23.03.2021
  411


Автор: Чарльз Диккенс

Жеті жасар Алисия Рейнбердтің қаламынан туған таңғажайып ертегі


Диккенс мен үшін алдында ізетпен бас иер жазушым болып қала береді.



А. М. Горький




Бағзы бір кезде король мен королева өмір сүріпті. Король еркек кіндік атаулының ең ер жүрегі де, королева әйел затының ең сұлуы екен. Жалақыны король басқармада қызмет етіп тауып тұрады. Ал королева деревнядан шықса керек, әкесі село дәрігері болыпты.

Олардың балалары үпір-шүпір көбейе келіп, ұзын саны он сегізге жетеді. Балалардың он жетісі кішкентай кенжесін күтсе, қалғандарының бәрін ең үлкені Алисия қарайды. Кішкентай кенже жеті айлық та, бас көтерер үлкені жеті жаста болады.

Кәне, енді қандай оқиға болғанына құлақ салыңдар.

Бірде басқармаға бара жатып король жол-жөнекей балық сатушыға соғады. Бір жарым фунт төлеп, королева (ол үй шаруасына тиянақты да үнемшіл әйел еді) тапсырғандай, бекіренің құйрығынан біраз жоғары тұстан шапқызып, сатып алған азығын үйге жеткізіп салуды тапсырады. «Әлбетте, мырза, басқа ештеңе қажет емес пе? Қайырлы таң!»—дейді балық сатушы Пикклз жалпылдап.

Еңсесі түскен король басқармасына қарай аяңдайды, өйткені жалақыға жеткенше әлі көп күн бар еді, ал аяулы сәбилерінің біразына киімдері тарылып барады. Алайда бірер аттағанша болған жоқ, оны мистер Пикклз дүкенінің қолғанат баласы қуып жетті.

— Мырза, біздің магазиннен әлгінде бір егде әйелді байқай алдыңыз ба?—деп сұрады ол.

— Қайдағы егде әйел?—деп қайран қалды король.— Ешқандай егде әйелді көргенім жоқ.

Король оны көре алған жоқ, өйткені ол әйел корольдің көзіне көрінбейтін сиқыр еді. Ал бала әйелді көріп қалды. Зайыры, екі табан балықты астауға шайқап жатқанда, су шашырап, көйлегімді бүлдіріп жүрмесін деп, ол мұның көзіне әдейі көрінсе керек.

Сөйткенше, әлгі әйелдің өзі де келіп қалды. Үстіндегі күнге құбылып жалт-жұлт еткен жібек көйлегі көздің жауын алады, тұла бойынан хош иіс аңқып тұр.

— Шамалауымша, Бірінші Уоткинс король сіз боларсыз?— деп сұрады әлгі әйел.

— Иә, менің атым Уоткинс,— деп жауап берді король.

— Қателеспесем, айдай сұлу Алисияның әкесі сіз боларсыз?

— Алисияның ғана емес, асықтай он сегіз баланың әкесімін,— деді король.

— Мен білсем, қазір ғой басқармаға бара жатырсыз,— деп қойды жаңағы әйел.

Король сонда алдында тұрған мына әйел пері болар, әйтпесе осының бәрін қайдан біле береді деген ойға келді. Осылай ойлап үлгергенше, әйел тіл қатты:

— Ойыңыз дұрыс. Ніл дария атты қайырымды ұлы перизатыңыз мен боламын. Зейін қойып, сөзіме құлақ салыңыз. Соңына түстік ішуге үйге оралғанда, абайлап қана Алисияны шақырып, әлгі сатып алған бекіреден дәм тат деңіз.

— Мүмкін, мұның оған зияны бар шығар,— деп қалды король.

Осынау мысқылды пікірдің егде әйелді сабасынан шығарып шамдандырғаны сондай, үрейі ұшқан король тағзым етіп, кешірім сұрауға мәжбүр болды.

— Қайда барсаң анау да зиянды, мынау да зиянды деген жаңсақ пікірден құлағың сарсиды!— деді мүлдем жақтырмай қалған егде әйел.— Меніңше, бәрін де сыпырып-сиырып өзіңіз жеп қойғыңыз келіп тұр ғой. Мешкей деген жақсы ат емес.

Бар кінәні үнсіз тыңдап, көзімен жер шұқыған король енді қайтып мұндай пиғылдан аулақ болуға уәде етті.

— Алдағы уақытта өзіңізді дұрыс ұстай біліңіз,— деді Ұлы перизат Нілдария,— ендігәрі қайталаушы болмаңыз. Айдай ару Алисия бекірені жегеннен кейін, меніңше, жеуге тиіс,— табақта қалған сүйекке көзіңіз түседі. Сонда қызыңызға әлгі сүйекті алып тазалап, кептіріп, анықтай жалтырағанша ысқыла деп тапсырыңыз. Сүйекті ол ұқыптап сақтасын, себебі бұл менің тарту-сыйым.

— Болғаны осы ма?—деп сұрады король.

— Не деген шыдамсыз едіңіз,— деп корольдің бетін қайтарып тастады Ұлы перизат Нілдария.— Киліге бермей, жұрттың айтарын айтқызсаңызшы. Әй, осы үлкендер-ай, өмір бақи ауыздан қағады да отырады.

Король тағы да тұнжырап жерге қарап, қайтып ешқашан сөз бөлмеуге уәде берді.

— Алдағы уақытта өзіңізді дұрыс ұстаңыз,— деді Ұлы перизат Нілдария,— ендігәрі қайталаушы болмаңыз. Алисияға менің жүрек жарды сәлемімді айтыңыз. Мынау бір-ақ мәрте пайдаланатын менің сиқырлы сыйым деңіз, бұл сүйек оған не тілесе соны береді, тек оны керегінде ғана уақытымен сұрасын. Міне, менің сізге айтар аманатым осы. Мұны нақпа-нақ бұлжытпай орындаңыз.

Король тек тұрмай:

— Мұның себебін сұрауға бола ма екен?— деп қалмасы бар ма.

Осы арада перизат терісіне сыймай ашуланып, ал кеп шала бүлінсін.

— Мырза, сіз өзіңізді дұрыс ұстай аласыз ба, әлде жоқ па!—деп тепсінді баж ете түскен ол.— Себептен-себеп іздеп жүретіндеріңіз не осы. Себебі қандай дейді-ау, ә? Себепшілін бұлардың! Ересектердің осындай орынсыз сұрағы мезі етіп бітті.

Егде әйелдің мынау долы ашуы корольдің әбден зәресін ұшырды. Көңіліне келер сөз айтып қалғаны үшін кешірім өтініп, енді қайтып ешқандай себеп жайын сұрамайтынын білдіреді.

— Алдағы уақытта өзіңізді дұрыс ұстаңыз,— деді әйел тағы да қадап,— ендігәрі қайталаушы болмаңыз.

Осы сөзді айтып Ұлы перизат Нілдария ғайып болды, ал король басқармаға жеткенше жүріп келеді, жүріп келеді, жүріп келеді. Басқармаға келген соң қашан үйіне қайтқанша жаза берді ол, жаза берді, жаза берді. Үйінде ол перизаттың бұйрығы бойынша абайлап қана Алисияны шақырып алып, бекіреден дәм татуын өтінді. Алисия бекірені рақаттана жеп болған соң, табаққа көз тастаған ол перизат айтқандай-ақ онда жатқан сүйекті көрді. Король Алисияға перизаттан есіткенін түгел айтып берді. Қыз да кідірмей сүйекті кептіріп, тазалап, қашан анықтай жалтырағанша ысқылай берді.

Енді бірде таңертең төсектен тұрып жатқан королева: «Құдайым-ай, құдайым-ай! Басым айналып барады ғой!»—деп шыңғырып ес-түссіз құлап түсті.

Ертеңгі астың жайын ақылдасқалы ойда жоқта келіп қалған Алисия анасын мынадай күйде көріп, қатты абыржып қалды да, жалма-жан қоңырау қағып Пеггиді шақырды. (Күтуші әйелді осылай атайтын). Алайда мұрынға иіскетер тұз салған шишаның қайда тұрғаны есіне түсіп, астына орындық қойып жоғарыдан оны алды. Сосын тағы бір орындыққа шығып, шыны құтыны королеваның танауына жақындатты. Секіріп түсіп су алып келді. Орындыққа қайта шығып королеваның маңдайына су басты. Осы кезде қартаңдау келген мейірімді күтуші әйел бөлмеге кірді. Ол:

— Қандай епті едің! Мен өзім болсам да бәрін дәл осылай көз ілеспес шапшаңдықпен атқара алмас едім!—деп Алисияға алғыс айтты.

Бірақ қатердің беті мұнымен қайта қойған жоқ. Қайырымды королева шынымен қатты науқастанып, ұзақ төсек тартып жатты. Алисия болса, өзге он жеті принц пен принцессаға бас-көз болып, бір-бірімен қақтығыстырмай, бәрін өзі киіндіріп, өзі шешіндіреді, кішкентай кенжені ойнатады, қазанға су қайнатып, сорпа жылытады, пеш тазалайды, оның үстіне уақытында дәрі-дәрмегін беріп, королеваны күтеді. Шаршап-шалдыққанына қарамай, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп, бәрін ертелі-кеш өзі істейді. Істемей қайтсін, бұл сарайда қызметші деген аз, себебі, біріншіден, корольдің өзі ауқатты адам емес, екіншіден, басқарма әлі үстеме ақы беретін түрі жоқ, үшіншіден, жалақы алатын күн көзге әрең ілінетін аспандағы жұлдыздай өте алыс.

Сонда королева ес-түссіз құлайтын таңертеңгілік сәтте әлгі сиқырлы сүйек қайда болды дейсіз ғой? Әрине, Алисияның қалтасында болды ол. Королеваның есін кіргізу үшін ол сүйекті қалтасынан ала берді де қайта салып, мұрынға иіскетер тұз тұрған құтыны іздеді.Ал сол күні таңертең королева өзіне-өзі келіп қалғып кеткенде, Алисия жүгіріп жоғарыға шықты. Ондағы ойы жоғарғы қабатта тұратын, оны өзінен өзге тірі пенде білмейтін, ең үлкен сырласы герцогинямен құпия түрде ақылдасып алу еді.

Осынау астыртын зор құпия сиқырлы сүйектің сыры болатын. Ол жайында бастан-аяқ Алисия өзі айтқандықтан, герцогиня жақсы білетін. Ол үлде мен бүлдеге малынып, төсекте бақырайып жатқан герцогиняның жанына тізерлеп отыра қалып, өзінің құпия сырларын сыбырлап айта бастады. Герцогиня жымиып, басын изеді. Герцогиня осылай жымиып, бас изей береді екен деп ойлап қалмаңыздар, оның мұнысын қыздан басқа бір жан білген емес.

Содан соң Алисия королеваның қасында отыра тұрғалы жүгіріп ізінше төмен түсті. Королеваның жанында ол көбіне жалғыз отырып жүрді. Ал королева сырқат кезде күнде кешкісін ол корольмен бірге отыратын-ды. Күнде кешкісін король оның неге сиқырлы сүйекке сиынып көмек сұрамайтынына қайран қалып, көзінің қиығымен Алисияға қарайтын еді. Осыны сезген сайын қыз жүгіріп жоғарыға шығады да, герцогинямен сырласады, сондағы жазбай қайталайтыны: «Бәрі де сәбилерді ақылы жоқ ақымақ деп ойлайды». Оған жауап ретінде бойында тәрбиелілік тұнып тұрса да, герцогиня көзін қысатын.

— Алисия,— деді бірде король кешкісін қызы қайырлы түн деп кетіп бара жатқанда.

— Иә, папа.

— Сиқырлы сүйек не болды өзі?

— Қалтамда, папа.

— Оны сен жоғалтып алған шығар деп жүр едім.

— О не дегенің, папа.

— Соны ұмытып кеткен жоқсың ба?

— Жо-жоқ, папатай!

Міне, енді бірде көрші ауладағы қабаған төбет мектептен келе жатып есік алдына аялдаған кішкентай принцтің біреуіне тарпа бас салмасын ба. Кішкентай принц үрейі ұшып, қолымен есіктің шынысын тірей құлап, сұмдық, тіпті сұмдық жараланады. Оның қатты, сұмдық қатты жараланғанын көргенде қалған он жеті бауырларының есі шығып, шырылдап жылап қоя береді. Он жетісінің де бет-аузы көгеріп-сазарып кетеді. Ал Алисия барлығының аузын кезек-кезек қолымен жауып, королева ауырып жатқанда шу шығармаңдар деп көндіреді. Содан соң легенге таза салқын су құйып, інісінің жаралы қолын малғанда оны екі жердегі он жеті (төртті алсақ үші ойда, болады отыз төрт)— отыз төрт көздің бәрі әпкелерінің қолда шыны сынығы бар-жоғын қалай тексеріп жатқанына қадала қараған. Сәтін салғанда, әйтеуір, аман екен. Көңілі орныққан ол енді кіп-кішкене, тығыршықтай топ-толық екі інісіне: «Қиынды салынған король қоржынын әкеліңдер,— деді.— Өзім кесіп, өзім қиып, өзім пішіп, өзім тігіп бірдеңе ойластырмасам болмас». Қос бала қиынды салынған король қоржынын тауып ап, сүйретіп алып келеді. Ізінше Алисия да қолына үп-үлкен қайшы мен ине-жіп алып, кесіп, қиып-пішіп, тігіп дегендей жараны таңатын шүберек жасап, інісінің қолын тап-тұйнақтай етіп таңып бере қойды. Бар шаруа тынған тұста, қыздың көзі есік аузында өзіне аңырайып қарап тұрған әкесіне, корольға, түседі.

— Алисия.

— Иә, папа?

— Не істеп жатырсың?

— Кесіп, қиып-пішіп, тігіп дегендей өзім бірдеңе ойластырып жатырмын да.

— Сиқырлы сүйегің қайда?

— Қалтамда, папа.

— Сен оны жоғалтып алған шығар деп жүр едім.

— О не дегенің, папа.

— Ұмытып кеткен жоқсың ба, әйтеуір?

— Жо-жоқ, папатай!

Содан соң ол жоғарыға, герцогиняға жүгіріп барып, не болып, не қойғанын тегіс айтып берді. Тағы да құпия әңгімеге көшті. Герцогиня зығыр түсті бұйра шашын сілкіп тастап, бұлтиған аузын жия алмай күлді дейсің.

Ал енді бір кезде ең кенжелері пештің тепкіншегінен құлап түспесі бар ма. Он жеті іні-сіңлілерінің бәрі де пеш пен сатыдан құлап, баяғыдан бері әбден үйреніп кеткен. Сондықтан мұндайға үйренбеген кішкентайдың беті ісіп, көзінің алды көгеріп шыға келді. Бишара бала Алисияның алдында отырса, құламас еді ғой (бұл кезде ол кір-қожалақ алжапқыш байлап алып, ас үйдегі қазандық басында сорпаға салатын тарна аршып отырған). Өйткені корольдің аспаз-бикесі жар дегендегі жалғыз жан сүйері болған қайдағы бір сорайған солдатпен бірге қашып кетіп, сол күні ас әзірлеу тауқыметі Алисияның мойнына түскен. Жайшылықта да еңіреп ауыз жаппайтын он жеті іні-сіңлілер, әрине, азан-қазан. Алайда Алисия (шыдамай өзі де жылап алған) өзіне өзі дем беріп, іні-сіңлілерін королеваның тез жазылуына бөгет жасамауларын, дымдарын шығармай, дереу тыйылуларын талап етті. Королева науқастан айыға бастаған. Алисия: «Шуламаңдаршы, ұлардай шулаған немелер, кенжені өзім тексеріп шығайын!»—дегенді. Баланы әрлі-берлі қарап көріп еді, сынық ол-пұлдан аман екен. Көгеріп кеткен көзіне салқын өтекті баса қойып еді, сәби әпкесінің қолында ұйықтады да қалды.

Қолы жіпсіз байланған ол он жеті іні-сіңлілеріне: «Мен мынаны оянып кетсе тағы да ауырсынып жылай ма деп, қолдан түсіруге қорқып отырмын. Егер сендер тәртіпті болсаңдар, бәріңнің де аспаз болуыңа мұрсат етер едім»,— деді.

Осыны естуі-ақ мұң екен, сәбилер қуаныштары қойындарына сыймай секіріп, ескі газеттерден өздеріне аспаз қалпағын жасауға кірісті. Міне, ол біреуіне — тұз сауыт, біреуіне — арпа талқан, біреуіне — көкөніс, біреуіне — тарна, біреуіне — сәбіз, біреуіне — пияз беріп, енді біреуіне тұздық жасауды тапсырды. Сөйтіп, не керек, бәрі де аспаз болып әуреге түсті де қалды, өзі болса дәрінің ортасында кір-қожалақ алжапқышын байлап, кішкентай кенжені әлдилеп отыр.

Сорпа әп-сәтте әзір болды, ол арада кенже де оянып, періштедей масайрап жымиды. Оны ұстауға інілердің ішіндегі ең бір орнықты, тапжылмас табандысына берді. Ал қалған іні-сіңлілері бір бұрышқа тығылып алып Алисияның сорпаны қалай құйып жатқанын бақылады. Олар сорпа үстеріне шашырап күйдіріп кетер деп үрейленеді (қит еткенге зәрелері ұшып үрпие қалатын әдеттері). Сорпа құйылып болып, буы бұрқырап дәмді иісі мұрындарына келгенде, барлығы алақайлап қол соқты. Оларға еріп кішкентай кенже де қол шапалақтады, тісі ауырғандай екі ұрты томпиып, оның түрі көрген жанның күлкісін келтіретіндей еді. Барлығы да қыран күлкі.

Алисия оларға: «Күле беріңдер, бірақ өздерің де тәртіпті болыңдар,— деп ескертті.— Түскі астан кейін кішкентайға бұрыштан қоршау жасап беріп, сонда отырғызып қояйық та билейік, ол он сегіз аспаздың биін тамашаласын»,— деді. Басқаларға бұл ұсыныс қатты ұнады да, олар сорпаны тік көтере ішіп, аяқ-табақтарды жуып, дастарқанды жиып, үстелді бұрышқа ысырып, барлығы аспаз қалпағын киіп алып, Алисия қалың алжапқышын байлаған қалпы, кішкентайдың алдында он сегіз аспаздың биін билей бастады. Періштедей сәби бетінің ісігін де, көзінің көгергенін де ұмытып, қуанғанынан уілдеді де отырды.

Осы сәт Алисия, есік аузында бәріне қызықтай қарап тұрған, өз әкесі Біріншіні Уоткинс корольді тағы да көрді. Әкесі:

— Не істеп жүрсің, Алисия?—деп сұрады.

— Өз білігімше ас әзірлеп жатырмын, папа.

— Тағы басқа не жасап жүрсің, Алисия?

— Балалардың көңілдерін көтеру қамын ойластырудамын, папа.

— Әлгі сиқырлы сүйегің қайда, Алисия?

— Қалтамда, папа.

— Оны сен баяғыда жоғалтып алған шығар деп жүрсем.

О не дегенің, папа!

— Әлде сен оны ұмытып жүрген шығарсың?

— Жо-жоқ, папатай.

Король көкірегі қарс айырылғандай қатты күрсінді, бірдеңеге кейіген сыңайы бар. Ac үстеліне шынтақтап, жағын қолына сүйеп мұңайып отырды. Он жеті іні-сіңлілері үнсіз жылыстап шыға жөнелді де, ас үйде періштедей кенже мен Алисия және әкесі ғана қалды.

— Не болды, папа?

— Мен өте кедеймін, қызым.

— Ақшаң қалмады ма, папа?

— Түк қалған жоқ, қызым.

— Жалақы табудың енді ешқандай да жолы жоқ па, папа?

— Ешқандай да жолы жоқ,— деді король.— Осынша-ақ жанымды салып тырысып, амалдап көріп едім, түк шықпады.

Осыны естігенде Алисияның қолы сиқырлы сүйек жатқан қалтасына барып қалды.

— Папа, біз барымызды салып тырысып қолымыздан келетіннің бәрін жасасақ, барлық мүмкіндікті пайдаланғанымыз ғой, иә?

— Әрине ғой, Алисия.

— Ал біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап, оның өзі аз болып жатса, онда бізге көмек қажет болғаны және дер кезінде қажетімізді сұрағанымыз жөн ғой.

Алисияның түсінігі бойынша Ұлы перизат Ніл дарияның сиқырлы сүйек туралы айтқан құпиясының негізгі сыры осы емес пе. Бұл жайында сүйкімді де сыпайы досы герцогинямен талай рет сыбырласқан жоқ па еді.

Іле ол қалтасынан өзі кептіріп, тазалап, ақықтай жалтырағанша ысқылаған сиқырлы сүйекті алып бір сүйді де, жалақы алатын күн туа қалуын тіледі. Ол күн табан астында туып, пештің мұржасынан сыңғырлай төгілген корольдің жалақысы ас үйдің еденіне шашылып жатты.

Бірақ бар болғаны бұл емес екен. Бұл жарылқағанның жарым-жартысы, тіпті ширегі де болмай шықты. Өйткені осының ізінше күймесіне төрт тауыс жеккен ұлы перизат Ніл дарияның өзі келіп жетті. Күйменің тепкішегінде алтын мен күміске малынып, басына қораз қауырсынын таққан қалпақ киіп мистер Пикклздың дүкеніндегі бала тұр, паригі опаланған, аяғында ал қызыл жібек шұлық, қолында алмаспен әшекейленген таяқша, иіс суды әбден-ақ құйыпты үстіне. Міне, ол секіріп түсе қап, жұртты таң-тамаша етіп, ілтипатпен (өзін әбден сиқырлап тастапты) ұлы перизат Ніл дарияға қолын ұсынды. Үстіне жалтырақ жібек көйлек киген ол қолындағы жарқыраған желпуішін желпіп қойып, күймеден шықты. Тұла бойынан хош иіс аңқып тұр.

— Айнайлайын, Алисия,— деді үзіліп қартайса да көркін бермеген перизат,— хал-ахуалың қалай? Бәрі ойдағыдай ма? Сүйші мені.

Алисия перизатты аймалаған болды, сонда ұлы перизат Нілдария корольге бұрылып салқындау сыңаймен:

— Өзіңізді дұрыс ұстап жүрсіз бе?—деп сұрады.

Король солай сияқты деп жауап берді.

— Менің өкіл қызымның осы уақытқа дейін сиқырлы сүйекті неліктен пайдаланбағаны енді түсінікті болған шығар?— деп сұрады перизат Алисияны сүйіп тұрып.

Король қызарақтап төмен қарады.

— Ал бұрын ғой, сіз бұған түсінбедіңіз, солай ма?— деп сұрады перизат тағы да.

Король бұрынғыдан бетер қысылып басын изеді.

- Қалай, басқа ешқандай қалауыңыз жоқ па?—деп қадала сұрады перизат.

Король кешірім сұрап, жөн деді.

— Міне, алдағы уақытта да өзіңізді осылайша дұрыс ұстаңыз,— деді перизат,— сөйтсеңіз қашанда бақытты боласыз.

Кенет Нілдария желпуішін сермеп қалып еді, үлде мен бүлдеге малынған королева кірді, оның соңынан жұнттай болып су жаңа киінген он жеті ағайындылар келді, үстеріне құйып қойғандай киімдері ине-жіптен өткендей, әрі өскен сайын кеңейте беретіндей бүрмелі етіп тігіліпті. Сонан соң перизат желпуішімен Алисияның иығын жанап кетіп еді, оның жаман алжапқышы аспанға ұшып кетті де, қыз қалыңдықша әсем киініп гүл жайнап шыға келді. Ол аз болғандай ас үйдегі киім ілгіш асыл ағаштан жасалып, алтынмен зерленген айналы шкафқа айналды. Іші Алисияға лайықты небір әсем затқа лық толды. Ізінше кенже де жүгіріп кетіп, беті мен көзінің алдындағы көгергені заматта жазылды. Сонда ғана Нілдария өзін герцогинямен таныстыруын өтінді. Герцогиняны алып келгенде олар біріне-бірі шын жүректен алғыс айтып, талай мәрте бас иісті.

Перизат пен герцогиня аз-кем сыбырласқаннан кейін, Нілдария даусын көтере: «Иә! Өзім де сізбен ақылдасар деп ойлап едім!»— деді. Сонан соң ол король мен королеваға қарап тіл қатты: «Біз қазір барып Қиянбек принцті іздейміз. Тура жарты сағаттан кейін қуанышпен шіркеуде кездесейік». Нілдария мен Алисия күймеге қатар жайғасты, мистер Пикклздың дүкеніндегі бала герцогиняны оларға қарсы отырғызды да. басқышты жиналып, өзінің арнаулы орнына барып тұрды. Тауыстар құйрықтарын жайып жіберіп еді, күйме аспанға самғай жөнелді.

Қиянбек принц арпа қантын кеміріп, жасы тоқсанға толып, қашан ер жеткенше асығып үйінде отыр екен. Терезеден тауыс жеккен күйме кіріп




Пікір жазу