлердей жармасып, — «Егер бұл қыз болмаса!» Бейшара қарт Феджин болмаса мұндай епті қызды сізге кім тауып берер еді?
— Бұл шындықты айтып тұр, — деді Нэнси, жылдам ілгері шығып. — Оған тиме енді, тиме.
Нэнсидің араласуы әңгіме барысын өзгертті, балалар да сақ қарт еврейдің көз қысқанын байқап қызды спиртпен сыйлай бастаған, — дегенмен ол шамамен ішкен-ді, ал Феджин өзіне жат көңілді кейіпке түсіп, ананың айбат шегуін әзіл есебінде қабылдайтын қылық көрсетіп, бірте-бірте Сайкстің де көңілін көтерді, оның үстіне спиртті бөтелкеге бірнеше мәрте еңкейген Сайкстің екі-үш тұрпайы қалжыңына барлығы ішек-сілелері қата күлісіп алған.
— Мұның бәрі тамаша, — деді Сайкс, — бірақ бүгін мен сізден біраз ақша алуым керек.
— Менде қазір соқыр тиын жоқ қой, — деп жауап қатты еврей.
— Оның есесіне үйіңде үйіліп жатыр, — деп қарсылық етті Сайкс. — Мен содан бірдеңелер алуым керек.
— Үйіліп жатыр, — деп дауыстады Феджин қолын жайып. — Маған ол тіпті...
— Сізде оның қанша жиналғанын мен білмеймін, өзіңіз де біле қоймассыз, өйткені оны ұзақ уақыт санауға тура келер еді, — деді Сайкс. — Бірақ маған ақша бүгін қажет — бұл сөзім қысқа, әрі ап-айқын шығар?
— Жақсы-жақсы, — деп күрсінді Феджин. — Мен Епті Суайттан беріп жіберейін.
— Олай етудің қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді мистер Сайкс. — Епті Суайт тым епті, егер сіз оған ондай тапсырма жүктесеңіз, ол келуді ұмытып кетеді, яки жолдан адасады, болмаса іздеушілерден қашып келмей қояды, болмаса ақталу үшін тағы бірдеңелер ойлап табады. Барлығының да ойдағыдай болуы үшін сіздің апаныңызға Нэнси барсын, ол келгенше мен мызғып алармын.
Ұзақ саудаласу мен даудан кейін талап еткен соманы Феджин бес фунттан үш фунт төрт шиллинг және алты пенске азайтып, шаруашылыққа енді небәрі он сегіз ғана пенс қалды деп ант-су ішті. Мистер Сайкс көңілсіз кейіппен егер бұдан көбірекке дәмеленуге болмаса осыған да қанағат ететінін айтты. Содан соң, Нэнси Феджинді шығарып салуға жиналды, ал Суайт пен мистер Бейтс тамақты буфетке тыға бастады.
Өзінің қонақжай досымен қоштасқан соң, еврей Нэнси мен балаларға еріп үйіне қайтты; бұл уақытта мистер Сайкс төсекке жата кетіп, жас леди оралғанша ұйықтап алмақ болды.
Ешқандай бөгеліссіз Феджиннің тұрағына жеткен олар криббедждің он бесінші партиясын ойнап отырған Тоби Крекитпен мистер Читлпнгтің үстінен шықты, соңғы жентльменнің жас достарын шексіз мәз қылып, бұл партияны да, он бесін де, соңғы алты пенсін де ұтқызып қойғанын айтпай-ақ қойсақ та болар. Мистер Крекит қоғамдағы орны мен ақыл-ойы өзінен төмен жентльменмен ойын үстінде көзге түсіп қалғанына ұялса керек, есінен қойып, Сайкстың жағдайын сұрап, шляпасын алды да, кетуге ыңғайлана бастады.
— Ешкім келген жоқпа, Тоби, — деп сұрады Феджин.
— Бір де бір тірі жан есік аттаған жоқ, — деп жауап қатты мистер Крекит жағасын көтеріп жатып. — Жалыққаннан жаман сыра тәрізді ашып кете жаздадым. Үйіңізді осынша уақыт күзеткенім үшін мені бір жақсылап суаруға тиістісіз, Феджин. Сайтан алсын! Присяжный сияқты топас халге түстім, егер өзіме тән қайырымдылығыммен мына баланың көңілін көтергім келмегенде Ньюгет түрмесі тәрізді қатты ұйқыға кеткен болар ма едім. Сұмдық іш пыстырады, бұлай болмаса, мені қарғыс атсын!
Осы сөздермен мистер Тоби Крекит ұтып алған ақшасын тәккәббар кейіппен бешпетінің қалтасына сұға салды, тан бір ұсақ күміс ақшалар өзіндей адамның назарына тұрмайтын сияқты; мұны болған соң ол бөлмеден маңғаз басып шығып кетті, оның аяғы мен етігі көзден таса болғанша сұқтана қараған мистер Читлинг отырғандардың бәріне онымен танысу өзіне небәрі он бес алты пенстікке түскенін, мұндай ұтылуды өзінің бұйым құрлы көрмейтінін жариялаған.
— Бір мәжнүн адамсыз ғой, Том, — деді мистер Бейтс, әлгі сөзден көңілі көтеріліп.
— Тіптен олай емес, — деді мистер Читлинг. — Мен мәжнүнмін бе, Феджин?
— Сен өте ақылды жігітсің, қымбаттым, — деді Феджин оның иығынан қағып, өзге шәкірттеріне көзін қысып.
— Ал мистер Крекит нағыз жігіт қой. Рас па, Феджин? — деп сұрады Том.
— Бұған шүбә жоқ, қымбаттым.
— Онымен таныс болу да мақтанарлық іс емес пе? Солай ғой, Феджин— деп сөзін жалғады Том.
— Әрине, мақтанарлық іс, қымбаттым. Олар сені көре алмайды, өйткені бұлармен оның жұғысқысы келмейді.
— Бәсе, — деп шаттана дауыстады Том. — Miнe мәселе қайда! Ол менің қалтамды тазалап кетті. Бірақ мен қашан қаласам да ақша таба алам ғой, рас па, Феджин?
— Әрине, табасың, Том, неғұрлым ертерек барсаң, соғұрлым жақсы. Бөгелмей өз ұтылысыңның орнын толтыр, уақытты оздырма енді... Суайт, Чарли! Сендер жұмысқа кететін уақыт болды. Қимылдаңдар! Ұзамай сағат он болады, әлі ештеңе істелген жоқ.
ЬІмды түсінген балалар Нэнсиге бастарын изесті де, шляпаларын алып, бөлмеден шығып кетті; жолай Суайт пен оның көңілді досы мистер Читлингті мұқататын не түрлі әзіл-қалжың ойлап тауып, көңілдерін көтерумен болды, десек те егер ақиқатына көшсек, оның мінез-құлқында ешқандай ерекшелік, тұрпайы нәрселер жоқ еді, өйткені астанада жақсы ортаға қабылдану үшін мистер Читлингтен әлдеқайда көп төлейтін жас іскер сырбаздар жеткілікті еді және өз беделдерін тап епті Тоби Крекит сияқты тұғырға тұрғызатын таңдаулы жентльмендер де (әлгі айтылған таңдаулы ортаны құрайтын) аз емес-ті.
— Ал енді, — деді Феджин, балалар бөлмеден шығып кетісімен. — Саған ақшаны әкелейін, Нэнси. Бұл жай шкафтың кілті ғой, мен онда балалар әкелген азыаулақ дүниелерді сақтаймын. Өз ақшамды мен ешуақытта кілттемеймін, өйткені кілттейтін де ештеңе жоқ, қымбаттым... ха-ха-ха... кілттейтін түгім жоқ. Пайдасыз кәсіп, Нэнси, және арзымайтын жұмыс. Бірақ мен төңірегімнен жастардың дидарын көргенді ұнатамын, сондықтан барлығына да шыдаймын, шыдап та жүрмін. Тыныш, — деп дауыстап жіберді ол кілтін қойнына тыға беріп. — Кім? Тыңдашы.
Қолын айқастырып, столдың жанында отырған қыз, шамасы, құлағына еміс-еміс еркектің даусы келгенше біреу келді ме, я кетті ме оған титтей де назар аудармай отырған болуы керек. Әлгі дыбысты құлағы шалуы мұң екен көз ілеспейтін жылдамдықпен басынан шляпасы мен шәлісін жұлып алып, столдың астына жыттырып жіберді. Еврей оған бұрылған кезде қыз әлгіндегі шалт қимылына мүлдем қайшы келетін әлсіз дауыспен күннің ыстығына шағым жасап отырған-ды, бірақ теріс қарап тұрған Феджин оны байқамай қалды.
— Ба! — деп міңгірледі ол мына кедергіге өкініш білдіргендей. — Мынау менің ертерек күткен кісім ғой, ол сатымен түсіп келеді. Ол кеткенше ақша турасында ештеңе деме, Нэнси. Ол ұзақ отырмайды. Он минуттан артық отырмайды, қымбаттым.
Ерніне сүйекті сұқ саусағын тигізіп, сатыдан аяқ дыбысы естілген кезде еврей шамды есікке апарды. Ол есікке келушімен бірге жетті, анау бөлмеге тез кіріп келіп, қыздың қасына жетіп барса да, оны соңынан байқаған.
Бұл Монкс еді.
— Менің жас шәкірт қыздарымның бірі ғой, — деді Феджин, бейтаныс кісіні көрген Монкстың шегіне бергенін байқап қалып. — Кетпей-ақ қой, Нэнси.
Қыз үстелге жақындап, Монкске селқос қана қарады да, көзін төңкеріп әкетті, бірақ Монкс қыздан көзін Феджинге аударған кезде, қыз сынай қараған, өткір көз қиығын қайта тастады, егер бұл арада өзге бір бақылаушы болып, мына өзгерісті байқаса, ол әлгі екі көзқарас та бір кісінікі дегенге зорға нанған болар еді.
— Жаңалық бар ма? — деп сұрады Феджин.
— Өте маңызды.
— Және... және... жақсы жаңалық па? — деп батылсыздау сұрады Феджин тап бір әңгімелесушісін шектен тыс кеңпейілділікпен ашуландырып алудан қорыққан адамдай.
— Қалай болғанда да жаман емес, — деп жымия жауап қатты Монкс. — Бұл жолы уақытты мен текке өлтіргем жоқ. Менің сізбен сөйлесуім керек.
Қыз үстелге бұрынғыдан да жақындап, өзін Монкстың көрсетіп тұрғанын сезсе де бөлмеден шығып кететін ықылас таныта қоймады. Еврей, шамасы, егер қызды шығарып жіберуге әрекет жасаса дауыстап ақша жөнінде айтып қояр деп қауіптенсе керек, жоғарыны нұсқап, Монксты ертіп кетті.
— Тек біз өткенде болған қарғыс атқыр қуысқа апара көріңіз, — деген келушінің даусын естіді қыз, аналар сатысымен көтеріліп бара жатқанда. Феджин күліп бірдеңе деді, онысын қыз ұға алмады. Тақтайдың сықырлауына қарағанда анау өз серігін үшінші қабатқа бастап әкетсе керек.
Аналардың аяқ дыбысынан үйден шыққан жаңғырық басылмай-ақ, қыз башмағын шешіп, басына көйлегінің етегін орап, оған қолын сұқты да, есік алдында тың тыңдап тұра қалған. Шу басылысымен, қыз бөлмеден шықты да, таңқаларлықтай жеп-жеңіл, у-шусыз сатымен көтеріліп, жоғарыдағы қараңғыға сүңгіп жоқ болды.
Ширек сағаттай уақыт бөлмеде ешкім болған жоқ, содан соң қыз әлгіндегідей аяғын ұрлана басып, қайта оралды, артынша сатымен түсіп келе жатқан екі еркектің аяқ дыбысы естілді. Монкс дереу көшеге шығып кетті де, ал еврей ақша алу үшін қайтадан жоғарыға өрлеп кетті. Ол бөлмеге кірген кезде, қыз шәлісі мен шляпасын киіп қайтуға даярланып отыр екен.
— Бұл несі, Нэнси? — деп дауыстап жіберді шырақты столға қойған еврей, теңселіп кетіп. — Жүзің қандай құп-қу.
— Құп-қу деймісіз? — деп қайталады қыз, оған қадала қарағысы келген адамдай көзін қолымен көлегейлей беріп.
— Сұмдық бозарып кетіпті, саған не болды?
— Түк те болған жоқ. Мына қапырық бөлмеде қанша отырып қалдым, болғаны сол ғана, — деп елеусіздеу жауап қайырды қыз. — Ал тілеуіңізді берсін, мені қоя беріңізші.
Әр тиынға ахылеп-үхілей отырып, Феджин қыздың алақанына ақша санап салды. Олар әрі қарай әңгімені сөз-бастап бір-біріне қайырлы түн тілеп айырылысты.
Көшеге шыққан соң қыз есіктің алдындағы табалдырыққа отыра кетіп бірнеше секунд бойы әбден сасқалақтап, аяғын баса алмай қалғандай бей-жай күй кешті. Кенет қыз орнынан атып тұрып, өзін Сайкс күткен жақтан қарама-қарсы бағытқа тұра ұмтылды да, бірте-бірте қадамын жиілетіп, ақыры жүгіруге көшті. Әбден әлі құрыған қыз, тыныс алу үшін тоқтай қалған, бірақ ойына келгенін орындай алмайтындығына көзі жеткендей, саусағын сықырлатып, жылап қоя берді. Мүмкін, көз жасы бойын жеңілдетті ме, әлде жағдайының ешбір үмітсіз екендігін ұқты ма — қыз кілт бұрылды да кейінгі жағына қарай бар пәрменімен жүгіре жөнелді — бір жағынан жоғалтқан уақытының қарымтасын қайтарғысы келсе, екіншіден басында тасқындаған ойлары қадамын еріксіз жылдамдатқан ол өзі тонаушыны қалдырып кеткен үйге де жеткен.
Егер мистер Сайкстың алдына келгенде қыз қандай да болмасын өз толқуын білдіріп алса да, анау ештеңе сезген жоқ, қыздың ақша әкелгендігін білгісі келген ол қанағаттанарлық жауап алған соң, бірдеңе деп міңгірледі де басын жастыққа қайта салып, үзілген ұйқысына қайта кеткен.
Келесі күні қолға тиген ақша, тамақ пен ішкілікке біршама еңбектенуіне тура келген Сайкстің мінез-құлқына игілікті ықпал жасап, кедір-бұдырлығын жұмсартқаны сонша қыздың мінез-құлқы мен өзін ұстау мәнеріне сын айтуына уақыты да, құлқы да болмады. Белгілі бір шешім қабылдар алдында болатын ішкі арпалыс, кімде-кім болмаса қауіпті де батыл қадам жасардағы алаңғасарлық пен қызбалық Феджиннің сілеусін көздерінен таса қалмас еді; ол дереу дабыл да қаққан болар еді. Бірақ ерекше байқағыштығымен ерекшеленбейтін, әрі кіммен араласса да тек дөрекілігімен алатын мистер Сайкс, оның үстіне жоғарыда айтылғандай көңілі аса хош жүрген мистер Сайкс, қыздың мінез-құлқынан ешбір өзгерісті көре алмады, шындығында, оған мүлдем көңіл де аударған жоқ, тіпті оның толқуы әлдеқайда көзге ұрып тұрса да, ананың сезігін туғызуы екіталай нәрсе еді.
Кешкілік қыздың өрекпуі күшейе түсті, ымырт жабыла ол тонаушының жанында қашан мас болып, ұйықтап кетеді деп күтіп отырды, жүзі құп-қу, ал көздері жанып тұр, тіпті Сайкстің өзі бұған таң қалған.
Безгектен әлсіреген мистер Сайкс кереуетте жатып, қуатын азайту үшін джипне ыстық су араластырып отырған, үшінші әлде төртінші мәрте толтыру үшін Нэнсиге стаканын жылжытқан-ды, кенет қыздың түрі оны айран-асыр етті.
— Ах, мүрдем кетейін! — деп даусы шығып кеткен ол қолын тірей көтеріліп, қыздың бетіне үңілген.
— Сен тірілген өліктен айнымайсың. Не боп қалды?
— Не боп қалды деймісің? — деп қайталады қыз. — Ештеңе де. — Маған неге көзіңді бақырайтасың?
— Бұл не ақымақтық тағы? — деп сұрады Сайкс, қыздың қолынан шап беріп, дөрекі қимылмен жұлқып. — Бұл не болғаны? Ойыңда не бар? Нe туралы ойлап тұрсың сен?
— Көп нәрсе жайында, Билл, — деп жауап берді қыз тұла бойы дір етіп, көзін қолымен жауып. — Бірақ бәрібір емес пе?
Жаңағы өткір көзқарастан гөрі мына сөздер айтылғандағы көлгірсіген көңілді дауыс Сайкске қатты әсер етсе керек.
— Менің саған айтарым, — деді Сайкс, — егер сен безтек жұқтырып алмасаң, немесе науқас болмасаң, онда бұл арадан басқа ерекше бір қауіпті нәрсенің иісі шығады. Сен осы әлгі... Жоқ, сайтан алғыр, сен оны істей қоймассың?
— Нені істей қоймаспын? — деп сұрады қыз.
— Бұл әлемде, — деді Сайкс, қыздан көзін айырмай, бұл сөздерді өзінше міңгірлеп, — әлемде бұдан сенімдірек қыз жоқ, әйтпесе мен мұны үш ай бұрын-ақ бауыздап тастаған болар едім. Мұның безгегі ұстағалы тұр, міне солай.
Осы дәлелмен өзін тыныштандырған Сайкс стаканды төңкеріп тастады, ал сонсоң гүжілдей балағаттап, дәрісін беруді талап етті. Қыз орнынан жылдам көтеріліп, оған арқасын беріп тұрып, тез дәрі құйды да, анау ішіп болғанша стаканды демеп тұрды...
— Ал енді, — деді тонаушы, — менің қасыма отыр, тұр келбетің де әдеттегідей болсын, әйтпесе өзің танымай қалатындай етіп безендіріп беремін.
Қыз оның айтқанына көнді. Сайкс оның қолын қысып ұстап, жастыққа қисая кетті де, жүзінен көзін айырған жоқ. Көзі бір ашылып, бір жұмылып, қайта ашылып, қайта жұмылды. Ол әбігерлене аунақшыды, екі-үш минуттай қалғып та кетті, сонда да басып қайта-қайта шошына көтеріп, жан-жағына алақтады, кенет қайта тұра бергісі келген мезетте терең ұйқыға шомды. Саусақтары жазылып кетті, көтерген қолы әлсіз жығыла берді — ол тап бір ессіз-түссіз жатқандай еді.
— Ақыры, апиын әсер етті-ау, — деп сыбырлады қыз, кереуеттен тұра беріп, — бірақ, мүмкін қазір тым кеш болып кеткен шығар.
Ұйықтататын сусынға қарамастан Сайкстың ауыр долы иығына қона түсетіндей әлсін-әлсін шошына қарағыштап шляпасы мен шәлісін жылдам киіп алды, сонан соң төсекке жаймен еңкейіп, тонаушыны ернінен сүйіп алып, бөлменің есігін дыбыссыз ашып, көшеге жүгіріп шықты.
Бас көшеге апаратын қап-қараңғы тұйық көшеде күзетші сағат тоғыз жарым болғандығын айқайлап тұрды.
— Соққалы көп болды ма? — деп сұрады қыз.
— Ширек сағаттан кейін онды да соғады, — деді күзетші фонарын мұның бетіне тақап.
— Ал мен ол жерге бір сағаттан ерте жете де алмаспын, — деп міңгірлеген қыз, ананың жанынан өте шықты да, көшемен жүгіре жөнелді. Синтел-Филдстен Лондонның Вест-Эйдсіне қарай бағыт алып жүгіріп келе жатқан көшелер мен иесіз тұйық, көшелердегі көптеген дүкендер жабылып та қалыпты. Сағат онды соққан кезде, оның шыдамы шегіне жетті. Қыз жанама тар жолмен құйғытып келе жатқан, жүргіншілерді қағып-соғып, аттардың дәл тұмсығының астынан қарғып өтіп жолды кесіп өтуді шыдамсыздана күтіп тұрған кісілердің тобырын да жарып келеді.
— Мына әйел есінен адасқан шығар, — дейді жүргіншілер оның соңынан қарау үшін бұрыла беріп, бұл уақытта қыз екі өкпесін қолына алып әрі қарай ұшып бара жатады.
Қыз қаланың дәулетті бөлігіне ілінген кезде, көшелер де кеңіп сала берген, бұл арада оның жандәрменмен жүгіруі өзі қастарынан өткен некен-саяқ жүргіншілердің одан әрмен әуесқойлығын қоздырды. Біреулері оның қайда асығып бара жатқанын білгісі келгендей адымдарын жиілетті, ал оны қуып жетіп, жүзіне үңілгендері қыздың әрі қарай зымырап бара жатқанына таңданысып қала беріскен.
Дегенмен әлгілер біртіндеп қала берді де, қыз ақыры өз саяхатының мақсатты жеріне жеткенде жалғыз қалған болатын. Бұл Хайд-парктің жанындағы тып-тыныш, әсем көшедегі семьялық пансион еді. Көз ұялтар жарық жанып тұрған есіктің алдына келгенде сағат он бірді соқты. Алдымен ол бойын жинап алу үшін, аз-кем аялдағысы келіп еді, бірақ сағаттың соғысы бойына қуат беріп, қыз холлға кірді. Қақпашы өз орнында болмай шықты. Қыз жан-жағына жасқана қарап, сатыға қарай беттеген.
— Бері қараңыз, — деді әсем киінген әйел, арт жағындағы есіктен шығып, — сізге мұнда кім керек?
— Осы үйге тоқтаған леди қажет еді, — деді қыз.
— Леди? — деді әлгі жақтырмай. — Қандай леди?
— Мисс Мэйли, — деді Нэнси.
Бұл кезде Нэнсидің үсті-басына зер салып шыққан әлгі әйел жақтырмай көз тастап, әңгімеге бір еркекті шақырды. Нэнси өз өтінішін қайталады.
— Сізді кім деп баяндаймыз? — деді қызметші.
— Фамилияны атаудың қажеті жоқ, — деп жауап қатты Нэнси.
— Қандай шаруамен? — деп сөзін жалғады анау.
— Бұл жайында да ештеңе деудің қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді қыз. — Менің ледиді көруім керек.
— Кетіңіз, — деді қызметші, мұны есікке қарай итермелеп. — Жетер енді, тайып тұрыңыз.
— Мені бұл арадан сүйреп шығуыңызға болады, ал өзім кетпеймін, — деп айқайлап жіберді қыз. — Шынымен-ақ сіздердің араларыңызда— деп сөзін жалғады қыз жан-жағына жалтақтап — мендей бейшара пақырдың тілегін орындайтын бірде-біреудің болмағаны ма?
Бұл жалыныш басқа қызметшілермен бірге мына көріністі жайбарақат бақылап тұрған аспазшыға әсер етті де, ол әңгімеге араласу үшін алға шықты.
— Баяндай салсаңшы, Джо, сенің нең кетеді, — деді әлгі.
— Одан не пайда бар? Жас леди мынандай пендені қабылдай қояр деймісің?
Нэнсидің күдікті бейнесіне деген мына ишарат төрт қызметші әйелдің көкірегінен ашу-ыза туғызып, олар бұл оңбаған өз жынысын масқаралап жүр, сондықтан ешбір аяусыз оны шұңқырға лақтырып тастау керек деген талап қойды.
— Маған не істесеңдер оны істеңдер, — деді қыз еркектерге қайта қарап, — бірақ алдымен менің өтінішімді орындаңдар, мен туралы баяндауларыңызды құдай атынан өтініп сұраймын.
Жұмсақ жүректі аспаз қыздың тілегін тағы қуаттап, ақыры алдымен көнген қызметші бұл тапсырманы орындайтын болып іс сонымен тынған.
— Сөйтіп не айту керек? — деп сұрады ол төменгі сатыда бір аяғымен тұрып.
— Бір жас әйел мисс Мэйлимен оңаша тілдесуді қатты өтініп сұрайды деңіз, — деп жауап қатты Нэнси, — ал леди менің айтқанымнан бір ауыз сөз естіген соң, әңгімені аяғына дейін тыңдағысы келе ме, жоқ, өтірікші алдамшы есебінде қуып шыға ма, оны өзі шешсін.
— Сіз тіптен табанды екенсіз, — деді қызметші.
— Сіз осы сөзді ғана айтып, — деді қыз, — маған жауабын әкеліңіз. Қызметші сатымен жүгіре жөнелді. Өңі сұп-сұр Нэнси, тынысын әзер алып, ерні дірілдеп, балиғаты бұзылмаған қызметші әйелдердің қатты айтқан шаншу сөздеріне құлақ тігіп тұрды; ал қызметші қайта оралып, жас әйелге жоғары шыға берсін деген кезде аналар одан әрі желігіп кеткен.
— Бұл жалғанда сыпайылық сақтап не қажет? — деді бірінші қызметші әйел.
— Тіпті отқа да жанбаған күннің өзінде кейде алтыннан қалайыны артық бағалайтын кезі болады, — деді екіншісі.
Үшіншісі «ледилер неден жасалады екен?» деген ұғынықсыз сауалмен шектелсе, төртіншісі «Қандай масқара!» деген квартеттің негізін салған да, ақыры барлығының да сөзі осыған сайған-ды.
Мұның біріне де назар аудармастан — жүрегіне бір ауыр тас түскендей еді, — Нэнси, тұла бойы дір-дір етіп, қызметшінің соңынан төбеге ілінген шам жарық түсіріп тұрған кішкентай ауызғы бөлмеге кірді. Қызметші осы арада қызды қалдырып шығып кетті.
XL ТАРАУ
Жоғарыдағы тарауда айтылған оқиғалардың жалғасы боп табылатын әдеттен тыс кездесу
Қыздың өмірі көшеде, Лондондағы қылмыстылардың ең қалың орда-қордаларында өтсе де, оның жанында әйелге тән әдептілік сақталып қапты, өзі кірген есіктің қарсысындағы есіктің ар жағынан жаймен басқан аяқ дыбысын естіген кезде, қыз енді бір секундтан кейін тек кішкентай бөлме куә болатын қарама-қайшылықты ойлады, өз масқаралығының бүкіл ауыртпалығын сезініп, өзі кездесуге құлшынған адамның қасында болуға әлі келмейтіндей бүрісіп қалды.
Бірақ осындай ізгі сезімімен бұзылғандар мен қорланғандардың, сондай-ақ кеудесоғар, менмендердің жаман қасиеті — тәкаппарлық айқасып жатты. Ұры-қары тонаушылардың бейшара сыбайласы, дар ағашы көлеңкесінде жүрген ең оңбаған қылмыскерлердің жәрдемшісі, жаманшылықтың батпағына әбден былғанған пенденің өзі әйелге тән сезімталдық танытуға келгенде тым тәкаппар еді, сәби шағында-ақ санасынан ізі өшкен, ондай қасиетті, өзін адамзатпен байланыстырып тұрған сол болса да, қыз осалдық деп түсінетін. Қарсы алдында тұрған қыздың бойының сұңғақ, өзінің әдемі екендігін көрерліктей ғана көзін көтерді де, басын жорта қам-қарекетсіз шайқап қойып:
— Сізге жету оңай болған жоқ, сударыня. Менің орнымда болса талайлар солай істейтіндей жәбірленіп, кетіп қалсам, сіз қашан да болмасын бұған қатты өкінген болар едіңіз, — деді.
— Егер сізге дөрекілік көрсетсе, мен бұған қатты өкінемін, — деп жауап қатты қыз. — Мұны есіңізден шығаруға тырысыңыз. Енді мені неге көргіңіз келгенін айтыңызшы. Мен сіз сұраған кісінің тап өзімін.
Мейірімді жұмсақ дауыс, момын кішіпейілділік, тәкаппарлықтың нышанын да көре алмау қыз мүлдем күтпеген жағдай болғандықтан көз жасын төгіп қоя берді.
— Ах, сударыня! —деп дауыстап жіберді ол қолын айқастырып— Егер сіздейлер көбірек болса... мендейлер азырақ... азырақ...
— Отырыңызшы, — деп өтінді қыз. — Егер сіз кедей болсаңыз яки әлдеқандай бақытсыздыққа душар болсаңыз, онда мен қолымнан келгенше жәрдемдесуге әзірмін. Отырыңызшы.
— Маған тұра беруге рұқсат етіңізші, леди, — деді қыз әлі де жылап тұрып, — және менімен кім екенімді білмей тұрып, бұлайша жылы сөйлеспеңізші. Әйтпесе кеш болар. Мына... Мына есік жабық па?
— Иә, — деді Роз, егер қажет болса өзіне тезірек жәрдем келерліктей бірнеше қадам шегіне беріп. — Сіз бұл сауалды маған неге қойып тұрсыз?
— Өйткені, — деді қыз, — өйткені, мен сіздің қолыңызға өзімнің және өзгелердің өмірін ұсынғалы тұрмын. Мен — Пентонвилдегі үйден шыққан күні кеште кішкентай Оливерді Феджин шалға апарып берген қыздың тап өзімін.
— Сіз бе?! —деп айқайлап жіберді Роз Мэйли.
— Иә, менмін, сударыня, — деп жауап қатты қыз. — Мен өзіңіз де естіген ұрылардың арасында жүретін арсыз әйелдің тап өзімін, — құдай өзі жар болсын! — есім кіргелі бері, көзім Лондон көшесін көргелі бері пешенеме жазылғаннан өзге жақсы өмірді де, мейірлі сөзді де естіген емеспін. Менен қорықпаңыз, леди. Түріме қарағандағыдан гөрі мен әлдеқайда жаспын, бірақ мен осыған үйреніп кеткем. Мен жұртқа толы көшемен жүріп өткенде, ең сорлы деген әйелдердің өзі теріс айналады.
— Қандай сұмдық еді! —деді қыз оғаш әңгімешіден еріксіз шегіне беріп.
— Жүгініп, құдайға құлшылық етіңіз, леди, — деді қыз, — сіздің достарыңыз бар, сонау балалық шағыңыздан сізді бағып-қағып, қорғады, сіз бесіктен бастап мен сияқты аш, жалаңаштықты, бұзақылық пен маскүнемдікті және одан да сорақыны білмей өстіңіз. Мен мұндай сөзді айта алам, себебі менің бесігім қараңғы түкпір мен жыра болды... менің ажал төсегім де сол болмақ.
— Мен сізді аяймын, — деп үзіп-үзіп сөйледі Роз. — Сізді тыңдап тұрғанда жүрегім тілініп барады.
— Қайырымдылығыңыз үшін құдай жар болсын сізге, — деді қыз. — Егер сіз менің кейде нендей күйге түсетінімді білсеңіз, расында да мені аяр едіңіз. Бірақ мен әлгілерден құпия түрде қашып кеттім, егер олар естіп қалғанымды айту үшін осында «келгенімді білсе, әрине, мені жоқ қылар еді. Сіз Монкс есімді кісіні білесіз бе?
— Жоқ, — деді Роз.
— Ал ол сізді біледі, — деді қыз, — сіздің осында тоқтағандығыңыздан да хабардар. — Менің сізді тауып алғаным да ананың осы жерді айтқанын құлағым шалып қалғандығынан ғой.
— Мен мұндай фамилияны ешуақытта естімеппін, — деді.
— Яғни, ол бізге басқа есіммен келіп жүрген болды, — деді қыз, — мен бұрын да солай деп шамалағам. Біраз уақыт бұрынырақ, сіздерді тонамақшы болып, Оливерді терезелеріңізден енгізіп жіберетіннен біраз кешірек, әлгі кісіден күдіктеніп, бір күні түнде Феджинмен екеуінің әңгімесін тыңдап едім. Сөйтіп, Монкстің мен сізден сұраған адамның тап өзі екенін түсінген едім...
— Иә, — деді Роз, — түсіндім.
— ...Монкс, — деп сөзін жалғады қыз, — Оливерді екі баламен бірге біз одан алғаш айырылып қалатын күні кездейсоқ көріп қалыпты да, өзі ізіне түсіп жүрген бала екенін бірден таныған екен, — бірақ қандай мақсатпен — соны ұғына алмадым. Сөйтіп ол Феджинмен шарт жасасады, егер Оливерді қайта қолға түсірсе, ол белгілі сома алады, егер оны ұры етіп шығарса, одан да көп алатын болады, ал бұл Монкске бірдеңеге қажет екен.
— Неге қажет болыпты? — деп сұрады қыз.
— Мәселенің мәнісін ұғыну үшін тың тыңдап тұрған менің көлеңкемді қабырғадан анау байқап қалды, — деп жауап қатты қыз, — мен де қапысын тауып, лып етіп уақтылы шығып, ұстатпай кеттім. Сөйтіп оны кеше кештен бері көргенім жоқ.
— Ал кеше не болып еді?
— Қазір сізге айтайын, леди. Кеше кешкілік ол тағы келді. Олар тағы да жоғары көтеріліп кетті де, көлеңкем әшкерелемес үшін мен оранып алып, есіктің жанынан тағы тың тыңдадым. Бірінші естігенім Монкстің сөзі болды: «Сөйтіп, баланың кім екендігін анықтайтын жалғыз айғақ су түбінде, ал оны баланың шешесінен алған кәрі қақпас табытында шіріп жатыр». Феджин екеуі ішек-сілелері қатып, мұны істеудің сәті қалай түскендігін айта бастады, ал Монкс бала туралы сөйлеп, қатты ашуланып, шайтанның баласының ақшасын қолына да түсіргенін; дегенмен оған өзге әдіспен қол жетсе дұрыс болар еді дегенді айтты; әкесінің менмен өсиетін келемеж қылу үшін, — деді ол, баланы қаланың бар түрмесіне тығып, қандай болмасын ауыр қылмысы үшін содан соң дарға тартса, оған мұны Феджин оп-оңай-ақ даярлар еді.
— Бұл не болғаны сонда?! —деп айқайлап жіберді қыз.
— Мұның бәрін мен айтып отырғанмен, леди, барлығы да тап-таза шындық, — деп жауап қатты қыз. — Содан кейін Монкс сізге бейтаныс, ал менің құлағым үйренген боқтық сөзбен өшпенділігінің уытын қайтару үшін өз басына қауіп төнбесе, баланы өлтіріп-ақ тастар еді, бірақ бұл мүмкін болмағандықтан, енді баланың тағдыр бұл тамағынан көзін айырмайды, ананың шыққан тегі мен өмірін білетін болғандықтан, салмақ та мен жақта, мүмкін балаға кесел келтірудің сәті түсер деді. «Қысқасын айтқанда, Феджин, — деді ол, — сіз еврей болсаңыз да, өз бауырым Оливерге мен құрғандай тұзақты сіз әлі ешкімге де құра алған жоқсыз».
— Бауырына деймісіз! — Роздың дауысы шығып кетті.
— Оның сөзі осылай болды, — деді Нэнси шошына алақтап, өзі сөйлеп тұрған бар уақытта өзін Сайкстің сұлбасы қуып жүргендіктен қыз жан-жағына жалтақтаумен болған. — Бірақ әлі біткен жоқ. Ол сіз туралы және тағы бір леди туралы айтқанда, шамасы, Оливерді сіздердің қолға тап қылған не құдайдың, не шайтанның ісі болар деді де, ішек-сілесі қатып, өзін мұның тіпті қуантатынын, өйткені, екі аяқты күшіктің кім екендігін білу үшін егер қолдарында болса жүздеген, тінті мыңдаған фунттарын аямаған болар еді деді.
— Шынымен-ақ осылай дегені ме? — деп сұрады өңі қуарып кеткен Роз.
— Ол шектен тыс батыл, әрі кектене сөйледі, — басын шайқай тіл қатты қыз. — Өшпенділік оты өршіп тұрғанда ол әзілдемейді. Мен бұдан да сорақы істер қолынан келетіндерді білемін, бірақ мына Монкстің сөзін бір мәрте тыңдағаннан гөрі, ондайларды он рет тыңдаған ләзім. Қазір тым кеш болып кетті, менің қандай іспен жүргенімнен аналар сезіктеніп қалмас үшін үйге тез жетуім керек.
— Бірақ менің қолымнан не келеді? — деді Роз. — Сіз-сіз бұл айтылғандардан қандай пайда келмек? Үйге қайтам дейсіз бе? Әлгіндей сұмдық сөздермен суреттеген жолдастарыңызға неге қайтқыңыз келеді? Мен қазір көрші бөлмеден шақырып әкеле қоятын бір жентльменге осы айтқандарыңызды қайталасаңыз, жарты сағаттың ішінде сізді бір қауіпсіз жерге орналастырар еді.
— Менің қайтқым келеді, — деді қыз. — Мен қайтуға тиіспін, — себебі... мұндай іс жөнінде не айтуға болар еді, күнәсіз леди?... өйткені, мен сізге әңгімелеген адамдардың ішінде біреу бар, ең жанкештісі де сол, мен оны тастап кете алмаймын, қазіргі қапас өмірден құтылу үшін болса да оны тастап кете алмаймын.
— Сіздің әлгі сүйкімді балаға ара түсуіңіз, — деді қыз, — қатерлі қауіпке қарамастан естігеніңізді маған айту үшін осында келгеніңіз, айтқандарыңыздың шындығына көзімді жеткізіп тұрған мына бейнеңіз, опық жеуіңіз бен ұятыңыз — осының бәрі сіздің әлі де түзелуге мүмкіндігіңіз барлығына сендіреді мені. О! —деп қолын айқастыра айқайлап жіберді қызу қанды қыз бетін жас жуып, — басқа әйелдің алғаш рет, алғаш рет екендігіне мен сенімдімін, аяушылық білдіре жаны ашып жалбарынуына құлақ түріңіз; құлақ салыңыз сөзіме, ертеңгі нұрлы болашақ үшін сізді құтқарып қалуыма кеңшілік ете көріңіз!
— Сударыня, — деп айқайлап жіберді қыз жерге тізерлеп құлай беріп, — періштедей қайырымды сударыня! Мені осындай сөздермен түңғыш рет бақытқа бөлеген сізсіз, егер мен мұны бірнеше жыл бұрын естігенде, сөз жоқ, күнәһарлық пен қайғы-қасірет жолынан қайтарған болар еді. Бірақ қазір тым кеш, тым кеш.
— Опық жеп, күнәні жууға, — деді Роз, — ешқашан да кеш болмайды.
— Кеш! — жан азабын тартқан қыздың дауысы шығып кетті.
— Қазір мен оны тастап кете алмаймын. Мен оның ажалына себепкер болғым келмейді.
— Неге оған сіз себепкер болмақсыз? — деп сұрады Роз.
— Ештеңе де оны құтқара алмас еді! — деп айқайлап жіберді қыз. — Егер сізге айтқанымды, өзгелерге де айтсам, егер де барлығын қолға түсірсе, ол әрине, ажалдан қашып құтыла алмас еді. Ол ішіндегі ең жанкештісі де, әрі сондай қатыгез еді.
— Сондай адам үшін, — деп айқайлады Роз, — сіз болашаққа деген барлық үмітіңізден, тез арада құтыламын деген сенімнен ада болуыңыз мүмкін бе? Бұл есуастық қой!
— Мұның не екенін өзім де білмеймін, — деп жауап қатты қыз. — Тек қана білетінім, мұндай нәрсе тек бір ғана менімен емес, жаншылып, тапталып қалған өзімдей жүздеген жандардың басында болатын нәрсе. Менің қайтуым керек. Қолымнан істеген зұлымдықтарыма құдайдың жіберген зауалы ма, барша азап пен соққыға қарамастан мен оған қайта оралғым кеп тұрады, тіпті ақыр аяғында соның қолынан өлетінімді білген күнде де мені соған қарай тартып тұрар еді.
— Менің не істеуім керек? — деп айқайлап жіберді Роз. — Мен сізді босата алмаймын.
— Сіз босатуға тиіссіз, сударыня! Және сіздің босататыныңызды мен білемін де, — деп қарсылық білдірді қыз орнынан тұра беріп, — Сіз менің кетуіме кедергі жасамайсыз, өйткені, мен сіздің қайырымдылығыңызға сендім, және солай істей алатын болсам да сізден ешқандай уәде беруді талап еткем жоқ.
— Онда сіздің айтқандарыңыздан қандай пайда болмақ? — деді Роз, — бұл құпияны қалайда ашу керек, әйтпесе өзіңіз қол ұшын берем деген Оливерге бұдан қандай пайда келмек?
— Сіздің таныстарыңыздың арасында, әрине, бәрін мұқият тыңдап ап, құпияны шашпай, сізге не істеу қажеттігіне ақыл беретін қандай болмасын бір қайырымды жентльмен бар шығар? — деді қыз.
— Ал егер қажет бола қалсаңыз мен сізді қайдан табамын? —ден сұрады Роз. — Әлгі сұмпайы жандардың қайда тұратынын тіптен білгім келмейді, бірақ сіз бұдан былай белгілі бір уақытта бір жерде серуендеп жүрер ме едіңіз?
— Сіз менің құпиямды берік сақтауға және кездесуге жалғыз өзіңіз немесе сенімді адамыңызбен келуге уәде етесіз бе? Мені аңдымаймын деп те уәде беремісіз? — деп сұрады қыз.
— Сізге салтанатты уәдемді берейін, — деп жауап қатты Роз.
— Әрбір жексенбі күнгі он бірде, — деді қыз енді ойланбастан, — егер тірі болсам, Лондон көпірінің үстінде жүремін.
— Енді бір минут кідіре тұрыңызшы, — деп дауыстады Роз, қыз тез-тез басып есікке бет алған кезде. — Тағы бір мәрте өз жағдайыңызды, және оны өзгертудің мүмкіндігі туып тұрғанын ақылға сап көріңізші. Мен мына мәліметтерді өз еркіңізбен әкелгеніңіз үшін ғана сізге қарыздар боп отырғаным жоқ, және де сол себепті, сіз тұп-тура шыңыраудың жиегінде тұрған әйелсіз. Бір ғана сөз өзіңізді құтқаруы мүмкін боп тұрғанда сіз шынымен-ақ тонаушылар тобыры мен әлгі адамға оралғыңыз келе ме? Зұлымдықпен сұмдыққа қайта барып жабысуға сізді азғырып тұрған не нәрсе? Жүрегіңіздің бір де бір қылын менің қозғай алмағаным ба? Осынау сұмдық соқырлықты жеңіп шығу үшін мен сізді шақырарлықтай ешбір дүниенің болмағаны ма?
— Сіздер тәрізді жап-жас, қайырымды да сұлу леди де жүрегін жаулатып алғанда, — деп нық жауап қатты қыз, — махаббат оларды қайда болса, сонда бастап жөнелуі... тіпті үйі, өмірін толықтырып тұрған достары, табынушылары бар сіздей жандарды да еліктіріп әкетеді. Табыттың қақпағынан өзге басында ешбір баспаханасы жоқ, басы ауырып, балтыры сыздап, яки ажалы жете қалса аурухана күтушілерінен өзге жанына кеп басын сүйер бір досы жоқ мен сияқтылар азғындаған жүрегін қандай болмасын еркекке беріп, өзінің бүкіл бақытсыз өмірі бойы ешкім иеленбеген орнын соған иелендіреді. Аяңыз бізді, леди! Әйелге тән сезім атаулыдан бізде біреу ғана қалғандықтан аяй көріңіз, оның өзі де қатал үкім бойынша, бізге жан тыныштығы мен мақтаныш емес, азап пен тән тауқыметін әкеледі.
— Тым құрыса біз қайтадан кездескенімізше, — деді Роз, аз-кем үнсіздіктен соң, — сізге адал өмір сүруге мүмкіндік берерліктей менен біраз ақша алуға келісім беріңізші!
— Соқыр тиын да алмаймын! — деп қолын сілтеді қыз.
— Менің сізге көмектеспек болған әрекетіме қарсылық ете көрмеңіз! — деді Роз мейірлі үнмен қызға жақындай беріп. — Meн сізге жан-тәніммен қол ұшын бергім келеді.
— Егер мені бірден о дүниеге аттандырып жіберсеңіз, сударыня! — деп қолын салалады қыз, — көмектің ең үлкенін көрсеткен болар едіңіз, өйткені мен бүгін бұрын-соңды ешқашанда сезінбеген қайғы шектім, үнемі өзімнің кім екендігім жайында ойланумен болдым, ең дұрысы сол өзім тұрып келген тозақта өлгенім болар. Құдай өзі сізге жар болсын, қайырымды леди, өзім қанша масқаралыққа батсам, сізге соншама бақыт әкелсін!
Осы сөздерден соң даусын шығара өкси жылаған бақытсыз қыз шығып кетті де, шынайы өмірдегі дүниеден гөрі қасқаққандай түс тәрізді оғаш кездесуден жаны жабырқаған Роз Мэйли креслоға отыра кетіп, ойын жинақтауға әрекеттенді.
XLI ТАРАУ
Жаңа жағдайлар және күтілмеген нәрсенің де қырсық тәрізді жалғыз жүрмейтіндігін баяндайды
Қыздың жағдайы шынында да, ауыр да қиын еді. Оливердің өмірін құндақтаған сырын білуге деген ессіз құштарлықпен қоса өзімен жаңа ғана әңгімелесіп, бұған жас, таза қыз есебінде сенген бақытсыз әйелдің құпия мәліметін қастер тұтпай қоя алмады. Оның сөзі мен түр келбеті мисс Мәйлидің жүрегін толқытпай қоймады; өз қамқорлығындағы жас балаға деген махаббатына тап осындай әлгі сорлыға күнәсін жуғызып, кеудесінде үміт отын тұтандырсам деген құштарлық қосылды.
Бұлар Лондонда тек үш-ақ күн тұрмақшы болған-ды; ал содан кейін бірнеше аптаға теңіз жағалауындағы бір түкпірге кетпек еді. Астанаға келген алғашқы күннің түн ортасынан ауып бара жатты. Қырық сегіз сағат ішінде ойға түйгенін іске асыру үшін қандай әрекет жасауы керек? Немесе сезік тудырмастан сапарды қалай кейінге қалдыруға болады?
Бұлармен мистер Лосберн де ере шыққан, ол тағы екі күн осында қалуға тиіс еді, бірақ Роз осы бір тамаша жентльменнің қызу қандылығын жақсы білетін, мұның қызды қорғаудағы дәлелдерін тәжірибелі біреу қолдамаса, Оливерді екінші мәрте ұрлаудың себепкеріне қарсы бұрқ ете түскелі тұрған оның ашу-ызасының қандай боларын Роз айдан-анық шамалаған. Асқан сақтық пен байқампаздық танытуға жеткілікті негіздер жетерліктей, ал егер бұл істі миссис Мэйлиге білдірсе, оның дереу әлгі парасатты доктордың адал-кеңесіне жүгінері хақ. Заң жағынан ақыл берер адамға келсек — тіпті оған қалай тілдесуді қыз білген күннің өзінде де — бұл туралы әлгі себептерге байланысты ойлаудың да қажеті жоқ сияқты. Оның басына Гарриден көмек сұрау туралы бір ой келе қалған, бірақ бұл онымен соңғы кездесу туралы естелікті оятып жіберді де, қызға оны кері шақыру аса ыңғайсыз сияқты көрінді; мүмкін, — бұл ойдан қыздың көзіне жас үйірілді, — ол бұл туралы ойлауды да қойып, бұдан жырақ жерде өзін бақыттырақ сезінетін шығар.
Әрқилы долбарлардан мазасы кетіп, бір әрекеттен екіншісіне, одан басқасына ыңғай беріп, қайтадан бәрінен де бас тартып, сан қилы ойлардан басы қатқан Роз ұйқысыз, әбігерлі түн өткізді. Келесі күні бәрін қайтадан ақылға салып, әбден тұйыққа тірелген соң, қыз Гарримен тілдесуге шешім қабылдаған.
«Егер мұнда оралу оған азапты болса, — деп ойлады қыз, — маған қандай ауыр десеңізші! Бірақ, бәлкім, ол келмес; ол жазып жіберер немесе келуін келгенімен менімен кездесуден қашқалақтап жүрер — кетер алдында сөйтті ғой. Олай істер деген жоқ ем, бірақ сонысы екеуімізге де жақсы болды». Осы арада Роз қаламын түсіріп алып, мұның хабаршысы болғалы отырған қағазының өзі көз жасының куәсы болмасын дегендей теріс айналды.
Роз қолына қаламын елу реттей алғанмен қайтадан қоя салады, хаттың алғашқы жолын қайта-қайта ойластырып, бірде-бір сөз жаза алмай отырған кезде, кенет дене қорғаушысы ретінде мистер Джайлспен көшеде қыдырып жүрген Оливер бөлмеге асығып-үсігіп, жаңа әбігерді білдіргендей қатты қобалжыған кейіппен кіріп келді.
— Сенің құтыңды қашырған не нәрсе? — деп сұрады Роз, оған қарсы жүріп.
— Не дерімді де білмеймін... Менің дәп қазір тынысым жиілетіп, қалатын шығар, — деп жауап қатты бала. — Ах, құдайым-ай! Ақыры мен оны көретін болдым-ау, менің бар шындықты айтқаныма сіздердің де көздеріңіз жетеді енді!
— Мен бұған ешқашан да шүбәланған емеспін, — деді Роз, оның көңілін орнықтырып. — Не боп қалды өзі? Кім туралы айтып тұрсың?
— Meн әлгі жентльменді көрдім, — деді Оливер әр cөзін қинала айтып. — Маған соншама қайырымдылық жасаған жентльменді көрдім. Өзіміз жиі ауызға алатын мистер Браунлоуды!
— Қайдан? — деп сұрады Роз.
— Ол күймеден шығып, — деп жауап қатты Оливер, қуаныштан жылап жіберіп, — үйге кіріп кетті. Мен онымен тілдесе алмадым, сөйлесе алмағаным, ол мені байқаған жоқ, тұла бойым дірілдеп, оған жақындауға бойымда әлім қалмады. Бірақ менің өтінішіммен мистер Джайлс оның қайда тұратынын сұрап, біліп келді. Қараңызшы, — деді Оливер, бір жапырақ қағазды жаза беріп. — Мына жерде, ол мына жерде тұрады... Мен тап қазір сонда барам!.. Ах, құдайым-ай, құдайым-ай, оны қайтадан көріп, даусын естігенде қайтер екем мен!
Баланың байланыссыз қуанышты дауысы көңілін алаңдатқан Роз адресіне қарап еді — Стрэндтегі Крейвн-Стрит делінген екен. Қыз дереу осы кездесуді пайдаланып қалуға бекінді.
— Тезірек! — деп айқайлады қыз. — Күйме жалдасын деп айт. Сен менімен бірге барасың. Қазір текке уақыт өткізбей, мен сені сонда алып барам. Мен тек біз бір сағатқа бір жаққа кетеміз деп апайға ескертіп келейін, содан соң сенімен кетуге даяр болам.
Оливерді асықтырудың да қажеті жоқ еді, бес минуттан кейін олар Крейвн-Стритке қарай тартып бара жатты.
Бұлар келіп жеткен соң, Роз қарт жентльменді мұнымен кездесуге даярлау үшін деген сылтаумен Оливерді күймеде қалдырды да, өз визит карточкасын қызметшіден беріп жіберіп, мистер Браунлоуды аса ділгер жұмыспен көргісі келетіндігін айтқан. Ұзамай қайта оралған қызметші қызды жоғары көтерілуге шақырды, оның соңынан жоғары қабатқа көтерілген мисс Мэйли үстіне бөтелке түстес фрак киген, жылы жүзді қартаң жентльменге ұшырасты. Оның жанында қалың кездемеден шалбар мен гетр киген тағы бір қарт жентльмен отыр; оның жүзі пәлендей жылы емес, жуан таяғының сабын қысып ұстап, соған иегін таянып қалған.
— Ах, құдайым-ай! — деді бөтелке түстес фракты жентльмен орнынан асыға тұрып, үлкен құрметпен:
— Кешірім өтінемін, бойжеткен леди... мен бір қайдағы бір жабысқақ жандардың бірі шығар десем... ғафу өтінемін сізден. Отыруға рахым етіңіз.
— Мистер Браунлоу боларсыз, солай ма, сэр? — деп сұрады Роз, сөйлеген жентльменге көзін аудара беріп.
— Иә, бұл мен, — деді қарт жентльмен. — Ал мына кісі менің досым, мистер Гримуиг... Гримуиг, сіз бізді бірнеше минутке қалдыра тұрмас па екенсіз?
— Кетуін өтініп, мен бұл жентльменнің мазасын алмас едім, — деп сөзге араласты мисс Мэйли. — Егер мен мәселеден дұрыс хабардар болсам, менің сізбен сөйлеспек дүниемді бұл кісі де білуге тиісті.
Мистер Браунлоу иіліп қойды. Асқан тәкаппарлықпен иілген мистер Гримуиг отырғыштан тұра беріп, ол тағы бір паң тәжім жасады да, қайтадан отыра кетті.
— Менің сіздерді қатты таң қалдыруыма дау жоқ, — деп сөзін бастады Роз аз-кем қысылғанын өзі де сезіне тұрып. — Бірақ сіздер бұрынырақта асқан қайырымдылықпен менің бір кішкентай сүйікті досыма қамқорлық жасаған көрінесіздер, ол жайында тағы да бірдеңе естігілеріңіз келетін шығар деп ойлаймын.
— Апырай, ә? — деді мистер Браунлоу.
— Сіздер оны Оливер Твист есімімен білесіздер, — дегенді қосып қойды Роз.
Қыздың аузынан осы сөздің шығуы-ақ мұң екен, барша назарын алдында жатқан нән кітапқа аударып отырғандай көрінген мистер Гримуиг оны гүрс еткізіп еденге түсіріп алды да, отырғыштың арқалығына шалқая кетіп, қызға қадала қарады, оның жүзінен айран-асыр таңданыстан өзге ештеңе білінбейтін еді; ол ұзақ уақыт, мән-мағынасыз көзін бақырайтып қалды да, сонан соң мұнысынан өзі де қысылып қалғандай, жалма-жан бұрынғы бей-жай күйіне қайта көшіп, бет алдынан көз алмай, ішін тартып еді, үні сыртқа шықпай, қарнының бір түкпірінен жай тапқандай болды.
Таңданғаны тап осындай одағай түрде білінбегенімен мистер Браунлоу да бұдан кем қайран қалмаған-ды. Ол отырғышын мисс Мэйлиге қарай жылжытып, былай деді:
— Сүйкімді де жас леди, мәселенің қайырымдылық пен ізгі ниеттілігіне тиіспей-ақ қойыңыз; бұл турасында ешкім ештеңе білмейді. Егер әлгі бейшара бала жөніндегі менің біліп келген нашар пікірімді өзгертерліктей қандай да болмасын дәлел келтірерліктей мүмкіндігіңіз болса, құдай үшін менімен бөлісіңіз.
— Оңбаған бала! Егер олай болмай шықса, мен өз басымды өзім жеуге әзірмін, — деп гүжілдеді мистер Гримуиг; даусы тап бір аузын ашпай сөйлегендей бетінің бір де бұлшық еті жыбыр еткен жоқ.
— Ол жүрегі жұмсақ, жаны жақсы бала, — деді Роз қызара сөйлеп, — жасына қарамай тағдыры тартқызған ауыр тауқыметтен кеудесіне орнаған соншалық нәзік сезім мен шексіз берілушілік одан алты есе үлкендерде болса да зор құрметке ие болар еді.
— Менің жасым алпыс бірде ғана, — деді мистер Гримуиг, әлі де бет-аузы бүлк етпей, — егер бұл шаруаға шайтанның өзі араласып кетпесе, әлгі Оливер қайтсе де он екіге келуі керек... Meн бұл арада кімді меңзеп отырғаныңызды түсінбедім.
— Менің досыма назар аудармай-ақ қойыңыз, мисс Мэйли, — деді мистер Браунлоу, — оның айтпағы бұл емес.
— Жоқ, сол, — деп міңгірледі мистер Гримуиг.
— Жоқ, ол емес, — деді ашулана бастаған мистер Браунлоу.
— Егер олай емес болса мен өз басымды өзім жеуге әзірмін, — деп міңгірледі мистер Гримуиг.
— Олай болса кесіп тастауға тұрарлық екен оның, — деді мистер Браунлоу.
— Оны кім істей алатынын өте көргім келер еді, — деді мистер Гримуиг, еденді таяғымен тақ еткізіп.
Осылайша біраз жерге барысқан екі қарт жентльмен бірнеше мәрте темекі иіскесіп, өздерінің тұрақты дәстүрлерімен бір-бірінің қолдарын қысысты.
— Сөйтіп, мисс Мэйли, — деді мистер Браунлоу, — сіздің мейірімді жүрегіңізді қозғаған әңгімеге қайтып оралайық. Әлгі бейшара бала жөнінде қандай мәліметтеріңіз барын сіз маған айтасыз ба? Және де оны іздеп табу үшін қолымнан келген бар мүмкіндігімді сарп еткендігімді де айта кетуге рұқсат етіңіз. Англиядан аттанып кеткен кезден бері, бала мені алдап кетті-ау, оның бұрынғы әріптестері мені тонауға көндірген болар деген алғашқы пікірім айтарлықтай шайқалып қалып еді.
Бұл уақытқа дейін оның жинақтап үлгерген Роз мистер Браунлоудың үйінен шыққан кезден бергі Оливердің басынан кешкендерін аз ғана сөзбен айтып шықты, тек оңашада кейінірек білдірмек болып Нэнсидің мәліметін бүгіп қалды; қыз әңгіменің аяғын Оливердің соңғы бірнеше айлардағы жалғыз өкініші өзінің бұрынғы қамқоршысы әрі досымен кездесуге мүмкіндігінің жоғы ғана болғандығы деп аяқтады.
— Құдайға шүкір! — деп дауыстап жіберді қарт жентльмен. — Бұл мен үшін аса зор қуаныш, аса зор қуаныш! Бірақ сіз, мисс Мэйли, оның қазір қайда екендігін айтқан жоқсыз. Егер мен сізді кінәласам кешіріңіз... бірақ сіз оны неге ерте келмедіңіз?
— Ол есіктің сыртындағы күймеде күтіп отыр, — деп жауап қайырды Роз.
— Менің үйімнің есігінің сыртында! — деп айқайлап жіберді қарт жентльмен.
Басқа ешбір сөз айтпастан, ол бөлмеден шапшаң басып шыға жөнелді, сатымен жүгіріп түсіп, күйменің тепкішіне аяғын салды да, күймеге атып шықты.
Оның соңынан есік жабылысымен мистер Гримуиг басын көтеріп, орындықтың бір сирағын айналу кіндігі етіп, орнынан тұрмастан таяғымен тірей, столдан ұстаған күйі үш мәрте айналып шықты. Осындай жаттығуын жасаған соң, орнынан тұрып, сылти басып бар пәрменінше бөлме ішін оңды-солды кезіп кетті де, сонан соң кенеттен Роздың алдына тоқтай қалып, ешқандай кіріспе сөзсіз қызды сүйіп алды.
— Тыныш! — деді ол, мына оғаш қылықтан аз-кем шошынып қалған жас леди орнынан тұрып кеткен кезде. — Қорықпаңыз. Мен қарт адаммын, сізге атаңыздаймын. Сіз тамаша қызсыз!.. Сіз маған ұнайсыз... Мінеки, бұлар да келді!
Шындығында да ол бұрынғы орнына отырып үлгерместен Оливерді ерткен мистер Браунлоу кіріп келді, баланы мистер Гримуиг аса жайдары қарсы алды; егер осы бақытты минут Оливердің қам-қаракетіне мазасызданған Роз үшін жалғыз ғана сый-құрмет болса, қыз соны толығынан алғандай еді.
— Айтпақшы, біз ұмытып кетуге болмайтын тағы біреу бар, — деді мистер Браунлоу қоңырау қағып. — Мұнда миссис Бэдуинді жібере қойыңызшы.
Қария экономка сол сәтте жетіп келіп, тағзым етті де, жарлық күтіп тұра берді.
— Күн санап көзіңіз нашарлап барады, Бэдуин, — деді аз-кем кейіген мистер Браунлоу.
— Расында да нашар көретін болдым, сэр, — деді қарт леди. — Менің жасымда жылдар өткен сайын көзің жақсармайды, сэр.
— Мен сізге мұны өзім де айтар едім, — деді мистер Браунлоу, — дегенмен көзілдірік киіп қараңызшы... Сізді неге шақырғанымның байыбына әлі бара алмай тұрсыз ба?
Қарт леди көзілдірік іздеп қалталарын ақтара бастаған. Бірақ жаңа сынаққа Оливердің шыдамы жетпеді де, атып тұрып, әйелдің құшағына кіріп кетті.
— Құдайға құлдық! — деп дауыстады қарт леди баланы аймалап тұрып. — Мынау менің күнәсіз балам ғой!
— Менің кәрі нянам-ай! — деп айқайлады Оливер.
— Ол қайта оралыпты, оның қайта оралатынын мен білгем! — деп дауыстады қарт леди баланы құшағынан босатпай. — Түрі қандай әдемі, өзі қайтадан жентльмен баласынша киініп алыпты! Осынша уақыт қайда жүрсің деп? Ах, мынау сол сүйкімді жүз ғой, тек ондай аппақ қудай емес, сондағы мүләйім көзі, тек ондағыдай мұңды емес! Мен ешқашанда мына көздерін, жұмсақ жымиысын ұмытқан жоқпын, жап-жас, қам-қарекетсіз кезімде көздерін жұмған өзімнің сүйікті балаларыммен бірге мен мұны күн сайын көріп жүрдім ғой.
Ауыз жаппастан сөйлеп, қаншалықты өскенін анықтау үшін біресе Оливерді өзінен алыстатып, біресе кеудесіне қайта қысып, саусағымен шашынан тарап, қайырымды кемпір оның иығына басын қойып, біресе күліп, біресе жылады.
Кемпір мен Оливерді әсерлерін бөлісуге оңаша қалдырып, мистер Браунлоу Розды басқа бөлмеге ертіп кетті де, сол арада қыздың Нэнсимен кездесуі жайында тыңдаған әңгімесі оны айран-асыр таңдандырып, тіпті сасып та қалған. Қыз өзінің досы мистер Лосбернге бұл сырын неге айтпағанын да түсіндіре кетті. Қарт жентльмен мұны дұрыс деп тапты да, доктормен бұл турасындағы әңгімені өз мойнына алды. Бұл жоспарды тезінен іске асыру үшін ол қонақүйге сағат кешкі сегізде келетін болып, оған дейін барлық оқиғаға миссис Мэйлиді қанық, ететін болып келісті. Осындайлық алдын-ала шаралар талқыланған соң, Роз бен Оливер үйлеріне қайтты.
Қайырымды доктордың қаншалықты ашуланатыны турасында Роз тіптен қателеспепті. Оған Нэнсидің тарихын айтып беруі-ақ мұң екен, ол қарғыс-балағатты бұршақтай жаудырып, ана қызды мистер Блетерс пен Даффтың алғашқы құрбандығына шалып жіберетінін айтып кәрленді, тіпті әлгілерге бару үшін шляпасын да кие бастап еді.
Айтары жоқ, егер оны өзі де қызу қанды мистер Браунлоудың күйіп-піскені мен, мұндай асығыс қадамнан айныту үшін неғұрлым сыйымды дәлелдер мен қарсы пікірлер келтірмегенде ол ашу үстінде артын бір секунд та ойланбастан ойындағысын іске асырары хақ еді.
— Шайтан алғыр, мұндай жағдайда не істеу керек? — деп сұрады тынымсыз доктор, екеуі ледилерге қайтып келген соң. — Әлгі еркек және әйел жынысты қауғабастарға алғыс айтып, Оливерге көрсеткен қайырымдылықтары үшін сый-құрметтің белгісі ретінде әрқайсысына жүз фунттен ақша алуларын өтінуіміз керек пе немене?
— Тіптен олай емес, — деп күле қарсылық білдірді мистер Браунлоу, — бірақ біз сақтықпен, асқан көрегендікпен қимылдауымыз керек.
— Сақтық пен көрегендік! — деп дауыстап жіберді доктор. — Маған салса барлығын да жіберетінім...
— Маңыздысы қайда жіберу емес! — деп сөзін бөліп жіберді мистер Браунлоу. — Ақылға салыңызшы, біз оны қайда жіберген күнде де алға қойған мақсатымызға жете аламыз ба?
— Қандай мақсатқа? — деді доктор.
— Оливердің шыққан тегін біліп, егер әлгі әңгіме рас болса, алаяқтықпен айырған мұрасын өзіне қайтару ше?
— Miнe мәселе қайда? — деді мистер Лосберн қол орамалын желпініп. — Мен бұл турасында мүлдем ұмытып кетіппін.
— Байқайсыз ба? — деп сөзін жалғады мистер Браунлоу, — егер тіпті бейшара қызды жайына қалдырып, оған қауіп төндірмей, ана оңбағандарды сотқа берген күннің өзінде де біз мұнымен не ұтамыз?
— Құрығанда бірнешеуін дарға тартар еді, — деді доктор, — қалғандарын айдап жіберер еді.
— Тамаша! — деп жымия сөйледі Браунлоу, — бірақ өз уақытында бұлардың бәрі де соған барарына еш күмән жоқ, ал егер іске біз араласып, алдын орасақ, онда, меніңше, Дон-Кихоттың қылығын қайталаймыз да, өз мүддемізге, қалай болғанда да Оливердің мүддесіне кері әрекет жасаған боп шығамыз, түптеп келгенде мұның екеуі бір-ақ нәрсе.
— Қалайша? — деп сұрады доктор.
— Мінеки қараңыз. Егер бізге анау Монкс дегенді сөйлетудің сәті түспесе, оның құпиясын ашуда төтенше қиындықтарға кезігетіндігіміз айдан анық. Бұған оның сыбайластары жоқ жерде ғана қулықпен қол жеткізуге болады. Тіпті оны тұтқынға алды дегенде де, біздің оған қарсы ешқандай айғақты дәлеліміз жоқ. Ол тіпті әлгі шайкамен (тобырмен), (біздің білуімізше әйтпесе істің біз білетін жайына қарағанда) бірде-бір тонауға да араласпаған. Тіпті оны ақтап жібермеген күнде де, ең мықтағанда, оны алаяқтығы мен қаңғыбастығы үшін түрме жазасына ғана кеседі, әлбетте, бұдан кейін одан біз мүлдем айрылып қаламыз, соқыр, саңырау, мылқау бір нақұрыстан артық жауапты одан да ала алмайсың.
— Олай болса, — деп қызулана тіл қатты доктор, — мен сізден тағы да сұрайын: біз осы анау қызға берілген уәдемен байланып қалдық деп ойламайсыз ба? Уәде аса жақсы пиғылмен берілді ғой, бірақ...
— Өтінемін сізден, мазасызданбай-ақ қойыңыз, қымбатты жас леди— деді мистер Браунлоу сөйлемекке ыңғайлана берген Роздың алдын орап.
— Уәде бұзылмайды. Біздің ісімізге ол титтей де болмасын кесір келтірер деп ойламаймын. Дегенмен біз белгілі бір әрекетке кірісер алдында әлгі қызды жолықтырып, заңмен емес, бізбен істес болу шарты бойынша Монксті көрсете алар ма екен, соны білуіміз керек. Егер бұған қыз көнбесе, немесе бұл қолынан келмесе, онда әлгінің қандай қуыстарға баратынын, біз жазбай тану үшін сырт келбетін суреттеп беруіне келісуіміз керек. Қызбен жексенбінің кешінен ерте жолығуға болмайды, ал бүгін сейсенбі. Мен барлықтарыңызға көңілдеріңізді орнына түсіріп, бұл істі тіпті Оливердің өзінен де құпия сақтауға кеңес берер едім.
Шаруаның тағы бес күнге кері сырылғанына қынжылып, мистер Лосберн бет-аузын қаншама тыржитқанмен, тап қазір бұдан жақсы жоспары болмағандықтан, әрі Роз бен миссис Мэйли Браунлоуды үзілді-кесілді жақтағандықтан, қарт жентльменнің ұсынысы бірауыздан қабылданды.
— Бізге қол ұшын беруі үшін, — деді ол, — өз досым Гримуигке сөйлескім келіп еді. Ол оғаш мінездің адамы, бірақ аса көреген, бізге нақты көмек көрсетуі ықтимал, айта кету керек, ол заң білімін алған кісі, бірақ жиырма жылда жалғыз ғана іс тапсырылғандықтан, ол адвокаттық қызметтен бойын аулақ салған, бұл оған рекомендация бола ма, жоқ па оны өздеріңіз шешіңіздер.
— Егер маған да өз досыммен сөйлесуге мүмкіндік берсеңіздер, сізге өз досыңызбен әңгімелесуге қарсылығым жоқ, — деді доктор.
— Біз мұны көпшілік дауыспен шешуге тиістіміз, — деп жауап қатты мистер Браунлоу. — Ол кім еді?
— Мына ледидің ұлы... жас ледидің ескі досы, — деді доктор миссис Мэйлиді нұсқап, сонан соң қызға мәнді көз тастап.
Роз қып-қызыл боп кетті, бірақ бұл ұсынысқа қарсылық еткен жоқ (мүмкін өзінің азшылық жағында қалатынын сезген шығар), нәтижесінде Гарри Мэйли мен мистер Гримуиг комитетке кірді.
— Әлбетте, — деді миссис Мэйли, — бұл зерттеуді жалғастыруға титтей болмасын үміт бар кезде біз қалада қаламыз. Бәріміздің бойымызды билеп алған ортақ мақсат жолында мен ешқандай тынымсыз әрекеттен де, ешқандай шығыннан да тартынбаймын, егер сіздер үміттенуге әлі де болады деп сендірсеңіздер мен мұнда тіпті бір жыл да тұруға әзірмін.
— Тамаша, — деп іліп әкетті мистер Браунлоу. — Ал енді мені қоршағандардың жүзінен Оливердің әңгімесінің ақиқаттығын растауда менің өз орнымда болмағаным қалай, неге мен кенеттен елден кетіп қалдым деген сұрау қойғыларыңыз кеп отырғандығын түсінгендіктен, сіздерге шарт қоюға рұқсат етіңіздер: өмір тарихымды айтуды өзім қажет деп таппайынша маған ешқандай да сауал бермейсіздер. Наныңыздар маған, мұндай өтініш білдіруіме жеткілікті негізім бар, әйтпесе тіпті орындалмайтын арман туғызып, онсыз да бастан асып жатқан қиындықтар мен өкініштерді ұлғайтып алуымыз мүмкін. Кетелік! Кешкі астың әзір болғанын мәлімдеген, ал жасөспірім Оливер болса жападан-жалғыз көрші бөлмеде отыр, екі ортада ол бірге болу бізді тойдырған соң, өзінен құтылу үшін біз астыртын сөз байласып жатыр деп ойлап қалар.
Осы сөзден соң қарт жентльмен миссис Мэйлиге қолын ұсынып, оны асханаға ертіп кетті. Розды ерткен мистер Лосберн соңдарынан ілесті де, мәжіліс жабылды.
XLII ТАРАУ
Оливердің ескі танысы өз бойынан данышпандықтың айқын белгілерін байқап, астананың көрнекті қайраткеріне айналады
Мистер Сайксті ұйықтатып, өз мойнына алған шаруасын орындау үшін Нэнси Роз Мэйлиге асығып бара жатқан кеште, хикаямызда біршама назар аударуға тұралық екі кісі Үлкен Солтүстік жолымен Лондонға таяп келе жатты. Бұлар әйел мен еркек болатын, — әйтпесе, мүмкін, бұларды әйел мен еркек жыныстылар деу орынды шығар, біріншісі ұзын тұра, қисық аяқ, олпы-солпы, сүйекті, жасын тап басып айту қиын еді: бала кезінде жетілмей қалған үлкенге ұқсаса, үлкейгенде бойы тым сорайып кеткен балаға ұқсайтын. Әйел әлі жас, бірақ денесі шымыр да, көнбіс еді, арқасына таңылған нән түйіншектің салмағын бұйым құрлы көрмейді. Серігінің пәлендей жүгі жоқ, арқасына аса салған таяқтың ұшында қол орамалға оралған әлдеқандай жеп-жеңіл бір түйіншек былғаң-былғаң етеді. Осы жағдай, сондай-ақ ұп-ұзын сирақтары қыздан бірнеше қадам озып кетуге мүмкіндік жасап келеді. Ол анда-санда артына бұрылып, ананы жайбасарлығы үшін кінәлағандай, шапшаңырақ бассаңшы дегендей басын шыдамсыздана шайқайды.
Айналасындағы дүниеге тек қаладан зымырап келе жатқан почта күймелерін өткізіп жіберу үшін, жол жиегінe ысырылғанда ғапа назар аударып, олар шаңды жолмен ілби басады; бұлар Хайгет қақпасының астынан өткен кезде, алда келе жатқан жолаушы тоқтап, серігіне шыдамсыздана айқайлады:
— Жүрсеңші! Жүре алмаймысың, немене? Туу, өзің жалқау екенсің ғой, Шарлотт!
— Көтерген жүгім ауыр ғой менің — деді оған жақындай бере әйел шаршағаннан демін әзер алып.
— Ауыр деймісің? Жоқты сөйлемесеңші! Ал сен неменеге жаратылып едің? — деді еркек, өз түйіншегін екінші иығына ауыстыра беріп. — Тағы дем алғың келді ме? Кісінің қанын қайнатуға сенен шебер кім бар екен?
— Әлі алыс па? — деп сұраған әйел үйілген топыраққа сүйене беріп, анаған қарады, тер бетін жуып тұр.
— Қайдағы алыс! Біз жеттік деп айтуға болады, — деді ұзын сирақ жолаушы алдыңғы жақты нұсқап. — Қарасаңшы! Мінеки, Лондонның оттары.
— Бері санағанда да оған дейін әлі екі мильдей боп қалар, — деп көңілсіз үн қатты әйел.
— Екі миль ме, жиырма ма, оны ойлаудың қажеті жоқ, — деді Ноэ Клейпол, бұл соның өзі болатын.
— Тұр да бас ілгері, әйтпесе теуіп жіберетінімді алдын-ала ескертем!
Ашудан мұрны бұрынғыдан да қызарып кеткен Ноэ, осы сөздерден соң әлгі айтқанын іске асырғысы келгендей жолдан бері өтіп еді, әйел одан әрі сөз таластырып жатпай онымен қатарласып жүріп кетті.
— Түнде қайда барып паналамақсың, Ноэ? — деп сұрады әйел, бұлар тағы бірнеше жүз қадам жүрген соң.
— Мен қайдан білейін, — деп арс етті жаяу жүрістен көңіл күйі айтарлықтай нашарлаған Ноэ.
— Жақын маңнан болар деп үміттенемін, — деді Шарлотт.
— Жоқ, жақын маңнан емес, — деп жауап қатты мистер Клейпол. — Естимісің, жақын маңнан емес. Яғни, бұл турасында ойлап та қажеті жоқ.
— Неге жақын маңда емес?
— Мені нені болмасын олай істегім келмейді десем, бұл ешқандай неге, неліктенсіз-ақ жеткілікті болуға тиіс, — деп тәкаппар пішінмен тіл қатты мистер Клейпол.
— Неге сонша ашуланасың? — деді серігі.
— Егер біз қандай да болмасын қалаға таяу трактирлердің біріне тоқтасақ, Сауербери соңымыздан қуып шығып, кәрі тұмсығын сонда сұқса, қолымызға бұғау салып, арбасына тиеп қайта алып кетсе керемет тамаша болар ма еді, — деп мысқылдай сөйледі мистер Клейпол. — Жоқ! Мен кеткенде қандай да болмасын табылған ең тар көшелеріне сіңіп кетем, жолда кездескендердің ішінен ең жұпыны трактир таппай және тоқтамаймын. Менің иығымда басымның барлығы үшін өзіңнің бақытты жұлдызыңа тәуба қыл; егер мен қулыққа басын, өзге жолмен кетпегенде, дала арқылы оралмағанда, сіз, сударыня, ендігі бір жеті бойы берік есіктің ар жағында отырар едіңіз! Өзіңе де керегі сол, себебі сен ақымақсың!
— Сен сияқты зерек еместігімді өзім де білемін, — деп жауап қатты Шарлотт, — бірақ бар кінәны маған артпа және мені қамап қояр еді демесеңші. Мен ондай жағдайға ұшырасам, әрине, сені де отырғызар еді ғой.
— Кассадан ақшаны алған сен ғой, сен екеніңді өзің де білесің, — деді мистер Клейпол.
— Мен оны сен үшін алдым ғой, сүйікті Ноэ, — деп қарсылық білдірді Шарлотт.
— Ал мен оны өзіме қалдырдым ба? — деп сұрады мистер Клейпол.
— Жоқ. Сен маған сендің және алып жүруіме рұқсат еттің, өйткені, сен сүйкімді, әрі тамаша жігітсің, — деді де леди оны иығынан қағып, қолтығынан ұстады.
Бұл шындыққа жанасатын, бірақ мистер Клейполда соқыр сезіммен ойланбастан өз сенімін жұртқа арта салатын әдет жоқ еді, бұл жентльменнің өзіндік тұлғасын бере тұрып, айта кету керек, оның Шарлоттқа сенген себебі егер өздерін ұстай қалса, ақша әйелден табылсын дегендігі болатын, бұл оған ұрлыққа ешқандай қатынасы жоқ екендігін білдіруге мүмкіндік беріп, әрі ешқандай у-шусыз тайып тұруына жақсы еді. Әрине, істің мынадай бет алысында ол өз әдісін әйелге түсіндіріп жатпады, олар бейбіт түрде әрі қарай кете барды.
Зерделі жоспарын басшылыққа алған мистер Клейпол Излингтондағы «Періштеге» жеткенше тоқтамастан жүре берді, осы арада ол жүргіншілер тобы мен көліктердің көптігіне қарап, Лондонның басталар тұсы осы болар деп түйді. Жұрт ең көп жүретін көшелер қайсы, яғни қайсысынан қашығырақ жүру керек, соны шамалауға ғана аз-кем аялдап, ол Сент-Джон-Роудқа бұрылды да, ұзамай Грейс-Инн-Лейн мен Смитфилдтің арасындағы адамның басын айналдыратын, лас тұйық көшелерге тереңдей берді. Лондонның тап ортасында тұрғанмен қаланың бұл бөлігі жүрек айнытар, тым жұпыны еді де, қайтадан салуға шешім қабылданған.
Соңынан Шарлотты ерткен Ноэ Клейпол осы көшелермен келе жатты, анда-санда қандай болмасын бір трактирсымақты көзбен шолып өту үшін жолға шығады да сырт көрінісі адамы көп үйге ұқсаса әрі қарай жүре береді. Ақыры ол сырт түрі бұрын көргендеріне қарағанда әлдеқайда тым аянышты да лас біреуінің алдына тоқтап, жолды кесіп өтіп, жанама жолдың қарсы бетінен қарағыштап, ақыры өзінің түнді осында өткізбек ниеті барлығын хабарлады.
— Түйіншекті бері әкел, — деді Ноэ, оны әйелдің иығына бекіткен қайысты ағытып жатып, — өзіңмен сөйлеспесе жағыңды ашпа. Бұл мекеме қалай аталады екен... үш... үш немене?
— Мүгедек— деді Шарлотт.
— «Үш мүгедек», — деп қайталады Ноэ. — Несі бар, тамаша жарнама. Алға! Менен бір қадам қалма. Кеттік!
Осындай жарлығын беріп, ол иығымен шиқылдаған есікті итеріп ашып, серігімен бірге үйге кірді.
Сөреге шынтақтап, кір-кір газетті оқып тұрған жас еврейден өзге буфетте жан жоқ екен. Ол Ноэге қатты қадалып қарады, ал Ноэ оған қадала қараған.
Егер Ноэ приют баласының киімімен жүрсе еврейдің көзін бұлайша бақырайтуына негізі болар еді; бірақ Ноэ күртесі мен төсіндегі белгіден құтылған болатын, былғары шалбар мен жұмысшының қысқа көйлегін киген-ді, бұлар трактирге келушілердің назарын аударарлықтай ерекше нәрселер емес еді.
— «Үш мүгедек» осы ма? — деп сұрады Ноэ.
— Бұл мекеме солай аталады, — деп жауап қатты еврей.
— Біз жолда жолықтырған деревнядан келе жатқан бір жентльмен, осында баруға ақыл беріп еді, — деді Ноэ, шынтағымен Шарлотты түртіп қойып, мұнысы, бәлкім, төтенше қулығына әйелдің назарын аударып, өзін құрмет тұтсын дегені ме, ал мүмкін анау таңданғанын білдіріп қоймасын деп ескерткені болар. — Біздің осында қонып шыққымыз келеді.
— Бұл турасында мен білмеймін, — деді Барни, ол трактиршінің көмекшісі болатын. — Барын сұрап келейін.
— Барын біліп келгенше, бізді басқа бөлмеге апарып, тоңазытылған сиыр еті мен сыра әкеліп беріңізші, — деді Ноэ.
Барни айтқанға көнді — бұларды арт жақтағы кішкентай бөлмеге ертіп келіп, алдарына сұраған тағамдарын қойды, бұларын болған соң ол жолаушыларға осында түнеуіне болады дегенді айтып, сүйкімді жұпты ауқаттануға оңаша қалдырып кетіп қалды.
Бұл бөлме буфеттің артында бірнеше баспалдақ төмен еді, сондықтан мекеменің кез келген өзім деген адамы еденнен небәрі бес футтай жоғарыдағы титтей терезені жауып тұрған пердені сырғытып, артқы бөлмедегі қонақтарды көріп қана қоймай, өзін байқап қалар деп еш қауіптенбестен, (терезе бұрышта, қабырға мен тігінен тұрған жуан бөрененің ортасында еді, осы араға бақылаушы орналасатын) құлағын қоршауға тосып, олардың әңгімесінің желісін де жеткілікті түрде ести алатын. Мекеме қожайыны бес минуттай құпия терезеден көзін айырмады, ал Барни жоғарыда аталған мәліметтерді айтып, оралғаны да сол еді, барға өзінің жас шәкірттері жайында білу үшін Феджин кірді.
— Тссс... — деп сыбырлады Барни. — Көрші бөлмеде бөтен біреулер отыр.
— Бөтен біреулер... — деп сыбырлай қайталады шал.
— Иә, және де керемет жұп, — дегенді қосып айтты Барни. — Сырттан келгендер, егер қателеспесем, сіздің қолайыңызға жағатындай.
Феджин бұл мәліметті зор ықыласпен тыңдағандай көрінді. Табуретке шығып алып, ол жайымен көзін әйнекке тосты, өз орнынан мистер Клейполдың табақтан тоңазытылған сиыр етін қалай алып, саптаяқтағы сыраны қалай ішкені және жанында үнсіз ішіп-жеп отырған Шарлотқа да әлгілерінен болар-болмас сыбаға беріп отырғандығын көруіне болатын еді.
— Еге, — деп сыбырлады Феджин Барниге қарап, — мына жігіт маған ұнайды. Ол бізге қажет болуы мүмкін.
Қызды қалай үйретуді ол әбден біледі. Тышқандай тықырыңызды білдірмеңіз, сүйіктім, олардың не жайында сөйлесіп жатқанын естуіме мұрсат беріңіз.
Бетін қайтадан әйнекке жақындатып, қоршауға құлағын тосқан зымиян қарт, сайтанға жарасатын куақы кейіппен мұқият құлақ түрді.
— Енді былай, менің жентльмен болғым келеді, — деді мистер Клейпол, аяғын соза беріп, басынан тыңдауға Феджин үлгірмей қалған әңгімесін жалғастырып. — Қарғыс атқыр ескі табыттармен айналысуым жетер енді, Шарлотт. Менің жентльмендерше өмір сүргім келеді, ал сен егер қаласаң, леди боласың.
— Менің болғым-ақ келер еді, қымбаттым, — деді Шарлотт. — Бірақ күн сайын касса тазалап, қашып кетудің сәті келе бере ме?
— Кассаны сайтан алсын! — деді мистер Клейпол. — Кассадан басқа да тазалайтын нәрселер бар.
— Сенің ойыңа келген не нәрсе? — деп сұрады серігі.
— Қалталар, әйелдер қолсөмкелері, үйлер, почта күймелері, банктер, — деді мистер Клейпол сыраның әсерімен шабыттанып.
— Бірақ сен мұның бәрін істей алмайсың ғой, қымбаттым, — деді Шарлотт.
— Мен мұндай нәрселер қолынан келетіндердің тобына қосылуға тырысып көрем, — деп жауап қатты Ноэ. — Біздің аяғымыздан тұрып кетуімізге олардың жәрдемі тиеді. Сенің өзің де елу әйелге татисың, ешуақытта сендей қу да, зымиян жанды көрген емеспін.
— Ах, құдайым-ай, сенен мұны есту қандай жағымды еді! — деп айқайлап жіберді Шарлотт ананың дөрекі жүзінен сүйіп алып.
— Ал, жарайды, шектен шыға еркелеудің қажеті жоқ, әйтпесе мен ашуланамын! — деп паңдана сөйледі Ноэ әйелді өзінен аулақтата беріп. — Мен әлдебір топтың басшысы болғым келеді, уысымнан ешкімді шығармай, ешқайсысына білдірмей бәрінің сыртынан жансыздық жасасам деймін. Егер түсер пайдасы жақсы болса, бұл қолымнан келер еді. Сондай тектің қандай да болмасын бір жентльмендерімен байланыс жасай қалсақ, мен сендегі жиырма фунттық билетті ақысына беріп-ақ жіберер ем, оның үстіне өзіміз де одан қалай құтыларымызды білмей жүрміз ғой.
Осындай тілегін білдірген мистер Клейпол ұлы данышпанның кейпімен саптаяққа үңілді, ішіндегісін жақсылап шайқап қойып, сырадан бір жұтты, шамасы, жан сарайын жақсы ашса керек. Ол тағы бір жұтсам ба деп ыңғайлана беріп еді, кенеттен есік шалқасынан ашылып, бейтаныс біреудің бөлмеге кіріп келуі кедергі жасады.
Бейтаныс мистер Феджин болатын. Өзі тым сыпайы көрінді, жақындай бере иіліп қойды да таяу арадағы столға отыра беріп, ыржиып тұрған Барниге ішетін бірдеңе беруге бұйырды.
— Қайырлы кеш, сэр, бірақ жылдың бұл уақытында суық боп тұр ғой, — деді Феджин қолын уқалап. — Байқауымша, сырт жақтан боларсыз, сэр?
— Қайдан біліп қойдыңыз? — деп сұрады Ноэ Клейпол.
— Біздің Лондонда мұндай шаң жоқ, — деп жауап қатты Феджин, Ноэнің башмағын, одан кейін оның серігінің башмағын, ақыры екі түйіншекті нұсқап.
— Сіз аңғарғыш адамсыз, — деді Ноэ. — Ха-ха!.. Сен тек тыңдап көр, Шарлотт!
— Ex, қымбаттым, бұл қалада аңғарғыш болуға тура келеді ғой, — деді еврей даусын сыбырға көшіріп.
— Не шындық болса, сол шындық.
Феджин сөзін сұқ саусағымен танауын шертіп қуаттап қойды, бұл қимылды Ноэ де істегісі келіп әрекеттеніп көріп еді, көңілдегідей шықпады, себебі, мұның танауы тым кішкентай болып шықты. Дегенмен Феджин бұл әрекетті өз пікірімен толық келіскендік деп санап, қайтадан пайда болған Барни әкелген шараппен достық көңілден сыйлай бастаған.
— Ғажап нәрсе! —деді мистер Клейпол, тамсанып қойып.
— Сүйіктім, — деді Феджин,егер ұдайы ішсең кассаны немесе қалтаны, немесе әйел қолсомкесін, немесе үйді, немесе почта күймесін, немесе банкты тазалауға тура келеді.
Өз сөзінен үзінді естіген мистер Клейпол орындық арқалығына шалқая кетіп, шошынған жүзбен көзін еврейден Шарлотқа аударды.
— Маған назар аудармай-ақ қойыңыз, қымбаттым, — деді Феджин өз орындығын жылжыта беріп. — Ха-ха! Сіздің сөзіңізді тек менің естігенім қандай жақсы болды. Meн болғаным өте дұрыс болды.
— Оны алған мен емеспін, — деп тұтыға сөйледі Ноэ, аяғын тәуелсіз жентльмендер сияқты бұрынғыдай созып жібермей, столдың астынан дереу жиын алды, — бәрін істеген мынау... Олар сенде ғой, Шарлотт, өзіңде екенін сен білесің ғой?
— Оны кім істегенін және кімде екендігінің ешқандай маңызы жоқ,— деді Феджин, дегенмен қызға және екі түйіншекке жыртқыштық көзін тастап қойып. — Мен өзім де осылай кәсіп етем, сондықтан да сіз маған ұнайсыз.
— Немен кәсіп етесіз? — деді мистер Клейпол, сәл-пәл өзіне-өзі келіп.
— Осындай істермен, — деп жауап қатты Феджин. — Осы үйдің тұрғындары да сонымен айналысады. Сіз тура қажетті жерге тап келдіңіз, бұл арада сіз толық қауіпсіз жағдайдасыз. Бүкіл қалада «Мүгедектерден» қауіпсіз жер жоқ, дегенмен бұл маған байланысты. Ал менің сізге және жас әйелге көңілім ауды. Сондықтан да сіздермен сөйлесіп кеттім, жандарыңыз жайбарақат болсын.
Мүмкін, осы мәлімдемеден кейін Ноэ Клейполдың көңілі орнына түскен де шығар, бірақ бұл сөз оның денесіне дарыған жоқ, ол қипақтап құрысып, не түрлі келеңсіз күйге түсті, өзінің жаңа досына шошына, күдіктене қарады.
— Мен сізге тағы бірдеңе айтайын, — деді Феджин, қызға басын изеп, бойына жігер берерліктей бірдеңелерді міңгірлегеннен кейін, — сіздің тілегіңізді орындап, дұрыс жолға түсіре алатын менің бір танысым бар, содан соң өзіңізге лайықты деген істі таңдап аласыз да, басқасын да үйрене бастайсыз.
— Сіз расында шын айтып тұрған сияқтысыз! — деді Ноэ.
— Басқаша сөйлескенде маған қандай қайда бар? — деп иығын қушита сөйледі Феджин. — Білесіз бе, мен басқа бөлмеде сізге бірер сөз айтсам ба деп ем.
— Несіне орнымыздан тұрып, әуреленін жатпақпыз! — деп қарсылық етті Ноэ, бірте-бірте аяғын қайтадан соза беріп. — Мынау әзірге заттарды жоғарыға апара берсін... Шарлотт, түйіншектермен айналыс!
Асқан паңдықпен берілген бұл бұйрық ешқандай қарсылықсыз орындалды, Шарлотт жүкпен кете барды да, есіктен ұстап тұрған Ноэ әйелдің соңынан қарады.
— Мен оны жаман сүйрелегем жоқ, солай ма? — деп сұрады ол өз орнына келген соң тағы аңды қолға үйреткен адамның даусымен.
— Өте жақсы, — деді Феджин, оны иығынан қағып. — Сіз данышпансыз, қымбаттым.
— Несі бар, егер олай болмағанда мен бұл арада отырмас та едім, — деп жауап қатты Ноэ. — Дегенмен егер сіз бөгеле берсеңіз, ол қайта оралады.
— Сөйтіп сіз, бұл турасында қалай ойлайсыз? — деп сұрады Феджин. — Егер менің танысым сізге ұнаса, неге сізге онымен серіктес болмасқа?
— Ал оның шаруасы жақсы ма? Ең маңыздысы осы ғой, — деп жауап қатты Ноэ, бір көзін қысып қойып.
— Қатып тұр! — Көп адам жалдайды. Осы мамандықтың таңдаулы адамдары сонымен бірге.
— Нағыз қалалықтар ма? — деп сұрады мистер Клейпол.
— Шеттен келген біреуі жоқ. Егер ол қазір көмекшіге мұқтаж болмағанда, тіпті менің ұсынысымның өзімен сізді ала қоймас еді-ау деп ойлаймын.
— Оған бірдеңе беру керек қой, — деп сұрады Ноэ. шалбарының қалтасын қағып қойып.
— Онсыз болмайды ғой, — деді Феджин кесіп сөйлеп.
— Бірақ жиырма фунт деген әжептәуір ақша ғой.
— Жоқ, егер мұның өзі сіз құтыла алмай жүрген банкнот болса, — деп қарсылық білдірді Феджин. — Нөмері мен жылы жазылған болар деймін? Көріп тұрған боларсыз; бұл банкноттан ол да пәлендей ештеңе түсірмейді. Шекарадан әрі өткізіп жіберуге тура келеді, себебі ол мұны рынокта жоғары бағамен өткізе алмайды.
— Мен оны қашан көре алам? — деп сенімсіздеу сұрады Ноэ.
— Ертең таңертең.
— Қай жерде?
— Осы арада.
— Гм, — деді Ноэ. — Жалақы қалай?
— Жентльменше тұрасыз, стол мен пәтер, темекі мен ішімдік деген кеңірдектен, өз табысыңыздың, жас әйелдің табысының жартысы өздеріңдікі, — деп жауап берді Феджин.
Өз билігі толығынан өзінде болғанда ашкөздігіне баға жоқ Ноэ Клейполдың тіпті мұндай тамаша шартқа да келісе қоюы екіталай еді, бірақ ол егер бас тарта қалса, жаңа танысы бірден мұны заң қолына ұстап беруі мүмкін-ау деп (бұдан да қиын жағдайлар болған), ол бірте-бірте жұмсарды да, өзіне мұның қол екендігін айтты.
— Бірақ, білесіз бе? — дегенді айтты Ноэ, — әйелім ауыр жұмысты атқара алатын болғандықтан, менің жеңілдеу бірдеңе істегім келер еді.
— Қандай да болмасаң кішірек, жанға жайлы жұмысты ма? — деді Феджин.
— Дәл айтасыз, — деп жауап қатты Ноэ. — Сіз қалай ойлайсыз, маған не лайық болар еді? Айталық, тым қатты тырысушылықты талап етпейтін, әрі тым қауіпті емесінен болса. Осындай бірдеңе керек.
— Мен сіздің біреудің сыртынан жансыздық жасасам дегеніңізді естіп қалып едім, қымбаттым, — деді Феджин. — Менің танысым осындай іс қолынан келетін біреуге зәру болып отыр.
— Иә, менің солай дегенім рас, және мұнымен айналысып көруден де қашпаймын, — деді Ноэ, жаймен сөйлеп, — бірақ білесіз бе, бұл жұмыс өзін-өзі ақтамайды.
— Рас, — деді еврей ойланып, әлде ойланған сияқты көлгірсіп. — Жоқ бұл келмейді.
— Сөйтіп, сіз не айтасыз? — деді Ноэ анаған жігерлене қарағыштап. — Аласапыран айқай-шуды пайдаланып жымқырған да жақсы болар еді, іс те қомақты, тәуекел де өзін ақтарлықтай.
— Қарт ледилер жөнінде сіз не дер едіңіз? — деп сұрады Феджин. — Қолдарынан сөмкелері мен түйіншектерін жұлып алып, бұрыш айнала қашқанда да табысыңыз мол болады.
— Бірақ олар төбе құйқаны шымырлата шыңғырып, кейде тырнап та алатыны бар, — деп қарсылық білдірді Ноэ, басын шайқап. — Бұл маған қол болады деп ойламаймын. Қандай да болмасын бұдан басқа шаруа табылмас па екен?
— Тоқтай тұрыңыз, — деді Феджин, қолын мұның тізесіне салып. — Балапандарды жер соқтыру.
— Мұның мәнісі қалай? — деп әуестенді мистер Клейпол.
— Балапандар деген, қымбаттым, — деді Феджин, — шешелері алтыненстіктер мен шиллингтер беріп сауда істеуге жіберетін кішкентай балалар. Ал жер соқтыру деген — яғни олардың ақшаларын сыпырып алу... олар ақшаларын уыстарында әрдайым әзір ұстайды... сонан тротуардың жиегіндегі су тоқтаған шұғанаққа итеріп жіберу... әлдебір бала құлап бір жерін ауыртып алғаннан өзге ештеңе болмағандай жөніңе тайып отыру ғой. Ха-ха-ха!
— Ха-ха! — деп дүңкілдеді мистер Клейпол шаттанғаннан аяғын селкілдетіп. — Құдай біледі, мынау маған керемет екен!
— Әлбетте, — деп жауап қатты Феджин, — және де сіз өзіңізге Кемден-тауынан, Бэтл-Бриджден, оған көршілес жерлерден орын сайлап алуыңызға болады, сол жерлерде оларды оны-мұныға үнемі жіберіп жатады, күннің қай сағатында болмасын қаншаға көңіліңіз кетсе сонша балапанды соғып аласыз. Ха-ха-ха!
Осы сөздермен мистер Феджин мистер Клейполды бүйірден түртіп қалды да екеуі ұзаққа созылған күлкіден ішек-сілелері қатып қалысты.
— Сөйтіп, барлығы да ойдағыдай, — деді Ноэ, бөлмеге Шарлотт қайта оралғанда сөйлеуге әлі келіп қалып еді. — Ертең қай сағатта?
— Сағат онға қалайсыз? — деп сұрады Феджин, мистер Клейпол келіскендей басын изеген соң. — Сүйікті досыма сізді кім деп таныстырсам екен? — деген.
— Мистер Болтер, — деп жауап қатты Ноэ, бұл сауалға алдын-ала әзірленген, — мистер Морис Болтер. Ал мынау миссис Болтер.
— Сіздің қызметіңізге әзірмін, миссис Болтер, — деді Феджин сайқалдық ізетпен иіле беріп. — Таяу уақытта сізбен жақынырақ танысармын деп үміттенемін.
— Жентльменнің не дегенін сен естіп тұрмысың, Шарлотт, — деп күркіреді мистер Клейпол.
— Иә, қымбатты Ноэ, — деп жауап қатты миссис Болтер, қолын соза беріп.
— Бұл мені еркелетіп Ноэ деп атайды, — деді мистер Морис Болтер, бұрынғы Клейпол Феджинге. — Түсінемісіз?
— Иә, түсінемін, тамаша түсінемін, — деді Феджин, бұл жолы шынын айтып, — Қайырлы түн!
Ұзақ қоштасудан және мәнді тілектерден кейін мистер Феджин өз жолымен кетті. Ноэ Клейпол сүйкімді жұбайының назарын өзіне аударып, барша тәкаппарлықпен өз артықшылығын сезінген пішінмен күшті жыныстың өкіліне ғана тән емес, сонымен қатар Лондон мен оның төңірегіндегі балапандарды жер соқтыратын арнайы қызметке тағайындалу құрметіне ие болған жентльмен ретінде де оған жасалған келісім жайында әңгімелей бастады.
XLIII ТАРАУ
Епті Суайтты қалай қырсық шалғанын әңгімелейді
— Сөйтіп, сіздің досыңыз, өзіңіз болып шықтыңыз ба? — деп сұрады мистер Клейпол, немесе Болтер, бұлар жасаған шартқа сәйкес Феджиннің үйіне мекен тепкен соң. — Құдай біледі, бұл ой менің басыма кеше келген еді.
— Әрбір адам өзіне дос, қымбаттым, — деп жауап қатты Феджин ұрлана жымиып. — Мұндай жақсы досты ол еш жерден таппайды.
— Басқаша да болуы мүмкін, — деп қарсылық білдірді Морис Болтер көпті көрген кісіше. — Кейбіреу ешкімге де жау емес, тек өзіне өзі жау.
— Бұған сенбеңіз, — деді Феджин. — Егер адам өзіне өзі жау болса, тек сол себепті, ол өзіне тым дос деген сөз, тіпті де өзінен басқа өзгенің қамын жегендіктен емес. Сандырақ! Сандырақ! Өмірде бұлай болмайды.
— Ал егер болса, бұлай болуы мүмкін емес, — деді мистер Болтер.
— Әлбетте солай. Арбаушылардың бірі қасиетті сан үш десе, енді біреулері жеті дейді. Онысы да, мұнысы емес қымбаттым, анасы да, мынасы да емес. Ол сан — бір.
— Ха-ха! — деп қарқ-қарқ күлді мистер Болтер. — Әрқашанда бір.
— Біздердікі тәрізді кішкентай қауымда, қымбаттым, — деді Феджин, өз байламын түсіндіруді қажет деп тауып, — біздегі ортақ сан — бір; басқаша айтқанда, сіз мені де, сондай-ақ біздің жас жігіттерді де солай санамай өзіңізді бірінші номерлі дей алмайсыз.
— Ах, сайтан! — деп айқайлап жіберді мистер Болтер.
— Байқайсыз ба, — деп сөзін жалғады Феджин әлгі сөзді естімегенсіп, — біздің бәріміз ортақ мүддемен байланыстымыз, басқаша болуы да мүмкін емес. Мінеки, мысал үшін, сіздің мақсат, — бірінші номердің, яғни өзіңіздің қамыңызды ойлау.
— Әрине, — деп қостады мистер Болтер. — Бұл хақында сіздікі жөн.
— Өте жақсы. Сіз номер бірінші өзіңіздің қамыңызды номер бірінші менің қамымды да қарастырмай ойлауға хақыңыз жоқ.
— Сіздің екінші номер дегіңіз келген болар, — деді өзімшілдік қасиеті күшті дамыған мистер Болтер.
— Жоқ, олай емес, — деп қарсылық білдірді Феджин. — Менің сіз үшін өзіңіз қанша болсаңыз, соншалықты маңызым бар...
— Тыңдаңызшы, — дей сөзін бөлді мистер Болтер, — Сіз тамаша адамсыз, маған да қатты ұнайсыз, бірақ мәселе осыған дейін жетерліктей біз шынайы достасып кеткеніміз жоқ қой.
— Сіз тек ойлап көріңіз, — деді Феджин иығын домдан, қолын созып. — Тек ақылға сап көріңізші. Сіз ғой,тамаша іс жасадыңыз, сол үшін сізді жақсы көрем, бірақ оның есесіне енді сізге байлауы оңай да, шешуі қиын галстук қатері төніп тұр, — қарапайым ағылшын тілімен айтқанда — тұзақ.
Мистер Болтер қолын мойын орамалына апарып, оның қатты байланғанын сезінгендей, келісімін сөзбен емес, үнімен білдіргісі келгендей бірдеңе деп міңгірледі.
— Дар ағашы, — деп сөзін жалғады Феджин, — дар ағашы, қымбаттым, өте қысқа да, өте шұғыл бұрылысты көрсететін кең де үлкен жолдағы талай жайсаңдардың мансабын құрдымға батырған жол жиегіндегі жексұрын бағана. Тура соқпақтан ауытқымай, одан аулағырақ жүру — міне, сіздің мақсатыңыз номер бірінші.
— Әрине, бұл дұрыс, — деп жауап қатты мистер Болтер. — Бірақ сіз мұндай нәрселерді несін айтасыз?
— Тек менің сөздерімнің төркініне түсіну үшін, — деді еврей иығын қушитып. — Бұған жету үшін сіз маған сүйенесіз. Жаймашуақ кішкентай шаруаммен айналысу үшін мен сізге сүйенемін. Біреуі сізге бірінші номер, екіншісі мен үшін бірінші номер. Сіз өзіңіздің бірінші номеріңізді бағалаған сайын, менің де қамымды жей түсесіз; мінеки, біз ақыры менің алғашқы айтқаныма қайтып оралдық; бірінші номерге деген ілтипат бәрімізді бірге байланыстырып тұрады. Осылай болуға тиісті, әйтпесе бүкіл тобымыз ыдырап жүре береді.
— Бұл шындық, — деп ойлана тіл қатты мистер Болтер. — Ox, ептісіз-ау сіз кәрі шөңге!
Мистер Феджин бұл мақтаудың жай мадақтау емес, жаңа келгенге өзінің данышпандық қулығы турасында қатты әсер еткеніне қуана отырып көзі жетті, мұндай түсінікті санаға сіңіру аса маңызды іс еді. Қажетті де пайдалы әсерді одан әрі күшейту үшін ол Ноэні өз әрекетінің аумағымен толығынан таныстырды, қиындықты өтірігімен араластыра соншалық шеберлікпен әңгімелегені сонша, мистер Болтердің бұған деген құрметі көз алдында өсіп, әлдебір игілікті қорқынышқа ұласты, Феджиннің күткені де осы еді.
— Біз бір-бірімізге көрсететін өзара сенім ауыр жағдайларда мені жұбатады, — деді Феджин. — Кеше таңертең мен өзімнің тамаша көмекшімнен айрылып қалдым.
— Сіз ол өліп қалды дегіңіз келіп тұр ма? — деп дауыстады мистер Болтер.
— Жоқ, — деп жауап қатты Феджин, — іс ондай жаман емес. Соншалық жаман емес.
— Онда, шамасы, оны...
— Шақырып әкетті, — деп аузына сөз салды Феджин. — Иә, оны шақырып әкетті.
— Өте маңызды іспен бе? — деп сұрады мистер Болтер.
— Жоқ, — деп жауап қатты мистер Феджин, — пәлендей емес. Оны қалта тазалап жүр деп айыптайды, күміс темекі сауыт тауып алыпты — ол өзінікі болатын, қымбаттым, өзінікі еді, өйткені, ол темекі иіскеуді жақсы көретін. Оны бүгінгі күнге дейін сауыттың иесін біледі деп тұтқында ұстады. Ах, ол елу темекі сауытқа татитын еді-ау, мен оның құнын да төлер ем, тек оны босатып алсам. Сіздің Суайтты білуіңіз-ақ керек еді, қымбаттым, білуіңіз керек еді.
— Дегенмен, мен онымен танысармын, деп ойлаймын, сіздіңше қалай? — деді мистер Болтер.
— Шүбәланам, — деп күрсіне тіл қатты Феджин. — Егер олар тағы бір жаңа айғақтар таппаса, оған қысқа мерзім береді, сөйтіп ол бір жарым айдай уақыттан соң бізге қайта оралады, егер айғақтар таба қалса мәселе тығындалып қалады. Оның қандай ақылды жігіт екені оларға белгілі. Ол өмір бойына кетпек. Олар Суайтты аз да, көп те емес өмір бойына жібереді.
— Тығындау мен өмірбойына дегеніңізді қалай түсінуге болады? — деп сұрады мистер Болтер. — Менімен мұндай тілде сөйлесуден қандай пайда бар? Неге сіз мен түсінерліктей етіп айтпайсыз?
Феджин осы құпия бейнелі ұғымды қарапайым тілге аударғысы келіп еді, түсінік алған соң мистер Болтер бұл сөздің мағынасы өмірлік каторға екендігін білер еді, бірақ әңгіме осы арада жасөспірім Бейтстің келуімен үзіліп кетті, ананың қолдары қалтасында, жартылай сайқымазақтық мұңы бар түсі бұзылып кеткен.
— Бәрі де бітті, Феджин, — деді Чарли жаңа жолдасы екеуі бір-бірімен танысқаннан кейін.
— Бұл не дегенің?
— Олар темекі сауыттың иесін іздестіріп, тауып алыпты. Онымен беттестіруге тағы екі-үш адам келеді, сөйтіп Суайтқа сапарға аттануға тура келеді, — деп жауап қатты жасөспірім Бейтс. — Маған, Феджин, ол сапарға аттанар алдында кіріп шығу үшін қаралы киім мен шляпама лента керек. Ойлап көріңіз, Джек Даукинс — сайыпқыран Джек — Суайт — Епті Суайт бағасы екі жарым пенс тұратын қарапайым темекі сауыт үшін жат өлкеге сапар шекпек. Мен әрқашанда егер ол мұндайға ұшырай қалса, шынжыр баулы алтын сағатқа бола кететін шығар деп ойлайтынмын. Ох, ешбір сый-құрметсіз қарапайым ұры есебінде кеткенше, ол әлдебір дәулетті қарттың бар құнды затын сыпырып алып жентльменше кетсе ғой.
Өзінің бақытсыз досына осылайша аяныш білдірген жасөспірім Бейтс мұңды да көңілсіз кейіппен жақын тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
— Сен не деп оттап тұрсың? — деп айқайлады Феджин шәкіртіне ашулы көз тастап. — Сендердің бәріңнен де ол жоғары тұрған жоқ па еді? Сендердің араларыңда онымен бой теңестіре алатын, немен болсын шендесе алар біреуің бар ма еді?
— Біріміз де жоқ, — деп жауап қатты жасөспірім Бейтс күйініштен даусы қарлығып. — Біреуіміз де.
— Онда нені мыжып тұрсың? — деп ашулана сұрады Феджин. — Неге қыңқылдап тұрсың деймін?
— Мұның бәрі протоколға енбейтіндігіне, — деді Чарли өзегін өртеп, өрекпіткен өкініш құрметті досына қарсы сөйлеуге түртпектеп, — мұның бәрі айыптау актісінде көрсетілмейтіндігіне, ешкім ешуақытта оның кім болғандығын білмей кететіндігіне өкінемін. Ньюгет анықтамасынан ол қандай орын алмақ? Мүмкін тіптен онда кірмей қалуы да. О, құдайым-ай, қандай ауыр соққы!
— Ха-ха! — деп айқайлады Феджин, оң қолын мистер Болтерге соза беріп, қояншық ауруы бардай өз күлкісінен өзі қалш-қалш етіп:— Бұлардың өз мамандығына деген мақтанышын байқайсың ба, қымбаттым. Керемет емес пе бұл?
Мистер Болтер мақұлдап басын изеді, Чарли Бейтстің мұңды келбетіне айызы қанғанын жасырмастан бірнеше секундттай көз айырмастан қараған Феджин жас жентльменге жақындап келіп, оны иығынан қақты.
— Жетер, Чарли, — деп жұбата сөйледі Феджин, — бұл белгілі болады, міндетті түрде белгілі болады. Оның қандай зерек жігіт болғандығын барлығы да білетін болады, оны өзі-ақ көрсетеді, өзінің ескі достары мен ұстаздарын ұятқа қалдырмайды. Оның қандай жас екенін есіңе ал. Мұндай жасыңда тығындалып қалу қандайлық құрмет десеңші, Чарли!
— Шындығында, бұл құрмет қой, — деді Чарли, аз-кем көңілі орнына түсіп.
— Ол нені қаласа, соны алады, — деп сөзін жалғады еврей. — Оны тас құмырада жентльмендерше ұстайды, Чарли. Жентльменше. Күн сайын сыра, құмар ойынына қалтасына ақша да салады.
— Расымен-ақ солай ма? — деп дауыстап жіберді Чарли Бейтс.
— Мұның бәрін ол алады, — деп жауап қатты Феджин.
— Оны қорғап шығу үшін тіл безеуге алдына жан салмайтын үлкен парик бізде болады. Егер қаласа Суайттың өзі-ақ сөз сөйлейді, біз оны газеттен оқитын боламыз: «Епті Суайт — қыран күлкі, судьялар қалшылдап-дірілдеуде». Ал қалай, Чарли, ә?
— Ха-ха, — деп қарқ-қарқ күлді Чарли. — Міне, қызықтың көкесі! Рас па, Феджин? Суайт оларға опық жегізеді ғой, солай ма?
— Рас, — деді Феджин. — Ол әлден-ақ опық жегізуде.
— Айтары жоқ, опық жегізеді, — деп қайталады Чарли қолын уқалап.
— Ол менің көз алдымда тұрған тәрізді, — деді еврей өз шәкіртіне қадала қарап.
— Мен де, — деп айқайлады Чарли Бейтс. — Ха-ха-ха! Мен де. Мен де оны көріп тұрмын, құдай біледі, Феджин. Міне қызық! Мынау расында да қызық! Үлкен париктердің барлығы өздерінше маңғаз көрінгісі келеді, ал Джек Даукинс судьяның туған ұлы тәрізді, түскі тамақтан кейін құттықтау сөз сөйлеп тұрғандай оларға байсалды жауап қатады. Ха-ха-ха!
Шындығында, мистер Феджин жас досының құбылмалы мінезіне асқан шеберлікпен әсер еткені сонша, тұтқынға алынған Суайтты құрбандыққа санауға бейімделген Бейтс енді оған теңдесі жоқ, керемет әзілқойлығымен ерекшеленетін сахнадағы маңдайалды актерше қарап, қарт досына да өз талантын осылайша көрсетуіне мүмкіндік туғызатын сағатты асыға күтті.
— Біз оның ісінің қазір қалай болып жатқанын біліп алуымыз керек, — деді Феджин. — Мен ойланып көрейінші.
— Мен барып келсем қайтеді? — деп сұрады Чарли.
— Атай көрме! — деп жауап қатты Феджин. — Есіңнен адастың ба, қымбаттым, егер онда барғың келсе есіңнен мүлдем адасқан екенсің. Жоқ, Чарли, жоқ. Біреуден артық жоғалтуға болмайды.
— Менің ойымша, өзіңіз ол жаққа бармайтын шығарсыз? — деді Чарли әзілдей көзін қысып.
— Мұның жайы келе қоймас енді, — деп басын шайқап, тіл қатты Феджин.
— Ал мына жаңа жігітті неге жібермеске? — деп сұрады жасөспірім Бейтс, қолын Ноэнің иығына салып. — Мұны ешкім де білмейді ғой.
— Несі бар, егер өзі қарсы болмаса... — дей беріп еді Феджин.
— Қарсы деймісің, — деп сөзін бөлді Чарли. — Ол қалай қарсы болмақ?
— Қарсы болар ештеңесі жоқ, қымбаттым, — деді Феджин мистер Болтерге бұрыла беріп. — Ештеңесі жоқ.
— О, олай бола қоймас! — деп қарсылық білдірді Ноэ, есікке шегіншектей бере, басын шайқап. — Жоқ, жоқ, қойыңыздар! Бұл менің міндетіме кірмейді.
— Ол өзіне қандай міндеттер жүктеп отыр, Феджин? — деп сұрады жасөспірім Бентс, Ноэнің ап-арық тұлғасына жирене қарап. — Қиын жағдайға ұшырасақ басын алып қашып, жайшылықта кеңірдегінен келе тойыну үшін бе? Ол осымен ғана айналыспақ па?
— Бәрібір емес пе? деп қарсыласты мистер Болтер. — Сен, балақай, үлкендермен байқап сөйлес, әйтпесе бірдеңе көріп қаларсың.
Мұндай домбытуға жауап ретінде жасөспірім Бейтс жындана қарқылдағаны сонша, осының өзі біршама уақыт алды, сөзге киліккен Феджин мистер Болтерге полицейлік басқармадан оның қорқар ештеңесі жоқ екендігін, өзі араласқан кішкентай іс жайлы және оның түр-келбетін суреттеген ақпар әлі астанаға келіп жеткен жоқ, тіпті мұның ол жерден пана іздейтіні ешкімнің де ойына да кіріп-шыға қоймас, сондықтан да егер киімін мұқият өзгертіп алса, Лондонның кез келген жері сияқты онда да ешнәрседен қауіптенбей баруына болатынын, ешкімнің де мұны тап сол араға өз еркімен келер деп ойламайтындығын ұқтыруға кірісті.
Ішінара әлгі дәлелдерден көңілі орныққан, бірақ көбінесе Феджиннен қорыққанынан мистер Болтер ақыры құдайдың зорлығымен әлгі жаққа баруға келісім берді. Феджиннің нұсқауы бойынша ол дереу үстіндегі киімін арбакештің күртесіне, шолақ кенеп шалбар мен былғары гетрге айырбастап алды, — мұның бәрі Феджиннің қорынан табылды. Оны сондай-ақ әрқилы қағаздармен әлеміштелген киіз қалпақ және арбакештің бишігімен жабдықтады. Осындай кейіппен ол Ковент-Гарден рыногының өз әуесқойлығын қанағаттандырғысы келген қандай да болмасын деревнялық бір жігіті сияқты сотқа кіріп баруға тиіс еді. Ал Ноэ олпы-солпы, ептейсіз, арбаң-сарбаң сүйекті жігіт болғандықтан өз рөлін тамаша алып шығатынына мистер Феджин титтей де күдік келтірген жоқ.
Осы даярлықтар аяқталған соң оған Епті Суайтты тану үшін қажетті белгілерін ескертті, сөйтіп жасөспірім Бейтс оны қараңғы, иір-қиыр жолдармен Боу-стиртке тиіп тұрған жерге бастап әкелді. Полицейлік басқарманың нақты орнын суреттеп шығып, қысқа көшені, ауланы қалай кесіп өтіп, оң қол жақтағы есікке дейін сатымен көтеріліп, бөлмеге кірген бойда қалпағын шешуі керектігі хақында нұсқауларын түйіндей сөйлеген Чарли Бейтс оған қоштасып, әрі қарай кете беруге ұсыныс жасады да, осы арада мұны күтіп алатынына уәде берді.
Ноэ Клейпол, егер оқырманға керегі сол болса, Морис Болтер, өте дәл боп шыққан нұсқауды басшылыққа ала отырып (жасөспірім Бейтске бұл аралық жақсы таныс боп шықты) ешқандай сауал қоймастан, жолда ешқандай кедергіге ұрынбастан полицейлік басқармаға келіп жеткен. Ол ыссы да, лас бөлменің ішінде сығылысқан, көпшілігін әйел қауымы құрайтын топтың арасынан келіп шықты. Түкпірдегі сол жақта қоршалған отырғыш қойылған жері сотталғандарға, ортада куәларға кафедра, оң жақта сот столы орналасқан; бұл соңғы зәрені алар орын да қарапайым пенделердің көз алдынан қоршау арқылы бөлектелген: және қара халыққа (егер қолдарынан келсе) сотты бар құдыретімен елестетуге кеңшілік беретін.
Клерк столға еңкейіп тұрған екі полисмен мен жай киімді шенеунікке әлдеқандай бір қағазды оқып біткенше сотталғандар отырғышына жайғасқан екі әйел өздерінің масаттанған достарына бастарын изеумен болды. Сотталғандар отырғышының жақтауына сүйенген түрмеші үлкен кілтпен өзін-өзі мұрнынан ұрғылап, ерігіп отырғандар орынсыз әңгіме бастауға ниеттенсе тыйып тастау үшін ақырын қалуға немесе салтанатты сот жұмысына шешесінің шәлісі астынан шиқылдаған әлдебір арық сәбидің әлсіз шиқылы бөгет болғанда қатал жүзін бұрып әлгі әйелге — «Балаңызды әкетіңіз» деп әмір беру үшін ғана осы әрекетінен жаңылып қалады. Бөлмедегі ауа ауыр да тымырсық; кірден қабырға бояуы өзгеріп, төбе қарайып кеткен. Тас сөреде ескі, ысталған мүсін тұр, ал сотталғандар отырғышының үстінде өз орнында тұрған жалғыз зат тәрізді шаң басқан сағат ілулі. Жамандық, кедейлік және солармен тығыз байланысты болып жатқанның бәріне түйіле қарап отырған жанды бейнелерге де жансыз заттарды басқан майлы ыстан бір де кем емес күйе қонып қалған тәрізді еді.
Ноэ Суайтты іздестіріп шыдамсыздана жалтақтады, бірақ осында отырған әйелдердің көпшілігі-ақ осы атақты адамның шешесі не қарындасы, ал бірнеше еркек әкесіне үйлесе қалғандарымен мистер Даукинстің сыртқы тұрпатын Ноэге суреттеген адамға ешқайсысы да келіңкіремейді. Әлгі әйелдердің істері қылмыс істерін қарайтын сотқа бөріліп, әдепсіз қылық көрсете шығып кеткенше Ноэ аса мазасызданып, күдіктене күтіп отырған, ал содан кейін басқа бір тұтқынның пайда болуы жанын тез жай таптырды да, ол өзінің іздеп келген адамы осы екенін бірден түсінген.
Бұл расында да қашандағыдай сюртугінің ұзын жеңдерін түріп алған мистер Даукинс болатын; сол қолы қалтасында, оң қолына шляпа ұстаған, түрмешінің соңынан аяғын сүйрете басып, айтып жеткізгісіз жүріспен теңселе бөлмеге кірді де, айыпкерлер орындығына жайғасқан соң даусын шығарып өзін не үшін мұндай кіріптар жағдайға душар еткендігін сұраған.
— Тіліңізді тартыңыз, — деді түрмеші.
— Мен ағылшынмын, солай емес пе? — деп қарсыласты Суайт. — Менің артықшылығым қайда?
— Өз артықшылығыңызды ұзамай аласыз, — деп кесіп тастады түрмеші. — Үстіне бұрышты да қосып берер!
— Егер ала алмасам көрерміз, мұндай кесірлікке ішкі істер министрінің не дейтінін... — деп салғыласты мистер Даукинс. — Сөйтіп мұнда нендей іс бар? Осы титтей істің ақты-қарасын айырып, "текке газет оқымай, мені қоя берсе, судьяларға алғыс айтар едім, өйткені, Ситиде бір жентльменмен кездесуге уәде байласып едім, ал мен өз сөзіме қашан да берік, әрі тындырымды болғандықтан, егер уақытында бармасам, оның кетіп қалуы мүмкін. Егер бөгеп қалса, шығынның орнын толтыруға мені ізденеді деп ойламай ма екен бұлар? О, олай бола қоймас!
Осы арада, Суайт сот процесімен шексіз әуестенген кісіше түрмешіден «анау сот креслосында отырған екі жыл-постың аты-жөндері кім» екенін сұрады. Бұл көрермендердің көңілдерін көтергені соншама, олар қарқылдап қоя берді, егер мұндай таланты естісе, жасөспірім Бейтс те осылай қарқылдаған болар еді.
— Ей, тынышталыңдар, — деп айқайлады түрмеші.
— Мұны не үшін айыптайды — деп сұрады судьялардың бірі;
— Қалта ұрысы деп, құрметтім.
— Бұл бала бұрын-соңды мұнда болған ба?
— Мұнда бұл талай мәрте болуға тиіс еді, — деп жауап қатты түрмеші. — Ол талай жерде болып үлгірген. Мен мұны жақсы білем, құрметтім.
— О, сіз мені білесіз бе, қарай гөр? — деді бұл мәлімдемеге елең еткен Суайт. — Өте жақсы! Қалай десек те бұл кісіге жала жабуға жасалған әрекет.
Осы арада тағы да күлкі естіліп, тағы да тәртіпке шақырылды.
— Ал куәлар қайда? — деп сұрады клерк.
— Соны айтам, — деп іліп әкетті Суайт. — Қайда олар? Менің оларды көргім-ақ келер еді.
Бұл тілек дереу қанағаттандырылды, айыпкердің топ ішінде әлдебір жентльменнің қалтасына түсіп, тіпті, одан қол орамалын суырып алғанын, бірақ ол соншалық ескі болғандықтан, алдымен мұрнын сүртіп, сонан кейін ананың қалтасына қайтадан салып қойғанын көрген полисмен ілгері шықты. Осыған байланысты ол Суайтты тұтқындаған, тінткенде аты аталған Суайттан қақпағына иесінің аты-жөні ойыл жазылған күміс темекі сауыт шыққан. «Сот анықтамысының» көмегімен әлгі жентльмен де іздеп табылған, қазіргі уақытта осы арада отырған ол ант-су ішіп, темекі сауыттың өзінікі екендігін, оны әлгі айтылған топтан сытылып шыққан соң барып іздегенін айтып берді. Ол сондай-ақ топ арасынан өзіне батыл жол ашып келе жатқан жас жентльменді көргенін, қазір алдында отырған қамауға алынғанның сол жас жентльменнің тап өзі екендігін де айтты.
— Бала, сіз мына куәгерден бірдеңе сұрағыңыз келе ме? — деді судья.
— Менің онымен әңгімелесіп, қорланар жайым жоқ, — деп жауап қатты Суайт.
— Сіз ештеңе айтқыңыз келмей ме?
— Естимісіз, бұл кісі сізден айтатын ештеңең бар ма деп сұрап тұр? — деп қайталады түрмеші, үнсіз тұрған Суайтты шынтағымен қағып.
— Ғафу етіңіз! — деді Суайт, аңғал қалыппен қабағын көтеріп. — Мұны сіз маған айтып тұрмысыз, құрметтім?
— Ешқашан да мұндай қағынған жап-жас қаңғыбасты көрмеппін, құрметтім, — деп мырс етті полисмен. — Сіздің бірдеңе айтқыңыз келе ме, жас жігіт?
— Жоқ, — деп жауап қатты Суайт, — бұл арада емес, өйткені мына лашық әділ заңның орны емес, оның үстіне бүгін таңертең менің адвокатым қауым палатасының вице-президентімен ас ішіп отыр. Бірақ басқа жерде мен бірдеңелер айтармын, сондай-ақ менің толып жатқан қадірлі достарым сөйлеп берер, сонда мына сандалбайлар жарық дүниеге неге келгендеріне опық жеп, маған осындай қысастық қылуға таңертең өздерін осында жіберген малайларына шляпаларының орнына шегеге өздерін неге ілгізіп қоймағандарына өкінер әлі-ақ. Мен...
— Жетер! Сотқа тартылуға үкім шығарылады! Әкетіңдер оны! — деп сөзін бөлді клерк.
— Кеттік! — деді түрмеші.
— Кетелік, — деп жауап қатты Суайт алақанымен шляпасын тазалап тұрып. — Ей (судьяларға қарап), шошынып, түстерің бұзылмай-ақ қойсын, мен сіздерге титтей де шарапат жасамаймын! Сіздер мұның құнын өтейсіздер, әкетайларым! Мен сіздердің кептеріңізді киюге ешқашанда келіспес едім. Егер сіздер аяғымды құша құлап, жалынсаңыздар да, мен енді еркіндікке шықпас едім. Ей, әкетіңдер мені түрмелеріңе, әкетіңдер мені!
Осы соңғы сөзін айта беріп, Суайт өзін жағадан сүйреп ала жөнелуге кеңшілік етті де, аулаға шыққанша парламентте іс қозғаймын деп қоқанлоқы көрсетумен болды, ал сонан соң полисменге қарап өзіне-өзі риза кейіппен ыржиып қойды.
Даукинсті бір кісілік камераға қамап қойғанына көз жеткен соң, Ноэ тез-тез басып, жасөспірім Бейтстің қыдырып кеткен жеріне бет алды. Осы арада ол көзге түскісі келмей, елеусіздеу бір бұрыштан төңірекке қарағыштап, жаңа досын ешкімнің аңдын келе жатпағанына кәміл сенген соң ғана шыққан-ды.
Екеуі Феджинге Суайт алған тәрбиесін ақтап, өзіне лайықты бедел жия бастағаны туралы қуанышты хабарды жеткізуге асығып бара жатты.
XLIV ТАРАУ
Нэнсиге Роз Мэйлиге берген уәдесін орындайтын уақыт жетеді. Ол сәтсіздікке ұшырайды
Қулық пен екіжүзділік өнеріне қаншалықты машық болғанымен Нэнси өзінің істеген соңғы қылығынан кейінгі көңілінің астан-кестен күйінен әлі арыла алмаған. Қыз зымиян еврей мен қатыгез Сайкс өзгелерге құпия жоспарларына мұны ортақтастырғанда, өзіне сенетінін, әзірге олардың жоспарларының қаншалықты жексұрындығына, өздерінің қаншалықты шектен шыққан оңбағаң екендіктеріне, өзін бірте-бірте қылмыс шыңырауының барса келмесіне батырып бара жатқан Феджинге деген үлкен ашу ызасына қарамастан, қыздың тіпті оған да жаны жұмсарған кезі болды, өзінің әшкерелеуі осы уақытқа дейін сытылып кетіп жүрген темір құрсауға түсіріп — ондайға тап болуы заңды болса да — оның өліміне себепші болам ба дегендік еді.
Осындай толқулар ештеңеге қарамай, алаңдамай бір мақсатқа жұмылуға қаншалықты қабілетті болғанымен бұрынғы достары мен сыбайластарынан біржолата ат құйрығын кесісуге бөгет болды.
Оның Сайкс үшін қауіптенуі әзір кеш болмай тұрғанда бәрінен бас тартуға ең маңызды себеп болғанмен, қыз бұл құпияны ашпауға келіскен-ді, оны іздеп табуға да ешқандай жіптің ұшығын қалдырмаған; анау үшін қыз тіпті өзін қоршаған барша қылмыс пен жексұрындықтан құтылудан бас тартты, — бұдан артық не істемек енді? Қыз бір шешімге келген.
Ішкі арпалысы осындай шешімге тірелсе де, қайта-қайта бой көтеріп, із-тұзсыз да жоғалған жоқ. Осы бірнеше күннің ішінде Нэнси өңі құп-қу боп, жүдеп кетті. Кейде ол төңірегінде не боп жатқандығына еш көңіл аудармай, бұрын жұрттың бәрінен қаттырақ айқайласа, енді ешбір әңгімеге де араласпайды. Ал кейде себепсізден-себепсіз көңілсіз кейіппен күліп, айқай-шу шығарады. Кейде әлгіден бірер минут өтісімен — қыз үн-түнсіз бүрісіп, басын салбыратып ойға беріліп кететін, бұған қарағанда әлгі өзін жайдары, сөзшең етіп көрсетпек болған белгілері мұның өз-өзіне келе алмай отырғанын, жолдастары әңгіме қып отырған нәрсеге қыз ойының ешбір қатынасы жоқтығын әйгілейтін еді.
Жексенбі күнгі кеш еді, таяудағы шіркеуден қоңырау сағат соға бастаған. Сайкс еврей екеуі әңгімелесіп отырған, енді үндемей құлақтарын тіге қалысты. Аласа отырғышта бүгіліп отырған қыз да басын көтеріп, тыңдады. Он бір.
— Түн ортасына дейін бір сағат қалды, — деді көшеге көз салу үшін терезе пердесін көтерген Сайкс, өз орнына қайтып келіп. — Оның үстіне қараңғы, әрі бұлтты. Жұмыс істеуге тамаша-ақ түн.
— Ах, — деп күрсінді Феджин. — Билл қымбаттым, ешқандай жұмыстың әзір тұрмағаны қандай өкінішті.
— Бұл жолы сіздікі дұрыс, — деп түнере сөйледі Сайкс. — Өкінішті, өйткені тап қазір бұл менің ойыма келер еді.
Феджин күрсініп, басын мұңая шайқады.
— Ісіміз оңға басысымен, жоғалтқан уақытымыздың есесін қайыруымыз керек, — деді Сайкс.
— Дұрыс пайымдап тұрсыз, қымбаттым, — деді Феджин оны иығынан қағуға батылы барып. — Сізді тыңдау маған жағады.
— Сізге жаға ма? — деп дауыстады Сайкс. — Солай-ақ болсын.
— Ха-ха-ха! — деп күлді Феджин, тап бір осы сөз көңілін орнына түсіргендей. — Сіз бүгін тап баяғыдайсыз, Билл. Тап сондайсыз.
— Сіз қураған кәрі тұяғыңызды иығыма салғанда мен өзімді олай сезіне алмаймын. Демек, алыңыз қолыңызды, — деді Сайкс еврейдің қолын кері ысырып.
— Бұл сіздің мазаңызды ала ма, Билл, өзіңізді ұстап алғандай сезінесіз бе? — деді Феджин, ренжімеуді дұрыс деп тауып.
— Мені тап сайтанның өзі буып алғандай сезінемін, — деп жауап қатты Сайкс. — Сіздікіндей сықпытты адам ешқашан болған емес. Егер сіздің әкеңіздің жүзі осындай болмаса, шамасы, қазір оның ақ шалған сары сақалын өртеп те жатқан болар. Әлде, сіз мүмкін, ешқандай әкесіз, шайтаннан жаратылған боларсыз. Мен бұған титтей де таңданбас едім.
Бұл мақтауға Феджин ләм-мим деп жауап қатқан жоқ, бірақ Сайкстің жеңінен тартып қалып, өрбіген әңгімені пайдаланып, шляпасын киіп, бөлмеден шығуға әзірленген Нэнсиді саусағымен нұсқап көрсетті.
— Ей, деп айқайлады Сайкс, — Нэнси! Бұл қыз жеті түнде қайда бармақшы?
— Алысқа емес.
— Бұл не жауап тағы? — деді Сайкс. — Сен қайда барасың?
— Айтып тұрмын ғой — алыс емес деп.
— Ал мен қайда барасың деп сұрап тұрмын? — деп айқайлады Сайкс. — Сен естіп тұрмысың?
— Қайда екенін өзім де білмеймін, — деп жауап қатты қыз.
— Онда мен білемін, — деді Сайкс, қыз бір жаққа бармақ болса, оны жібермеуге нақты себебі болғандықтан емес, қиқарлығына басып. — Ешқайда бармайсың!... Отыр!
— Менің мазам болмай тұр. Саған айттым ғой, — деп қарсылық білдірді қыз. — Таза ауа жұтып келсем деп ем.
— Терезеден басыңды шығар, — деді Сайкс.
— Ол маған аз, — деді қыз. — Маған көшеден таза ауа жұтып келу керек.
— Ештеңе етпес! —деп жауап қатты Сайкс.
Осы сөздермен орнынан тұрған ол есікті жауып, кілтін алды да, қыздың басынан шляпасын жұлып алып, ескі шкафқа атып ұрды.
— Міне солай, — деді тонаушы. — Енді өз орныңнан қозғалмай отыр, ұқтың ба?
— Шляпа мені ұстап қала алмас, — деді қатты сұрланып кеткен қыз. — Саған не болды, Билл? Сен не істеп тұрғаныңды өзің білемісің?
— Мен білем бе... О! — деп айқай салған Сайкс Феджинге бұрылды. — Қараңызшы, мынаның есі ауысса керек, әйтпесе менімен бұлай тілдесе алмас еді.
— Сен мені қандай да болмасын қатерлі қылыққа ұрындырасың, — деп міңгірледі қыз, тас-талқан болып тұрған ашу-ызадан өзін-өзі ұстағаннан қос қолын көкірегіне қысып. — Жібер, естимісің, тап қазір қоя бер!
— Жоқ! — деді Сайкс.
— Феджин, бұған мені жібер деп айтыңызшы. Жақсылықпен жіберсін. Сонда бұған да жақсы болады. Сен естіп тұрмысың? — деп жер тебініп, айқайлап жіберді Нэнси.
— Естіп тұрмысың деймісің? — деп қайталады Сайкс, орындығымен қызға бұрыла беріп. — Егер енді бір минуттан кейін де даусыңды естісем, ит кеңірдегіңнен алып, өңешіңнен бақырған үніңді суырып алады. Саған ненің желігі бітті, оңбаған неме? Ненің желігі бітті саған?
— Жібер мені, — деп қадала сөйледі қыз, есік алдына отыра кетіп: — Билл, жібер мені! Сен не істеп тұрғаныңды өзің білемісің. Білмейсің... Тек бір сағатқа ғана... Жібер!.. Жібер...
— Егер мына қыз есінен мықтап шатыспаса, — деп дауыстады Сайкс, дөрекілікпен оның иығынан ала кетіп, — мені тірідей кескілесін! Тұр орныңнан!
— Сен мені қоя бергенше тұрмаймын... жібергенше... ешуақытта... ешуақытта!.. — деп шыңғырды қыз.
Сайкс бір минуттай қолайлы сәтті күтіп қызға қарап қалды да, сонан соң оның қолын қайырып, қарсыласқанына қарамастан жапсарлас кішкентай бөлмеге сүйреп апарды да, орындыққа атып жіберіп, қысып ұстаған бойы өзі жанына отыра кетті. Қыз сағат он екіні соққанша біресе жұлқынып, біресе жалынды, содан кейін әбден сілікпесі шығып, өз дегеніне қасарысуын қойды. Толып жатқан балағаттаулармен енді бүгін қайтып бөлмеден шығуға әрекеттенбе дегенді ескерткен Сайкс қызды өзіне-өзі келуі үшін оңаша қалдырып, Феджинге қайтып келді.
— Мына қызықты қара! — деді құлып бұзушы бетінің терін сүртіп. — Біртүрлі оғаш қыз.
— Айтары жоқ, Билл, — деп ойлана сөйледі Феджин, — айтары жоқ.
— Сіз қалай деп ойлайсыз, оның неге жеті түнде үйден кеткісі келді? — деп сұрады Сайкс. — Сіз мұны менен гөрі жақсырақ білесіз ғой. Бұл не болғаны?
— Қиқарлық. Меніңше бұл әйелдің қиқарлығы, қымбаттым.
— Маған да солай көрінеді, — деп гүжілдеді Сайкс. — Мен оны тәртіпке әбден үйреттім бе десем, ол сол бұрынғысындай пері екен.
— Одан да жаман, — деді ойлана сөйлеген Феджин. — Түкке тұрмайтын нәрседен оның мұндай күйге түскенін мен бұрын-соңды көрмеппін.
— Мен де, — Сайкс. — Меніңше, қанында безгек әлі жүр-ау деймін, ә?
— Соған ұқсайды.
— Егер ол мұндайын тағы бастаса, дәрігерді мазаламай-ақ өзім одан біраз қан шығарам, — деді Сайкс.
Феджин емдеудің мұндай әдісін мақұлдаған кейіппен басын изеді.
— Мен сұлап жатқан кезде ол күні мен түні жанымнан екі елі шыққан жоқ, ал сіз, қасқырдың ағайыны, іргеңізді аулақ салдыңыз, — деді Сайкс. — Оның үстіне біз көп уақыт мұқтаждықта болдық, меніңше, сол оны азап шеккізіп, жанына тисе керек, ал мұнда есік-терезені бекітіп ұзақ отырғаннан, шамасы, мазасыздық пайда болған шығар.
— Тап солай, қымбаттым, — деп сыбырлай жауап қатты еврей. — Тыныш.
Осы сөзді айтып үлгіруі-ақ мұң екен, қыз бөлмеге кіріп, өзінің бұрынғы орнына жайғасты. Көзі ісіп, қызарып кетіпті. Қыз ілгері кейін теңселіп жүріп, басын шайқап, кенет қарқылдап қоя берді.
— Міне, енді бұл басқа жолмен кетті! — деп дауыстап жіберді Сайкс асқан таңданыспен еврейге қарап қойып.
Ол енді қызға көңіл аудармасын деп Феджин басын изей салды, бірнеше минуттан кейін қыз да өз-өзіне келген. Енді қауіптенер ештеңе жоқ деп Сайкске сыбыр ете түскен Феджин шляпасын алды да, оған қайырлы түн тіледі. Есік алдына ол тоқтай қалды да, артына бұрылып, қараңғы сатыда біреу жарық түсірмес пе екен деп өтінді.
— Жарық апаршы оған, — деді Сайкс қорқорын толтырып жатып. — Егер ол мойнын үзіп алса қиын болар. Шырақ алып, шығарып салшы.
Шырақ ұстаған Нэнси шалдың соңынан сатымен түсе бастады. Олар дәлізге шыққан соң анау саусағын ерніне тигізіп, қызға жақындай түсіп, сыбырлай сұрады:
— Не боп қалды Нэнси, қымбаттым?
— Сіз не жайында айтып тұрсыз? — тап солай ақырын сұрады Нэнси.
— Осының бәрінің себебі жайында, — деп жауап қатты Феджин. — Егер ол — сүйекті саусағымен жоғарғы жақты нұсқады, — саған осылай қатыгез болса (ол айуан ғой, Нэнс, дөрекі айуан) онда сен оны неге...
— Ал, — деді қыз, Феджиннің ерні құлағына таяп, өзінен көзін айырмай үнсіз қалған соң.
— Қазір айтпай-ақ қоялық. Біз бұл турасында соңынан әңгімелесерміз. Мен сенің досыңмын, Нэнс, сенімді досыңмын. Менің қолымда сенімді де қауіпсіз әдісім бар. Егер сен өзіңмен ит рәуішті — жоқ иттен де жаман, өйткені, кейде оны еркелететіні бар — қарым-қатынас жасайтын адамнан кек алғың келсе, маған кел. Естимісің, өзіме кел! Бұл оңбаған саған бір күндік, ал сен мені талайдан білесің, Нэнс.
— Мен сізді жақсы білемін, — деді қыз сыр берместен. — Қайырлы түн. Феджин қолын қыспақ болғанда шегініп кетті, сөйтіп қайтадан оған қайырлы түн тіледі, оның қоштасар алдындағы көзқарасына мағналы пішінмен басын изеп есікті жауып алды.
Терең ойларға берілген Феджин үйіне қайтып келе жатты. Оның көңіліне біртіндеп — тек бүгінгі оқиғадан кейін емес, бұл сол ойын бекіте түскендей — құлып бұзушының дөрекілігінен азап шеккен Нэнси өзіне жаңа тамыр тауып алғалы жүр-ау деген күдік ұялаған-ды. Оның қарым-қатынасындағы өзгеріс, үйден жиі-жиі жоғалып кетуі, өзі бұрынырақ жан-тәнімен берілген шайканың мүддесіне деген кейбір селқостығы, ақыр аяғы — бүгінгі кештегі белгілі сағатта аласұрып кеткісі келуі — осының бәрі мұның күдігін шындыққа айналдырып, көзін жеткізіп бара жатқандай еді. Қыздың жаңа махаббатының себепкері мұның қоластындағылардың бірі емесі анық. Ол Нэнси тәрізді көмекшімен бірге бағалы табысқа айналуы мүмкін, оны (Феджин осылай пайымдады) бөгелмей қатарға тарту керек.
Бұдан гөрі қылмыстылау өзге мақсатын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Сайкске тым көп нәрсе белгілі еді, ал оның дөрекі келемежі қаншалықты жасырғанымен, Феджиннің жынына жаман тиетін. Егер оны тастай қалса, оның ашу-кегінен ешқашанда қорғана алмайтынын қыз жақсы білуге тиіс, бұл кекті оның жаңа махаббатына төнетініне сөз жоқ, ол кісіні жарымжан етіп, тіпті өлімге де соқтыруы мүмкін. «Оны азғырып көрсе, — деп ойлады Феджин, — қыздың ананы уландыруға көнуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда әйелдер бұдан да зор сорақылыққа барар. Мен жек көретін қауіпті оңбаған адам жоғалады да, орнын өзге біреу басады, қылмысы маған белгілі болғандықтан қызға деген ықпалым шексіз артады».
Тонаушының бөлмесінде отырған аз ғана уақытта осы ойлар Феджиннің басында анталап тұрып алды да түгелімен соған берілген ол, қоштасар шақта екіұшты емеурінмен қызды сынап көруге жағдайды пайдаланып қалмақ болған. Қыз таңданған да, немесе оның сөзінің төркінін түсінбегенсіп қылымсыған да жоқ. Қыз бәрін де түсінді. Оның қоштасар алдындағы көзқарасы осы туралы айтып тұрды. Бірақ, мүмкін ол Сайкстің көзін жою туралы ұсыныстан ат тонын ала қашар, мұның өзі есте тұрар басты мақсаттың бірі ғой. «Менің оған деген ықпалымды қалай арттыруым керек? — деп ойлады Феджин үйіне қарай ілбіп келе жатып. — Үлкендеу билікке қолымды қалай жеткізем? »
Мұндай адамдар амалын табуға ұста келеді. Айталық, қыздың мойындауын күтпей-ақ, Феджин оны аңдуға алады, оның жаңа байланысын ашады, егер қыз мұның жоспарынан бас тартса, бәрін де Сайкске айтам деп қорқытады (қыздың одан жүрегі шайлығары хақ), осының өзі-ақ қыздың келісімін алуға жеткілікті емес пе? «Мен мұны істеймін», деп сыбырлады Феджин. Сонда оның бас тартуға батылы бармайды. Ешуақытта, ешуақытта олай ете алмайды. Мен бәрін де ойластырдым. Әдіс қолда, әрекетке әзір тұр. Мен әлі саған құрық салармын.
Ол арт жағына түнере көз тастап, өзінен гөрі жаужүректеу әлгі оңбаған қалған жаққа қарай зәрлене қимыл жасады да, қолы жексұрын жауды қаусатып келе жатқандай жыртық шекпенінің тігісін жұлқылай, сүйекті саусағымен жұмарлай өз жолымен тарта берді.
XLV ТАРАУ
Феджин Ноэ Клейполға құпия тапсырма береді
Келесі күні шал таңнан тұрды да, жаңа сыбайласының келуін шыдамсыздана күтті; ұзақ кешеуілдеуден кейін ақыры келіп жеткен ол таңғы асқа ашкөздене ұмтылды.
— Болтер, — деді Феджин, орындығын жылжытып, Морис Болтердің қарсысына отыра беріп.
— Ал мен осындамын, — деді Ноэ. — Не боп қалды? Ac ішіп болғанша менен ешнәрсе сұрамаңызшы. Сіздердегі бір жаманы жайбарақат тамақ ішуге ешқашан да уақыт жетпейді.
— Сіз әрі ас ішіп, әрі әңгімелесе алмайсыз ба? — деп сұрады Феджин, құрметті жас досының ашқарақтығына іштей қарғыс жаудырып.
— Несі бар, әңгімелесуге болады. Әңгімелескен кезімде ісім қашанда оңға басады, — деді Ноэ нанның үлкен кесегін кесіп ала беріп. — Шарлотт қайда?
— Кетіп қалды, — деп жауап берді Феджин. — Мен оны өзге бір әйелмен таңертең қоя бергем, себебі сізбен оңаша қалғым келді.
— О, — деді Ноэ. — Сіз оған алдымен нанға май жағып қой деп бұйырмағаныңыз өкінішті болған. Жарайды. Айта беріңіз. Сіз маған бөгет болмайсыз.
Шындығында ол үстелге кереметтей бір еңбектенуге деген берік шешіммен отырғандықтан оған қандай да болмасын кедергі келтірудің ешқандай қаупі төніп тұрмаған-ды.
— Сіз кеше жақсы жұмыс істедіңіз, қымбаттым, — деді Феджин. — Тамаша. Бірінші күннің өзінде алты шиллинг тоғыз жарым пенс. Сіз балапандарды жер соқтырумен-ақ өзіңізге дәулет жиып аласыз.
— Бұған үш саптаяқ пен сүт құятын құмыраны да қосуды ұмытпаңыз, — деді мистер Болтер.
— Иә, иә, қымбаттым. Саптаяққа келсек, бұл да тамаша істелген, ал құмыра — кісі қызығарлық жұмыс.
— Меніңше, беташар есебінде жаман емес сияқты, — деді мистер Болтер өзіне-өзі риза кейіппен. — Саптаяқтарды мен қоршаудан сыпырып кеттім, ал құмыра болса трактирге кіре берісте тұр екен. Мен жауын-шашыннан тат басып қалар, әйтпесе суық тиіп қалар деп ойладым. Ә? Ха- ха-ха!
Феджин шын ықыласымен күліп тұрғандай кейіп танытты, ал мистер Болтер жетерліктей қарқылдап алып, бірнеше жапырақ нанды бірінен соң бірін қылғып қойып, май жағылған нанның бір кесегін тауысып, екіншісіне кірісті.
— Маған, Болтер, — деді Феджин үстелге еңкейе беpiп, — сіз қымбаттым, мен үшін аса сақтықпен және ыждағаттылықты керек ететін бір жұмысты атқарғаныңыз қажет болып тұр.
— Тыңдаңыз, — деді Болтер, — мені бір қауіпті іске итере салуды немесе тағы да өзіңіздің полицейлік басқармаңызға жұмсауды ойға алмай-ақ қойыңыз. Бұл маған мүлдем қол емес, мен сізге турасып айтып тұрмын.
— Мұнда ешқандай қауіп жоқ, титтей де, — деді еврей, — тек бір әйелдің ізін аңду керек.
— Кемпірдің бе? — деп сұрады мистер Болтер.
— Жас әйелдің, — деп жауап қатты еврей.
— Бұл іс менің қолымнан әбден кеп тұр, — деді Болтер. — Мектепте мен епті сөз тасушы болғам. Ал оны неге аңдуым керек? Ана не үшін емес пе, әлгі...
— Ештеңе істеудің қажеті жоқ, тек маған оның қайда барғанын, кіммен кездескенін, егер мүмкін болса не айтқандарын жеткізесіз; егер көше болса көшені, үй болса үйді есіңізге сақтап, қандай мәлімет ала алсаңыз бәрін де маған айтып келесіз.
— Сіз маған қанша төлейсіз? — деп сұрады Ноэ, кесесін қойып, қожайынның жүзіне қомағайлана қарап.
— Егер осының бәрін жақсы атқара алсаңыз, бір фунт аласыз, қымбаттым. Бүтін бір фунт, — деді Феджин ананы аңдуға ынталандыру мақсатымен. — Ешқандай пайда кірмейтін жұмыс үшін мұндай ақша төлеп көрген емеспін.
— Ал оның өзі кім, — деп әуестенді Ноэ.
— Біздің ішіміздегі біреу.
— Ах, құдайым-ай! — деп дауыстап жіберді Ноэ, танауы тыржиып. — Сіз яғни одан күдіктенесіз ғой?
— Ол өзіне жаңадан достар тауып алыпты, қымбаттым, ал мен олардың кім екенін білуге тиіспін.
— Түсінемін, — деді Ноэ. — Егер олар жөні түзу адамдар болса танысу құрметіне ие болу үшін ғой, иә? Ха-ха- ха!.. Қызметіңізге әзірмін.
— Мен сіздің келісетініңізді біліп едім! — өз ойының жүзеге асқанына қуанған Феджиннің дауысы шығып кетті.
— Әрине, әрине! — деп жауап қатты Ноэ. — Оның қайда өзі? Қай жерде аңдуға тиіспін? Менің қайда баруым керек?
— Мұның бәрін сіз менен білесіз, қымбаттым. Уақыты келгенде оны сізге өзім көрсетем, — деді Феджин. — Өзіңіз әзір болыңыз, ал қалғаны менің мойнымда.
Осы кеште, келесі екі күн бойы Ноэ аяғына етік және арбакештің киімін киіп, Феджиннің әмірімен үйден шыға жөнелуге әзір отырды. Алты кеш өтті — таусылып бітпей, сананы сарғайтқан алты бірдей кеш — күн сайын Феджин үйге өкінішті оралып, қысқа ғана уақыт әлі жеткен жоқ дейтін. Жетінші күні ол көтеріңкі көңіл күйін зорға жасырып әдеттегіден ерте оралды. Күн жексенбі еді.
— Бүгін қыз үйден кетеді, — деді Феджин. — Және де мен сол шаруаға екеніне сенімім кәміл... Күні бойы ол үйде отырды, ал қорқатын адамы таң атпай қайтпайды. Кеттік. Тездетіңіз.
Бір ауыз тіл қатпастан Ноэ орнынан атып тұрды, еврейдің қатты әбігерленуі бұған да беріле бастаған. Ұрлана басын үйден шыққан олар көшенің жықпыл-жықпылын көктей өтіп, ақыры бір трактирдің алдына тоқтады, Ноэ оның өзі Лондонға келген бойда түн өткізген орны екенін тани кетті.
Сағат он екі, есік жабық тұрған. Феджин жайымен ысқырып еді, есік дыбыссыз ашылып кетті. Олар дабырлатпай ішке кірді, арттарынан есік те жабылды.
Сыбыр-күбір сөйлеуге әзер батылдық етіп, Феджин мен бұларды кіргізіп алған жас еврей сөздерін ымға ауыстырып Ноэге терезені нұсқап, көрші бөлмедегі кісіні көріп алуға ишарат жасасты.
— Мынау сол әйелдің өзі ме? — деп сұрады ол естілер-естілмес үнмен.
Феджин мақұлдап басын изеді.
— Мен оның жүзін көре алмай тұрмын, — деп сыбырлады Ноэ. — Ол басын салбыратып жіберіпті, ал шырақ ту сыртында тұр.
— Тұра тұрыңыз, — деп сыбыр етті Феджин.
Ол Барниге белгі беріп еді, анау шыға жөнелді. Бір секундтан кейін жігіт көрші бөлмеге кіріп, шырақтың жанған пілтесін алып тастамақ кейіппен, оны орнынан жылжытып, қызбен тіл қатысып, басын көтеруге мәжбүр етті.
— Енді оны көріп тұрмын, — деп сыбырлады жансыз.
— Анық көріп тұрмысыз?
— Мен оны мың адамның ішінен жазбай таныр едім.
Ол тез төмен түсті, өйткені, есік шалқасынан ашылды да қыз кіріп келді. Феджин жансызды бөлменің пердемен бөлінген бұрышына алып кетті де, олар тым-тырыс бола қалған, қыз бұлар жасырынған тұстан небәрі бірнеше қадам жерден өте шығып, бұлар кірген есіктен шығып кетті.
— Тсс, — деді есікті ашқан жігіт. — Уақыт жетті.
Феджинмен көзқарас алмасқан Ноэ трактирден жүгіріп шықты.
— Солға қарай, — деп сыбыр етті жігіт. — Солға тартыңыз да, көшенің қарсы бетімен жүріңіз.
Осылай істеген Ноэ фонардың жарығында өзінен әлдеқайда ұзап бара жатқан қыздың сұлбасын көрді. Көшенің екінші жағын бетке ұстай отырып, оны аңдуға қаншалықты ыңғайлы болса, соншалықты жақындады. Екі-үш мәрте қыз артына әбігерлене жалтақтап, бір мәрте соңынан келе жатқан екі кісіні өткізіп жіберу үшін тоқтай қалған. Неғұрлым ұзаған сайын қыздың бойына соғұрлым батылдық ұялай бастаған тәрізді, енді ол аяғын батыл басып сеніммен аяқтап келеді. Жансыз болса қызбен екі арадағы аралықты сақтай отырып, одан көз алмайды.
XLVI ТАРАУ
Кездесу болды
Лондон көпірінің үстінде екі тұлға пайда болғанда шіркеу сағаты он екіге он бес минут қалған еді.
Асығыс тез-тез басып, алдында келе жатқан біреуі — әйел адам біреуді күтіп, іздеп тұрғандай жан-жағына шыдамсыздана жалтақтайды; екінші сұлба еркек, ең қараңғы деген тұсқа кіріп кетіп, алыстан әйелдің адымына өз адымын дәлдестіріп келеді, анау тоқтай қалғанда бұл да тоқтады, әйел әрі қарай жүрсе бұл да қозғалады, бірақ аңду үстінде одан озып тағы кетпейді. Осылайша олар Мидлсекстен Саррий жағына қарай көпірді кесіп өтті де, өткен-кеткендердің жүздеріне әбігерлене қарағыштап келе жатқан әйел шамасы бірдеңеден үмітін үзсе керек, кенеттен кері бұрылды. Қыз күтпеген жерден бұрылды, бірақ оны аңдып келе жатқан да қаны қалған жоқ, көпірдің үстіндегі қуыстың біріне кіріп алып, жақсырақ жасырыну үшін арқалыққа асылып алған ол қыз жанама жолдың келесі бетіне шыққанша күтіп тұрды. Қыз мұнан бағанағы аралықтай қашықтаған кезде ол жайымен шығып, қайтадан әйелдің ізіне түсті. Көпірдің тап орта шеніне келгенде қыз тоқтай қалды. Еркек те тоқтаған.
Түн аса қараңғы еді, ауа-райы да өте жаман, мұндай сағатта, мұндай жерде жұрт өте аз жүретін. Жандарынан тез-тез басып өтіп жатқан ауық-ауық жүргіншілер, шамасы әйелді де, еркекті де байқамайтын сияқты, бұл да қыздан көзін айырмағанмен, әрине, бұларға назар аударған жоқ. Бұлардың сырт келбеттері де осы кеште суық қуыс пен есігі жоқ лашық болса да әйтеуір жантая кетерлік орын іздеп, көпір үстімен кездейсоқ өтіп жатқан Лондон қайыршыларының ығыр қыларлық көзқарастарын тарта қоярлықтай емес-ті. Екеуі де үнсіз түр — ешкіммен тілдеспейді де, өтіп жатқандардан да ешкім бұлармен сөйлескен жоқ.
Әрқилы пристаньдарға тұмсық тіреген кішкентай кемелердегі оттардың сәулесін қызыл қоюландыра өзен үстінде тұман тұрып алды, тұманда күңгірт құрылыстар тым түн-жыраққы да бұлдырап көрінеді. Өзеннің екі жағасындағы ескі, ыс басқан қоймалар төніп тұрғанмен абажадай келбеті қап-қара суға түсе қоймайды. Қараңғы түнектен Құтқарушының ескі шіркеуінің мұнаралары мен Сент-Магнус шіркеуінің төбесіндегі сүйір қадасы, ескі көпірдің ежелгі дәу-қарауылдары көрінеді, бірақ төмендегі қаптаған кеме діңгектері мен жоғарыдағы толып жатқан шіркеулердің сүйір қадалары мүлдем көзге ілінбейді.
Қыз әбігерленіп, тағы бірнеше мәрте олай-бұлай жүрді — ал бақылаушы оның көзіне түспестен қырағы қадағалауда — ақыры әулие Павел соборындағы ауыр қоңырау тағы бір күннің өлгенін жария етті. Сарайға да, түнгі шарап ұрасына да, түрмеге де, жындыханаға да, туу мен өлудің, ауру мен саудың ұяларына, өліктің қимылсыз жүзі мен баланың бейбіт ұйқысын — барлығын да жарым түн алып құшағына орап алды.
Сағаттың соққанына екі минут та етпей-ақ, көпірдің жанына тоқтаған жалдамалы күймеден жас леди мен басын қырау шалған жентльмен шығып, көлікті қоя берді де, өздері тұп-тура көпірге беттеді. Кенірге шығулары-ақ сол еді, қыз бойын жиып алып аналарға қарсы жүрді.
Қарсы алдарынан қыз кенеттен пайда болған кезде бұлар сәті түсер-түспесін өздері де білмеген бірдеңені күткендей жан-жақтарына жалтақтап ілгері қарай келе жатқан. Тоқтай қалысқан олардың таңданғандықтан дауыстары шығып кетсе де дереу қоя қойысты, себебі дәл осы сәтте тап қастарынан бұларды сүйкей-мүйкей деревнялықша киінген біреу өте берген.
— Бұл арада емес, — деп асыға сөйледі Нэнси. — Бұл арада сіздермен сөйлесуге мен қорқамын. Кетелік... жолдан алысырақ... мына баспалдақтармен төмен қарай.
Қыз осы сөзді айтып, оларды бастап апармақ жағын нұсқаған кезде деревнялық жігіт бұрылды да неменеге бүкіл жолға кес-кестеп алдыңдар деп әрі қарай кете барды.
Құтқарушының шіркеуі тұрған жағадағы Сарий жақтағы қыз нұсқаған баспалдақтар өзен пристанының қызметін атқаратын. Ешкім байқап қалмаған, деревня тұрғынына ұқсас жігіт бұл төңіректі көзімен бір шолып өтіп, солай қарай асығыс түсе бастады.
Бұл баспалдақ көпірдің бір бөлігі еді, ол үш пролеттен тұратын. Екіншісінің шетінен төмен кететін тас қабырға сол жағынан Темзаға қараған бедерлі ұстынмен шектелетін. Бұл арада төменгі баспалдақ кең еді де, қабырғадан бұрыш айналған адам өзінен бір саты жоғары тұрған кісінің көзіне шалына қоймас еді. Осы араға жеткен деревнялық жігіт басқа жасырынар бұрыш болмағандықтан төңірегін жылдам шолып шықты, су қайтқандықтан орын жетерліктей еді, ол ұрлана басып, бір жаққа қарай бұрылды да, ұстынға арқасымен жабысып, олардың бұдан төмен түспейтінін, егер тіпті сөз тыңдаудың реті келмесе ол ештеңеден қауіптенбестен соңдарынан ілесуге мүмкіндігі барлығына кәміл сеніп, тосып тұрды.
Осы бір оңаша қуыста уақыт та өтпей тұрып алғандай, өз ойлағанына мүлде ұқсамайтын жолығысудың себебін білгенше жансыздың да шыдамы таусылып барады, ол істің қиюы қашты-ау деп бірнеше мәрте ойлап та қойған, ;әлде олар өте жоғарыда қалды, әйтпесе, құпия әңгіме үшін мүлде басқа жаққа кеткен шығар. Ол жасырын отырған жерінен шығып, жоғары көтерілуге ыңғайлана бергенде, кенет аяқ дыбысын құлағы шалып қалды да, артынша дауысты тап жанынан естігендей болды.
Ол бойын тіктеп, қабырғаға жабыса, демін алмастан мұқият тыңдауға кірісті.
— Жетер! — деді бір дауыс, бұл жентльмендікі екендігі сөзсіз. — Жас ледидің бұдан әрі жүруіне мен қарсымын. Сізбен еріп осында келуге екінің бірі тәуекел етпес еді, бірақ өзіңіз де көріп тұрсыз, мен сіздің дегеніңізге көндім.
— Көндім дейсіз бе? — мұның аңдып жүрген қызының даусы естілді. — Сіз аса сыпайы адамсыз, сэр. Маған сенім білдіру! Жарайды, әңгіме мұнда емес.
— Бірақ қандай мақсатпен, — деді жентльмен бұрынғыдан жұмсақ үнмен, — қандай мақсатпен бізді осындай оғаштау орынға әкелдіңіз? Мынандай қараңғы да тұнжыр қуысқа сүйреудің орнына неге менімен анау жоғарыда, жарықта, жұрт жүріп жатқан жерде сөйлеспеске?
— Мен сізге айттым ғой, — деп жауап қатты Нэнси, — ол арада сіздермен сөйлесуге қорқамын. Неге екенін білмеймін, — деді қыз тұла бойы түршігіп, — бірақ бүгін қарадай үрейім ұшып, аяғымды әзер басып тұрмын.
— Неден үрейленесіз?— деп сұрады жентльмен, шамасы қызға аяушылық білдіре бастаса керек.
— Өзім де білмеймін, — деп жауап қатты қыз. — Ал менің білгім-ақ келер еді. Күні бойы өлім туралы, қанға боялған кебін турасындағы үрейлі ойлар өкшелеп, отқа түскендей тұла бойым өртеніп тұрды. Кешкілік уақытты тездету үшін қолыма кітап алып ем әлгілер жолдардың арасынан көзіме тосылды.
— Елестеген ғой, — деді жентльмен оның көңілін орнықтырып.
— Жоқ, бұл елес емес, — деді қыз қарлыққан дауысмен. — Кітаптың әр бетінен үлкен қара әріптермен жазылған «табыт» деген сөзді көргеніме ант ішуге бармын, — иә, ал бүгін кешкілік менің тап қасымнан табыт алып өтті.
— Мұнда тұрған ештеңе жоқ, — деді жентльмен, — менің қасымнан да табытты талай алып өткен.
— Ол шынайы табыттар ғой, — деп қарсылық білдірді қыз. — Ал мынау ондай емес.
Оның даусынан сондайлық оғаш бірдеңенің сезілгені соншама, жасырынып тұрған бақылаушыға қыздың әлгі айтқандарын естігенде арқасынан құмырсқалар жүгіріп, қаны тоқтап қалғандай әсер етті. Қызға көңілін орнықтырып, елестен пайда болған қорқынышқа берілмеуін өтінген жас ледидің нәзік дауысын естіген кездегідей бойының жеңілдегенін ол ешқашанда сезініп көрмеген шығар.
— Онымен жылы сөйлесіңізші, — деді жас леди өз серігіне. — Бейшара-ай, меніңше, сол бұған өте қажет сияқты.
— Әлгі сіздердің таныстарыңыз тәкаппар да тақуа жандар мені тап қазір көрсе мұрындарын көкке көтеріп, тозақ пен зауал хақында уағыз айта бастар еді! — деп дауыстап жіберді қыз. — Ах, қымбатты леди, өздерін құдай сөзі аузымызда деп санайтындар біз сияқты бейшара пенделерге неге сіз сияқты жанашырлық пен қайырымдылық жасамайды екен? Мінеки, солар жоғалтқан қасиеттің бәрі бар жап-жас, әп-әдемі сізге аздап мақтан тұтуға да болар еді, бірақ сіз оларға қарағанда әлдеқайда қарапайым жансыз.
— О, — деп қойды жентльмен де. — Дәрет алған түрік намазға жығылар алдында бетін шығысқа бұрады, ал жүздерінен күлкі табы баяғыда-ақ өшкен әлгі тақуалар қашанда дүниенің жабырқау жағына бет түзейді. Егер мұсылмандар мен фарисейлердің бірін таңда десе, мен біріншісін қолдар ем.
Шамасы, бұл сөз жас ледиге бағышталған шығар, мүмкін Нэнсидің өзіне-өзі келуіне уақыт беру үшін айтылған болар. Ұзамай жентльмен оған қайтадан тіл қатты.
— Өткен жексенбі күні кешке сіз мұнда болмадыңыз ғой, — деді ол.
— Мен келе алмадым, — деп жауап қатты Нэнси, — мені күшпен бөгеп қалды.
— Кім?
— Менің жас ледиге айтқан кісім.
— Өзіңізді бүгін осында келтірген іске байланысты әлдекіммен келіс сөз жүргізіп жатыр-ау деп ешкім де сізге күдіктенбейтін болар деп үміттенемін, — деп сұрады қарт жентльмен.
— Жоқ, — деді қыз басын шайқап. — Қайда кетіп бара жатқанымды білмесе, одан кете қою оңай емес. Өткен жолы оған апиын тұнбасын бермегенімде менің жас ледиді көре қоюым екіталай еді.
— Ол сіз қайта оралғанша ояна қоймап па? — деп сұрады жентльмен.
— Жоқ, ол да, басқалар да менен әзір күдіктене қоймайды.
— Жақсы, — деді жентльмен. — Енді мені тыңдаңыз.
— Құлағым сізде, — деді қыз, анау бір секундтай үнсіз қалғанда.
— Мына жас леди, — деп сезін бастады жентльмен.— Сіздің екі жұмадай уақыт бұрын айтқаныңызды маған және сенім артуға тұрарлық бір досына жеткізді. Шындығын айтайын, бастабында сізге сенуге бола ма деген күдігім де жоқ емес еді, ал қазір мен бұған кәміл сенемін.
— Сеніңіз, — деп қызулана қостады қыз.
— Қайталап айтайын, сенімім кәміл. Сенім артуымның дәлелі ретінде, оны-мұны деп жалтармастан сізге айтарым, әлгі Монксті қорқыту арқылы оның қандай да болмасын құпия сырын ашқымыз келеді. Бірақ, егер, егер... — деп сөзін жалғады жентльмен, — егер оны ұстай алмасақ, егер ұстаған күнде де оны айтқанымызға көндірудің сәті түспесе, сіз еврейдің ініне су құюыңыз керек.
— Феджинді ме? — деп айқайлап жіберген қыз, теңселіп кетті.
— Сол адамды сіз ұстап беруіңіз керек, — деді жентльмен.
— Meн олай істей алмаймын. Мен ешуақытта олай ете алмаймын! — деді қыз. — Ол шайтан болсын, тіпті мен үшін шайтаннан да сорақы болғанмен, мен олай ете алмаймын.
— Олай істемеймін деймісіз? — деп қайталап сұрады жентльмен, шамасы мұндай жауапқа әбден әзір болса керек.
— Ешуақытта, — деп қайталады қыз.
— Маған неге екенін түсіндіріңізші.
— Бір ғана себептен, — деді қыз нық сөйлеп, — мына ледиге белгілі бір себептен, леди де бұл жөнінде менің жағымда болуға тиіс, өйткені мен оның уәдесін алғам. Басқа да себебі бар: оның өмірі қаншалықты лас болғанмен, менің өмірім де тап сондай былғанышты; біздің көпшілігіміз бір ғана жолмен жүріп келдік, олардың кез келгені мені де ұстап берулері мүмкін еді, бірақ олай еткен жоқ, сондықтан мен де оларды сатып жібере алмаймын.
— Олай болса, — деп тез-тез сөйледі жентльмен, өзінің де мақсат тұтқаны осы болғандай. — Менің қолыма Монксті тигізіп, сонымен істес болуға мүмкіндік беріңіз.
— Ал егер ол басқаларды да ұстап берсе ше?
— Егер біз одан шынайы жауап ала алсақ, іс осымен тамам боларына сізге уәде берейін. Оливердің қып-қысқа ғұмырының өзінде жұртқа жаюға болмайтын жағдайдың бар екені сөзсіз, егер біздің шындыққа көзіміз жетсе, әлгі адамдар ешқандай жазаға ілікпейді.
— Ал егер бұған қолыңыз жетпесе ше? — деп сұрады қыз.
— Онда да, — деп сөзін жалғады жентльмен, — Феджин сіздің келісіміңізсіз сотқа тартылмайды. Ондай жағдайда сіз келісім беретіндей дәлелдерді мен келтіре алармын деп ойлаймын.
— Леди де осыған уәде бере ме? — деп сұрады қыз.
— Иә, — деп жауап қатты Роз. — Сізге салтанатты уәдемді берем.
— Монкс те мұның сіздерге қайдан белгілі екендігін ешқашан да білмейді ғой? — деп сұрады қыз, аз-кем үнсіздіктен соң.
— Ешуақытта да, — деп жауап қатты жентльмен, — Бұл мәлімет оған титтей де сезіктенбестей етіп жеткізіледі.
— Meн өзім де өтірікші едім, бала шағымнан алдамшылардың арасында өмір сүрдім, — деді қыз аз үнсіздіктен кейін, — бірақ сіздердің сөздеріңізге сенемін.
Екеуінен өздеріне әбден сенуге болатын уәдесін алған соң, қыз жайымен, — тыңдап тұрған жансыз көп ретте тіпті сөздің төркінін де ұға алмай қалды, — осы кеште өзіне аңду түскен трактирдің аты мен тұрған жерін атап, әңгімелей бастады. Анда-санда тоқтай қалғанына қарағанда жентльмен қыздың жеткізген мәліметтерін асыға-үсіге қағазға түсіріп жатса керек. Монкстың онда келетін күні мен сағатын, өзі көрінбей оны аңдуға көбірек қолайлы әлгі трактирдің бар белгісін мұқият көрсете отырып, оның бет-бейнесі мен жүріс-тұрысын есіне жақсырақ түсіру үшін қыз бірнеше секунд ойланып қалған.
— Ол ұзын бойлы, — деді қыз, — мығым келген, бірақ жуан кісі емес; кетіп бара жатқанда, минут сайын жан-жағына жалтақтайтын әдеті бар. Көзі шүңірейіп, ішіне еніп кеткен, мен мұндайды бұрын-соңды ешкімнен көрген жоқ едім, осының өзінен-ақ оны тану қиын емес. Жүзі қоңырқай, шашы мен көзі қара, жасы жиырма алты, жиырма сегіздерде ғана болғанымен түрі әбден титықтаған кісінікіндей түнеріңкі. Ерні құп-қу, қыршылған, себебі: анда-санда шегінен шығып кеткенде ол тіпті оз қолын да қанын шығара тістеп алады. Сіз неге дір ете қалдыңыз?— ден сұрады қыз, аяқ астынан мүдіріп.
Жентльмен бұған солай көрінген ғой деп жылдам жауап қатты да, сөзін жалғастыруын өтінді.
— Бұл мәліметтің біразын, — деді қыз, — мен өзім айтқан үй тұрғындарынан сұрап білдім, себебі өзім оны екі мәрте ғана көрдім, екеуінде де ол кең шекпенге оранып алыпты. Сіздер оны тану үшін менің бар білерім осы ғана-ау деймін. Дегенмен, тоқтай тұрыңыз! — деп қосып қойдыңыз. — Оның мойнында галстугының астында, сіз ол басын бұра бергенде көресіз...
— Күйгеннен пайда болғандай үлкен қызыл дақ па? — деп айғайлап жіберді жентльмен.
— Қалайша? — деді қыз, — сіз оны білесіз бе?
Таңданғаннан жас ледидің даусы шығып кетті, бірнеше секунд олар тым-тырыс қалған, жансыз олардың тыныс алғандарын анық естіп тұр.
— Шамасы, солай болса керек, — деді жентльмен үнсіздікті бұзып. — Мен ана сіздің суретіңіз бойынша таныр едім. Көрерміз. Бір-біріне өлердей ұқсайтын адамдар көп қой. Мүмкін, бұл ол емес те шығар.
Әдейі немқұрайлы осылай дей салған ол тығылып тұрған жансызға қарай екі адым аттады, мұны анау жентльменнің: «Мынау соның тап өзі!» деп міңгірлегенінен аңдаған.
— Сіз, сүйіктім, — деді ол даусына қарағанда бұрын тұрған өз орнына қайта барып— бізге аса маңызды қызмет көрсеттіңіз, сізге алғыс айтқым келеді. Өзіңізге қандай көмегім тиер екен?
— Ешқандай да, — деп жауап қатты Нэнси.
— Қарсыласпаңызшы, — деп қадала түсті, даусынан мүйіздей қатігез жүректі де жібітерліктей қайырымдылық ескен жентльмен. — Ойланыңыз да, айтыңыз.
— Ешқандай да, сэр, — деп қайталады қыз жылап жіберіп. — Сіз маған ешқандай жәрдем бере алмайсыз. Менің енді ешқандай да үмітім жоқ.
— Сіз одан өзіңізді өзіңіз мақұрым етіп тұрсыз, — деді жентльмен. — Бұған дейін сіз жастық өміріңізді, жасаған бір мәрте ғана сыйлап, қайта жаратпайтын баға жетпес қазынаңызды бекерге шашып келдіңіз. Бірақ келешекті ойласақ, сізге үміттенуге мүмкіндік жетерлік. Әрине, мен сіздің жүрегіңіз бен жаныңызға шапағат беру біздің билігімізде дей алмаймын, себебі жан тыныштығы өзіңіз іздесеңіз ғана келеді, бірақ сізді тыныш мекен-жаймен Англиядан, ал егер мұнда қалудан қорықсаңыз, басқа жерден қамтамасыз ету, бұл тек біздің билігімізде ғана емес, тіпті біздің құштар тілегіміз де солай. Таң атқанша, мына өзен жаңа күннің алғашқы сәулесінен оянғанша, сіз бұрынғы сыбайластырыңыз үшін мүлдем қол жеткізгісіз жерде боласыз, әрі қасқаққанша жер бетінен жоғалып кеткендей, соңымызға ешқандай із де қалдырмай кетесіз. Жүрелік! Сіз онда қайта оралып, бұрынғы жолдастарыңыздың біреуімен бір ауыз тіл қатысып, ескі орынға қайта көзіңіз түсіп, сізді құрдымға жіберіп, ажал ғана әкелетін сол ауамен тыныстағаныңызды мен қаламай тұрмын. Әзір уақыт пен мүмкіндік барда бәрін де адыра қалдырыңыз!
— Енді оны көндіруге болатын шығар, — деп дауыстап жіберді жас леди. — Оның толқи бастағанына менің шүбәм жоқ.
— Олай емес-ау деп қорқамын, қымбаттым, — деді жентльмен.
— Иә, сэр, мен қобалжып тұрғам жоқ, — деді қыз аз-кем ішкі арпалыстан соң. — Мен сол бұрынғы тұрмысыма шынжырмен бұғауланыппын. Маған қазір ол қаншама жүрек айнытар, жеккөрінішті болғанымен, бірақ оны тастап кете алмаймын. Мүмкін мен қайта оралу үшін тым әрі кетіп қалдым ба, дегенмен білмеймін, егер бұрын осы турасында маған айтсаңыздар, мен жауап орнына қарқылдап күлер едім. Бірақ мені қорқыныш тағы да буып барады, — деп қосып қойды қыз жан-жағына жалтақтап. — Мен үйге қайтайын.
— Үйге деймісіз? — деп қайталады жас леди, әлгі сөзге қатты екпін түсіріп.
— Үйге, леди, — деді қыз. — Бүкіл өмір бойы еңбегіммен тұрғызған өз үйіме. Қоштасалық. Менің ізімді аңдып, көріп те қалуы мүмкін. Барыңыздар! Бара беріңіздер! Егер мен сіздерге қандай да болмасын бір қызмет көрсетсем, сіздерден сұрайтыным — маған тиіспеңіздер, өз жолыммен кете беруіме бөгет болмаңыздар.
— Мұның бәрі пайдасыз болды, — деп күрсіне сөйледі жентльмен. — Мүмкін, осы арада тұра беру арқылы біз бұған қауіп төндірерміз. Біз оны шамадан тыс, ұзағырақ ұстап қалдық-ау деймін.
— Иә-иә, — деп іліп әкетті қыз. — Сіздер мені бөгеп қалдыңыздар.
— Бұл бейшараның тірлігі немен тынар екен! — деп айқайлап жіберді жас леди.
— Немен тынады дейсіз бе? — деп қайталады қыз. — Тура алдыңызға көз салыңызшы, леди. Мына қарауытқан суға қараңыз. Соңынан өзін жоқтайтын, жылайтын тірі пенде қалдырмай өзенге секіріп кеткен мен сияқтылардың талайы жайында оқыған боларсыз. Мүмкін жылдар өтер, мүмкін айлар өтер, ақыр аяғы мен де солардың аяғын құшарыма дау жоқ.
— Өтінемін сізден, олай демеңізші, — деп өкси сөйледі жас леди.
— Сіз бұл жайында ешқашан да естімейсіз, қымбатты леди, мұндай сұмдықты естуден сізді құдай сақтасын! — деп жауап қатты қыз. — Қош болыңыздар, қош болыңыздар.
Жентльмен теріс бұрылды.
— Мінеки, әмиян! — деп жас леди. — Мұқтаждық пен қайғылы сағатыңызда аздап қаржыңыз болу үшін осыны ала көріңізші.
— Жоқ, — деді қыз. — Мен мұны ақшаға бола істегем жоқ. Бұл естеріңізде болсын. Дегенмен... маған өзіңіз ұстап жүрген бірдеңеңізді беріңізші... Жоқ, жоқ, жүзік емес, биялайыңызды, немесе қол орамалыңызды... әйтеуір қайырымды леди, сізден ескерткіш боларлықтай бір нәрсе... Иә, осыны! Бақытты болыңыз! Құдай сізге жар болсын! Қош болыңыздар! Қош болыңыздар!
Өзін көре қалса аяусыз таяқтайды-ау деген қыздың қатты абыржуы жентльменге өзі өтінгендей қызды қоя беруіне түрткі болды.
Ұзай берген аяқ дыбысы естіліп, дауыстар тынды.
Ұзамай көпір үстінде екі тұлға — жас леди мен оның серігі пайда болды. Олар баспалдақтың жоғарғы алаңқайына тоқтады.
— Тұра тұрыңызшы! — деп дауыстап жіберді жас леди, құлағын тіге қалып. — Ол бізге айқайлағандай болды. Мен оның даусын естіген сияқтымын.
— Жоқ, қымбаттым, — деп жауап берді мистер Браунлоу мұңая қарап. — Қыз сол жерде әлі тұр және біз кеткенше орнынан да қозғалмайды.
Роз Мэйли бөгеле беріп еді; бірақ қарт жентльмен қыздың қолын өз қолтығынан өткізіп, жаймен алып кетті. Олар көзден таса болған соң, қыз тас баспалдаққа құлай кетіп, жан азабынан көз жасына ерік берді.
Біраз уақыт өткен соң қыз тұрып, теңселе басып көшеге беттеді. Айран-асыр қалған жансыз өз орнынан қозғалмастан, тағы бірнеше минут тың тыңдады да, сонан соң төңірегіне әлденеше рет сақтана қарағыштап, тағы жалғыз қалғанына көзі жеткен соң жаймен өз қуысынан шығып, манағы түскендегісі тәрізді қабырғамен ұрлана жоғары көтеріле бастады.
Жоғарғы баспалдаққа шығып, өзін ешкімнің аңдып жүрмегеніне көз жеткізу үшін үрейлене жан-жағына қарағыштаған Ноэ Кленпол еврейдің үйіне қарай бар пәрменімен құйындата жөнелді.
XLVII ТАРАУ
Қатерлі салдар
Таң атарға екі сағаттай қалған — көшелер иесіз де тым-тырыс, тіпті дыбыстың өзі ұйқыға шомғандай, ал жүгенсіздік пен бұзақылық теңселе басып, дем алуға үйіне келе жататын күздің бір қараңғы түні еді. Осы бір тып-тымық, меңіреу сағатта өзінің ескі үңгірінде ұйықтамай отырған өңі сұп-сұр, түсі бұзылып, қанға толған көздері қып-қызыл Феджин адамнан гөрі сызды көрден тұрған, зұлым рух азапқа салған қорқынышты елестен аумайтын еді.
Ол бүгіліп, сөнген ошақтың алдында, жыртық ескі көрпеге оранып, жанындағы столда маздап тұрған шыраққа бетін беріп отыр. Ойға батып отырған оның оң қолы аузында да, сорайған қап-қара тырнағын кеміруде, ал тіссіз қызыл иегінен ит пен егеуқұйрықтікі сияқты бірнеше азу тіс ақсиып тұр.
Еденде төсеніш үстінде шалқасынан түсіп Ноэ қатты ұйықтап жатыр. Шал көзін әлсін-әлсін соған тоқтатып, содан соң шыраққа аударады, жанған білтесі екіге бүгіліп қалған одан столға шалдың ойы әлдебір қиянда жүргендігін куәландырғандай тырс-тырс етіп май тамшылап тұр.
Шындығында да осылай еді. Өзінің керемет жоспарының күйреуіне деген өкініш, жат адамдармен байланысуға батылдық еткен қызға деген жеккөрініш, өзін ұстап бермеймін деген қыздың сөзінің растығына мүлдем сенбеушілік, Сайкстен кек алудың мүмкіндігі болмағандығына деген қыжыл, әшкереленуден, құрып кетуден, өлімнен қорқыныш, жыртқыштық жындану — осының бәрі Феджиннің миынан құйындай жүйткіп өтіп, сұмдық ойлар мен ең қара ниеттер оның жүрегін кеміріп жатты.
Ол қозғалмастан, қашан сақ құлағы көшедегі аяқ дыбысын естігенше өзінің ұзақ отырғанын байқамаған адамша, сілейіп қалыпты.
— Ақыры келді-ау— деп міңгірледі ол ісінген құрғақ көзін уқалап— Ақыры жетті-ау!
Ол осы сөзді айтқан кезде жаймен қоңырау қағылды. Феджин шу шығармастан сатымен есікке көтерілді де, ұзамай иегіне дейін оранып-шымқанып, қолтығына түйіншек қысқан кісіні ертіп қайта оралды. Пальтосын шешкен бұл адам — Сайкс екен.
— Міне, — деді ол түйіншегін столға қоя беріп. — Осымен айналысыңыз және бұл үшін молырақ беруге тырысыңыз. Мұны қолға түсіруге аз әлектенгем жоқ: мен бұдан үш сағаттай бұрын келем деп ойлағам.
Феджин түйіншекті алып, шкафқа жасырды да, ләм-мим деместен тағы отыра кеткен. Осы уақыттың ішінде ол тонаушыдан бір секунд те көзін шырмаған, ал енді бір-біріне қарама-қарсы, бетпе-бет қалған кезде, ол тағы қадала қарады, қобалжығаннан ерні дір-дір етіп, түсі бұзылып кеткені сонша тонаушы еріксіз отырғышын кері ысырып, анаған шошына көз тікті.
— Не боп қалды? — деп айқайлады Сайкс. — Неге маған соншама қадалдыңыз?
Феджин оң қолын көтеріп, дірілдеген сұқ саусағын безеп қойып еді, қобалжуының шектен шыққандығы сонша ол бір секундтай тілден айрылып қалды.
— Қарғыс атқыр, — деп айқайлап жіберді Сайкс, әбігерленген пішінмен қойнындағы әлденені сипалай беріп. — Бұл есінен адасыпты. Маған сақтану керек.
— Жоқ — деп қарсылық білдірді Феджин, тілі шығып. — Бұл ол емес... Ондай адам сіз емес, Билл. Мен ешқандай... сізде ешқандай кінә барын білмеймін.
— Білмеймісіз? Солай ма? — деді Сайкс, оған кектене қарап, әрі соның көзінше тапаншасын оңайырақ қалтасына сала беріп. — Бұл біреуіміз үшін жақсы де. Біреуіміздің қайсысымыз екені маңызды емес.
— Билл, мен сізге бірдеңе айтуға тиіспін, — деп сөзін бастады Феджин отырғышын жылжыта беріп. — Сонда сіз өзіңізді менен де нашар сезінесіз.
— Қойыңызшы, — деді тонаушы сенімсіздеу үнмен. — Айтыңыз! Тек тезірек, әйтпесе Нэнси мені құрып кетті деп ойлар.
— Құрып кетті! — деп дауыстады Феджин. — Бұл ол үшін шешілген мәселе.
Еврейге аса таңдана қараған Сайкс бұл жұмбақтың қанағаттанарлық жауабын ала алмай, оны добалдай қолымен жағасынан ұстай алып, аяусыз сілкіледі.
— Ал, сөйлеңіз, кәне! — деп айқалады ол. — Егер аузыңызды ашпасаңыз, ұзамай тынысыңыз да бітеді. Аузыңызды ашыңыз да, қарапайым тілмен анық сөйлеңіз. Сөйле деймін, қарғыс атқыр кәрі ит, айт бәрін!
— Айталық, мына жатқан жігіт... — деп сөзін бастады Феджин.
Сайкс тап бір осыған дейін байқағанындай Ноэ ұйықтап жатқан жаққа кілт бұрылды.
— Ал, — деді ол қайтадан бұрынғы қалпына келіп.
— Айталық, осы жігіт, — деп сөзін жалғады Феджин, — біздің бәрімізді ұстап бергісі келіп, алдымен сол мақсатқа қолайлы адамдар тауып ап, ал содан соң біздің сырт түрімізді, бізді тауып алу үшін барлық белгімізді, қолға түсіруге оңай орынды суреттеп беруге көшеде оларға кездесу белгіледі делік. Айталық, ол осының бәрін жасағысы, және оның үстіне біздің бәріміздің аз ба, көп пе қатынасымыз бар тағы бір істі ойластырды делік, осының бәрін ол священник азғырып, нан мен суға отырғызып қойғандықтан емес, оз қалауымен, өз рахаты үшін жасаса; түн ішінде, білдірмей шығып кетіп, бізге қарсыларды іздестіріп тауып оларға жеткізеді. Сіз мені тыңдап тұрсыз ба— деп айқайлады еврей көзінен ашу ұшқындап— Айталық, соның бәрін істеген мынау. Сонда не болмақ?
— Не болмақ дейсіз бе? — деп қайталады Сайкс, сұмдық қарғыс жаудырып. — Егер ол мен келгенше аман болса, етігімнің темір өкшесімен бас-сүйегін быт-шыт қылар едім.
— Егер осыны мен істесем ше? — деді Феджин өкіруге аз-ақ қалып. — Соншама нәрсені білетін мен, өзімді есептемегенде, қаншама адамды дарға тартқыза алатын мен!
— Білмеймін, — деді Сайкс, тісін шықырлатып, осы болжаудың өзінен-ақ өңі құп-қу боп. — Өзіме түрмеде бұғау салу үшін бір шатақ шығарар едім де, егер сізбен бірге соттай қалса сот алдында әлгі бұғаумен бір қойып, жұрттың көз алдында қаныңызды ағызып түсірер едім. Сіздің басыңызды, — деп міңгірледі тонаушы бұлшық еті білеу-білеу қолын көтеріп, — жүк артқан арба басып кеткендей быт-шыт қылуға менің күшім әбден жетер еді.
— Сіз осыны істей алар ма едіңіз?
— Істей аласыз ба деймісіз? — деп қайыра сұрады тонаушы. — Мені сынап көріңіз.
— Ал егер ол Чарли, немесе Суайт, немесе Бет, немесе...
— Маған бәрібір, — деп шыдамсыздана жауап қатты Сайкс, — кім болса да мейлі, мен оның жазасын тап осылай берер едім.
Феджин тонаушыға қадала қарап, үндеме дегендей белгі берді де, еденде жатқан төсенішке еңкейе беріп, ұйықтап жатқан кісіні ояту үшін сілкілей бастады. Сайкс қолдарын тізесіне салып, әлгі сұраулар мен әзірліктің неге қажет-ігін ұғына алмай ілгері қарай еңкейе берген.
— Болтер! Болтер! Бейшара-ай! — деді Феджин, оқиға шешімінің алдында көзі шаттандап жанып, сөзін жаймен, толып жатқан екпін түсіре созып.
— Ол шаршап қалыпты, қызды ұзақ уақыт аңдығаннан әбден титықтапты, Билл!
— Бұл не дегеніңіз? — деп сұрады Сайке шалқалай беріп.
Феджин ләм-мим демей ұйықтап жатқанға еңкейіп, оны орнынан тұрғызып, отырғызып қойды. Өзі қабылдаған есімі бірнеше мәрте қайталанған соң, Ноэ көзін уқалап, ұзақ есінен, ұйқылы көзімен жан-жағына жалтақ-жалтақ қарады.
— Маған тағы бір мәрте анау туралы айтыңызшы, мынау да тыңдасын, — деді еврей Сайксті нұсқап.
— Не жайында айтуым керек? — ден сұрады Ноэ ұйқылы-ояу жақтырмай тітіркеніп.
— Нэнси... тұрасында айтыңыз, — деді Феджин, анау әңгімені аяғына дейін тыңдамай үйден шыға жөнелер деп, Сайксті саусағынан қысып ұстап. — Сіз оның соңынан еріп отырдыңыз ғой?
— Иә.
— Лондон өңіріне дейін бе?
— Иә.
— Сол арада ол екеуге Яхолықты ғой.
— Дәл солай...
— Өз еркімен жентльмен мен ледиге жолықты, аналар оған бар жолдастарын, алдымен Монксті ұстап беруін сұрады ғой, қыз солай істеді де, қай жерде жиналатынымызды, баратын үйімізді де көрсетті; бәрімізді аңдуға ең қолайлы орынды да көрсетті, жиналар сағатын да айтты. Бәрін де істеді. Оны қорқытып-үркітпей-ақ бәрін өз еркімен жанын салды. Қыз осыны істеді ме, жоқ па? — деп айқай салды Феджин, қатты ашудан ақылынан адасқаннан.
— Рас, — деп жауап қатты Ноэ, желкесін қасып қойып. — Тап солай болды.
— Өткен жексенбі туралы олар не деді?
— Өткен жексенбі туралы ма? — деді Ноэ сәл ойланып. — Meн сізге оны айттым ғой.
— Тағы да. Тағы да айтыңыз! — деп айқайлаған Феджин бір қолымен Сайкске бұрынғыдан да қаттырақ жармасып, екінші қолын сілкілеп, аузы көбіктеніп кетті.
— Олар одан сұрады... — деді Ноэ, ұйқысы серпілген сайын Сайкстің кім екенін шамалағандай, — олар қыздан өткен жексенбіде уәде бойынша неге келмегендігін сұрады. Анау шыға алмадым деді.
— Неге, неге? Айтыңыз бұған.
— Өйткені, өзін үйде бұрын да айтқан Билл деген кісі күшпен ұстап қалды деді, — деп жауап қатты Ноэ.
— Ол туралы тағы не деді? — деп айқайлады Феджин, — бұрын айтқан сол кісі туралы ол тағы не деді? Айтыңыз бұған, айтыңыз!
— Егер ол қыздың қайда бара жатқанын білмесе үйден кете қою өте қиын деді, — деді Ноэ, — сол себепті ол алғаш рет ледиге барарында — осыны айтқанда күлкім қатты келгені! — әлгі кісіге апиын тұнбасын беріпті.
— Сайтан алсын! — деп бақырды Сайкс еврейдің қолынан жанталаса жұлқынып. — Жіберіңіз мені!
Шалды ұшырып жіберіп, бөлмеден шыға жөнелген ол жынданғаннан өзін-өзі білместен сатымен тұра жүгірді.
— Билл, Билл! — деп бажылдады Феджин оның соңынан. — Бір сөзім бар! Тек қана бір сөзім бар!
Егер тонаушы есікті аша алса, бұл сөзді естімес те еді, еврей екі иығынан дем алып, оны қуып жеткенше күші мен балағатын текке ысырап етіп жатқан.
— Шығарыңыз мені, — деп айқайлады Сайкс. — Менімен сөйлеспеңіз, бұл қауіпті. Айтып тұрмын ғой, жіберіңіз деп!
— Бір ғана сөзімді тыңдаңызшы, — деп қарсылық етті Феджин қолымен есік құлпын ұстап. — Сіз олай етпейсіз...
— Ал, — деді анау.
— Сіз тым... қаталдыққа бармайсыз, Билл!
Күн шыққан, бір-бірінің жүзін көруге жарық жеткілікті еді. Олар бір-біріне қарасты; екеуінің де көздері ешқандай күдік келтірмейтіндей от боп жанып тұрды.
— Менің айтайын дегенім, — деп сөзін жалғады Феджин, енді ешқандай қылымсудың жөні жоқ екендігін жасырмай, — тым қаталдыққа бару қауіпті. Айлакер болыңыз, Билл, тым қатал болмаңыз.
Сайкс ләм-мим деместен Феджин ашқан есіктен иен көшеге атып шықты.
Содан ез есігінің алдына жеткенше тонаушы бірде-бір рет тоқтамастан, бір секунд те ойланбастан, басын оңға да, солға да бұрмастан, көзін көкке де, жерге де салмастан, тек аяусыз бір шешіммен алға қараған бойы, тісін шықырлатқаны соншама бұлтиған жақ еттері терісін жыртып жіберердей бір сөз де айтпастан, бір бұлшық еті босаң тартпастан ілгері қарай үкідей ұшып келе жатты. Ол есікті кілтпен у-шусыз ашып, сатымен жеңіл ғана көтерілді де, бөлмеге енген соң, есік кілтін екі бұрап жауып, есікке ауыр столды тіреп тастап, кереует шымылдығын тартып қалды.
Қыз кереуетте жартылай киімшең жатқан. Мынаның келуі оны оятып жіберді, қыз шошынған кейіппен орнынан асыға көтерілді.
— Тұр! — деді еркек.
— Ах, бұл сенбісің, Билл! —деді қыз оның оралғанына қуанғандай.
— Бұл мен, — болды жауап. — Тұр.
Шырақ жанып тұрған, бірақ оны еркек шамдалдан жұлып алды да камин шарбағының астына қарай атып жіберді. Шығып келе жатқан күннің әлсіз сәулесін байқаған қыз пердені ысыру үшін орнынан тұрды.
— Қажеті жоқ, — деді Сайкс, оның жолын қолымен бөгей беріп. — Менің істегелі тұрғаныма жарық молынан жетеді.
— Билл, — деді қыз ақырын, шошынған дауыспен, — сен неге маған бұлай қарайсың?
Тонаушы бірнеше секунд танауы желбіреп, кеудесі көрікше көтеріліп, қыздан көз айырмай тұрды, содан соң оны басы мен кеңірдегінен шап беріп ұстай алды да, бөлменің ортасына сүйреп әкелін, есікке қарап, шомбалдай қолымен аузын баса қойды.
— Билл, Билл, — деп қырылдады қыз, өлім алдындағы қорқыныштан жанталаса қарсыласып. — Мен... мен ойбайламайын да, айқайламайын... бір рет шыңғырмайын да... Тыңдашы мені... менімен сөйлесші... менің не жазығым барын айтшы өзің?
— Өзің білесің, шайтанның қызы! — деді қарақшы демін зорға алып. — Бүгін түнде сені аңдыған. Айтқан әр-бір сөзіңді естіген.
— Мен сені қалай аясам, менің жанымды да құдай үшін қия гөр! — деп айқайлады қыз, оған жабысып алып. — Билл, қымбатты Билл, мені өлтіруге сенің батылың бармайды. О, тек осы күннің өзінде сен үшін неден бас тартқанымды білсең! Осыны ойла да, өзіңді қылмыстан аулақ ұста! Мен жібермеймін, сен мені лақтырып тастай алмайсың. Билл, Билл, құдай үшін, өзің үшін, мен үшін, менің қанымды төкпес бұрын, ақылға кел! Мен саған шынайы берілгем, күнаһар жаныммен ант етейін, мен саған берілгенмін!
Еркек қолын босатып алу үшін жанталаса арпалысты, бірақ қыздың қолы өзін жыланша орап алғандықтан қаншама тырысқанмен оны лақтырып тастай алмады.
— Билл! — деп дауыстады қыз басын ананың кеудесіне салуға тырысып. — Жентльмен мен әлгі мейірімді леди бүгін маған қалған ғұмырымды тыныштық пен оңашада өткізу үшін қандай болмасын бөтен елге кет деп үгіттеді. Маған оларды тағы бір көріп, сондай қайырымдылығын саған да жасауын өтініп, аяқтарына жығылуға рұқсат ет, сонда екеуіміз де осы сұмдық ортаны тастап, бір-бірімізден аулақта жақсы өмір бастаймыз, бұрынғы тұрмысымызды дұға оқығанда ғана еске алып, ұмытамыз да, қайтып кездеспейміз. Тәубаға келуге ешқашан да кеш емес. Олар маған солай деді... Мен өзім де солай сезінем... бірақ бізге уақыт керек... аз болса да уақыт...
Құлып бұзушы бір қолын босатып ап, тапаншасына жармасты. Ашудан тас-талқан болғанына қарамастан, оның басында егер атсам дереу қолға түсермін деген ой құйғытып өтті. Күшін жинап алып, өз бетіне тиюге аз-ақ тұрған қыздың бетіне екі мәрте қойып-қойып жіберді.
Қыз теңселіп кетті де маңдайындағы терең жарадан қап саулаған күйі көзі жартылай жұмылып, құлай берген, сонсоң әзер тізерлеп отырып, қойынынан аппақ қол орамалды — Роз Мэйлидің орамалы — суырып алып, оны әлсіз қолы жеткенше жоғары көтеріп, жаратқаннан жалбарыныш тілеп, дұғасын күбірлей бастады.
Оған қараудың өзі қорқынышты еді. Қанішер қабырғаға қарай теңселіп кетті де, көзін қолымен көлегейлеп, ауыр таяқты жұлып алды да, бір ұрғаннан қызды жерге жалп еткізді.
XLVIII ТАРАУ
Сайкстың қашуы
Түн жамылып талай жерге созылып жатқан Лондонға осы түн келгелі жасалған барлық жауыздықтың ең сұмдығы осы жауыздық болды. Таңғы ауаны жамап иісімен улаған сұрқия қылмыс атаулының да ең жексұрыны, ең мейірімсізі де осы қылмыс еді.
Күн — адамға тек жарық қана емес, сонымен қатар жаңа өмір, үміт пен сергектік те ала келетін жарық күн жайнап, төңірекке нұр сеуіп, халқы көп қала үстіне көтерілді. Қымбатты түрлі-түсті шыны мен қағаз жапсырылған терезеден, собор күмбезі мен шіріген қабырғаның саңылауынан да бірдей сәулесін токті. Ол елген әйел жатқан бөлмені де шұғыласына бөледі. Мәйіттің де бетіне түсті. Сайкс оның жолын бөгеуге тырысқанымен, бірақ сәуле бәрібір құйылып тұрды. Оның бейнесі таң алдындағы алакеуімде де қорқынышты болатын, енді көз қарықтырар жарықта қандай болды десеңізші!
Сайкс қозғалған жоқ: қыбыр етуге қорықты. Ыңырсыған дауыс естілді, қолы дір етіп ашу араласқан қорқынышпен ананы тағы соқты, тағы соқты. Ол қыздың үстіне көрпе тастай салды, бірақ оның көзін көз алдына елестетіп, оның жоғарыға өзіне қарап жатқанын, қанға түскен күн сәулесінің төбеге шағылыса дір-дір еткенін ойлау оған соншалықты ауыр болды. Ол көрпені қайтадан жұлып алды. Бұл арада адам денесі ғана жатқан — мәйіт пен қан ғана, — бірақ қандай мәйіт, қандай көп қан!
Ол сіріңке шағып, ошақты тұтатты да таяқты отқа сұқты. Ұшына шаш жабысып қалыпты, олар лап етті де, жеп-жеңіл күл боп, бүрісіп, айнала берді де жоғарыға, түтінтартқышқа кетті. Қаншалықты батылдығына қарамастан, осының өзі мұны шошытты, ол бір жағы сынып түскенше қаруын қолынан тастаған жоқ, сонан соң оны күл боп кету үшін көмірге тастай салды. Ол жуынып, киімін тазартты, бірнеше қан дағы кетпей қойып еді, ол кесіп алып, өртеп жіберді. Бөлмеде мұндай дақтар қаншама! Тіпті иттің табанына да қан жұғыпты.
Осы уақытта ол бірде-бір рет өлікке арқасын берген жоқ — иә, бір секунд та. Даярланып болған ол, шегіншектеп, ит табанына тағы қан жұқтырып, көшеге қылмыстың ізін ала шықпасы деп оны сүйрей-мүйрей есікке жылжыды. Жаймен есікті ашты да, қайта жауып, кілтін алып, жүріп кетті.
Ол көшені кесіп өтіп, көшеден ештеңе көрінбегендігіне көз жеткізу үшін терезеге көз тікті. Өзі көре алмай кеткен күн сәулесін түсіру үшін қыз ашпақ болған перде әлі жабық тұрған. Ол терезенің дәл түбінде жатыр. Бұл оны біледі. Құдайым-ай, тұп-тура сол араға күн сәулесінің құйылуын қарашы!
Ол бір сәтке ғана көз тастаған. Бөлмеден шығып кеткен соң өзін жеңіл сезінді. Итке ысқырып қойып, тез-тез басып өрі кетті.
Ол Излингтоннан өтіп, Хайгеттегі Виттингтонының құрметіне тас қойылған жотаға көтеріліп, одан Хайгет-Хиллге қарай түсе бастады. Ол ешқандай мақсатсыз, қайда барарын өзі де білместен келе жатты, жотадан түсе бере ол қайтадан оңға бұрылып, соқпақпен алаңды кесіп өтіп, Сиин-Вудтен өтті де, осылайша Хэмстед-Хитке шықты. Вейл-Хиттегі жырадан өткен соң ол қарсы беттегі үйілген топыраққа шықты, Хэмстед пен Хейгет деревняларын жалғастыратын жолдан өтті, тақырды кезіп отырып, Hop — Эндтегі далаға шығып, көкке сұлай кетіп, ұйықтап алды.
Ұзамай ол қайта тұрып, кері — қалаға қарай, жолымен, сонан соң қайта айналып тақырды басқа жағынан кесіп өтті, дала кезіп біраз жүрді, шұңқыр жиегіне дем алуға жата кетті, содан соң қандай да болмасын өзге орын тауып алу үшін атып тұрды, кері қайтып, басы ауған жағына кезіп кетті.
Бірдеңелер ішіп-жеу үшін жақын маңда адамы аздау қандай жер бар? Хэндон. Бұл жақын жердегі тамаша орын еді, жұрт та аз бас сұғатын. Біресе жүгіріп, біресе тасбақадай шабандап, кейде тіпті тоқтай қалып, бұталардың басын таяғымен еріне соққылаған ол солай қарай беттеді. Бірақ мұнда келгенде кездескендердің бәрі — тіпті есікке жабысқан балаларға дейін — бұған күдіктене қарағандай көрінді. Бірнеше сағаттар бойы нәр татпағанына қарамастан, бірдеңе сатып алып ішіп-жеуге батпаған ол қайтадан кері бұрылды, ол тағы да тақырмен қайда барарын білместен ілбіп келе жатты.
Ол бір мильден соң екінші миль жүріп, қайтадан ескі орнына келді. Таң атып, түс ауды, күн де батуға таялды, ал бұл болса бұрынғысынша біресе ана жаққа, біресе мына жаққа, біресе жотаға шығып, біресе төмен түсіп, бұрынғысынша кері оралып, әлгі бір араға бөгеле берді. Ақыры ол Хэтфилд жаққа қарай бет алып кете барды.
Әбден сілесі құрыған еркек аяғын сүйрете басып, көндікпеген ұзақ жүрістен сылти басқан ит шіркеу жанындағы төбеден тып-тыныш деревняға түсіп, кішкентай көшеден өткен соң көмескі оты өздерін бастап алып келген шағын трактирге кіре бергендерінде сағат кешкі тоғыз болып еді. Бөлмеге камин жағылыпты, оның алдында село тұрғындары ішіп отыр. Олар бейтанысқа орын босатты, ол ең түкпірдегі бұрышқа жайғасып, жалғыз өзі ішіп-жеп, анда-санда итіне де бірдеңелер тастап қояды.
Мұнда жиналғандардың әңгімелері көршілес егінжайлар мен фермерлер жайында, ол тақырыптар таусыла бергенде — өткен жексенбіде жерленген бір шалдың жасы туралы болды; жастар оны тым кәрі десе, ал шалдар әлі тым жас еді дейді — менен кәрі емес еді деді бір ақбас атай, егер ол өзін-өзі күткенде әлі он-он бес жыл жасайтын еді... егер өзін күткенде ғой!
Бұл әңгімелер ешкімнің назарын аударып, мазасын алмағандай екен. Қанішер есеп айырысып, үн-түнсіз көзге түспей өз бұрышында отырып, қалғып кеткен-ді, кенет пайда бола кеткен біреудің айғай-ұйғайы оятып жіберді.
Бұл деревняларды жаяу кезіп, арқасындағы таңып алған жәшігіндегі қайрақ тастар, ұстара қайрайтын белдік, ұстара, дөңгелек сабын, ноқта жүген майы, ит пен жылқы дәрілері, арзан әтір, опа-далап, тағы да толып жатқан ұсақ-түйектермен сауда жасайтын сайқымазақ, дүмше, қыдырымпаз саудагер еді. Оның келуі поселка тұрғындары үшін ол қашан кешкі асын ішіп, жәшігін ашқанша толас-тамайтын әрқилы әзіл-қалжыңның туы болатын еді, бұдан кейін ол жағымды көңіл-күйді пайдалы кәсібіне жалғастыруға шебер болатын.
— Ал мынауың қандай бұйымдар? Қолайға қалай болар екен, Гарри? — деп сұрады ыржиған бір тұрғын жәшіктің бұрышындағы төрт бұрышты жалпақ затты нұсқап.
— Міне, мынау, — деді жігіт әлгінің бірін алып жатып, — бұл барлық дақты, татты, кірді, секпілді атластан, колотнодан, батсайыдан, мауытыдан, жүннен, кілемнен, меринос жүнінен, помазидан, басқа да жүн маталардан кетіруге таптырмайтын, бағасы жоқ зат. Осы теңдесі жоқ бағалы затпен бір сүртсеңіз болды — шараптың да, жемістің де, сыраның да, судың да, сырдың да дағы — кез келген дақ қалмайды. Егер леди өз атына дақ түсіріп алса — осыдан біреуін қылғып қойса бітті — ол бірден күнәдан тазарады, себебі бұл у. Егер жентльмен байқап көргісі келсе, кішкентай біреуін ішсе де жеткілікті — ешқандай шүбә болуы мүмкін емес, өйткені бұл оқтан кем әсер етпейді, әрі дәмі де сондай келісімсіз, яғни бұны ішкеннің өзінен-ақ құрметі арта түспек... Бір данасы — бір пенни тұрады. Сондайлық пайдасы бар, ал бағасы бар болғаны бір пенни:!
Бірден екі бірдей алушы табылды, көптеген тыңдаушылар да илана бастаған тәрізді. Осыны байқаған саудагер де тілін безей түскен.
— Шығарып үлгірмей, талап әкетеді! — деп сөзін жалғады жігіт. — Он төрт су диірмені, алты бу машинасы мен гальваникалық батарея тыным алмастан істеп жатады, жұрт өле жұмыс істегенмен бәрібір үлгірмейді, ал жесірлерге пенсия бөледі, әрбір балаға жылына жиырма фунт, ал егіздерге — елу... Біреуі бір пенни! Екі жарты пенни де жарайды, төрт фортинг қуана қабылданады. Біреуі бір пенниден! Шараптың, жемістің, сыраның, судың, бояудың, балшықтың, қанның дағына!.. Мінеки, мына жентльменнің шляпасындағы дақты ол маған бір пипта сыра әперіп үлгермей-ақ кетіріп берем.
— Ей, — деп селк ете қалып, айқайлап жіберді Сайкс. — Әкеліңіз!
— Мен мұны, — деп қарсылық білдірді саудагер, көпшілікке көзін қысып қойып— сіз бөлменің апа басынан маған жеткенше көтіремін, сэр. Осында отырған жентльмендер, мына жентльменнің шляпасындағы үлкендігі шиллингтен артық емес, бірақ қалыңдығы жарты крондай қара даңқа назар аударыңыздаршы. Егер бұл дақ шараптан, жемістен, сырадан, судан, бояудан, балшықтан немесе қаннан...
Саудагер сөзін аяқтап үлгірмеді, себебі Сайкс аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, столды аударып тастап, шляпасын жұлып алды да, үйден атып шықты.
Күні бойы бойын билеп алған беймазалық пен көңілінің аумалы-төкпелігінен қанішер өзін ешкімнің қуа шықпағанын шамасы мұны томаға-тұйық, мас жігіт қана деп ойлағандарына көзі жеткен соң, қалаға бұрылды да, кішкентай почта конторының алдында тұрған күйменің фонарынан бір жағына ығысып, өтіп кеткен еді, бірақ Лондоннан келген почта күймесін тани кетті. Ол бұдан кейін не боларын шамаласа да, жолды кесіп өтіп құлағын тікті.
Есік алдында почта сөмкесін күтіп кондуктор тұрған. Тап осы минутта оған орманшы формасын киген кісі келді де, анау жерден көтерген себетті соған ұсынды.
— Мынау сіздің семьяңызға, — деді кондуктор. — Ей, сендер, қимылдасаңдаршы! Бұл сөмкені қарғыс атсын, кеше даяр болмады. Білесіз бе, бұлай болмайды!
— Қалада қандай жаңалық бар, Бен? — деп сұрады орманшы аттарды тамашалау үшін қақпаққа қарай шегініп.
— Ештеңе естімеген сияқтымын, — деп Ячауап қатты анау биялайын киіп жатып. — Нан біршама қымбаттады. Спител-Фплдсте кісі өлімі туралы айтып жатқандарын құлағым шалған, бірақ бұған өзім пәлендей нана қоймаймын.
— Жоқ, бұл шындық, — деді күймеде терезеден сығалап отырған жентльмен. — Оның үстіне айуандықпен өлтірілген.
— Солай ма, сэр? — деді кондуктор шляпасып түріп қойып. — Кімді өлтіріпті, сэр, еркекті ме, әйелді ме?
— Әйелді, — деп жауап қатты жентльмен. — Айтқандарына қарағанда...
— Ей, Беп! — деп шыдамсыздана айңайлады көшір.
— Бұл сөмкені қарғыс атсын! — деді кондуктор. — Сендер ұйықтап қалдыңдар ма, немене?
— Келе жатырмын, — деп айқайлады контордың меңгерушісі жүгіріп шыға беріп.
— Келе жатырмын, — деп міңгірледі кондуктор. — Мені сүйіп қалған, бірақ тап қашан екенін өзім де білмеймін, уыздай, байбатша әйел дерсің мұны. Ал кәнеки! Дайын ба?
Кернейдің көңілді үні естіліп, күйме жүріп кетті.
Сайкс көшеде тұрып қалды, қайда барарын білмегендігі болмаса, оны жаңа ғана естіген хабар абыржытып, сезімін селт еткізбегендей. Ақыры ол қайтадан кері бұрылып, Хэтфилдтен Сент-Элбансқа апаратын жолға түсті.
Ол ілгері қарай ентелей басып келеді. Бірақ қаланы артқа тастап, йен, қараңғы жолға шыққан соң қорқыныш пен қарадай алағызу бойын жайлап, өзін иектеп алғандығын сезді. Алдынан көрінгеннің барлығы — нақты зат пен көлеңке болсын, қозғалмайтыны ма, қозғалатыны ма — құбыжыққа айналған; бірақ бұл қорқыныш таңертең өзі көрген елестің соңынан ілесіп келе жатқанын сезгендігінің қасында түк емес еді. Ол қараңғыда көлеңкені қадағалап, келбетін тура көз алдына келтіріп, қыздың қайыспай, салтанатты жүріспен келе жатқанын анық көрер еді. Оған қыздың киімінің жапыраққа тиген сыбдырын, оның жайымен соңғы ыңырсыған үнін жел жеткізіп тұрды. Егер бұл тоқтаса анау да тоқтайды. Егер бұл жүрсе, анау да соңынан ілесті — жүгірген жоқ, мұнысы сәл жеңілірек тиер еді, бірақ әлдебір механикалық күш біткендей бірқалыпты, зарлы желмен не жеделдетпей, не баяулатпай жылжып келеді.
Кейде бұл елесті қуып жіберу үшін артына бұрылады, бірақ мұнымен бірге ол да бұрылып тағы да ту сыртында қалғанынан төбе шашы тік тұрып, бойынан қаны жүрмей қалғандай күй кешті. Таңертең ол әрқашан алдында ұстауға тырысса, енді әр уақыт арт жағынан шықпады. Ол үйілген топыраққа сүйене беріп, түнгі салқын аспап аясында әлгінің ұзарып бара жатқанын сезінді. Ол жолға арқасымен сұлап жата кетті. Ал анау болса үн-түнсіз, тіп-тік, қозғалмастан — қам жеп қайғылы өлең жазылған тірі ескерткіштей бас жағында тұрып алды.
Ешкім де жазадан қашып кеткен қанішерлер жайында айтып, құдіретті күш, шамасы, ұйықтап қалар демей-ақ қойсын. Осы бір жан қинаған қорқыныштың таусылып бітпес бір минуты ғана ондаған өлім жазасына татыр еді.
Ол жүріп келе жатқан айдалада түнегі шығуға боларлықтай қора тұр еді. Тап есіктің алдында үш терек өсіп тұр да, сол себепті іші көзге түрткісіз қараңғы, әрі жел бұтақтарды жұла ұлиды. Ол енді таң атқанша жүре алмады да, осы арада жаңа азапқа душар болу үшін қабырғаның түбіне жата кеткен.
Өйткені әлгі елес соңынан қалмай, әлгі жанұшырып қашқаннан гөрі қорқыныштырақ бола түскен. Күңгірт, шыныланып кеткен бақырайған көздер, оларды ойлағаннан гөрі көрген жеңілірек еді, қараңғыда пайда бола кетті, оларда жарық бар, бірақ ешнәрсені жарықтандырмайды. Тек екі көз, бірақ олар барлық жерде тұр. Көзін жұмса, өзіне жақсы таныс заттарымен көз алдына бөлме тосылады, әрбір зат өзінің үйреншікті орнында тұр. Өлік те өз орнында жатыр, шу шығармай кете барғанда көргендегісіндей көздер де өз орнында.
Ол орнынан атып тұрып, далаға тұра жүгірді. Елес арт жағында келеді. Ол қораға қайтып оралып, қайтадан бүрісіп жата кетті. Ол жатып үлгіргенше көзде пайда бола кеткен.
Сөйтіп ол ешкімнің басында болып көрмеген сұмдыққа килігіп, тұла бойы қалшылдай, суық терге шомылып, кенет түнгі жел алыстан айқай-ұйқай мен қорыққан, үрейленген дауыстарды құлағына жеткізгенше осында қала берген. Осы бір оңаша жерге естілген адам үні, тіпті қандай бақытсыздықты хабарлап жатпасын бұған жеңілдік әкелді. Төнген қауіпті сезіну Сайкстің бойына жаңа қуат жинауына мүмкіндік берді де, ол секіріп тұрып, қорадан шығып тұра жүгірді.
Шалқыған аспап астын түгел от алғандай. Ұшқыннан жаңбыр шашырата, бірінен біріне ауған жалын тілі көптеген мильге дейінгі төңіректі жарқырата, бұл тұрған жаққа түтін бұлтын қуа шалықтады. Айқай-ұйқайды көптеген дауыстар іліп әкеткендіктен гуіл үдеп барады, қағылған дабыл мен қандай да болмасын жаңа кедергіге тірелген кезде жалын тілі орап ап, жоғарыға атылғандағы оттың сатырымен бірге шыққан «Өрт!» деген айқайды анық есітті. Ол қарап тұрғанда у-шу да үдей түскен. Ол жақта адамдар: еркектер мен әйелдер, әбігершілік бар еді. Бұл үшін ол жаңа өмір сияқты болатын. Ол ілгері қарай тұра ұмтылды — баса-көктеп, бұталарды бұзып-жарып, қоршаулар мен дуалдардан өзінің алдында шабалана үріп құйындатып бара жатқан иті тәрізді секіріп өтеді.
Ол жүгіріп жетті. Шала-шарпы киінген сұлбалар аласұрып жүр, біреулер атқорадан шошынған жылқыларды алып шығуға тырысса, біреулері малды ауладан,аула алдындағы қора жайлардан қуып, белағаштары әбден қызып, ұшқың шашырата жанып жатқан үйден оны-мұныны сыртқа шығарысып жүр. Бір сағат бұрын есік пен терезе орны болған қуыстан от айдыны шалқып тұр; қабырғалар теңселіп, лаулаған құдыққа құлады, еріген қорғасын мен темір жерге тасқындап құйылды. Әйелдер мен балалар шыңғырып, ал еркектер бір-біріне қатты айқаймен дем беpiп қояды. Өрт насостарының салдыры, судың ысылдап, ысқыра жанған ағашқа атылуы құлақ тұндырған айғайға араласты.
Бұл да тамағы қарлыққанша айқайлады, өзінен де, естеліктен де қашып, топтың ортасына сүңгіп кеткен. Біресе насосқа тұрып, біресе түтін мен жалын арасын шарлап осы түнде ол ана жақтан мына жаққа сенделумен болды, бірақ әруақытта да неғұрлым адам мен у-шудың көбірек тұсында жүруді көздеген. Қойылған сатыларда, жоғары мен төменде, құрылыс шатырында, мұның ауырлығынан сықырлан, теңселін тұрған еден тақтайының үстінде, бұршақша жауған кірпіш пен тастардың астында, қай жерде от долдана шалықтаса сол жерде жүрді, бірақ оның жанын дуалап тастағандай, бәрінен де аман қалған: бірде бір жерін бірдеңе тырнап кетпеген, жығылған да жоқ, қайтадан жарық түсіп, тек түтін мен қарайған өрттің орны қалғанша ол шаршау - дегеннің не екендігін, ой дегенді де білмеген.
Осы жындандырған елірмелік өткен соң өзі жасаған сұмдық. қылмысы ойына ондаған есе ауырырақ түсті. Ол жан-жағына күдіктене қарағыштады, жұрт топ-топқа бөлініп, әңгімеге кіріскен, бұл әңгіменің тақырыбы мен жайында емес не екен ден қауіптенген. Иті мұның саусағымен жасаған белгісіне бағынып, бұлар ұрлана басып кете барған. Ол қасында бірнеше адам отырған өрт насосының жанынан өтіп бара жатыр еді, аналар бірге тамақтануға дауыстап шақырды. Ол нан мен еттен ауыз тиіп, енді сыраны қолға ала бергенде Лондоннан келген өрт сөндірушілердің кісі өлімі жайында айтып жатқандығын құлағы шалды.
— Ол Бирмингемге кетті деседі, — деді біреуі, — бірақ оны ұстайды, өйткені тыңшы атаулы аяқтарынан тік тұрды, ал ертең кешкісін бұл туралы бүкіл ел білетін болады.
Ол кетуге асықты да, аяғы жүруге келмей қалғанша тарта берген, — сонан соң соқпақ жолға жата кетті де, ұзақ ұйықтады, бірақ ұйқысы аса мазасыз болды. Санасы сан саққа кетіп, сенімсіз кейіппен ол тағы ілбіп жүріп кетті, түнді жалғыздықта өткізуге қатты қорқып келеді. Кенет ол Лондонға қайта оралуға батыл шешім қабылдады.
«Тым құрығанда онда сөйлесетін адамдар бар, — деп ойлады ол, — және жасырынатын сенімді жер де табылады. Мені осы маңда жүр деген сыбыс тараған екен, астанадан іздеу олардың бастарына келе қоймас. Heгe маған бір жұмадай тығыла тұрып, содан кейін Феджиннен ақша алып, Францияға кетіп қалмасқа? Сайтан алсын, тәуекел!»
Осы ой түрткі болған ол бөгелместен ең адам баспайтын жолдарды таңдап, кері қарай тартты, астапаның маңындағы қандай да болмасын бір жерге тығыла тұрып, ымырт үйірілген соң қиыр-шиыр жолдармен өз сапарына нысана тұтқан кварталға бармақ.
Ал ит ше? Егер мұның белгілері туралы мәліметтер жер-жерге жөнелтілсе, онда иттің де жоғалғанын, шамасы мұнымен бірге кеткендігін ұмыта қоймас. Кешеден өткенде бұл тұтқынға түсуге әкеп соғуы мүмкін. Ол итін суға батырып жібермек болды да, қандай да болмасын бір тоған іздеп ілгері қарай тартты; жолдан бір ауыр тасты көтеріп, қол орамалына байлап алды.
Осы әзірліктер жасалынып жатқанда ит өз қожайынынан көзін алған жоқ, оның мақсатын итке түйсігі білдірді ме, әлде қарақшының көз қиығымен қарағаны әдеттегіден зәрлі болды ма, әйтеуір ит бұдан әдеттегідей аулағырақ жүрді, бұл жүрісін баяулатуы мұң екен, құйрығын да қысып ала қойған. Қожайыны шағып тоғанның қасына аялдап, итін шақыру үшін артына қарағанда анау орнынан да қозғалған жоқ.
— Естимісің! Мұнда кел! — деп айқайлады Сайкс.
Ит үйреншікті әдетімен жетіп келсе де, бірақ Сайкс еңкейіп мойнына орамал байламақ болғанда, ырылдап, кері қарай ытқып кетті.
— Кейін қайт, — деп айқайлады тонаушы.
Ит құйрығын бұлаңдатқанмен, сол орнында қала берген. Сайкс жібін тұзақтап, ананы тағы шақырды.
Ит сәл жақындап, шегіншектеп, бір секундтай тұрды да, бұрылып алып, бет алдына қаша жөнелген.
Сайкс бірнеше мәрте ысқырып, отыра кетіп, ит қайта оралар деп күтті. Бірақ ит кері оралмады да, ақыры бұл да қайтадан жолға шықты.
XLIX ТАРАУ
Монкс пен мистер Браунлоу ақыры кездеседі. Олардың әңгімелесуі мен оны үзіп жіберген хабар
Мистер Браунлоу есігінің алдында жалдамалы күймеден шығып, жайымен есік қаққан кезде ымырт үйіріліп қалған-ды. Есік ашылғанда күймеден алпамсадай біреу шығып, күйме қақпағы тепкішінің бір жағына, ал ат айдаушының жанында отырған біреу төменге түсіп, екінші жағына тұрды. Мистер Брауилоудың белгісімен күймеден үшінші біреудің шығуына жәрдемдескен олар әлгінің екі қолынан алып, жылдам үйге кіргізіп әкетті. Бұл кісі Монкс болатын.
Осылайша сатымен үн-түнсіз көтеріле берді, алдарында келе жатқан мистер Браунлоу оларды арт жақтағы бөлмеге бастады. Зорға көтеріліп келе жатқан Монкс осы есік алдына келгенде тоқтай қалған.
— Мұның өзі таңдасын, — деді мистер Браунлоу. — Егер бұл бөгеле берсе немесе сіздерге қарсылық көрсетіп саусағының ұшын қимылдатса, көшеге алып шығып, полиция шақырыңыздар да, менің атымнан қылмыс жасады деген айып тағыңыздар.
— Мен туралы бұлай деуге қалай батылыңыз барады? — деп сұрады Монкс.
— Ал сіз мені неге солай істеуге мәжбүр етесіз, жас жігіт, — деді мистер Браунлоу ананың жүзіне тесіле қарап. — Бұл үйден безетіндей әлде сіз есіңізден адастыңыз ба? Қоя беріңіздер оны... Былай, сэр: сіз кете беруге еріктісіз, ал біз сіздің соңыңыздан ілесеміз. Бірақ сізге ескертемін — барша қасиет тұтқандарыммен ант етемін! —сіз көшеге шыққан минутта мен сізді алаяқтығы мен қарақшылығы үшін деген айыппен қамауға алам. Айтқанымнан қайтқан. Егер сіз өзіңізді солай ұстағыңыз келсе, маған өкпелемеңіз.
— Кімнің нұсқауымен мені көшеде тарпа бас салып, мына иттер осында алып келді, — деп сұрады Монкс көзін жанында тұрған кісілерге алма-кезек аударып.
— Менің нұсқауыммен, — деп жауап қатты мистер Браунлоу, — бұл адамдар үшін мен жауап берем. Егер сіз өзіңізді бостандықтан айырды деп шағымданар болсаңыз — мұнда келе жатқанда азаттығыңызды қайтып алуға ханыңыз бен мүмкіндігіңіз болды ғой, дегенмен шу көтермеуді дұрыс көрдіңіз, — қайталаймын онда заң қанатының астына кіріңіз. Мен де өз кезегімде заңға жүгінемін. Бірақ іс тым ұшығар болса, маған жалбарынбай-ақ қойыңыз, өйткені онда іс өзге қолға көшеді, сіз шыңырауға өзіңіз секіргелі тұрып, мен итеріп жіберді демеңіз.
Монкс кәдімгідей қысылып, әрі әбігерленіп қалған. Толқып тұр.
— Сіз бір шешімге тезірек келуіңіз керек, — деді мистер Браунлоу батыл кейіппен сыр берместен. — Егер қажет болса сізді жұрт алдында айыптап, жазаға душар етсем, оны ойласам өзімнің де денем түршігеді, бірақ ештеңе істей алмаймын, әрі қарайғысы белгілі. Егер мұның қажеті болмаса, өзіңізге мен ишарат білдірсін десеңіз, және өзіңіз жамандық жасаған жандар аяушылық етсін десеңіз, әңгімені әрі қарай созбай мына орындыққа отырыңыз. Ол сізді күткелі мінеки, екі күн.
Монкс түсініксіз бірдеңені міңгірледі, әлі де толқып тұрған.
— Тездетіңіз, — деді мистер Браунлоу. — Менің бір ғана сөзім — сонан соң таңдау болмай қалады.
Монкс әлі де әрі-сәрі күйде.
— Мен келіссөзге ыңғай білдірін отырған жоқпын, — деп сөзін жалғады мистер Браунлоу. — Оның үстіне, мен өзге біреулердің жоғын жоқтап отырғандықтан бұған хақым да жоқ.
— Әлгі, — деп тұтыға сұрады Монкс, — мәмлеге келу жоқ па?
— Ешқандай да.
Қарт жентльменге абыржи қараған Монкс оның жүзінен қаталдық пен бірбеткейліктен өзге ешнәрсе көре алмады да, бөлмеге кірін, иығын қиқаң еткізіп отыра кетті.
— Есікті сыртынан бекітіңіздер, — деді мистер Браунлоу қызметшілерге, — мен қоңырау қаққан кезде келерсіздер.
Аналар шығын кетіп, екеуі ғана қалған.
— Әкемнің ескі досы тарапынан, — деді Монкс, шляпасы мен шекпенін шешіп жатып, — жаман қарым-қатынас емес.
— Сіздің әкеңіздің ескі досы болғандықтан да солай істеймін, жас жігіт! — деп жауап қатты мистер Браунлоу. — Жастық та бақытты жылдарым сонымен байланысты болғандықтан, қандай тамаша жанның жағалауға серпіліп кетіп, мені мұнда жападан-жалғыз қайғы-мұңмен қалдырғаны үшін де, өйткені, ол бала шағында өлім аузында жатқан жалғыз әпкесінің жанында, тап сол таңда — оған құдай қоспады — ол менің жас әйелім болуға тиіс таңда менімен қатар тұрғаны үшін де, менің жар алы жүрегім барша сын сағаттары мен жаза басқан күндерде де өле-өлгенше сонымен бірге болды, менің жүрегім өткен естеліктерге толы, тіпті сізді көргеннің өзінде де бұрынғы ол туралы ойлар көкірегімнен анталап түрегеледі, міне, тек қана сол себепті, мен қазір сізге жұмсақтау боп тұрмын... Иә, Эдуард Лифорд, тіпті қазір деп осы есімді алын жүруге ашық бола алмаған сіз үшін қызарамын мен!
— Ал бұл арада менің атымның қандай қатысы бар? — деді осы уақытқа дейін қарттың толқуынан ештеңе ұға алмай үн-түнсіз түйіле бақылап отырған анау.— Мен үшін ат деген не?
— Түк те емес, — деп жауап қатты мистер Браунлоу, — сіз үшін түк те емес. — Бірақ ол есім сонікі еді ғой, тіпті қазір де, талай жылдар өткеннен соң да осы атты естісем болды, тұла бойым күйіп-жанып, бір діріл пайда болады. Мен аса қуаныштымын, есіміңізді өзгерткеніңізге аса қуаныштымын!
— Мұның бәрі тамаша ғой, — деді Монкс (қалап алған атында қала берсін) бетін қолымен көлегейлеген мистер Браунлоуға түнере әрі кектене қарап, отырғышында теңселіп отырған ұзақ үнсіздіктен соң. — Менен сізге не керек?
— Сіздің ініңіз бар, — деді мистер Браунлоу оянып кеткендей. — Ініңіз... Сізді соңымнан түкке түсінбей, әбігерлене еріп келуге мәжбүр ету үшін, көшеде соңыңыздан келе жатып, құлағыңызға сыбырлап бір есімді айтудың өзі жеткілікті болды ғой.
— Менде іні жоқ, — деп қарсылық білдірді Монкс. — Менің жалғыз екендігім сізге белгілі ғой. Іні туралы несін айтып тұрсыз? Сіз мұны менен де жақсы білесіз.
— Сіз білмейтін, ал маған аян нәрсені тыңдаңыз ендеше, — деді Браунлоу.— Қазір мен сізді қызықтырармын деп ойлаймын. Жап-жас шағында семьялық тәкаппарлық пен пайдакүнемдік, қатыгез атаққұмарлық сіздің әкеңізді еріксіз мәжбүр еткен бақытсыз некенің жалғыз да құбылық жемісі сіз болғанын мен білемін.
— Мұндай оқыс сөздерге мен салқынқандымын, — деп кекете күліп, сөзді бөлді Монкс. — Бұл сізге мәлім екен, маған сол да жетеді.
— Дегенмен менің тағы білетінім, — деп сөзін жалғады қарт жентльмен, — осы сәтсіз некенің әкелген ауыр азабы. Өмірі уланған екеудің мойындарына түскен ауыр қамыттырын ешбір мән-мақсатсыз, қажи көтергендері де маған мәлім. Салқын, немқұрайлы қатынастың ашық, түрде келемежге, немқұрайлылықтың жеккөрушілікке, жеккөрушіліктің өшпенділікке, өшпенділіктің үйренушілікке соқтырғанын, ақыры олар әлгі шынжырды үзгенін де білемін. Сөйтіп, екеуі екі жаққа кеткенде әрқайсысы өлімнен басқа ештеңе сындыра алмайтын әлгі шынжырдың үзіліп өзімен бірге ала кеткен-ді, сіздің ата-анаңыз қолдарынан келгенше жаңа ортада жеке басының әурешіліктерімен осыны жасыруға тырысты. Сіздің анаңызға мұның сәті де түсті, ол тез ұмытып кетті, бірақ әлгі шынжыр жылдар бойы әкеңіздің жанын жеп, жүрегін кемірумен болды.
— Иә, олар айырылысып кетті ғой, — деді Монкс. — Ал онда не тұр?
— Олар айырылысқаннан кейін арада бірқатар уақыт өткен соң,— деп жауап қатты мистер Браунлоу, — сіздің анаңыз құрлықтағы тіршіліктің әбігеріне бүтіндей беріліп, өз отанында болашағынан ешбір үмітсіз қалған өзінің жас күйеуін мүлдем ұмытты, — ал мұның жаңа достары пайда болды. Қалай болғанда да осы жағдай сізге мәлім болар деп ойлаймын.
— Жоқ, мәлім емес, — деді Монкс көзін алып қашып, барлығын жоққа шығарғысы келгендей, аяғымен еденді тарсылдатып. — Мәлім емес.
— Сіздің түріңіз бен қылықтарыңыз, сіздің мұны ешуақытта да ұмытпай, әруақытта қинала ойлайтыныңызға көзімді жеткізеді, — деп қарсылық, етті мистер Браунлоу. — Мен бұдан он бес жыл бұрынғы оқиғаны айтын тұрмын, онда сіз он бірден асқан жоқ едіңіз, ал әкеңіз не бәрі отыз бірде ғана болатын, себебі қайталап айтайын, әкесі үйленуге бұйырғанда ол тіптен уылжыған жас еді. Сіздің ата-анаңызға көлеңке түсіретін жайтқа қайта айналып соғайын ба, немесе сіз мені бұдан құтқарып, шындықты өзіңіз ашасыз ба?
— Менің айтар ештеңем жоқ, —деп қитықты Монкс. — Өзіңіз қаласаңыз айта беріңіз.
— Несі бар, — деп сөзін жалғады мистер Браунлоу. — Сөйтіп оның жаңа достарының бірі отставкаға шыққан теңіз офицері еді, әйелі жарты жыл бұрын қайтыс болып, артында екі баласы қалған, — балалары көп те еді, бірақ бақытына қарай екеуі ғана тірі қалыпты. Қыз балалар: біреуі — әдемі он тоғыз жасар бойжеткен де, екіншісі екі-үштердегі сәби еді.
— Онда менің шаруам қанша? — деп сұрады Монкс.
— Олар, — деді мистер Браунлоу, бұл сауалға назар аудармастан, — елдің сіздің әкеңіз шарлап кеп «қоныстанған» жағынан орын тепті. Таныстық, жақындасу, достық бірін-бірі жылдам алмастырып жатты. Сіздің әкеңізде екінің бірінде бола бермейтін дарын бар еді. Жаны мен мінез-құлқы әпкесінікіндей болатын. Қарт офицер оны жақынырақ таныған сайын соғұрлым жақсы көрді. Егер іс осымен тынса жақсы ғой. Бірақ қызы да ұнатып қапты.
Қарт жентльмен аз-кем тыныс алды. Монкс ернін тicтеп, еденнен көз алмай отыр. Осыны байқаған жентльмен дереу сөзін жалғады:
— Жылдың аяғында қыздың алдында ол өзіне міндет, қасиетті міндет алды,— бейкүнә жанның алғашқы жалынды махаббатына қолы жетті.
— Әңгімеңіз таусылар емес қой, — деді Монкс отырғышында теңселуін қоймастан.
— Бұл азап, сын-сынақ, қайғы-мұң жайындағы шынайы әңгіме, жас жігіт,— деп қарсылық білдірді мистер Браунлоу,— ал мұндай әңгімелер ылғи да ұзақ болады; егер осы әңгіме бұлт шалмаған бақыт пен қуаныш жайын шертсе қып-қысқа болар еді. Ақыры бай ағайындарының бірі өліп, әдеттегі іс сияқты соның жоқшысы болып, сіздің әкеңіз құрбандыққа барды, өзі қарсы болған Жамандықты түзету үшін анау сіздің әкеңізге бар пәледен құтқарар сауыттай аңша қалдырып кетіпті. Өзінің бар шаруашылығын асты-үстіне шығарып, емделу үшін барып, сонда өлген әлгі адамға бару үшін дереу Римге аттанып кету қажет болды. Сіздің әкеңіз сонда жүріп кетті де айықпас дертке душар болды. Осы хабар Парижге жетісімен сізді алып, шешеңіз сонда асықты. Ол келісімен келесі күні ешқандай өсиет қалдырмастан — ешқандай өсиет қалдырмастан әкеңіз өліп кетті де — бар дүние-мүлкі шешеңіз бен сізге қалды.
Енді Монкс демін шығармай әңгімешіге көз салмаса да мұқият тыңдап қалған. Мистер Браунлоу үзіліс жасағанда, ол бойын ойда жоқта жеңіл сезінгендей кейпін өзгертіп, беті-қолын сүртті.
— Шетелге кетер алдында, Лондон арқылы жүрген ол,— деп сөзін сабақтады мистер Браунлоу одан көзін алмастан,— маған келді.
— Meн бұл туралы ешқашан да естімеген едім,— деп сөзді бөліп жіберді Монкс сенімсіздік білдірген дауыспен, бірақ онысы жағымсыз таңданысты білдіріп тұрғандай еді.
— Ол маған келді де, өзге заттармен қоса өзі салған әлгі бейшара қыздың суретін тастап кетті. Оның қалдырғысы да келмеп еді, бірақ асығыс сапарға аттанып бара жатып, оны алып та жүре алмады. Әбігершілік пен мазасын алған ар-ұяттан ол өз көлеңкесіне көбірек ұқсайтын еді; жаңыла сөйлеп, өлім мен өздері ұрынған ұят іс туралы айтты, ешқандай шығынға қарамастан бар дүниемүлкін ақшаға айналдырғысы келетінін, қолға тиген мұраның бір бөлегін әйелі мен сізге беріп, елден қашқысы барын — мен оның жалғыз қашқысы жағын жақсы түсіндім, — сөйтіп, мұнда ешуақытта қайтып оралмайтынын білдірген еді. Тіпті екеуімізге ортаң қымбатты адамның ажалы байланыстырған мендей ескі досына, тіпті маған толық мойындамай, бәрін жазып, айтпақ болды, ал сонан соң менімен соңғы рет жүздесем деген. Бірақ қайда! Осының өзі ақырғы рет екен. Ешқандай хат та алған жоқпын, ешуақытта оны қайтып көргем жоқ... Барлығы біткен кезде, — аз-кем үнсіз қап мистер Браунлоу сөзін жалғады, — мен сол жаққа, — жұрт айтатын сөзбен сөйлейін, өйткені адамдардың қатігездігінің де, шарапатының да оған енді ешқандай маңызы жоқ, — оның қылмысты махаббаты оянған жаққа тарттым. Егер менің қаупім расқа шықса, адасқан сәби өзіне жылы ұя мен қорғаныш болар мекен жай тапсын деп шешкем. Менің келуімнен бір апта бұрын семья бұл өлкені тастап кетіпті; олар барлық ұсақ-түйек қарыздарын өтеп, түн ішінде кетіп қалыпты. Қайда, не үшін — мұны маған ешкім айтып бере алмады.
Монкс бойын жия күрсініп, мерейі үстем жымиыспен бөлмені көзімен шолып өтті.
— Сіздің ініңіз, — деді мистер Браунлоу оған жақындай түсіп, — жүдеп-жадаған, үсті-басы алба-жұлба ініңіз, жұрттың бәрі безінген бала кездейсоқтықтан гөрі құдіреттілеу күшпен менің жолыма лақтырып тасталын, оңбағандық пен арсыз өмірден өзім арқылы құтылған кезде...
— Не дедіңіз? — деп айқайлап жіберді Монкс.
— Мен құтқардым деймін! —деп қайталады мистер Браунлоу. — Сізді қызықтырам деп айттым ғой. Иә, менмін. Байқап тұрмын, сұмырай сыбайласыңыз сізден менің атымды жасырған көрінеді, шамасы, сізге таныс емес деп ойлаған болу керек. Мен құтқарған ініңіз ауруынан айығып, үйімде жатқан кезде өзім әлгінде айтқан портретпен егіз қозыдай ұқсастығы мені шексіз таң қалдырды. Тіпті адам аярлық кір-кір күйде алғаш көрінгеннің өзінде оның жүзінен әлдебір ескі досымның бейнесі көрген түсімде қылаң бергендей таң қалдырған-ды. Мен оның тарихын біліп үлгіргенше оны ұрлап кеткенін сізге айтып жатуымның қажеттігі болмас.
— Неге, не үшін? — деп жылдам сұрады Монкс.
— Өйткені, ол сізге әбден белгілі.
— Маған ба?
— Жоққа шығарудың еш пайдасы жоқ, — деп жауап қатты мистер Браунлоу, — мен сізге бұдан да көбірек білетіндігімді дәлелдеп алам.
— Сіз... Сіз... маған қарсы ештеңе де дәлелдей алмайсыз,— деп тұтыға сөйледі Монкс. — Байқап көріңіз.
— Көрерміз, — деді қарт жентльмен оған сынай көз тастап. — Мен баланы жоғалтып алдым, қаншама тырысқаныма қарамастан таба алмадым. Сіздің шешеңіз бұл уақытта тірі еместі, сізден басқа ешкімнің бұл құпияны аша алмасын мен білдім, сондықтан да, мен соңғы рет сіз туралы Вест-Индиядағы мекен-жайында деп естіп — ол жаққа өзіңіз жақсы білесіз, шешеңіз өлген соң сорақы қылықтарыңыздың салдарынан қорқып қашқансыз — солай қарай жолға шықтым. Бірнеше ай бұрын сіз ол жақтан кетіп қалыпсыз, шамасы, Лондонда болдыңыз, бірақ ешкім де тап қайда екендігіңізді айтып бере алмады. Мен қайта оралдым. Сіздің агенттеріңіз қайда жүргеніңізден хабарсыз боп шықты. Олардың айтысына қарағанда, сіз қашандағыдай, пайда бола кетіп, артынша құпия жоғалып кететін көрінесіз: кейде күн сайын болып, ал кейде айлар бойы қараңызды батырады екенсіз, шамасы арсыз да құрық салдырмас жас шағыңызда сізге жолдас болған оңбаған адамдармен қарым-қатынас жасап, солардың мекен-жайларына барып тұрсаңыз керек. Мен агенттеріңізді де жаңа сауалдарыммен мезі қылдым. Күні-түні көше кездім, бірақ осыдан екі сағаттай бұрынғыға дейін барлық әрекетім жеміссіз болып, сізді бір сәтке де ұшырастырудың сәті түспеді.
— Ал енді сіз мені көріп тұрсыз, — деді Монкс, орнынан батыл тұра беріп. — Енді не болмақ? Сіздің пайымдауыңызша, қайдағы бір сайтанның баласының өлгелі жатқан кісі шимайлай салған түкке тұрғысыз суретке ұқсас деп қиялдануды ақтау үшін алаяқ пен тонау деген құр айқай ғой. Інің деуін! Сіз тіпті, әлгі сезімтал жұртың баласы болды ма, жоқ па оны да білмейсіз ғой. Сіз тіпті соны да білмейсіз.
— Мен білмеп ем, — деп жауап қатты Браунлоу да орнынан тұрып жатып, — бірақ соңғы аптада мен бәрін де білдім. Сіздің бауырыңыз бар! Сіз мұны білесіз, оны танисыз да, өсиет те болған, оны сіздің шешеңіз құртып жіберген, көзін жұмарда сізге сол құпияны ашып, саған байланысты пайдасын да ескерткен. Өсиетте қайғылы байланыстың жемісі болып қалуы мүмкін бала деп айтылған; бала туды, сіз оны кездейсоқ ұшырастырғанда әкеңізбен оның айна-қатесіз ұқсастығы сіздің күдігіңізді алғаш pет оятты. Сіз оның туған жеріне бардыңыз. Онда деректер, ұзақ уақыт жасырып боп келген оның тууы мен тегі туралы деректер болды. Бұл деректерді сіз құрттыңыз, енді сіздің әріптесіңіз еврейге айтқан өз сөзіңізбен сөйлегенде, «баланың кім екендігін анықтайтын жалғыз дерек өзен түбінен орын тепті, ал оны баланың шешесінен алған кәрі қақпас өз табытында шіріп жатыр». Әкеге лайықсыз ұл, оңбаған өтірікші! Сіз түні бойы қараңғы бөлмеде ұры-қары, қанішерлермен кеңес құрасыз! Сіз өзіңіздейлердің миллионына татитын жанды ажалға душар еттіңіз! Сіз, бесікте жатқан кезіңізден бастап әкеңіздің жүрегін ащы шер мен кейістікке улап, кеудеңізде ылғи да жаман қылық сайқалдықтар жетіле келіп, бет-жүзіңіз жаныңыздың айнасындай оңбағандық дертке душар болумен аяқталған! Сіз, Эдуард Лифорд, маған әлі қарсылық білдіргіңіз келе ме?
— Жоқ, жоқ, жоқ... — деп сыбырлады мына айыптардан есі шыққан оңбаған.
— Әлгі мекер зұлыммен сөйлескен әрбір сөзіңіз, әрбір сезіңіз маған белгілі! — деп айқайлады қарт жентльмен. — Сіздердің сыбырларыңызды қабырғадағы көлеңкелер естін, менің құлағыма тигізді, әбден шошынған баланың бет-әлпеті тіпті бұзылған жанға да әсерін тигізіп, оның кеудесінен батылдығын, тіпті адамгершілігін оятты. Қолыңызбен болмаса да, моральдық жағынан кісі өлтіруге араласып...
— Жоқ, жоқ, — деп сезін бөлді Монкс. — Мен... Мен... бұл туралы ештеңе де білмеймін. Сіздер мені ұстаған кезде мен осы оқиғаның жай-жапсарын білмек болғам. Мен себебін білгем жоқ. Мен әдеттегі жанжалдың бірі болар деп ойлағам.
— Себебі сіздің құпияңыздың жартылай әшкереленуі болды. — Сіз бәрін де айтасыз ба?
— Иә, айтайын.
— Сіз бар шындықты жазып, соны куәлердің көзінше растайсыз ба?
— Бұған да уәде берейін.
— Осы документ жасалып болғанша осында қаласыз да, мен қай жерде мұны куәландыру қажет деп тапсам, менімен бірге сонда барасыз.
— Егер сіз бұлай десеңіз, оған да көнем,— деп жауап қатты Монкс.
— Сіз бұдан да зорғысын істеуге тиістісіз,— деді мистер Брауплоу. — Бейкүнә, жазықсыз балаға дүние-мүлкін қайтаруыңыз керек, қылмысты да бақытсыз махаббаттың жемісі болғанымен, солай болары хақ. Сіз өсиеттің шартын ұмытқан жоқсыз ба? Ол сіздің ініңізге қатысты болғандықтан, орындаңыз оны, содан соң бетіңіз ауған жаққа кете беріңіз! Бұл пәниде сендердің енді кездесулеріңнің түкке қажеті жоқ!
Монкс осы ұсыныс турасында түнерген, кекті пішінмен ойлана, сытылып кетудің де мүмкіндігін қарастырып, бір жағынан қауіппен, бір жағынан жеккөрінішпен азапқа түсіп ілгері-кейіп кезіп жүргенде, есік асығыс ашылып, бөлмеге қатты әбігерленген бір жентльмен кіріп келді мистер Лосберн.
— Әлгі кісі ұсталады, — деп айқайлап жіберді ол. — Ол бүгін кешке қолға түседі.
— Қанішер ме? — деп сұрады Браунлоу.
— Иә, деді анау. — Оның итінің ескі мекендердің бірінде кезіп жүргенін көріпті, шамасы, қожасының әлде сол жерде, немесе қараңғы түсе сонда келеріне күмән жоқ. Онда тыңшылар да өріп жүр. Мен оны қолға түсіру тапсырылған адамдармен сөйлестім, бәрі де енді сытылып кетуі мүмкін емес деп отыр. Бүгін кешке үкімет жүз фунт сыйлық жариялады.
— Мен тағы елу фунт қосам, — деді мистер Браунлоу, — егер ол жерге жете алсам, сол арада өзім хабарлаймын. Мистер Мэйли қайда?
— Гарри ме? Мына танысыңыз екеуіңіздің ойдағыдай күймеге мінгендеріңізді көрген соң, мына хабарды ести сала қала шетінде уәделескен жердегі бірінші отрядқа қосылу үшін салт атпен солай қарай шауып кетті.
— Ал Феджин ше? — деп сұрады Браунлоу. — Ол туралы қандай хабар бар?
— Мен ол туралы ақырғы рет естігенде әлі тұтқынға алынған жоқ болатын, бірақ ол ұсталады, мүмкін ұсталған да шығар. Бұл жайында олардың сенімдері кәміл.
— Сіз бір шешімге келдіңіз бе? — деп ақырын ғана сұрады Монкстен мистер Браунлоу.
— Иә, — деп жауап қатты анау. — Сіз... сіз... менің құпиямды сақтайсыз ба?
— Сақтаймын. Мен қапта оралғанша осында қалыңыз. Бұл сізге қауіптен аман қалудың жалғыз ғана жолы.
Жентльмендер бөлмеден шығып кетті де, есік қайтадан кілтпен жабылды.
— Қандай жетістігіңіз бар? — деп сыбырлап сұрады доктор.
— Неден үміттенсем, соған қол жетті, тіпті одан да артыққа деуге болады. Бейшара қыздан алған мәліметпен менің бұрынғы білетіндерім және қайырымды досымыздың оқиға орнында Жүргізген тексеруінің нәтижесін алдына тарта отырып, мен ол шығып кетер бірде-бір қуыс қалдырмадым, осындайлық күндізгідей жарықта оның бүкіл оңбағандығын тайға таңба басқандай дәлелдедім. Жазыңыз да, кездесуді бүрсүгіні кешкі сағат жетіге белгілеңіз. Біз одан бірер сағат бұрын барамыз, бірақ бізге, әсіресе, жас ледиге демалу керек, оған сіз бен біздің қазір ойлағанымыздан гөрі рухының беріктігі әлдеқайда көбірек керек сияқты. Бірақ әлгі кісі қолынан өлген бейшара әйел үшін өш алсам деп қаным қайнап тұр. Олар қай жаққа бет алды?
— Тұп-тура полицейлік басқармаға тартсаңыз, сіз дәл уақытында үлгіресіз, — деп жауап қатты мистер Лосберн. — Мен осында қаламын.
Жентльмендер асығыс қоштасты — екеуі де бойларын билей алмай әбден елігіп алған.
L ТАРАУ
Қуу мен қашу
Темзаға таяу, Ротерхиздегі шіркеу тұрған жерде, жағадағы құрылыстары ең лас, баржалардағы көмір тозаңы мен аласа үйлердің түтінінен ысталған өзен кемелері қап-қара осы арада бұл қаланың көптеген тұрғындарына мәлім емес Лондонның ең тұрпайы, ең таңқаларлық аудандарының бірі орналасқан.
Жолаушы бұл жерге қажетті бұйымдарды саудалаған ең дөрекі, ең кедей жағаның тұрғындар орналасқан тар да лас шым-шытырық көшелерді кесіп өтіп келе алады. Дүкен сөрелерінде ең арзан, ең татымсыз азық-түліктер үйіліп жатады, саудагерлердің есіктері мен терезе жақтауларында қажетсіз, дөрекі матадан тігілген киімдер ілулі тұрады. Толып жатқан мамандығы жоқ бейнетқорларға, жүкшілерге, көміршілерге, бұзылған әйелдерге, алба-жұлба балаларға пристаннан келген қайдағы бір тобырларға соқтығыса отырып, жолаушы бұрыш сайын ұшырасатын қоймалар үйіліп жатқан бұйымдарды тасып жүрген ауыр арбалардың салдыр-гүлдірінен құлақ тұнатын, көрінісі мен иісі жүрек айнытар тұйық тар көшелермен өтеді. Ақыры, неғұрлым алысырақ, адамы да аздау көшеге шығып, ол тротуарларға төніп тұрған орнықсыз фасадтардың жанынан өтеді, өтіп бара жатқанда теңселгендей әсер қалдыратын шіріген қабырғалардың жанынан, міне-міне құлағалы тұрғандай жартылай бұзылған мұржалардың, уақыттың татынан желінген темір құрсаулы терезелердің, көз алдына елестете алмайтын қайыршылық пен бүлінудің куәсіндей дүниелердің тұсынан өтетін.
Міне осы арада, Докхедтің арт жағында, Саутуоркте тереңдігі ағыс кезінде алты-сегіз, ені он бес жиырма фунт жырамен қоршалған, заманында Милл-Ронд деп, біздің хикаямыз баяндалатын күндерде Фолли-Дитч деген атпен белгілі Джекоб аралы орналасқан еді. Бұл өзен сымақ, немесе Темзаның қолтығы ағыс кезінде Лид-Миллстегі шлюзді ашса ылғи да суға толып шыға келетін. Мұндай жағдайларда жүргінші Милл-Лейн жырасына көлденең тасталған ағаш көпірлердің бірінен үй тұрғындарының артқы есіктер мен терезелерден су алу үшін күбіше, шелек және басқа да ыдыстарды тоғытып жатқандарын көрер еді. Егер оның назары бұл әрекеттен бір сәтке ажырап, үйлердің өзіне ауса, көз алдына тосылған көрініс оны айран-асыр қалдырар еді. Едендегі тесіктерінен судағы саз көрінетін бес-алты үйге ортақ артқы қабырғаларына тартылған ағаш галерея: сынған, желімделген, терезелерден іш киімдер кептіруге сорайтып қойған қазықтар; сондай-ақ кішкентай, сондайлық адам аярлық, соншалықты тар бөлмелер; батпақтың үстіне төне, құлап кеткелі тұрғандай — кейде солай да болады, ағаш құрылыстар, ысталған қабырғалар мен іри бастаған іргетастар; қайыршылықтың жүрек айнытар белгілері, барлық ылас, іріп-шіру, қоқыс қалдықтар — Фолли-Дитчтің жағасын көріктендіріп тұрған міне осылар.
Джекоб аралында қоймалар шатырсыз, бос, қабырғалары үгіліп жатады, терезелері терезе болудан қалған, есіктері көшеге қарай қисайған, мұржалары қарайып кеткен, бірақ олардан түтін де шықпайды. Отыз-қырық жыл бұрын бұл араның басына мұндай кері кетушілік ауыртпалығы түсе қоймаған, тасы өрге домалап тұр еді, ал қазір шынында да ит байласа тұрғысыз арал. Үйлер иесіз, есіктері сынған. Кімнің батылдығы жетсе, сол мұнда кіреді, осында тұрып, осы арада өледі. Кімде-кім Джекоб аралынан өзіне ұя іздесе, бұл құпия мекенге келу үшін нақты себебі болуға тиіс, өйткені олар сіңірі шыққан қайыршылықтың шегіне жетті деген сөз.
Жартылай құлаған, бірақ есік-терезелері әлі мықты, артқы қабырғасы жоғарыда айтқандай жыраға тірелген, өзге үйлерге жалғаспаған үлкен үйдің жоғарғы бөлмесінде әбігерленген, әлденені күткен жабырқау кейіппен бір-біріне қарағыштап, тіс жармастан үш кісі отыр. Олардың бірі — Тоби Крекит, екіншісі мистер Читлинг, ал үшіншісі — тұмсығы әлдебір төбелесте бұзылған, бетінде ол да сол кезде пайда болғандай қорқынышты тыртығы бар елулердегі қарақшы. Бұл кісі қашқын каторжник, есімі Кэгс еді.
— Қымбаттым, сіз өзіңізге, — деді Тоби мисер Читлипгке, — басқа бір апан қарастырып тауып алсаңыз дер едім.
— Сіз неге солай істемедіңіз, мәжнүн, — деп сұрады Кэгс.
— Сіздер мені көріп қуанып қалатын шығарсыздар деп ойлап ем, — деп жауап қатты Читлинг, күйрек дауыспен.
— Байқайсыз ба, жас жігіт, — деді Тоби, — егер кісі мен сияқты өзімен өзі тұрса, жайлы үйі болса, төңірегінде ешкім де тіміскіленбей, арсалаңдап жүгіріп жүрмесе, онда оған тап мына сіздің жағдайыңыздағыдай жас жентльменнің (уақыт барда карта тартып жіберетін тәртіпті де, тартымды жан болғанның өзінде) ат басын тіреп тұрғаны тым жағымды көрінбейді екен.
— Оның үстіне осы өзімен өзі болған жас жігіттің үйіне алыс елден өзін күткендегіден ерте қайтқан танысы тоқтаса, және орала салысымен сот алдын көруге тым құштар бола қоймаса,— дегенді қосып қойды мистер Кэгс.
Аз-кем үнсіздік орнаған, бұдан соң өзінің әдеттегідей ештеңеден шықпайтын мақтаншақтау кейіпін сақтауға тырысудың ешбір жөні жоқтығын түсінген Тоби Крекит Читлингке бұрылды да:
— Феджинді қашан ұстап әкетті? — деп сұрады.
— Тап түскі тамақ уақытында — бүгін сағат екіде. Біз Чарли екеуіміз кір жуатын бөлмедегі түтін тартқыштан сытылып кеттік, ал Болтер бос бөшкеге басымен кіріп кетіп еді, сорайған аяқтары бөшкеден сыртқа шығып қалып, оны да ұстап әкетті.
— Ал Бет ше?
— Бейшара Бет! Ол кімді өлтіріп кеткенін көруге барған, — деп жауап қатқан Читлипгтің жүзі жүдеп сала берген, — содан жынданып кетті, шыңғыра-жынданып, басын жарға соқты, үстіне жуасытушы көйлек кигізіп, ауруханаға жіберді. Ол сонда қалды.
— Жасөспірім Бейтс қайда? — деп сұрады Кэгс.
— Бұл арадан қараңғы түскенше көрінбеу үшін бір жерде жүр ғой, бірақ ұзамай келеді,— деп жауап қатты Читлинг. — Енді біздің барар жеріміз жоқ, өйткені «Мүгедектегінің» бәрін ұстады, ал буфетте — мен өтіп бара жатып өз көзіммен көрдім — тыңшылар толып отыр.
— Тас-талқан болды деген осы, — деп ернін тістей тіл қатты Тоби.— Көбін ұстайды.
— Қазір сессия, — деді Кэгс. — Егер олар тергеуді бітіріп, Болтер қалғандарын ұстап берсе — оның осыған дейін істегеніне қарағанда, бұлай істеріне титтей де күмән жоқ, — олар Феджпннің қылмысын дәлелдейді де, сотты жұмаға белгілейді, ал алты күннен кейін оны дарға асады, барлық сайтандармен ант етейін!
— Жұрттың қалай шулағанын естісеңдер ғой, — деді Читлинг. — Полицейлер жанын сала арпалысты, әйтпесе оны түтіп жер еді. Бір рет ұшырып та түсірді, бірақ полицейлер оны қоршауға алып, жол ашты. Үсті-басы балшыққа былғанған, қанға боялған оның жан-жаққа жалтақтап, өзінің ең жақын достарынан бетер полицейлерге жармасқанын көрсеңдер! Meн оларды тап қазіргідей көріп тұрмын: құйылған жұрт нөпіріне әзер шыдап аналар шалды сүйреп барады, қазіргідей көріп тұрмын — топта төбелесіп жатқандар да бұған тісін қайрап, тұра-тұра ұмтылады. Қазіргідей көріп тұрмын, шашы мен сақалына қан жұққан, әйелдердің айқайын да естіп тұрмын — олар бұрыштағы топтың ең ортасына бұзып-жарып өтіп, оның жүрегін суырып алуға ант-су ішісті.
Бұл сұмдықтан әбден шошынған әлгі сахнаның куәгері құлағын басып алып, жұмулы көзімен ақылынан адасқан адамдай ілгері-кейін жылдам кезіп кетті.
Ол сандалумен болды, ана екеуі еденге телміріп үнсіз отыр, кенет олар есікті біреудің тырналап жатқанын естіді де, бөлмеге Сайкстың иті жүгіріп кірді. Олар терезеге тұра ұмтылды, одан сатымен көшеге жүгіріп шыққан. Ит ашық тұрған терезе жақтауына секіріп шықты; ол аналардың соңынан ілескен жоқ, қожайыны да ешжерден көрінбейді.
— Бұл не болғаны, — деді Тоби бұлар қайтып келген соң, — оның мұнда бет алуы мүмкін емес. Келмес деп үм... үміттенем.
— Егер ол мұнда келе жатса, итпен бірге кірер еді, — деді Кэгс еңкейіп, демін зорға алып, еденге құлай кеткен итті қарап жатып. — Өзіне су берейікші, ұзақ жүгіргеннен жаны мұрнының ұшында тұр...
— Бір тамшы қалдырмай бәрін ішіп алды, — деді итті үнсіз бақылап тұрған Читлинг. — Үсті-басы балшық, сылтып басады, көруі де нашар сияқты ғой, шамасы ұзақ жүгірген болар.
— Бұл қайдан келуі мүмкін, — деп дауыстап жіберді Тоби. — Әрине, бұл басқа мекендерде де болып, бөгде жұртты көрген соң, бұрып келіп жүрген мұнда жеткен ғой. Дегенмен бұл алдымен өзі қайдан тап болды, иесінсіз бұл араға қалай келді екен?
— Ол өзін-өзі (бірде біреу қанішердің атын атаған жоқ) жазым етуі мүмкін емес қой? Сіздер қалай деп ойлайсыздар?— деп сұрады Читлинг.
Тоби басын шайқады.
— Егер ол өзін-өзі өлтірсе, — деді Кэгс, — ит бізді сол араға бастап барар еді. Меніңше, ол итін тастап, Англиядан зытып отырған. Шамасы, бұны бірдеңе ғып адастырып кеткен, әйтпесе бұл тыныш жатпас еді.
Ең шындыққа жақынырақ көрінген бұл шешім дұрыс деп танылды, отырғыштың астына кіріп кеткен ит енді ешкімнің назарын аудармай бір уыс боп бүрісіп, қалғып кеткен.
Әбден қараңғы түскен соң қақпақтар жабылын, шырақты жақты да столға қойды. Соңғы екі күннің сұмдық оқиғасы үшеуіне де қатты әсер етіп, өздеріне төнген қауіп те ұлғая түсті. Әрбір естілген дыбыстан селк ете түскен олар отырғыштарын бір-біріне жақынырақ жылжытысқан. Тап бір көрші бөлмеде өлтірілген әйелдің денесі жатқандай олар аз әрі сыбырлай сөйлесті, кебіне үн-түнсіз шошынған кейіпте еді.
Осылайша біраз уақыт отырған, кенет төменнен шыдамсыздана есік қағылды.
— Жасөспірім Бейтс шығар? — деді Кэгс, бойын жайлаған қорқынышын жеңу үшін ашулана жалтақтап.
Есік қайта қағылды. Жоқ, бұл Бейтс емес. Ол еш уақытта бұлайша тарсылдатқан емес.
Терезеге келген Крекит тұла бойы дір етіп, басын сұғып қарады. Кім келгенін оларға айтып жатудың қажеттігі болмай қалды: мұны оның қуарған жүзі-ақ білдіріп тұрды. Ит те орнынан ұшып тұрып, тісін ақсита есікке жүгіріп келді.
— Біз оны кіргізуге тиіспіз, — деді Крекит шырақты ала беріп.
— Шынымен ештеңе істеуге болмағаны ма?— деп сұрады біреуі даусы қырылдап.
— Ештеңе де. Ол кіруге тиіс.
— Бізді қараңғыда қалдырмаңыз, — деді Кэгс, камин сөресінен өзге шырақты алып жатып, шырақ жағып жатқан оның қолы дір-дір етеді, ол жарық жағын болғанша есік тағы екі рет қағылды.
Есікке кеткен Крекит бетінің төменгі бөлігі қол орамалмен оралған, шляпасының астынан басына өзге орамал байлаған кісіні ертіп қайта кірді. Ол жанымен соларын шеше бастады. Жүзі қуарып, көзі ішіне кіріп кеткен, жары сорайған, үш күндей қырынбай сақалы өсіп кеткен, әбден титығы құрыған, қырылдай жиі дем алған бұл — Сайкстің елесі сияқты еді.
Ол бөлме ортасында тұрған орындықтың арқалығына қолын салды да, бірақ оған отыра бере дір етіп, иығынан асыра көз тастап, отырғышты қабырғаға тақап қойып, содан соң отырды.
Ешкім де тырс етіп үндемеді. Ол да үндеместен әуелі біреуіне, сонан соң екіншісіне қарады. Егер ұрлана көз тастаған біреуі оның жанарымен кездесе қалса, дереу теріс қарап кетеді. Оның қою даусы тыныштықты бұзғанда үшеуі де дір ете түскен. Тап мұндай дауысты олар еш уақытта естімеген тәрізді.
— Ит қалай келді?— деп сұрады ол.
— Жалғыз. Үш сағат бұрын.
— Кешкілік газетте Феджипді ұстап әкетті деп жазыпты ғой. Бұл рас па, әлде сандырақ па?
— Рас. Үнсіздік тағы орнады.
— Қарғыс атсын сендерді! — деп айқайлап жіберді Сайкс, қолымен маңдайын сипап өтіп. — Сендердің маған айтар ештеңелерің жоқ па?
Олар қысылып-қымтырыла теңселгенімен, бірақ ешкімі жұмған аузын ашпады.
— Сіз осы үйдің қожайынысыз, — деді Сайкс, Крекиттің бетіне тура қарап. — Мені ұстап бересіз бе, әлде мына сүргін аяқталғанша осында отыра тұруыма рұқсат етесіз бе?
— Егер қауіпсіз деп санасаңыз, осында қала беріңіз,— деді шамалы толқудан кейін анау.
Сайкс сәл ғана басып бұрып, арт жағындағы қабырғаға көз қиығын салды да:
— Ал ана... әлгі... денесін... көміп пе? — деп сұрады.
Олар бастарын шайқады.
— Неге жоқ, — деп дауыстады анау көзін тағы арт жағына тастап. — Мұндай былғанышты олар жер бетінде несін ұстайды?... Есік қағып жатқан кім андағы?
Бөлмеден шығар алдында Крекит қауіптенер ештеңе жоқ дегендей белгі берді де, соңынан екшелей ілескен Чарли Бейтсті ертіп кірді. Сайкс есікке қарсы отырған, сол себепті бала оны бөлмеге кірген бойда-ақ көзі шалды.
— Тоби, — деді ол, Сайкс өзіне қараған кезде, шегіне беріп. — Сіз маған бұл туралы, анда төменде неге айтпадыңыз?
Ана үшеуінің қорқынышында жан түршігерлік бірдеңе болатын, қылмыскер тіпті мына қарапайым баланың алдында жағымпаздыққа даяр еді. Міне ол басын изеді, енді қолын қысуға даярланғандай.
— Мені қандай да болмасын өзге бөлмеге апарыңыз, — деді бала, қайтадан шегіне беріп.
— Чарли, — деді Санкс, алға қарай бір аттап. — Сен... сен мені танымай қалдың ба?
— Жақындамаңыз маған, — деді қанішердің бетіне шошына қараған бала тағы да шегініп. — Құбыжық!
Қанішер жарым жолдан тоқтап, олар бір-біріне қараған, Сайкстің көзі жайымен еденге төмендей берді.
— Үшеуіңіз де куә, болыңыздар! —деп айқайлады бала, түйілген жұдырығын сілтеп, сөйлеген сайын толқуы шектен асып. — Үшеуіңіз де куә болыңыздар, мен бұдан қорықпаймын. Егер олар бұның соңынан қуа келсе, мұны ұстап берем, солай істерім хақ. Сіздерге алдын-ала ескертемін. Егер батылдығы жетсе, ол мені өлтіре берсін, бірақ егер мен осында болсам: мұны ұстап берем. Егер мұны тірідей отқа үйтсе де ұстап берер едім... Өлтіргелі жатыр! Жәрдемдесіңіздер!... Егер үшеуіңнің бір адамды ұстауға батылдықтарыңыз жетсе, маған көмектесіңіздер... Өлтіргелі жатыр!.. Жәрдемдесіңіздер! Ұстаңдар оны!..
Ойбайын сала қол-аяғын сермеп жанталасқан бала шындығында алпамсадай адаммен жалғыз өзі арпалысып, тұтқиылдан тап беріп оны еденге алып ұрды.
Ана үшеуі әбден естерінен танғандай. Олар араласуға әрекет жасаған жоқ, бала мен еркек еденде домалап жатты: біріншісі бұршақша жауған соңғыларға қарамастан, қанішердің көйлегіне жармасып, бар даусымен жәрдемге шақырады.
Дегенмен, арпалыс ұзаққа созылуға күш тең емес еді. Сайкс оны астына басып алып, кеңірдегін тізесімен езе беріп еді, бірақ Крекит оны Бейтстен сүйреп алып кетіп, әбігерлене терезені нұсқады. Төменнен оттар жылтылдап, қатты дауыстар, асыға басқан аяқ дыбыстары естілді,— шамасы, таяу жерде көп адам жүрсе керек. Топтың арасында салт ат мінген де бар болуы, себебі кедір-бұдыр көшеден ат тұяғының да дыбысы естілді. От жалыны жарқырай түсті, аяқ дүбірі де күшейді. Артынша есікті қатты қаққан дыбыс пен у-шудың ұлғая түскені сонша, ең жүрек жұтқан адамның да тұла бойы түршігер еді.
— Жәрдемдесіңдер!.. — ден айқайлады бала, даусы ауаны жарып өтіп.— Ол осында. Есікті сындырыңдар!
— Корольдің атынан! — деген дауыстар естілді сырттан, бұрынғыдан да қаттырақ гуіл қайтадан күңіреніп кетті.
— Есікті сындырыңдар! —деп айқайлады бала. — Айтып тұрмын ғой: бұлар ешқашан да ашпайды. Жарық жанып тұрған бөлмеге жүгіріңдер! Сындырыңдар есікті!
Ол айқайын қоя қойғанда, жекелеген ауыр соққылар есіктің төменгі қабаттың қақпағына жауып кетті де алғаш рет бұл топтың қандай үлкен екенін аз-кем дұрыс елестетуіне мүмкіндік бергендей топтан күн күркірегендей «уралаған» дауыстар шықты.
— Мына шыңғырған шайтанның баласын тығып қоярлықтай қандай да болмасын бір бөлменің есігін ашыңдаршы, — деп құтырына айқайлады Сайкс тап бос қапшық көтергендей баланы сүйреп ілгері-кейін жүгіріп жүріп. — Міне, мынаны! Тезірек! — Ол баланы бөлмеге атып жіберіп, тиегін жапты да, кілтін бұрады. — Төменгі есік Жабық па?
— Кілтпен екі бұралып және шынжырмен шектелген.
— Ал есік жармасы мықты ма?
— Қаңылтырмен қапталған.
— Қақпақтар да ма?
— Иә, қақпақтар да.
— Қарғыс атсын сендерді! — деп айқайлады шектен шыққан жексұрын терезе жақтауын көтере тобырға зілденіп. — Қолдарыңнан келгенін істеңдер! Мен әлі сендерге көрсетемін!
Адам құлағы шалған үрей тудыратын айқайдың ешбірі жынданған топтың мына ақыруынан қатты болып көрген емес. Біреулер жақын тұрғандарға үйді өрте деп айқайласа, біреулер полисмендерге ананы атыңдар деп бақырып жатты. Атынан қарғып түсіп, топты жарып өтіп, дәл терезенің түбінен бар дауысты баса айқай салған кісінің ашу-ызасы ерекше болды.
— Кім саты әкелсе, соған жиырма пеней беріледі!
Жақын тұрғандар бұл айқайды қағып әкетті де, жүздеген адам қайталап шықты. Біреулер саты талап етсе, екіншілері балға қажет деді, шырақ ұстаған үшінші біреулер ары-бері жүгіріп, қайтадан айқайлады, біреулердің ышқына қарғап-сілеген дауыстары қарлығып қалған; біреулер жындыларша алға қарай ентелеп, жұмыс істеп жатқандарға текке бөгет болды: батылдары су жүретін құбырмен, қабырғадағы ойықтармен көтерілуге әрекет жасады. Қараңғыда барлығы да желігіп алған, тап алай-дүлей желдегі даладағы бидай сабақтары тәрізді теңселеді, әлсін-әлсін айқай-ойбай біркелкі шуға айналып кетеді.
— Су тасыды! — деп айқайлады бөлмеге атыла кірген қанішер терезе жақтауын түсіре беріп. — Мен келгенде де су тасыған. Маған арқан әкеліңдер, ұзын арқанды. Аналар бәрі есік алдында топырлап тұр. Мен Фолли-Дитчке түсем де, зытып отырам. Арқан әкеліңдер, әйтпесе мен тағы үш кісіні мүрдем кетірем де өзімді-өзім өлтірем!
Өлердей шошынған бөлмедегілер арқанның қайда жатқандығын көрсетті. Асып-сасқан қанішер ең ұзын да мықты арқанды ала сала жоғарыға ұмтылды.
Үйдің артқы бөлігіндегі баланы қамап тастаған кішкентай жалғыз терезелі бөлмеден өзгелерінің терезелерінің барлығына кірпіш жиналған еді. Бұдан шығып кетуге ол тым тар болатын. Бірақ осы тесіктен бала көшеде тұрғандарға үйдің арт жағын аңдыңдар деп үнемі айқайлаумен болды, қанішер ақыры шатырдың қақпағынан төбеге шыққан кезде, ащы дауыс осы туралы үй алдына жиналғандарға хабарлады да, олар бірін-бірі басып-жаншып, үйді айнала тасқындай құйылған.
Сайкс өзімен ала шыққан тақтаймен қақпақты іштен аша алмайтындай мықтап бекітті де, шатыр үстінде жорғалап, аласа жақтаудан төменге көз салды.
Су қайтып кетіп, шұңқыр түбінде лайы көрініп қалған.
Оның не істемек ойы барын білмеген топ бірер сәт ананың қимылын қадағалап, үнсіз қалған еді, енді оның ойын ұғып, сәтсіздікке ұшырағанын көрген соң айыздары қанып, жындана гуілдегендері сонша, бұрынғының бәрі бұған қарағанда сыбырлағандай ғана еді. Айқай-шу қайта-қайта қайталанды. Мұның мәнісін білу үшін алысырақ тұрғандар да бұларға қосылды, бейне бір мына кісіге қарғыс жаудыру үшін қала бар тұрғынын осында үймелетіп жіберген тәрізді.
Үй алдынан жұрт осылай қарай ағылып жатты, кекті жүздердің ғаламат, қатты толқыны алаулаған алдында ұннан бір, мыннан бір көрініп қалады. Үйге каналдың ар жағынан да адамдар келді, әр терезеден кісі жүздері көрінді, әр шатырға жабысқан жұрт. Әрбір көпір (бұл жерден үш көпір көрінеді) топтың салмағынан майысып тұр. Ал жексұрынды тым болмаса бір секунд көріп, бірдеңе деп қарғыс айтуға қандай да болмасын орын іздеген адамдар топ-тобымен ағылып келіп жатты.
— Енді бұлар оны ұстайды! — деп айқайлады біреу таяу көпірден. — Ура!
Топта біреулер бөріктерін бұлғады. Айқай қайтадан көтерілген.
— Оны тірідей қолға түсірген адамға елу фунт береді! —деді осы көпір үстінде қайда болған қарт жентльмен. — Ол адам ақша алуға келгенше мен осында қаламын.
Шу тағы көтерілді. Осы минутта топ ішінде ақыры есікті сындырыпты, сатыны алғаш талан еткен адам бөлмеге бірінші басын кіріпті деген сыбыс тарады. Осы хабар ауыздан ауызға тарасымен, тон кілт кері қарай жапырылды; ал терезеде тұрғандар көпірдегі халықтың кері серпілгенін көріп, көшеге жүгіріп шығып, бұрынғы орындарына қарай бей-берекет ұмтылған тобырға қосылып кеткен. Бірін-бірі басын-жанша итеріп, олар үйден полисмендер алып шығатын қылмыскерлерді көру үшін шыдамсыздана есікке ұмтылды. Арпалыста ұшып түсіп, жұрттың аяғының астында қалғандардың айқайы мен ойбайынан жан шошырлық; жүретін тар жерлер құрсауланып қалған, біреулері үй алдына шығу үшін ілгері ұмтылып, біреулері топтан шығу үшін текке арамтер боп жатқанда, егер мүмкін болса ананың ұсталғанын көрсек деген бәріне ортақ тілек өсе түскенмен біразға дейін жұрт назары қанішерден ауып кеткен.
Жұрттың ыза-кегі мен құтылудың мүлде мүмкін еместігінен әбден еңсесі түскен қанішер бүрісіп отыра кеткен еді, бірақ осы кездейсоқ өзгерісті байқай қалған ол орнынан атып тұрып, өмір үшін күреске соңғы дәрменін салып, тұншығып қалуға да тәуекел ете шұңқырға түсіп, қараңғы мен әбігершілікте сусып кетпек болған.
Бойына тың күш-қуат жиннап, үйдегі шудан бөлмеге басып кіргенін білген ол, аяғын түтін мұржасына тіреп, оған арқанның бір ұшын орады да, бір секундтың ішінде қолы мен тісі қатар қимылдап бір ұшынан тұзақ жасады. Өз бойындай ғана биіктік қалғанша арқанмен түсіп, содан соң арқанды қиын жіберіп, секіріп кету үшін қолына пышағын даяр ұстады.
Ол тұзақты мойнына сап, оны қолтығының астынан өткізе берем деген уақытта аталған қарт жентльмен (өзін тобыр қысып тастамасын деп көпір жақтауынан тас жыға ұстап тұрған) жанында тұрғандарға әбігерлене ананың шұңқырға түскелі тұрғанын ескерте беріп еді, — тап осы сәтте қанішер көзін артына, шатырға қадап, қолын төбесіне көтере, жанұшыра айқайлап жіберді.
— Тағы да сол көздер! —деген ойбайы адамдікіне ұқсамай шықты.
Найзағай соққандай теңселіп кеткен ол тепе-теңдігін жоғалтып жиектен ұшып кетті. Тұзақ оның мойнында болатын. Ауырлықтан арқан садақ бауындай тартылды, одан жебедей үзілген ол отыз бес футтай жер ұшты. Денесі кілт жұлқынып кетіп, қол-аяғы құрысып, суынған қолы ашынған пышағын ұстаған күйі салбырап қалды.
Ескі мұржа жұлқудан дір ете түскенмен, орнында тұра берді. Қанішер қабырғада жансыз салбырап қалған, ал бала терезені көлегейлеп теңселген денені итере беріп, өзін шығарып жіберіңдер деп жалынды.
Осы уақытқа дейін бір жерде тығылып қалған ит тұла бойды шымырлата ұлып, шатыр жиегімен ілгері-кейін жүгіріп жүрді де, кенет өліктің иығына секірді. Дәл түсе алмаған ол шұңқырға құлап келе жатып, ауада аунап түсті де тасқа соғылып, басының быт-шыты шықты.
LI ТАРАУ
Бірқатар құпияға түсінік береді, әйеліне дүние-мүлік бекіту хақында ештеңе делінбеген неке ұсынысы мен «айна-тарақша» бөлінген ақша жайында
Алдыңғы тарауда баяндалған оқиғадан небәрі екі күннен кейін, түстен кейінгі үш шамасында Оливер өз туған қаласына қарай зымырап бара жатқан жол күймесінде отырды. Онымен бірге миссис Мэйли, Роз, миссис Бэдуит және қайырымды доктор, ал почта күймесінде жанында есімі бізге белгісіз тағы бір адам ерткен мистер Брауилоу келе жатты.
Жолда олар аз сөйлесті, толқу мен белгісіздіктен Оливер ойын жинақтай алмай, тілі байланып қалғандай, шамасы оның серіктері де осындай күй кешіп келе жатса керек. Мистер Браунлоу оны және екі ледиді Монкстеп білген жайттардан хабардар еткен, дегенмен олар бұл саяхаттарының түнкі мақсаты сондайлық сәтті басталған істі аяқтау екендігін білетін, солай бола тұра өтіп жатқан оқиғалар құпиялық тұманымен соншалық тұмшаланғандықтан олар әлдебір әбігершілік сезінген.
Сол қайырымды дос, мистер Лосберннің көмегімен жуырда болған сұмдық оқиға бұлардың құлағына тимеуінің қамын жасаған. «Әлбетте» — деді ол, — ұзамай оларға мұны білуге тура келеді, бірақ әзір ол жайында білмей-ақ қойғандары жөн, қалай болғанда да бұдан кесел келмейді».
Сөйтіп, олар үнсіз келе жатты. Әрқайсысы өзін осылайша бірге жүруге тап қылған жайтқа ой көздерін жіберсе де, бірақ ешқайсысы мұны естіртіп айтқан жоқ.
Бірақ өзі туған жерге ешқашан көрмеген жолмен келе жатқанда осы сезім құшағында үнсіз отырған Оливердің кеудесінде, күйме баяғыда, басын сүйер досы жоқ, үйсіз-күйсіз, қаңғыбас бала кезінде жаяу-жалпы жолға бұрылғанда, қандай сезімдер оянып, өткен күндер тасқыны оны қайда алып кетті десеңізші.
— Көріп тұрсыздар ма, әне, анда! Анда! —деп дауыстап жіберді Оливер Роздың қолынан шап беріп, күйме терезесін нұсқап. — Әне анау, мен шығып кеткен жер соңымнан біреу қуып жетіп, қайта алып кете ме деп қорқып, артына жасырып тұратын қоршау. Ал анда кішкентай кезімде мен тұрған ескі үйге даламен баратын соқпақ жатыр. Ах, Дик, Дик, менің сүйікті ескі досым, сені қандап көргім келеді десеңші.
— Сен көп ұзамай көресің оны, — деді Роз оның жұмылған жұдырығын мейірлене қысып қойып. — Сен оған қалай бақытқа, байлыққа жеткеніңді айтасың; сен оны да бақытты ету үшін осында қайта оралғанымдай еш шаттанған емеспін дейсің.
— О, иә, — деп іліп әкетті Оливер. — Біз оны... біз оны бұл арадан алып кетеміз, киіндіреміз, оқытамыз, әбден күш жинап, сауыкқанша деревнядағы бір тып-тыныш жерге жібереміз ғой, солай ма?
Роз тек басын изеп жауап берді, бала көз жасы аралас қуана жымиғаны сонша, қыз сөйлей алмаған.
— Сіз оған да мейірімді, қайырымды боласыз, өйткені сіз жұрттың бәрімен де сондайсыз, — деді Оливер. — Мен білемін, оның әңгімесін тыңдай отырып, сіз жылап та аларсыз; бірақ бұл ештеңе емес, оның өзгергенін көріп сіз жымиын оған да күлесіз мен мұны да білемін... Сіз маған да сондай қарым-қатынаста болдыңыз ғой... Мен қашуға бел байлағанда ол маған: «Құдай жолыңды оңғарсын! — деді ғой! — деп іші-бауыры елжірей сөйледі бала.
— Ал енді мен оған «Құдай саған жар болсын», деймін де, оны қалай жақсы көретінімді дәлелдеп шығам.
Бұлар ақыры қалаға ілініп, оның тар көшелерімен келе жатқанда, баланы байсалды ұстап тұрудың мүмкіндігі болмады. Бұл арада тап баяғыдай табытшы Сауерберидің үйі тұрған, бірақ қазір мұның есінде қалғандай үлкен де, сесті боп көрінбеді, мұнда өзіне жақсы таныс дүкендер мен үйлер тұрған — өзін солардың әрқайсымен дерлік қандай да болмасын бір оқиға байланыстыратын; осы арада Гэмбилдтің арбасы да тұрған — сол бұрынғы сияқты ол ескі трактирдің алдында тұр; мұнда күңгірт терезелері көшеге қараған балалық шағының жабырқау түрмесі іспетті жұмыс үйі де көрінеді; осы арада сол баяғы қудай арық қақпашы да тұр, оны көргенде Оливер жалт берген, ал артынша өз ақымақтығына өзі күлді, содан соң жылап жіберіп, содан кейін қайта күлді. Есіктер мен терезелерден ол ондаған таныс жандарды көзі шалды, мұнда барлығы да тап баяғыдай күйінде қалған, бейне ол бұл арадан кеше ғана кеткен сияқты да, ал соңғы кездегі өмірі тек қана тәтті түс тәрізді. Дегенмен бұл шынайы да, қуанышты өмірдің нақ өзі еді.
Олар тура үлкен қонақүйдің алдына тоқтады (бұған Оливер құрметпен көз тастаған). Бұларды осы арада күтіп алған мистер Гримуиг бәрінің туған аталарындай аналар күймеден шыққан соң жас ледиді, сонан соң ледиді, сүйді. Жүзінен күлкі кетпеген мистер Гримуиг бұл жолы бір де бір рет, тіпті осы жолмен бір-ақ мәрте жүріп өтіп, онда да қатты ұйықтап жатқанына қарамастан, қарт ат айдаушымен Лондонға баратын ең қысқа жолды жақсы білемін деп таласқанда да өз басын өзі жеуге тілек білдірген жоқ. Оларды түстік күтіп тұрған: дем алатын бөлмелер де әзір еді, бәрі де ертегідегідей тамаша орналасты.
Әйтсе де, жарты сағаттан уақыт өткен соң әбігершілік басылды да, бүкіл жол бойы өздерімен ере келген үнсіздік орнады. Түскі астан кейін мистер Браунлоу бұларға қосылмай, өз бөлмесінде қалды. Басқа екі жентльмен әбігерленген кейіппен біресе келіп, біресе кетіп жүрді, олар бұл арада аз-кем аялдаған уақытта бірімен-бірі оңашаланып сөйлесті.
Бір рет олар миссис Мэйлиді шақырып әкетіп еді, бір сағаттан кейін ол көп жылағаннан көзі ісіп, қайта оралды. Осының бәрі осындай жаңа құпияға араласпаған Роз бен Оливерді тұйыққа тіреді. Ештеңеге түсінбеген олар үнсіз отырысты, ал бірдеңе дей қалса, тағы өз дауыстарынан өздері қорқатындай сыбырлай сөйлесті.
Ақыры сағат тоғызды соғып, бұлар бүгін кешке енді ештеңе де біле алмаспыз деген ойға келгенде, бөлмеге мистер Лосберн мен мистер Гримуигті және тағы бір кісіні ерткен мистер Браунлоу жүрді. Бейтанысты көргенде Оливер таңданғаннан шыңғырып жібере жаздады: оған ағаң келеді деп ескерткен, ал мынау өзі базары бар қалада кездестірген және кішкентай бөлменің терезесінен Феджин екеуі сығалағанның нақ өзі. Монкс есі шыққан балаға жасыра алмаған өшпенділікке толы көзімен бір қарады да, есік алдына отыра кетті. Қолына әлдебір қағаз ұстаған мистер Браунлоу Роз бен Оливер отырған столға жақындады.
— Бұл ауыр міндет, — деді ол, — бірақ Лондонда көптеген жентльмендердің қатынасуымен қол қойылған мәлімдеме негізінен бұл арада қайталануға тиіс. Мен сізді қорлықтан құтқарғым-ақ келеді, дегенмен біз сізбен айрылысар алдында бәрін де өз аузыңыздан естуге тиіспіз. Себебі сізге белгілі.
— Айта беріңіз, — деді бұл сөз айтылған адам теріс бұрылын. — Тездетіңіз. Мен не қажет болса, бәрін де істедім ғой деп ойлаймын. Мені мұнда көп бөгемеңіздер.
— Мына бала, — деді мистер Браунлоу, Оливерді өзіне тарта, қолын баланың басына салып, — сіздің қандас бауырыңыз; оны өмірге алып келіп, өліп кеткен жас қыз Агнес Флеминг пен сіздің әкеңіз, менің қымбатты досым Эдвин Лифордтың заңсыз баласы.
— Иә, — деді Монкс, жүрегінің соғысы бұған да естілердей кеудесіне симай тарсылдап, бойы қалтырап тұрған балаға түнере қарап, — Бұл солардың заңсыз күшігі.
— Әлдеқашан о дүниеге, біздің алғыс-қарғысымыздың еш қауқары жоқ дүниеге өтіп кеткен адамдарды балағаттауды доғарыңыз— деді мистер Браунлоу қатаң. — Бұл сөздеріңіз бірде-бір тірі адамға көлеңке түсіре алмайды. Тек соны айтып отырған өзіңіз масқара боласыз. Бұл жөнінде енді қажеті жоқ... Бала осы қалада туған.
— Осындағы жұмыс үйінде, — деген жабырқау жауап естілді. — Анда жазылған. — Осы сөздерден кейін ол шыдамсыздана қағазды нұсқады.
— Сіз қазір соны қайталауға тиіссіз, — деді мистер Браунлоу, тыңдаушыларды көзімен бір шолып өтіп.
— Ал онда тыңдаңыздар! —деп айқайлап жіберді Монкс. — Мұның әкесі Римде науқастанып қалғанда оған бұрын айрылысып кеткен әйелі, менің шешем барған. Ол Парижден шыққанда мені ала кетті — меніңше, оның дүние-мүлкіне бас-көз болғысы келді-ау деймін, ал былайша, екеуінің бір-біріне асын бара жатқан махаббаты болған жоқ. Ол бізді танымады, өйткені, ес-түссіз жатқан, сөйтіп, келесі күні көз жұмғанша өзіне-өзі келе алмады. Оның үстеліндегі қағаздардың ішінен біз ол ауырған күнгі кешкілік белгі салынған, сіздің атыңызға жазылған пакет тауып алдық, — ол мистер Браунлоуға бұрылды. — Конверттегі қысқа ғана жазылған хатта ол сізден өзі өлгеннен кейін мына пакетті белгіленген жеріне жібер деген өтініш жасапты. Онда екі қағаз Агнес атты қызға хат және өсиет қағаз салынған екен.
— Сіз хат жайында не айта аласыз? — деп сұрады мистер Браунлоу.
— Хат жайында ма?.. Кінәсін мойындап, құдайдан қызға жәрдем сұраған бір парақ қағаз. Ол ақыр аяғы ашылуға тиіс әлдебір жұмбақ құпия олардың тап қазір некеге отыруына кедергі келтіреді деген ертегімен қызды ақымақ қылып жүрген. Қыз оған шыдамдылықпен сеніп жүре берген, сенімнің асққандығы сонша, қыз арын да, жапын да соның билігіне берген. Бұл уақытта қыздың босануына бірнеше ай ғана қалыпты. Егер тірі болса оның масқаралығын шақыру үшін не істемек екендігінің жай-жапсарын баяндаған, егер өле қалса өзін қарғамауын, күнәларының ауыртпалығы қызға немесе сәбиге түседі деп ойламауын жалбарына өтініп, бар күнәні өзі арқалайтындығын айтқан. Ол оған кішкентай медальон мен қыздың аты ойылып жазылған жүзік сыйлаған күнді еске алып, ондағы өзі бермек болған есімге де орын қалдырғанын жазыпты; медальонды сақтап, бұрынғыдай жүрегінің тұсына салып жүруін сұраған, ал сонан соң есінен ажыраған адамдай, әлгі сөздерін қайталай беріпті. Мен де солай болған ғой деп ойлаймын.
— Ал өсиет қағаз ше? — деп сауал қойды мистер Браунлоу.
Оливер көз жасына булықты.
Монкс үнсіз қалды.
— Өсиет қағаз да, — деп сөйлеп кетті мистер Браунлоу оның орнына, — хат сияқты жазылған. Ол әйелі душар қылған бақытсыздық жөнінде, асау мінезі, кесірлілігі мен кектілігі хақында жазады, өзінің жалғыз ұлы, сіздің бойыңызда бала шағыңыздан пайда болған жаман қылықтарды, өзін жек көруге тәрбиелегенін айта келіп, сіз бен шешеңіздің әрқайсысына сегіз жүз фунт жылдық кіріс қалдырады. Өзінің қалған дүниемүлкін ол тең екі бөлікке: бірін Агнес Флемингке, екіншісін егер аман-есен туып, ел қатарына қосылса деп баласына өсиет етеді. Егер қыз туса, ол бар ақшаға сөзсіз бірден мұрагер болуға тиіс, егер еркек бала болса, кәмлетке келгенше өз атына ешқандай масқарашылық, ұятсыздың, оңбағандық және басқа жамандық келтірмеген жағдайда иеленетін болады. Өз сөзіне қарағанда ол мұны сәбидің анасына сенетіндігін білдіру үшін және өз ажалы жақындаған сайын бала шешесінің жұмсақ жүрегі мен қайырымдылығына тартып туар деген сеніммен айтқан. Егер оның бұл үміті алданса, онда ақша сізге көшуге тиіс еді, тек сонда — тек сонда ғана екі ұлы бірдей болар еді де, өз әмиянына бала кезінің өзінде суықтығымен, кекшілдігімен әкесін өзінен бездірген сіздің иелік етуіңізге ол келісімін берген болатын.
— Менің шешем, — деп даусын көтере сөйледі Монкс, — кез келген әйелдің істейтін ісін істеді. Ол өсиет қағазды өртеп жіберді. Хат сөйтіп белгіленген жеріне жетпеді; бірақ хатты және өзге де айғақ заттарды ол егер ана адамдар масқаралық, таңбасын жасырмақ болса қажет болар деп сақтады. Қыздың әкесі бар шындықты шешемнің қатыгез өшпенділігі туындатқан толық жатқан қосымшаларымен естіп білді — сол үшін де шешемді қазір жақсы көрем. Ұяттан беті күйіп, ары төгілген шал өз балаларымен бірге Уэльстің ең қиыр түкіріне қашып кетіп, тығылған жерін өз достары да тауып алмас үшін тіпті аты-жөнін де өзгертіп жіберіпті; сөйтіп, талай уақыттан кейін оны өз төсегінде өліп жатқан жерінен тауып алыпты. Бұдан бірнеше апта бұрын қыз үйінен құпия түрде қашып кетіпті; ол қызын қала маңындағы деревнялардан іздестіріпті. Қызы өз ұяты мен масқарасын жасырып, өзін-өзі өлтірген ғой деген сеніммен үйіне оралған оның, түнде жүрегі жарылып кеткен.
Аз-кем үнсіздіктен соң мистер Браунлоу әңгімені жалғастырды:
— Коп жылдар өткен соң, — деді ол, — мына адамның — Эдуард Лифордтың — шешесі маған келді. Бұл он сегізге толған соң шешесін тастап кетіпті, оның асыл бұйымдары мен ақшасын да ұрлаған; құмар ойындарына салынып, ақшаны шашып, алаяқтықтан да бас тартпастан Лондонға қашып кеткен де, екі жыл бойы қоғамның ең оңбаған сілімтіктерімен байланыс жасаған. Әйел жазылмайтын, азапты науқасқа шалдықты да, өлер алдында мұны тауын алмақ болды. Әр жерден анықтан, мұқият іздестіру басталды. Ұзақ уақыт бұл нәтиже бермеді де, ақыраяғы табылып, бұл анасымен бірге Францияға қайтып оралды.
— Сол жақта ол ұзақ науқастан қайтыс болды, — деп сөзді жалғады Монкс, — өлер алдында маған сол құпияларды ашты, сондай-ақ құпияға қатысы бар жұрттың бәріне өлердей өшпенділігін өсиет етті. Мұны өсиет етудің қажеті де жоқ еді, өйткені өшпенділік атаулыны мен әлдеқайда бұрын иемденгем. Шешем әлгі қыз өзін-өзі өлтірді дегенге мүлде сенгісі келмеді, бала туғанына да, ол баланың тірі екендігіне де күмән келтірген жоқ. Мен шешеме егер ол қашан да болмасын жолымды кескестесе мүрдем кетіремін деп ант іштім, бір минут та тыным бермей, қатыгездікпен соңына түсуге; кеудемде қоздаған өшненділік отын шашып, егер қолымнан келсе, оны дар ағашына сүйреп барып, осылайша әкемнің мені жәбірлеген өсиетін мазақ етпек болдым. Шешемдікі рас екен. Ол ақыры менің алдымнан шықты. Мен жақсы бастап едім, егер әлгі мылжың салдақылар болмаса, мен қалай бастасам, солай аяқтаған болар едім!
Залым қолын айқастырып, шарасыздықтан кектене өзін-өзі қарғап-сілеп жатқанда, мистер Браунлоу қайран қалған тыңдаушыларға бұрылып, Монкстің сенімді кісісі, кәрі сыбапласы еврей Оливерді торға түсіру үшін көп сыйлық алғанын, бұл қаржының бір бөлігі егер бала құтылып кетсе қайтарылуға тиіс екендігін, бұл турасында өрбіген талас баланы тану мақсатымен қала сыртындағы үйге келуге әкеп соққанын мәлімдеді.
— Медальон мен жүзік ше? — деді мистер Браунлоу Монкске бұрылып.
— Мен оларды сізге айтқан әйел мен еркектен сатып алғам, ал олар оны өліктен сыпырып алған кемпірден ұрлап алыпты, — деп жауап қатты Монкс көзін жерден алмай. — Содан кейін оларға не болғанын сіз білесіз.
Мистер Браунлоу мистер Гримуигке иегін қағып еді, бөлмеден жүгіріп шыққан өлу замай миссис Бамблды алдына салып, шегіншектеген оның жұбайын сүйрелеп қайта оралды.
— Егер менің көзім алдамаса, мынау шынымен-ақ кішкентай Оливер ме? — деп дауыстап жіберді мистер Бамбл жорта қуанған болып. — Ах, Оливер, сені ойлан менің қандай күйінгенімді білсең ғой!..
— Тарт тіліңді, малғұн! — ден міңгірледі миссис Бамбл.
— Бұл табиғат дауысы, миссис Бамбл, — деп қарсылық білдірді жұмыс үйінің бақылаушысы. — Неліктен менің көңілім босамауға тиіс — оны приходта тәрбиелеген менің— жүзі жылы леди мен жентльмендердің арасында отырғанын көргенде! Мен әрдайым осы баланы жақсы көретінмін, тап ол маған бір туған... туған атамдай, — деп сөзін жалғады мистер Бамбл, тұтығып, лайықты теңеу іздестіріп, — Оливер, қымбаттым менің, анау ақ, кеудешелі құрметті жентльмен сенің есіңде ме? Ах, Оливер, ол өткен аптада күміс тұтқалы емен табытқа түсіп о дүниеге аттанды ғой!
— Жетер, сэр! —деп кесе сөйледі мистер Гримуиг. — Өз сезіміңізді тежей тұрыңыз.
— Шамам келгенше тырысып бағармын, сэр, — деп жауап қатты мистер Бамбл. — Халіңіз қалай, сэр? Денсаулығыңыз ойдағыдай болар деп үміттенем.
Бұл сөздер қадірменді жұптан екі қадамдай жерге келіп тоқтаған мистер Браунлоуға арналған еді. Ол Монксты көрсетіп:
— Сіз мына кісіні білесіз бе? — деп сұрады.
— Жоқ, — деп іркілмей жауап қатты миссис Бамбл.
— Мүмкін, сіз де білмейтін шығарсыз? — деді мистер Браунлоу оның жұбайына.
— Өмірімде бір рет те көрген емеспін, — деді мистер Бамбл.
— Мүмкін, оған ештеңе сатпаған да боларсыз?
— Ештеңе де, — деді миссис Бамбл.
— Мүмкін, сізде ешуақытта алтын медальон мен жүзік те болмаған шығар? — деді мистер Браунлоу.
— Әрине, болған жоқ, — деп жауап қатты бақылаушы әйел. — Неге бізді мұнда әкеліп, осындай ақымақтық, сұрауларға жауап беруге мәжбүр етеді?
Мистер Браунлоу мистер Гримуигке қайтадан иегін қақты да, ана жентльмен сылти басып, шығып кетті. Бұл жолы оған ілескендер алпамсадай еркек пен әйел емес, дір-дір етіп, шатқаяқтап келе жатқан екі мүгедек әйел екен.
— Кәрі Салли өлгенде сіз есікті жауып алдыңыз, — деді алдында келе жатқаны құрысын қалған қолын көтеpiп, — бірақ дыбысын өшіріп, тесікті бітей алған жоқсыз.
— Міне, міне, — деді екіншісі, шап-шағына жалтақтап, бір тісі жоқ иегін талмап. — Міне, міне...
— Өзінің не істегенін Саллидың сізге айтуға әрекет төнгенін біз естідік, оның қолынан бір қағазды алғаныңызды да көрдік, ал келесі күні өсімқордың дүкеніне барғаныңызды да аңдып отырғанбыз, — деді біріншісі.
— Міне, міне, — деп растады екіншісі. — Медальон мен алтын жүзік. Біз мұны білін алдық, сізге қалай бергенін де көрдік. Біз жақын жүргенбіз, иә, жақын жүргенбіз!
— Біз бұдан да зорын білеміз, — деп сөзін жалғады біріншісі. — Бұдан көп уақыт бұрын біз кемпірден жас әйелдің баланың әкесінің моласына барып өлуге бет алғанын естігенбіз; содан жағдайы нашарлағанда ол осы арада көз жұмарын өзі де сезіпті.
— Өсімқордың өзін де көргілеріңіз келе ме? — деп сұрады мистер Гримуиг есікке беттей беріп.
— Жоқ, — деп жауап қатты миссис Бамбл. — Егер ол, — әйел Монксті жонады, — қорқып бәрін де мойындаса, — солай болғаннын көріп те тұрмын — ал сіздер лайықты адам таппай мына мыстандардан бәрін де сұрап алсаңыздар, менің басқа айтар сөзім жоқ. Иә, мен бұл заттарды сатқам, қазір жатқан жерінен ешкім де оны ешуақытта ала алмайды! Тағы не бар?
— Ештеңе, — деді мистер Браунлоу. — Тағы бір айта кетер нәрсе: ендігі біздің міндетіміз екеуіңіздің бұдан былай сенім талап етілетін жұмысты пеленбеулеріңіздің қамын жеу ғана. Бара беріңіздер!
— Осы бір... — деді Бамбл, мистер Гримуиг екі кемпірмен бөлмеден шығып кеткен соң, қатты жабырқаған кейіппен жан-жағына жалтақтап, — осы бір түкке тұрғысыз, кеселді кездейсоқтыққа бола приходтағы қызметімнен қуыла қоймаспын деп үміттенем?
— Әлбетте, қуыласыз, — ден жауап қатты мистер Браунлоу. — Сіз бұған көнуіңіз керек және оның үстіне өзіңізді жеңіл құтылдым деп санаңыз.
— Мұның бәріне кінәлі миссис Бамбл. Осылай істеуге мәжбүр еткен сол,— деді мистер Бамбл, — жан серігі бөлмеден шығып кеткендігіне көзін жеткізу үшін алдымен сол жаққа қарап алып.
— Бұл ақталу емес, —деп қарсылық етті мистер Браунлоу. — Әлгі заттар сіздің көз алдыңызда құртылған, заң бойынша сіздің күнәңіз көбірек, себебі, заңға жүгінсек, әйеліңіз сіздің нұсқауыңызбен әрекет жасаған.
— Егер заң солай десе, — деді мистер Бамбл, қос қолымен шляпасын умаждал. — Онда заң есек... нақұрыс болатаны!.. Егер заң көзқарасы осылай болса, яғни заң бойдақ болғаны, оған тілейтін ең жаман қарғысым, оның көзі де мен сияқты өз тәжірибесімен ашылсын... өз тәрбиесімен!..
Соңғы екі сөзге екпін түсіре қайталаған мистер Бамбл, шляпасын баса киіп, қолын қалтасына сұғын, өмірлік серігінің соңынан төмен түсіп кетті.
— Сүйікті леди, — деді мистер Браунлоу, Розға қарап — қолыңызды беріңіз маған. Қалтыраудың қажеті жоқ. Біз айтуға тиіс соңғы сөздерді сіз шошынбай тыңдауға тиіссіз.
— Егер ол... мен олай ден ойламаймын, егер олардың маған қатысы болса, — деді Роз, — өтінемін сізден, мен оны басқа бір уақытта естиін. Қазір оған күш-қуатым да, дәрменім де жетер емес.
— Жоқ, — ден қарсылық етті қарт жентльмен, оның қолын өз қолтығына өткізе беріп. — Сіздің дәрменіңіз жетеріне сенімім кәміл... Сіз мына жас ледиді білесіз бе, сэр?
— Иә, — деді Монкс.
— Мен сізді ешуақытта көрген емеспін, — деді Роз әлсіз дауыспен.
— Мен сізді ылғи да көретінмін, — деді Монкс.
— Бақытсыз Агнестің әкесінің екі қызы болған, — деді мистер Браунлоу. — Екіншісінің — кіші қызының тағдыры не болды?
— Қызды, — деп жауап қатты Монкс, — оның әкесі жат жерде, бөтен фамилиямен, достары мен туысқандарын іздеп табуға мүмкіндік берерліктей ешқандай хат, бір жапырақ қағаз да қалдырмастан өліп кеткен соң қызды кедей шаруалар өз туғандарындай асырап алыпты.
— Айта беріңіз, — деді мистер Браунлоу. Миссис Мэйлиге маған жақындаңыз дегендей ишарат жасап.— Айта беріңіз!
— Бұл кісілердің паналаған жерін сіздер ешқашан таба алмас едіңіздер, — деді Монкс, — бірақ достық сәтсіздікке ұшыраған тұсқа өшпенділік әруақытта жол салып шығады. Шымшытырық бір жылдай іздестірулерден кейін менің шешем қызды ақыры тауып тынды.
— Ол қызды өзіне алып кетті ме?
— Жоқ. Асырап алғандар өте кедей еді, адамға деген сүйіспеншіліктері оларды, әсіресе, күйеуін тойдыра бастаған еді, сол себепті шешем оларға азын-аулақ ақша берді, тағы да жіберуге уәде етті, бірақ орындауды ойына да алған жоқ. Әйтсе де шешем кедейлік пен жарлылық қызды бақытсыз етер дегенге сенгісі келмей, әлгі адамдарға қыздың әпкесінің масқарашылығын өзі қажет деген өзгертулермен әңгімелеп беріп, қызға көз қырларын қатты салуын, себебі олардың қаны бұзық, қыз заңсыз туған, ерте ме, кеш пе бұл да тура жолдан таяды дегенді құлақтарына құя берді. Мұның бәрі жағдаймен расталған да, әлгілер имандай сеніп қалды. Сөйтіп, бұдан былай сәби аянышты ғұмыр кешті, бірақ сол уақытта Честерде тұратын бір жесір леди қызды кездейсоқ көзі иланып қалып, оны аяп, өзіне алып кетті. Меніңше, бізге қарсы бір қарғыс атқыр сиқырлы күш әрекет етті-ау деймін, өйткені қаншалықты күш салсақ та қыз әлгі ледиде қалып, бақытқа қолы жетті. Үш-төрт жылдай мен одан көз жазуға қалып едім, бірнеше ай бұрын оны да кездестірдім.
— Сіз оны қазір көріп тұрсыз ба?
— Иә, ол сізге сүйеніп тұр.
— Дегенмен ол бұрынғыдай менің жиенім, — деп айқайлап жіберді миссис Мэйли әлсіреген қызды аймалап. — Ол бұрынғыдай менің қымбатты бөбегім! Жалғандағы ешқандай дәулет үшін қазір де мен бұдан ажырамас едім, бұл іменің сүйікті туған қызым!
— Жар дегенде жалғыз достым менің! —деп дауыстады Роз әйелге жабысып — Ең қайырымды, ең жақын достым! Жүрегі жарылып барады. Мен бұған шыдай алар емеспін.
— Өзіңді білетіндердің бәрін бақытты етіп, әрқашанда ең сүйікті де момақан қалпыңда қалуыңмен сен бұдан да зорғысын көрдің, — деді қызды жүрегі елжірей аймалаған миссис Мэйли. — Жетер, жетер, қымбаттым менің! Сені құшағына қысуға шыдамы таусылып бара жатқан жанды да ойла! Қарашы мұнда... қарашы, қарашы деймін, сүйіктім!
— Жоқ, ол маған тәтей емес! —деп айқайлады Оливер қос қолымен қызды мойнынан құшақтап. — Мен оны еш уақытта тәтей дей алмаймын... Апам... менің қымбатты апам... неге екенін өзім де білмеймін, мен бірден жақсы көріп кеткем. Роз, сүйікті, қымбатты Роз!
Бір-бірімен ұзақ, қатты құшақтасқан жетімдердің осы көз жасы мен байланыссыз сөздері қасиетті бола берсін! Әкесі, апасы мен шешесі бір сәтке табылып, бір сәтте жоқ болды. Қайғы мен қуаныш бір кесеге құйылды, бірақ бұл ащы көз жасы еместі, өйткені, оңайғының өзі жұмсарып, осындай жүрек елжіретер еске алуларға оралып, жанды азаптамай, салтанатты қуанышқа ұласты.
Ұзақ уақыт екеуі ғана қалған. Ақыры қайыспен қағылған есік аржағында біреу тұрғанын білдірді. Есік ашқан Оливер орнын Гарри Мэйлиге беріп, бөлмеден шығын кетті.
— Мен бәрін де білем, — деді ол әдемі қыздың қасына отыра беріп.— Қымбатты Роз, мен бәрін де білем!.. Мен мұнда кездейсоқ тап болғам жоқ,— деп қосын қойды ол ұзақ үнсіздіктен соң.— Және мен мұның бәрін бүгін емес, кеше естідім — тек кеше ғана... Менің бір уәдеңізді есіңізге салуға келгенімді сезіп отырған жоқсыз ба?
— Тұра тұрыңызшы, — деді Роз. — Сіз бәрін де білесіз бе?
— Бәрін де... Сіз маған жылдың қай кезінде болмасын соңғы әңгімеңізге қайта оралуға рұқсат еткен болатынсыз.
— Рұқсат еткем.
— Сізге өз шешіміңізді өзгерттіру үшін емес, — деп сөзін жалғады жас жігіт, — егер қаласаңыз, сіз оны қалай қайталайтыныңызды есту үшін. Мен қоғамдағы орным мен қолымда бар байлығымды сіздің аяғыңыздың астына қойған болғам, ал егер сіз сол алғашқы шешіміңізден айнымаған болсаңыз, оны сөзбен де, іспен де өзгертуге әрекеттенбес үшін өзіме міндеттеме алғам.
— Сонда маған ықпал жасаған себептер қазір де маған ықпалын жасайды, — деп кесе сөйледі Роз. — Егер менде қайырымдылығы мені қайыршылық пен азаптан құтқарған жанға деген мызғымас борыш сезімі болса. Ол қашан да болмасын бүгінгідей күшейе түсер ме еді?.. Бұл күрес, — деп қосып қойды Роз, — бірақ мен оны мақтаныш пен жүргізем. Бұл жан азабы, бірақ менің жүрегім бұған төтеп берді.
— Бүгінгі кештегі анықтау... — деп бастай берді Гарри.
— Бүгінгі кештегі анықтау, — деп жұмсақ үнмен қайталады Роз, — менің жағдайымды өзгерте алмайды.
— Сіз өз жүрегіңізде маған қарсылық туғызасыз, Роз, — деп қарсылық етті ғашық жігіт.
— Ах, Гарри, Гарри! —деді жас леди көз жасына булығып. — Өзімнің де солай істеп, жан азабынан өзімді де құтқарғым келетінін білсеңіз!
— Жан азабының сізге керегі не? — деді Гарри қыздың қолынан ұстап. — Ойланыңыз, Роз, бүгін кешке нені естігеніңізді ойлаңызшы.
— Ал мен не естідім? Не естідім? — деп айқайлап жіберді Роз. — Ары төгілгенінен қатты қысылған әкем жұрттың бәрінен бас сауғалапты. Міне, менің естігенім! Жетерліктей... жетерліктей айтылды, Гарри, жетерліктей айтылды!
— Жоқ әлі, — деді жас жігіт, орнынан тұра берген қызды бөгеп. — Менің үмітім, тілегім, болашаққа көзқарасын, сезімім, әрбір ойларын, сізге деген махаббатымнан өзгенің бәрі өзгеріске ұшырады. Мен енді сізге мына әбігершілікті дүниеде құрметті орын ұсынбаймын, адал адамды өзгенің ұятсыздығы мен масқарашылығы үшін қызаруға мәжбүр ететін жамандық пен қорлық жайлаған өмірмен байланыс жасауға мәжбүр етпеймін... Мен тек өз ошағымды — жүрегім мен өз үйімнің ошағын ұсынамын, — иә, қымбатты Роз, тек осыны, тек осыны ғана ұсынамын сізге.
— Мұнымен не дегіңіз келеді, — деп мүдіре сөйледі Роз.
— Менің айтпағым біреу ғана: сізбен соңғы рет айырылысқан соң, мен сізбен арадағы көзге көрінбейтін бөгет атаулыны жермен жексен етуге берік шешім қабылдадым. Егер менің қауымым сенікі болмаса, онда сіздің қауымды өзімдікі етем, өзінің шыққан тегіне мұрнын шүйіретіндердің ешкімі сізге бөтенсіп қарауына ерік бермеспін дедім; егер олай бола қалса, мен де оларға теріс қараймын деп шештім... Мен солай істедім де. Осы үшін менен іргесін аулақ салғандар, сізге де солай етті, осымен сіздің айтқаныңыз дұрыс екендігін дәлелдеді. Маған бұрын күле қарайтын қамқоршыларым, биліктегілер, ықпалды да белгілі туыстарым маған қазір суық қарайды. Бірақ Англияның өркендеп келе жатқан бір графтығында көңілді дала және самалмен тербелген тоғай бар, ал бір деревня шіркеуінің жанында, менің шіркеуімнің, Роз, менің! —деревня коттеджі тұр, бұған мені өзім бас тартқандарымнан гөрі мың есе артық мақтануыма мәжбүр етуіңізге болады. Қазіргі менің жағдайым мен атағым осындай, осыларды сіздің аяғыңыздың астына тастаймын.
— Ғашықтарды кешкі асқа күткеннен жаман нәрсе жоқ! — деді оянып кеткен мистер Гримуиг басынан қол орамалын ала беріп.
Шындығында да кешкі астың мерзімі тым созылып кеткен еді. Миссис Мэйли де, Гарри де, Роз да (барлығы бірге кірген еді) ақталып ештеңе дей алмады.
— Бүгін кешке өз басымды жеуге шынымен-ақ ойым кетіп еді, — деді мистер Гримуиг, — өйткені басқа ештеңе жей алмаспын дегем. Сіздердің рұқсаттарыңызбен мен қалыңдықты сүюге батылдық жасаймын.
Уақытты текке өлтірместен, осы сіздерін іске асырған мистер Гримуиг нендей қызарған бойжеткенді сүйіп алды, ал оның адамды еліктіргіш бой шыққан өнегесін доктор мен мистер Браунлоу да қоспаған. Біреулер алғаш үлгі көрсеткен Гарри Мэйлидің өзі десті, бірақ беделді кісілер бұл жала, өйткені ол әлі жап-жас, оның үстіне священик қой дескен.
— Оливер, балам менің, — деді миссис Мэйли, — сен қайда болдың және жүзің қандай мұңды еді? Міне қазір жылап тұрсың? Не боп қалды?
Біздің әлем — көп нәрседен түңілдірер әлем; аялаған үмітімізден, біздің жаратылысымызда зор құрмет тұтатын үмітімізден түңілдірер кездер жиі болады ғой.
Сорлы Дик қайтыс болыпты!
LII ТАРАУ
Феджиннің соңғы түні
Сот залы төменнен жоғарыға дейін адамдарға лық толы. Кеңістіктің әрбір дюимін сынай қараған, шыдамсыздана маздап жанған көздер толтырған. Айыпкерлер отырғышының жақтауынан бастап, галереядағы ең тар, титтей бұрышқа дейінгі бар адамның көздері алдынан да, артынан да, жоғарыдан да, төменнен де, оңнан да, солдан да бір адамға — Федялинге бағытталған; ол тап бір жарқыраған кездерден түзілген аспан әлемінде тұрғандай.
Ол осы жанды жарықтың шұғыласында бір қолымен алдындағы ағаш жақтаудан ұстап, екінші қолын құлағына апарып, сот мүшелеріне тіл қатып жатқан сот төрағасының аузынан шыққан әрбір сөзін анық естуге тырысып, мойнын созып түр. Кейде ол өз пайдасына айтылған қандай да болмасын дәрменсіз, тіпті ешбір салмақсыз пікірдің аналарға қалай әсер еткенін аңдап қалу үшін кезін соларға қадай қалады, ал анықтау пункттері сұмдық айқындылықпен айтыла бастағанда өзін қорғау үшін тап қазір бірдеңе демей ме дегендей тілсіз жалынышпен адвокатына қарайды. Егер байқалып қалған осы мазасыздықты есептемегенде, ол қолын да, аяғын да қозғалтқан жоқ. Сот мәжілісі басталғалы бері ол бірде бір қимыл жасамаған шығар, ал енді сот торағасы үнсіз қалғанда бейне әлі тыңдап тұрғандай одан көзін аудармай сол қалпында тұра берді.
Залдағы жеңіл әбігерлік оны өзіне-өзі келуіне мәжбүр етті. Бұрылып қараған ол сот мүшелерінің үкімді талқыламақ боп, бір-біріне жақын отырыса бастағанын көрді. Көзі галереяны кезіп жүргенде, жұрттың мұның жүзіне қарауға тырысып, орындарынан көтерілгенін байқап қаған; біреулері асып-сасып көздеріне дүрбілерін апарып, біреулері жиренішті жүзбен көршілеріне бірдеңе деп сыбырлап жатты. Бұған назар аудармай, тек сот мүшелеріне қарап, олардың қалайша кібіртіктегендерін ұғына алмай ренжіп отырғандар да болды. Бірақ бірде бір кісінің жүзінен — тіпті осында толып отырған әйелдердің өзінен де мұны қалай соттарын естуді ғана құмарта күткеннен өзге, өзіне титтей де жаны ашығандықты байқай алмады.
Төңірегіне абдырай кез тастаған, осының бәрін көрген кезде, тағы да әлі тыныштық орнады, жалт қарап, ол сот мүшелерінің төрағаға бұрылғандарын көрді. Тыныш!
Бірақ, олар тек шығып кетуге ғана рұқсат сұрады.
Көпшілігінің неге ыңғайланғандарын ұғынуға әрекеттеніп, бірінің соңынан бірі шыққан олардың жүзіне қадала қарап бақты, бірақ мұнысы текке кетті. Түрмені оны иығынан түртті. Ол түрмешінің соңынан ілесіп, тақтадан түсті де, орындыққа отырды. Орындықты оған түрмеші көрсетті, әйтпесе оны көрмес те еді.
Ол кезін тағы да галереяға кетерді. Топ ішінде біреулер апыл-ғұпыл шайнаңдап отыр, ал енді біреулер аузы-мұрнынан шыққан залдың іші тым ысып кеткендіктен қол орамалдарымен желпінуде. Бір жас жігіт кішкентай жазу кітапшасына мұның бет-бейнесін сызып отыр. Ол өзіне анау ұқсата ала ма екен деген сауал қойды, сонан соң тап еріккен көптің біріндей қарындашын сындырып алып, оны бәкісімен ұштап жатқан суретшіге қарады.
Сотқа көзі түскенде мұның басында ананың киімінің пішілуі, қанша тұратыны, оны қалай киетіні жайындағы ойлар сапырылысып кетті. Соттың бір креслосында жуантық қарт жентльмен отыр еді, сол жарты сағат бұрын шығып кетіп, қазір қайта оралған. Ол бұл кісі ас ішуге кетті ме екен, қайдан тамақ ішті екен деп, қашан назарын өзге біреу аударып әкетіп, жаңа ойлар туындатқанша осындай керексіз ойлармен отыра берген.
Дегенмен осы уақытта оның миы тап аяғының астынан көр қазылып жатқандай еңсесін езіп, есеңгіреткен сезімнен бір секунд та арыла алмады; ол бұл күйден қашып құтыла алмай, бірақ, ол бұлдыр, көмескі көрініс еді де, ойын жинақтай алмаған. Бірақ тіпті қазіргі ажалының жақын қалғанын ойлағанда бұл бойы дірілдеп, денесі бір ысып, бір суып тұрғанның өзінде ол көз алдында тұрған темір шарбақтарды санауға кірісті де, біреуінің ұшы қалай сынып кетті екен, оны ондай ма, әлде сол күйінде қалдыра ма деген ойға кеткен. Сонан соң дар ағашы мен жазалау орнының бүкіл сұмдығын есіне алып, кенет, залды салқындату үшін еденге су шашып жатқан адамға қарап ойы бөлініп кетті.
Ақыры тыныштық сақтауды өтінген дауыс естіліп, барлығы демдерін іштерінен алып, есікке қадалды. Қайта оралған сот мүшелері мұның жанынан өтіп бара жатты. Ол аналардың жүзінен ештеңе пайымдай алмады, бейне беттері тас боп қатып қалғандай. Шыбынның ызыңы естілерліктей тыныштық орнады... тырс еткен дыбыс жоқ...
Залда сұмдық, айқай-шу орнап, қайта-қайта қайталанып, ал сонан соң күркіреп, күшейе келе күн күркірегендей үнге ұласты. Бұл сот үйі алдындағы халықтың, қаскүнем дүйсенбі күні өледі деген хабарды естіген кездегі қуанышты айқай-шуы еді.
Шу басылып, бұған өзіне шығарылған өлім жазасына қарсы айтар бірдеңесі бар ма деп сұраған. Ол сол бұрынғы кейпіне кіріп, сұрақ қойған кісіге қадала қараған; Феджин естігенше бұл сауал екі мәрте қайталанды, ол содан даусы азар естіле сыбырлап, өзін шалмын, шалмын, шалмын деді де, тағы үнсіз қалды.
Сот арнайы бас киімін киді, ал айыпкер әлі де сол кейпінде тұра берді. Осындай қорқынышты да, салтанатты сәтке байланысты галереядағы әйелдердің дауыстары еріксіз шығын кетті. Осыған ызасы келгендей Феджин жылдам жоғары қарады да, бұрынғыдан да үлкен ынтамен алға қарай ентелей түсті. Оған қарата айтылған сөз салтанатты да, сұсты да еді; үкімді тыңдау да қорқынышты болатын. Бірақ тас мүсін сияқты бетіндегі бір еті жыбыр етпеді. Иегі салбыраған беті мен бақырайған көздері омсырайып, түрмеші. иығына қолын салып, шығар ауызға қарай бейімдегенше ол мойнын созып тұра берген. Ол төңірегіне жасқана қарап, анаған көне берді.
Оны сот залының астындағы тас еден төселген бөлмемен алып жүрді, онда қамауға алынғандар өз кезектерін күтіп, ал біреулері ашық аулаға шығар тор алдында топырласып тұрған достарымен әңгіме-дүкен құрысып жатты. Бірақ мұнымен тілдескен ешкім болған жоқ; ол жандарынан өте бергенде, торға жабысын тұрғандардан мұны қалқаламау үшін қамаудағылар ыдырай берді де, ал аналар мұны қарғап-сілеп, айқайлан, ысқырын жатты. Ол жұдырығын түйіп, айбат шегіп, түкіріп те жібермекші еді, бірақ жанына ергендер оны көмескі бірнеше шам жағылған түнерген дәлізбен түрменің түкпір жағына қарай әкетті.
Осы арада мұны үкім орындалмас бұрын өзін-өзі жазым ететін ештеңесі жоқ па екен деп тінтіп шықты, мұны тындырған соң оны сотталғандардың бір камерасына әкеліп, жалғыз қалдырып кетті.
Ол есікке қарама-қарсы орындық қызметін атқаратын тас отырғышқа отыра кетіп, қан толы көзімен еденге үңіліп, ойын жинақтауға тырысты. Біраз уақыт өткен соң ол соттың айтқанынан есінде қалған бір-біріне байланыссыз бірнеше сөзді ойына түсірді. Бірте-бірте сөйлемдер орын-орнына келген. Ұзамай ол соттың айтқанын түгел есіне түсірді. Жаны шыққанша асып қою — үкім осындай болатын. Жаны шыққанша мойнынан дарға асып қою.
Әбден қараңғы түскен соң ол жаза орнында өлтірілген өзіне таныс адамдар туралы ойлай бастады, — кейбіреулеріне өзінің де қатысы болыпты. Олар көз алдынан зырқырай жүріп өткені соншалық, ол әзер санап үлгірген. Бұл олардың кейбірінің қалай өлгенін көріп күлген-ді, себебі, олар ауыздарынан дұғаны тастамай көз жұмған. Тақтай қандай тарсылмен құлап, олар мығым да дені сап-сау жандарды қалайша тез теңселіп тұрған бір бума киімге айналдырып жібереді десеңші!
Мүмкін, солардың біреулері тан осы камерада, тап осы жерде отырған да болар. Тым қараңғы еді, неге жарық әкелмейді? Бұл камера талай жыл бұрын тұрғызылған. Шамасы талай ондаған адамдар осы арада соңғы сағаттарын өткізген болар. Тап бір өлі денелер төселген көрлақатта отырған сияқтысың — бүркенгіш, тұзақ, байланған қол мен бет-жүзін бұл тіпті осы қараңғылық арасынан-ақ танып отыр... Жарық, жарық әкеліңдер!
Ақыры бұл ауыр есік пен қабырғаны соққылап, қолын қанатып алған кезде екеу кірді, шырақ әкеле жатқан біреуі онысын қабырғаға бекітілген темір шырағданға орнатты, екіншісі тұтқынды енді жалғыз қалдырмайтын болғандықтан, ұйықтау үшін төсеніш сүйреп кірген.
Ұзамай қараңғы да, тылсым, жан жабырқатқан түп келді. Жан-тәні ширақ біреулерге шіркеу сағатының соққанын есту қуаныш еді, себебі, ол келесі күнгі өмірдің хабаршысындай. Бұған тек торығу ғана әкелген. Мыс қоңыраудың «бум» деген әрбір дыбысы оған «анал» деп естілгендей. Тіпті мұнда отырған бұған да жеткен қам-қарекетсіз таңның у-шуы мен әбігерінен не пайда? Бұл келемеж бен сақтандыру қоса араласқан ажал хабаршысы еді.
Күн өтті. Күн бе? Ешқандай күн болған жоқ, ол келе сала тез өте шыққандай — қайта түн келді, сондай ұзақ, әрі сондай қысқа түн, зәрені алар мылқаулығымен ұзақ, зымыраған сағаттарымен қысқа түн.
Ол біресе жынданып, құдайға тіл тигізіп, өкіріп шашын жұлды. Оның құрметті діндестері мұнымен бірге дұға оқуға келіп еді, бірақ ол қарғап-сілеп оларды қуып тастады. Олар тақуалық әрекеттерін іске асыруға тағы тырысып көріп еді, бірақ бұл қуып шықты.
Сенбіден жексенбіге қараған түн. Енді бір түндік өмірі ғана қалды. Ол осыған ой жіберіп болғанша, жексенбінің күні келген.
Тек осы сұмдық күннің соңғы кешінде ғана ол қандай да болмасын кешірімге үміттенгеннен емес — ол осы уақытқа дейін жаңын қалған ажалды бұлдыр ғана елестеткен. Өзін бақылап, бірін бірі ауыстырып тұрған екі кісімен де аз сөйлесті, аналар да мұның көңілін бөліп жатпады. Ол қиялданын, ояу отырды. Кейде ол аузын арандай ашып, орнынан атып тұрып, тұла бойы күйіп-жанып, қорқыныш пен ашу-ызадан әрлі-берлі зыр жүгіргені соншалық, мұндай құқайдың талайын көрген ана екеуінің өзі бұдан шошына ыршып түсетін. Ақыры таза емес өз ар-ұяты жанып жеген оның қорқынышты болғаны соншалық, жалғыз адам онымен жүзбе-жүз қалуға тәуекел етпей, екеулеп күзететін болды.
Ол тас төсегіне бекініп, өткенін ойлап кетті. Тұтқынға алынған күні ол топтан лақтырылған бір затпен жараланып, басын дәкемен таңып алған. Сары шашы қан-сол жоқ жүзіне салбырап тұр; өскен сақалының бірнеше түбі жұлынған; көзі қорқыныштан оттай жанып тұр, жуылмаған беті жарылып кеткен. Сегіз... тоғыз... он... егер бұл мұны қорқытайын деген бірдеңе емес, бірін бірі өкшелеп келе жатқан сағат болса, тілі тағы бір айналын шыққанша бұл қайда болар екен! Он бір! Тағы соқты. Сегізде бұл ажал сапарының жалғыз жылаулары болмақ. Он бірде...
Қаншама айтып-жеткізгісіз қайғы-мұңды тек жұрт көзімен ғана емес, сондай-ақ адамдардың ойынан да өте жиі, өте ұзақ уақыт жасырып келген Ньюгеттің қорқынышты қабырғалары ешқашанда бұдан сұмдық көріністі білмеген-ақ шығар. Бұл арадан өте беріп, жүрісін баяулата дарға тартуға үкім шығарылған адам не істейді екен деп өзіне өзі сұрақ, қойғандар егер мұны көруге мүмкіндіктері болса бұл түні ұйқылары қашар еді.
Кештен бастап түн ортасына дейін екі-үш адамнан тұратын кішкентай топтар қақпа алдына келіп, жұрт әбігерленген пішінмен өлім жазасы кейінге қалдырылған жоқ па деп сұрастырып жүрді. Олай емес деген жауап алған олар бұл хабарды көшеде жиналған өзге топтарға білдіріп, бір-біріне оның шығуға тиіс жерін, жаза орнын көрсетіп, сонан соң бұл көріністі көз алдарына ойша елестетіп, арттарына жалтақтап, зорға кетіп бара жатты. Олар бірте-бірте тарап кетті де, бір сағаттың ішінде көшеде тірі жан қалқан жоқ.
Түрме алдындағы алаңқайдан адам арылып, тобырдың көпірін бөгеу мақсатымен қараға боялған бірнеше мықты сырғауыл алдын ала қойылған кезде, есік алдына мистер Браунлоу мен Оливер келіп, бір шерифтің қолы қойылған қамаудағы кісімен жолығысуға рұқсат қағаздарын көрсетті. Оларды дереу қақпашының бөлмесіне кіргізді.
— Мына жас жентльмен де бара ма, сэр? — деп сұрады бұларды ертіп жүру тапсырылған адам. — Ол балалардың көретін нәрсесі емес, сэр?
— Дұрыс айтасыз, достым, — деді мистер Браунлоу, — бірақ мені осындағы адамға алып келген іске баланың тікелей қатысы бар, бала оны дәуірлеп, зұлымдығын іске асырып тұрған кезінде көргендіктен, бұған қорқыныш пен жан азабын әкелсе де қазір оны көргені пайдалы болар деп есептеймін.
Бірнеше сөз шеткерек шығарып айтылғандықтан — Оливер оны ести алмады. Әлгі кісі шляпасына қолын тигізіп, Оливерге әуесқойлықпен қарап қойды да, өздері кірген қақпаға қарама-қарсы өзге бір қақпаны ашып, бұларды қараңғы да жықпыл-жықпыл дәліздермен камераларға бастай жөнелген.
— Міне осы жерден, — деді ол, екі жұмысшы үн-түнсіз әлдебір даярлықтарымен айналысып жатқан күңгірт дәлізге тоқтап, — ол міне осы жерден өтеді. Ал егер мұнда қарасаңыздар, ол шығатын есікті көресіздер.
Ол бұларды түрме тағамдарын пісіретін мыс қазандар қойылған тас еденді ас үйге ертіп келді де, есікті нұсқады. Оған торланған есік орнатыпты, сол жақтан балға тарсылы мен салдыр-гүлдір құлаған тақтай үніне қоса дауыстар естілді. Осы арада жаза тұғырын орнатып жатқан.
Әрі қарай олар ішкі жағынан өзге түрмешілер ашқан бірнеше нән қақпалардан, одан кейін ашық ауламен өтіп, тар баспалдақпен сол жағына есіктер орналасқан дәлізге кірді. Оларға осы арада тоқтауға белгі беріп, түрмеші есіктің бірін кілттерімен қаға бастады. Екі күзетші сыбырласа, аз-кем бой жазатындарына қуанғандай дәлізге шығып, келгендерге түрмешінің соңынан камераға кіруге ұсыныс жасады. Олар кірді.
Сотталған кісі теңселіп, отырғышта отырған; сықпыты адамдікінен гөрі қамаудағы аңға ұқсайтын еді. Шамасы, оның ой-қиялы өткен шақта жүрсе керек, себебі ол тынымсыз бірдеңелерді міңгірлеумен болды, келгендерді де өз қиялының қатынасушылары санағандай.
— Тамаша бала, Чарли, еппен істеген... — деп міңгірледі ол. — Оливер де ха-ха-ха... Оливер де... Ол қазір тіпті жентльмен бон алған... мүлде жентль... Мына баланы ұйықтауға әкетіңдер!
Түрмеші Оливерді қолынан ұстап, қорықпа деп сыбыр ете түсті де үнсіз қарап тұрды.
— Ұйықтауға әкетіңдер оны! — деп айқайлады Феджин. — Біреуің естіп тұрмысыңдар мені? Осы... осы... бәріне себеп болған. Егер оны үйретсе, ақша бермек... Болтердің кеңірдегін... Билл, қызбен әлектенбеңіз... Болтердің кеңірдегін қиыңыз. Оның басын кесіңіз!
— Феджин, — деп дауыстады түрмеші.
— Бұл мен, — деп дауыстады еврей, соттағы күйіне қайта келіп. — Шалмын, милорд! Қаусаған, қаусаған шалмын!
— Тыңдаңыз, — деді түрмеші, оны тұрғызбау үшін қолын ананың кеудесіне салып. — Сізді көріп, бірдеңе сұрамақшы. Феджин! Феджин! Сіз еркек емессіз бе?
— Менің олай болуыма көп қалған жоқ, — деп жауап берді анау жындану мен қорқыныштан өзге ешқандай адамға тән сезім қалмаған жүзін көтере беріп. — Бәрін де құртыңдар! Мені өлтіруге олардың қандай хақысы бар?
Осы арада ол Оливер мен мистер Браунлоуды байқап қалды. Отырғыштың ең шетіне тығылып алып, оларға бұл арада не керек деп сұрады.
— Тыныш отырыңыз, — деді түрмеші оны әлі де ұстап тұрып. — Ал енді, сэр, айтарыңызды айтыңыз. Және жылдамырақ, себебі сағат сайын халі нашарлап барады!
— Сізде бір қағаздар бар, — деді оған жақындаған мистер Браунлоу, — оларды сақтау үшін сізге Монкс есімді кісі берген.
— Мұның бәрі жалған, — деп жауап қатты Феджин, — Менде бір де қағаз жоқ, бір де!
— Құдай үшін, — деп салтанатпен сөйледі мистер Браунлоу, — ажал табалдырығында тұрып олай демеңіз! Қайда екенін маған айтыңыз. Сайкстің өлгенін, Монкстың бәрін мойнына алғанын сіз білесіз ғой, енді одан қандай да болмасын пайда көруге үміт етудің жөні жоқ қой. Ол қағаздар қайда?
— Оливер, — деп айқайлады Феджин баланы өзіне шақырып, — Мұнда кел, мұнда! Мен сіздің құлағыңызға бірдеңе айтам.
— Мен қорықпаймын, — деді Оливер ақырын ғана, қолын мистер Браунлоудан босатып алып.
— Қағаздар, — деді Феджин, Оливерді өзіне тарта беpiп, — қағаздар жоғарғы бөлмеде, камин үстіндегі тесіктегі кенеп қапқа тығылған... Менің сенімен сөйлескім келеді, қымбаттым. Мен сенімен сөйлескім келеді.
— Жақсы, жақсы, — деп жауап қатты Оливер. — Маған дұға оқуға рұқсат беріңіз. Өтінемін сізден! Бір дұға оқуыма рұқсат беріңіз, тізе бүгіп менімен бірге бір дұға оқыңыз, сонан соң біз таңға дейін әңгімелесеміз.
— Мына жаққа, мына жаққа, — деді Феджин, баланы есікке қарай итермелей, сасқалақтай қарағыштап. — Мені ұйықтауға жатты деп айт, олар саған сенеді. Егер осылай жүре берсең, мені алып шығасың. Ал, кәнеки, ал!
— О, құдайым, мына сорлыны кешіре гөр! — деп айқайлап жіберді бала көз жасына булығып.
— Тамаша, тамаша, — деді Феджин. — Бұл бізге жәрдем етеді. Алдымен мына есікке. Егер мен біз дар ағашының жанынан өте бергенде дірілдеп, қалшылдап кетсем, назар аудармай, жүрісіңді жылдамдат. Кәне, кәне, кәне!
— Сіз енді одан ештеңе сұрамайсыз ба, сэр? — деп сұрады түрмеші.
— Басқа ешқандай сұрағым жоқ, — деп жауап қатты мистер Брауилоу. — Менің бар үміттенгенім, ол өз жағдайын түсінсе деп ем...
— Одан үміт жоқ, сэр, — деді анау басын шайқап, — ең дұрысы мұны жайына қалдырыңыздар.
Камера есігі ашылды да, күзетшілер қайтып оралды.
— Жылдамдатыңыздар, жылдамырақ! — деп айқайлады Феджин. — У-шусыз, бірақ бөгелме! Тезірек, тезірек!
Адамдар оны бас салып, Оливерді қолынан айырып алып, кері қарай сүйреп кетті. Бір минуттай ол жанталаса қарсылық көрсетті, содан соң өгіздей өкіргені сонша, даусы тіпті қалың қабырғадан өтіп, келушілер аулаға шыққанша құлақтарында тұрып алды.
Олар түрмеден бірден кетіп қалған жоқ. Әлгі сұмдық көріністен кейін есінен танып қала жаздаған Оливер әбден әлі құрып, бір сағаттан астам уақыттай жүруге шамасы келмей қалды.
Олар кешеге шыққанда жарық түскен еді. Үлкен топ жиналып та қалған; барлық терезелерде ығы-жығы, уақыт өткізу үшін шылым тартып, карта ойнаған адамдар тұрды, топтағылар бірін-бірі қағып-соғып, таласып, әзілдесіп жатты. Taп ортадағы сұмдық дүниелер, қара тақтай, көлденең ағаш арқау, арқан және тағы басқа ажалдың тұла бойды түршіктірер өзге де құралдарынан басқаның бәрі қайнаған өмірден хабар бергендей еді.
LIII СОҢҒЫ ТАРАУ
Осы хикаяда көрінген адамдар тағдыры турасындағы әңгіме де бітуге жақын. Енді тарихшы айтуға тиіс аздаған дүниені біз қысқа да қарапайым ғана баяy етеміз.
Үш айдай өтпей-ақ Роз Флеминг пен Гарри Мэйли, бұдан былай жас священник қызмет етуге тиіс деревня шіркеуінде некелерін қидырды: тап сол күннен олар жаңа бақытты шаңыраққа иелік жасай бастады.
Миссис Мэйли өз ұлы мен келінінің қолына келіп, қалған ғұмырын құрметті кәрілікке тән рахатпен өткізуге ден қойған.
Тыңғылықты ақи-тақи тексергеннен кейін, егер Монкстың қолындағы шашылған қаржыдан қалғанын (ол мұның қолында да, шешісінің қолында да бір тиынға өспеген екен) оны мен Оливерге тең бөлсе, әрқайсысына тиетіні үш мың фунттан сәл ғана асады екен. Әкесінің өсиет қағазына сәйкес Оливер бар дүние-мүлікке иеленуге хақылы еді; бірақ мистер Браунлоу оның үлкен ұлын бұрынғы жаман қылықтарын тастап, адалдықпен өмір сүру мүмкіндігінен айырғысы келмей, тең етіп бөлуге ұсыныс жасап еді, бұған қамқорлығындағы бала да қуана келісті.
Сол жалған есімімен қолына тиген мұрасын алып, Жаңа Дүниенің ең қиыр бөлігіне кетіп қалған Монкс, ақшаны тез құртып алып, қайтадан сол бұрынғы жолға түсіп, алаяқтығы үшін түрмеге түсті де, онда ұзақ болып, бұрынғы науқасы ұстап өліп кетті. Тап осылайша Отандарынан алыста оның Феджин досының шайқасының аман қалған мүшелері де көздерін жұмды.
Мистер Браунлоу Оливерді бала ғып алды. Өзінің қайырымды достары тұратын приход үйінен бір милдей аралықта ол баламен және қартаң экономикамен орналасып, өзіне берілген және өлердей жақсы көрсетіп Оливердің әлі де қанағаттана қоймаған жалғыз тілегін орындады, сөйтіп, кішкентай қауым бірге жиналып, мына қым-қуыт заманда қаншалықты мүмкін болғанынша бақытты тұрмыс құрып жатты.
Жас жұбайлардың тойынан кейін көп ұзамай Чертсиге оралған құрметті доктор өзінің ескі достарынан айырылып қалғандықтан егер өзі соған бейім болғанда сарыуайымға салынып, уайымшыл жанға айналып кетер ме еді. Екі-үш ай бойы ол мұндағы ауа райы денсаулығыма кесірін тигізбес пе екен деген емеурінмен ғапа шектелген; ал сонан соң бұл ара өзі үшін бұрынғыдай тарту күшін жоғалтқандығына көзі жеткен соң жұмысын көмекшісіне беріп, өзі жас досы пастор болып істейтін деревня шетіндегі бойдақтар коттеджіне орналасып еді, заматта жазылып кетті. Бұл арада ол бақ өсірумен, ағаш отырғызумен, балық аулаумен, ағаш шеберінің ісімен және басқа да толып жатқан шаруаларға өзіне тән қызығулықпен кірісіп кетті. Барлық кәсібімен ол бүкіл округте үлкен беделге ие болды.
Мұнда қоныстанбас бұрын да мистер Гримуигке деген достық сезімі ерекше еді, бұған ана жентльмен де шын ниетімен құлшынған. Сондықтан да жыл бойы мистер Гримуиг оған өте жиі келіп тұрады. Және келген сайын мистер Гримуиг ағаш отырғызып, балық аулайды және барын салып ағаш өңдеумен айналысады, мұның бәрін ол өте тұрпайы, әрі біртүрлі істейді; бірақ өз тәсілі — ең дұрысы деген сүйікті сөзін де қайталай жүреді. Жексенбі сайын жас священпикпен әңгімелескенде ол міндетті түрде оның уағызын сынайды да, артынша мистер Лосбернге өте құпия түрде әлгі уағыздарды өте керемет деп санайтынын, бірақ бұлай айтуды қажет деп есептемейтінін айтып отырады. Мистер Браунлоудың үнемі, жақсы көріп, көңіл көтеретін нәрсесі — досының Оливерге байланысты пайғамбарлығына күліп, алдарына сағатты қойып, баланың оралуын күткен сол бір кешті ананың есіне түсіру. Бірақ мистер Гримуиг негізінде менікі дұрыс болды ғой деп жеңістік бермейді де, дәлеліне Оливер дегенмен де оралған жоқ қой дегенді келтіреді, бұнысы әрқашанда алдымен өзін күлдіріп, жанын жаймашуақтандырып жібереді.
Феджиннің қылмыстарын көрсетуінің арқасында соттан кешірім алған мистер Ноэ Клейпол кәсібінің өзі тілегеніндей тым қауіпсіз еместігіне көзі жеткен соң, алғашында шектен тыс жұмыспен өзін бұғауламай тіршілік етуге қаржыны қалай табарын білмеді. Аз-кем ойланғаннан кейін ол өзіне мәлімдеушінің қамытын киіп, әжептәуір табыс көзін ашты. Оның әдісі мынаған саяды: аптасына бір мәрте, шіркеуде құдайға құлшылық етіп жатқан кезде әжептәуір киініп, Шарлотт екеуі серуенге шығады. Леди қандай болмасын бір жүрегі жұмсақ трактиршінің есігінің алдында есінен танып құлап қалады да, жентльмен оның есін жиғызу үшін үш пенске бренди алып, келесі күні тиісті орынға жеткізеді, айыпқа алынған ақшаның артығын қалтаға басады. Кейде мистер Клейполдың өзі естен танатыны бар, бірақ, нәтижесі біреу-ақ.
Қызметтерінен айрылған мистер мен миссис Бамблдар шектен шыққан арлы, аянышты жағдайға жетіп, ақыры кезінде өздері өзгелерге қожалық еткен сол жұмыс үйіне жарлылар есебінде орналасқан. Мистер Бамбл тағдырдың мұншама тұрақсыздығы мен қорлығы тіпті жұбайынан айрыла қалған күннің өзінде соған қуануға бөгет боп жүр дегенді айтады екен деседі.
Мистер Джайлс пен Бритлске келсек, олар бұрынғысынша өз орындарында, тек біріншісінің басы едәуір қасқаланып, ал айтылмыш жігіттің шашы мүлде ағарып кетті. Олар приход священнигінің үйінде түнейді, бірақ өз назарларын мұның тұрғындарына да, Оливерге де, мистер Браунлоу мен мистер Лосбернге де бірдей аударатын болғандықтан, тұрғылықты жұрт осы уақытқа дейін бұлар негізінде кімнің қызметінде екендігін ажырата алмай жүр.
Сайкстің қылмысынан зәресі кеткен Чарльз Бейтс осы адал өмір сүрген жақсырақ емес пе екен деген ойға қалған. Айтары жоқ, тап солай деген қорытындыға келген ол өткенімен ат құйрығын кесісіп, қандай болмасын бір қызметпен айналысып, оның тігісін жатқызбақ болды. Бастабында оған қиын да тиген, жоқшылыққа да төтеп берді, бірақ жайбарақат мінезімен ерекшеленетін ол, тамаша мақсат қуа жүріп, ақыры дегеніне жетті, фермада батырақ болып, арбакешке көмекші боп жүріп, ол енді бүкіл Нортхемптопширдегі ең көңілді, жас мал өсірушіге айналды.
Жұмыстың аяқталып қалғанын сезінген сайын осы жолдарды жазып отырған қол дірілдей бастайды, және бұл оқиғалардың жібін ол шын ықыласымен әрі қарай соза да берер еді.
Мен ұзақ уақыт араласқандардың біразымен амалсыз айырылысам, әрі қарай суреттеуге талаптансам, олардың бақытын қуана-қуана бөлісер ем. Мен Роз Мэйлидің құлпырып тұрған дер шағын, жас әйел болған кезін көрсетіп, өз жүріп келе жатқан тып-тыныш өмір жолына жұмсақ та мерейлі жарық шашатынын, оның мұнымен бірге жүргендердің бәріне түсіп, жүректеріне сәулесін сепкенін көрсетер едім. Мен оны қыста семьялық ортада, ошақ басында, жазда көңілді топта өмір мен қуаныштың қосындысы есебінде суреттер едім, күні шақырайған далада тал түсте соңынан қалмай, ай сәулесі төгілген кешкісеруен кезінде оның жайлы да жұмсақ үніне құлақ салар ем, мен оның әрқашанда мейірімді, жұмсақ жүрегін үйінен тыс жерде, және жымия күліп, шаршап шалдықпай ошағының басында өз міндетін орындап жатқанын да жалықпай бақылар едім, бір-бірін өлердей жақсы көретін қыз бен оның марқұм әпкесінің сәбиі екеуінің талай сағаттарды бірге өткізіп, өздері қайғылы жағдайда көз жазып қалған достарының келбетін өз ойларында бейнелейтінін жазар ем; оның тізесіне басын сүйеген қуанышты жүздерді тағы көріп, айтқандарына құлақ салар едім: мен сыңғырлаған күлкіні, момын көгілдір көзіндегі жарқ-жұрқ еткен мейірімнің көз жасын еске түсірер ем. Осы бір мыңдаған көзқарастар мен жымиыстарды, ойлар мен сөздерді — бәрін де қайтадан тірілтер едім.
Мистер Браунлоу асырап алған ұлының ой-өрісін күнделікті білімінің қазынасына кенелтіп, оған қаттырақ бауыр басқандығын, баланың әкесі қандай боп өсуін қаласа, сондай боп жетіліп, өсіп келе жатқандығы жайында баяндар едім. Оның баланың, бойынан жас шағының досына ұқсастықтар тапқанын, бұлардың кеудесінен түре келген өткен күндер елесі мұң әкелетінін, бірақ олардың тәтті әрі көңіл орнықтырар екендігін; тағдырдың құбылмалылығын бастарынан өткізген қос жетімнің одан тиісті сабақ алып, жұртқа жанашырлықты ұмытпай, өздерін қорғап-қорғаштағандарға зор алғыс сезімі мен ыстық махаббаттары жөнінде айтар едім. Дегенмен мұның бәрін айтудың қажеті де жоқ. Мен олар шынайы бақытқа жетті деп айттым ғой, ал қайырымдылық пен жұрттың бәріне ізгілікті ту етіп ұстағандарға терең махаббатсыз, кеңпейілділік пен зор алғыс сезімінсіз шынайы бақытқа жетуге болмайды.
Ескі деревня шіркеуінің бөлмесінде тұрған ақ мәрмәр тақтаға әзірге «Агнес» деген бір ғана сөз ойылып жазылған. Бұл лақапта табыт та жоқ, мұнда тағы бір өзге есім пайда болғанша көп-көп жылдар өтсін! Егер өлгендердің рухы қашанда болмасын жерге оралып, өздері тірі кездерінде білетіндердің ажалға да мойынсұнбаған махаббатымен сәулеленген тұсқа келсе, Агнестің көлеңкесі анда-санда осы қасиетті бұрышты паналайтындығына сенем. Тірі кезінде әлсіз, адасқан қыз болса да оның осы көрлақатқа келетініне сенімім кәміл.
Соңы.