Жігерлендіру
Аспанда күн, айнала нұр жарқырап,
Ел аманда неге кеттік қамығып...
Жаңбыр жаумай су боп жүрміз шылқылдап,
Санамызды тұрмыс билеп, жалығып.
Ақшада ма бар бақыттың өлшемі?
Кедейлер көп арамызда уайымсыз.
Бүгінгі күн - ең жақсы күн білсеңіз,
Ал қалғанын өзіміз-ақ жасаймыз!
Расында да қиналғандар көп бізде,
Құтқарайық асарлатып, баршамыз.
Көп түкірсе - көл екенін ұмытпай...
Тек жақсылық жасауменен шаршаңыз.
Жақсылықтың берері көп адамға,
Қуанасың, қуандырсаң өзгені.
Өмір алда "менде жоқ"- деп жылама,
Байлықпенен өлшенбейді ештеңе.
Басың аман, тірісің бе? Саумысың?
Басқа жағдай алмасыншы жағаңнан.
Мына өмірде бəрі жалған, байғұсым,
Жылай бермей, қайғыны қу санаңнан.
Ойлап көрші... Не келеді қолыңнан?
Аллаһ саған бəрін берді емес пе?
Бағыңды алыс қуып тастап сорыңнан,
Неге ілестің, күңгірт тартқан елеске?
Айнала жау, ақпаратпен атқылап,
Үркітуде біздің үркек сананы.
Анау - ұры, мынау - қары дегенге,
Қарғыс айтып, лағынеттеме далаңды.
Барлығы да байланысты біздерге,
Жарқырасақ жылытамыз өзгені.
Сенші маған сілкінсін бар атырап,
Қағып тастап кеудесінен шөңгені.
Əлі талай іс келеді қолыңнан,
Тұр қазағым! Сілкін, тазар, мойыма!
Балаңды оқыт. Жұмыс істе. Талпын да.
Бəйгеге шық шартараптан озуға!
Бəрі оңай! Сен осыған. Алданба.
Білімдіміз! Жігерліміз! Күштіміз!
Санамызды тазаласақ қоқыстан,
Бар əлемге билік айтар мықтымыз.
Алға қара! Қарама артқа! Адымда!
Алатұғын қанша асу бар алдыңда.
Жан аямай үйрене бер, еңбек қыл,
Күн туғанша сөнбейтұғын бағыңа!
05.05.2018