11.10.2023
  77


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Ел іші

Айтамыз анау деп, мынау деп,
Кей кезде қазақты менсінбей.
Қазақтай жомарт ел менше​ - жоқ,
Демейтін туысын қол үзбей.

Басыңда жоқ болса баспана,
Халқың бар жиылып қор құрар.
Білімді бар біздің бауырлар,
Шатылсаң қиыннан жол табар.

Арыңды былғаса​ - арам қол,
Ұмтылар көмекке көп адам.
Өзге елдің боп жатсаң тұтқыны,
Қорғаушың тағы сол - өз ағаң.

Нан таппай аштықта қиналсаң,
Сəбимен жұмысың қабыспай.
Тойдырар тағы сол қазағың,
Жүгірер ет жақын туыстай.

Ауырып жатқанда ес-түссіз,
Еміңе жинасып қаражат.
Жүрегін толтырған мейрімге,
Біздің ел расында ғажап-ақ!

Таппаса ер жігіт бақытын,
Ел болып оған жар іздейді.
Ең жаман туғанның өзінен,
Қазағым күдерін үзбейді.

Той болса сыйлығын дайындап,
Қазаға жиятын қаражат.
Ұзатқан қыздардың жасауын,
Толтырар тағы сол жұрағат.

Ел іші​ - алаштың бесігі.
Мейрімге толы ыстық құшағы.
Қазақтың бірі бол, өйткені.
Біздің ел бірліктің ошағы.

Кел-дағы, қазақ бол, бауырым,
Өзге елдің жамамай жыртығын.
Дамиық, өркендеп, өсейік,
Жиылып астына көк тудың!

25.06.2018





Пікір жазу