11.10.2023
  111


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Қазақты сүю

Мен​ - қазақпын,
Жаратқан қазақ қылды.
Қазағымды тəуелсіз азат қылды.
Адаспасқа Исламды негіз етіп,
Жоғалмасқа дəстүрді қазық қылды.

Мен - қазақпын,
Сүйемін өз ұлтымды!
Ұлтты сүю иманнан білсең мұны.
Бабалардың дұғасы қабыл болып,
Нәсіп етті кең байтақ жерімізді.

"Ұят"- деген ұғым бар біздің елде,
"Ұяттан безу"​ болмайтын бұрын мүлде.
"Арын қорғау"- өлімнен күшті болып,
"Арсыз болу"- кіру-ед,​ қара жерге!

Тыйып ұстап тентегін ақсақалдар,
Ел бірлігін сақтайтын нар абыздар.
Қариялар​ - қазына, теңіз еді,
Қайран біздің бабалар, дарабоздар.

Жаулықтары желбіреп ана біткен,
Ұрпақ тəрбиелейтін даналықпен.
Олар салған даланың ұлы заңы,
Талайларды "тарихи адам" еткен.

Жігіттері көкжалдай жүректі еді,
Жауға шапса, білегі дір етпеген.
Сауысқандай сақ болып ел шетіне,
Кірпік қақпай ел еді күзеткені.

Арулары​ - сақтаған ар-ұятын,
Ақылы мен болатын иба басым.
Ары олардың - ақ қардай таза еді,
Сұлулығы - елге аңыз-жыр болатын.

Сол қазақтың ұрпағы қандай бүгін?
Жүрегіңде бар ма сол, айбарлы үнің?
Ділің қандай? Дініңмен үндесе ме?
Арың қандай? Үйдегі қандай қызың?!

Бірлігің ше? Қалды ма ынтымағың?
Қайда кетті... кешегі "Жеті жарғың"..?
Зинақор мен ұрыны жөнге салар,
Қайда кетті... тегі асыл ағаларым?

Ақ жаулық пен күндігін кебін қылған,
Қайда кетті... аналар, мейрі нұрдан?
Мен сағынып кеттім сол өткен шақты,
Келе ме сондай болу біздің қолдан?!

25.06.2018





Пікір жазу