Ұстаздар күніне арналған тақпақтар: (бірінші сыныпқа арналған)
Мерекеңіз құтты болсын,
Аяулы ұстаз бүгінгі.
Қабыл алғын, шын жүректен,
Осы оқыған жырымды!
Ұстазымсыз менің тұңғыш,
Бар жүректе орныңыз!
Еңбегіңіз бағаланып,
Бақытты ұстаз болыңыз!
Бірінші сынып оқимын,
Мейірімді менің ұстазым!
Көңілге сөзін тоқимын,
Келеді оған ұқсағым!
Мен бақытты баламын,
Ұстазыма барамын.
Кілең бестік арқалап,
Көңіліне жағамын!
Құтты болсын мерекең,
Қымбатты менің ұстазым.
Жақсы оқимын әрдайым,
Мен білімге құштармын!
Мұғалім деген - тәлімгер,
Бізге білім береді!
Сыныптағы бар бала,
Оны жақсы көреді.
Қаламды алғаш ұстатып,
Әріптерді танытқан.
Мұғалімім бар менің,
Көрмей қалсам сағынтқан!
Мұғалім болу - қиын іс,
Үйрету, оқу, ізденіс!
Еңбекқор бағбан секілді,
Білімнен күтер мол жеміс!
Ұстаз-Ана құттықтаймын,
Сізді ұстаздар күнімен!
Тілеймін мол бақыт, табыс,
Нұр кетпесін жүзіңнен!
Гүл әкелдім әдемі,
Ұстазыма сыйлайын.
Тақпақ оқып көңілді,
Екі езуін жимайын!
Сабақ айтып күн сайын,
Көңілін де көтерем!
Ертең үлкен болғанда,
Мол қуаныш әкелем!
Апай әлі бізбенен,
Мақтанады жоғары.
Бірінші сынып ұл-қызы,
Білімде үздік болады!
Ұстазбенен оқимыз,
Ұстазбенен ойнаймыз.
Мейрамымен құттықтап,
Ұстаз күнін тойлаймыз!
Жақсы көрем мектепті,
Онда апаймен көңілді.
Енді осында бақытты,
Сүрем он жыл өмірді!
Ұстазым бір жақсы адам,
Достар таптым жаңадан.
Мектеп деген күшті екен,
Көп адам жоқ баладан.
Іш пыспайды мектепте,
Оқимыз да жазамыз!
Қол ұстасып апаймен,
Болашаққа барамыз!
Құтты болсын мейрамыңыз,
Нұрға толсын әр таңыңыз!
Табысты боп, жемісті боп,
Жүз жасасын ұстазымыз!
Бірінші сынып, не деген қызық?
Ұстазым енді бар менің!
Жазамын жазу, оқимын оқу,
Керемет білім әлемі!
Аяулы ұстаз, мейірімі шексіз,
Жақсы көремін мен сізді!
Тәлімің мықты, ақылың теңіз,
Үйренем сізден көп нәрсе!
Ең алғашқы ұстазым,
Маған ыстық әрқашан.
Шәкірті емес, қызындай,
Еркелеймін шолжаңдап
Құшақтағым келеді,
"Жақсы көрем, сізді! - деп,
Аяулы ұстаз мәңгілік,
Жүре бергін күлімдеп!