22.03.2021
  262


Автор: Мұқағали Мақатаев

Дәптерлердегі өзге жазбалар

Алдымен бәрі көз алдыма келеді. Сонан соң естимін, естимін де жазуға отырамын.

(3-дәптер, 46-бет).

SOS

I

Союыңа қарсымын!

Қарсымын!

Қарсымын!

Мен дәриядан қалған тамшымын.

Қаңсыдым...

Осы – бар шыным.

Союыңа қарсымын!

Алдаған екен ғой қу балам,

Қарағай екем ғой қураған!..

Тидірмен денеме пышақты,

Сойылу үшін мен тумағам!

Алдадың, қу балам, алдадың,

Осы ма аңсаған арманым?!

Сойдырман, жарқыным,

Көремін жазуын алланың.

Ата, сен өлесің бе, шынымен өлесің бе?!

(3-дәптер, 59-бет).

1967-жылдың 27-қарашасының түні. Түс. Ғажап түс!!! "Түзелесің, сен түзелесің!" Ғажап! Екі топтың ортасы! В.И.Л.

(4-дәптер, 1-бет).

1967-жылы нелер тынуы керек

1. Самұрық (Бауыржан Момышұлына арналған). Сәуірдің ішінде.

2. SOS! (Поэма. Болған оқиға ізімен). "Спасите наших душ" (Құтқар біздің рухты). Мамырдың ішінде.

3. Назым (Поэма. Қарақалпақ әсерінен).

4. Өлеңдер. Жинақ даярлау.

5. Данте "Ғарасат майданы". Бастау, барынша аяқтауға тырысу

6. Драманың соңғы вариантын (нұсқасын) тындыру.

7. Поэзия туралы үлкен әңгіме.

Бір жылға сол да жетер. Жолың болсын!

Кезек күттірмейтіндері:

1. Оңтүстік, Қызылқұм әсерлері. Жинаққа

2. Қарақалпақ әсерлері.

(4-дәптер, 2-бет).

Даланың қою түні-ай балбыраған!

Жұлдыздың көзін қара жаудыраған.

Таулардың өзін қара абдыраған,

Қалғыған қабағы анау салбыраған.

(4-дәптер, 5-бет).

Кім екен іренжіткен қыз баланы?

(4-дәптер, 14-бет).

Алатауым тұрғанда,

Арқасызбын дей алман.

Қаратауым тұрғанда,

Қалтасызбын дей алман.

(4-дәптер, 19-бет).

Тағы да күн шығады, таң атады,

Жатады түн жамылып дала тағы.

Жалғыз ғана жыр тусам, жалғыз ғана,

Секілді самұрықтың балапаны.

(4-дәптер, 26-бет).

Латвия, Литва, Эстония, РСФСР, Украина, Беларусия, Армения, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан, Туркмения, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстандардан, поэзия, сені іздедім...

(4-дәптер, 73-бет).

"Борясь с продажными французами, я защищаю Францию" (Сатқын француздармен күресу арқылы мен Францияны қорғаймын).

Р. Роллан.

(4-дәптер, 80-бет).

"Махаббат мазары". Поэма.

(4-дәптер, 84-бет).

Күніне үш өлең, қалайда үш өлең! 7.11.1972-ж.

(7-дәптер, 13-бет).

1972-ж. 8-ақпан кешкі сағат 17.30 миымда дәнеңе жоқ отырмын.

"Тяжела ты, шапка Мономаха". (Ауырсың-ау сен, Мономахтың бөркі).

(7-дәптер, 20-бет).

Жетеді, жоспар бүгін орындалды! Я, сәт! 9-ақпан түнгі сағат 2.30

Жақсы түс көр!!!

(7-дәптер, 25-бет).

(Жоғарыдағы сағат 17.30 мен 2.30-ның аралығында, яғни 9 сағатта "Кешіргін, қала", "Үш бақытым" 57 жолдан тұратын екі өлең жазыпты. Бұл "миында дәнеңе жоқтағысы"! – құрастырушы O.A.)

Бүгін туған күнім, 41-ге келдім. Денсаулық жақсарып келеді. Жазуға сұмдық зауқым бар... Әйелім, балаларым сый-құрмет көрсетті. Үйге Абай келді: бюсі. Жақсылықтың нышаны. Поехали!

9-ақпан 1972-жыл (7-дәптер, 27-бет).

Бүгін жоспар орындалатын түрі жоқ. Құлқым шаппайды. Екі иығымнан бірдеңе басып тұр. Бір түрлі әлсіздік бар, оның үстіне іші құрғыр ауырып, отырғызбай барады. Түн жарымы болмаса таң атарда ма, қалайда жоспарды орындауым керек.

10-ақпан 1972-жыл (7-дәптер, 33-бет).

Академияда кездесу болды. Бармауға да болушы еді, амал не, "Қазақ әдебиеті" хабарлама беріп, тізімге ендіріп қойыпты. Әнуар баяндама жасады. Қазақша. Тәп-тәуір, ана тілінде сөйлеп шықты. Мұзафар, Ғафу болып өлең оқыдық Бәрі де дұрыс қай, бірақ бүгінгі жоспарым тағы да орындалмайтын қауіп бар. Миымда түк жоқ.

11-ақпан 1972-жыл (7-дәптер, 33-бет).

Енді ұйықтауыңа болады. Жоспар орындалды. Иә, жоспар! Жоспарсыз жұмыс істеп көр...

15-ақпан 1972-жыл (7-дәптер, 59-бет).

Ақпанның 5-інен 15-іне дейінгі 10 күнде 27 өлең.

(7-дәптер, 66-бет).

Әрі қарай не болады? Кейін? Одан соң? Білмеймін...

27-ақпан 1972-жыл (8-дәптер, 37-бет).

Ақпан аяқталды. Бұл ай жақсы болды мен үшін. Баяндамаға кіріссем бе екен, өлеңді қоя тұрып. Әлде жиынды сәуірге созуға әрекет жасасам ба?

29-ақпан 1972-жыл (8-дәптер, 44-бет).

Байқа! Жалған айтпа! Есінде болсын, ақылгөйсіме! Есте ұста: сен ешкім емессің! Сен – ақынсың. Абстракцияның анасы – образ. Поэзияға керегі образ ба, ой ма? Ой!!!

Образ – ойдың тұрлаусыз мүшесі. Өлеңнің де.

(9-дәптер, 46-бет).

Қайғы бар қайтқан құстың қанатында.

Жоғалған дәптерден есте қалғандар:

1. Жігіттер, бөркі ауыр Мономахтың.

2. –"–, менің атым қаңтарулы.

3. Арманда, жаным...

4. Қазақ сені сыйлайды қашанда да.

5. Осы мен жылаңқы боп баратырмын.

6. Жаным-ау, жалғыз қайтіп шыдап жүрсің?

7. Мотордың үнін есіте-есіте шаршадым.

8. Баққа бардым???

9. Достық домбыра туралы бірдеңелер, т.б.

Екінші дәптердегілердің бірсыпырасы "МАВРДА".

Жоқтары:

1. Шіркін-ай, жұртым маған бір ат берсе.

2. Менің кішкентай күнім. "ҚӘ." Шолпаныма.

3. Жүрек туралы цикл.

4. Сұп-сұрғылт қала.

5. Құлпытастағы жазу.

6. Махаббат, достық адамгершілік туралы көп өлең. Көбі есімде жоқ

Жарияланбаған 1000 жолдай өлең.

Жоқ әлі қайтармады, жоқ. Әдейі істелген болу керек.

"Поэзия" атты күнделігім, қайран күнделігім!!!

Не айтып едім онда?! Жоқ

1970. (5-дәптер, 1-бет).

1973-жыл. Бетбұрыс??? Не істеу керек? Ішпеу керек! Ішпеу керек!

(10-дәптер, 26-бет).

Қаламмен жазылғанын да, машинкаға басылғанын да үш нұсқа пьесаны жоғалттым. Бәлеге тап болдым...

16-ақпан 1973-жыл.

Табыла ма? Қайдам?

21-ақпан 1973-жыл.

Өзіңді өзің алдама ешқашанда.

"Аңсап жүріп кездестік Сәкен тойына" атты өлең С.Қ-ның тапсырмасы бойынша жазылды.

29-май 1974-жыл (12-дәптер, 90-бет).

Мен өлеңді ойдан құрастырып жазбаймын. Әлдекім құлағыма сыбырлағандай болады. Соны көшіремін, сенесің бе?

М. М. 21-ноябрь 1973-жыл (13-дәптер, 12-бет).

А.П. Межировтан хат алдым. Бұл – бірінші болып маған өмірімнің қиын күндерінде әкелік қолын созған адам. Сіздің сеніміңізді қалай ақтасам екен, сүйікті ақсақал?!

М. М. 1-декабрь 1973-жыл (13-дәптер, 34-бет).

Жоғалған қолжазбалар, газет-жорнал қиындылары, поэзия жөніндегі күнделік әлі жоқ. Су аяғы құрдымға кетті. Біреу қасақана сақтап отырса жақсы. Білмес бір түлейдің қолына түсіп жыртып тастамаса... Әттеген-ай, жарияланбағандары көп еді...

5-ақпан 1972-жыл (7-дәптер, 2-бет).

1. Ақыл бар, талант жоқ – Мансапқұмар, атаққұмар.

2. Талант бар, ақыл жоқ – Маскүнем.

3. Екеуі де бар – Дәнішпан.

Абай жаққан бір сәуле сенбеу үшін.




Пікір жазу